ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ КЕЗДЕСУ
— Алматыдан оқудан ағаң кепті. Саған бастан-аяқ жаңа киімдер әкепті! — деген мен үшін дүниеде теңдесі жоқ, қуанышты хабар жетті. Өзімді қоярға жер таппадым, Қостөбе, қайдасың деп, жаяу тартып жөнелдім.
Қол көтерсең, бірі болмаса, бірі тоқтай қалатын қазіргідей машинаның ағылып жатқан кезі емес. Арбаның өзі сирек. Даланың төсін шұбалып тіліп өткен шаңдауыт қара жолға түсіп ап, жалаң аяқ тартып келем.
Бастан-аяқ жаңа киімдер... Не киімдер екенін тез барып көргенше ынтықпын. Үстімдегі мынау жаман салабалардан құтылатын, маған да жаңа киімдер киетін заман болады екен-ay.
Мектепке бармаған кезім. Шешем қызыл ала шыттан қолмен көктеп, жейде тігіп берген. Соны киіп, қуанып, көршілерден байғазы сұрап жүрмін. Жанбосын кездесе кетті. Менің мақтаныш еткен жейдемді нұсқап:
— Қызтеке, қызтеке! — деп келеке ете бастады.
Мен әуелі түсінбедім. Сөйтсем, «қызылды тек қыздар киеді, сен енді қызсың» деген сөзі екен.
Мақтанудың орнына, сосын, қорланатын болдым.
Ескі былғары етіктің қонышын бастатып, аяғыма шап-шақ етік тіккізіп берген. Әлгіні киіп, құр ат мінгендей жетісіп қуанған едім. Жас кезімнен осы екі уақиға менің есімде қалыпты.
Бұдан басқа жаңа киім киіп қуанғанымды біле қоймаймын.
Сөйтіп, Қостөбеге жаяу келе жатырмын.
Бұл, сірә, октябрьдің іші болуға керек. Аспан сол күні құбылыңқы. Жентек-жентек түсі суық бұлттар шығысқа қарай ауыр сырғып көшуде. Бұлт қарасы біртін-біртін қалыңдай түсетін тәрізді. Менің бет алдымнан ызбар жел соғады, омырауымнан кірген жел қойын-қолтығымды аралап, денемді тітіретіп өтеді.
Қарасұр бұлттар әрі түнеріп, әрі төмендеп келеді. Әне, тысырлап тамшы тама бастады.
Мен бұл кезде Сүмбе мен Ұштың дәл екі арасында, қара моланың желкесінде келе жатырмын. Айдала. Жолдың асты-үсті құлазыған аңыз. Жаңбырдың тысырлауы жиілей бастады. Құлағымды, маңдайымды тамшылар сап-салқын болып шертіп-шертіп өтті. Бір тамшы тәмпіш мұрнымның ұшына тиді.
Жаңбыр лезде нөсерге айнала бастады. Үдеп, көп жауатын түрі бар. Не істерімді білмеймін, жақын маңда жүгіріп барып бас сауғалар пана жоқ.
Не болса да көндім.
Нөсер де ештеңе емес екен. Тамшы орнына аспаннан бармақтай-бармақтай бұршақ түсе бастады. Нағыз масқара енді болды. Түйе құмалағындай көк соқта шымыр бұршақтар жерді түтіп, тесіп жібере жаздайды. Баскиімсіз шекеге дөңк ете қалуы таспен ұрғаннан бір кем емес. Пешпентімнің жағасын екі қолдап созып, құлақтарымды бүркеймін. Тақырайған төбем сонда да ашық, бұршақ екіленіп төбеме, қолымның сыртына келіп соғылады. Қолы қатты біреу аямай шертіп жібергендей тыз еткізеді.
Бұл да ештеңе емес екен. Келесі бірнеше минуттың ішінде жер беті бұршақтан әппақ ақ қарға айналды. Жалаң аяқпын ғой! Енді қалай жүрем? Қар-бұршақтың суықтығы мұздай, табанымды қарып, өлтіріп барады, ызғары шекемнен шығады.
Ақ көрпесін жерге төсеп тастады да, бұршақ басыла қалды. Селдіреген сұйық бұлттың арасынан жарқыраған күн көрінді. Одан маған не пайда? Жол шетіндегі биік бір шидің ық жақ тасасында алақандай қара жерде бүрісіп, жан сауғалап тұрмын. Дүниені сел алғанда бір түйір томарға шығып аман қалған қоян тәріздімін. Енді мына жолмен кім өтер екен? Мені мына ауыр халден кім құтқарар екен?
