20.08.2021
  183


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Қазақ шежіресі

Ал ұста, Әлмағамбет, қолға қалам,
Денсаулық, берсін қуат, Хақ Тағалам!
Артыңа аз да болса, бір сөз қалдыр,
Бір нұсқа шежіре сөз, келсе шамаң.
Жаз жинап, тарихтан көргеніңді,
Есітіп, бұл туралы білгеніңді.
Кейінгі жас буындар шамаласын,
Сенің де не кәсіпте жүргеніңді.
Жазып көр, атаң қазақ шежіресін,
Сірә, сен бұл туралы не білесің?
Бастап бер, білімпаздар өзі өңдер,
Несіне ойға қалып, кідіресің?!
Хадис—Хақ расулдың жанған шамы,
Түсініп, татқандарға тәтті дәмі.
Бұйырды «Әлім Құда әл сәбихум
Тиғл әл файс бүгіттамай»*

(∗Әлім Құда әл сәбихум тиғл әл файс бүгіттамай /а/—«жазмыштан озмыш жоқ» деген мағынада)

Мағынасы: қайсы шариқ бұ жамағат,
Көңілге жақсы тоқып біл, жамағат.
«Нәсіпті бек біліңіз» деген расул,
Қылармыз, жылап қатым тез, жамағат.
Мұхаммед пайғамбарға болсақ үммет,
Шежіре, тарих тану бізге міндет.
Әмірдің белгілі бес мағынасы бар,
Болса да қай тарауын—білу міндет.
Алсақ, біз рас сөзді асылынан,
Тауарих, түрлі кітап пазылынан.
Адамзат жер жүзіне келіп-кеткен,
Атамыз Адам—ислам нәсілінен.
Нұх нәби—екі адам саналады,
Анық деп, ақыл шариқ шамалады.
Нұхтан—Хам, Шам, япыс атты,
Барша адам үш ұлынан таралады.
Әприқа, Әміриқа, ол үндістан,
Сахара, тау-тасында жүрген бустан.
«Негр» деп аталады осы халық,
Болады Хам нәсілі—бір туысқан.
Мысыр илән тұрды бәрі—яһуди, араб,
Дін аман ғираттылар берсем санап.
Әприқа, Әзиада отаны екен,
Нәсілі Самның болар өскен тарап.
Япыстан айрылыпты екі қауым,
Бірі—ақ, бірі мұның сары қауым.
Таралған осы япыс әулетінен
Мемлекет батыстағы—ірі қауым.
Ағылшын, прансуз, Керманиа,
Орыс, неміс, латын, грек.
Румыния, Әзиа, ауған, иран—мұның бәрі,
Болады ақ қауымнан ирания.
Қытайлар, аннан, жапон, Манжурия
Және де түрік, татар, Моңғолия.
Тұрмысы, түр-түсіне қарай бұлар,
Атанған сары қауым бұрыннан.

