16.08.2021
  299


Автор: Мұхтар Мағауин

Бесінші түлік


Бес түлік малымыз бар — бірі шошқа,


Жаямыз табынымен, бөліп қосқа...


Колхоздасу кезеңіндегі халық өлеңі.



— Шошқа біздің ауылға тың көтеру науқанымен бірге келді, — деп бастады өзінің әңгімесін бір замандағы зоотехник, колхоз басқармасы, кейінде біргәді, бүгінгі ауылдың жасы үлкен ақсақалы Қабен. — Иә, әуелі тың көтердік. Тау ішіндегі біздің колхоз ең соңынан. Аудан есебімен алғанның өзінде. Жоғарыдан берілген жоспар — екі мың гектір. Бізде мың емес, мілион жер бар, әйткенмен, егіске жарамды екі жүз шықпайды. Бірақ жарлықты орындау керек. Тау басын, шақа тасты аудара алмайсың, бетегелі беткей, жусанды қырат — түреннің тісі төрт елі бататын жер түгел, ұсақ тасы мен сары топырағы араласып, ойылып-ойылып, ұзағынан, жалпағынан жыртылды. Оған қаншама тұқым — біздің ауылдың тарығып отырған жұртын жарым жыл асырайтын пәленбай тонна таза бидай себілді. Әрине, өз күшімізбен емес. Жүз тоқсан шақырым жердегі Нарыннан, одан да арғы, техникасы мол, әлдебір аудан, облыстардан, рас болса, тіпті, сонау қиыр батыстағы республикалардан келген орыс, украин, белорус жігіттері мен қыздары. Ышқынған, дарылдаған қаншама трактыр, ажал тістері ақсиған соқа, темір емшегімен жер сызған сепкіш, тағы соншама майшы, сушы, жүкші машиналарымен. Жыртты, септі, кетті. Арада ай өткенде кешегі жусанды қыр, бетегелі бел — бүгінгі жұт соққан тақыр топыраққа бес қылтанақ шықты. Әр жерден бір шалынған көк сабақтарды санап алуға болар еді. Жаз жаңбырлы болғанның өзінде бойы қарыс сүйемнен аспады. Күз түсті, күзбен бірге шұбыра тізіліп, сонау Нарыннан, одан да арғы аудан, облыс, республикалардан арандары ашылған бес, он, жиырма комбайн келді. Атыз-атызға бөлініп, астық жинауға кірісті. Атасының басы. Ойдым-ойдым, онысының өзі селдір, әр масағында бес-алты ғана дәні бар бидай комбайнның тісіне бірде ілініп, бірде ілінбейді. Топырақ қауып, тырылдап жатқаны. Ертеден кешке дейін бір бункерге жетпейді. Онысының өзі бидай мен тас аралас. Аршып алу мүмкін емес. Не керек, оншақты күнде барлық "астығымыз" жиналып бітті. Осымен біржола біткен шығар деп едік. Келер жылы тағы да ерте көктемде қара қарғадай жапырлап жетті, шатыр тігіп, май төгіп, бүкіл аңғарды боқтық пен айқай, шәлдір-шүлдір сөзге толтырып, өткен жылғы шаруасын бастады. Жыртты, септі, кетті, күзде тағы да топырақ қапты. Арғы жылы, одан соңғы жылдарда да. Соқыр дән түсім жоқ. Ал шығын шаш етектен. Ең үлкен сор — қарасаң көз тоятын қайран жердің шаң-тозаңы шыққан қу топыраққа айналғаны. Бірақ "тың көтеру" жоспары артығымен орындалып жатса керек. Ақыры, айқай саябыр тартып, науқан босаңсыған кезде, оншақты жылдан соң әрең тоқтатты ғой. Өзің де көрген шығарсың, — деді маған қарап. — Байқошқардың өзенімен, жоғары өрлеп жүргенде, қара жолдың оң қабағы, өзен жақ — қалың көде, ал сол қанат — Үшқызылдың тауы, одан арғы Буратигеннің етегі — көз көрім жер — өлі дала, тап-тақыр, қаңбақ пен қурайдың өзі сирек. Міне, елу жыл болды, оңалатын түрі көрінбейді. Мүмкін, бес жүз жылда оңалмас, — деді.


- Әңгімеміз шошқадан басталды, — дедім мен, ақсақалды өзіме белгілі жағдайдан беймәлім хикаяға қарай икемдеп.


Шындығында, шошқа мәселесі аяқ астынан көтерілген. Мен елдің бүгінгі жағдайы, тұрмыс-ахуалы, нарыққа, жаңа заманға икемделуі тұрғысында кеңеспек едім. Ақсақал себеп, салдар жоқ, бірден шошқа тарабынан бастаған. Енді шеті көрінген әңгіменің мәнісін білу керек еді.


— Иә, шошқа… — деді ақсақал. — Бәрі бір науқанның көрінісі ғой. Иә. Сол, жер жырту жаңа басталған кезде… жоқ, келер жылы. Мен жас едім, жиырмадан жаңа асқан, Талғардың ауыл шаруашылық техникумын бітіріп келгем, агроном мамандығы бойынша. Бірақ тың көтеру науқанына байланысты, облыстан жоғарғы білімді орыс агроном келіп, екі кісіге штат жоқ, мені ветеринар — колхоздың мал дәрігері қызметіне бекітті.


— Қалайша?.. — деймін.


— Солайша. Оқыған, техникум бітірген атым бар ғой. Менен бұрын осы ауылдың бір шалы атқарыпты. Әрине, қарадүрсін емес, малға қатысты ауру-сырқау, қазақы ем-дом жайын жақсы білетін бір ағамыз. Арнайы білімі жоқ, шаласауат шалды дипломды маманмен алмастырса несі бар?..


— Қисынды, — дедім мен. –Манағы қу тақырды он жыл қатарынан жыртқанмен салыстырғанда.


— Қазір көресің, — деді, — қайсысының қисындырақ екенін…


Сақалын сылап, жымия бере аз ғана бөгелді. Мен ауылдың кейінгі, кейінгі емес, жаңадан шыққан шалдарына таңырқай қарайтын едім. Бізден асса бір мүшел, әйтпесе бес-алты-ақ жас үлкен. Мектепте оқыған. Жоғарғы білім алсын, алмасын, жаңа заман, жаңа ауылда тіршілік кешкен. Бар болмысы ескіліктен аулақ. Ақыры, зейнет жасына жетіп, міндетті жұмысын тастап, демалысқа шыққан. Бір-ақ күнде баяғының шалына айналыпты. Өтіп кеткен, естелікке айналған әкелері мен ағаларының орнын басып. İште бұғып жатқан қазақшылық, ескілікті менталитет сыртқа теуіп, бетке шыққан.


Мен де еріксіз жымисам керек.


— Естімеген әңгімең сияқты, — деді Қабекең. — Ол кезде сен оқуға кеткенсің. Содан біржола кеттің ғой, анда-санда көрінгенің болмаса…


Ақсақал жанқалтасынан үшкіл, қоңыр-жағал мүйіз шақшасын алып, насыбай атты.


— Насыбайға қалай қарайсың? — деді сосын, шақшасын мезіретсіз, қайтадан қалтаға салуды ыңғайсыз көрсе керек. — Темекіден жақсы…


— Мен темекі тартпаймын, — дедім. — Насыбай… ойда бар еді, мұрсат келмеді. Бабы қиын, шаруасы көп…


Шындығында, кезінде мені тоқтатқан — бабы да, қиындығы да емес. Сүйекке сіңген қандай да бір ғадет — еріксіз құлдықтың бір түрі, онсыз да қиын өмірге қосымша салмақ түсірмек.


