«Өлген» қазан
Бір күні Қожанасырдың үйіне қонақ келіп қалады. Қожанасырдың үйінде кішкене ғана қазан бар екен. Бұл кішкене қазанға пісірген ас қонақтарына жетпейтін болады. СондықтанҚожанасыр көршілес отырған байдың үлкен қазанын сұрайды. Бай қазанын бергісі келмей, қипақтайды. Қожанасыр өлердегі сөзін айтып, қазанды зорға сұрап алады. Тамақтарын ішіп, қонағын жөнелтіп болған соң, Қожанасыр байдың қазанын алып барады.
Бай тұрып:
— Уа, Қожа, қазанымды сындырған жоқпысың? — деп сұрайды.
— Жоқ, тақсыр, қазаныңыз сынған жоқ, қайта балалады! — дейді Қожа.
— Не айтып тұрсың? Қазан балалай ма екен? — дейді бай.
— Сенбесеңіз, келіп көріңіз! Міне, қазаныңыздың баласы, — деп Қожанасыр байдың қазанының ішінен бір кішкене қазанды алып көрсетті.
Бұл Қожанасырдың: «Бай не айтар екен?» — деп әдейі әкелген өз қазаны еді. Бірақ «кішкене қазанымды өзіме қайтарып берер» деп ойлаған еді ол. Қолына түскен олжадан бай тегін айрылар ма?
— Уа, Қожа, рақмет, сау бол! Керек болса, қазанды тағы да алып тұруыңа болады, — дейді бай көңілденіп. Бір қазаны екеу болған соң көңілденбей қайтсін?! Қожа қазансыз қалады. Бірақ амал не? Әкелген өзі. Қазанын тастайды да, Қожанасыр үйіне қайтады. «Бұл бай итке бір нәрсе істейін», — деп ойлайды Қожанасыр үйден шыға бере жатып.
Біраз уақыт өткен соң Қожанасыр әлгі байдың қазанын тағыда сұрай келеді.
— Алыңыз, алыңыз, Қожеке! — дейді қазаны қазан тауып, дәнігіп қалған бай. «Бұл жолы да Қожанасыр қазанымның ішіне бір нәрсе салып әкелер», — деп ойлайды араны ашылған бай.
Қожа байдың қазанын қайтармай қояды. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, үшінші күні бай қазанын өзі іздеп келеді.
— Байеке, айыпқа бұйыра көрмеңіз! Қазаныңыз екі күн ауырып, бүгін өлді. Қазір өзім барып сізге ескертіп, көңіл айтқалы отыр едім, — дейді Қожанасыр қынжылып. Бай ашуланып, бұлқан-талқан болады.
— Ақымақ! Не айтып отырсың? Қазан өле ме екен? Тез тауып бер! — деп ақырады.
— Байеке, сөкпеңіз! Туа білген қазан өле де біледі. Мен ақымақ емес, сен өзің ақымақсың! — дейді. Бай сөзден жығылып, үйіне қайтып кетіпті.