17.08.2021
  320


Автор: Қазақ халық ауыз әдебиеті

Арқалық батыр

(Ержан Ахметов нұсқасы)
Ержан Ахметов 1879 жылы туылған. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына қарасты Шілікті совхозында болған. Дүниеден қашан өткені туралы деректі таба алмадық. Ержанның “Мырзаш батыр” деген поэмасы бар және “Қыз жібек”, “Бахтияр”қатарлы лиро-эпостық жырларды жатқа білген. Ержан Ахметов бұл жырды ХІХ ғасырдың соңында Көтбай ақыннан үйренген.


Ел еді егіз жатқан керей, найман,
Шығады сөз болмаса мизан* қайдан.
Қазақтың хан билеген заманында
Жау бопты қазақ, қалмақ барымта алған.

Батырға болып қайран кек қайтарған,
Еселеп жылқы апты ұраңқайдан.
“Төбесіз жер, төресіз ел болмайды”– деп,
Төре сұрап алыпты Абылайдан.

Керейге төре болып Ажы төре,
Қазақты құл қып езген бұл бір төбе.
Еш адам оған батып сөз айтпады,
Маңайын қан қақсатып бүлдірсе де.

Арқалық батыр шыққан қарақастан,
Батырға елі де үлкен үміт артқан.
Әкесі кедейліктен кейіс көріп,
Әке үшін тақсіретін бала тартқан.

Жаушылап қазақ, қалмақ мал қуысып,
Бітім жоқ шабыс бопты қан жуысып.
Сол кезде он сегізде ер Арқалық
Жауымен сан айқасқан бел буысып.

Жолдасы Арқалықтың Жұбай деген,
Бір-бірін жан емес “сен бұлай”, – деген.
Руы ботақара деп айтады,
Арқалық түйдей құрдас Жұбайменен.

Шатай, Тұяқ, Ситанды жолдасқа алып
Бесеуі жылқы әкелген жауға барып.
Көкшұбар жылқы ішінде сұлу жорға
Ат екен көрген адам таң қаларлық.

Жау болған Ажы төре ұраңқайға
Түсіпті барымтадан оған пайда.
Керейлік Бейсенбі би бесеуінен
Сауға деп Көкшұбарды алды жолда.

Төреге жеткен екен осы хабар,
Шақыртып Арқалыққа төкті қаһар.
“Жорғаны неге бердің сауғаға”, – деп,
Дүренің астына алды сұрап сауал.

Малсызды бай мен төре жарата ма,
Кедейлік ар, ұятқа қарата ма?
“Арқалық, ұрлығыңды қойғайсың!”– деп,
Қорғасын құйды сонда алақанға.

Төренің кім шыдайды зардабына
Басқанда жер қайысқан салмағына.
Төренің зардабына шыдай алмай
Келдім де егін салдым жан қамына.

Шал еді әкем Бөрібай жасы келген,
Шешеміз ерте күнде жасымда өлген.
Қатын мен бес жасар бір баламыз бар,
Туыс жоқ тек сол бала соңыма ерген.

Сармаса ала жаздай егін салдым,
Бір сиыр, бір байтал бар барлық малым.
Тары пісіп, келі түйіп ішкеннен соң
Тоғайып соныменен әл жинадым.

Жатыр ем, түн ішінде біреу келді,
Жүрегім аттай тулап қоя берді.
Атының бет алысы – ақыр заман
“Арқалық, шақырған, шықшы бері”.

Қарбаңдап әлгі жерде түрекелдім.
Жадағай жаман шекпен бойыма ілдім.
Шошынған соң төреден сорлы басым:
“Кеп жүрген түн ішінде кімсің? ”– дедім.

“Арқалық жастан шыққан бағалы ерім,
Бәйметей деген мен бір ағаң едім.
Қарақас, ботақара, төленгіттен
Бұйрықты жетсін” деген ала келдім.

Әкем Бөрібай шал естіп күңіренді,
“Келін-ау, от жарық қыл үйге” деді.
Бәйметей, жарықтығым не деп тұрсың,
Сөзіңді үйге кіріп ұқтыр!”– деді.

Бәйметей істің жайын түгел теріп,
Бөріге мәлімдеді үйге кіріп.
Төреден алпыс жылқы анау күні
Айдап бір әкеткенін дөрбіт келіп.

Жұмсамақ осы жауға Арқалықты,
Батыр деп бұған артпақ бар салықты,
Батырым тез келсін деп күтіп отыр.
Байқаймын, төре осы іске жан салыпты.

“Бәйметей мына сөздің түрі жаман.
Ақырын өзі оңғарсын хақ жасаған.
Болмағай іске душар Арқалығым
Жүрекке қайғы екен бір зақым салған.

Бәймеке, сенің ауылың Қызылқұмда,
Аптықпай, сабырменен сөзім тыңда.
Бір ұлым, үйде өлтірсін, бере алмаймын.
Ойланбай бекер кепсіз, жетіп мұнда!”

“Арқалық жүрек басым құмғандай ғой,
Жақсылық көзді ашып-жұмғандай ғой.
Қарақас, ботақара, төленгітпен,
Шырағым, бір кісіден туғандай ғой.

Бармасаң көпке төре жұмыс салар,
Қарақас, ботақараны жиып алар
Қалайша қуғыншыға бармады деп,
Арқалықты ұстап бер деп әлек салар!”

Бұл сөзін Баймәкеңнің Бөрі тыңдап,
Біресе қобалжыды, бір мақұлдап.
“Бармасаң малын қуып жау дүрбітке,
Қор етер,– деді,– бізді сорға шырғап.

Қарағым, онан да сен барып келсең,
Қайрат қып малына мал алып келсең
Өз мойнымен көтерер жұмсаған соң,
Іс болып жазатайым кісі өлтірсең.

Бәйметей екі таптың басшы адамы,
Оның да елдің қамы ойлағаны.
Өзің үшін туыпсың, жұртың үшін,
Бармаймын деудің, балам, болмас мәні”.

Деген соң барайын деп тілін алдым,
Жадағай жаман шекпен киіп алдым.
Бар еді жемге баққан бір байталым,
Байталға өзі жауыр желқом салдым.

Байталға шұбар шолақ желқом салдым,
Найзамды, бар қаруым қолыма алдым.
Аяққа киіз байпақ, тері шақай
Ілесіп, Бәйметеймен бірге салдым.

Шалшықай, Тұмандыға тура бастап,
Жол тарттым, тағдырлы істен кім бар аспақ.
Түн қатып, күн шыққанда төре келдім,
Кермеге атымызды байлап тастап.

Төреге алдияр деп келіп кірдік,
Иіліп, қол қусырып сәлем бердік.
Бастады айтар сөзін кідірместен
Әпер деп Дүбірліден маған теңдік.

“Арқалық, жастан шыққан сен бір ер деп,
Дүбірлі жауды қырған найзакер,– деп
Қорлығы жау дүрбіттің өтіп кетті,
Шақыртқан себебім сол сені кел деп.

Арқалық, жау дүрбіттің қорлығы өтті,
Жылқы алып таңдай тал түс дүбірлетті.
Жылқыдан отардағы Саршоқыдан
Өзімнен алпыс жылқы алып кетті.

Арқалық, жастан шыққан сен бір ер деп.
Дүбірлі жауды қырған найзакер деп.
Отырмын жау қорлығын саған айтып,
Кегімді Дүбірліден алып кел”,– деп.

Алдияр, ақ сұңқарым келдім саған,
Отырған төре, қара бәрің тамам.
Тірі болсам бұл кегіңді әперейін,
Тауып бер бір жүйрік ат дедім маған.

“Арқалық атың шыққан өнерменен,
Топ жарып сен келіп ең кедергіден.
Бар еді өз басымда бес жүз жылқы
Ішінде ат бар ма еді сен білмеген”.

“Сөйлейді шешен адам тіл мен жағы,
Келсеңдер аман, есен елдің бағы.
Алдына үш жүз аттан жан салмаған,
Көкжалы Сейілханның, менің дағы.

Жігітке жауға мінер ат ыңғайлы,
Қара жер қатты басса бұрқылдайды.
Жылқыдан жайлаудағы алып кел”,– деп,
Жұмсады қаршыға көз Кеңгірбайды.

Жылқыға отардағы Кегім кетті,
Мініп алып, бір жүйрікпен зар еңіретті.
Кідірмей қайта айналып Әжі төреге
Көкжалды бұлықсытып алып жетті.

Көкжалға желіп кетсе жел жетпейді,
Дариға-ай арманды боп кім өтпейді.
Көкжалды таң асырып байлап көрсем,
Тепкілеп қара жерді өрнектейді.

Тұр екен кермесінде қабырғалап,
Қызарып екі көзі отша лаулап.
Секілді жер ошақтай жерді қазып,
Қара тер жаясынан тұр сорғалап.

Боларын енді жолым сонда білдім,
Төреге алдияр деп қайта кірдім.
Атым сай, жолдас керек ептейлі деп,
Қалаулы бұйымтайды айта кірдім.

“Батырым, жолдасыңды ал қасыңа ерген,
Өзіңмен бірге барып, бірге келген.
Бәрін де дайын қылып жүргізейін,
Кім еді жан жолдасың алып жүрген?”

Жолдасым Жұбай еді ақыл серік,
Тар жерде талмаушы еді ақыл беріп.
Қасыма серік етіп соны алайын,
Басқаны қосыңыздар өзің біліп.

Бәйметей ел ағасы ботақара,
Шақырды Бәймекемді сол арада.
“Тез барып Жұбайды әкел деді тауып,
Батырдың жолдасы екен ақылы дана”.

Жұбайға жарлықты алып кетті шауып,
Жарлықтан бұрылмайтын беті қауіп.
Екеуміз он сегізге бір шығып ек,
Қандай ерлік қылсақ та бірге барып.

Әкелді әлгі жерде Жұбай ерді,
Байлаулы бала құстай бұл бір шерлі.
“Жұбай сен Арқалыққа ересің!”– деп,
Әжі төрем сол арада әмір берді.

Жұбай айтты: – “Ақсұңқарым, келдім саған,
Отырған төре-қара бәрің тамам.
Бар десеңіз барайын жолдас болып,
Бір жүйрік ат беріңіз тақсыр маған”.

“Сен де мін Көкшегірді кермеге ілген,
Көкжалдан кейінгі сол келіп жүрген.
Аласың қанша кісі жолдас ертіп, –
Деді – айтқан тілегіңнің бәрін берем? ”

Жұбай айтты: “Жүз кісі бер жау қу десең,
Қопарып, ел шабайық қан жу десең.
Баралық төрт-бес кісі ұры жолмен,
Малға-мал, тақсыр, есе әкел десең”.

Әжі төрем сөйледі: “барып кел деп,
Малыма екі есе мал алып кел деп,
Дүрбіттің күнде шапқан қорлығы өтті.
Күшіңді осы жолы салып кел деп”.

– Ендеше біз баралық, жүргін төрем,
Құдай салса, құл жылап көнер деген.
Шатай, Тұяқ, Ситанді алдырыңыз,
Солар еді жол жүрісті көріп жүрген.

Жұмсады Кеңгірбайды барып кел,– деп
Үшеуін мұнда шапшаң алып кел,– деп.
Үшеуі шақырған соң жетіп келді
Төренің бұйрығына болып көнбек.

Әжі төрем: “Ей жігіттер, тез бар,– дейді,
Жылқыма екі есе ғып жылқы ал,– дейді.
Ат, айғыр, жорға, жүйрік бәрі кетті.
Арқалық, дейді осы жолы, жан сал”,– дейді.

Ертеңінде төрем жұртын алды жиып,
Бес бала жүрмек болды жанды қиып.
Әлгі келген үшеуіне және ат беріп.
Жүргізді ақ сарыбас қой айтып сойып.

Аттанған Төленгіттен біз бес бала,
Жолымды бере көр деп хақ тағала.
Жөнелдік таңдай тал түс біз бесеуіміз.
Алдымда көлденең тау Нәрінқара.

Тауынан Нәрінқара аса жүрдім,
Белінен Күйгенқора баса жүрдім.
Көксенен көктей өтіп Шірікшиге,
Келдім де, кешке жақын ерулендім.

Шай іштік, қазан қойып, дәм асылып,
Білікті өңшең жүйрік таң асырып.
Жұбай айтты: ақымақ ей Арқалық.
Жүрем деп жан таластың неге асығып?

Біз кеттік елден шығып – қалың нудан.
Ат салып біз отырмыз Ертіс судан.
Қуғын-сүргін, кісі өлсе не болам деп,
Бейшара қайырмадың төрең сұмнан.

Арқалық, ақымақсың арындаған,
Аңғал жігіт қақпанға арандалған.
Күтінген жау қолынан мал бере ме?
Осы сөз кетті сенен қайырмаған.

