17.08.2021
  145


Автор: Тоқаш Бердияров

Шеміршек

Қайранмын, қайдан оқыдым екен? Әлде Ахмад Сайдттен бе, әлде жай әншейін бір жиын топта айтыла салған анекдот па? Әйтеуір, мына бір әңгіме есімде: Бір кісі базардан самса сатып алып жеп отырса, ішінен майға қуырылған баданадай қара шегіртке шығады. Әлгі кісі сатушыға: «Мұныңыз не?»— деп ожырайған екен, сатушы аспай-саспай: «Е, бұл біздің жақтың мейізі ғой»,— депті де, кәдімгі шегірткені жиіркенбестен аузына сүңгітеді де, қылқ еткізіп жұта салады.


Бұл болған мәселе ме немесе бір қаламгердің еңбегі ме, әлде қызықшылық үшін айтыла салған қысыр әңгіме ме, о жағы беймәлім. Тіпті, онда менің шатағым да жоқ. Ал дәл осындай оқиғаға тап болғаным ақиқат.


Бір күні тамақтанайыншы деп, өзіміздің үлкен мейманхананың астыңғы қабатындағы кафеге кірдім. Ет араластырылған макарон мен айран алдым. Ашығыңқырап қалсам керек, екі-үш қасық асты өңешке үстін-үстін сүңгіттім. Несін айтасыз, бәленің бәрі төртінші қасықтан шықты. Төртінші қасықты асап салған замат-ақ шәймеңдеп кеп тұрып қалдым. Оған себеп, қатқылдау бір зат тісіммен қақтығыса берді. «Сүйек болар» деген оймен о затты стол үстіне қойып, алдымдағы дәмді асқа қайта оңтайлана беруім мұң екен, қасымда тамақ жеп тұрған екі әйелдің көздері ажырайып, бет-әлпеттері тыржиып, лоқси бастады. Әлгі келіншектің бір жасаураған көзін сүртіп жатып:


— Мынау, тарақтың сынығы ғой!— деді, мен тастаған затты нұсқап.


— Ойбай, беті құрысын!—деп екінші әйел тамағын тастай салып, зытып барады.


Терлеп-тепшіп аса бір ғаламат ыждыһатпен ас ішіп отыр едім, көңілі түскір әрі-сәрі боп, лезде бұзылып-ақ кеткені. Терімді сүртіп, жайлап стол үстіне көз тастадым: бармақтай аппақ пластмасты. Демек, бұл химия дүниесіне жатады! Бұл затты жұтуға болмайтынын өздеріңіз де сезіп отырған шығарсыздар. Әрине, құрсаққа қиянат жасамау керек!


Кафе іші ыру-дыру. Қасымдағы әлгі белсенді келіншек даяшыларды, аспаздарды аяғынан тік тұрғызды. «Актілеу керек»,— деп барады әншейін.


Қысқасы, бәленің бәрі төртінші қасықтан шықты. Яғни, менен шықты. Жұртқа білдіртпей, со қырсықтың көзін жоғалтып жібергенімде ғой, бәлкім, мұншалықты дау-дабыра тумас пе еді, әлде қайтер еді? Мықтап бір сыбап алып, көзін жоғалтатын кішігірім шыбын-шіркей де емес... Баданадай химиялық зат! Ой, тобай!..


Кафе меңгерушісі — Хозунович столда жатқан құйтақандай пластмасты алды да, әрі-бері шұқылап керіп:


— Азамат, бұл қойдың шеміршегі!—деді беті бүлк етпестен.


— Мүмкін, кеңірдегі болар?— дедім мен.


— Сізге чахохбили әкеп берейін бе?— деп лып ете қалды Хозунович.


— Рақмет!


— Әлде үйрек етін жейсіз бе?


— Үлкен рақмет!


— Ромштекс, бифштекспен қалайсыз?— деп құрдай жорғалады ол.


— Ойпырмау, айттым ғой сізге, ешқандай «штексіңіздің» керегі жоқ деп. Тыныштық беріңізші, адалдықпен айранымды ішіп алайын.


Мені өз икеміне келтіре алмаған Хозунович:


— Сіз бүйтіп жұртты арандатпаныз,— тәбетін бұзбаңыз,құр босқа даурығып...— деп сұстана қалды.— Керек десеңіз, бұл — шеміршек, тағы да қайталап айтамын — шеміршек, шеміршек!..


— Е, шеміршек болса, аузыңызға салып шайнаңызшы, көрелік екеніңізді! — деп қосарлана кетті менің қасымдағы белсенді әйел.


Сол сол-ақ екен, кафе меңгерушісі қолындағы қойдың «шеміршегін» аузына қағып салды. Кеңірдегін бүлк еткізіп, көзін ақшитты ол. Жұрт аң-таң. Апырай, растан-ақ жұтып жіберді ме ей? Мынауың барып тұрған сиқыршы екен, кәззәп екен!..


Тарақтың сынығы болды. Айғақ жоқ. Акті жазылмады. Біз жай-жайымызға тарқастық. Ресторан директоры ІІІәукереева әлгі сиқыршыға «шара қолданамыз» деп ол қалды.


Айтқандай-ақ, «шара» қолданыпты. Бірер тәуліктен соң, Хозуновичтің суретін «Құрмет тақтасынан» көрдік, Май мейрамында оған үстеме сыйлық та бергенін даяшы қыздардан естідік. Алла-тағала ақырын берсін!


...Күндердің күнінде менің бір жолдасым соқырішек боп, қалалық ауруханаға түскен-ді. Демалыс күні. Сүт- мүт дегендейін, оны-мұны алып, ақ халат киіп, досымның палатасына кіріп бардым. Қасында мосқалдау біреу жатыр. Жүзі таныс, бір жерде көрген сияқтымын. Ойпыр-ау, қайдан көріп ем?! Әрі ойлап, бері ойлап, ақыр соңында таныдым-ау!.. Өзіміздің баяғы Хозунович! Бір қызығы, ол мені таныған жоқ.


Бұл бейбақтың ауруханаға нендей сырқатпен түскендігі жөнінде жолдасымнан сұрап едім, ол маған мынадай анықтама берді.


— Өзім сияқты, бұл да соқырішек. Операция жасағанына үш күн болды. Өзі дөй бастық көрінеді. Келім-кетім адамдары көп... Соқырішек дегеніңіз, дәрігерлер үшін түк емес екен, бауырым!..


Жолдасымның әңгімесіне құлақ асқам жоқ. Осыдан бірер ай бұрын болып өткен кафедегі хикая есіме түсті менің. Қойдың «шеміршегін» жұтқан мына пақырды аяп кеттім. Бұл бейшара жұтпағанда қайтсін?! «Шағым кітабіңді бер, акті жазамыз!»— деп, біз дігірлеп тұрып алмадық па? Бұ мәселені бастаушы өзім және әлгі белсенді келіншек. Демек, сонда біз кінәліміз бе?.. Әй, қайдам! Мүмкін, бұл батырдың «шеміршек» жұтпаған да болар, кезімізді ала бере түкіріп тастауы да ықтимал?.. Дегенмен, жұртқа жамандық ойлап қайтейін, «жылдам сауығыңдар!» — деп оған да, досыма да іштей жылы ниет білдірдім.





Пікір жазу