Алаша хан
Барс дейтін ханның қол астында бір балгер болады екен. Балгерге таңертең ылғи бал аштырады екен: «Балыңа не түссе, ашығын айт!» — деп. Бір күні балын ашып: «Сіздің осы қарауыңыздағы халықтан бір шұбар бала туады. Сол бала сенің басыңды алады», — депті.
Хан сонда әмір еткен екен. Әрбір жүкті әйелдің тізімін алдырып, соған күзет қояды екен. «Егер шұбар бала туған адамды тұқымымен құрт!» деп.
Бір күні бір жас әйел төсегінен жылап оянады. Күйеуі: «Неге жылайсың?» — дегенде, «Түсімде бір ақсақал ішімнен таяғымен түртті, ішіңнен шұбар бала туады», — деп. Күйеуінен рұқсат алып тау арасына кетеді екен. Келер жылы шұбар бала туады екен. Бала үш жаста есік алдына келсе, келген бала кетпейді екен. Сөйте-сөйте бес жүз құрбысы болады екен. Содан бұлар тауға кетеді екен. Қару-жарақ соғады. Содан шұбар бала хан болады екен. Алаша хан осы екен дейді.