– Ей, Жұбай, неге айтпадың кеше маған,
Қайырып алмас па едім кеше сонан.
Бұл сөзің енді бізге қайғы болды.
Баралық, жүр түн қатып енді соған.

Дедім де Жұбайменен атқа міндім,
Үшеуің жүре бер деп, түнде жүрдім.
Көкжал мен Көкшегір ат жер қабады.
Күн шыға ордасына жетіп келдім.

Кермеге қос жүйрікті іле келдім,
Көңілді әр нәрсеге бөле келдім.
Шай ішіп ханымменен отыр екен,
Төреге алдияр деп сәлем бердім.

– Арқалық, неге келдің асып-сасып,
Қалайша қайырылдың, қайта басып.
Аттың бетін бұрғаның жаман болды,
Қиыншылық болды ма, түнде қашып.

– Ай, тақсыр, бір сөз қапты айтылмаған,
Көңіліме келген сөзім қайтылмаған.
Қуғын-сүргін, кісі өлсе не болады,
Соның жайын бекітіп айтқын маған?

– Арқалық, жастан шыққан сен бір өрен,
Жақсының ақылы мол, ойы терең.
Ап келсең осы жолы бұл кегімді
Берсем де Сейілханды, сені бермен.

Ханым айтты: – Екі батыр, сөзді абайла,
Түп нағашым сендерсің оны да ойла.
Малға мал алсаңыздар ақылменен
Әркімнің бас аманы өзіне олжа.

Әжі төрем сол арада ашуланды,
Қолына сар таяқты жұлып алды.
Қатын дұшпан дейтұғын осы екен,– деп,
Ханымды сар таяқпен салып қалды.

Өзімнің малым деді дүрбіт алған,
Дәлдеп кеп атқан оқтай тиді маған.
Келсең де кісі өлтіріп, өзім көрем,
Жұбай ғой жүрегіңе зақым салған.

Билеген керей елді төрең едім,
Малыма мал әкеп бер, өрен дедім.
Басқа елдің жұмысы емес кесетұғын
Мен өзім не болса да көрем дедім!

Сонан соң қымыз ішіп сусындадық,
Төрем серт сөйледі деп, қутыңдадық.
Не болса да тәуекел көрелік деп
Атқа мініп, жөнелдік біз зырлатып.

Жөнелдім жау қарасын көргендейін,
Қолымнан ұраңқайға бергендейін.
Немене айтып-айтпай, ойбай, тәңір-ай,
Оққа ұшып әкем Бөрібай өлгендейін.

Біз келдік Шатай, Тұяқ, Ситандарға,
Тұр екен олар күтіп қарауылда.
Үшеуі бірден ұғып сөз мәнісін,
“Тәуекел кеттік”,– деді сол арада.

Мойнынан Күйгенқора баса жүрдік,
Белінен Нәрінқара аса жүрдік.
Бет алып Ертісті өрлеп Қыранға кеп,
Сол жерде түнде жатып ерулендік.

Бурылтоғай, Қилудан көктей өтіп,
Түн салқын, күзгі уақыт, қатты жортып.
Барғанша ұраңқайға асық болып,
Бойына қара Ертістің келдік жетіп.

Жұбай айтты: – Арқалық, сен бір ер деп,
Дүбірлі жау алатын айлакер деп.
Топадай жел жоқ екен, толқын да жоқ
Ат салып енді Ертістен салып көр,– деп.

Сол жерде апыр-топыр түсе қалдық,
Қамыстан бір-бір салды буып алдық.
Ертоқым мен киімнің бәрін шешіп,
Қамыстан буған салға шығып алдық.

Шыпылдап атақты Ертіс ағып жатыр,
Көкжал ат суды сүзіп келе жатыр.
Жұбайдың өзі сушыл, малтушы еді,
Артымнан Көкшегірмен ерді батыр.

Көкжалға желіп кетсе, жел жетпейді,
Дариға-ай арманды боп кім өтпейді.
Сырылдап суды сүзіп келе жатыр
Жануар шоқтығынан бір кетпейді.

Артымнан арқан бойы бұрын өттім,
Ситандар қалып қойған кейінде тым.
Бос айдап Көкшегірді өзі малтып,
Артымнан Жұбай таяу келіп жетті.

Сол Жұбай атын тастап қайта кетті,
Кейінгі үшеуіне барып жетті.
Қырқарлап қой өткендей әлгі үшеуін,
Бір-бірлеп әлгі жерден тартып өтті.

Аттанған төре үшін біз бес бала,
Кептірдік киім, тоқым айдалада.
Білікті өңшең құр ат байлап тастап,
Тынығып еру болдық сол арада.

Таң атқан соң жайланып атқа міндік,
Бет қойып енді Ертісті өрлей жүрдік.
Өрмегі Үргеті мен Тасқия асу,
Ақбұлақ суы күшті соған келдік.

Алтайдың айыр кезең асуы бар,
Қобдыға сонан асып басуы бар.
Ақбұлақ құздан құлап су ағады,
Күн жауса өткел бермес тасуы бар.

Ақбұршақ көбіктеніп жатыр ағып,
Шошыдық суды көріп жүрек қағып.
Бір тасты бір тасқа ұрып толқын атып,
Соғады жапырыла жарға ырғалып.

Жұбай айтты: – Арқалық, мына судың
түрі жаман,
Қайтеміз, түсеміз бе енді бұған?
Судан қорқып қайтқаннан, өлген артық
Тәуекел өтем дедім,– белді буғам.

Жұбай айтты: – Өтемісің батыр енді?
Өлсек бірге өлелік ақыр енді.
Арқанды белге байлап ұстасып ап,
Өтелік тәуекел деп түгел,– деді.

Қайыс арқан белімізден байлап алдық,
Жәнекем көк перісін ауызға алдық.
Судан қорқып барғанмен төре өлтірер,
Матасып умақ-шумақ түсе қалдық.

Мен сонда Көкжалменен түстім барып,
Найзамды қанжығаға тіреп алып.
Ақбұршақ ат-серіктен асып-теуіп,
Бір тасты бір тасқа ұрып жатыр ағып.

Айқайлап су ішінде ұран салдым,
Көкжал ат бұл айқайға қуаттанды.
Бесеуіміз сол матасқан арқанменен,
Ар жаққа аман-есен жетіп алдық.

Бес бала елден шыққан бір-бір ғарып,
Аяғым жазым болса кетер тайып.
Айыркиік Алтайдан асып алып,
Құмкеріш, Төлентіге түстік барып.

Жұбай айтты: “Біз келдік жау шетіне,
Сөйлейік жылқы алудың іретіне.
Саржон мен Тасқияға барып кірсем,
Ел тұрмай жылқы аламыз бірге түнде.

Бөктерлеп, тау қиялап, тасты тілсек,
Барамыз екі қонып, тура жүрсек.
Қай жағымен баруға лайықты
Қалауын батыр айтсын оймен өлшеп! ”

Мен айттым достарыма соңда тұрып:
“Ай, Жұбай, сөзім тыңда мойын бұрып.
Жан қинамай бізге мал табыла ма,
Сұм төрең жіберген соң құрбан қылып.

Не өлмей, не жылқы алмай барамыз ба,
Біз өлсек, тышқан құрлы боламыз да.
Жылқы алмай, босқа келсең – күнәлісің,
Өкпе кіріп жүрмесін арамызға.

Тәуекел, Сарыжонмен баралық та,
Тасқия дара жатыр аралықта.
Қолынан дүрбіт бізге малын бермес,
Басынан жылқы қуып алалық та”.

Қостады баралық деп Жұбай сол шақ,
Ақылшы сөзі тәтті жылы шуақ.
Сол жерде апыр-топыр атқа мініп,
Жөнелдік біз бесеуіміз умақ-шумақ.

Жондата Тасқияға, “шуге” салдық,
Таң ата Сұраншыға жетіп бардық.
Басынан Тасқия асу жетіп келсек,
Дараны жау бекітіп алған, барлық.

Жұбай айтты: “Арқалық сорға келдің,
Тау жағын жөндеймін деп зорлап едің,
Ал енді Тасқияны бекітіпті,
Мұнан басқа асу жоқ, ойлан емін”.

“Тәуекел, енді түсіп қарайық та,
Қайыңнан бір-бір көстік шабайық та.
Зор келер ең жаманы екі қолға,
Шұбама бір жол салып алайық та”.

Асу жоқ осы тауда басқа мұнан,
Көз жетпес екі жағы Сұраншыңнан.
Сол жерден Тасқиямен көпір төсеп,
Жол салдық кешке жақын бір шұбама.

Ішінде Қарабастау, жалғыз суат,
Түсе ғап Тасжарғанға байладық ат.
От жағып, шай қайнатып, тамақ ішіп,
Тынығып, таң атқанша жаттық ұйықтап.

Сол жерде ұйқы қанып дереу тұрдық,
Әдісін жылқы алудың кеңес қылдық.
“Үшеуің осында қал,– деді Жұбай,–
Екеуміз, жүр, баралық, тәуекел ғып”.

Жұбайменен екеуміз атқа міндік,
Шатай, Тұяқ, Ситанды салық қылдық.
Жер қиын, бір түн қатып, таң атқанда
Басына Саршоқының шыға келдік.

Жолымыз болса уайым, кемір елі,
Пейілі төренің де кеңір еді.
Отырған қарауылдан Саршоқыда
Бір қылаң бізге үшеу боп көрінеді.

Қорыққанға кос көрінер қурай, шырпы,
Дегенді ойға алсақ, қандай күлкі.
Қараң-құраң көшін бе деп отырсақ,
Суға кеп түскен екен қалың жылқы.

Қараймыз жасырынып оған жайлап,
Сол жерде атқа міндік “а, құдайлап”.
Атқа мініп, жүйткітіп жетіп келсек,
Мойнақта бес жылқышы жатыр жайрап.

Олар жоқ жау келер деп қайғы ойлаған,
Мойнақтан шыға келдік елең-алаң.
Жайрасып бес жылқышы ұйықтап жатыр,
Басына жалғыз жайдақ тай байлаған.

Бес мыңдай жылқы жатыр әлгі сайда,
Жылқыны ала бердік енді ыңғайға,
Жылқыны жүз жиырма – екі есе ғып,
Құлаттық құлдилатып терең сайға.

Ішінде бөрте бие, бөрте айғыр,
Ұялы судыраған құйрық жал бір.
Үйірі шегір атпен елу екі,
Келіскен бәрі әсем сұлу мал бір.

Ішінде сұлу екен көкмойын ат,
Жүрісі ырғатылған семіз ғажап.
Аман барсақ, жорыққа мінсем-ау деп,
Қызықтым көрген жерден көңілге сап.

Жануардың екі көзі тостағандай,
Алды-арты бірдей келген жатағандай,
Жаясы жануардың жазық екен,
Жас бала жата қалып ұйықтағандай.

Иен жатқан жылқыдан бөліп алдық,
Бет түзеп айдайтұғын жолға бардық.
Екпінді Ақбұршақ су жолы қиын,
Көкжалмен көлбеңдетіп сойыл салдық.

Әлгі ат қашқалы жүр жылқы бастап,
Кісінеп, басын алға шұлғып тастап.
Жарқ етіп шыға қашты алдымыздан,
Жібермей куып келдім сойыл жасқап.

Жұбай айтты: “Ей, батыр, сақтанатын,
Аман барсақ, абырой мақтанатын.
Қуғыншы бізді біліп куар болса,
Жер қиын тырп еткізбей ап қалатын”.

Калжыңбас Жұбай келді әлгі жерде:
“Қатты айдап біз келеміз Қараөзенге,
Ит құйрығына ілінген кайран жылқы,
Күшпен алдым дейсің бе сен төреңе? ”

“Сөзіңе бұл кекесін ерейін мен,
Ендеше, соғысып-ақ көрейін мен.
Барғанда тағы айтарсың осыныңды,
Оятып жылқышыны келейін мен”.

Қасқырдай алақтадым ызаланып,
Көкжалмен салақтадым қайта шауып.
Жайғасып бес жылқышы әлі жатыр,
Қасына жетіп келдім айқай салып.

Шошынып бес жылқышы жаман састы,
Төртеуі бейітке қарай тасқа қашты.
Біреуі жүгенді алып жүгіріп кеп,
Мінуге жайдақ тайға кеп жармасты.

Сойылмен сол жерде мен салып қалдым,
Білмеймін, сол ұрғанда талып қалды.
Қуғыншы келсе кейін, тәуекел ғой,
Айырып, күші жетсе, алып калсын.

Оятып жылқышыны, келдім шауып,
Қандай заман болар деп қылам қауіп.
Осы жерім өзіме мін секілді,
Айдап жүр Жұбай жалғыз сойыл алып.

“Арқалық ақымақсың арындаған,
Орны арам күштің табылмаған.
Қуғыншы алдымызды орағытып,
Бір бөлек таң атқанда келер саған.

