23.08.2021
  200


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Абылайдың тұтқын болуы (ІІ нұсқа)

Қалдан Шеріннің Сәру деген інісін жорықта кез болып, Абылай өлтірген екен. Қалмақтан шыққан Сына батыр Қалдан Шеріннен қашып, Абылайға келіп қорғалаған екен.


— Кісімді өзіме қайырып берсін, — дегенде, Абылай:


— Қолынан келгенін менен аямасын, — деп бермей қалған екен.


Бұл туралы Қалдан Шерін қалмақтың өзінен басқа қоңтажысы болсын, Аюке болсын баршасына ат шаптырып, «Сүзекінің қолы» деген қол аттандырыпты.


— Көктің астында, жердің үстінде Абылай бар болса қоймасын, ұстап алыңдар, — деп және қалмақтың жайсаңдарына жарлық беріпті — Абылайды тірі ұстап алып келгендеріңе Аюкенің қызынан туған Топыш сұлуды қалың малсыз беремін! — деп.


Көкшетауда бүркіт салып жүргенінде, қалмақтың бір жайсаңы Абылайды ұстап алып кетіпті, жанындағы жолдастары білмей қалыпты. «Абылайды тірі ұстап, алып келе жатыр!» деген соң, Қалдан Шерін жарлық қылыпты:


— Абылайды маған көрсетпей, жеті күн, жеті түн зынданға салыңдар, ас-су бермеңдер, аш сақтаңдар. Сегізінші күн зынданнан шығарып, айдалаға бір ақбоз үй тігіп, соның ішіне жалғыз қойыңдар да, бір аяқ қара суға тобықтай тоң май салып, алып барып, қолына ұстата қойыңдар. Тобықтай тоң май қара суға ерімес. Ұрттап жіберейін десе, аузына бармас. Қара болса, аяқтағы суға қолын салып жіберіп, майды аузына бір-ақ қағып қояр. Егер ақсүйек болса, аштан өліп бара жатса да, майды керек қылмас. Мұны осылайша сынайық, — дейді.


Ханының айтқан жарлығын айтқанынша қылып, зынданға салып, сегізінші күн дегенде, ақбоз үйдің ішіне жападан-жалғыз отырғызып қойып, бір аяқ қара суды ішіне тобықтай тоң май салып, апарып қолына ұстатты.


Абылай суды ішіп еді, май не ерімеді, не аузына бармады.


— Үрсем, кетпейтұғын неме едің, өпкенмен, келетұғын емессің ғой! — деп, қолыңдағы аяқты, — Бар, ендеше!


Көріп тұрған жігіт-желеңдер Қалдан Шерінге бір-ақ айтты дейді.


— Мұның затында бір асылдық бар қу екен ғой!


— Енді бір төрт жендет жалаңаш қылыш алып: «ханнан жарлық болды, қарадан жабдық болды, сіздің мейманыңыз толды. Құдайдың сізге бұйрықты жазуы осы болды» деп, қылышпен шабуға дүрсе қоя беріңдер. Біреуіңнің астыңа тығылып, басын қорттаса, шауып, өлтіріп тастаңдар. Егер сар қасқа текеше қасқайғаннан қасқайып отырып қалса, шаппаңдар. Тағы қайтып келіңдер, не көргендеріңді айтып келіңдер! — дейді.


Қалдан Шеріннің айтқанын түгел орнына келтіріп, жендеттер жетіп барғанда, қаперіне дәнеме келтірместен, қабағын қағып, жасқанбастан отыра берді дейді.


— Жүрегі тас па, мүйіз бе, түсі де қашпады, — десіп, айтысып келді дейді. Қалдан Шерін тоқсан саркардасын жиып, бәрін өзінен артық жасап киіндіріп, бір үйдің іші лық тола қатар түзеп отырып, өзі орнында отырмай, көп саркарданың бірі есепті болып, бұлардың арасына кіріп отырды да:


— Абылайды осы үйге шақырып келіңдер, ешқайсың қағылып, орын бермеңдер! Қара болса, «бос жер — босаға ғой» деп босағаның қасына, оттың басына, бала күндегі отырып өскен жеріне отыра кетер. Ақсүйек болса, баса көктей жоғары өтіп, төрден отырып, мені айтпай танып, сұрамай білер, — дейді.


