20.08.2021
  312


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Ықсанның бәйбішесі Бәтимәнің жоқтағаны

Ұядан жалғыз сұңқарым,
Мыңнан озған тұлпарым,
Жатып бір қалды-ау қабірде-ай!
Бәйшешегім қуарып,
Тасыған дариям суалып,
Қалғаным ба, апырым-ай!
Қыршыным менің, бағланым,
Аузына күпір кірмеген.
Бозбалалық мінезге
Елігіп әсте ермеген.
Ақылы дана данышпан,
Кеудеге сыймай кернеген.
Жеткіншектер жеткенше,
Лажым бар ма Аллаға,
Ілгері өмір бермеген.
Қайран да мырза, жас манап,
Көңілімнің сәулеті.
Бабаңа қонған қызыр кеп,
Дулаттың дария суаты.
Көгілдір шыбық бағланым,
Кетпеген бойда ұяты.
Үш үйлі жанның бәрінің
Сіз едің жалғыз қуаты.
Ықсанжанды ойласа,
Кімнің жаны үйірмес?!
Жиырма үш мөлшері
Ғұмыры аз кеткен қыршын жас.
Жақын жерде жоқ болды,
Саламаттың баласы,
Бірге туған бауырлас.
Жиырма үшке жеткенше
Көп халыққа болған паш.
Бұл жердегі көп дулат
Түбі бірге қарындас.
Жыласам бірге жылайды,
Бірі қосшы, бірі бас.
Бауырды жоқтап қайтейін,
Аз арманы болмаса.
Бұлар да жылап, шулап тұр
Көзінен төгіп қанды жас.
Жаңа туған шарана
Екі балаң қалды жас.
Ойлай берсем арманын
Заһардай болды ішкен ас.
Алыстан даңқын есітіп,
Көре алмай кетті ағайын.
Алматы шаһарда атама
Сансыз мал берген құдайым.
Тас болат, асты-үсті ағаш
Жеті қат қылып салдырған,
Безеулі қалды сарайың.
Опасы жоқ қу жалған,
Зарлатқан біздей талайын.
Қайран да менің бағланым,
Талапқа кірді жасынан.
Күн-түні думан кетпеген
Жазды-қысты қасынан.
Не жаны отыр ата-анаң,
Құс ұшырмаған басынан.
Талапқа кірді жасынан,
Кемел жасы толғандай.
Тізгінін берді атекем,
Бала ғой деп қорғанбай.
Мол дүниені басқарды,
Ақылдан сасып ойланбай.
Әкесі жомарт, қарағым,
Тасыған дария көңілдім,
Ғаріпке рахым қылғандай.
Шырайы кетті үйіңнің,
Бәйтерек құлап солғандай.
Көзі көрген ағайын
Болмай қалды қайғырып,
Қызығыңа тойғандай.
Үш үйлі жанның шырағы,
Жетсін хақтан мұраты!
Шыбыннан көп шымырың,
Бірінен топырақ бұйырмай,
Жаныста болды тұрағы.
Садағасы жұрттың кетейін!
Бәрі де шулап жылады.
Қыршын бір мырза шолпаным,
Не деген пенде қияды?
Қызығын көрген ата-анаң
Есін бір қайтып жияды.
Пайдасын көрген пақырлар
Қайғысын жастың жемес пе?!
Атасы көпес атанып,
Кірген еді кеңеске.
Баулы құстай талпынып,
Ықсанжан шықты белеске.
Жаңа жетіп келгенде,
Жұрт соңынан ергенде,
Қыршын күнде жөнелді
Шынайы арман емес пе?!
Дұға қылар рухына
Көзін көрген талайлар,
Жылады деп сөкпеңіз,
Бізді көрген маңайлар.
Безеулі қалды сарайлар,
Жұбайын жоқтар алалы.
Алалының ашылмас
Бұрынғыдай самалы.
Ғайып болды көзімнен
Айнадан жарық жамалы.
Талап қылған әр іске
Ақылы дана қамалы.
Толықсыған күнінде
Дүниеден қайтты тауаны.
Тағатларың қабыл боп,
Алдыңнан шыққай сауабы.
Сұрақшыларға айтылғай,
Тірі күндегі жауабы.
Ата-анасы арманда
Қызығын көрмей қалғанға.
Көпке бірдей көлеңке,
Саямыз еді жалғанға.
Өзі ғалым данышпан,
Атқа мініп жасынан,
Көп жақсымен танысқан.