Айда енді малды айырып алғанынша,
Сор келіп қамап бірден қалғанынша,
Бұл жылқы енді бізге қайғы болды,
Төреге аман-есен барғанынша”.

Ұялып, мен де қудым Көкжалменен,
Біз келдік Тасқияға сол жолменен.
“Сауға! ”– деп Шатай, Тұяқ, Ситан келді,
Тұр екен қарауылда болжалменен.

Жұбай айтты: “Шатай, Тұяқ, Ситан аға,
Жылқы алдық иен жатқан барып малға,
Қалжыңдап ем жай жатқан жылқышы деп,
Қайта барып, хабар кылды амал бар ма.

Оттатпай, бұл жылқыны иіріңдер,
Бара ма аман, бармай ма, құдай білер.
Хабары жылқышының тиісімен,
Қуғыншы алды-артыңнан орай келер”.

Деді де жылқы ішіне Жұбай барды.
Жанынан қайыс арқан шешіп алды,
“Аруағы атам қазақ қолдай көр! ” – деп,
Ұстап ап көк қасқа тай айтып шалды.

“Ағалар, сойыңыздар мына тайды,–
Деп жолда жеуге етінен азық алды.–
Сүйегін тасқа шығар садақаға,
Жем қылсын қарға, құзғын олар-дағы.

Тынығып, біз ұйықтайық бір аз ғана,
Қойыңдар дайын етіп асты мына.
Таң Шолпаны туғаннан оятыңдар,
Шұбатып шығарайық Тасқияға”.

Бес бала елден шыққан біз бір ғарып,
Табаным, жазым болса, кетер тайып.
Тынығып, ұйықтайық деп жата қалдық,
Шаршап кеп, сусындадық малта шайып.

Ояндық таң таяна, Шолпан туып,
Түрегелдік киініп, белді буып.
Көкжал мен Көкшегірді отқа қойдық,
Ет жедік, тамақ ішіп, бетті жуып.

Ішінде бөрте айғыр мен бөрте бие,
Жылқының бәріне олар болған ие.
Ноқталап бұл екеуін ұстап алды,
Жұбай ер шалма салып бұл күйінде.

Бірінің кұйрығынан бірін байлап,
Жетекке, тақымға сап мұны жайлап,
Шұбатып Тасқиядан шығармақпыз
Қуанып бұл кезеңнен астық аман.

Жетектеп екеуін ап шықтым жолға,
Жылқы ерер алдында оның қара барда.
Аман-есен тар жолдан шығарып ап,
Айдатып қоя бердік аналарға.

Жұбайменен екеуміз кейін қалдық.
Қайыңнан тағы көстік қиып алдық.
Қуғыншылар қамалап шықпасын деп,
Жүктей-жүктей тастарды үйіп алдық.

Бекініп Тасқияның тасын жиып,
Тас жыртып білектерге қандар ұйып,
Күн бата Жұбайменен атқа міндік,
Жылқылар кеткен ізбен шаңды үйіріп.

Біз келдік Шеңгелді өзен түн болғанда,
Еру боп жатыр екен сол бір маңда.
Тамақтанып, шай ішіп әл жидық та.
Жылқыны айдадық таң ағарғанда.

Жұбай айтты: “Тасқиядан шыға алмайды,
Оларға болмас мына жол қолайлы.
Куғыншы екі бөлек болып куса,
Алдымыз Айыркезең, соны орайды”.

Жылқыны қуып бердік алға салып,
Қалсақ деп жаудан соған бұрын барып.
Кезеңге үш күн жүріп зорға келдік,
Жұбай кетті алдымен жолды шалып.

Қуанып Жұбай келді жол таза деп,
Асайық Айыркезең тура айда деп.
Бір қауіп Айыркезең аман астық –
Келсе егер ортамыздан тәуекел деп.

Алтайдың Айыркезең асуы бар,
Бет алып Ертіске жол басуы бар.
Бір қауіп енді Ақбұлақ, соған келдік,
Күн жауса, өткізбейтін тасуы бар.

Қуанып бұл кезеңнен астық аман.
Ақбұлақ құздан ағып ашқан аран.
Бір тасты бір тасқа ұрып ағып жатыр,
Қалайша өтеміз деп састық сонан.

Тәуекел деп жылқыны салдық суға,
Өтпеске шарамыз жоқ ойлануға,
Бұл жылқыны апармасақ, Әжі өлтірет,
Умақ-шумақ өте шықтық ар жағына.

Бір түнеп қара Ертіске міне келдік,
Шып-шып боп ағып жатыр, көз жібердік.
Келіп ек шалқар түсте үлкен суға,
Жұбай айтты: “Жатпайық, тағы өтелік.

Бесеуміз елден шыққан біз бір ғарып,
Табаным, жазым болса, кетер тайып,
Төреге сауымыздан бес мал артық,
Малына мал қосылса аман барып”.

Қайыс арқан Жұбай соңда қолына алды,
Аралап әлгі жерде малға барды.
Аруағы атам қазақ қолдай көр деп,
Ішінде жирен тайға шалма салды.

“Ей, батыр, сен бері кел, арқан ұста,
Атаңның ескі үлгісі – мұны қоста.
Сол жерде жирен тайды айтып шалды,
Болсын деп бізге азық осы тұста.

Бөрте айғыр, бөрте биені ұстап алды,
Бірінің құйрығынан бірін шалды.
Ертістен аман-есен енді өткенше,
Қинадық кеудедегі шыбын жаңды.

“Ей, батыр, Көкжалменен суды жалда,
Ноқтасын бөрте айғырдың қолыңа ал да.
Соңынан тықсыртайын жылқыны мен,
Үшеуің судан өтсең, жаның олжа! ”

Бұрынғы өткен салды тауып алдық.
Киімді, ертоқымды салға салдық.
Шып-шып боп қара Ертіс ағып жатыр,
Өтуге тәуекел ғып суға бардық.

Көкжалға желіп кетсе, жел жетпейді,
Дүниеден арманды боп кім өтпейді.
Сүйретіп екі жылқы суды жүзді,
Қайықтай шоқтығынан бір кетпейді.

Ертістің өтіп шықтым ар жағына,
Бөрте айғыр, бөрте бие жар басында.
Сілкініп есін жинап кісінеген
Дауысын естіп, беттеді жылқы соңда.

Дуылдап, жылқы тартты бетін түзеп,
Қайықтай Қара Ертісті қаптай жүзіп,
Жылқы өтті, жар басында санап тұрмын,
Сегіз кұлынды әкетті толқын үзіп.

Өткіздік жылқыны тез қара Ертістен,
Жұбай жалғыз суға сап жылқы өткізген.
Шатай, Тұяқ, Ситандар басын сақтап,
Салды сүйреп, ертоқыммен әрең жүзген.

Мен айттым: “Таң атқан соң кетелік, – деп, –
Сол жерде жатып, еру етелік”, – деп.
Жұбай айтты: “Ей, батыр, қой, жатпалық,
Түніменен Қиялыға жетелік”, – деп.

Мен айттым: “Жау шапса да жетпейміз”, – деп, –
Барады ұйқы қыстап, бойды билеп,
Жылқыны сендер айдап жөнеле бер,
Қысылсаң, ертең түсте жетем іздеп”.

Ұйқыдан жан болмайды шатылмайтын,
Қайғы көрсе, ішкен ас батырмайтын.
Жұбай айтты: “Қауіп жер, жатпа, Арқалық,
Жылғадағы жылың да қосылмайтын”.

Тіл алмай, атымнан мен түсе қалдым,
Көкжалдың ертоқымын жұлып алдым.
Көкжалмен ертең түсте табамын деп,
Ауырлап өне бойым, жатып қалдым.

Көкжалдың шоқтығынан каңтардым да,
Желқомды жастық қылдым бас жағыма.
“Арқалық, қуғыншыға ұшырасаң,
Айрылып қалдың енді, амал бар ма? ”

Жөнелді Жұбай сөйтіп, аңша жосып,
Мен жалғыз жатып қалдым ұйқы басып.
Түс көріп, түнде шошып ояныппын,
Дүрбітпен жатыр екем жағаласып.

Көрген түсім – жайқаппын оңды-солды,
Жан болмас дүниеде біздей сорлы.
Түсімде белуардан отқа күйдім,
Шошынып бұл түсімнен болдым шерлі.

Аттанған сейсенбі күн жаман жолым,
Маңдайдан арылмаған қалың сорым.
Асып-сасып мен қорқып түрегелдім,
Қан екен шынтағымнан екі қолым.

Көкжал тұр жерді тарпып арпалысып,
Дүбір көрген секілді жанталасып.
Мініп ала жөнелдім желқомды ерттеп,
Жылқының сүртегімен шола басып.

Төртеуі де жатыпты көп ұзамай,
Өзен еді Құмдыбұлак орман, тоғай.
Мен барсам, төртеуі де жатыр жайрап,
Ұяласын ит сықылды құрбым қимай.

Мен ояттым: “Түрегел, Жұбай-ай,—деп, –
Неге жаттың бұл жерге ұзамай кеп?
Түс көріп шошып келдім, жорышы сен,
Ісімді оңалта көр, құдай-ай, тек.

Аттанған сейсенбі күн жаман жолым,
Маңдайдан арылмаған қалың сорым.
Таң шолпаны туғанда ояныппын,
Қан екен шынтағымнан екі қолым”.

Жұбай айтты: “Осы түс жаман түс пе,
Қауіп қып мұны шошып, ойға түспе!
Түсіңде қорыққан өңінде қуанатын,
Бұрынғы қазақ атаң сөзі есте.

Арқалық бір жақсылық жеткен шығар,
Басыңнан талай бейнет өткен шығар.
Түсіңде белуардан отқа күйсең,
Өртеніп пәле-жалаң кеткен шығар.

Сейсенбі бейсенбіге ауған шығар,
Сәрсенбіде сәт болып тұрған шығар.
Қан болса шынтағыңнан екі қолың,
Әжі төрең тойыма бие сояр.

Ат ерттеп, мен мінейін, жылқыны айда,
Ана үшеуін тез оят, келтір мұнда.
Қауіп қып ол үшеуі шошып кетер,
Бұл сырды қапияда айтып қалма”.

Жұбай сол сасқалақтап атқа міңді,
Ана үшеуін оятып ем, о да келді.
Бәріміз жылқыны айдап жөнеліп ек,
Кейін қап, Жұбай маған жанай берді.

“Арқалық, жастан шыққан сен бір ерме,
Кейін қап, қарауылда биік жерге.
Үркітіп қара Ертіске көзіңді сал,
Ешнәрсе қараң-құраң көріне ме? ”

Боларын Жұбай білді бір сұмдықтың,
Шауып кеп Құмдыбұлақ соған шықтым.
Өзіме көрген түсім қауіптеніп,
Өрлете қара Ертіске көзім тіктім.

Малы аман, басы түгел не біледі,
Қайғысыз қара суға семіреді.
Өрлете қара Ертіске қөз тастасам,
Бір тозаң үш бүтін боп көрінеді.

Атымды арқандадым қарауылдап,
Және тозаң көрінді ұзағырақ.
Әрі-бері қарауылдап отыр едім –
Мойнақтан шыға келді умақ-шумақ.

Ағаны іні көріп тәлім алмақ,
Бойына ер қартайса түсер салмақ.
Қос-қос ат қызыл-жасыл күбір келең,
Суға кеп түсе қалды алпыс қалмақ.

Түсе ғап аттарының ерін алды,
Тамақ ішіп жүруге түтін салды.
Шұбап шықса, соғысам деп отыр еді,
Сол жерде Жұбай-дағы келіп қалды.

“Шошығаңдай, отырсың, батыр неге,
Жылқыны қоя бердім салып жөнге.
Қорғалап, қорыққандай Түрің қалай,
Бір нәрсе ар жағында көріне ме? ”

“Әй, Жұбай, тілеуіңді бердім,– дейім,–
Жылқының бетін түзеп келдің кейін,
Бері кел, қарауылдап көзіңді сал,
Шерігің алпыс дүрбіт келді дейім”.

“Соғыссақ, бұлар малды айырады,
Еркін жетіп, көп батыр қайырады.
Мал айыртып, тырдай боп қайтып барсақ,
Және өлім, төре қатты қайғырады.

Тәуекел ел кеткенше соғысалық,
Қайрат қып малды бермей, қарысалық.
“Батыр құны бір оқтық” бұрынғы айтқан,
Аянбай алпысымен салысалық.

Ай, батыр, атыңа мін, қаруыңды ал,
Көрінбей жылғаменен ар жаққа бар.
Жылқыны бұл өзеннен шығарайық,
Көрініп, жау мұнда деп, бір айғай сал.

Сонан соң апыр-тұпыр сасып қалар,
Жүгіріп жүген ала-ақ атқа барар.
Ерттесіп, тұл аттарды мініп алып,
Жабыла бірден шығып сені қуар».

