АРБАСУ
Кісі үйі қанша жақсы болғанмен, адамның өз үйіндей болмайды екен. «Өз үйім, өлең төсегім-ай» деп бекер айтпаған ғой. Шаңырақтың басқалығы көңілге көлеңкесін түсіреді де тұрады.
Оқудан қарнымыз ашып келеді, әрине. Зәуре жеңешем Рамазан екеуімізге нан үзіп берді. Маған аздау, оған көптеу етіп үзіп беретін тәрізді. Көже құйғанда, Рамазанға шелектің түбінен алып, қоюырақ, маған сұйығырақ құятын тәрізді. Осының бәрі дық болып ішіме жинала береді. Ақымақтық десеңші.
Жарайды, солай-ақ болсын. Мейірбан ана жүрегі іштен шыққан шұбар жыланына бұрып-ақ тұрсын. Бұл заңды емес пе? Өз баласына бүйірі бұрмайтын пенде бола ма? Бұл үшін ішіме арамдық жинап бұртиюға менің қандай қақым бар? Соншама кінәмшіл болатындай мен бұларға немді өткізіп қойыппын? Қайта, кет әрі демей, ауырсынбай, пана болғандары үшін мың да бір рахметімді айтуға тиіс емеспін бе? Бергендерін ішіп-жеп, жарқылдап жүре беру парыз емес пе маған?
Жоқ, бұл ойдың бір де бірі менің ақымақ басыма жоламайды. Әлгіндей ұсақ-түйекке кінәмшіл болуым сыздауықша ісініп, асқына береді. Анда-санда Қостөбеге келгенде, нағашым үйін жамандап сөйлейтін әдет таптым: «Мені өз балаларымен тең көрмейді, алалап қарайды», т.т. «Жаман иттің басын алтын табаққа салсаң, шоршып түседі» секілді менің бұным нағыз есірік екен.
Сарыбастаудағы күнім ұмыт болды. Есімді жинап алдым да, енді дандайси бастадым. «Өз балаларыңмен бірдей, тіпті олардан гөрі де тәуір жағдай жасамасаңдар, кетем» дегендей қыр көрсететін болдым.
Қайда кетпекпін?
Сүмбеде, «Үлгілі» колхозында менің аталас әпкем Тынымжан тұрады. Күйеуі Әлғожа колхоз председателі. Тынымжан осыдан екі-үш жыл бұрын түскен үлбіреген жас келіншек. Әрі сұлу, әрі мырза. Одан он-он бес жастай ересек күйеуі Тынымжанды әлпештеп ұстайды.
Тынымжанның мырзалығы сонша, тамақты құс төсектен түспей отырып ішеді, отын-суға араласуды білмейді. Шешесі Әлипа қолында, тамақты сол жасайды.
Тынымжанды бауыр тартып, мен бұл үйге келіп тұрам. Дастарқаны мол, дәмді ішіп, дәмді жейді. Тынымжан әрі мейірбан, әрі ақкөңіл адам. Келген сайын құшағын жайып қарсы алады, мейлінше тойғызып жібереді. Басқа сыйдың маған керегі жоқ.
Нағашым үйінен кетсем, осы Тынымжан үйінде жүрсем деп арман етем.
Бірақ жайдан жай кете салу ыңғайсыз, сылтау керек. Шіркін, бір сылтау табылса!
Қыс.
Сүмбенің солтүстік-батыс жағы биік қырқа, шаңғымен сырғанақ тебуге қолайлы. Базарда шаңғы табылмайды, дүкенде сатылмайды. Кәдімгі қазақ үйдің уығын екі-екіден қабаттап шегелеп, қолдан шаңғы жасап аламыз.
Атамның көне заттар музейінде бір бума уық жатқанын оқушы біледі. Рамазан екеуіміз содан ептеп жымқырмақшы болдық. Екі уықты суырып алып, енді үшіншісін тартқылап жатқан кезде атам кіріп келіп қалсын.
Рамазан бұрын көрген екен, періп ұрып жөнелді. Құтылып кетті. Мен сасқалақтап, қаша алмай, қолға түсіп қалдым. Қылмыс үстінде ұсталған соң, аяу болсын ба? Атам зірк-зірк етіп, құлағымды шытырлатып соза бастады. Пәле алдымен менен шығатынын ол біледі.
Құлағым мүлдем жұлынған адамша қоймадан еңіреп шықтым. Енді бітті, бұндай нағашыдан бездім. Бұл қорлыққа шыдағанша, қаңғып жөнелгенім артық дедім де, үйге кіріп, кітап-қағаздарымды жинай бастадым. Нағашым үйінен кетудің сылтауы әдемі табылғанға ішімнен қуанышты едім.
