17.08.2021
  191


Автор: Василий Шукшин

Етік

Қосалқы бөлшектер алу үшін қалаға келген... Сергей Духанин сондағы дүкеннен әйелдердің етігін көрді. Солақ екен, есі-түсі қалмады: әйеліне сондай бір етік сатып алмақ болды. Бір рет те болса оған келістіріп сыйлық жасауым керек қой деп ойлады. Әсіресе, мынау келісті сыйлық болар еді... Мұндай етікті ол түсінде де киіп көрген жоқ.


Сергей етікке қызыға қараған бойы сөренің әйнегін саусақтарымен шерте тұрып:


— Мына бір түтікшелер қанша тұрады? — деп сұрады.


— Қандай түтік? — Сатушы әйел түсінбеді.


— Мынау... етіктерді айтамын.


— Түтікше дегені неменесі... Алпыс бес сом. Сергей: "Ой-хой!.." деп жібере жаздап барып:


— Иә... Тұздығы тым күшті екен, — деді.


Сатушы оған ала көзімен қарады. Бұл сатушы дегеніңіз қызық жандар емес пе: бір килограмм кәдімгі тары сатса, бейнебір ұмыт боп кеткен қарызын қайтарып тұрғандай кейіп танытады.


Иә, қойшы, сол сатушысы бар болғырды, өзімен кетсін. Сергейдің қалтасында алпыс бес сом, тіпті жетпіс бес сом да ақша бар. Бірақ... ол тысқа шықты да шылым тарта тұрып ойға қалды. Егер адалына келер болсақ, бұл деревняның батпағына киер етік емес. Әйел оны, әрине, күтіп киеді. Бір жерге бара қалғанда. Айында бір рет киіп шығар. Онда да батпаққа — салмай құрғақта киеді. Ал мұның өзі қандай қуаныш. Етіктерді шамаданнан суырып алып "ки мынаны" дейді екен — соның өзі де зор ғанибет емес пе.


Сергей дүкеннің жанындағы дүкенге келді, сыра ішпек болып кезекке тұрды.


Бұл етіктерді көргенде әйелінің көзі оттай жайнап кететінін еске алып тұр. Зайыбы кейде, жас баладай, есі-түсі қалмай қуанатын-ды. Былайынша, жақсы адам. Бізбен бірге өмір сүру үшін төзім керек, төзім деп ойлады Сергей. Бір ғана ішкіліктің өзі не тұрады. Бала-шаға бар, ал шаруашылық ше. Жоқ, әйел дегендер төзімді жандар, бәріне де шыдай береді. Біз өйтіп-бүйтіп жан шақырамыз: ішіп алсақ, сәл де болса бой жазамыз, ал әйелдерде таңның атысы, күннің батысы тыным жоқ.


Ішкіштер әлсін-әлі "қайталап" кезек баяу жылжып келеді. Сергей ой үстінде. Мүсәпірситін несі бар, әйелі жалаң аяқ та жүрген жоқ. Деревнядағылар не кисе, соны киіп жүр... Рас, мынау етікте мін жоқ, жақсы, бірақ тым қымбат. Алып барсаң, алдымен оның өзі кейиді. Мұндай қымбат етік маған не керек! Одан да балаларға пальто сияқты бірдеңелер алмассың ба қыс болса жақындап қалды дейді.


Бір заматта Сергей екі саптыаяқ сыра алды да, оңашаға шығып жаймен сораптап тарта бастады. Тағы да ойға кетті.


Міне, осылайша күн көрудеміз жас болса қырық беске қарады, сонда да ештеңе етпес, бір кездерде жақсы тұрмысқа біздің де қолымыз жетер деумен әлі келеміз. Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Өстіп жүріп әлгі өзің барып жататын шұңқырға қалай келіп түскеніңді де білмей қаласың, ал бүкіл өмірің әлденені күтумен өтеді. Ондай күтудің сайтанға болмаса адамға не керегі бар, одан да қолдан келген қуанышты өзің-ақ жасамассың ба? Мінеки, ақша бар, көрсе көзің тоймастай етік тұр сатып ал да адамға қуаныш сыйла! Кім біледі, мұндай мүмкіндік екі айналып келмес те. Қыздарымыз болса бойжеткен жоқ не берсең соны киіп тоздыруға риза. Ал мынау дегеніңіз өмірде бір-ақ рет кездесер нәрсе ғой...Сергей дүкенге тартты.


