23.08.2021
  182


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Алдар атануы

Баяғыда хан Жәнібек тұсында Қожыр деген бір кедей шал болыпты. Үш баласы болыпты.


Күндерден күн өтеді, шалға кәрілік жетеді. Кәсіп етуден қалады. Ақырында шал балаларын жинап алып:


— Жасым келді, кәрілік жетті. Сендер болсаңдар ержеттіңдер. Мал тауып, асырайтын менен әл кетті. Мал табу, тамақ іздеу енді сендерге жетті. Ау, балалар! Кәсіп етіңдер, мал табыңдар. Мені асыраңдар. Кәне, қайсың қандай кәсіппен мені асырайсыңдар, айта беріңдер, — дейді.


Үлкені : — Дүрыс айттың, ей, ата!
Егінді сүйер көңілім.
Мұнымда жоқ еш қате
Егінмен өтсін өмірім.


Ортаншы: — Егіннен басқа, тағы да:
Көңілімде қой бақсам.
Маған берген бағы да:
Мал дегенде зар қақсам.


Кенжесі: — Ей, ата, мен алдасам,
Болса да жын арбасам.
Жұрт істейтін кәсіп көп,
Алдауды мен қаласам.
Шал балаларының жауаптарына риза болады.


— Олай болса Алла беттеріңнен жарылқасын. Кенжем, сенің қалағаның алдау болса, басқа кәсіпті көптің бәрі істейді, бұл бір өзгеше кәсіп екен. Сенің де алдыңнан жарылқасын, Алдар бол, — дейді. Қол жайып батасын береді.


Содан үлкен баласы егіншілікке түседі, ортаншысы мал бағуға кіріседі, кенжесі алдау жолына түседі. Алдаушының тұрақты жері бар ма, ел  кезіп, жер шарлап кете береді.





Пікір жазу