МЕНІҢ САЛАҚ ЖЕҢГЕМ
Мен біреуіне біреуі ұқсамайтын неше түрлі жеңгелерді бастан кештім.
Шешемнің науқасы күннен күнге асқына берді. Ары қарамаса, бері қарамайтын болды. Басын да жөндеп көтере алмайды. Тамақты тәтем жасайды, ыдыс-аяқты тәтем жуады. Тіпті арпаға дейін Смағұл тәтем қуырады. Қуырылған арпаны мен келі сұрап әкеліп, кеузеймін. Келі түюге әбден-ақ жаттығып алғам. Алақанымды түкіріктеп, құлашымды кең жазып соққанда, келінің түбін түсіре жаздаймын.
Кеузелген дәнді тәтем ұшырады.
Талқанды қол диірменмен тартамыз. Бұл азап жұмыс. Ап-ауыр шомбал тасты айналдыруға менің шамам әрең келеді. Жіңішке білектерім салдырап талып кетеді.
Тартылған талқанды елеп, майдасын бір бөлек, сағын бір бөлек аламыз. Сатылған мен Ыдырыс даяр тамақты жегенді ғана біледі. Біреуі үй тіршілігіне намыс көріп, мырзалықпен жоламаса, екіншісі аюдай ебедейсіз болғандықтан жоламайды.
Үйде әйел қолы болмай, береке болмайтыны қатты білінді. Ол үшін ағаларымның бірі үйленуі керек. Кезек, әрине, жасы үлкен Смағұлдікі.
Қайдан қалай тауып әкелгені есімде жоқ, тәтем бір күні қалбиған бір қара әйел алып келді. Шектен шыққан олақ та, салақ та жан екені көрініп тұр. Шаш дегенің таралмай, дудырап, орамалдың жан-жағынан шығып кеткен, бөренедей аяқ-қолы қап-қара. Беті балшықтан жасағандай быттиған май бет. Үстіндегі киімдері әрі лас, әрі тозып біткен. Қап-қара күс шынтағы көйлектің жыртық жеңінен көрініп жүреді.
Түр-түсі осындай бола тұрып, әйелдің аты тамаша-ақ еді — Бибіжамал. Соңынан ере келген, өзіне аумай тартқан бес-алты жасар қызы бар. Оның да аты осал емес — Айгүлсім.
Бибіжамалдың бір қолы үй тіршілігін істеп жүрсе, екінші қолы шашының арасына, киімінің тігіс-тігісіне кіріп алып, шағып маза таптармайтын арамза ұсақ мақұлықтармен үнемі күресуде болушы еді. Азандағы тамақты сапырып немесе отты сырып жатып, мықынын қасып-қасып алады. Екі шаруа, екі қанағат бірден орындалып жатады...
Қазан-ошақ күйесінің жарым-жарты бөлегі әменде Бибіжамалдың қолына, бетіне жабысып жүреді. Қазанның күйесіне былғап алған қолымен ол құлағын қасиды, содан қарала құлақ болып шыға келеді.
Қолы бос кезде Бибіжамалдың жаны сүйетін бір ісі болушы еді. Ол — үй сыртындағы күнеске астына тулақ төсеп, теңкиіп жатып алып, қызының тізесіне басын қойып, шашының битін қарату. Айгүлсім бұл істің шебері болуы керек. Тырнағы найзадай болып өсіп кеткен, саусақтарымен шаштың арасын бір-бірлеп ашып, қанішер мақұлықтарды быртылдатып аяусыз қыратын.
Ақыл-ой жағынан да жеңгем өзінің түр-түсінен оншалық алыс кете қоймаған.
Бір күні Қостөбеге Өмірбек дейтін бір милиционер келеді. Бибіжамалға кезігіп:
— Жеңге, сіздің ауылда жақсылап пима баса алатын әйел бар ма? — деп сұрайды.
— Бар. Мына мен басамын, — дейді жеңгем.
— «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан кездеседі» деген осы екен ғой. Онда маған бір пима басып берсеңіз, қалай болады? Еңбегіңіз ақталады, — дейді Өмірбек.
— Өзің бір сылқым жігіт көрінесің, қайным. Бассам, басып берейін.
Ертесінде Өмірбек біздікіне орта қап жүн және алдын ала жеңгемнің көңілін аулап біраз шай-шамалақ әкеп тастайды.
Уәделі күн болады. Өмірбек даяр пималарын алуға келеді. Бибіжамал: «Басып бола алмай жатырмын, үш-төрт күннен кейін кел», — деп қайырып жібереді.
Тағы келсе, тағы басып болмаған.
Бұл екі арада, обалы нешік, жеңгем біздің үйді пима басатын заводқа толық айналдырып бітіп еді. Күндіз-түні қазанда бұрқылдап қайнаған су, үйдің іші толы бу. Бірімізді біріміз көре алмаймыз. Осы бір шуаш сасыған соқыр тұманның ішінде жеңгем бірдеңені оқтаумен былш-былш ұрады да жатады. Жақын барып қарасаң, онысы көлемі жаялықтай киіз болып шығады. Енді бір кезде әлгі киіз байпаққа, одан киіз етікке ұқсағандай болады.
Пиманың ұзын саны екеу болмай, көбейіп барады.
Өмірбек үшінші рет келеді.
— Жеңге, дайын болады ма?
— Дайын...
Өмірбек үйге кіреді. Бибіжамал оның алдына біреуіне біреуі ұқсамайтын екі пиманы тастай береді:
— Мә, қайным, киіп көр.
Қайнысының көзі баданадай болады:
— Ойбай-ау, жеңге, мыналарыңыз пима ма, не зат? Екеуі екі басқа ғой?
— Ендеше, мынаны киіп көр. Осылардың ішінен өзіңе ұнағандарын таңдап ал, — дейді де, жеңгем сылқым жігіттің алдына төсектің астынан топырлатып және бірнеше пима алып тастайды. Бірінен бірі үлкен, қиқы-жиқы ұсқынсыз бірдеңелер.
Өмірбек жер қапқанын бір-ақ біледі.
Ұялып, қызаратын Бибіжамал емес, сампылдап айтып отыр:
— Бір кезде пиманы тәуір-ақ басатын секілді едім. Не қара басқанын, қара басып, сенің пималарыңды ұқсата алмай қойдым, қайным. Табыскер жігітсің ғой, және біреуге бастырып аларсың, қапа болма оған. Ал мына пималарымды алам десең, ал. Ұнағанын өзің киерсің, ұнамағанын, әйел, бала-шағаларың бар шығар, солар киер...
— Саған пима басып береді деп сеніп жүрген мен де ақымақ екенмін! — дейді де, Өмірбек жерде үйіліп жатқан пималарды төрге қарай бар пәрменімен шаша бір теуіп, үйден шығып кетеді.
Жеңгем енді бырқылдап ұрсып, Өмірбекті соңынан тілдеп жүр:
— Өй, қараң қалғыр, о несі! Жарты қап жүнім шығын болды деп өле ме! Алмасаң, адырам қап! Өзім киіп алам. Қызым киеді. Соншама еңбектеніп, мен енді бұларды лақтырып тастар деймісің!
Бұзаубас қиқы-жиқы ұсқынсыз пималардың екеуін, шынында да, жеңгем өзі, екеуін қызы киіп алды. Сөйтіп, қыстан аяқтары көпіріп, тоңбай шықты.