— Әне біреуді беріп жіберші, көрейін, — деді ол сатушыға.


— Қайсы біреуді?


— Етікті.


— Оның несін көресің? Нешінші қалыпты етік керек еді?


— Мен көзбен шамалаймын. Қалып-салыбыңды білмеймін.


— Сатып алмақ болады, ал нешінші қалып керек екенін білмейді. Аяққа киіп өлшеу керек емес пе, бұл шәркей емес қой.


— Біліп тұрмын шәркей емес екенін. Онысы бағасынан да көрініп тұр, хе-хе...


— Онда қарайтын ештеңе де жоқ.


— Сатып алғым келіп тұрса ше?


— Қайдағы сатып алған, нешінші қалыпты етік керек екенін де білмейсің?


— Сіздің ондағы шаруаңыз қанша? Менің көргім келеді.


— Көретін дәнеңесі де жоқ, келген-кеткеннің бәрі бірдей көре бермек пе...


— Тоқтай тұрыңыз, аяулым. — Сергей ашуланды. — Мен сізге бір жеріңізді шешіп көрсет деп тұрғаным жоқ, оныңа менің қарағым да келмейді, сөреде жатқан етікті көрсет деп тұрмын.


— Сіз бұл арада көргенсіздік жасамаңыз! Ішіп алады да... бастайды, әри айдайды, түгі...


— Нені бастайды? Кім бастайды? Сіз маған ішкізіп пе едіңіз? Неге олай дейсіз?


Сатушы сыңар етікті оның алдына лақтырып тастай берді. Сергей оны қолына алып, әрлі-берлі аударып, қонышын сықырлата бұрап, жалтыраған ұлтанын саусағымен шертіп-шертіп көрді. Абайлап қонышына қолын да жүгіртті...


"Мынаның ішінде аяқ дегендер ұйықтап қалады ғой" деп қуанды.


— Бөлек-салағы жоқ алпыс бес қой?


Сатушы үндеместен, алушыны оқты көзімен ата қарады.


"Құдая тоба. — Сергей қайран қалды. — Мынау өзі маған иттей өшігіп алды-ау. Жазығым не сондағы?"


— Аламын, — деп салды ол, — сатушының жүзі тезірек жылысын деді ме, әйтеуір кідірген жоқ — енді қалай, оның көңілін текке аударып па бұл, етікті де алғалы тұр. — Сізге төлейін бе, әлде кассирге ме?


Сатушы одан көз алмастан тұрып жаймен:


— Кассаға, — деді.


— Тесігі жоқ алпыс бес пе, әлде тиын-сиыны да бар ма?


Сатушы одан көз алар емес, Сергей көңіл қойып байқай келе, оның көзінен ішіп-жеп қоярдай ашу отын көргендей болды. Сергей шошиын деді... Етікті үн-түнсіз орнына қойды да, кассаға бет алды. "Мұнысы несі?.. Дені сау ма өзінің мұнша неге ашуланады? Бүйте берсе күніне жетпей қатып-семіп қалады да".


Артық-кемі жоқ алпыс бес сом екен. Тиыны жоқ. Сергей ақша төлеген қағазын сатушыға әкеп берді. Көзіне көз тоқтатып қарауға батылы бармай, оның қушиған кеудесінен жоғары өрлете бір қарап қойды. "Ауру болса керек тегі". — Сергей оны аяп кетті.


Сатушы қағазды қабылдамады. Сергей оның бетіне тіктеп қараған еді, енді оның көзінен ашудың да, әлдебір тұншығып жадырағандықтың да нышанын байқады.


— Етікті беріңізші.


— Бақылау үстеліне барыңыз, — деді сатушы жәйімен.


— Оныңыз қай жақта? — деп сұрады Сергей де жай ғана, қатпа сатушыны өзінің де иттің етінен жек көре бастағанын сезе тұра.


Сатушы үндемеді. Бір қарап қойды.


— Бақылауыңыз қай жерде еді? — Сергей оған тура қарап жымия күлді. — Айтыңызшы? Қарамай-ақ қойшы маған, жан сәулем, қарамашы әйелім бар. Мені көрген жанның бірден ғашық бола кететінін сеземін, бірақ... амал нешік? Шыда, басқа шара жоқ. Айтпақшы, әлгі бақылауың қайда деген едің?


Сатушы аузын аңқайтып ашты да қалды... Мұндай пәлені ол күткен де жоқ еді...


Сергей бақылау үстелін іздеп кетті.


