23.08.2021
  177


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

«Керіс» сөз

Коллективтендіру кезі. Ауданнан келген бір өкіл жиналыс өткізбекші болып, аз ғана ауыл адамдарын жинайды. Өзінің кім екенін таныстырып, ел жағдайын тоқталған ол ақырында:


— Кім «керіс» сөзге шығады? — дейді.


Жиналыста сөйлеп үйренбеген халық үндемей отырып қалады. Сонда Қара Жүсіп тұрып:

— Мен шығамын, — деп жаман күпісін шешіп тастап, жеңін сыбанып, қолына қамшысын алып, жиналыс төріне жетіп барады да:


— Уәкіл, сен оңбағансың. Халыққа айтқан бір ауыз жөн сөзің жоқ. Сені кім шақырды. Отырған жеріңде не істейсің осы? — деп, қамшысын ала ұмтылғанда, жиналыс басқарып отырған төрағасы шап беріп, оның қолынан ұстай алады.


— Керіскен соң жанына тимесең, керіс бола ма? Шықсын былай, адамына кездеспей жүрген шығар, езуін тіліп жіберейін! — дейді Қара Жүсіп онымен де қоймай. Төрағасы сөзге шығу дегеннің мән-жайын түсіндіріп, Қара Жүсіпті зорға басады.


Уәкіл ашуланып:


— Табаныңды жалтырат! — десе, Қара Жүсіп сиырдың бас терісінен тігілген шәркесінің табанын кезек-кезек көтеріп, көрсете беріпті. Одан бетер ызаланған уәкіл:


— Кет! — деген екен, Қара Жүсіп ит болып арс ете қалады.


Селк ете түскен уәкіл:


— Нағыз төбеңнен жыртқызатын адам екенсің бір, — дейді қалшылдап-дірілдеп.


— Былай жыртайын ба? — деп, екі қолымен жер тіреп, екі аяғын жоғары көтеріп жүріп алады Қара Жүсіп. Оның сырын білетін төрағасы жалынып-жалбарынып әзер дегенде қойғызған екен.





Пікір жазу