Шақырып мені соңда қасына алды,
Жанынан қайыс арқан шешіп алды.
Қауысқа садақ төтеп болады деп,
Екі арқан мықынынан орап шалды.

Жөнелдім бір жылғамен ар жағына,
Қасына жақын бардым Сұршаңшыңға.
Көрініп, ту көтеріп, жау мұндалап,
Жақын кеп айғай салдым сол арада.

Мені көріп, айғайға басып қалды,
Жабыла жүген ала-ақ атқа барды.
Аттарды апыр-тұпыр ерттеп мініп,
Қайқайып маған қарай бәрі салды.

Таяған соң жөнелдім қорыққан боп,
Жылқы ізінен шықсын деп қашыртқы ғып.
Бір мойнаққа шықтым да тұра қалдым,
Соғысып көрейін деп тәуекел ғып.

Ұйлығып олар-дағы тұра қалды,
Тобынан бір қара атты шыға қалды.
Қолында көкала жақ кезеп келді:
“Жекпе-жек, уа, қазақ! ”– деп айғай салды.

Мен тұрдым бір мойнақтан қарсы қарап,
Кезеді көкала жақ оқ сап қалмақ.
“Тапжылма батыр болсаң, күшімді көр! ”–
Деп тартты дәл кіндіктен мені қадап .

Көзбенен көздеген оқ келіп жетті,
Тайдырып қайыс арқан төмендетті.
Сүбемнен тайып тиіп, қалқан қылып,
Байпағым жылы қанға толып кетті.

Мен қаштым қорыққан боп ар жағына,
Тигенін о да білді сол жағыма.
Ұзамай сексеуілге кіріп тұрдым,
Қуып келіп айқасты сол тағы да.

Найзаны о да салды, мен де салдым,
Менен бұрын бұғанамнан көсіп алды.
Екеуімізге бір өлім болды ғой деп,
Қанжарыммен милықтан беріп қалдым.

Домалап аттан түсті жерге барып,
Жөнелдім ат шылбырын іліп алып.
Біреуі әлгі жерде шауып келіп,
Жөнелді өңгеріп ап қайта салып.

Бір жерге кеп тұрып ем, үйме-жүйме,
Сар жарғақ сары шалбар алтын түйме,
Бір жалғыз қара ала атты тура салды,
Зәңгі екен қызыл тасты тұтқан күйде.

“Кезек бер тағы, қазақ, жатқызамын,
Кірісін сары жақтың тартқызамын.
Кісі өлтірдің, кетсең де әзір аман,
Ежен ханның дәмін мен татқызамын”.

Қашқанмен қояр емес, тағы тұрдым,
Өзіне қарсы қарап бетім бұрдым.
Мойнынан шаңырақтай жағын алып,
Шіреніп дәл жүректен тартты зұлым.

Садағы дәлдеп тартқан келді жетіп,
Қалғандай болды бейне қазам бітіп.
Ажал жоқ, құдайымның сақтағаны,
Кетіпті қалмақы ердің қасын жыртып.

Шошыған соң тағы да қырындаттым,
Мен кіріп сексеуілге тізгін тарттым.
Қоймады, қуып келді және артымнан,
Амал не, қоян қолтық жағаластым.

Қанжарын шабайын деп алды қолға,
Екеуміз жағаластық оңды-солға.
Қанжарын қолындағы жұлып алдым,
Шапқалы қол көтеріп ұмтылғанда.

Көкжал ат қандай шапшаң сырт айналды,
Сындырдық салысумен көк найзаны.
Өзінің қанжарымен шаптым басқа,
Қан шапшып, тітіректеп құсып қалды.

Ат ойнап, жарқ етіп сол шыға шалды,
Ұмтылып әм ұстатпай қайта салды.
Сары жарғақ, сары шалбар, көкала жақ,
Қайта кеп тонап алдым, маған қалды.

Тонап ап және қашып дөңге шаптым,
Шулап кеп, тасын үйіп, арша жақтың.
Қара атты байлап салып Жұбай келді,
Түбі қалай болар деп – мұңым шақтым.

Жұбай айтты: “Күн бар ма төлеңгітте,
Жолықтық не болса да бір бейнетке.
Құдай жазса, құл жылап көнер деген,
Кісі өлімін айтпалық төрең итке.

Сол жерде отыр едік, тағы келді,
Зәңгі екен, өңгертіп ап қоя берді.
Біз-дағы аттан түсіп отыр едік,
Қамады тұс-тұс жақтан тағы да енді.

Жұбай айтты: “Қолға түссек, өлтіреді,
Өлгенше басқа бейнет келтіреді.
Ақыр өлдік соғысып, жан қармайық,
Қолынан жалаңбұттың не келеді? –

Деді де, енді орнынан түрегелді,–
Босқа өлмейік, тәуекел енді,– деді.–
Соғысып жаудын бетін қайтармасақ,
Жалпылдап қуа берер көбі”,– деді.

Түйіп ап жал-құйрығын, міндік атқа,
Белсендік белді буып, қанжар сапта.
Екеуміз екі жақтан кірелік деп,
Соғыстық оңды-солды сол бір шақта.

Жүргенде біз соғысып, екеу өлді,
Өзіме жеті жерден найза төнді.
Жау қашты шыдай алмай әр-беріден соң,
Отырдық бір жотаға түсіп еңді.

Қансырап Жұбай отыр, түрі жаман,
Құйқасы бір жақ шеке салбыраған.
Жаным ашып құйқасы мен шекесіне,
Топырақ сап, тартып қойдым сол арадан.

Жау – дүрбіт жиылды ой сап алдағыға,
Өлгенің ап жіберді ар жағына.
Ішінен көкала атты жалғыз шығып,
Жекпе-жек бізге келді сол тағы да.

Мен шаптым сыр білгізбей Көкжалменен,
Шыдамай қайта қашты жан жолменен.
Бір шалып найза салдым жаясынан,
Көкжалға жеткізбейтін жануар екен.

Тастарға токтамайды, тым тамаша,
Қояндай арты биік, алды аласа.
Қызығып қуып бара жатқанымда,
Артымнан Жұбай шапты жанталаса.

Таяп ем жетем бе деп қайқайыста,
“Арқалық! ”– деп шақырып осы тұста,
Ерінің қасын қырып жазып апты,
Тілмаш екен ол дүрбіт, амал қанша.

“Арқалық атың шыққан сен екенсің,
Жылқы алып біраз күндей елірерсің.
Қызылтасты зәнгі мен бесті өлтірдің,
Есігін Ежен ханның бір көрерсің.”–

Деді де, олар кетті осыменен,
Біз қалдық, жүре алмадық жараменен.
Жетелеп қара атты алып суға келдік,
Жараны су-суғаттап түніменен.

Түнімен суда жатып есті жидық,
Қоржыннан алып келіп азық жедік.
Кісі өлгенін төреге айтпалық деп,
Қара атты жетелел ап, тұра міндік.

Жылқының ізіменен енді салдық,
Айналып қуғыншыға үш күн қалдық.
Бурылтоғай, Қилыдан көктей өтіп,
Қыран мен Шеміршекке жетіп бардық.

Жылқыны жатыр екен олар бағып:
“Батырлар, айналдыңдар мұнша нағып? ”
“Куғыншымен соғысып бір ат алдык,
Олар да, бұлар-дағы аман қалып”.

Бәріміз ел ішіне енді келдік,
Бір-бір ат мінейік деп көңіл бөлдік.
“Ұстап бер Көкмойынды, Жұбай, маған,
Жолдыққа жануарды біз мінейік”.

Жұбай айтты: “Бедеу мін, мінбе мұны,
Қоя ма, төре көрсе, саған мұны.
Ат үшін қорғасын мен дүре жедік,
Сенімен бірдей оған аттың құны”.

“Ұстап бер жануарды, бір мінейін,
Қолымнан әл кеткенше жібермейін.
Ант етіп сол арада айтып едім,–
Әкем Бөрібай өлсе де мен бермейін”.

Сол жерде ұстап берді Жұбай маған,
Басқалар бие мінді тілін алған.
Басады үш аяқтап Көкмойын ат,
Мініп көріп сол жерде желқом салған.

Жұбай айтты: “Шатай, Тұяқ, Ситан аға,
Қара ат ап біз барайық енді ауылға.
Сендер жай келіңдер»,– деп жүріп кеттік,
Бір жалғыз келе жатыр тұмандата.

Туралап келді бізге сол арада,
Тұйғын сап қаз бен үйрек жол араға.
“Батырлар, келдің бе аман, сауға”,– деді,
Тұр екен Әжі інісі Тәти бала.

Сауға деп сұраған соң көңіл бөлдім,
Атымнан түсе қалып сәлем бердім.
“Ер болсаң, тартуымды ұмытпассың”,– деп,
Жақ пен шалбар, жарғақты соған бердім.

“Арқалық, дос болайын, қолыңды бер,
Жалғанда туа қалмас өзіңдей ер.
Іші тар көре алмастың біреуі еді,
Төреге жол тартуды айтпаңыз сер.

Ұмытпаспын, өлсем – өлдім, аман жүрсем,
Түбіңде өкпелеймін төре десең! ”
Қол алып, қол берістік уағда қып,
Қош айтып біз де кеттік жөнімізбен.

Аулына Әжі төре келдік жетіп,
Қара атты жетелеп ап дөңгелетіп.
Төре, қара бәрі түгел тысқа шықты,
Батырлар кеп қалды деп дүрілдетіп.

Бәрімен амандасып, елді көрдік,
Қандай заман болад деп көңіл бөлдік.
Қара атты босағаға жақын байлап,
Төреге алдияр деп сәлем бердік.

Төре айтты: “Келдің бе аман, батырларым,
Бұрынғыдай Жұбайда жоқ қой арын.
Малға мал алдыңдар ма аман-есен,
Айтындар, әй, батырлар, малдың санын? ”

“Екі есе – жүз жиырма мал алып едік,
Екі тай нәзір етіп жолда жедік.
Ертісте сегіз құлын суға кетті,
Жүз онын аман-есен айдап келдік.

Келді жау Ертіс өтіп қуғыншылап,
Біз түстік қарауылдап Құмдыбұлақ.
Түсіріп ертоқымды бір ат алдық,
Жылқыға жібермедім алдын орап”.

“Жақсы ғой келгендерің есен-аман,
Келген соң теріс айтпан мен де саған.
Сүмірейіп Жұбай неге сөйлемейді,
Келген бе кісі өлтіріп, түрі жаман? ”

“Алдияр, төрем сөзі кекесін бе,
Уағдаңа өзің айтқан жетесің бе?
“Берсем де Сейілханды, сені бермен”,–
Деп ең, бізден кісі өлсе, бітесің бе?

Кекесең бізді бүйтіп, төрем, әлден,
Қызылтаста бесеу өлді зәңгіменен”.
Ханым айтты: “Батырлар, Өкпелеме,
Сусын іш, бері келіп, сабырменен”.

Төре айтты: “Атымды ертте, малын көрем,
Малға малды қосқызбай санын білем”.
Қара аттың ертоқымы аппақ күміс,
Қуанды көрген жерден Әжі төрем.

Жөнелді төреге еріп бәрі аттана,
Біз де ердік, қаламыз ба бой сақтана.
Көкмойын ат баспады үш аяқтап,
Көбімен жүргеннен соң көбік шаша.

Төре тұрып қасыма жетіп келді,
Көрген соң Көкмойынға көңіл бөлді.
“Әсеммен топқа мінер бір ат екен,
Қоя бер, басқа ат мініп, мұны”,– деді.

“Ант етіп алып едім, сертім қиын,
Мінуге жарайды деп жауға бейім.
Бір тайды, төрем, сұрап не қыласың,
Әкем Бөрібай өлсе де мен бермеймін”.

Төреміз түсі суық, тілден қалды,
Шұбатып келген малды санап алды.
Үйірін бөрте айғырдың бөліп алып,
Құлынды жиырма екі байлап алды.

Ат, айғыр, бие санап жүйеледі,
Төренің тура келіп тілегені.
“Барған соң аттарыңды әкеп бер”,– деп,
Төртеуіне бір қотыр бие берді.

Жұбай айтты; “Шатай, Тұяқ, Ситан ағам,
Төреге бой жете ме сый таңдаған.
Үшеуін сойып жеңдер, семіз екен,
Келгені жаным аман олжа маған”.

Жөнелдім үйіме тез, кідіре алмай,
Қандай заман болад деп түбін ойлай.
Сары бөрте биені айтып сойдық,
Қазысын төрем жатыр қарш-қарш шайнай.

Мен жүріп Шарықтыға әзер келдім,
Егінші Шарықтыда жалғыз үймін.
Жотада отыр екен жапа-жалғыз,
Құшақтап, сүйді жылап әкем менің.

