Ықсанды жоқтау
Бісмілладан айтайын,
Бәрәкалла сөз басын.
Мұңлық болған Күнімқыз
Перзентінен қозғасын.
Мінәжәт қылып сөз сөйлеп,
Шариғаттан озбасын.
Әуелі Құдай қалаған,
Асыл нұрдан жаралған.
Алладан әмір болған соң,
Алтыннан терек құлаған.
Молдаларды көргенде,
Шариғат сөзін сұраған.
Бала да болса халайық,
Үлкенге басын балаған.
Бауырымның парасы,
Екі көзім қарасы.
Тұрымтай ұшып өтпеген
Биік бір таудың саласы.
Ығына боран жүрмейтін
Ағайынның панасы.
Жаны ашып бәрі жылады
Дін мұсылман баласы.
Алланың салған ісіне
Пенденің не дұр шарасы?!
Жалғанда бітпес, жұртым-ау!
Жалғызымның жарасы.
Аспандағы жұлдызым,
Маңлайда тәжі құндызым.
Жылады деп сөкпе, жұрт!
Жанымнан шыққан жалғызым.
Жарылқап құдай алдыңнан,
Жаннаттан қоссын хор қызын!
Жаннан түрін бөлек қып,
Беріп ең, Алла, жалғызды?!
Жер ортасы кәрілікте
Зарлатып мені қалғызды.
Жүрсе, бір жұрттың көркі еді,
Басында алтын бөркі еді,
Лажым бар ма тәңірге?!
Қолқамның үзіп тамырын,
Өзегімді талғызды.
Жақсылар менен жанасқан,
Кисе бір киім, жарасқан.
Елдегі мұңлық мен болдым
Жалғызынан адасқан.
Басыңдағы дәулетің
Озып еді алаштан.
Қызығын үш жыл көрмедің,
Аңқайып қалды бекерге.
Отауы деп қалқамның
Сегіз бөлме, жеті қат
Салғызып едім орысқа,
Сырлатып сарай ағаштан.
Есімнен қайтіп қалады,
Кешегі жүрген сәулетің?!
Жаныңа пайда қылмады
Сонша бір қалың дәулетің.
Өзіңдей болар күн қайда,
Артыңда екі әулетің?!
Ақсұңқар қолдан ұшқанда,
Ұзын да қолым қысқарды-ау!
Жалғызға құдай салған соң,
Ажалдың әкеп нәубетін.
Айым да күнім тұтылды,
Алтын да сақам ұтылды.
Қарар да көзім көр болып,
Қармарда қолым қырқылды.
Жалғызымнан айрылып,
Ішкен бір асым құрысын!
Қайғымен қан боп жұтылды.
Біз мұңлықты есіркеп,
Алданыш қылғай, Жаратқан!
Артыңда қалған тұқымды.
Қайтейін, қалқам, Ықсан-ау!
Елден де бөтен еңіреттің.
Өзегіме өрт салып,
Сүйегімді тебіренттің.
Қарағым сапар шеккен соң,
Басыңа молда күңіренттім.
Он қарыны қабіріңе,
Дүниеңді шашып аямай,
Екі ай жарым түнеттім.
Есітем бе деп, қалқам, даусыңды?!
Қабіріңді күнде күзеттім.
Алладан әмір болған соң,
Амалым бар ма мен сорлы,
Арыздасып жөнелттім.
Қабіріңді тыңладым
Ақылымның жоғынан.
Ақылымнан адастым
Ішімде оттың шоғынан.
Өлмейді екен ажалсыз,
Кетсем бір мен де не етеді
Жалғызымның соңынан?
Асылық екен мұнымыз,
Тағат тұта алмадым,
Түскен соң қайғы басыма.
Жаратқан өзі кешіргей,
Жоғалған соң қайғырдым
Шам-шырақ, гауһар тасыма.
Жалғызымнан айрылдым
Жиырма үш қана жасында.
Қанатым сынып қайрылдым,
Арманда өлім осы ма?!
Соныңды қайтіп ұмытармын,
Еркелеп кейде келуші ең,
«Апа» деп, алдап қасыма.
Жалғызым, қалқам, қанатым!
Күн жаумай оңды манатым!
Көп жылаудан пайда жоқ,
Жыламай сабыр қылайын.
Құдайымның санатын,
Дәулетін, бағын сұрасаң,
Іленің аққан суындай.
Көрік-дидарын сұрасаң,
Патшаның алтын туындай.
Өзін жақсы туғызып,
Жаратқан екен құдайым,
Ұзақ ғұмыр бұйырмай.
