Әйелдің ерін жоқтауы
Ал бастайын сөз басын,
Қайғылы жүрек қозғасын.
Жолдасымды ойласам,
Тоқтамайды көз жасым.
Орауышым оңбады,
Отызға жасың толмады.
Жеті жыл жолдас болғаның,
Жеті күндей болмады.
Орамал тіктім оң кесте,
Шымылдық тіктім шым кесте.
Артыңда қалған жалғызды,
Толтырмай кеттің он беске.
Басқанда жерде із қалды,
Артыңда бір қыз қалды.
Жастай сенен айрылып,
Жыламасқа нем қалды.
Жүкке жиған ішігің,
Домалап жерге түсуін.
Жасым келмей отызға,
Басыма қайғы түсуін.
Саз жағасы былқылдақ,
Шөбі шығар сылқылдап.
Арыздасып-қоштасып,
Жатпадың үйде ыңқылдап.
Жалғызың қайтып ер жетер,
Ержеткенше ес кетер.
Артыңда қалған бір сорлы,
Қайғымен жүріп күні өтер.
Жылқы ішінде боз атың,
Әкелі бала озатын.
Әкесі жоқ жалғызың,
Болды ғой енді тозатын.
Омырау толы ақ моншақ,
Әкелі бала мақтаншақ.
Әкесі жоқ жалғызың,
Болады енді жасқаншақ.
Кереге жайдым бес бастан,
Қайғылы болдым мен жастан.
Бүйтерімді мен білсем,
Ұшпас па едім жартастан.