Сөйледім мен әкеме бастан-аяқ,
Бір бөтен сөз қоспадым бұра-саяқ.
“Айтуында бір мінің ұнамады,
Қандай заман туғызар! ”– деді аяп.

“Ай, ата, оның кім шыдар зардабына,
Басқанда жер қайысқан салмағына.
Төреден тағдырымды жазған болса,
Қайтейін, ілінермін қармағына.

Шыдамасқа амал жоқ, қолдан келмес,
Бар керей бағынып тұр, бір біз емес.
Дүрбіттен бізді сұрап шерік келсе,
Ат тұр ғой, алтын берсем, алдық демес”.

Сонымен екі ай жүрдік есен-аман,
Шошимын шырт ұйқыдан, түсім жаман.
Дүрбітпен жағаласып оянамын,
Болад деп біз сорлыға қандай заман.

Бір күні жатыр едім, біреу келді,
Жүрегім аттай тулап түрегелді.
“Ей, Арқалық үйдемісің, бері шық”,– деп,
Шақырып ат үстінен хабар берді.

“Сен кімсің түнде жүрген, жаным,– дедім, –
Айт, шырақ, шақырғанның мәнін”,– дедім.
“Бар болса үйде тірі, алып кел” деп,
Берген соң төре жарлық, келіп едім”.

Әкем Бөрібай шал айтты: “Балам,– деді,–
Бір сұмдық болған екен саған,– деді.–
Жөніңді қайтып келіп білдіріп қайт,
Тағы да болды-ау қиын заман”,– деді.

Мініп ап Көкмойынды, жүріп кеттім,
Тәтиге түн ішінде келіп жеттім.
Отырған мені тосып ханымымен
Ақпейіл ықыласына тағзым еттім.

“Ей, батыр, мен шақырдым, келші бері,
Достықтың қол алысқан жоқ бір міні.
“Үш дүрбіт, отыз шерік қалмақтан” деп,
Төреңе ұлықлы хат бүгін келді.

“Арқалық деген батыр баса-көктеп,
Дүрбіттен жылқы алыпты сан рет кеп,
Қызылтасты зәңгі мен кісі өлтіріп,
Жаушыны найза астына жыққан бүктеп.

Қолына үкім хат барысымен,
Ұстап бер Арқалықты жолдасымен,
Кідіртпей жазалыны жеткізбесең,
Алдыма өзің кел тез жауабыңмен! ”

Бұл бұйрықты көрген соң, кеттім шошып,
Сендерді ұстап берер деп, зәрем ұшып.
Шақырттым саған ақыл салайын деп,
Жөн болар орыс еліне өтсең қашып.

Арқалық бұдан бөтен біз не дейік,
Соңыңнан Жұбайды да жіберейік.
Қаратай орыс елі саған пана.
Осы ойға белді байлап тірелейік! ” ...

Деді де ел шетіне алып жүрді,
Қайысып қабырғасы, налып жүрді.
Бозайғырдың құмына келген кезде,
“Ертістен ат жалдап өт өзің”,– деді.

“Ұмытпайын өлгенімше, досым,– деді,
Қол алып, қол берістік қошым деді.
Жұбайды жіберем деп қала берді,
Тәтимен айрылыстым осы жерде.

Сол жерде аласұрдым әкемді ойлап,
Соғады әр тарапқа жүрек тулап.
“Жөніңді білдіріп кет!” деген еді,
Сорлы шал өледі ғой соры қайнап.

Қайтадан қара түнде үйге келдім,
Ойлаумен жан әкемді қайғы жедім.
Күйініп әкем соңда зар жылады,
“Осында қалмақ іздеп келді”,– дедім.

Тәтидің мына сөзі ақыл екен,
Деген сөз орыс елі мақұл екен.
Жақсы ғой Ертіс өтсең аман-есен,
Беліңді осыған сен буып бекем”.

Таң таяп қалған екен, шықсам сыртқа,
Жөнелдім сол арада мініп атқа.
Ертістен өте алмайтын болғаннан соң,
Бекіндім Аюлыға Сауыр жақта.

Көкмойынның ертоқымын жұлып алдым,
Оттасын деп, аяғына шідер салдым.
Жантайып желқомымды, ұйықтай қалсам,
Дүрбітпен жағаласа-ақ айғай салдым.

Таң атып қалған екен, түрегелдім,
Атымды мінейін деп көңіл бөлдім.
Қарасам, мойнақ қырды асқан екен,
Сүрдектеп түсіп кеткен ізін көрдім.

Асты ұзын бұлақ екен көкжиекті,
Жүгіріп мен де келдім, зәрем кетті.
Алдымнан алты қасқыр шыға келді,
Өзенге қуып барып солар жепті.

Атымды жегізіп ап, жаяу қалдым,
Құшақтап төрт сирағын, зар жыладым.
“Ит сүрінсе – үшке шейін” дегенге ұқсап,
Отырмын бармақ шайнап, бар ма лажым.

Отырдым кешке шейін тау басында,
Жұбай жоқ ақылдасар жолдасым да.
Ертоқым, жүгенімді көтеріп ап,
Қайтып келдім Тәтиге – жан досыма.

Ояттым тұсынан кеп дыбыс беріп,
Есік ашты әйелі түрегеліп.
“Көкмойынды жегізіп, жаяу келдім,
Ұзамай қырық тұсақ шерме толыл”.

“Әй, батыр, ренжіме қасқыр жесе,
Ауырлықты көтерер атың өлсе.
Жұбайды ұстап берді дүрбіттерге,
Түн қатып тағы да қаш пәрменіңше.

Ей, қатын, жүк артына төсек салшы,
Тынығып, батыр, бүгін деміңді алшы.
Бәйге күрең Көбік атты байлатайын,
Ертіс өтіп тағы да қармансаңшы”.

Мен жаттым жүк артына бекініп ап,
Ауыл жата жөнелдім “а құдайлап”.
Тәти досым қасыма еріп жүрді.
Қош айтты ел шегіне шығарып сап.

Ертіске таңға таяу келіп жеттім,
Таба алмай аяқ өткел тентіреппін.
Әр жерде тал бойлатып, ат болдырып,
Ертістен таң атқанда әрең өттім.

Бір адам көрді ме деп жаман састым,
Болдырған Көбік атқа қамшы бастым.
Нағашым өгіз қара жаман еді,
Бекініп жатайын деп, соған қаштым.

Нағашым жылап-еңіреп күтіп алды,
Атымды, үйге енгізіп, ерін алды.
Жиенім түнге жастап кетесің деп,
Үйіне, бекітіп ап, тығып салды. :

Түске таяу дәретке шығып едім,
Бір жайдақ өгіз мінген мені көрді.
Танығандай болды да жүзін бұрып,
Жарқ етіп өз бетіне жүре берді.

Жүгіріп үйге кірдім нағашыма,
“Көрді,– деп айттым, біреу мені осында.
Жүрегім өгіздіден тым шошып тұр,
Ұстап ап, бекітейін соны мұнда”.

“Қас, емес о да ағайын,– дейді, – бізге”
Ақтады айыптайды деп әлгі жерде.
Төренің тыңшысы екен, хабар қыпты,
Қалмақ, қазақ жүз кісі келді лезде.

Ауылды шыр айнала қамап алды,
Арқалық қашқын бар деп хабар салды.
Нағашым ағайынды – екі жаман.
Шақырып екеуін де ұстап алды.

Қашқынды сен тықтың деп лаң сапты,
Қорыққан соң келгенімді мойындапты.
“Арқалықты ұстап бер” деп қинады,
“Жиен-ау, қайтесің? ”,– деп маған айтты.

Мен үшін нағашыма күйме дедім,
Амал не, құрған торға кеп іліндім.
“Қашқының мінеки”,– деп бер қолына,
Қаныма қан алайын, ақыр өлдім.

Жетелеп екі жаман алып жүрді,
“Қашқының мінекей”,– деп айғай тұрды.
Қораның ортасына алып келіп,
“Өздерің алыңдар”,– деп қоя берді.

Қамалап, ұстауына батпай тұрды,
Қашпағанды, заңы жоқ, атпай тұрды.
“Тас қылып қол-аяғын байлап әкел,
Әйтпесе, өзің жүр”,– деп үрей қылды.

Сол жерде екі жаман жылап келді,
Көл қылып көздің жасын бұлап келді.
“Байламасам өзімді ап кетпекші,
Қайтем? ”,– деп ақыл -кеңес сұрап келді.

Байлаттым қол-аяғымды, амал бар ма,
Қораның домалатты ортасында.
Ұстаған отыз шерік көбі қазақ,
Жемтікті жеп өлді ғой құзғын-қарға.

Мінгізіп бір түйеге жайғап салды,
Астына екі аяғым байлап алды.
Есіріп, ұстадық деп саусылдасып,
Әжі төрең алдына алып барды.

“Әй, тақсыр, жібергенде не дедіңіз,
Мен үшін малдың қамын жеп едіңіз.
Малыма мал әкепсің, не берейін,
Сейілханды берсем де деп едіңіз”.

Төренің түсі суық көрінеді,
0 баста бәріне де көніп еді.
Бас ұрып қандай жылап сұрасам да,
Мелшиіп төмен қарап, үндемейді.

“Жарқырап ай астында жарық жұлдыз,
Жағалар жарда жүріп суда құндыз...
“Сейілханды берсем де, бермен” деп ең,
Дәл енеңді ұрайын, Әжі сұмпыз”.

Деп едім, әлгі жерде күйіп-жанды,
“Мына залым не дейді?– деп ашуланды.–
Кім кіргізді мынаны, тез шығар”,– деп,
Тұрып кеп, сар таяқпен салып қалды.

Тәти дос көріп отыр мына мәнді,
Жүгіріп ағасына жетіп барды.
“Мұны ұрғанша, жерді ұр”,– деп әлгі жерде,
Қолындағы таяғын жұлып алды.

Сүйрелеп алып шықты әлгі жерде,
Құдайым кез келтірді мұндай күйге.
Астында шегелеулі Жұбай отыр,
Шегелетті мені де – әкеп бірге.

“Кетіп ең мені тастап, батырым-ай,
Тілеп ем кетсе екен деп бір табылмай.
Сен қалсаң, мені әкетсе, орта жолда
Қалмас деп ойлап едім бір соғыспай.

Бармалық әділдіктің жүйесіне,
Жолықтық қандай жанның киесіне?
Ұр дегенге келмейді ұрғанға күш,
Теңделдік жау дүрбіттің түйесіне”.

Сол жерде екеумізді шегеледі,
Қолынан түк келмейді керей елі.
Бір түйеге екеумізді теңдеп тастап,
Әжі төрем мүләйімсіп қала берді.

Жөнелді отыз шерік байлап алып,
Шегелеп қол-аяқты жайғап алып.
Аз ру ботақара – қарақаспен
Қош айтып, қала берді жылап халық.

Жөнелді бізді теңдеп Алтайды өрлеп.
Түйе үстінде кеттік біз жылап-еңіреп.
Сөтке сайын түйеден түсіреді,
Көтеріп сирағымнан, етіп ермек.

Екі аяқ шылдырлатып кісендеулі,
Екі қол білезіктен шегендеулі.
Қара шай, сөткесіне бір тілім нан,
Әйтеуір, өлмесін деп нәр берулі.

Алтайдын Айыркезең асуы бар,
Қобдаға одан асып басуы бар.
Түйемен он күн жүріп Қобда келдік,
Сол жерге келіп жеттік еру болар.

Қалмақ бір досым бар-ды Қарамерген.
Естіп бұл бір жайды мұнда келген.
Қайран ер, сен де мұндай болдың ба”, – деп,
Көрісіп құшақтады салған жерден.

Маған кеп әлгі жерде амандасты,
Шерікке жау әкелген қадам басты.
“Бір түнге Арқалықты кепілге бер? ”–
Деп мені әлгілерден сұрап апты.

Босатып, мені үйіне алып келді,
Жақсылап төрге төсек салып берді.
“Тынығып, қайран батыр, бір түн ұйықта”, –
Деп семіз бір бағылан сойып берді.

Мен жаттым қой етін жеп, майға батып,
Ұйықтадым, қол-аяқты созып жатып.
Таңертең қалған етті тағы жылытып,
“Ішіп-жеп, тынық,– деді,– айран, қатық.

Бүгін жат, еру болса, тағы тынық,
Келейін мен шеріктен жөнін біліп.
Қуанып қайтып келді: “Еру бол”,– дел,
Әкелді бір еркек кой тағы сойып.

Түгел асып, турады қуырдақ қып,
Тұздықтап қарынға етті түгел тығып.
“Түйенің өркешіне таңып берем,
Екеуің же,– деп,– күндіз азық қылып.

Апарып ертең берем, тағы тынық,
Арқалық, ер едің ғой, бұған шынық”.
Ойладым бүгін қашып кетейін деп,
Батырдың байлаудағы атын мініп.