"О, тоба! — деп өзіне-өзі таңырқады. — Бұл қайдан келе қалды маған! Бұлайша да қатынды қатырып жіберуге болады екен ғой. Әрине, тектен текке де кейімейсің. Көрмейсің бе мені жеп қоярдай боп тұрғанын".


Бақылаушыдан етікті алған соң, Сергей ауылға қайтпақ болып автобазадағы өзінің жолдастарына келді. (Олар бір механик, екі шопыр өз машиналарымен келген-ді.)


Сергей күзет бөлмесіне келіп кірген бетте-ақ ондағылар мынауың не деп қолымдағы қорапқа жабысатын болар деп ойлаған еді. Бірақ Сергейге ешкім тіпті көңіл де бөлген жоқ. Қашанғы әдеттерінше өзара дауласып жатты. Сондағысы көшеде келе жатқан бір жас попты көрген екен, сол поптың қанша еңбекақы алатынын анықтамақшы. Беті шұп-шұбар, мөлиген бадырақ көз, жүдеу өңді Витька Кибяков елден ерек өзеуреп болмайды. Ол әбден қызыл кеңірдек боп, онымен де тұрмай басқалардың де жер-жебіріне жетуге кірісіп алған шағында көздері тап Витьканың өзіне үмітсіз мұңая қарап тұрғандай-ақ бұрынғы мөлиген қалпынан жазбапты.


— Сен білесің бе, оның дербес "Волгасы" бар! — деп кеңірдектейді Рашпиль (Витьканы Рашпиль деп те атайтын). — Олардың оқып жүрген кездегі алатын сипаттамасының өзі — жүз елу сом. Ұқтың ба? Шәкіртақысы.


— Оларда дербес " Волга " бары рас, бірақ ол жастары үшін емес. Сен өзің не айтып отырсың? Дербес "Волга" әлі... апостолдарға ғана беріледі. Апостолдарға да емес, әлгі біреулеріне... кім деуші еді онысын?


— Ұқтың ба? Апостолдардың дербес "Волгасы" бар дейді. О, меңіреу шіркін. Апостолшылын мұның!


— Шәкіртақысы жүз елу екен! Ал сонда еңбекақысы қанша болмақ?


— Немене, сонда ол ішпей-жемей көзге түрткі болмақ па? Тапқан екенсің! Бес жүз сом алатын шығар?


— Оның діншіл болуы шарт.


Сергейдің айтысқа кіріскісі келмеді, шынында айтысуына да болатын еді: бес жүз сом жас поп үшін көп. Бірақ сол үшін қазір айтысып жату керек пе... Жоқ, Сергейдің бұларға етікті көрсетіп қалғаны жөн. Ол етікті қорабынан алып қарай бастады. Енді поп жайына қалады.


Бәрінің де үні өшеді. Жоқ, өшпеді. Етікті көрді де қоя салды. Отырғандардың арасынан тек біреуі ғана — бере тұршы деп қолын созды. Сергей етікті берді. Шопыр (бейтаныс) етікті қолына алып, хромын сықырлатып, ұлтанын темірдей тырнағымен тырсылдата шертіп көрді. Етіктің аппақ қардай жұп-жұмсақ қонышының ішіне күйелеш қолын да сұқты... Сергей етікті оның қолынан алып:


— Поршыныңды қайда сұғып жатырсың? — деді. Шопыр күлді.


— Кімге алдың мұны?


— Әйеліме.


Сол-ақ екен, бәрі де тым-тырыс бола қалды.


— Кімге дейсің? — Рашпиль қайыра сұрады.


— Клавкаға.


— Бере тұршы?


Етік енді қолдан-қолға өте бастады: бәрі де сол баяғы қонышын бұрап, ұлтанын шертіп жатыр... Қонышқа қол сұғуға батылдары бара қойған жоқ. Тек қонышты қусырмалап, оның үлпілдеген аппақ ішіне сығалап қана қарайды. Біреуі оны үрлеп те қалды. Сергей бұрын-соңды бастан өткізіп көрмеген тосын мақтаныш құшағында.


— Бағасы қанша екен?


— Алпыс бес.


Сергейге бәрі бірден таңырқай қарады. Сергей қысылыңқырап қалды.


— Денің сау емес шығар сенің?


Сергей Рашпильдегі етікті өз қолына алды.


— Пәле! — Рашпиль дүрсе қоя берді. — Серьега... сілтеген екенсің! Мұндай етікті оған несіне алғансың!