— Бәрі де мойындауға байланысты, — деді ақсақал. — Бейнетіне сай игілігі де бар. Көңілің хош, шаруаң түгел көрінеді. Оның үстіне… Міне, — деді аузын ашып, сәл-пәл сарғайған, бірақ бүтін, табиғи, қатар-қатар тізілген тістерін көрсетіп. — Бар тісім аман. Жетпісті еңсерген жасымда…


— Білем, — дедім. — Атам да насыбай атып еді. Сексен алты жасында, отыз екі тісі бүтін кетті.


— Иә, атаң… — деді Қабен ақсақал жадырап. — Насыбайы өзгеше болатын. Жапырақ темекіге қылшаның күлін үстейді. Қалаған кісісіне ғана шақшасын ұстатады. Ауылдағы ең жас насыбайшы маған тоқтау жоқ еді. Сол әдетпен бір күні насыбайға келсем, шақшасы не, қолымды алып, амандаспай қойды. Бүкіл ауыл сыртымнан күлсе, сенің атаң көпе-көрнеу жиреніп тұр...


— Қалайша... — дедім. — Неге?


— Шошқаның кесірі, — деді Қабекең ыржиып. — Әйтеуір үйден айдап шықпағанына тәуба. Ал әлдеқалай келе қалған Кәденді босағадан аттатпаған...


— Кім, кім? — дедім мен, сондай бір мүсәпір шал болғаны есіме түсіп. Әйткенмен ештеңе ұқпаған едім.


— Кәден. Шошқашы Кәден... Біздің ауылда алғаш рет шошқа баққан кісі. Тіленіп емес, амалсыздан, таршылықтан...


— Сонымен, — деді, — біздің жаққа кештетіп жетсе де, табандап орныққан "тың көтеру" науқанының екінші жылы. Аудан орталығында ауыл шаруашылығы активінің үлкен жиналысы болды. Облыстан арнайы уәкіл келіпті. Аудан басшылары, біздің іріленген тоғыз колхоздың бетке шығары түгел. Баяндаманы райкомның екінші секретары жасады. Сөз мәнісі — осыдан бір апта ғана бұрын Алматыда бізден де үлкен жиын өтіпті. Қазақстанға арнайы сапармен келген Хрущев, есімде жоқ, әлде стадионда, әлде ипподромда, мың сан халық алдында сөйлейді ғой. Өзі қып-қызыл мас. Әрине, кейінгі әңгіме. Анығы — кезекті тарихи сөзінің бір тұсында халықтар бірлігінің айқын, нақты көрінісі ретінде жылқы етіне шошқа майын қосып жасалған "Достық" дейтін керемет шұжық шығаруға нұсқау береді. Шикілей жейтін, жуан колбаса ғой кәдімгі. Жылқы болар, сиыр болар, қайткенде де шошқаның майы молынан қосылған. Енді даналық нұсқауды жүзеге асыру керек екен. Тек шұжық қана емес, шошқа майы, шошқа шаруашылығы тарабында.


"КПСС Орталық комитетінің Бас секретары, дүниежүзілік империализмге қарсы қайтпас, қайсар күрескер, әлемдегі баянды бейбітшілік жолындағы табанды тұлға, бес құрылықтағы үш миллиард халықтың бар үміті мен сенімін арқалаған және ақтап отырған біздің сүйікті Никита Сергеевич Хрущев жолдастың ақылгөй кеңес, кемеңгер нұсқауларын тікелей әрі нақты басшылыққа ала отырып, біздің, социализм орнатып болып, енді коммунизмге қарай алға басып бара жатқан Бұлғыртау ауданының еңбекшілері де тынымсыз өрлеу үстінде табыстан табысқа жете бермек. Өткен кемістіктердің орнын толтырып, жаңа биік, соны өріске шықпақ. Осы орайда, аудан шаруашылықтарындағы мал басын арттыру және бұрын арман етпеген жаңа өнімдерге жету үшін бесінші түлікке иелік жасауымыз керек, жолдастар! Күні өткен, келмеске кеткен феодализмнің төрт түлікпен ғана қалған тар шеңберінен шығып, бесінші түлік — шошқа жануарды бағып-қағып, молынан өсіруге қол жеткізейік! Партия нұсқау берді, біздің міндет — қалтқысыз орындау! İске сәт, жолдастар!" — Салтанатты баяндама осындай нақты міндет жүктеген көтеріңкі ұранмен аяқталды.


Бұдан соң, әдепкі тәртіп бойынша, бірнеше кісі сөйлеуге тиіс. Алдынала дайындалған, сөздерін қағазға жазып беріп, екі қайтара тексеруден өткізген үш-төрт колхоз бастығы кезегімен мінбеге шықты. Орындаймыз, аламыз, бағамыз, дер кезінде берілген дана нұсқау, қуаныштымыз деп, ежіктеп жатыр. Алдыңғы баяндама, кейінгі сөздерді тыңдап отырғанда мектепте мадақтап оқытқан бір әңгіме, соған сәйкес, арнайы жаттатқан екі ауыз өлең есіме түсіп, "талпақ танау" бізге де жетті деп, әлде мысқыл, әлде кекесін, жайбарақат жымиып отырғам. Сөзге жазылмағам, ондай құрмет тиер дәрежеге жетпегем. Жұрттың бәрі, тіпті, мінбедегі шешендердің өзі абыржыған, таңырқаған, екі дай сезімде. Бәрінің де жүзі салғырт. Сірә, мәз болып отырған жалғыз мен. Кенет... облыстан келген, райкомның баяндамашы және басшысы — екі хатшының ортасында найқалған дөкей уәкіл үшінші ме, төртінші ме, қатарда, көпшілік ішінде қамсыз, елеусіз отырған маған қарап саусағын шошайтты. "Мына жаңа талап жас жігіт сөйлесін!" — деді.


Сасқалақтап орнымнан тұрдым. Жетелеп сүйрегендей, мінбеге шықтым. Сосын... алдым — тұмандана толқып, жыпырлаған халық; танаулары сәңірейген, көздері бақырайған — тоғыз колхоздың барлық басшы, қосшы, озаты. Теңселіп тұрып қалсам керек, "Жаңа не ойлап, неменеге масаттанып отырдың? — деп сұрады уәкіл. — Менің байқауымша, — деді көпшілікке қарап, бұл — жаңа заманның жас маманы, бесінші түліктің мән-жайын жақсы білетін зоотехник болса керек."


Сөйтіп, дес бергенде, айтар сөзді уәкілдің өзі аузыма салғаны. Ағылдым да кеттім. Әуелі жаттанды өлең. Содан соң жадымда айрықша таңбаланған әңгіменің өзі. Соңғысын мысал ретінде, ықшамдап айттым. Тиесілі қорытынды — оңай еді. "Бұл шошқа жануар қазақ үшін айрықша құрметті бесінші түлікке айналуға тиіс. Біз — орыс бар, орман бар, бәріміз де совет адамымыз дейміз. Қазір орыстар жылқы етін жейтін болыпты. Ендеше, біз неге шошқа етін теріс көруіміз керек? Ұлы орыс халқының сүйікті асы — біз үшін де қастерлі. Тек ұлы орыс халқы ғана емес. Дүниедегі ең оқыған, алдыңғы қатарлы жұрттар — ағылшын, испан, француз — түгел шошқа етін жейді, шошқаның сүті... әй... еті... етінен неше түрлі тағам жасайды, сонда шошқадан жиіркеніп, артта қалатын біз кімнен кембіз! Жоқ, біз бейбітшілік сүйгіш алдыңғы қатарлы адамзатпен, оның ішінде ұлы орыс халқымен бірге боламыз!" — деп аяқтадым сөзімді.