Аһ ұрамыз бағланға,
Жаман боп туса қайтер ек?
Жұрт қайғырып жылады,
Бұған дағы шүкірлік,
Пендесі көнер салғанға.
Қайғымыз күнде көбейер
Қара орманын көргенде.
Атасы менен анасы
Қайтып тақат қылады
Тең кұрбысы келгенде?!
Енем неге жылайды,
Шүкірлік неге қылмайды,
Орнына тұяқ бергенге?!
Жыламай қайтсін бейшара!
Өз баласын алдырды.
Тұл болып екі келіні,
Басына қара салдырды.
Жиырма үш жасында
Келмеске кетіп косағым,
Ішімді оттай жандырды.
Жиырма екіде қақсатып,
Тұл кылып мені қалдырды.
Оқалап тіктім жайнамаз,
Оқыдыңыз бес намаз.
Жастықпенен толықсып,
Болмадыңыз бейнамаз.
Жаннаттан есік ашылғай!
Алдыңнан шарбат шашылғай!
Рухың барып жолдас боп
Пайғамбарға қосылғай!
Таудан аққан арығым,
Туған айдай жарығым.
Шыққан күндей толығым,
Қарасудай тұнығым.
Ғибадат тағат қылушы ең,
Шариғат төккен сынығым.
Қарадан шыққан демесе,
Артықша туған түзігім,
Сайманын жиған артықша.
Саясатын түзетіп,
Бағлан боп өскен байбатшам,
Дін дүниесін үдетіп.
Мастанбай қалып дәулетке,
Мейманын тұрған күзетіп.
Ойлаған да әр ісін,
Атамды кетті-ау жүдетіп.
Бағланым сапар шеккен соң
Қадірлес болған жақсылар,
Қатты бір жейді уайым.
Жұрт білмесе, қайтер ек?
Бұған да шүкір қылайын!
Жас боздақтан айрылдым,
Қайтіп шыдап тұрайын?!
Сөкпеңіз, халқым, сөзімді,
Кешегі жүрген бағланға
Сөйлемей қайтіп шыдайын?
Бісмілла сөздің басы еді,
Болатым жездей жасыды.
Гуілдеп жүрген күнім-ай,
Су сепкендей басылды.
Байбатшамның тұсында
Дариядай көңлім тасыды.
Иманды болғай қарағым!
Қабыл боп тілек санасы.
Мінезі еске түскенде,
Жылады жоқтап анасы.
Сабыр да, тәубе қылайын,
Өлмесе қайда бабасы?!
Алладан тағдыр жеткенде,
Өлерін білген зерегім.
Патша ұлындай сымбатты,
Арғымақ аттай серегім.
Абақ пенен Тарақтан
Ақша керек кім болса,
Бар еді жұртқа керегің.
Тұрасы биік тұлпардай,
Төре ұстаған сұңқардай,
Тұрпаты жаннан бөлегім!
Алтыннан аяқ алынған,
Күмістен мылтық сайлаған.
Өз құрбысы келгенде
Ортекедей ойнаған.
Сайманың тұр, өзің жоқ,
Артыңда қалған ата-анаң
Бір күн жалын, бір күн шоқ.
Тұсыңдағы дәуренім,
Не қылғанмен маған жоқ.
Санаменен сарғайдым,
Жасағанға жалбардым,
Ішімде жалын, сыртым шоқ.
Дұшпаныма қарбайдым,
Кигенде тоным құтыны,
Кисе, тозбас бүтіні.
Ішімде толған дертім бар,
Сиыртып шықпас түтіні.
Мұсылманның белгісі
Сегізде жұлдыз сергерден,
Сеп жайдырдың күлгізбей,
Жеткіншегін жеткізбей,
Жеткізіп өмір сүргізбей,
Ажалды ауру кез болды,
Ілгері қадам жүргізбей.
Ата-анасын зарлатып
Алып кетті иесі,
Қызығын бізге көргізбей.
Жетім де жесір атандық,
Құдайым басқа салған соң.
Жыршы да болып жырладым,
Бейшара болып қалған соң.
Ауыздан жалын шығардым,
Ішім бір от боп жанған соң.
Ағайын-туған жегжатқа,
Қайрымды болып пақырға
Парасат пенен ақылың.
Қиямет барған, жас қалқам,
Иманың жуық жақының.
Текті асылдан жаралған
Алды ғой асылзадамды.
Жас боздақтан айрылдым,
Енді де күнім қараң-ды.