— Киеді.


Сергейдің байсалдылық пен сабыр сақтап сыр бергісі келмеген еді, бірақ іші қалтырап қоя берді. "Мотороллердің жарты бағасы ғой. Жарты бағасы" деген дүлей ой тап бола кетті оған. Алпыс бес сом мотороллердің жарты бағасы емес екенін біле тұрса да, бәрібір ол "мотороллердің жарты бағасы" деген ойдан арыла алмай қойды.


— Әйелің осындай етік сатып бер деп тапсырған ба еді?


— Тапсырды не, тапсырмады не? Саттым да алдым.


— Мұны киіп ол қайда бармақ? — Бәрі де Сергейді ортаға алып қағыта бастады. — Деревняда тізеден батпақ, бұл алпыс бес сомға етік алады.


— Бұл қыста киетін етік.


— Ал сонда мұнымен қыста қайда бармақ?


— Оның бер жағында, бұл қаладағылардың аяғына шақталып тігілген. Клаваның аяғына өмір-бақи сыяр ма. Оның киетін аяқ киімінің қалыбы нешінші еді? Бұған оның мұрыны ғана сиятын болар.


— Нешінші киетін еді?


— Кетіңдерші әрман!..Сергей шамданып қалды. — Сендер неменеге күйіне қалдыңдар?


Бәрі ду күлді.


— Обал емес пе, Сережа-ау! Сен ол алпыс бес сомды даладан тауып алған жоқсың ғой.


— Тапқан мен, керегіме жұмсадым. Сендер неменеге қара тер болдыңдар бостан-босқа.


— Әйелің саған резеңке етік әпер деген болар?


Резеңке дегенді есіткенде... Сергей одан бетер ашуланды.


— Одан да сол әлгі попты айналдыра берсеңдерші қанша ақша алады екен?


— Сенен көп алады.


— Отырып алып... әлдебір сайқалша басқаның қалтасындағы ақшасын санайсыңдар. — Сергей орнынан тұрды. — Басқа ештеңе таппағандай?


— Соншама неге күйіп-пістің? Кещелік жасаған екенсің, біз соныңды айттық. Оған несіне ашуланасың.


— Мен ашуланбаймын. Сен неге сонша мен үшін қам жей қалдың?! Көрсемші ондай қамқоршыны! Тым болмаса бұдан қарыз алсам екен-ау, әйтпесе немене...


— Қамқоршы болатын себебім, мен ақымақтардың ісіне немқұрайлы қарай алмаймын. Оларға жаным ашиды.


— Ашиды — құмырсқаның шаққанындай. Ашиды дейді ғой!


Осылайша әрлі-берлі сілкілестен соң бәрі де ауылға жол тартты.


Жол-жөнекей Сергейдің мазасын енді механик (екеуі бір келе жатқан-ды) алды.


— Әйелің ақшаны не әкел деп берген еді? — деп сұрады механик. Бұған жаны ашып, ешқандай кілтипансыз сұрады. Басқа бірдеңе әкел деген болар?


Сергей механикті сыйлайтын еді, сол себепті ұрысқа бармады.


— Ештеңе де әкел деген жоқ. Енді доғаралықшы осы әңгімені.


Бұлар селоға кешке таман келіп жетті.


Сергей ешкіммен қош айтыспады. Топқа қосылмай сытылып шықты да, үйіне қарай жалғыз кетті.


Қыздары мен Клавдия кешкі тамақтарын ішіп жатқанды.


— Неге мұнша кешіктің? — деп сұрады Клавдия. — Мен сонда қонып қалатын шығар деп ойлаған едім.


— Жүкті алып, одан автобазаға тасып... бұдан соң аудандарға бөліп біткенше сол болды емес пе.


— Папа, ешқандай базарлық әкелмедің бе? — деп сұрады тұңғыш қызы Груша.


— Не әкелетін едім? — Қайтып келе жатқан бетте Сергей мынадай тоқтамға келгенді: осыдан Клавдия ұрыс шығарып, қымбат екен, одан да бұл етіктің орнына басқа бірдеңелер... дей қалса... "Апарамын да құдыққа лақтырамын".


— Әкелдім, — деді ол


Үстел басында отырған үшеуі оған жалт қарай қалысты. "Әкелдім" деген сөз айтылған соң-ақ ол өзіне төрт сомға орамал, шыт немесе ет тартатын машина сатып алмағаны белгілі болды. Бәрі де Сергейге қарап қалған. Күтіп отыр.