Басы кібіртіктеп, ортасы көтеріліп, ақыры селдіреген қол соғу. Ал құрметті президиум мейлінше риза сияқты. Облыстан келген уәкіл мен мінбеден түсе бергенде тоқтатты. "Жақсы сөйледің, жас маман, — деді. — Тек... ағылшын, американ, француз империалистерінің оқу-тоқуы... соғыс мақсатына, еңбекші тапты қанау жағына ғана бағытталған. Олардың асыл тұқымды шошқа өсіре алатыны рас. Бірақ сол шаруашылық нәтижесі, одан түсетін барлық кіріс, бүкіл өндіріс атаулы тек бір-ақ мақсатқа — әлемдегі соғыс өртін тұтандыру мақсатына жұмсалады. Осыны ұмытпау керек," — деді биязы жымиып. Шошқа шаруашылығы туралы баяндама жасаған райкомның екінші хатшысы бас изеп, сәл-пәл жөткірініп барып, тағы бір қажетті ескертпе жасады. "Иә. Капитал елдерінде бәрі де үстем тап үшін. Еңбекші жұртқа түк те жоқ. Мәселеңки, қарапайым жұртқа әлгі асыл тұқымды ағылшын шошқасының сүбесі түгілі сирағы тимейді!.." — деді ыржия күліп. "Ол рас, — деді облыстық уәкіл, өзіне үстеме жасаған жергілікті хатшыға қабақ шыта қарап. — Ал бізде бәрі де еңбекші тап үшін, сендер үшін..." Екінші хатшы тұқыра бере қол соққан. Бірақ ешкім қостамады.


Мен де өзімді мейлінше кінәлі сезініп, орныма келіп отырдым. Жұрттың бәрі мысқылдай, тосырқап қарағандай көрінген. Артық қылам деп тыртық қылғаным күмәнсіз. Тек оқыған империалистер туралы ғана емес, бар сөзімде. Рас, мінбеге қалаусыз шықтым. Мектепте жаттатқан сабақпен ғана шектелу керек екен. Ары қарай өршелене дамытпай-ақ, партиялық шешімді мақұлдаймыз, қостаймын деп түйіндесе жетіп жатыр ғой. Ұят болды. Сонымен қатар өмірлік сабақ. Нұсқау, қаулы жөнінен, жаттанды сөзден бір елі таймаймын. Таптаурын соқпақтан сәл-пәл ауытқысаң бітті — қалай жағынсаң да жазықты болып шығады екенсің.


Атаулы жиынннан соң арада ай өтпей, біздің ауданға асыл тұқымды шошқалар келе бастады. Кеңсіріксіз танаулары талпиған, қамшы құйрықтары шиырылған, бітеу, жуан мойын, дүм қабырға, ортасынан кесілген емен шөркесіндей, тапалтақ, жұп-жұмыр, доп-домалақ, аппақ шошқалар. Сырты түксіз, терісі жалаңаш, бәрі бір қалыптан шыққандай, ажыратып тану мүмкін емес. Айыр тұяғынан басқа, адал малға ұқсайтын бір белгісі жоқ өзгеше мақұлық. Әр колхозға бестен.


Біздің ауылға бөлінген бесеуі де мегежін екен. Яғни, түгел ұрғашы. Әй, мынаның айғыры қайда дейміз ғой, бұқасы, яғни еркегі, қабаны. Қарап, танып түгендегеміз жоқ, қағаз бойынша. Тізімде бар, мұнда көрінбейді. İздеуіміз — азғана шошқаны тақау жылдарда еселеп өсіру міндеті қойылған. Түгел ұрғашы, қалай өседі. Сөйтсек, біздің "Жаңа тұрмысқа" тиесілі қабан бұқамыз көрші "Алғабас" колхозына ауысып кетіпті. Нарыннан топ-тобымен үлкен машинаға тиеп әкеліп, бөліске салғанда еркек, ұрғашысын айырмаған ғой. Бізге қатарынан бес мегежін, оларға үш мегежін және екі қабан. Біреуі біздікі. Қайтарып беріңдер, дейміз ғой. Айырбастап. Келіспеді. Шошқаларыңды қалай қашыруды өздерің ойлап табыңдар, айналдырған екі айғыр, біреуі әлдеқалай жазым болып кетсе, екіншісі бар, тұқымсыз қалғымыз келмейді депті. Яғни біз тұқымсыз қалуымыз керек. Сөзінің жөні бар. Біздің екі колхоз социалистік жарыста болатын. Енді озып шықпақ. Бірақ олар емес, біз оздық. Қашан, қалай құрсақтанғанын кім білсін, арада екі апта өтпей, шілденің басында қатарынан қоздап... ищай... қатарынан күшіктей бастады. Топырлатып.


Айтпақшы, бұлардың келуі, орналасуының өзі бір хикая. Әлгі жиыннан соң "шошқа фермасының меңгерушісі" деген ерекше мансап, пай-пай, қосымша, жаңа қызмет берілген маған. Колхоздың зоотехнигі әрі ферма бастығы. Қой емес, сиыр, жылқы, түйе емес, шошқа, айналасы бес шошқа болса да жеке ферма. Және маған бөлінген еңбеккүн қалған ферма меңгерушілерінікінен әлдеқайда жоғары. Әуелде жұрт таңырқады, өзім күлдім. Содан соң, ауылға дақпырты емес, тірі шошқалардың өзі келгенде шынымен абдырадым, бар күлкі көлденең жұртқа көшкен. Күлкі солықтай келе мазаққа айналды, мазақ солғындап барып, жиіркенішке ұласты. Бұрын шошқаның атын ғана естіген, асса суреттен ғана білетін ауыл адамдары алғашқы кезде зоопарк көшіп келгендей, жапырлай көрген. Машинадан түсірілген бетте ауыл шетіндегі ескі қоралардың біріне апарып қамап еді. Сынған есіктен сығалап, үңірейген терезеден қарап, ішектерін тарта таңырқап, мұрындарын баса жиіркеніп, қайткенде де мәз болған. Екінші күні ауыл ақсақалдары, ішінде сенің атаң да бар, колхоз бастығына барып, сұрап алмасаң да, мойныңа алған мына доңыз хайуанды алысырақ әкет, әйтпесе бұл ауылдан біз көшеміз дейді ғой. Әуелде мұндай артта қалған, санасыз қауымға ренжіген басқарма тез жұмсарып, іс мәнісін ұғындырады. Енді үш күн шыдаңдар, аулаққа, дайындалып жатқан арнайы фермаға әкетеміз дейді.