Жаттым да, мен киіндім, қайта тұрып,
Тыңдадым ояу ма деп жөнін біліп.
Қатыны байына айтты, тыңдап жатсам,
“Мені қашып кетер! ” деп қауіп қылып.

“Досым деп қайғырасың сөзін қостап,
Әкеліп салып қойдың үйге бостан.
Арқалық қашып кетсе, қайтер едің,
Қазақтың қалмайсың ба шоғын ұстап? ”

“Ер қайда Арқалықтай ұрынуға,
Шіркіннін жан жете ме порымына,
Арқалық қашып кетсе, жолы болсын,
Досымның өзім барам орынына! ”

Ойладым жүрегімнен жұлмайын деп,
Көңілімді жамандыққа бұрмайын деп.
Мұны естіп, шешіндім де қайта жаттым.
Әйелге ерді таба қылмайын деп.

Таңертең тұра келдім ұйқым қанып,
Шай іштім, бетім жуып сыртқа барып,
Қарамерген сөйлейді: “Ей, Арқалық
Беремін шерікке енді сені апарып.

Осыдан сендерді алып ханға барар,
Дүре соғып, сендерден сұрақ алар.
Өзінің қалмағына нанып отыр,
Бар шыныңды! айтпасаң, қинау салар.

Шыныңды айтсан, сөзге бәрі нанар,
Ол күні өлмейсіңдер, жаның қалар.
Ақбұрғылап мойныңа кісен салып,
Апарып темір үйге бөлек бағар.

Бір асыл кездігім бар мен соқтырған,
Қырық ошақтан қорытып құрыш қылған.
Темірді жайынша турап талқандайды,
Берейін кездігімді, досым, саған! ”

“Әкел! ” деп қатынына әмір қылды,
Қатыны кебежеден алып келді.
Сар пышақ жарқырайды асыл құрыш,
Мойындап сапыдан сурып алып қойды.

“Табанының шұқырына мен салайын,
Желімдеп жарғақпенен жапсырайын.
Қолың бір босайтұғын күнің туса,
Сонда ал табаныңнан айттым жайын.

Тесесің темір үйді соныменен,
Қашасың, іс оралса жөніменен.
Жаныңа сая болар бұл асылым,
Арқалық жан аямас досым ең сен”.

Желімдеп табаныма тығып берді,
Екі қондым, шерікке алып келді.
Қош-айтып Жұбайменен екеумізге,
Өркешке қуырдақты таңып берді.

Ай жүріп алып келді Ежен ханға,
Жеті күн қамап қойды қараңғыға.
Аяқта кісен, қол, мойын шынжыр бұғау,
Жауапқа алып кірді хан жамбылға.

Отырған сұрақшы мен ханы қалмақ,
Бас ұрдық Ежен ханға заңы тайғақ.
“Арқалық қайсының? ”– деп түрегелді,
Алдына тік тұрғызып алды сұрақ.

“Дүрбіттен неше айдадың, неше келдің,
Өттің бе, шыныңды айт, түгел бәрің?
Шыныңды айтсаң, сұрақ аз болады! ”– деп,
Көрсетті кәрі күшті хан жарлығын.

“Жау болды кісі өлтірген қазақ, қалмақ,
Кедей ем, боп аттандым олжаланбақ.
Екі кеп қырық-елуден жылқы айдадым,
Екі соғыста өлтірдім екі қалмақ.

Бір атты бермедің деп Әжі төре,
Енді сен барғайсың деп соқты дүре.
Төренің зардабына шыдай алмай,
Жай жаттым бас айналып күнім көре.

Бір сиыр, бір жылқым бар, үйім жамау,
Жан сақтап жата бердім жүдеу-жадау.
Бір күні: “Ей, Арқалық бері шық”,– деп
Айғайлап маған біреу келді таяу.

Шошынып қараңғыда түрегелдім,
Жадағай жаман шекпен бойыма ілдім.
Әжі төре шақырады дегеннен соң,
Түн қатып кідірместен соңда келдім.

“Арқалық жау дүрбіттің қорлығы өтті,
Жылқыны таңдай тал түс дүрілдетті.
Арқалық, осыған сен бардың ба өзің?–
Әлде кім: “Мал әкел”,– деп әмір етті.

Аттандық, жарлық қатты төре берген,
Сегіз күн ұдай жүрдік күн-түнімен.
Дүрбіттен жүз жылқы алдық иен жатқан,
Айдадық күн-түн қатып соныменен.

Неше күн құдай айдап Ертіс бардық,
Суына Қара Ертістің жылқы салдық.
Суынан өтіп тынығып жатқан кезде
Қуғыншы алпыс кісі келді қалып.

Соғыстық біз екеуміз оңды-солды,
Дүрбітке бұл жолы да қырғын болды.
“Кісі өлсе, өзім көрем” деген төре,
Тырсиып, өзімізді күлкі қылды.

Жылқыны Әжі төре санап алды,
Үйірден бөрте айғырды айдап барды.
Мен бермедім атымды, басқасын ап,
Құлынды жиырма екі байлал алды.

Жылқы әкел деп жіберген төрем еді,
“Сендерді жауға бермен” деген еді.
Жарлыққа сізден барған шыдай алмай,
“Тұздыққа” бізді тартып, шіренеді”.

Отырған өңшен қалмақ басты-басты,
Қалмақша, әзіл білем, сөз қатысты.
“Қор болған қазағында батыр екен,
Әзір біз өлтірмейік! ”– деп қайысты.

Дүренің астына алды мені бас сап,
Құйрықты түріп ашты жалаңаштап.
Мініп ап бас-аяққа сонда шерік,
Құлаштап алпыс қамшы дүре тастап.

Қылтаны құрықпенен тілімдеді,
“Алып па ең мұндай дүре бұрын? ”– деді.
Киіндім түрегеліп, амал бар ма?
Екі аяқ тәлтіректеп дірілдеді.

Жұбайға отыз қамшы соқты қатты,
Құйрықтан борағытып қандар ақты.
Соққаңда отыз қамшы, сорлы Жұбай,
Тұра алмай, әлгі жерде бұраң қақты.

Ақырдым, түрегелді, немене ұнар,
Бұл жерде жұмыс бар ма қолдан қылар.
Жұлып ап, Жұбайды мен киіндірдім,
“Бар ма,– деп,– әкең мұнда жұбандырар! ”

Сөйлесті бәрі соңда: Ер екен,– деп,–
Қор болып қазағында жүр екен,– деп.–
Тағы сұрақ қылармыз бұл екеуін,–
Бұйырды: “Темір үйге сал бекем”,– деп.

Ақбұрғы мойнымызға соңда салды,
Шеріктер темір үйге алып барды.
Кіргізбей, екеуімізді айдап келіп,
Есікке тас қып мықтап құлып салды.

Қор болды біз сорлының ғарып басы,
Бір адам табылмады арашашы.
Сөткесінде бір әкеп берген тамақ,
Күріш, нан, құр қара шай берген асы.

Кесе күріш, бір тілім нан жүрген кәсіп,
Темір үй, жамбасымнан тақтай тесіп.
Аяқ кісен, қол шеге, мойныңда ағаш,
Осымен алты ай жаттық байлап нәсіп.

Тән тозып, сүйек қалды саудыраған,
Біз күйдік төре үшін, бар ма шарам.
Кез еді жазғытұрғы, “Арқалық! ”, – деп
Бір дауыс шықты әйнектен айқайлаған.

Қарасам, қалмақ қызы жаудыраған,
Кигені өңшең торғын судыраған.
Келіп тұр терезеден күле сөйлеп,
“Арқалық қайсының? ”,– деп жөн сұраған.

“Арқалық мен едім,– деп түрегелдім,–
Сен бала кім едің? ”,– деп сұрау бердім.
“Мен едім Ежен ханның кенже қызы,
Көруге сізді әдейі іздеп келдім”.

“Сен болсаң Ежен ханның кенже қызы,
Батты ғой жамбасымнан жердін сызы.
Хан соқса қайраны бар деген еді,
Шегеден атаңа айтып шығар бізді”.

“Келмейді шығаруға әлім,– деді,–
Сізге Ежен ханның заңы мәлім,– деді –
Басқа қайран сұрасаң қолдан келер,
Сөйлесең кемшіліктің жөнін”,– деді.

“Егерде кемтарлықты біле келсең,
Арманда кетемін ғой аштан өлсем,
Хан баласы екенсің қайратың мол,
Жалғанда ұмытпас ем азық берсең”.

“Сөзіңе, олай болса, көңіл бөлем,
Екі күнге бір сиыр азық берем.
Шегеден аман-есен шыға қалсаң,
Жамбыл бұзып, сен маған келер ме едің? ”

“Табармын шыбын жаным аман тұрса,
Қуатым кірер ханша мойын бұрса.
Жамбыл бұзып бармасам, атым құрсын,
Темір үйден құтылар күнім туса.

“Ендеше, орнымды айтам, батыр, саған,
Жамбылда өзіңе әкем дүре салған.
Оң жағында қызыл перде шымылдық бар,
Көресің келе қалсаң мені содан”.

Қош айтып ханнын қызы кетті жүріп,
Біз қалдық шыққандай боп аласұрып.
Жұбай айтты; “Әй, Арқалық, мұнша шаршап,
Нең бар ед, кеткен жоқ па мазақ қылып.

Арқалық қайда, саған азық бермек,
Еріккен хан қызына бұ да ермек.
Қазақтың батыры деп естіген соң,
Сайқы қып саған келген қызықтап тек”.

Сонымен жата бердік бұрынғыдай,
Бізді ұстап берген соң төре сұмырай:
Азық жоқ, ала сұрып жатыр едік,
Бір қалмақ қатын келді жылы ұшырай.

Терезеден Арқалық деп айғай түрді,
“Ханның қызы,– деп,– саған азық берді.–
Екі күнге жеткізіп жеп тұрсын”,– деп.
Терезенің тесігінен тастай берді.

“Сиырдың етін түгел асып келдім,
Пісіріп, мына қапқа басып келдім.
Бер деген екі күнге бір сиырды,
Тапжылтпай қыз жарлығын алып келдім... ”

Деген соң бек қуандық әлгі жерде,
Жас ағып әл келеді екі көзге.
Жұбай айтты: Арқалық өлі балық.
Өлмейтінге дейтұғын келді бізге”.

“Әй, Жұбай, кеше сөзің кекесін бе,
Шартына маған айтқан жетесің бе?
Шикі жеймін демеп пе ең азық берсе,
Сертті бұзып, жалтақ боп өтесің бе. ”

Жыласып, үміт қылып, ойға қалдық,
Аппақ май алдымызға үйіп алдық.
Пышақ жоқ, қол шегеде, кесіп жейтін,
Қасқырдай қой жолыққан басып салдық.

Күн ара сиыр еті келіп тұрды,
Хан қызы бізге көніл бөліп тұрды.
Тұлымшағы салбыраған бір қара көк,
Қол ұшынан ет әкеліп беріп тұрды.

Бір күні қасқыр талап олай-бұлай,
Шошынып, түсім екен, салдым ойбай.
Түсімді жолдасыма баяндадым,
“Болды,– деп,– бір жақсылық, сорлы Жұбай! ”

Қуанып, ақбұрғы ағаш былай салдым,
Кездікті табандағы жұлып алдым.
Жұбай қолын босатып бұғауын ап,
Кісенді аяқтағы қиып алдым.

Шерік келсе, кісенді бос саламыз,
Үйді тесіп қашсақ деп ойға аламыз.
Кездікпен темір үйді тесіп алып,
Жылы жел, ай көргенге қуанамыз.

Қуандық түнде шығып, а құдайлап,
Етке дейін азық алдық түбін ойлап.
Ақбұрғы мойнын қиған Жұбай ерім,
“Қашалық! – деді,– Арқалық енді аяңдап”.

Мен айттым: “Қызға берген сертім қайда,
Қыз болмаса, өліп ек әлде қайда.
Алпыс күн отыз сиыр азық беріп,
Асырап, бізді өлтірмей, қосты санға.

Мен соған неғылса да барам,– дедім,–
Қош айтысып, рұқсатын алам,– дедім.
Кездікпен мен жамбылды тесіп түсем,
Ажал болса жамбылда қалам”,– дедім.

“Әй, батыр, екі қабат темір есік,
Түсесің, асыл бар ғой, оған тесіп.
Күзетші неше жерден ханды баққан,
Барасың қызға, сорлы, қалай кешіп? ”

“Өлсем де барайын”,– деп түрегелдім,
Жұбай айтты: “Арқальқ асыл ерім!
Ей, сорлы, бір өрлесең болмаушы едің,
Ойқастап тыңдасаңшы сөздің жөнін.

Болмасаң, жүр, жамбылға бір барайық,
Көріп пе ең үлкен көпір аңғарарлық.
Ішке кіріп, куысына бекінелік,
Ертең бізді іздейді хабар салып.

