20.08.2021
  336


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Жыл нәзіріндегі жоқтау

Ас беру парыз екен мұсылманға,
Дауыс айтып мұң шағып сояр малға.
Өлгенге иман, тіріге бақыт бер деп,
Сиынып қол жаятын мұсылманға.
Жылайын асқа сояр осы малға,
Өлгенге иман, тіріге бақ бер, Алла!
Ас беріп,құран оқып,тілеу тілеп,
Жаратқан! Бұдан басқа шаруа бар ма?!
Көлдетіп төктім көз жасымды,
Белгі етіп қойдым тасыңды.
Жазар ма, Алла, сауапқа,
Арнап бір берген асыңды.
Жыл өтті жүрмін қамығып,
Қайғының тонын жамылып.
Алладан кейінгі панам-ай!
Күндерім өтті сағынып.
Өкінем әкем кеткенше,
Жыл айналып жеткенше.
Топырақ басып бетіңді,
Сыртыңнан жусан өскен соң.
Сарғайып таңды атырдым,
Санап күнді батырдым.
Жыл болды әкем сағынып,
Қайғының уын сапырдым,
Жылай-жылай талықтым.
Зар болып әкем көруге,
Жыл болды, міне, зарықтым.
Келді, Әке, жылыңыз!
Жылаумен өтіп күніміз.
Тұғыры құлап бұл күні,
Бұзылып отыр санамыз.
Жан әкем, зар жылаумен өтті жылыңыз,
Сен болып сағынышы жүрегімнің.
Бәйтерегім, қорғаным құлаған соң,
Қайғымен өтіп жатыр әрбір күнім.
Қызарып күн батарсың,
Сарғайып таң атарсың.
Топырақ төсек , шым жастық,
Қайтіп, әкем жатарсың?
Келмеске кеткен бекіне,
Бара ма бейіш шетіне.
Есігін ашса бейіштің,
Салқын тисін бетіңе,
Самал болып өтіне.
Бауырдай ішім мұздады,
Жанымды қайғы кернеді.
Жабырқап тұрмын мұңайып,
Дерт шалған соң көңілді.





Пікір жазу