Онысы рас. Асыл тұқымды шошқалардың аудан орталығына жеткен хабары тиер-тиместен мен міндетті әрі жауапты қызметіме кірісіп кеткем. Колхоз орталығынан құнан шаптырым жерде, өзеннің жоғарғы ағысында тоғайлы, қамысты, табиғаты бай, Мысық деген қыстау бар еді. Қой фермасының бір пункті. Енді шошқа фермасына берілді, басы бүтін, аумағы, атырабымен. Малшымыз — манағы Кәден дейтін шал. Құлағы саңырау, бір көзі соқыр, жалғызбасты байғұс. Үсті-басы шоқпыт-шоқпыт, біреудің отынын жарып, біреудің суын тасып, әйтіп-бүйтіп тіршілігін айырып жүрген. Оған Шәшке деген кемпірді қостық. Қосқанда, үйлендіріп емес, көмекші қылып. Бұл Шәшкеміз де панасыз кісі еді. Тым кәрі емес. Қайраты қайтпаған, қырықтың жуан ішінде. Соғыс кезінде қаңғыған сығандармен бірге келіп, адасып, осы ауылда қалған да, біржола тұрақтаған. Аты да, заты да белгісіз. Өңі қоңырқай. Десе де сығанға ұқсамайды. Сірә, сарт-сауан. Өзі мылқау, исалмас. Біреудің тезегін теріп, біреудің бұзауын бағып жүретін. Соңғы жылдарда басқарманың ауыз үйіне тұрақтап еді, қызметші, күң есепті. Жымиып күлмейді, үн жоқ, тіл жоқ, екі көзі жалтырайды да тұрады. Алда-жалда бірдеңеге ренжісе, "шә-шәш... ке... ке..." деп тұтығып қалатын. Шәшке есімі де содан. Міне, осы Шәшке де шошқаға шығарылды. Әлгі Кәден екеуінен қолайлы кісі жоқ еді. Қолайынан бұрын шошқа бағуға көнетін.


Сонымен, көлденең шығарылған екі малшыға колхоз арнайы ақша бөлді, шыт жаңа киіндірді, әрқайсысына тәулігіне төрт еңбеккүн белгіледі, бұл деген — қатардағы емес, озат колхозшының екі есе ұпайы, содан соң біріне ымдап, әлдебір кітаптағы шошқаның суретін көрсетіп, екіншісіне айқайлап, плакаттағы Хрущевтың суретін нұсқап, іс мәнісін ұғындырды. Жоғарыдағы үкімет пен партияның тапсырмасы. Сондай, аса маңызды шаруа. Басқа ешкімнің қолынан келмейді. Таңдау осы екеуіне түскен. Міне, киінді, ішінді. Енді әрқайсының өз үйі, өз дастарқаны, меншікті төсегі болады, кісі есігінде емес, жеке өзі ғана тұрады. Асыл тұқымды ақ қой — бақытқа, байлыққа бастайды. Ұқты, ұқпады — келісті. Келіспесе, далада қаларын аңдауы анық еді.


Әуелі екі малшымызды көшіріп қондырдық. Көшкенде, Шәшке соқа бас, Кәденді шаңырақсыз шолақ салдау, жарты жабулы қара күркесімен. Аға шопан, яғни бас шошқашы — бұрынғы қойшының екі бөлмелі тамына. Көмекші шошқашы — бұрынғы көмекшінің жапсарлас, бір бөлмелі үйіне. Екі-үш күн өтпей, машинаға тиелген малдары да жетті.


Ауылда, жұрт жапырлап жатқанда бұлар әңгімеден сырт қалыпты. Әуелгі, кітаптағы сурет мәнісін және ұқпаған сияқты. Бағатын малдары ақ қошқар, ала торпақ емес, бірінен бірі зор, дүмдей бес шошқа болып шыққанда, әрине, екеуі бірдей тіксінген. Бірақ аларын алған, келісімін берген, барар жер, басар тауы жоқ, көнуге тура келді. Аздан соң, итше қаппайтын, сиырша сүзбейтін момындығын, бағып-қағудың жүріссіз, бейнетсіз екенін аңдап, үйренісіп кеткен. Және тамақтары тоқ. Қабымен ұн, жәшігімен жарма апарып тастағанбыз. Шошқалар тұрақты мекеніне келіп жеткен күні кабинаға мініп барған басқарма тақау маңдағы қой фермасынан алдырып, тоқты сойғызды. Мүсәпір екеу ғана емес, қызылсырап жүрген өзіміз де әжептәуір қаужаңдап қалдық. Сол күннен бастап, ферма-бастық менің де қалтама азын-аулақ ақша түсе бастады. Өздерін озық қана емес, таза деп есептейтін әріптестерімнен бұрын. Бесінші түліктің құдыреті.


Бәріміз де күпті едік. Басқарма мен ферма бастығы — ауылдағы екеуіміз ғана емес, аудан әкімдері түгел. Арнайы уәкіл келіп, жай-жапсарымызды аңдап, риза болып кеткен. Біздің де көңіліміз орнықты. Шошқа жануарды бағу оңай көрінген. Өрісі қысқа, жайып, салпаңдап соңында жүрмейсің. Қой қораның алдына, ұзын ағаш астау орнатып, сұлы мен бидайды молынан төгіп тастадық. Суға шылап, бөрттіріп. Таңертең қорсылдап, ырсылдап, құйрықтарын қайшылап, рақаттанып тұрып тойып алады. Күнұзақ іргедегі өзен жағасында жатады. Кешке қораға қамалады.


Арада апта өтпей алғашқы шығынға ұшырадық. Мен ферма басында тұрмағанмен, таңертең келіп, кеш бата әрең қайтам. Асыл тұқымды, берекелі бесінші түлікті көзден таса қылма деген қатты тапсырыс бар. Солай, тұпа-тура көз алдымда болды. Ең үлкен мегежінімізден қапияда айрылдық. Үп-үшкір, қып-қызыл тілі салақтап, аузынан қою, арам сілекейі шұбырып, жамбастай төңкеріліп, қинала ыңыранып жарты күн жатты да, жан тәсілім қылды. Сірә, көлденең сырқат емес, бидайды көбірек жеп қойып, іші кепкен. Өлді. Қалай өлсе де, біз үшін орны толмас қаза. Қызмет тұрыпты, бас кетуге мүмкін. Қорқа-қорқа, қайткенде де амал жоқ, өлік үстінде, арнайы барып, басқармаға мағұлым қылдым. Шошып кетті. Күн батпаған, аптығып атқа мінді, желе-жортып фермаға келдік. Қарыны бұрынғыдан да шеңбірек атып, үстіне қара шыбын, көк шыбын үймелеп, жансыз жатыр екен. Қосыла дауыс салсақ та қайта тірілмек емес. Енді не істедік? Басқарма көпті көрген, қазақы кісі еді. Шошқа шынымен өлгенін және қалай, неден өлгенін көрісімен, маған азғана ұрысып алды да, сабыр тапты. Болған жайды тістен шығармау керек екен. Ал өлген шошқаның өзінің көзін құрту керек. Артында із қалдырмай. Алдымен, сақтық үшін арнайы акті жасауға қосты. Өзі ауырып келген шошқа екен. Жайсыз, ұзақ жолды көтере алмаған. Көлденең дерт — ішқұртқа ұшыраған. Кәдімгі, адал малда болатын ауру ғой. Әлде мектепте, әлде техникумда зоология оқулығынан ба екен, көзім шалғаны бар, шошқаның ішек құрты — солистер деп аталады, бәлкім, солиттер. Солис пе, солит пе, мал маманы мен білмеген құртты кім біліп жатыр, сондай сырқаттан өлді деп толтырдым. Қолымды қойып, бекіттім. İздеуші шыға қалса деген сақтығымыз. Енді өліктің өзінен құтылу қажет еді. Кеш қарайғанда, түн жамылып, басқарманың нұсқауымен, шошқашы Кәден екеуіміз жар жиегінен арнайы қабір қаздық. Сорлы мегежіннің артқы екі аяғынан шылбыр шалып, тапырақтай осқырған, ақыры екі-үш қамшы жеп, амалсыз көнген қойторы... шошқаторы атпен сүйретіп апарып, сырықпен итеріп тұрып, көр түбіне түсірдік. Топырағын үймей, артығын алысқа шашып, тегістеп жауып, аяқпен тапап, үстіне ескі шөпшек, қураған тал апарып тастадық. Уһ!.. Бітті.