Егер ешкім кезікпесе, қашан бұршақ еріп, жол қарайғанша өстіп тұра бергеннен өзге лаж жоқ.
Бірақ кездеспеуі мүмкін емес. Бұл аймақтағы үлкен жол тек осы. Халық үзбей қатынап жатады.
Ура! Мен неткен бақытты едім! Құдай мені өлтірмейін деген екен. Сүмбе жақтан бір аттық арба зырлатып келеді. Ұшқа тоқтамай, Қостөбеге бірден баратын арба болса игі еді.
Арба жақындап қалды.
Ұшқа барса да маған бәрібір. Ұшта Зәуре жеңешем мен Қағаз аға бар. Сол арада шай ішіп жылынып, жолдың қараюын тосам.
Арбаға биік қара ат жегілген. Жалғыз адам. Жолдың ауырлығын елеместен, екпіндеп қатты келе жатыр. Яғни жүгі жеңіл. Мен арбаның алдын торып, жолға қарай жүгірдім. Кім де болса, менің мына хәлімді көріп, отырғызып алатынына сенімім кәміл.
Рессорлы жеңіл арбаның үстінде маған қодия қарап отырған жасөспірім, сөйтсем, Жанбосын! Менің ескі жауым әрі жерлесім. Астында арбаның он бойына қарай ұзынынан сұлатып салып қойған бір қап ұны бар. Сүмбеге диірменге барып келе жатқанын бірден білдім.
Жанбосын мені танып, тоқтар емес. Атына одан бетер қамшы басып, зырлатып өте шықпақ. Мен ақ бұршақты жалаң аяғыммен шалп-шалп кешіп, арбадан қалмай, жалынып жүгіріп келем:
— Ағатай, Қостөбеге дейін ала кетші!
— Ат тарта алмайды, алмаймын.
— Ағатай, қарашы, аяғым үсіп кететін болды!
— Үсісе қайтуші ем? Жалаң аяқ неге шығасың!
— Ағатай, сөйтші!
Мен енді Жанбосыннан рұқсат күтпей-ақ, арбаға арт жағынан жабыса бастадым. Жанбосын өңін суытып:
— Түс! Түс! — дейді.
Мен тыңдамадым. Мені біраз бүрсеңдетіп жүгірткісі келген ойыны шығар деп ойладым. Арбаның кіндік ағашына мініп те алған едім.
— Түс деймін! Ұрам! Түсесің бе, жоқ па?
Мен әлі де болса Жанбосынның домбытуы шығар деп, түспедім.
Сөйтсем, әлгі ит нағыз жансыздың өзі екен. Шұбалған арба қамшымен тартып келіп жіберсін. Жұқа киімнің сыртынан шың етіп осып түсті. Жаныма батып кетті.
Бұл аз дегендей, тағы ұрғалы келеді.
Амалым жоқ, арбадан секіріп түсіп қалуға мәжбүр болдым. Жанбосын енді қарқылдап күліп кетіп барады.
Тілім жеткенінше сыбап боқтап жатырмын.
Анадай ұзаған соң, Жанбосын атының басын тежеп, тоқтайын деді. Маған қарап дауыстады:
— Кел, отыр!
Бәсе, ала кетпей, не көрініпті. Қап, боқтауым асығыстау болған екен!
Арбаға қарай жүгіріп келем.
Жақындап қалдым.
Жанбосынның бұл мазақтауы екен. Кенет, мен жеткенше, атына қамшы басып, қуа жөнелді. Мен ақ бұршақтың үстінде ақымақ болып бүрсеңдеп қала бердім.
Тағы да бір шидің қарайған түбін басып тұрмын. Табаным мен саусақтарым бұршаққа тоңып, қып-қызыл болып кеткен. Тызылдап ашып, жанымды көзіме көрсетеді. Шіркін-ай, тым құрыса, баскиімім болар ма еді. Ойланып-толғанбастан, аяқтарымды соған орап жылытар едім.
Кенет, Сүмбе жақтағы ойдан бір салт атты шыға келді. Бөрік, шекпен киген егде адам. Астындағы бие болса керек, сипап қана қамшыланып, бүлкек желіспен келеді. Нағашымдардың Үсейін дейтін жамағайыны болушы еді, сол екен.
Үсейін мені мүсіркеп кетті, артына міңгестіріп алды. Тоңған аяқтарымды шекпенінің ұзын етектеріне орап, биенің майда желісімен лезде Ұшқа алып келді.
Үш құп-құрғақ,бұл араға бұршақ та, жауын да тамбаған.