Айығып кеткен ақ тайлақ
Балқаш бойындағы ауылдарды аралап қайту мақсатында екі би (Балпық би мен Ескелді би) сапарға шығады. Қаратал өзенін жағалап, жол бойы әзілдесіп келе жатса, мойнында тұмары, кекіл жүніне бір шоқ үкі байлаған әдемі ақ тайлақ ойнақ салып, жолаушылардың алдынан шығады да, лезде ғайып болады. Жолаушылар оның кеткен жағына қараса, алты қанатты ақ үй мен төрт қанатты ақ отау көрінеді. Үйлердің маңайында он бес, он алтылар шамасындағы ақ желекті әйел бала көзге шалынады. Қос би оны елемейді. Бапекең Ескелдіге қарап, иә әзіл, иә шын:
— Мен жаңағы тайлақты аттым, — дейді.
— Сен атсаң, мен оны жазамын, — дейді Есекең де әзіл-шынын білдірмей.
Екеуі әзіл-қалжыңмен әудем жер жүріп, арттарына қараса, «аташы, ата!» деп біреу жүгіріп келе жатыр дейді. Екеуі де аяп кетіп, аттарының бастарын тежейді. Байқаса жаңағы жолдағы әйел бала.
— Әруақтарыңнан айналайын, аталар. Біздің үй, міне, тиіп тұр. Өздеріңіз ат басын бұрар деп әдеп сақтап едім, өтіп бара жатырсыздар. Үйге түсіп, сусындап шығыңыздар, — дейді қиылып.
Қазақ қашанда әйел баланы қатты құрметтеген емес пе, тілегін орынды көріп, үйге келсе, әлгіндегі ақ тайлақтың іші кеуіп кеткен. Әрең тыныстап, өлгелі жатса керек.
Бапекең үйге кіргенде Есекең тыста қала беріп, оң аяғымен ақ тайлақтың ішін басып, қолындағы қамшысымен үш дүркін тартып жіберіпті. Артынша үйге кіріп, Бапекеңмен бірге шай ішіп, қымыз сіміріп, сусындап, бірге аттанады. Бірақ өздерінің кім екендерін айтып, қайтар жолдарында қонатындықтарын білдіреді. Бұлар аттарына қонысымен, ақ тайлақ қайтадан ойнақтап шыға келіпті.