Бітпепті. Тағы бір апта өтпей, екінші шошқамыздан айрылдық. Тапа-тал түсте қасқыр жеп кеткен. Тақау төңіректе үйірлі қасқыр жортып жүргенін малшылардан естігем. Мән бермеппін. Ауылдағы аш иттің өзі жиіркенетін сасық шошқаны қасқыр жейді деп кім ойлаған. Жепті. Тоғай ішінде, қорадан небәрі екі жүз қадам жерде. Шошқашы Кәден үйге, шай ішуге кеткен екен. Бұл, ажал айдаған шіркін де, желікті ме, желдеді ме, табыннан бөлініп, өзенді өрлеп шығады ғой. Әлде жаңа қоныс іздеді, әлде үйреншікті батпақта жата бергеннен іші пысты. Шошқа ферманың күлімсі иісі қырымнан тартқан, сірә, неше күннен бері торуылдап жүрген, әлде үш, әлде бес, қайткенде де жалғыз емес, топ қасқыр тарпа басыпты. Ойпыр-ай, неге жиренбеді деп отырмын, ата-бабасы көрмеген жерік асқа жолығыпты. Сырты жүн, қыл-қыбырсыз, терісі жұмсақ, іші шылқа май. Төрт тұяғы мен бітеу ақтарылған, тіпу, арам қарын, шұбатылған ішегі ғана қалыпты. Қасқырға мереке, қуаныш, — біз үшін уайым, қайғы. Бір бас шығынды жабарсың. Екіншісін қайда тығарсың. Айналдырған бес шошқаның екеуі. Барлық мал басының қырық просентінен айрылыппыз. Енді құтылып көр жауаптан. Зәрем зәр түбіне кетті. Тіпті, басқармаға айтуға батпадым. Соным жөн болыпты. Ертең өтіп, арғы күні, құдай сақтағанда, шошқаларымыз төлдей бастады.


İркілдеген семіз, былқылдаған май ғой. Буаз ба, қысыр ма, біліп болмайды. Және қаперімізде жоқ. Сөйтіп, әуелі, ойламаған жерде біреуі күшіктеді... торайлады. Домаланған, сығырайған, ақ кірпік, қызылшақа тоғыз торай. Шала туған тышқан сияқты. Айырымы — үлкендігі ғана. Сондай жиренішті. Көз көрмеген былғаныш. Бірақ амал не. Жирене тұра қуанып, былғана тұрып тәуба айтасың. Саңырау шошқашы Кәден ыржия күліп, мұқыл таяғының ұшымен домалатып тұрып санап берді. Алдымен бес саусағын көрсеткен. Бес шошқамыз бар еді. Содан соң жалғыз көзін жұмып, кезектестіре екі саусағын бүкті. Екеуінен айрылдық. Көзін қайта ашты. Үшеуі ғана қалды. Енді бір-бірлеп, қалған саусақтарын жаза бастаған. Тоғызы бірдей қатарға қосылды. Тоғыз емес, жеті. Әттең, әуелгі екеуі аман тұрса ғой. Шошқамыздың санына екі қолдың саусағы жетпей қалар еді. Бәрекелді… ертеңіне он бақайымыздың өзі аздық етті. Арғы күні... кешегі бес шошқа еселей өсіп, ұзын саны отыз екіге жеткен. Бұдан артық қандай қуаныш болуы мүмкін.


Басқармаға шабам ғой. Солай да солай. Ол да қуанды. "Ересек, үлкен шошқамыз төртеу ғой... — деді. — Сонда, жиырма тоғыз торайын қосқанда... отыз үш болмай ма?.." Торайдың ұзын саны шынында да жиырма тоғыз, — дедім мен, әжептәуір төменшіктеп. — Ал үлкені... үшеу. Енді бір шошқамыз... бірден он бала табу оңай ма. Добалдай, жұп-жұмыр... Содан, босана алмай..." Өстіп өтірікші болады екенсің. Жан қиналғанда қайтпейсің. Басқарма, кең, ескілікті кісі, сенді, сенбеді, маған шүбалана қарап, қабағын шытып, азғана бөгелді де, қолын сілтеді. "Е, жарайды, — деді. — Жоғарғы жақ бізден малдың жасын сұрамайды, басын сұрайды. Бесінші түлігіміз арада он күн өтпей, бес есе өсіп, ұзын саны жиырма беске жетті деп есеп берем." "Отыз екі..." — дей беріп ем, "Мал атаулыда көлденең шығын болмай тұрмайды, — деді, беті шалбарлана жымиып. — Соңыра, жалпы саны асып жатса, тақауда тағы біреуі туған дей саламыз... Қазіргі есептің өзі... тұра тұрсын, — деді содан соң. — Төлдері аяқтанғанша. Кім біледі..."


Төлдері, яғни торайлары аяқтанып келеді. Өзен жағасында шалшық та, батпақ та, қорыс та бар. Тап-таза, мөлдір су анау, сарқырап ағып жатқан. Түбі тастақ, таяз. Бір жағы қамыс, қоға, бір жағы тал, шілікті жасыл тоғай. Екі қабағы көк шалғын. Нағыз шошқа өсіретін жер екен. Осы берекелі өзен бойы біздің отыз шошқаның құтты қонысына айналды. Құты сол — төңірегіміз түгел нәжіске толған. Тек кешкі қора ғана емес, күндізгі жайылым — өзен, тоғай. Кісі тезегінен де сорақы, мол, қою, тынымсыз жапалағанға қоса, былғаныш тағы бірдеңелер жер астынан өндіп жатқандай. Өлекседен де сасық, мүңкіген иіс жарты шақырым жерден қолқа жарады. Ал шошқаларға рақат. Батпаққа аунап жатады, қорысын қазып жатады, қамысты жапырып, көгалды тапап, төңірегін түгел нәжіске толтырады, сол батпақ, боғымен, бар былғанышымен таза суға түсіп, дәл жағада солықтайды.