Парасатты білмедім,
Арабы, парсы ілмедім.
Дәулетке серік бала деп,
Ауызға жастан іліндің.
Атаңа біткен дәулетпен,
Қоқаннан бергі қаланың
Адамына біліндің.
Құрбысы асып өтпеген,
Жанынан думан кетпеген.
Жасынан ұшқан қызыл гүл,
Дегеніне жетпеген.
Ақылы дария карағым,
Жетісуға бітпеген.
Адал кәсіп, мал тауып,
Қылған бір ісін тектеген.
Досың түгіл дұшпаның
Сөзіңді қашан кектеген?!
Шықпаған жаным тірі отыр,
Осы ма, жұртым, дерт деген?!
Жақсылардан бата алған,
Ишандардан хат алған.
Тамаша етіп жалғанды,
Байбатша болып аталған.
Сенбеңіз, халқым, жалғанға,
Кім көнбес тәңірі салғанға?!
Ескендір сынды бағланым
Жетпей бір кетті арманға.
Асылық жауап сөйлемей,
Қайырын бергей қалғанға.
Айналайын атыңнан,
Нұр жазылған затыңнан.
Сағындым да сарғайдым,
Адасып күнде ақылдан.
Құлағым шарт байланды,
Бір ауыз сөзін есітпей
Кітапқа жазған хатыңнан.
Қайтып бір адам болармын,
Айрылып қалдым асылдан.
Қарағым, қалқам, сәулетім,
Қайғының тарттым нәубетін.
Адалдан тауып, мал қосқан
Атаның шашпай дәулетін.
Жас та болса қалқамның
Арттырып еді құдайым,
Уалаятқа үмметін.
Ұядан ұшқан ақ сұңқар
Балапанын алғызды.
Анасы байғұс зар жылап,
Шақырады жалғызды.
Шара бар ма, халқым-ау!
Зарлатып мені қалғызды.
Жол көрсін деп атасы,
Әр тарапқа барғызды.
Құрбысы үйін көрсін деп,
Жеті қат етіп ағаштан
Сырлатып сарай салғызды.
Бауырласын көре алмай,
Сәлем айтты еліне,
Тамұқтан ұшқын ұшқандай,
Тас жандырды деміме.
Жиылып келген жамағат!
Патиха құран оқыңдар
Әбзелде туған еріме!
* * *
Екінші әйелі Сыпайының жоқтағаны

Бісмілла сөздің басынан,
Шариғаттың қасынан.
Жайма да шуақ қарағым!
Жайдары болдың жасыңнан.
Ішімде дертім көп болды,
Басымдағы шашымнан.
Құдайым басқа салған соң,
Жыршы бір болдым жасымнан.
Әкемнің алмай батасын,
Кетіп ем қашып жасымнан.
Бір жылға жетпей айрылдым,
Қайғың кетпес басымнан.
Нәсілің жақсы жаралып,
Өтіп-ақ кеттің жасыңнан.
Ұжмақтан болсын орныңыз!
Ішім бір қатып толды мұз.
Екі бірдей кос зайып
Алғанынан айрылған
Елдегі бейбақ сорлымыз.
Өтіп бір кетті бағланым,
Мен бейбақты қылып зар.
Уақтылы күн біткен соң,
Бұ дүнияда кім қалар?!
Артында қалған бейбақтың
Әркімге көзі телміріп,
Ақылы қашып сандалар.
Өлімнен өтер өткел жоқ,
Қапыда қалма пенделер.
Кімге айтамын зарымды,
Алды да кетті жарымды?!
Қосағымнан айрылып,
Кең дүнием менің тарылды.
Он сегізде қақсаған,
Маңлайда сорым қалың-ды.
Қызығым көрген алты-ақ ай,
Басыма қара салынды.
Құрбы менен құрдасың
Сізді ойлап налыды.
Дүниеден сапар шектіңіз,
Қызықты көрер шағыңда.
Жаңа келген жас бейбақ
Сарғайып жылап сағынды.
Мінген де атың қара-ды,
Қарасам көзім талады.
Тіршілігің, жас қалқам!
Қап тауындай пана-ды.
Артыңда қалған ата-анаң
Қайдан бір пана табады?
Қайғы менен қасіретің
Ішімде от боп жанады.
Қайда барып оңармын?
Басыма тұман айланды.
Айдың жүзін бұлт алып,
Қарайып бақытым байланды.
Осы күнде, халқым-ау!
Кең дүнием менің тарайды.
