Аққу (ІІ нұсқа)
Қап тауы деген дүниедегі ең үлкен тау болады екен. Бергі бетіне қыс түссе, ар жағы жайма-шуақ жаз болғандықтан, әлемдегі жылылықты аңсайтын құс атаулы солай қарай арқан тартып ұшатын көрінеді. Солардың қатарында аққу деген киелі құс та бар екен. Қанаты бүтін, топшысы берік, өзі тың болса, сол Қап тауынан әрі асады екен де, ақсақ, қауырсыны қатпаған, әлсіз болса, бергі жағында қалып қояды екен. Кейбірі неше рет өрлеп, неше рет төмендеп, кейде баяу, кейде жылдам ұшып, әрең асады дейді. Сондағы Қап тауын айналып ұшып жүрген аққудың таудан әрең асқандағы күйі мынау...
(Соңында күйші өзін Қап тауына балап, домбыраны аққу қылып, иығынан асырып тастайды.)
... Сол жолда аққуды бидайық құс қуады. Аққу қашып барып суға түсіп, әрі қарай жүзіп барып, қанатын керіп сілкінеді...