«Үлгілі» колхозы сол көшенің бойында, төмен жақта. Аяғым қаздаң-қаздаң етіп, Тынымжан үйіне келе жатырмын.
Осылайша менің Тынымжан үйіндегі өмірім басталды. Тынымжанның шешесі Әлипа пысық ақсұр кемпір. Қарсыдағы ас үйде бөлек жатып, бөлек тұрады. Бұрын анда-санда келгенде, ол мені жаман қарсы алмайтын.
Пәлендей мен үріккендей қытымыр мінез көрсетпейтін. Сөйтсем, оның бәрі белгілі бір шекке дейін ғана екен.
Едірейген сары мұрты бар Әлғожа әрі табыскер, әрі сері жігіт. Үйінен қонақ үзілмейді. Күнара мал сойылып, тегеш-тегеш бауырсақ қуырылып жатады. Соншама көл-көсір мол дастарқаннан Әлипаның аңдыған-баққаны енді менің ішіп-жегенім бола бастады.
Мен таңертең оқимын, сондықтан ерте тұрам. Әлипа менен де ерте тұрады. Ақ шайнекпен бір шайнек шай ысытады. Кешеден қалған, дастарқандағы көп тураулы нанның тілдей екі жапырағын бөлектеп алдыма қояды. Тақ-тұқ болып, тойыңқырамай қалам. Тағы сұрауға ұялам.
Түсте үйге ішімде ит қыңсылап әрең жетем. Жалпы дастарқанның үстіне түссем, онда еркімше ішіп-жеймін. Әйтпесе, Әлипа маған тағы да тамақты бөлектеп беріп, жарытпай қатырады.
Кеште бұл үй қонақсыз болмайды, әсте, ет асылады. Ауыл белсенділері жиналып, арақ ішіп, қарта ойнайды. Дүкенде спирт көп, су қосып, спирт ішеді. Жарты стақанды қылқылдатып бір-ақ жұтады да, көздерін тарс жұмып, мұрындарын нанмен бітеп, тым-тырыс отырып қалады. Қиналғаны ма, жоқ әлде рақат тапқаны ма, маған түсініксіз. Босаған бөтелкелер төсектің астында мастарша қылжиып-қылжиып жатады.
Кешкі астың үстінде Әлипаға мені бөлек тамақтандырудың реті келмейді. Дастарқанға жалпы жұртпен қатар отырам. Менің дәл қасымда тақалып Әлипа отырады. Көзінің қиығымен оның аңдыған-баққаны енді мен болам. Қолым табаққа қарай қозғалғанда, Әлипаның көзі қуалап бірге қозғалады. Тоқ жүріп жатқан жалаңаш сымды ұстайтын адамша саусағымның ұшы дір-дір етіп, мен етті әзер іліп аламын. Аузыма асықпай салып, тоқмейілсіп, өте бір сабырмен шайнап жеймін. Әлғожа мен Тынымжанға бұл ұнамайды. «Әй, жөндеп ал! Жігіт адамша асап-асап же!» — дейді Әлғожа. «Сен өзге жұртқа қарама, жеп-жеп тойып ал», — дейді Тынымжан әпкем.
Осы сөздер қамшы болады да, менің қолым табаққа батыңқырап кетеді. Бұл енді Әлипаға ұнамайды, сүйекті қатқыл шынтағымен ол өзге жұртқа сездірмей бүйіріме түртіп келіп қалады. «Сұғанақ болма, байқа» дегені.
Табақтағы ет азая бастағанда, Әлипа қонақтарға «алыңдар, жеңдер» деген болып, менің алдымдағы етті ар қарай сырып-сырып тастайды. Менің алдым тақырайып бос қалады. Бұл — оның «сен енді тойдың, доғар» деген сөзі.
О, Әлипада айла көп! Тамақтан шет қатудың ол неше алуан тәсілін ойлап табады. Ет туралып болып, жұрт жаппай сұғынған кезде, ол кенет: «Қораның аузы жабылмады ғой деймін. Бөтен сиыр кіріп кетіп жүрмесін,барып, жауып келші», — дейді маған. Мен тұра кеп жүгірем. «Жабық екен» деп, қайта қайтып келем. Еттен енді ала бастағанымда, Әлипа тағы жұмсайды: «Самауырдың отын қарап келші, өшіп қалмап па? Сөне бастаса, үстемелеп жаңқа салып қой».
Мен өртке жүгіргендей замғаймын. Әлгінің бәрін бірер минутта тындырып, қайтып келем. Тез оралуым Әлипаға ұнамайды: «Не көрінді соншама, жау қуды ма», — деп алара қарайды. Тамақ желініп болмастан: «Ана үйден сорпа ішетін екі-үш кесе алып келші», — деп және жұмсайды.