Көп ұзамай, төмендегі, колхоз орталығы болып тұрған Байқошқар ауылынан қатерлі дерт шықты. Қаратышқақ. Қазіргі тілмен айтқанда, дизентерия. Қайдан келгені түсінікті еді. Бүкіл ауыл өзеннен су ішеді ғой. Кәдімгі тау өзені. Сенің қаладағы, краннан ағатын суыңнан он есе таза. Мөлдіреген кәусар. Енді жоғарыдан, құнан шаптырым іргеден отыз шошқа қатарынан бар несеп, бар нәжісін төгіп жатса не болмақ. Бұрын да мал бар. Бірақ ол — жылқы, қой, түйе, сиыр. Тезегінің өзі таза. Және аққан суда арамдық жоқ. Ол — бұрынғы су екен. Бұрынғы мал. Ал мынау — басқа бір мақұлық. Зәрінің өзі удан өткен. Сонымен, бүкіл ауыл шошқа дертіне шалдықты. Әйтеуір шетінеген ешкім жоқ. Аса ауыр жағдайда, әбден әлсіреген екі-үш бала аудан орталығындағы емханадан аман оралған. Ол заманда бүгінгідей наразылық, ереуіл деген болмайды. Тыпыр етсең — кеттің. Шошқаның кесірі деп көрші. Сен социализм ісіне, халықтар достығына қарсы зиянкес сұмырай, ұлтшыл дұшпан болсың да шығасың. Бар реніш күбір, сыбырдан аспаған. Енді есі барлар бірер шақырым, тау етегіндегі бұлақтан шелектеп су тасыған, жағдайы келгендер жабылып құдық қазған. Шелектеген су жарытпады, қазылған құдық шақа тасқа тірелді. Әйткенмен, көп ұзамай, ауызсу мәселесі біржола шешілген. Шешілгенде, өзен қайтадан тазарды. Мен де, шошқа фермасының меңгерушісі деген, табысы түсімді болғанымен, тым мазасыз, әрі қатерлі, ең бастысы — үлкен-кіші тұрыпты, бойдақ едім, қыз-қырқынға мазақ қызметтен құтылдым.


Ауданнан, ауыл шаруашылық бөлімнен жаңа нұсқау келген. Біздің Бұлғыртау ауданының шаруашылықтарында социалистік жаңа түлікті игеру тарабында толып жатқан өкінішті олқылықтарға жол беріліпті. Әрине, бар жерде бірдей емес. Озаттар бар, кежірлер бар. Мәселен, "Жаңа тұрмыс" колхозында бар іс дұрыс жолға қойылған. Өзен бойы, көрікті кең қоныста арнайы ферма ашылған. Бағымға, күтімге айрықша мән берілген. Нәтижесінде, әуелгі бес шошқа азғана уақытта еселеп көбейіп, ұзын саны отызға тартқан. Осыған керісінше, өсімтал бесінші түлікке теріс көзқарас нәтижесінде, көршілес "Алғабас" колхозында жалғыз-ақ мегежін торайлаған. Үйірге таласқан екі айғыр, яғни екі қабан қатты жараланған. Уақытында тиесілі ем жасалмаған себепті, қансырап, құрттап, көтерем халге жеткен. Соның салдарынан тағы екі мегежін қысыр қалған. Оған жалғас "Бесоба" колхозында жалпы жұрт шошқа бағудан бас тартқан. Жергілікті маман кадрлар жетіспейді деген сылтаумен Нарыннан орыстың мәтүшкесін алғызған. Ол маскүнем, жалқау болып шығып, өз ісіне жауапсыз, салақ қараған. Соның салдарынан өсу орнына кері кетіп, орны толмас шығынға ұшыраған шошқа шаруашылығы бүкіл ауданды артқа тартып отыр. "Сарқамыс" колхозындағы жағдай тіпті сорақы. Бағымсыз, қараусыз қалған бес шошқаның үшеуін қасқыр жеп қойған... Қойшы әйтеуір, бізден басқа оңған біреуі жоқ. Біздің өзіміз де кемшіліктен құралақан емеспіз. Қалған төрт түлік мал жайлауға шыққанда, бесінші түлік шетке қағылып, ескі жатақта, сасық қысауда қалған. Бұл не, сабатаж ба, әлде социалистік құрылысқа, халықтар достығына қарсылық па?..


Мұндай ауыр айыптың зардабын жақсы білетін қартаң басқарманың зәресі ұшып кетті. Ақшатаудың етегінде, қасқа бұлақ, кең дарада отырған қой ауылдарының бірін ысырып, шошқа фермасына тиесілі қоныс деп жариялады. Күн оздырмай, көшуге жарлық берді. Ол заманда қазіргі өріп жүрген техника жоқ. Айттым, әлгі комбайн, тракторлар сырттан келеді, науқандық жұмыстарын атқарып бітісімен, қайтып кетеді, астық, май таситын машиналарымен қоса. Бүкіл колхозда жалғыз-ақ авто-көлік бар, ескі, "Уралзис" деген. Соны сұраймын ғой. Шошқалар, әсіресе кішкентай торайлар жүре алмайды, тасып апару керек. Қырсыққанда, бұзылып жатыр екен. Әлде моторы өшкен, әлде жанармайы таусылған. Бұзылмайтын күні жоқ еді өзінің де. Бұл жолы біржола тоқтаған сияқты. Онда арба. Қатарынан үшеуі керек. Арбаның бәрі шөпауылда. Пішеншілерге берілген. Ол да қауырт науқан. Жұмысынан қалдыра алмаймыз. Әрі колхоздың басқа бір қиырында. Жаяу айдаңдар деді басқарма. Бұл — анау-мынау емес, асыл тұқым. Өзіміздің жаман қазақы қой-ешкі, қозы-лағымен, ешбір машина, арбаға тиелмей-ақ жайлауға шығып жүр ғой. Күн жарымда жет деп тұрған ешкім жоқ. Балқыбектің өзенін өрлей шығып, оттатып, сулатып, дем алдырып, үш қонып, бес қонып гөләйттап жүріп жетпейсіңдер ме.


Сонымен, шошқаларды жайлауға жаяу айдадық. Жаяу болғанда, біз — атты, шошқалар төрт аяғымен.


Таң бозынан қамданған едік, сәскеде әрең жылжыдық. Шошқалар қорадан өргенімен, күндегі әдетінше өзендегі қорыстарына тартқан. "Шөре-шөре" дедік, "әукім-әукім", "құрау-құрау" дедік, қайтардық, үйірдік, қолайлы өткел тауып, арғы жағаға шығардық. Бұл — үш деренің ортанғысы, Бақанас өзені. Енді жайлауға айдау үшін, төрт-бес шақырым төмен, сол қабақтан қосылатын Балқыбек өзенінің арнасына жетуіміз керек. Тура қисақ, екі-үш шақырым ғана жер. Жусанды қыратқа қарай беттейміз ғой. Үйреншікті қоныстан теріске тартып. Біз ақымақ, топас деп жүрген шошқаларымыз әлденендей зобалаңның тақағанын бірден аңдапты. Теңкиіп тұрып, көлденеңдей бұрылды. Үлкен үш мегежінді айтам. Бұрылды. Содан соң, емшектері салақтап, қарындары ірк-ірк етіп, ауылға қарай тура шапсын. Бар торайын соңынан шұбыртып. Әрине, шабысы желіске жетпейді, жүрістері өнімсіз, қолбаң, бірақ тегеурінді, қайтаруға көбейді, айқайға тоқтамайды. Үлкендерін айтам. Қатар-қатар, болжыраған ит емшектері жусанның басын сызып, талпақ тұмсықты үшбұрыш ауыздарын ашып, қорс-қорс, ентіге, ысылдай жүгіреді. Сүріне жығылған, шыңғыра үрейленген торайлар опыр-топыр. Сол беті өзенге бір-ақ түскен. Алдағы емес, артқы. Шырмауықты, тал, шілікті тоғай ішіне. Тұмсығын жерге сала еңкеңдеген үш шошқа, отыз торайымен бірге. Мынасы тіпті қиын болды. Ауылдан басжіп әкелдік. Басжіп болғанда, ұзын үш арқан. Кәденнің жарты қосын артқан жалғыз түйе қырда шөгіп жатыр. Үш мегежінді бітеу мойнынан шала алмай, қолтығынан тартып, желкеден байлаған едік, айдап, сүйреп, әрең жеткіздік. Содан соң түйеге тіркедік. Жүре бере тоқтадық, төрт торайымыз кем екен. Тал арасында қалып қойған ғой. Тауып алғанша тағы бірталай уақыт кетті. Не керек, қыр басына әрең шықтық. Сулы өзен — талы ойдым-ойдым, көгі мол Балқыбек төменде, аяқ астында керіле созылып жатыр. Жайлауға емес, ұжмаққа апарар даңғыл жол, рақатты мекен көрінген. Бірер шақырымнан аспайды. Біз үшін жердің түбі болып шықты.