— Анау шамаданның ішінде, Сергей орындыққа отырып, қалтасынан папирос алып жатты. Ол қатты қысылған еді, оны саусақтарының дірілдегенінен өзі де сезді.


Клавдия шамадандағы қорапты алып, ондағы етікті көрді... Электр сәулесімен ол бұрынғысынан да бетер жалтырай қалған. Қорап ішінде бейне бір күліп тұрғандай. Қыздары үстел басынан ұшып-ұшып түрегелді... Аузын ашып, көзін жұмып таң-тамаша қалған.


— Дәл маған арнап тіккендей екен! О, құдірет! Кімге деп алған едің!


— Саған, кімге болатын еді.


— Айттым ғой маған деп! — Клавдия отыра кеткенде төсек сықыр-сықыр ете қалды... Қаланың етігі ауыл әйелінің талқы аяғына киіле кетті. Бірақ аяқ әрі қарай жүрмей тұрып алды.


Сергей қатты қиналды. Сыймады. Қонышы тар боп шықты.


— Нешінші еді?


— Отыз сегізінші...


Жоқ, сыяр емес. Сергей орнынан тұрып, сығыстырып та көрді. Болмады.


— Қалыбы менікі...


— Сыймай тұрған мынау арасы. Қонышы.


— Бұл неткен соғынды аяқ еді!


— Тоқта! Аяғыңа жұқа шұлық киші.


— Қайдағы шұлық! Көрмейсің бе?..


— Иә...


— Қап-п!.. Бұл неткен аяғы түскір десеңші! — Қуаныш серпіні су сепкендей басылды.


— Әттеген-ай! Мына қарғыс атқан аяқты қайтсем екен! Бағасы қанша еді өзінің?


— Алпыс бес! — Сергей папирос тартты. Клавдия етік бағасын есітпей қалған сияқты боп көрінді Сергейге. — Алпыс бес сом деген де жетерлік баға.


Клавдия етікті олай-былай көріп, оның жып-жылтыр қонышын әлсін-әлі сипай берді. Кірпіктерін жас шылай бастаған... Ол етіктің бағасын есіткен де еді.


— Аяғы түскір қырқылып та қалсашы, — деп кейіді ол. — Бір рет сәті түсе қалған еді, оның өзі де... амал нешік.


Сергейдің жүрегінде күтпеген тауқымет тағы тоғысты... Аянышты. Естен сәл шыға бастағандай болған махаббат. Ол әйелінің етікті сипалап отырған қолын ұстады. Қысты. Клавдия оның бетіне қарады. Көзге көз кездесті. Клавдия ұялғандай боп езу тартты да, ертеректегі өзінің жас кезіндегідей-ақ басын сілки тастады. — Мұны ол ерекше серпінмен, қарапайымдылықпен, бірақ жарасымды назбен жасайтын.


— Кәне, Груша, сенің бағың бар екен. — Шешесі етікті қызына ұсынды. — Кел, өлшеп көре ғой.


Қызы сасып қалды.


— Бол! — деді Сергей. Бұл да басын бір сілкіп қойды. — Оныншы класты жақсы бітірсең сен ки.


Клавдия күлді.


Сергей әрқашан ұйықтар алдында ас үйдің босағасында тұратын аласа орындыққа отырып алып, соңғы шылымын тартатын. Бүгін де сол араға отыра қалды... Шылым тарта отырып ойға кетті, бүгінгі етік оқиғасын тағы да бастан өткізіп, оның ойда-жоқта тап болған, мәні зор шешімін еске алды. Көңілі жай тапқандай. Егер осы бір аяулы күйдің, осы бір сирек кездесетін мейман сәттің шырқын әлдене бұза қалса, қандай өкінішті.


Клавдия төргі үйге төсек салды.


— Кел, жат... — деді Клавдия.


Сергей қасақана үн бермеді, тағы не дер екен деп күтті.


— Серьгунь! — Клава еркелей шақырды.


Сергей орнынан тұрып, шылымын сөндірді де төргі бөлмеге келді. Өз-өзінен жымия күліп, басын шайқады... Бірақ ол "Клава етік сатып әкелген соң жайдары бола қалған екен" деп ойлаған жоқ. Әңгіме етікте емес, әрине, басқада...


Оқасы жоқ. Бәрі де орнында.





Пікір жазу