Уақты күні біткен соң,
Опасы жоқ жалғанға
Кетеді екен бұйырмай.
Құдіреті күшті Құдайым!
Жалғызымнан айрылдым.
Жыламай қайтып тұрайын?!
Ойлай-ойлай күн-түні,
Ішіме толды уайым.
Қандай екен жылау деп
Молдалардан сұрайын.
Орны құры тұрған жоқ,
Арғымаққа тай толар,
Оған да тоба қылайын.
Құс төресі лашын
Қиынға салар ұясын.
Алладан пәрмен келген соң,
Әл-дәрмәнін құрытып,
Еңіретіп кетті анасын.
Еңсеге ажал мінген соң,
Қылмады қабыл тәубесін.
Жылады деп сөкпе, жұрт!
Пендеге мұны салмасын!
Анасын аңыратып қалғызып,
Жалғызды құдай алмасын!
Ата-анаң жылап, зарлады,
Жаныңды тілеп құдайдан.
Айтпаған малым қалмады,
Күндігім салып мойныма.
Үш қайтара айналдым,
Тілегім қабыл болмады.
Жанымды құрбан қылсам да,
Бұйрықсыз мені алмады.
Жалғызым қызық көрсін деп
Қуаныш көріп сорлы әкең,
Дүниеге көзін салмады.
Сексен мың қой мен мың жылқы,
Әр жолы шаһәрге айдаған.
Қоқаннан бергі даладан
Көрмеген шаһәр қалмаған.
Мың сомға алған пәуеске
Аппақ күміс тұрманы,
Қос қара жорға атқа парлаған,
Алты түрлі пар жорға
Айдап барып кезекпен
Катайцаға салғанда,
Алматыда адам жоқ
Тамашаға көзін салмаған.
Арманым қатты, дертім зор,
Лажым бар ма Аллаға,
Сонда бір мені алмаған?!
Бір жүз қой, мың сом, он қара
Жаныңа себеп болар деп,
Садақа қылдым бір күнде.
Алладан пәрмен болған соң,
Ажалға дауа болмаған.
Ақылы дана қарағым,
Ауызға жастан ілігіп,
Дүниеге құдай қоймады
Жиырма үш жаста өттің сен.
Мұңлы болған ата-анаң
Қызығыңа тоймады.
Сондағы жүрген аз ғұмыр
Бір күнгідей болмады.
Тең құрбыңды көргенде,
Мінезің еске келгенде,
Ішім бір оттай қайнады.
Пендешілік қыламыз,
Дұнияға келген адамның
Қайсысын құдай алмады?!
Тарантас арба алдырдым,
Күмістен тұрман тиектеп.
Елің де жұртың жылады,
Үстімізден құлады,
«Саясы үлкен терек» деп.
«Жылаудан сізге пайда жоқ,
Құдайың алды керек», деп.
Ойымда менің бар ма едің,
Жалғызым, сізді өлед деп?!
Қорқайын дедім құдайдан,
Ақыры қалай болад деп.
Орныңда тұяқ қалған соң,
Тоба қылдым шүкірлік,
Алланың салған санат деп.
Әбдіхалық, Ибраһим
Көңілге сүйеу қыламын.
Тірі болса екеуі,
Бола ма қолқанат деп.
Маңызды туған жалғызым,
Іздесем қайдан табылдың.
Сабыр етші, жылайын,
Тобамнан неден жаңылдым?!
Жаратқан Жаббаралейһим,
Нешік тақат қылармын?!
Жалғызымды сағындым.
Жиырма үшке келгенде,
Қарағым, қалқам, Ықсанжан!
Ауылыңды шулатып,
Ақіретке жөнелдің.
Дәулеті көлдей шалқыған,
Жүзі нұрдай балқыған,
Маңлайы күнге күймеген,
Табаны жерге тимеген,
Жорғадан басқа мінбеген,
Гестордан басқа кимеген,
Айуптайын сабырлым,
Жамандық істі сүймеген.
Алтындатқан түймесін,
Күмістеткен күймесін,
Алладан тағдыр жеткен соң,
Тастап бір кетті дүниесін.
Елуге келген жасымда
Жалғызымды алып зарлатып,
Мен бе едім, Алла, сүймесің?!
Алтыннан да сары асық
Патшалардың ұлындай,
Жүруші ең, қалқам, жарасып.
Жарасып жүрген қалқамнан
Зар ұрып қалдым адасып.
Ақылынан адасқан
Біздей ғаріп мұңлыққа,
Ағайын-туған, жақсылар,
Жүріңіздер қарасып!
