23.08.2021
  162


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Алданған молдалар

Жаназаға бара жатқан екі молда біріне-бірі білгіштігін көрсеткісі келіп, діни әңгімелерді кезектесіп айта беріпті. Сөзден сөз шығып, бірі Бұхар молдаларын, екіншісі Уфа молдаларын мақтайды. Ақыры сөз арты керіске соғып, төбелеске айналады. Екеуінің төбелесіне келе жатқан Мұса деген жігіт тап болады.


Таяқ жеңкіреген молда Мұсаны көргеннен-ақ:


— Қырықтың бірі Қыдыр деп еді, оң ниетіме Алланың жіберген адамы боларсың. Әділ төрелігіңді айт, саған жүгінеміз. Сына, күнәһар молда Бұхар молдаларын балағаттап, дінге тілін тигізді, — деп қақсай бастағанда, екінші молда да қарап қалмайды. Ол да өз сөзін қуаттай түсіп, ана молданы жамандап:

— Уфа молдалары ең Құдайға берілген молдалар еді, оларды жамандау Құдайға шүбә келтіргендік, — деп мұңын шаға бастапты.


Мұса аз ойланған болыпты да:


— «Бұл бір күнқатпа» деген қиын дау екен, сонда да сіздерге әділ төрелік бермей болмас. Бірақ айтқаныма көнесіңдер, — деп сөзді әбден пісіріп алыпты.


Екі молда жарыса сөйлеп:


— Е, бәсе, «бітер істің басына жақсы келер қасына» деген, айтқаныңа көндік, не істесең де еркіңдеміз, — деп Алла атымен ант етіпті.


Жігіт күбірлеп, бірдеңе айтпақ кісідей аз отырыпты да:


— Мен ойланып болғанша, сендер анау қырға шығып, бері қарай жүгіріп келіңдер, — деп шыжып тұрған ыстық күнде бір жүгіртіп алады. Сонан кейін қара терге малынған екі молданы күнге қарсы отырғызып қойып, басындағы сәлделерін алып, жалаңбас қалдырады. Сөйтеді де:


— Айттым ғой бұл күнқатпа деген қиын дау, әлі ойлану керек. Мен де өз атыма мініп, сендердің аттарыңды жетектеп, ана қырдың басына барып келемін. Сендер осылай қозғалмай отыра беріңдер, — деп, атына мінеді де:


— Бұхардың молдалары айуан, Уфаның молдалары арам. Ойлану керек дедім ғой, ойланып келейін, — деп шауып кетеді.


Сол кеткеннен жігіт те, молданың аттары да, сәлделері де қайтпайды. Жігітті күтіп ұзақ отырған молдалар шөлдеп өлетін болған соң, татуласады. Жігітті қырдың астында отырған шығар деп келсе, жігіт жоқ. Оның «күнқатпа дау» деген сөзіне молдалар енді түсінеді.


Жігіттің бұл қулығы елге тарап, содан ол «молданы алдаған Мұса» атанып кетіпті.





Пікір жазу