19.08.2021
  306


Автор: Бердібек Соқпақбаев

РАМАЗАН ЖӘНЕ МЕН

Сарыбастауда бөтен біреудің үйінде жүргендей емес, нағашым үйіне келгелі көңілім өсіп, қоңайып қалдым. Сабақты да жақсы оқып жүрмін. Шынымды айтсам, Қостөбеге тіпті барғым келмейді. Не қызық көрем деп бармақшымын?


Рамазан екеуіміз егіз қозы тәріздіміз. Күндіз де, түнде де жұбымыз жазылмайды. Мектепке бірге барамыз. Бірге ойнаймыз. Бірге ұйықтаймыз. Екеуіміздің тату болуымыз да, араз болуымыз да оп-оңай. Болмашы нәрседен бала қораздарша кідің-кідің етіп, шекісе қаламыз. Арада жарты сағат өтпей, тағы да ауыз жаласамыз.


Рамазанға қарағанда мен қушыкеш пысықпын. Оны оп-оңай алдап кетем. Рамазанның жібі бос, аңқау. Алданғанын артынан бір-ақ біліп, дүрсе қоя береді. Қара күшінің менен гөрі артықтығына сенеді.


Денем кіші болғанмен, шақырамын, беріспеймін. Рамазандай емес, әдіс-айлаға шебермін. Үйдің дәл қасындағы көгал алаңда жатып кеп күресеміз. Бірде ол жытады, бірде әдісімді асырып, мен жығам.


Әр алуан өнер жарыстырамыз: жүгіру, тас лақтыру, биіктен, ұзындықтан секіру, т.т. Мұнда көбінесе мен озатын едім.


Тек озып қана қоймаймын. Пәлекештігім ұстап, Рамазанды неше саққа жүгіртіп мазақ етем. Қыршаңқы тіліммен ызасын келтіріп, шатып алам. «Кемиек» деймін.


Рамазанның кемиек екені рас, ол бұл сөзге қатты намыстанады. Есе қайырмақ боп, оның мені қорлап айтатын сөзі «мыртық». «Мыртық» десе, мен намыстанам. Рамазандай ұзын бойлы боп тумағаныма кәдімгідей қорланып қалам. Кейде күніне бірнеше рет қызыл шеке болып төбелесіп те аламыз.


Төбелестің шығу себебі тіптен оңай: айталық, мен күрескен кезде Рамазанды алып ұрдым. Жығып, жайыма кете бермеймін. Қияңқылық істеп, «күшің маған» деп, басынан аттап өтем. Балалардың ұғымында бұл жаман ырым. Рамазанның бар күші енді маған бітеді де, ол күшсіз қалады.


Рамазан ыза болады:


— Қайтар күшімді! Мен жаңа сенің басыңнан аттаған жоқпын ғой? — дейді.


Мен қайтармаймын.


Қайтарсам, өз еркіммен еңкейіп, Рамазанға басымнан аттатуым керек. Оған мен өлмей көнермін бе!


— Қайтар, иттің баласы!


Рамазаннан нендей пәле келсе де тосып алуға бармын. Ал бірақ оның күшін қайтармаймын.


Осыдан соң екеуіміз жат та кеп төбелесеміз. Әкең, шешең, жеті атаң деген сөздерге тежеу жоқ кетіп жатады.


Жаға, жең пәре-пәре болады. Кектескен қораздардай өлімтіктеніп, бірімізге біріміз беріспейміз.


Екеуіміздің төбелесіп жатқанымызды бір кезде Қасымқан көреді:


— Өй, иттің балалары, сендерге не жетпей жатыр!


Қасымқан жүгіріп кеп, балғадай ауыр жұдырықтарымен көк желкеден аямай түйіп-түйіп жібереді. Оның жұдырығы тиген жер талайға дейін зырқырап ауырып жүреді.


Үлкейгенде қызыл әскер болу Рамазан екеуіміздің көкейтесті арманымыз. Тек осы үшін тезірек өссек, тезірек мектеп бітірсек деп арман етеміз.


Рамазан мені қорлап:


— Сені әскерге алмайды. Кішкентайсың, — дейді.


— Мені емес, сені алмайды. Өйткені сенің қолыңнан түк те келмейді. Сені әскерге алса, ең мықтағанда, повар боласың. Ал мен командир болам, — деймін.


— Болмай қал, мыртық неме!


Командирлік орынға таласып, Рамазан екеуіміз тағы да төбелесеміз.


Қазақтың құмар асының бірі — қымыз.


Қаракер бие құлындаған. Өзі тәрізді әдемі қаракер құлын тапқан. Жер отыққан кезде атам, жылдағы әдетімен, жалғыз биені сауып, қымыз жасайтын болды.