Үш мегежін тіркеліп, үстіне шошайған, жаман қос артылған қарақайыс түйені көзі бақырайған, бет-аузы қожалақ Шәшке кемпір жетелейді. Қалған екеуіміз — айдаушымыз. Мен мегежіндерге жауаптымын. Саңырау Кәден — отыз торайға. Ол — жаяу. Амалсыздан. Атын жетелеп алған, алдағы енелерінен қалмауға тырысып, қысқа аяқтарымен емес, бауырымен жорғалағандай, қыбырлап, әрең келе жатқан торайларды қисық таяғын шошаңдата, тамағынан қырылдай айқайлап, күргейлеп қояды. Ал мен... мегежіндерді қамшымен жасқап келем. Соның өзінде ілбіген түйеге әрең ілеседі. Кейде қорс етіп, тоқтап қалады. Мұндайда жон арқадан сегіз өрім қамшымен осып өтемін. Шошқа шіркін тапырақтап барып, қайта тоқтайды. Әйтеуір арқан ұзын. Әзірше шалыспай, жығылмай, жақсы келеді. Анда-мұнда қашуға мүмкіндік жоқ. Ойға түсіп, талды, көгалды арнаға жақындағанда арқаннан босаттық. Желке, қолтығы ысылып, қызарып қалыпты. Қолтық қана емес. Жон, жая, қос қабырға — қамшы тиген жердің бәрі айғыз-айғыз. Ертең басқарма, немесе басқадай арнайы уәкіл келе қалса, үлкен шатақ. Бірақ мен қорыққам жоқ, қысылдым. Жан иесінің обалын енді ғана ойлап тұрмын. Бұл доңыз шіркіндердің не жазығы бар. Тәңірінің жаратқан бір мақұлығы. Бұрын бақпақ түгілі сықпытын көрмеген қазақ арасына еріксіз айдап әкелді. Жиренгенім жөн, ашуым орынсыз, қинауым теріс. Енді қайтып қамшы көтермеске серт қылдым. Бұл кезде кішкентай торайлар әжептәуір артта қалған. Арқаннан босаған үш мегежін де бітеу бүйірлері солықтап, ауыздарынан қою сілекейлері шұбырып, төрт аяқтары қатарынан бүгіліп, боз жусан үстіне теңкиіп жата-жата кеткен. Ал арттағы торайлар қып-қызыл, сап-сары болып, белес үстінде шашылып қалғандай. Быт-шыт, ұбақ-шұбақ. Кейін қарай шоқыттым. Кәден шал жаяулаған қалпы, екі торайды екі қолтығына қысыпты. Тағы төрт торай, екеу-екеуден, жетектегі аттың беліне тасталған қоржынға салыныпты. Қалғандары, әбден талыққан, шаршаған, көздері кілбиіп, сүріне тәлтіректеп, әрең келеді. Әудем жердегі енелеріне жетуден басқа ниет жоқ секілді. Алдыма екеу-екеуден алып, кезегімен тасып, жеткіздім. Шошқа болса да ене ғой, буындары бүгіліп, тұмсығымен топырақ сүзе, етпеттей жатқан мегежіндер торайларын көргенде қайта тірілгендей болды, күрсінді ме, ыңыранды ма, әлсіз қорсылдап, жамбастай аударылған. Торайлар қараған көзге жиренішті, бірақ өздері үшін адал, сары уызды, қатар-қатар бозғыл емшектерге жармасқан.


Сонымен, не керек, нешеме сағат бейнет шегіп, небәрі екі шақырым ғана жерде тұрған өзенге күн бесіннен ауғанда әрең жеттік. Шын рақатқа кенеліппіз. Талыққан шошқалар ғана емес, қажып шаршаған, шарасыз ренішті біздер де. Түйемізді шөгеріп, қосымызды тігіп, жақсы жайғастық. Ал шошқалар үшін нағыз мереке. Екінті өтпей, бәрі де оңалып қалды. Міне батпақ, міне су. Қамыс, қоға, балдыр. Бала-шағасымен тыраңдап жатыр. Өзіміз де шай қайнатып ішіп, әупіріммен ес жидық. Сол кезде ғана түгендеген едік. Тағы екі торай кем шықты. Атқа мініп, желе-жортып, өткен жолымызды қарадым. Қарамай-ақ алыстан көрдім. Қарақұс қаптап кетіпті. Анау беткейде. Мынау қыраңда. Жағдай белгілі еді. Саңырау, соқыр шал байқамаған ғой. Мен кейін қайрылып, мұқият тексермегем. Енді амал жоқ. Еріксіз шығын деп, өзімді жұбаттым. Күн ұясына қонарда тағы бір торайдан айрылдық. Мүмкін мана, ертерек кетуі де. Жар жиегінде, бозарған теңге танауымен жер сүзе, домаланып жатыр. Сірә, күн өткен. Немесе зорыққан. Сығырайған екі көзі қатарынан жұмылып, кішкентай жарғақ құлақтары жығылып, тып-тыныш, момақан кейіпке түскен. Доңыз десек те бала ғой, адамның жаны ашиды екен.


Ендігі жол ұзақ болса да жеңіл еді. Жүрісіміз қыбыр болса да тоқтаусыз. Өзенді жағалай айдаймыз ғой. Аттарымызды жетелеп, жаяулап. Көгалды қабақ, бетегелі беткеймен. Бірер сағат көштен соң арнаға түсеміз. Қатарынан екі-үш сағат сулаймыз, батпақтаймыз. Шілденің күні ыстық қана емес, ұзақ. Күн көтеріле қозғалсаң, кеш батқанша бес-алты, тіпті — жеті-сегіз шақырымды жүріп тастайсың. Біз жолға шыққаннан бергі үшінші, әлде төртінші күн дегенде арттан көмекке бір арба, екі кісі жеткен. Кісі есебі ғана. Ойбай, мынау не пәле деп, шошқаның үлкені түгілі кішісіне құрық бойы жақындамайды. Беттерін теріс бұрып, мұрындарын баса тыржиып, тіпті, лоқсып жатқаны. Шошқашы шалды айналып өтеді. Шошқашы тұрыпты, менің өзімнен алысырақ тұруға тырысады. Доңыз баққан өзгеше кәсібіміз үшін ғана емес. Қолаңса, ерекше иісі бойымызға сіңіп кеткен сияқты. Әуелгі күні, әлгі, алдыға алып, атпен тасып жүргенде күн қағып, дымы құрып шаршап, тышқақтаған торайлар менің омырауымды, шалбарымды майлап берген. Әрине, су мол, сабын да бар, киімді үш қайтара жуғам, өзім де терім қызарғанша ысынғам. Сондағы нәжіс қана емес, әрине, үнемі араласып жүрген соң, доңыз жұпар өне бойымды түгел қармаған тәрізді. Өзім онша аңдамаймын, үйреніп кеткем, ал мына жігіттер ай даладан сезінсе керек. Әйткенмен, мүлде пайдасыз болмады. Бірі көштегі қара малға ие болды, екіншісі арбаға отырмай, жегіндегі өгізді айдаған. Ал арба үстінде — жыпырлаған торай. Түгел сыймады, әрине. Бастапқыда жиырма тоғыз еді ғой. Әуелі екеуі, одан соң біреуі, жолай және біреуі, тағы біреуі өлген. Қалған жиырма төртін теңдей бөліп, кезектесе салып, түсіріп, ауыстырып отырдық. Міндетті шаруаға машыға бастаған шошқашы шал екеуіміз. Айтпақшы, бір мегежініміз ақсап қалған, мүлде жүре алмайды, жарым арбаны алып, теңкиіп ол жатыр.


