19.08.2021
  445


Автор: Бердібек Соқпақбаев

ҮЙГЕ ҚАШУ

Тұлықтастың атына міну мені әбден қажытты. Бір де рет ұйқым қанбай, өлермен болдым. Тоғыз жасар балаға таңқасқадан түнге дейін ат үстінде тепеңдеу оңай боп па?!


Масақ теру бұның қасында пейіш екен.


Бұл азаптан қалай құтылам?


Құтылудың бір ғана жолы бар. Ол — үйге қашу.


Бір күні кешкі тамақтың соңынан мая сабанға кіріп ұйықтаудың орнына, түн жамылып үйге қаштым.


Жауыртоғандағы қырман мен ауыл арасы төрт-бес шақырымдай. Жер жазық, шилеуіт. Қалың шидің арасындағы соқпақ жолмен безіп келем. Ай қараңғы. Біреу қуып келе жатқан жоқ па дегендей артыма қарап-қарап қоям. Менің бойымнан да биік қалың шидің арасы біртүрлі қорқынышты. Ойымда қасқыр. Шыға келіп, бассалатындай бойым тітіркеніп қояды.


Және бір қорқатыным аруақтар. Жын-шайтан. Жолда мола бар. Қазіргідей қараңғыда сол тұстан өтуім азап болып келеді. Сайтан да, әруақтар да мола маңында болатын тәрізді.


Кейбіреулер жын-шайтанды көрдік деп, неше түрлі қорқынышты әңгімелер айтатын. Құлағыма титтей бір бөтен дыбыс шалынса, елеңдеп қараймын. Қалбиған қорқынышты бірдеңелер көргендей болам.


Төбе тұсы ойылған үлкен жарық күмбез анадайдан көрінді. Ойылған жері түннен де бетер қап-қара. Қап, әлгінде құр қол шыққанымды қарашы. Қараңғыда жердей сипалап тас іздеймін. Тас табылмайды.


Моланың қасынан өтіп бара жатқанда жаным тырнағымның ұшында. Біреу әйт десе, жүрегім жарылып, сеспей қатар едім. Уһ, өттім-ау, әйтеуір. Енді моладан әруақтар шығып қуатындай безіп келем.


Алдан ауыл қарасы көрінді. Жүрегім орнына жаңа түскендей болды. Елдің көбі жатып қалған. Біздің үйдің терезелері де қараңғы. Тықылдатып есік қақтым.


— Бұ кім?


— Мен, апа.


— Беркенбісің? — деді де, шешем есікті ашып жіберді. Жеті қараңғы түнде сонша жерден жан ұшырып жалғыз келгенімді білгенде: «Жаным, қалай қорықпадың» деп елжіреп, бауырына басты. Мен қашып келгенімді айттым. Кер биенің алып қашып өлтіре жаздағанын естігенде, шешемде ес қалмады.


Ана бауыры балаға жау алмас қорған тәрізді. Мен, міне, сол қорғанға аман-есен жетіп, паналадым. Қауіп-қатерден құтылдым. Енді алаңсыз жетісіп ұйықтауыма, тынығуыма болады.


О, жалған дүние! Ана құшағындай ыстық та мейірбан не бар сенің жүзінде?! Осы құшақ тұрғанда, мен басқа ештеңені де арман етпеймін. Ешбір бақыт-байлыққа, салтанатқа мен бұл құшақты айырбастамақшы емеспін. Алтын анам, аяулым, тек сен аман болсаң, болды маған. Үлкейіп, адам болған кезде мен сенің осы жақсылықтарыңды қалайда ақтауға тырысамын. Ең жаңа киімдер алып берем, ең дәмді, ең тәтті тамақ ішкізем. Кәмпитті жәшігімен сатып ап, қанша жесең же деп, қасыңа қойып қоям.


Алтын анам, менің сенен аяйтын ештеңем де болмайды.


Ып-ыстық шоқпыт көрпенің астында, шешемнің көрпеден де ыстық мейірбан төсіне, салбыраған құр тері арық мамаларына тұмсығымды көміп, рақаттана маужырап ұйқыға кеттім.


Тәтті ұйқыдан селк етіп шошып ояндым. Со бір тажалдай жексұрын зәрлі дауыс. Жылқыбайдың дауысы. Қырман шетінде сабанда жатыр екенмін деп, көзімді ашып алсам, жоқ, үйде, анамның төсегінде жатырмын. Шешем қасымда жоқ, тұрып кеткен. Үйдің іші жап-жарық. Терезеден жарқырап күн нұры құйылады. Сыртта есік алдында ат үстінен айқайлап, зірк-зірк еткен Жылқыбай:


— Әй, Әсбет. Әлгі жетпегір балаң қайда, үйде ме?


Ауыз үйден оған шешем үн қатады:


— Жетпегір боп, ол саған не істеді? Төбеңе құй қазды ма?


— Айтпай, неге қашып кетеді? Бір тұлықты тоқтаттың деп, ана Сарманов бәрімізді қыратын болды.


— Менің баламнан басқа бала құрып қалып па? Балам енді бармайды. Асау биеге мінгізіп, еңкей қаныпезер, баламды өлтіріп қоя жаздапсыңдар. Жетеді сол да!


— Маған айтпа ол сөзіңді! Мықты болсаң, ана өкілге айт!


Жылқыбайдың аттан тақыр жерге секіріп түскен дыбысы естілді. Әне, ол үйге кіріп келе жатыр. Менде ес қалмады.


Жылқыбай төр үйге кіріп келді. Төсекте қорыққаннан көзім бақырайып жатқан мені көрді.


— Жүгермектің жатуын! Тұр, киін!


Балапанын қорыған тауықша шешем Жылқыбайдың алдын тосқауылдай ұмтылып еді. Ол оны қолымен тұрпайы сермеп, қағып жіберді. Менің үстімдегі көрпені сыпырып алды. Мен бар дауысыммен бақырып, пана іздеп, шешеме ұмтылдым. Әкем де, ағаларым да жұмысқа ерте тұрып кетіп қалған. Олар үйде жоқ еді.


Жылқыбай мені шешеме жібермеді. Өңгерген лақша бақыртып, төсектен көтеріп алды. Аурушаң шешемді қаға-соға, сол күйде сыртқа алып шығып барады. Мен одан бетер бақырып, тыпырлап, Жылқыбайды басқа-көзге ұрғылап келем.


Үйге кірерде Жылқыбай кер биені есіктің тұтқасына байлай сап кірген екен. Менің ойбайымнан шайпау бие қорс етіп, үркіп жөнелді. Онсыз да әрең жан сақтап тұрған жаман есікті маңдайша, таяныштарымен қоса қопарып алып кетті. Жан-жағына қалаған кесектері сау етіп төгіліп, үйдің бүкіл бір қапталы үңірейіп, қирап қалды.


Шешем зарлап жатыр:


— О, үйің күйсін, Жылқыбай! Шаңырағың қирап, ортаңа түссін! Жұртым-ай, тал түсте мекенімді талқандап, бұл не деген сұмдық! Көгерме, көктеме, қанішер неме!


Шешемнің зарлы дауысы ауылдың бас-аяғына түгел естіліп тұрды. Ешкім оған жәрдемге келмеді...





Пікір жазу