Жасыңнан, қалқам, дана боп,
Құрбыңнан озған талабың.
Жүз сомға келген Құлжадан
Алтынды шыбық лағыл тас,
Қараса от, палла мың.
Ұлы жүздің ұлына
Жетіп еді сәлемің.
Екі сандық толып тұр
Жинаған кітап-қаламың.
Қызыл гүлдей нұрлым-ай!
Бәйтеректей бүрлім-ай!
Бәйтерек сынды мұртынан,
Қарағым кетті жұртынан.
Киініп үйден шыққанда,
Қуанушы едім сыртынан.
Әбдіхалык, Ибраһим
Атқа мініп ермеді
Қарағымның артынан.
Мінгенде атың боз ғана,
Күні-түні думан ғып,
Жаныңа жидың бозбала.
Бозбаланың ішінде
Өмірің болды азғана.
Базардан келген ақ семсер
Күмістен қынап, алтын сап.
Жүруші ең, қалқам, алдымда
Шам-шырақ тастай жарқылдап.
Қыршында өткен бағланым,
Ақырет барып, иман тап!
Мұңлы шешең Күнімқыз
Құлынынан айрылып отыр ғой,
Күнде, түнде зар қақсап.
Өміріңді қысқа жаратқан
Құдіреті күшті ие-ді.
Қарағым, сізді ойласам,
Ішім бір оттай күйеді!
Асылық қылсам шикі айтып,
Залалы сізге тиеді.
Назар байғұс аңсаса,
Ибраһим менен Әбдуді
Кезек-кезек сүйеді.
Көзінен жасы сорғалап,
Үш жүз алпыс тамыры
Назардың сонда иеді.
Бісмілла сөзді бастайын,
Асығыс айтып саспайын.
Қыршында кеткен қарағым,
Жаяйын жұртқа дастанын.
Өміріңді, қалқам, аз жазған
Аяққа құйған астайын.
Келіндер қалды зар жылап,
Бейшара болып жастайын.
Мінген де атың жүйрік-ті,
Құлан жал келген құйрықты.
Айрылған соң қайғырып,
Күні-түні сауған биеден,
Сандалып халқың ұйлықты.
Өзгеше туған өндірім,
Жиырма үшке келгенде,
Бітірді Алла бұйрықты.
Ойласам, ішім толады,
Жалғызым деп зарласам,
Жүрегім басы солады.
Ержеткен бауыр сен де жоқ,
Жас қалды екі зайыбың,
Амалы қандай болады?
Ұялы терек ордалым,
Зер, баппен, тауар киюші ең.
Ақ күміс тұрман жорғалым,
Тіл-көзі жұрттың болды ма?
Артықша маңғаз болғаның.
Құдіреті күшті Жаббар-ай!
Не пиғылымнан болды екен,
Қарсы ұрып менің қалғаным?!
Жиырма екі де бір үйің,
Он сегізде бір үйің,
Жесірде болып, тұл қалды,
Екі бірдей алғаның.
Желмаяға міндің ғой!
Жағасы жоқ, жеңі жоқ,
Үш қабат көйлек кидің ғой!
Бұрынғылардың санаты,
Есігі жоқ, төрі жоқ
Қараңғы үйге кірдің ғой!
Ауыздан жалын шығардым,
Шыдамай, қалқам, күйгеннен,
Келмесіңді білдім ғой.
Айыптама, жұртым-ай,
Жылады деп өткенге!
Жеткізбей жанды алмайды,
Шернеуде жазған сызыққа.
Өлім рас екенін
Білгендерің тәубе қыл,
Дүниеге жасыл қызықпа!
Жас-кәріге қарамас,
Ажалы жеткен пендеге.
Құданың ісі бұзық па?
Өткен іске салауат.
Арт қайырын сұрайын,
Өмірің қалқам аз екен,
Махфузде жазған сызықта.
Әкең отыр бүгіліп,
Қолқанаттан айрылып,
Қабырғасы сөгіліп.
Біз емес жалғыз жылаған,
Шулап отыр ел-жұртың.
Көзінен жас төгіліп,
Қиын' болды-ау әкеңе.
Қой десе жұрты, қоймайды,
Күні-түні бордай егіліп.
Сағындым, қалқам, атыңды!
Оқыған кітап-хатыңды.
Елестейді өзіме,
Көрінбейді көзіме.
Сағынбай қайтып шыдайын
Артықша туған затыңды?!
Қой десеңдер, қояйын,
Сабырлық етіп, болайын,
Оқыңдар, құран-хәтімді!