Мен оралғанша тамақ жиналып қалуы мүмкін. Осыны ойлап, қалайда есем кетпесін деп, етке шеңгелімді мықтап бір батырамын. Көрші үйге жеткенше асап жеп барам.
Тынымжан әпкем шешесіне тартпаған алтын адам ғой! Мені әлсін-әлсін безектетіп жұмсай бергенге ол шыдамай кетуші еді.
— Немене, балаға тамақ жегізбейтін болдың ғой! Барма! Тамағыңды жеп ап, бір-ақ бар! — дейді.
Кәрі сүйек Әлипа кейде ауырып қалады. Сонда да пісі-күйік тамақтың кілтін қолынан шығармайды. Ыңқылдап жүріп, дастарқанды өзі жаяды, өзі жинайды.
Дегенмен, қытымыр кемпірге мен дағы есемді жібермеуші едім.
Күндіз сабаққа ас үйде отырып дайындалам. Әлипа бір кіріп, бір шығып, шаруа істеп жүреді. Кейде оны-мұны жұмыспен көршіге — Әлғожаның ағасы Қожаның үйіне кетеді. Тез оралмай, шай ішіп, бөгеліңкіреп қалады.
Мен бұл кезде сабақты қоя салып, жан бағыстың біраз әрекетіне кірісем. Ықтияттап буып қойған дастарқанды тез шешіп, тураулы нанның бірнеше жапырағын қалтама жымқырып алам. Сосын ойнаған болып далаға шығып кетіп, жеп келем.
Кейде дастарқанда тураулы нан болмайды. Тапа нандар кебежеде. Кебеженің аузы құлыптаулы. Түп жағынан ашылатын кішкентай ақ құлып.
Менің құлып ашу үшін жасап алған бірнеше істік сымдарым, шегелерім болады. Мынау ақ құлып бұйым ба? Бұның көкесіндей құлыптарды ашып та, жауып та, білгенімді істей алам.
О! Бар байлық кебежеде! Тапа-тапа нан, құрт, май, қант... Менің көзім тұнып кеткендей болады. Құрттың екі-үшеуі, бірнеше шақпақ қант лезде қалтамның түбінде жатады. Taпa нанның бүтініне тимеймін, тисем, пәле емес пе? Қай нанның қашан үзілгені Әлипаның көңілінде жаттаулы. Үзік нан болса, содан тана өте еппен, Әлипа сезбейтіндей етіп үзіп алам.
Ақ құлып басып қалсаң, шырт етіп өзі жабылады.
Осының бәрін мен бас-аяғы бірнеше минутта істеп үлгеремін. Қолдарым кебеженің ішін «реттеп» жатқанда, екі көзім терезеден сыртты бақылауда болады. Әлипаның қарасы көрінгенде, аласа столға жабысып, сабақпен басым қатқан боп, тұнжырап отыра қалам.
Әлғожа үйі сауынсыз болмайды. Бір сиыр және бірнеше қой, ешкі сауылады. Сүт мол, бірақ Әлипа татырмайды. Айран ұйтады да, дорбаға құйып, қатық сүзеді.
Қазанда бетіндегі қаймағы сап-сары болып, кісіні еріксіз қызықтырып піскен сүт тұрады. Мен ары өтіп, бері өткенде, көз қиығымен қарап өтем. Қалыңдығы бір елі бал қаймақтан асағым, сүт ішкім келеді. Бермесе, қалай асап, қалай ішесің?
Менің басым конструктордың басы деп бекер айтпаймын ғой. Қаймаққа тиісе алмасам да, сүт ішудің әдісін таптым.
Аулада не көп — сабан көп. Ұзындығы сүйемдей сабан тауып алам. Бір жақ үшін пышақпен жонып, үшкірлеймін. Болды, бітті, қазандағы сүттің қаймағының бір шетінен әлгіні суытып жібер де, сора бер. Кәдімгі осы кезде ресторанда коктейль ішкен тәрізді. Сорған сайын тәп-тәтті салқын сүт таңдайыңа фонтан болып тиеді. Сабанды қайта суырып алғанда, орны білінбей, жабылып қалады. Әлипа ештеңе де сезбейді.
Әрине, мұнда да нысап керек. Сүттің дәмділігіне қызығып жұта берсең, қазан ортайып қалады. Қаймақ бұзылмағанмен, шөгіп, төмен түсіп кетеді де, Әлипа сезік алады. «Япыр-ау, мына сүтке не болды? Қаймағы бүтін тұрып, бұл неге ортаяды» демей ме?
Тіршілік үшін, бір қарынның қамы үшін мен Әлипамен осылай арбасамын.