Қазақтың айрылатын жері

Түрігің—біздің қазақ бір баласы,
Аннастан боламыз деп бар таласы.
Араб болмақ бұл ғажап іс,
Секілді жер мен көктің шекарасы.
Атамыз Аннас деудің себебі бар,
Сенімді шын сөз емес тіреуі бар.
Ал келіп дәлелсіз сөз алынбайды,
Әр сөздің айырғандай іреуі бар.
Бағынған ережеге біздің қазақ,
Сүйенер дінің жоқ деп қылған мазақ.
Ел болсаң, шын ислам дініндегі,
Көрсет деп шежіреңді берген азап.
Қинаған «сопы емес шығарсың» деп,
«Мәжуси жолын тұтқан шылғисың» деп.
«Дәлме-дәл тауып берер дәлелің жоқ,
Өтірік діншіл болып отырсың» деп.
Қазекең: «Мұсылманбыз шын біз,—деген,
Қашаннан ұстап келдік дін біз» деген.
Самарқан, Қоқан, Хиуа, Бұқарадан
Жақсылар қазақ тарихын көп іздеген.
Шежіре күншығыстан табылмаған,
Архив жоқ қайдан тапсын жазылмаған.
Татардан дін қарындас талап еткен,
Халық деп Мұстапаны жағалаған.
Жақсылар тұра алмаған сабыр етіп,
Тауарихқа табылған соң қолы жетіп.
Ел жаққа бір хазірет, ишан бар деп,
Жіберген бір мүптиді уәкіл етіп.
Ол мүрит хазіретке барып жеткен,
Мақсұтты көңілдегі баян еткен.
Хазірет бірнеше жыр жазып берген,
Қазақтың қазылары үміт еткен.
Данышпан, өзі ғалым, ишан ғаріп,
Қызғанған дін қарындас тұрған азып.
«Сұраушы болса, мұны беріңіз» деп,
Аннасқа тіркеп берген ебін тауып.
Ол мүрит шежірені алып қайтқан,
Мұраты мұның ғасыл болып қайтқан.
Үш жүздің баласынан өкіл барып,
Көшірме сол нұсқадан алып қайтқан.
Атамыз Аннас деудің себебі осы,
Дәлелі дініміздің көңіл хошы.
Қатасы болса, ғапу етерсіздер,
Білгенім бұл туралы менің осы.
Болады шын атамыз біздің—түрік,
Негізсіз неге керек құр өтірік.
Ал босқа адасудың жөні бар ма,
Дәлелді рас сөзді көре тұрып.
Тіліміз—түпкі атамыз түрік тілі,
Дініміз—түрік, татар тұтқан діні.
Қозыны жеген қасқыр секілденіп,
Қызыққан басқалар сөздің шыны.
Болмаса кемшілік жоқ дінімізде,
Шалалық болса болар күнімізде.
Көшпелі, сарқырауы салақ елміз,
Мойынға мұны аламыз өзіміз де.
Түрікте Алаша атты хан болыпты,
Бек әділ, салтанатты жан болыпты.
Бозторғай қой үстіне жұмыртқалап,
Халықтың көңілі толып жай болыпты.
Болыпты бір бай адам бұл шағында,
Болмаған мұнан озған ол шағында.
Бақыты, мал мен басы қатар өсіп,
Атанған мәшһүр Алаш сол шағында.
Тұсында болыпты Алаш Алаша хан,
Түріктен туған болар тамаша жан.
Таңбасыз тай, енсіз қой сол шағында
Болыпты деп айтады қаншама жан.

Ескерту: «Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, таңбасыз тай болғанда, енсіз қой болғанда» деген мақал сол заманнан қалса керек.