Жер-көктің бәрін тінтіп таба алмайды,
Көпірде бекінет деп ойға алмайды.
Әп-сәбі басылған соң соған бар”,– деп,
Сөзінен Жұбай шіркін бір таймайды.

Екеуміз түнде қашып көпір бардық,
Бекініп қуысына жатып алдық.
“Темір үйді тесіп, қашып кетіпті”,– деп,
Күзетші хабарлады ханға барып.

Хан жарлық берді: “Тінт деп бәрін қарап, –
Астасқан адам бар ма – сұрақ сұрап? ”
Жамбылдан қалың әскер қаптап шықты,
Отырмын бәрін көріп мен сығалап.

Таба алмай шерім қарап, жамбыл келлі,
Барып мен жамбыл бұзып болдым енді.
Менімен сені қоса өлтірер деп,
Көпірге кеттім байлап Жұбай ерді.

Кездікті алмас құрыш қолыма алдым,
Жамбыл тесіп, кұлыбын жұлып алдым.
Ішіне қаймықпастан кіріп барсам,
Күзетші ұйықтап жатыр, байқап қалдым.

Әуелі Көкала атты алайын деп,
Кермеде тұрған атты табайын деп.
Тауып ап, қақпаға әкеп байлап қойып,
Бұрылдым енді қызға барайын деп.

Апарып сұрақ қылған жерге келдім,
Күзетші жатыр шерік, соны көрдім.
Апиын жеп, бәрі мас қирап жатыр,
Басып өтіп хан жатқан жерге келдім.

Есіктен ептеп келіп көзім салдым,
Мас болып хан да жатыр, сезе қалдым.
Ақ панар жарқырап тұр хан алдында,
Қанжарын бас жақтағы қолыма алдым.

Хан оянып: “Бұл кім?”,– деп тұра ұмтылды,
“Мен – Арқалық”,– деп едім, үні тынды.
“Тырп етсең, өлтірем”,– деп тап бергенде,
Жым болып, көрпе астына бұға кірді.

Қылышты жарқыраған қолыма алдым,
Қызды іздеп, жан-жағыма көзім салдым.
Көрдім де қызыл торғын шымылдықты,
Іркілмей, қыз қасына кіріп бардым.

Ояттым ханшаны: “Мен келдім деп,–
Қол үшын тар қапаста сен бердің”,– деп.
Қыз маған амаңдасты риза болып:
“Мен сені қас батырға теңгердім”,– деп.

“Арқалық – еңіреген мен бір ермін.
Астында елім жатыр асқар белдің.
Алпыс күн азық берген қақыңызға,
Сөзімді жұтпайын деп, саған келдім”.

“Мен сені шақырғам жоқ тиейін деп,
Дінімді бұзып, сені сүйейін деп.
Атам сені алыптай ер деп еді,
Сынадым айтқан сөзін білейін деп.

Арқалық, бәрекелде ер екенсің,
Көргейсің ерлігіңнің берекесін.
Тепкенде темір үзер батырым-ай,
Қор болып қазағыңда жүр екенсің! ”

Сегіз кез жол болсынға торғын берді,
“Қолдасын, – деп,– тәңірің сендей ерді.
Майға илетіп пісірген бір тұлып нан,
Соны алып аман есен жөнел деді.

Қош айтып ханшамен, жылай бастым,
Ас үйге кіріп келіп, есік аштым.
Нан алдым, қазанда тұр ыстық күріш,
Салып ап бір кателмен алға астым.

Қақпада Көкала ат тұр қойған байлап,
Жөнелдім байлап кеткен Жұбайды ойлап.
Байлаудан көпірдегі босатып ап,
Жөнелдім ол арадан а құдайлап.

Көшеден біз де шықтық – жың атылды,
Барабан қағып, жамбыл шулатылды,.
Келеміз Көкала атқа міңгесіп ап,
Жануар, алып ұшып ырғатылды.

Таң ата шаһар шетіне біз де шықтық,
Алуға еруленіп аттан түстік.
Күріш жеп, бір азырақ әл шақырып,
Алған соң, ымырт түсе тауға жеттік.

Бір шатқа кеп бекіндік түнде жатып,
Сарғайып қалған екен таң да атып.
Жұбайдың ақбұрғыдан мойны жара,
Сарнайды ол, қатты жүрсе, ірің атып.

Бекініп, күңдіз жатып, түнде жүрдік,
Он күн жүріп, құла дүз иенге кірдік.
Ой кеңіп үнемі алға жылжуменен,
Тал түсте біз бір заңғар тауға келдік.

Отыр ек қарауылдап тау басында,
Бөктерлеп біреу басты бізге асыға.
Келейін дедім оның атын алып,
“Әй, Жұбай, отыра тұр сен осында”.

Мініп ап, Көкала атпен жетіп бардым,
Қалмақты батырсынған зекіп қалдым:
“Қап, бәлем, жатқызармын жерге бүктеп! ”–
Дедім де, қылышпенен салып қалдым.

Атының басын іркіп тұра қалды,
Адам деп мені ойына құрамады.
Шап беріп жауырыннан жұлып алып,
Көлденең ер қасына бүге салды.

Жетектеп Көкала атты жүріп кетті,
Алдына мені өңгеріп селкілдетті.
Ердің ері тақымға басад деуші ед,
Басыма келді ғой деп күлдім кекті.

Күлгенде қалмақ кенет тұра қалды,
Басын шайқап, мойнын маған бұра қалды.
“Өлімге келген адам күле ме? ”– деп,
Алдынан алып жерге қоя салды.

Кәперсіз әлгі жерде аттан түсті,
Қорқатұғын ер емес, тым-ақ күшті.
“Атың жайдақ, ерің жоқ, есірмелі,
Қуып жүрген қазақсың қандай істі? ”

“Мен – қазақпын, Арқалық, – атым,– дедім,
Төренің төлеңгіті затым,– дедім.–
Әжі төре дүрбіттен жылқы алдырып,
Ежен ханға ұстап берген тартуы едім”.

Арқалық естуші едім мен де сені,
Кісі өлтірген кінәңа хан не деді?
Атым Қоңқа, қалмақтың батыры едім,
Сенімен сөйлесейін мен де енді.

Өлтіріп не қылайын ер екенсің,
Ханнан қашып жаныңды ап жүр екенсің.
Қызығып атыңды алсам, екі адамсың,
Елге жетпей, екеуің жолда өлерсің”.

“Әй, Қоңқа, батыр болса затың қалмақ,
Жан келді, арып-шаршап, түсіп салмақ.
Жолдасым далада отыр жаяу қалып,
Болып едім төңкеріп атыңды алмақ.

Елім керей, әлі алыс айшылық жер,
Көрген адам өлтірмей, неге ескерер.
Тірі барсам, батыр, мен ұмытпайын,
Ер болсаң, жаяу қалыл, атыңды бер! ”

“Жақсылықка жақсылық әр кісіден,
Жамандыққа жақсылық ер кісіден.
Әй, шіркін, жеңіп айтсаң, ер екенсің,
Берейін, жаяу түсіп, атымды мен.

Тақымға жастан басқан тұлпар еді,
Шапқанда құс қалдырған сұңқар еді.
Еліңе аман барсаң, әй, Арқалық,
Атымды осы күзде қайтар! ”– деді.

Азығын алдыма әкеп тоса берді,
От жақ деп шақпағын да қоса берді.
Үш күндік қоржын толы азық алып,
Дос болып құшақтасып, жаяу жүрді.

Қоңқаның тұлпарына мініп алдым,
Жетелеп өз атымды қосарға алдым.
Бейшара, тауда отырған жұбайыма,
Қуанып, әлгі жерде жетіп бардым.

Қуанды, а құдайлап, Жұбай жылап,
“Барғанда қалмап па едің аттан құлап?
Қалайша атын алдың, ол кім екен?
Ұқтыршы”,– деді оның жөнін сұрап.

Жұбайға түсіндіріп айттым бәрін,
Батырға жетпеді деп менің әлім,
Салғанын атқа өңгеріп қаңбақтай ғып,
Шылбырын атының да қолға алғанын.

Әлімнің жоқ екенін сонда аңғардым,
Күшіне сол қалмақтың мен таңғалдым.
Ердің ерін көрсеңдер тақымында,
Дегенді сақ-сақ күліп айтып салдым...

Бәрін естіп жылады Жұбай соңда:
“Әй, шіркін, ер екен ғой толған сынға.
Жарам жаман, жетем бе, жетпеймін бе,
Қоңқаны,– деді,– өлгенше сақта ойыңда”.

Жұбай ер Қаракерге мінді жайлап,
Кілем сап, Көкала атка міндім жайдақ.
Бізбен жау дүрбіт қалмақ жер шегіне
Біз шерлі азар жүріп жеттік айлап.

Бір жерде тарлан ат тұр еріменен,
Жұбайға айттым: “жүре бер жөніңменен.
Салақтап екі аяғым жүре алмадым,
Ана атты әкеп мінейін ебіменен”.

Жүгіртіп Көкала атпен жетіп келдім,
Иесі бар шығар деп көңіл бөлдім.
Үзеңгіге келген атты атайын деп,
Сығалап жатыр екен, байқап көрдім.

Түсе ғап, айдарынан ұстай алдым,
Мен ғой деп дәл басына қанжар салдым.
Өлтіріп, дүрбіт екен аңға келген,
Тарланға ертоқымды мініп алдым.

Тарланға мініп шаба жөнелгенде,
Мергендер әрбір жерден түрегелді.
Қалмақшылап жау дүрбіт айғайлап ед,
Тарлан ат төрт тағандап тұра қалды.

Ыза боп соңда үстінен түсе қалдым,
Орайға қанжарменен бір-ақ салдым.
Өлтіріп қу Тарланды тастадым да,
Қайтадан Көкала атқа мініп алдым.

Мергендер тұс-тұс жақтан мылтық атты,
Оқтары қашсам-дағы келіп жатты.
Атыма астымдағы оғы жетіп,
Көлденең қос өкпеден тиді қатты.

Жығылды оқ тиген соң омақасып,
Жүгірдім аттан түсе жаяу қашып.
Жапсарлап бір жар тасты паналадым,
Жұбай ер соңда жылап келді сасып.

“Халым аз, жарам жаман, жүре алмаймын,
Құтқармас мінгескенмен, жауың дайын.
Қарайлал мені қимай, мерт боларсын,
Арқалық мына атқа мін, мен қалайын.

Сен кұтыл, мен қалайын осы жерде,
Кегімді аларсың сен барсаң елге.
Қаныма қан аларсың мына жаудан,
Бәрі кеп мені өлтіріп жатқан кезде”.

“Атыңменен жүре бер, қылма қауіп,
Жаяулап құтылармын ебін тауып.
Ұялас ит секіллі, құрбым Жұбай,
Тастамаспын, алмаса ажал тауып”.

“Қимағаның болмайды, құрбыжаным,
Жүрерге болар емес тіпті халім.
Жалғыз едім, жайрадым төре үшін,
Сәлем айт ел-жұртыма түгел бәрін.

Қатыным екі қабат қалып еді,
Ұл туса, Жәдігер қой атын,– деді,–
Қыз туса, біреуменен күнін көрсін,
Өшкен соң ақыр менің атым”,– деді.

Жау келіп, соңда үстімнен тау кұлатты,
Аттан дел Жұбай мені қалжыратты.
Құлаған тас соқпады тұра қаштым,
Мен қашқан соң, Жұбайға жабырласты.

Біреуін ұрды Жұбай таспен басқа,
Домалап кеп жығылды соңда қасқа.
Төбелеп бөрі жайдай түскеннен соң,
Жан берді қайран Жұбай, амал қанша.

Мен сорлы мұны көріп шыдамадым,
Тұлпарға әлгі жерде қамшы салдым.
Жұбайды итше керіп жатқан жауға,
Тидім де тұс-тұсынан қанжарладым.

Өлмегені қашты енді тауға қарай,
Қанжарға осқылаған шыдай алмай.
Жау кетті, аттан соңда түсе қалып,
“Өлдің,– деп зар жыладым,– қайран Жұбай! ”

Құшақтап өлігін тек жылай берем,
Сереңдеп үшеу жатыр қоңыркерден.
Кайран дос, жан жолдасым, айрылдым”,– деп.
Зар жылап, бірге жаттым түніменен.

Қанжармен таң атқан соң қабыр қаздым,
Айрылдым жолдасымнан, бар ма лажым?
Өзімнің білгенімше жаназа оқып,
Басына жүктей-жүктей тас қаладым.

Жөнелдім, айрылдым да, жылап-жылап,
Сыйынып бір құдайдан жәрдем сұрап.
Белгі етіп бір шоқыға тасты жидым,
Тұлпардың жүрісіне дәтім шыдап.

Ай жүріп аман келдім керейлерге,
Алтай, Сауыр, Ертіспен қайран жерге.
Шарықты деген жерде тасты Тоспа,
Сол жерде салықшыға келдім түнде.

