Амандасар
Құрманғазының Төремұрат — Нарынбайға баруын біреулер басқаша айтады. Ел ауызындағы нұсқа бойынша, Құрманғазы «Төремұрат — Нарынбайда» айтылғандай басқа ауылдан батырлар тауып алып, сәлем беріп кіріп барғанда ешкім назар аудармаған соң, қолындағы домбырасын алып, тізерлеп отыра қалып, бір күй тартады. Домбыраның даусы шығып бастағанда-ақ, дуылдап отырған көп тына қалады. Құрманғазы да оларға қарамай, күйдің ырғағына жаны билегендей өзімен-өзі болып кетеді. Күйде неше алуан сыпайы үндер, оның арасында жалғыз атты жолаушының салған әні секілді дыбыстар кезектеседі. Құрманғазы күйді аяқтаған кезде Нарынбай тұрып: «ау, жаным, қайдан келдің? Әңгімемен байқамаппыз ғой, жоғары шық», — депті дейді. Құрманғазының сол арада тартқан күйін көпшілік сұрап болмаған соң, қайта орындап, күйдің аты «Амандасар» еді десе керек.