Ажал жеткен соң не амал бар
Бір күні Қожа көрші ауылда шаруасы болып, таң сәріден жолға шығуға әзірленеді. Сөйтсе, достары сол күні Қожаның үйінде бас қосып, ойын-сауық жасамақ болып келісіп қойса керек. Мәжілістің көркі саналатын Қожаны жібергілері келмей, олар мынадай әзіл-оспақ ойлап табады: Қожа артынып-тартынып қорадан шыға бергенде, бірнеше адам жолын бөгеп:
— Қайда барасың? — деп сұрайды. Қожа бірнеше күнге көрші ауылға кетіп бара жатқанын айтады.
— Ей, сорлы, — дейді достары, — сен ешқайда бармайсың, сен өліп қалғансың. Сен біреуіміздің туысымызсың, біреуіміздің досымызсың, сондықтан сені таза арулап жерлеу біздің көршілік борышымыз.
Сонымен зәресі ұшып, абыржый қалған Қожа байғұсты көршілері улап-шулап мешітке қарай сүйрей жөнеледі. Қожа қорыққанынан қалш қалш етіп:
— Жігіттер, ойыннан от шығады, қалжыңды қойыңдар. Бүйте берсеңдер, мен шынымен өліп кетуім мүмкін. Және ана ауылда тығыз-таяң шаруам бар еді. Босатыңдар, бірге баратын жолдастарымнан көз жазып қаламын, — деп жалынады.
Бірақ қанша жалынғанымен, Қожаның сөзіне көршілері құлақ аспайды, құр шулай береді. Ақырында, Қожаның үні өшеді. Жігіттер оны көтеріп әкеліп, жаназа шығаратын тақтайға жатқызып қояды.
Сол кезде көшеде Қожаның бір жақын досы өтіп бара жатады. Көршілері оны да қаумалап, жолын бөгеп:
— Қожа досың дүние салды, жаназасына қатыспайсың ба? — деп, ана кісі «асығыс жұмысым бар еді» десе де, улап-шулап жібермейді.
Сонда халсіз талықсып жатқан Қожа басын көтеріп:
— Ей, дос, сөзіңді босқа тауысып қайтесің, бәрібір ешнәрсе өнбейді. Менің шаруам сенікінен де асығыс еді, бірақ ажал жеткен соң, не амал бар, міне, тағдырдың жазғанына көніп жатқам жоқ па, көппен бірге болып, өз қолыңнан топырақ салғайсың, — депті.