Мезгілсіз уақта күн батып,
Жарық дүнием қарайды.
Зарлаған шығар мендей боп,
Арманшының талайы.
Құтсыз аяқ болдым ба?
Келе салып жалмадым
Жалмауыз болып анайы.
Қыналы бармақ, шын тырнақ
Көзімнің жасын тияйын.
Албыраған ақша бет
Сүйегіне таяйын.
Мөлдіреген қара көз
Жылауменен ояйын.
Ер жеткен бауыр сенде жоқ,
Орныңа кімді қояйын?
Ақылың дана дариядай
Болжамсыз күнде жоқ қылған,
Опасыз, шіркін жалған-ай!
Парасатпенен сөз сөйлеп
Жүз жасаған қариядай.
Әр ісіңді ойлап ата-анаң
Қайғы отына жанғаны-ай!
Арманда өткен шам-шырақ,
Жиырмаға жете алмай,
Үш жыл дәурен сүре алмай,
Алғаның зарлап қалғаны-ай!
Ойымда жоқ қасіретті,
Ақылың артық данышпан,
Кеудесіне сыймаған.
Күні өтіп барады екен ғой,
Күні-түні думан ғып,
Жанына нөкер жинаған.
Жаратқан Жаббар алейһи!
Қызығын бізге қимаған.
Торқадан етім тоңар деп,
Торғынның жібі оңар деп,
Жібек астар тауарды
Бір кезін атқа ап киген.
Жамсыз дүние жанда жоқ,
Әлінің мінген дүлділі
О дағы орға сүрінген.
Асығыс өткен бағланым
Ауызға жастан ілінген.
Жас мырзам сапар шеккен соң,
Ағайын жұрты күйінген.
Құтсызда жұныт қу ішік
Киілмей тұлға ілінген.
Атасы көпес атанып,
Үш алашқа білінген.
Мамықты қатты деуші едің,
Хорстан болды мекенің.
Шаһзадалар порымды
Тақия сыймас шекелім.
Лажым бар ма Аллаға,
Ұйқыда көрген түсімдей,
Білмей де қалдым не екенін.
Бір пайғамбар Жүсіп-ті,
Қолымнан сұңқар ұшыпты.
Қолымнан ұшқан сұңқарым
Қараңғы көрге түсіпті.
Төрт жарда әбзел Сыдық-ты,
Иманға жақын, жуықты.
Айрылман деген жас қалқам,
Жер бауыры суық-ты,
Бек буайын белімді.
Ғұмырын қысқа жаратқан,
Маңлайдағы сорым-ды.
Асыл бегзат қарағым,
Жаннаттан қылсын орныңды!
Ал жібектей есілген,
Аяғын топта көсілген.
Жақсыларменен сөйлессе,
Шариғаттан шешілген
Ел-жұртта бар ма екен?
Бір жыл жолдас бола алмай,
Мендей де болып қалғандар?
Қалайша айтып жыласам,
Кемітпес халқың басыңды-ай!
Әр ісіңді ойласам,
Қоямын ішкен асымды-ай!
Дәулетті жидың сенектеп,
Ғаріпті жидың етектеп.
Ойымда менің бар ма еді,
Екі жыл жолдас болмастан
Жалғызым сізді өтед деп?!
Ақсұңқар ұшты аспанға,
Дәулеті судай тасқанда.
Дәнеңе ойда жоқ еді
Жақсыға құдай қосқанға.
Өтерін біліп көрдім түс,
Басыма түсті қиын іс.
Мен сорлыны қақсатып,
Тұғырдан ұшты бұлбұл құс.
Өтіп кетті алғаным
Бейсенбінің күнінде,
Жұрт жиылып күзетті
Жұмасының түнінде.
Лебізің естен кетпейді
Аққу құстың үніндей.
Үлбіреген жас қалқам
Ұжмақтың қызыл гүліндей.
Артыңда қалған бейбағың,
Оңалмас енді бүлінбей.
Асығып, қашып келіп ем,
Сүйенер інің, ағаң жоқ.
Өзіңнен туған балам жоқ,
Дерегің қалды-ау білінбей.
Атаның сөзін бұзбадың,
Жасыңнан, қалқам, бала боп.
Жаңа жігіт болып ең,
Ақылың дария дана боп.
Атаң менен анаңа
Тас қорғандай пана боп.
Сабақ алып молдадан,
Әдеп еркін үйрендің,
Шаһарлы орның қала боп.
Асқар тау еді ата-анаң,
Енді бір қалды дала боп.
