Әке қазасына айтылған көңіл
Келіп ем, шақырған соң Сары жаққа,
Көрмеген ағайынды танымаққа.
Қадірлі болыс қайтыс болған екен,
Әуелі дұға оқыдым аруаққа.
Бір Алла ақыретін жарылқасын,
Жалғанда жасап өтті бар уақта.
Арман жоқ, бұл кісіде деп ойлаймын,
Артында қызыр шалып бағы жатса.
Асқар тау, талды ормандай көлеңкесі,
Ойласаң келін-балаң сағынад та.
Кезіккен ақ өлімі абиырлы,
Адамға өлім де сын жаны басқа.
Уақытқа риза болу керек,
Күн бітсе қарамайды кәрі-жасқа.
Жігіттер жақсы мейман жасап отыр,
Сый осы, келсеңіз деп әр уақта.
Әзіл сөз, қақпа қалжың, шертпе күй бар,
Осындай азаматты сағынад та.
Жан жасап, көңіл толқып отырғанда,
Ойға сөз өзі оралып табылад та.
Әкеме жақсы жоқтау үйретсе деп,
Ажардың айтқанының мәні басқа.
Байқаймын, қабырғасы қайысып тұр,
Болмайды оны біліп танымасқа.
Ұшырған тәрбиелеп балапаны,
Амал жоқ, айрылды жаны басқа.
Көзіне басқа адам көрінбейді,
Қуаты, орны бөлек, жөні басқа.
Айнадай көз алдыңа келтіремін,
Тәңірдің түннен түгел таңы атса.
Әңгіме айтар сөзден басталған жоқ,
Көп ісін көрмеген соң дабыратпа.
Көкеңе рақымет сонда айтарсың,
Сөзімнің қол-аяққа бәрі жақса.