Алаштан туып-өскен екі бала,
Қата деп айта қоймас ешкім жала.
Қай жерде хат қалдырған қариялар,
Осылай шежіреде жазған жәна.
Түрікпен сегіз арыс Сейілханнан,
Майқы би жалқы туған Жайылханнан.
«Түбі бір түгел сөздің түп атасы—
Майқы би» деген сөз бар сол заманнан.
Туады Майқы биден өзбек, Сапиан,
Сапианнан Айырқалпақ етем баян.
Баласы Айырқалпақ—Қазақ, Созақ,
Созақтан Қарақалпақ өрбіген жан.
Қалықтап жаңа жеттім мен Қазаққа,
Басымды байлап алып мол азапқа.
Азабым бойыма құт болар еді-ау,
Қалмасам қата жазып мол ұятқа.
Қатасыз пенде бар ма, Хақтан өзге,
Дауа жоқ нақақ жетпес айтқан сөзге.
Өзіме-өзім нанып өтпеу үшін,
Қайта анық қателерім түссін көзге.
Үш арыс ұл Қазақтан туған бала,
Бұларға берген бақыт Хақ Тағала.
Ақарыс, Жанарыс, Бекарыспен
Үш жүздің атасы деп айтар жәна.
Қаратау ол кездегі отандары,
Болыпты ортақ қоныс маңайлары.
Үшеуі қазақ елін үшке бөліп,
Билепті болып бегі әрі хандары.
Салтанат құрған шығар қатар қонып,
Көшпелі ел, тағы бірі шаһар болып.
«Ақтабан-шұбырынды» деген анық,
Қозғалған қонысынан сапар болып.
Ұлы жүз қараған ел—Ақарысқа,
Орта жүз жанасқан ел—Жанарысқа.
Кіші жүз және-дағы деп аталған,
Бір кезде қараған ел—Бекарысқа.
Тарихи бір оқиға—қазақ өлген,
Жеті жыл тұтасынан аштық келген.
Қырылып осы аштық әсерінен,
Әр жүздің арасынан адам өлген.
Жауласқан және дағы қазақ, қалмақ,
Қалмақты қазақ болған шауып алмақ.
Ала ауыз, алты бақан болғандықтан,
Қазақты қалмақ шауып, салған салмақ.
Қоныстан ауған қазақ кезекпенен,
Сергелдең екі түрлі себеппенен.
Үш жүздің басын қосып бар жақсы ісі,
Қоштасқан көшпек болып зеңбеген.
Үш жүздің би мен бегі—көшбасшылар,
Басына Қаратаудың шыққан бұлар.
Қоштасып жер-суменен жыраулары,
Өлең-жыр үш жүз ауыз айтқан бұлар.
Үш жүздің ортақ өлең баласына,
Қараған Қаратаудың қаласына.
«Қалмақты шауып, шаншып аламыз» деп,
Төгілген сыймай кетіп қаласына.
Бет алған басшылардың бағытымен,
Тау-таудың тартқан бұлар саласына.
«Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айрылған ағайыннан жаман екен,
Мөлдіреп қара көзден жас келеді».
Жырдың үш ауызы—осы басы,
Алаштың мәлім барлық баласына.
Тараған талай жерге себебі осы
Дегеннің мен қазақпын арасына.
Өлеңі Қаратаудың бәріңе ортақ,
Қазақтың ханы мен би, қарасына.
Ел ауған еркін қоныс ыңғайымен,
Жерінің және отырған жағдайымен.
Ұлы жүз оңтүстік пен күншығыста,
Орта жүз солтүстікте маңдайымен.
Кіші жүз күнбатысқа қарай көшкен,
Орал мен Бөкейлікке шалғайыменен.
Тер төгіп, қоныстанып қона қалған,
Тап келген таланына оңдайымен.
Сонан соң қазақ басын қоса алмаған,
Қалмаған дос-дұшпаны өш алмаған.
Бас аман қып қазақ кеткен азып,
Дұшпанын тізе қосып тоса алмаған.
Жолында Ноғайлы, Естек және болып,
Жайықтан өтіп ары көше алмаған.
Оралдың екі бетін орыс алып,
Еділге қарыс қадам баса алмаған.
Үш жүздің ойран түскен баласына,
Бір тасып төгілген соң саласына.
Жауласқан жанталасып және дағы
Жел түсіп өзді-өзінің арасына.
Кірерге көр, шығарға тесік таппай,
Жүрсе де қара ауызының аласына.
Қалған соң енді бұлар ел болудан,
Деген сөз ел болалық жем болудан,
Жәнібек, Әбілхайыр заманының
Ресейдің кірген қазақ панасына.
Барақ хан Әбілхайыр ханды өлтірген,
Соғысып неше талай жанды өлтірген.
. . . . . . . . .
*
(∗ Қолжазбада бірнеше өлең шумақтары жоқ.)
Үстінде қара жолдың қалың хабар,
Жатады барған жұрт тәуап қып.
Басына шыққан дарақ жалғыз жиде,
Қойылхан деп есім берді молдасына.
Қолынан Сырым төренің қаза болған,
Хандарға бұл уақиға сәна болған.
Адасып сонан бері әлі жүрміз,
Ауыздың амал бар ма аласына.
Орыс та сене алмаған сонан кейін,
Ойлаған амал-айла онан кейін.
Аманат әр ауылдан адам алып,
Қамаған орынбордың қаласына.
Небәрі елу[дей] адам алған,
Архипте аттары тұр, емес жалған.
Ұстаған орта жүзден Тұрлығұлды
Жәкеңнің жаны ашыр деп ағасына.
Бағынған барлық қазақ мұнан кейін,
Орысқа бодан болып сонан кейін.
Бірнеше көтеріліс болса дағы,
Шықпаған еш нәтиже онан кейін.
Ақымдап ақылменен ала берген
Түркістан, Хиуа, Бұқар шетке дейін.
Сарыарқа, Сырдың бойы, Шыршық суы,
Ар жағы Алтай бетке дейін.
Наурызбай, Кенесары—екі төре,
Келіпті көне қоймай көпке дейін.
Қырғыздың Алатауы түгелдейін
Қырғыз да қалмаған соң ақыры сол.
Тоқтаттым осыменен сөз аяғын,
Болжаусыз болғаннан соң алдағы ағым.
Тұяғы тұқырылған тұлпардай-ақ,
Отырған күйсіз шауып, бұл бір шағым.





Пікір жазу