Ертілеудің өлер алдында айтқаны
Өсиет мен айтайын, ағаларға,
Өзімнен жасы кіші балаларға.
Шықпассың еш қызметсіз иман жимай,
Жиылып шайтан, жындар қамаларға.
Дүние фәни адам малын жияр,
Зекетін, пітірімен бермей тияр.
Бір күні ғазәзіл келсе жетіп,
Қызығын сұм дүниенің сонда қияр.
Ғазәзіл оң иығыңа мінгеннен соң,
Шынымен жан аларын білгеннен соң.
Бір Құдай ажалымды кешіктір деп,
Шынымен тілек тілер Алласынан.
..............................................
Әзіргі қолдың жұмыласынан.
Бір Құдай хақтығынан жанын алар,
Артында жиған малы жүмілә қалар.
Аларсың өсиетім тамам бірдей,
Бөзге орап тар лақатқа, жалғыз салар.
Жиылып ағайыны бетін жабар,
Басына бір қазықтық ағаш қағар.
Көтеріп қолды дұға еткен соң,
Бытырап алды-алдына бәрі шабар.
Шыбын жан көкірекке қайта кірер,
Ораулы шүберекте өзін көрер.
Қараңғы тар лахатта жатқаннан соң,
Өлгенін пенде өзінің сонда білер.
Тітіреп ағзалары жиылар сонда,
Қабірге екі періште кірер сонда.
Жауабын туралықпен бере алмасаң,
Шоқпармен сексен пұттық ұрар сонда.
Қараңғы қабір іші түтін болып,
Әр жақтан жылан, шаян толар сонда.
Жігіттер, шамаң келсе, қыл ғибадат,
Отырып ізгілікке көңіліңді сат.
Мұқұм бол келсе шамаң намазыңа,
Періште екі иініңде жазаласа.
Жігіттер, бұ дүниеде артық жиып,
Дүниеде хайуанға еріп күнә қылма.
Жаңылмай бір Аллаға күнде сыйын,
Дүниеде хайуанға еріп қылсаң күнә,
Қайғысын қиямет күн ойлау қиын.