17.08.2021
  158


Автор: Тоқаш Бердияров

Экспертиза

Заң институтының студенті Әкімбаев Ешназар қалалық асханалардың бірінде тамақтанып отыр. Жұмыс басты боп жүріп, ашығыңқырап қалған ол, майлы, ыстық борщтың екі-үш қасығын үстін-үстін қылғытып салды. Жылт-жылт еткен шұжық, сана жапырағы, қуырылған пияз тарелке бетінде жүзіп жүр. Жылп-жылп еткен қасық та бұлжытпай өз қызметін атқаруда. Егер, қарныңыз аш болып, бұл көрініске сырттай қарап тұрсаңыз, еріксіз тамсанар едіңіз. Тамақтанушының асқа деген ынтасы ғажап! Борщ дәмді-ақ!


Сол-сол-ақ екен, кенет Ешназардың астыңғы ерні дүрдиіп, мұрны тыржиып, бадырақ көзі біртін-біртін жұмыла бастады.


Жұтқыншағы бүлкілдеп, лоқсып-лоқсып жіберді пақыр. Ол даяшы қыздан асхана меңгерушісін шақыруды өтінді.


Мықындары бұлтылдап, иығынан дем алған зор денелі сары әйел жапа шеккен студент жігіттің қасына жетіп келді. Ешназарды жақтырмағандай оған кекшие қарады ол.


— Асхана меңгерушісі мен. Шаруаңызды айтыңыз!


— Сіздерде қара қасты, ұзын кірпікті, қараторы келіншек жұмыс істей ме?


—Иә, істейді. Аты — Катя... Оны қайдан білдіңіз?— деп, әлгі меңгеруші әйел жуан, торсиған саусақтарын сүбесіне апарды. Саусақтары былқылдақ бөксеге жартылай батып кетті.


— Оны мынадан білдім,— деп студент жігіт қасық ернеуіндегі қыл-қыбырды көрсетті.


— Жігітім, біз асқа қой етін саламыз. Қой болған соң, әрине, онда жүн де болады. Қанша тазалап жусаң да, бірен-саран жүн-жұрқасы кетеді емес пе?


— Қымбаттым, мен қойшының баласымын. Қой жайын жақсы білемін... Байқап қараңыз, бұл қой жүні емес!..


— Енді ненікі деп ойлайсыз?.. Бүйтіп қылжақтамаңыз. Мен бастықпын. Саудаласуға уақытым жоқ!..


— Бастық болсаңыз, Катяға ескертіңіз, қазан басында қасын, кірпігін термесін.


Асхана меңгерушісі абыржып қалды. Бұғағы бүлкілдеп, сенімсіздік білдіргендей, қыл-қыбыр бар қасықты қолына алып, шұқшия қарады.


— Бәлле!.. Шырағым-ау, бұл шыбынның сирағы ғой!


— Шыбынның сирағы бүгіліп тұрады. Ал бұл садақша әнтек қайқиған,— деп Ешназар жеңістік бермей, сазарып тұрып алды.— Абайлап көріңізші, үш жағы жіп-жіңішке де, түп жағы жуан, түсі — ақшыл. Демек, бұл — Катяның кірпігі немесе бір тал қасы болар деп топшылаймын.


Бастық әйел қатты састы. Шын жеңіліс тапқандай шырай білдірді. Екі ұрты бүлк-бүлк етіп, қаһарлана ашу шақырды.


— Катя!..


Катя лезде жетіп келді. Ешназар оған сүзіле қарады; айтқандай-ақ, жап-жас қараторы келіншек екен. Оң жақ қасының құйрық жағы илеген терідей көкшілденіп тұр. Ал екінші жақ қасы қою өз қалпында, ретсіз, жарасымсыз. (Бұ жағын күзеп үлгермегенге ұқсайды). Катяның омырау қалтасы өрескел томпайған. Жұрттың көзі еріксіз соған түседі.


— Мынау не?— деп оның омырау қалтасынан айна-тарақ, сұқ қолдай жұқа темірді бастық әйел суырып алды.


— Іскек,— деп жауап қайырған келіншек, күнәһар жандай үнсіз төмен қарады.


Асхана меңгерушісі байбалам салды:


— Мұнымен қазанның қаспағын қырасың ба, немене?..


— Жоқ-ә... қасымды әдемілеймін,— деді келіншек күмілжіп.


Қазан басын туалетке айналдырғандарың не масқарашылық!.. Бұл не деген тәртіпсіздік!.. Демалыс күндеріңді неге пайдаланбайсыңдар? Сыланып-сипануға бір күн жетпей ме сендерге?..


Мына бір тал қасыңызды өзіңіз қайыра алыңыз,— деп Ешназар алдындағы ыдысын аспаз әйелге жайлап қана ысырды, мұрныңыздың ішіндегі жүн болмағанына мың да бір тәуба!..


Ыдысты қолына ұстап, өз кінәсін мойындағандай сөмпиіп Катя тұр. Оның қарсы алдында жұлқына сөйлеп, саусағын шошайтып асхана меңгерушісі.


Студент Әкімбаев жетекшісіз-ақ, өзінше, тұңғыш рет «Диплом жұмысын» қорғады.


Бұл асхананың номерін, қай көше, қай мекемеге бағынышты екендігін тәптіштеп, дәлелдеп, жатудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. (Мұндай бейжай һадисаны есіткен соң, бұл асханаға бас сұқпауларыңыз ықтимал). Мүмкін, қазір осы бір асханамыздың тағам-талғамы, хал-тазалығы жақсарған да болар... Амандық болса, оны барып көрерміз...





Пікір жазу