Ол кезде, сірә, мал аздықтан болар, ауыл маңы қазіргідей шаңы бұрқырап, тақырайып жатпайды. Қорық-қорықтың түбі, арық-арықтың жағасы көгал шөп болады. Қаракер биені атам үйден онша ұзатпай, шідерлеп қоя береді. Құлынның алдына жас көк салып, қорада ұстайды.


Жалғыз бие ертеден кешке дейін алты-жеті рет сауылады. Әр екі, үш сағатта атам оның бауырына сүліктей жабысып алып отырғаны... Ағаш күбімен орта күбідей сүт алады. Отан сиыр сүтін қосады. Сонымен күбі аз толмаған қымыз болып шығады.


Кеште, жатар кезде бізге, балаларға, атам күбідегі саумалды әрқайсымызға пәлен жүзден санатып піскізеді. Бетіне қап-қара май түсіп, күбі сырты ып-ыстық болғанша пісілген саумалды өзінің ауыр тонымен балаша құндақтап орап тастайды.


Таңертең атам бәрімізден бұрын түрегеледі. Бет-қолын шаяды да, шампанша божылдап дайын тұрған қымыздан бір тостағанды өңешіне тастап алады. Рақаттанып кекіреді..


Жалғыз биенің қымызынан дәметіп, қыдырып келетін жұрт бірсыпыра. Олардың көпшілігі атамның достары — шалдар. Қыдырмашылар келмес бұрын, атам күбідегі қымызды ыдыс-ыдысқа бөлектеп құйып, жайғап үлгереді. Шалдар да құр ауыз қайта қоймайды.


Қасиетіңнен айналайын Қамбар атаның сүті, шынында да, шипа той. Үлкен бір кесе қымызға ақ талқанды қоймалжың етіп сеуіп, тастап алсаң, бұдан артық тамақтың не керегі бар? Күні бойы екі бетің албырап, балқисың да жүресің. Кекірсең, әдемі иісі мұрныңа келеді. Үнемі қымыз ішіп жүрген адамның бет нұры да, көзіндегі от та бөлек емес пе?


Атамның дүңгірлеген қошқар мүйіз кене торсығы бар. Өзіне деген қымызды соған бөлектеп құйып, жүктің астына тығып ұстайды. Күні бойғы тамағы да, сусыны да, міне, сол. Торсықтағы қымызды біз атама жалғыз ішкізбейміз...


...Рамазан екеуіміз, әдеттегіше, сабақтан қарнымыз ашып келдік. Үйде ешкім жоқ. (Ауыл қазағы ол кезде есік құлыптауды білмеген. Кетем деген жағына есікті ашық тастап кете берген).


Жей қоятын пісі-күйік тамақ іздеп, таба алмадық. Осындай оңашалықты пайдаланып, торсықтағы қымыздан ұрлап ішпекші болдық. Суық қолымызды бұдан бұрын да талай сұққан тәжірибеміз бар.


— Әуелі мен ішейін, сен терезеден қарап, бақылап тұр, — дедім Рамазанға.


— Мақұл.


Жүктің астынан өзім білетін қуыстан торсықты шешіп алдым. Шайқап-шайқап жібердім де, жұта бастадым. Шақтап ішпесе, болмайды, атам біліп қояды.


Енді кезек Рамазандікі. Мен қарауылда тұрмын.


Рамазан қорқақ. Торсықты қолына алысымен көздері алақтап, берекесі қашып кетті. Әне, енді ішейін деп жатыр.


Қуақылығым ұстап, басыма қияңқы бір ой келе қалар ма! Рамазан қымыздан қылқылдатып жұта бастаған кезде, қайтер екен ден, қарбаласып:


— Атам кеп қалды! — дедім.


Сужүрек Рамазанда үрей қалмаса керек. Аузындағы қымызды жұтып үлгерместен, бырш етіп қақалып-шашалды да қалды. Аузынан, екі танауынан кері атылған қымыз омырауын, үстін жауып кетті. Сасқаны сонша, торсықты орнына жөндеп қоя алмай жатыр.


Мен күлкіден өліп қалыппын.


Кенет, қарасам, атам, шынында да, үйге кіріп келе жатыр. Көзім атыздай болып, күлкім бірден тыйылды. Сыртқа періп ұрып жөнелдім.


Рамазан қаша алмай, қалып қойды.


Үйдің сыртында анадай барып қарап тұрмын. Рамазан жоқ әлі. Қылмысымен қолға түскен батырдың хәлі не болып жатқанын мен көрмей де жобалаймын.


Бір кезде Рамазанның сыңсып жылаған дауысы естілді. Әне, өзі де шытып келеді. Екі құлағын қолымен басып ұстап алған. Атам ыза болғанда, құлақтан созатын.


Мен өзім қолға түсіп қалмағаныма тәуба дедім.





Пікір жазу