Салдыртып Тоспадағы елге келдім,
Кір жуып, кіндік кескен жерге келдім.
Оңаша бір қара үй тігулі тұр,
Үңіліп есігінен көз жібердім.

Туырлық қара құрым тұрған құрып,
Есігі бір жапырақ қойған түріп.
Үңіліп көзім салсам, шал Бөрібай –
Өз әкем отыр екен отты ысырып.

Көрген соң, шыдай алмай, қарғып түстім,
Әкемнің, дауысым шықпай, қолын қыстым.
“Төреден корықпай келіп сәлем бердің,–
Деді әкем,– жалғызымның досымысың? ”

“Ай, ата, жалғызыңды танымадың,
Мен Арқалық балаңмын соры қалың”,–
Дегенде бас сап сүйді әкем жылап,
“Сені ойлап қаусадым,– деп,– балапаным! ”

Түскі мал сауып жүрген жалғыз бала –
Әйелім келді жетіп ести сала.
Шуылдап құшып-сүйіп мауқын басты,
Қуанды көріп аман, естен тана.

Аздан соң есім жиып, мен жайландым,
Қара үйге халқым көрдім жиналғанын.
Жұбайдың әйелі кеп: “Құрдасым-ау,
Жолдасың қайда қалды? ” деп зарланды.

Бере алмай бұған жауап, әлім кетті,
Естірту қандай қиын қалың дертті.
Бас салып біраз жылап көріскенде,
Тұра алмай, қайғы меңдеп, әлсіретті.

Жұбайдың әйелінің жылағаны

“Құрдас-ау, қайда құрдасың,
Жасыңнан құрбы сырласың?
Жарты құрт болса, бөліп жеп,
Бір өлем деген мұңдасың?!

Қалды ма қаздай адасып,
Жүруші едің жарасып.
Қалың жаудан қайтпаушы ең,
Тізе қосып ұнасып.

Жолда өлсе, қолдан қойдың ба,
Қалмақтың жауы сойды ма?
Далада қалып көмілмей,
Көздерін қарға ойды ма?!

Ажал жетпей тұтылмас,
Құрдасыңның қайғысы.
Өлімнен адам құтылмас,
Өлгенше бізден ұмытылмас.

Құрдас-ау, сенен сұрадым,
Шыдай алмай жыладым.
Құрдасың жоқ, жалғыз кеп,
Таусылғандай лажың”.

Көрісті жарын жоқтап өксіп жылап,
Жұбайдың қаза тапқан мәнін сұрап.
Қарақас, ботақара, салықтыға
Қалдырмай уақиғаны айттым сырлап.

Қайғырды ботақара бәрі жылап,
Тамсанды ерлігінің бәрі ұнап.
Жұбайдың қанына қан аламын деп,
Төреге басым бәйге тіктім шыдап.

Бәйметей Салқыда үлкен ақыл қылды,
Жиылып ботақара кеңес құрды.
Танытамын бейсенбі күн біліп алып,
Екі елдің бәтуесын күтіп тұрды.

“Білгізбей, Арқалықты жасыралық,
Күндіз тығып, түнде әкеп асыралық.
Бәйметей:– Мен барайын, біреуің ер,–
Деді,– ақыл екі биден біз сұрадық”.

Бәйметей осылай деп биге кетті,
Мен жүрдім жасырынбақ ойнап епті.
Жұбайдың әйелі кеп ақыл сұрап,
“Жұбай маған не айтты? ”– деп кеңес етті.

“Жолдасың Жұбай саған сәлем деді,
“Жалғыз ем! ”– деп артына елеңдеді.
Сүйген жар екі қабат қалып еді,
Ұл туса, бақсын,– деді де еміренді.–

Қыз туса, ерге тисін күнін көріп,
Ұнасар сүйгеніне өзі біліп.
Ұл туса, Жәдігер деп атын қойсын,
Асырар,– деді сені,– мейірін төгіп”.

Ұл екен – атын қойды Жәдігер деп,
Мәпеледі мейірге ана бөлеп.
Жұбайдың айтқан сөзін бұлжытпастан,
Күн көрді маған олар иық сүйеп.

Бәйметей екі биге барып кепті,
Ақыл сұрап, ақылын алып кепті.
“Төреге амандаса біз барамыз,
Кідірмей Арқалық та жетсін,– депті.–

Ауылға шауып келіп ұран салсын,
Есігін найзаменен турап салсын.
Жұбайдың кегін өлген аламын деп,
Қанжармен босағасын бірер шапсын!–

Бір өлім, ханға найза саламын деп,
Қанға – қан, Сейілханды жарамын деп.
Қалмаққа тағы байлап берерсің сен!
Қанымды оған шейін аламын деп! ”

Астыртын бұл ақылды Бежең берді,
Төренің ауылына олар келді.
Қоңқаның Қарагерін мініп алып,
Ту алып, ер Арқалық жалғыз жүрді.

Төреге керей келді басын құрап,
Бәрі кеп төресінен ақыл сұрап,
Төре мен қызылтасты тағы да отыр,
Қауіпсіз бұрынғыдай басын бұлдап.

Тал түсте айқайлаған дауыс шықты,
Бір жігіт асып-сасып ханға зытты.
“Қолында ту, ұран сап ер Арқалық
Айқайлап келіп тұр”,– деп хабар етті.

Бежең айтты: “Арқалық қайдан келсін,
Өлтірмей қалмақ неге қоя берсін.
Аққу тиген дуадақ айғайлағыш,
Сол шығар”,– деп сөйледі Бежең шешен.

Сол кезде төре үйіне шауып келдім,
Есікті найзаменен түре бердім.
“Төре қайда, қан қылып өлтірем”,– деп,
Босағасын төренің тілгіледім.

Керейден төре көңілі суып кетті,
Ұран сап, керей үйден шығып кетті.
Төре шошып, Арқалық өлтіред деп,
Астына жүкаяқтың кіріп кетті.

Ел бөгеп, мені соңда жібермеді,
“Ұста! ”– деп Бежең жылдам түрегелді.
“Төрені шауып жатыр” дегенді естіп,
Жан досым, алып-ұшып, Тәти келді.

Тәтекең келісімен ақыл берді,
Сөйледі жеңгесіне мына сөзді:
“Бір түйеңді алдырып, бір кілем жап,
Жүр, екеуміз баралық батырға енді”.

Қара нарға кілемді жауып салды,
Сусын алып, жеңгесін ертіп алды.
Дос еді Тәти төре қүшақтасқан,
Аттан түсіп, алдынан күтіп алдым.

Екеуміз Тәтименен құшақтастық,
Жас ағып көзден мөлдір бұршақтасты.
Сусын беріп: “Батырым, ашу бас”,– деп,
Достықпен Тәти төре жөн сұрасты.

Сөйледім Тәтиге бар көргенімді,
Қор болып, жолда Жұбай өлгенін де.
“Жұбайдың қанын алмай тоқтамаймын,
Сейілхан бізді салған сергелдеңге”.

“Ей, батыр, қанды қанмен жумайтұғын,
Бежеңмен мен ақылға бұлдайтұғын.
Берейін, Бежең айтсын мұның жөнін,
Билігін ешкім сынап бұзбайтұғын”.

“Жарайды, қалауыңды бердім,– дедім,–
Белгі алмай үйге мынау мен кірмеймін”.
Бежеңе Тәти мұны баяндап еді,
“Он екі белгісін бер ердің! ”– деді.

Төреден үй тігілді, керей түсіп,
Он екі белгі берді алға тосып.
“Ердің құны екі жүз жылқы еді,– деп,
Билігін айтты соңда Бежең кесіп.–

Елу бесті төреге жолға кешсін,
Елуін басқа керей тілім етсін.
Қарақас, ботақара иесі ғой,
Жұбайдың құнын алып, о да бітсін.

Бұл жұмыс екі күнде тынсын,– дейді,
Өшікпей, батырың кеп сүйтсін,– дейді.–
Қалмақ іздеп алам деп тағы келер,
Арқалық жанын сақтап кетсін”,– дейді.

Төремен осылайша бітім болды,
Жұбайды ойлап, жүрекке қайғы толды.
Найын тартып қьздырып отырдым да,
Санына Сейілқанның салдым қолды.

Ұстап ап, Сейілқанға салдым таңба,
Жұбайдың қаны бітті деп ойымда.
Бәйметей бұны есітіп, айтты маған:
“Арқалық, Қоңқаға кет, тұрма мұңда.

Тұлпарын апарып бер, сөзін жұтпа,
Қалмақ келсе, іздетер жалпақ жұртқа.
Ер екен шіркін Қоңка атын беріп,
Бұл жұмыс не болар деп ақыл сұра”.

Қосарға таңдап тауып бір ат алдым,–
Қоңқаның Қаракерін мініп алдым.
Жұбайдың басына кеп бір күн түнеп,
Айрылған Қоңқаменен жерге бардым.

Сонан соң Қарадоңғал тауға келдім,
Далаға таудан түскен түйе көрдім.
Бір бала жүр далада түйе жайып,
Жөн сұрап, қасына кеп: “Сен кім? ”,– дедім.

Бала айтты: “Мен қалмақпын түйе жайған,
Қоңқа батыр түйесі, болма қайран,
Атын танып, сұрауға батпай тұрмын,
Айтыңыз, кім едіңіз, жөнің қайдан? ”

“Жөнімді айтсам, батырдың досы едім,
Таныдың, достың аты осы,– дедім.–
Батырдың бұл күндерде өзі қайда?
Қарағым, білсең, маған айтшы”,– дедім.

“Батырың үйінде, – деп берді жауап,
Той қылып күндіз-түні жатыр дулап.
Жүз үйді көшіріп кеп ханнан бұзып,
Сауық-сайран құруда неше ғажап! ”

“Хабар бер, мен тұрайын түйе бағып,
Келді деп Қоңқа досқа ер Арқалық.
Басқаға айтпа, батырдың өзіне айт”,– деп,
Жұмсадым түйешіні қолқа салып.

Түйеші Қоңқа кетті қайта шауып,
Батырға кеп білдірді ебін тауып:
“Арқалық деген қазақ досыңыздан
Мен сізге келдім,– деді,– хабар алып”.

Жөнелді батыр естіп атқа міне,
Сайлауыт саулап шапты қалмай бірге.
Түйе жайып Арқалық отыр еді,
Қоңқа келіп көрісті әлгі жерде.

Атының құшақтады мойынынан,
Тұлпары кіре кетті қойынына.
“Арқалық, разымын, үйге жүріп,
Тілеулі тамақ іш,– деді,– біздің тойдан”.

Аулына сауылдасып ертіп келді,
Қалмақтар таңырқасып мені көрді.
“Ханменен қарсы келіп ерегесіп,
Әкелдім жүз үй қалмақ енді,– деді.–

Атымды, ер екенсің, әкеп бердің,
Арқалық, бастан-аяқ бәрін білдім.
Жолдасың жолда өлсе, қаза шығар,
Төреңнен құн алыпсың тауып жөнін.

Арқалық, тыңда, біраз ақыл салам,
Төренің бас өкпесі бір ат саған.
Төреңе келер сені тауып бер деп,
Басыңа түсер сонда ақыр заман...

Құлақ түріп жатайын қалмақтарға,
Шықса іздеуші барайын Сауыр тауға.
Тағы да ұстап берсе, жолын тосып,
Соғысып, айырайын барып жауға.

Сауыр менен Сайқан тау бәрін білем,
Сайқанда он кісілік үңгір көргем.
Бекініп сол үңгірге мен жатайын,
Күйің келсе, сен тілдес сол үңгірден.

Бір атты ақыл айтқан биге берсең,
Өз тұлпарым берейін өзің мінсең.
Жұбайдың бейітіне соған шейін
Бала батыр жеткізер сені есен”.

Он күндей бірге болдым досымменен,
Қоштасып, ақыл айтты мәні терең.
Жұбайдың бейітіне әкеп салды,
Айдасып бала батыр қосымменен.

Үш айдан соң қалмақтан шерік келді,
Байлаулы бала құстай мен бір шерлі.
Сауырға келсем жетіп уағдалы,
Алдымда көрдім тұрған Коңқа ерді.

Шерікке төре-қара былай деген:
“Талығып жолда өлді Жұбай деген.
Арқалық аштық өтіп, мұңда өлді”,– деп,
Біреудін көрден алып басын берген.

Көрсетті Жұбай көрін ел боп барлық,
“Басты алып кетті шерік”,– деп Арқалық.
Екеуміз Қоңқаменен Сауыр тауда
Сау қалған қуанышқа той жасадық.

Жөніне кетіп қалмақ, аман қалдым,
Қоңқаны – батыр досты қасыма алдым.
Екі батыр бас қосып Алтай, Сауыр,
Жер шарын батырлықпен араладым.





Пікір жазу