Аңғал Әшім
Ертеде Әшім деген бір кісі ауылнай сайланыпты. Әшім ауылнай болысымен, тілге еріп, қателесе беріпті. Пара алыпты. Бір күні базарға келсе, біреу газет оқып тұрады. Тыңдап бақса: өзі туралы фельетон басылған екен. Ол дереу екі жігітті оңаша шақырып алып:
— Қарағым, осы газетіңді сатшы, — дейді. Жігіт сөзге келмей бере салады.
Газетті қойнына тығып алып, жігітті асханаға ертіп кеп, әбден сыйлайды. Одан шығысымен шауып отырып үйіне келеді. Аттан түспей жатып, әйелінен шүйінші сұрап, айғай салады:
— Ойпыр-ай, бәйбіше-ай! Құдай бір пәледен сақтады! Бүгін базарға барғаным мұндай жақсы болар ма! Мені біреу газетк жазыпты. Сол газетті алып келдім. Бұл газет біреудің қолына түссе, шалыңнан айрылғаның ғой. Міне, ешкімге көрсетпе! Сандыққа мықтап тығып қой. «Ия, Құдай, әрдайым осылай сақтасын» деп жағасын ұстайды. Төсекке жатқаннан кейін де Құдайға сыйынып, бір пәледен құтылдым деп есептейді.
Бірнеше күн өткеннен кейін Әшімді милиция шақырып, тергеуге алады. Газеттің кесіндісі милицияның алдында жатады. Әшім терісіне сыймай үйдегі әйеліне жатып кеп ашуланады. «Әйел дұшпан деген осы екен ғой. Сандықта жатқан газетті мына милицияға бергенін қарашы» деп ойлайды. Милициядан босанысымен шауып үйіне келеді. Аттан түспей:
— О, бәйбіше, үйдемісің? Жауым сен екенсің ғой, менің түбіме жететін болдың! — деп айғай салады. Кемпір ойбайлап:
— Менің не жазығым бар? Тым болмаса кінәмды мойныма қой! — депті.
— Сен оңбаған, үйде тығулы жатқан газетті милицияға неге бердің?
— Ойбай, милициясы несі? Міне оның! — деп, әйелі газетті сандықтан суырып бергенде, Әшім оны қолына ұстаған күйі аңырып тұрып:
— Онда газеттің тағы біреуі бар екен ғой. Қап, көрмегенім-ай! Оны да сатып алатын едім, — деп санын бір-ақ соғып отыра кетіпті.