Қуанып, судай тасыдым,
Келін боп түсіп басында.
Таутекедей секірдім
Алатаудың тасында.
Мол дүниені басқарып,
Елу жігіт нөкерің
Жүруші еді қасыңда.
Ел-жұртыңды сағынтып,
Ауылыңды шулатып,
Келмеске кеткен ерсің бе?
Ажал оғы кез келді
Жиырма үш жасыңда.
Қосағымнан айрылып,
Кең дүние маған тар болды.
Жүрерге жолым бекіліп,
Алдымда терең жар болды.
Жасарып жаңбыр жауса да,
Суықта боран, қар болды.
Ата жұрттағы туғаның
Бір көрерге зар болды.
Мың шүкірлік кұдайға,
Алматы шаһарының адамы
Қасыңда түгел бар болды.
Алма ағаш едім жайқалған,
Алмам қалды қиылып.
Түнде ұйқым келмейді,
Жұмсам көзім түйіліп.
Қайтып бір ұйқым келеді?
Жүрегім жанар күйініп.
Ағайын-туған, көршілер
Тыңламаққа зарымды
Келеді күнде жиылып.
Жырламай қайтып тұрайын?
Бағланым жатыр молада,
Үстінен топырақ үйіліп.
Бағланым, қалқам, сіз үшін
Дүниеден жылап өтермін.
Қалайша ақыл ойласам,
Арманыңа жетермін.
Күйігіңнен, қарағым,
Қартайып, шаршап бітермін.
Кұдай берген дәулет бар,
Аяп та сізден не етермін?!
Көр садақа шығарып,
Ысқат, підия бергізді.
Бір жанға себеп болар деп,
Қошқар айтып қарадан,
Айландырып ат сойып,
Көп садақа қылғызды.
Дүниеден ақыр өткен соң,
Хауал намаз оқыт деп
Бес жүз беріп атакем,
Имамға кісі жүргізді.
Басыңа белгі болсын деп,
Ақ борлап күмбез тұрғызды.
Жұрттың көзі көрсін деп,
Күмістен айын бұрғызды.
Патиха қылған адамдар
Кім екенін білсін деп,
Тасқа жазу қырғызды.
Бала өлгендей қылмады,
Құданың берген дәулетін,
Ат шаптырып, ас беріп,
Бес дуан елге білгізді.
Хәтім-құран қылдырып,
Жетіден берді киімін.
Толып жатыр артыңда
Сансыз мал, қалған бұйымың.
Дүниеден өтіп сіз кеттің
Бізге де болар қиының.
Өлгенімше, қарағым,
Көңілден кетпес күйігің.
Енді бізден пайда жоқ,
Жарылқасын алдыңнан,
Болып тұр күнде жиының.
Биік таудың басында
Тұнып бір аққан бұлағым.
Дария суды жағалай,
Балғын бір өскен құрағым.
Еш жамандық көрмеген,
Еркелеп өскен шырағым.
Осындай қылған зарымды
Есітер ме екен құлағың?
Жарылқанып алдыңнан,
Жеңіл де болсын сұрағың!
Жолдас болып пақырға,
Салауат айтып, дұға қыл,
Дана еді, қалқам, ақылға.
Судан шыққан сүйріктей,
Суырылып озған жүйріктей.
Дүкеннен шыққан алмастай,
Қалыңнан қашқан жолбарыстай,
Қырындап ұшқан қырғидай,
Жақсылар салған тұйғындай!
Лашын қылып ұшырдым,
Лажым бар ма Құдайға?!
Қаршыға қылып қашырдым,
Қарсылық бар ма Құдайға?
Сегізде мектеп оқыған,
Онында ақыл тоқыған.
Он екіге келгенде,
Ғалымдардан дін сұрап,
Құдықтай көзін шұқыған.
Он төртіне келгенде,
Жүз жігіт нөкер ерітіп,
Аққан бір сеңдей толқыған.
Таласпалық құранға
Көп жат еттім құдайға.
Салмасын деп сұраңыз,
Салған соң басқа оңай ма?!
Хикаят сөздің аяғын
Молдалардан сұралық,
Шариғатта солай ма?
Қой десеңдер—қояйын,
Еш нәрсе өнбес осыдан.
Жоралғыда жоқ дейді
Өлген адам қосылған.
Лажым бар ма Аллаға?!
Жиырма үште ғұмырын
Өлшеп бір жазған басынан.





Пікір жазу