Бұлар мұнда ретін түзеп отырысып, Абылайды шақырып келіп, үйге кіргізгенде, жан-жағына жалтақтап қарамастан, тақтың үсті бос тұрғанын көріп, тұпа-тура барып, таққа мініп, Қалдан Шеріннің отыратұғын орнына отырды.


Ол тақтың үстінде қалмақтың табынатұғын тасы, хандарының Құдай деп сыйынатұғын қуы болады екен де, оның қақ қасында Қалдан Шеріннің орны болады екен. Қалмақтар Құдай болмысының қасына отырғанын ауырлап:


— Ол жерге неге отырасың? — деп қауқылдасты.


— Бұл орын Қалдан Шеріндікі еді. оның құты қашты да, менің әруағым басты да, өз орнында өзі отыра алмай, босып кетті. Енді бұл жерге мен отырмағанда, шайтан отыра ма?! — дейді.


Қалмақтар біріне-бірі қарасып:


— Бұл сөзге не айтамыз? «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген осы екен-ау! — десті.


Сонда Қалдан Шерін өзін танып қойғанын біліп:


— Уа, Абылай, Сәру қайда? — дейді.


— Жақ тартушы көп болды, жаман аты бізде қалды, — дейді.


Екінші қабат Қалдан Шерін және сұрады:


— Сәру қайда? — деп.


— Сәрумін деп Сәру айтпады, кеспеймін деп қару айтпады, — дейді.


Үшінші мәрте және сұрады:


— Сәру қайда? — дейді.


— Көрінбеген Сәруді іздегенше, көрініп тұрған өзіңді ізде! — деді.


Қалдан Шерін саркардаларына:


— Бұл не дегені? — дейді.


— Өзің қарап отырып, тағыңнан айрылып қалдың. Осы күнде тақ үстінде мен отырмын да, көп қара бұқараның бірі есепті сен отырсың. Осы сағатыңда басыңды алдырсам, кім менің алдыма шығады? «Жарлық менде, жабдық сенде болды» деген сөзі десті, — дейді.


Сонда Қалдан Шерін Абылайды пенде қылып алдырғанына, сынаймын деп орнына шығарып алғандығына пұшайман болып, ұшып түрегеліп, Абылайдың келіп қолын ұстап, жарасып, елдесіп, Топыш сұлуды Абылайға беріп, қазақтан не заманда олжаға түскен, өсіп-өнген бірталай жанды азат есепті қылып, Абылайға қосып, рулы ел қылып, көшіріп қайтарған екен. осы күнде белгілі ата жоқ, «кімсің» десе, «төлеңгітпіз» дейтұғындар солардың тұқымы.


Қалмақ жұрты Қалдан Шеріннің бұл қылығын ұнатпай, «Топыш сұлуды өзіміздің біреуімізге бермей, Абылайға берді» деп араз болысып, ақырында қалмақ Қалдан Шеріндей ханын өздері өлтірген.


Қалдан Шеріннің ханымы Қарабас ханым, онан туған Айжан — жалғыз. Әкесінің орнына соны сайлап, үш жылға жеткізбей, екі көзінен айырып, соқыр қылып, қаңғытып қоя берген. Аюкенің Абылайды жезде көріп, Топыш ханымды апа көріп, бірнеше үй өздеріне ерген қалмақпен Абылайға келген. Сонан соң қалмақ бүлінген, ақырында шүршітке қарай ауып кетіп бара жатқанда, балалары жылағанда айтады дейді:


— Қу мұндар, неге жылайсың,
Сорқара, Сортың бар ма?
Сөрелеп жайған етің бар ма,
Көнек, Долағайың бар ма,
Көнекте тұрған қымызың бар ма, —


деседі дейді. «Сарқара, Сорты» деген, «Көнек, Долағай» деген Сарыарқаның сауырысы, шөбі шүйгін жерлері болса керек.





Пікір жазу