Не керек, талай қызықтан соң, оншақты күн мұғдарында жайлауға да жеттік. Кең дара, қасқа бұлақ. Ақшатаудың қойнауындағы ең таңдаулы қоныстардың бірі. Бұлақ басындағы шоқ терек, қалың шілік демесек, арттағы фермаға жетпейді, қамысы аз, батпақ, қорысы жоқ. Бірақ жайсаң дүние, нағыз қан жайлау. Біз үшін. Шошқалар үшін де жаман емес еді. Әуелде. Күндіз қоңыржай, кешке салқын болғанымен, өрісі кең, жемі мол. Доңыздарымыз, үлкендері әбден майланып, кішілері домалана іріленіп, біздің өзіміз де арам малымыздың амандығына марқайып жүр едік. Самалды жайлау, кең өріске шыққанымызға түгел ризамыз. Әйткенмен не айтарсың, ақыр түбі апатқа әкелді.


Тамыздың соңына жетпей, кенеттен күн суытқан. Ақшатаудың басынан қою, түйдек-түйдек бұлт көтеріліп, әуелі қара жаңбыр жауды. Арты бұршаққа айналды. Мен ғұмырымда ондай қалың, ірі бұршақ көрмедім. Қой құмалағынан әлдеқайда үлкен, түйе құмалағына тақау. Екі елі болып, ерімей, жер бетінде жатты. Кешіне үскірік қара суық соқты. Пана жоқ, қалқа жоқ, терісі жұқа, үсті жап-жалаңаш бар шошқамыз таң атқанша түгелімен қырылды да қалды.


— Апыр-ай, — дедім мен. — Қиын болған екен. Жаныңыз ашыған жоқ па?


— Қиын, әрине, — деді Қабен ақсақал. — Жан... шошқа қайда, әрқайсымыз өз жанымызбен қайғы болып кеттік. Айқай, аттан, есеп, жауап. Әйтеуір, абырой болғанда, мал шығыны да бар екен. Яғни қой. Күземге қырқылған. Көп емес, әр отардан бес-он, жиырма-отыз дегендей. Сол сеп болды. Табиғат... құдайда да, адамда да жазық жоқ — табиғат кінәлі. Әлі бағындырып болғанымыз жоқ қой. Кей-кейде өстіп сабасынан шығып кететіні бар. Ферма басы, ықтасын өзен бойы, жылы қорада отыра берсе, түк те жоқ еді. Еруліге — қарулы, сөйтіп ақталамыз ғой. Ақыры біздің басқарма қатаң сөгіспен құтылды. Мен жұмыстан шеттедім. Яғни, шошқа фермасының бастығы деген қызметтен. Енді онсыз да жоқ қызмет қой. Бірақ жарлықта солай жазылды. Қателік жіберген кісіге жаза қолдану шарт емес пе. Міндетіне салақ қарағаны, сеніп тапсырылған істі ойдағыдай атқара алмағаны үшін шошқа фермасының меңгерушісі қызметінен босатылсын деп. Соған риза болдық.


— Басқа ауылдар...


— Басқа колхоздар... Табиғат апаты дейсіз бе, құдайдың көмегі дейсіз бе, әйтеуір көлденең себеппен бар былғаныштан бір-ақ күнде құтылған — жалғыз біз екенбіз. Қалған жұрт тағы бірер жыл азап шекті. Азды-көпті торайлары күзге жеткендерінің өзі қыстан түгел шыға алмады. Одан қалғаны келер жазда. Райком бюросы: "Біздің артта қалған қазақы аудан шошқа өсіру сияқты озат шаруашылықты игеретін дәрежеге әлі жете алмай жатыр, бесінші түлік — шын асыл тұқымды өсіру — келешек, коммунизм күндеріне тиесілі" деген арнайы қаулы шығарыпты да, әр тұста там-тұм қалған бес-он шошқаны жинастырып, қалаға жеткізіп, түгел етке өткізіпті...


— Сонымен бітті ме? — деп сұрадым.


— Біткен жоқ. Райкомның бірінші секретары — майдангер, кеңқолтық, есті кісі еді, күзге қарай, жасы ұлғайды деген сылтаумен пенсияға шығарылып, қызметтен босатылды. Білген жұрттың бәрі әлгі бесінші түліктің зардабы деп жүрді.


— Жауапқа тартпай, аман-есен кеткенінің өзі жетістік, — дедім мен.


— Әрине, солай. Ал біз үшін доңыз жыры үзіліп барып, ерекше қуатпен қайта жаңғырды, — деді қартым шоқша сақалы селтең етіп; әңгімесін әрі қарай жалғады. — Сол шошқаңыз бұрынғыдай келеке, мазақ емес, шынымен-ақ бесінші түлік ретінде ауылға қайтып оралды ғой. Арада тура елу жыл өткен соң. Еріксіз емес, өз қалауымызбен!..


— Қалайша, қашан? — дедім мен таң қалып.


— Естімеген екенсің ғой. Енді барып көруіңе де болады. Сол баяғы, кейінде Доңыз-қырылған атанған Кеңбұлақта. Анау бір заманда колхоздан совхозға айналған бұл ауылдың ең соңғы директоры Шәкердің үлкен баласы Кеңесбек. Жайлаудың бар жұмсағын меншіктеніп алған ғой. Жерді сату туралы заң шығар-шықпастан. Әкесінің совхоздан жымқырған қыруар байлығын оңды жұмсап, бизнесмен болды дейтін. Енді өзі қалада, бұл жерге әлде Павлодар, әлде Өскемен, әйтеуір шошқалы, орысты мекендерден жинап-терген малшы-жалшыларын әкеп орналастырды. Үлкен қора салды, жабдық-жарағын түгендеді. Содан соң, ерте көктемде елу шошқа әкелді. Түгел мегежін, екі-үш қабанымен. Міне, жаз ортасы, торайларымен еселеп көбейіп, төрт жүзге жетіпті деп жүр. Бәлкім, бес жүз. Кешегі, бұршақ соғып өлген бес шошқаның заңды мұрагері...


— Соның бәрін не істейді? — дедім.


— Қызық екенсің, шырағым, — деді ақсақал маған шекесінен қарап. — Бизнес. Нарық. Ұрлық түбі, зорлық түбі — қорлық емес, байлыққа, билікке жеткізіп жатқан заманда бәрі де сиымды. Өзі бар, зейнеттегі әкесі, шешесі, бала-шағасын қосқанда, көп болса, жылына он, жиырма шошқа жер. Мүмкін мүлде жемес. Тұнып тұрған ақша емес пе. Қан жайлау, кең қоныста мыңдап өсіреді. Кешегі жалғыз жайдақ "Уралзис" емес, бір өзіне жүзі сиятын, абажадай әлденеше "Камаз" машинасымен Нарынға тиеп апарады; онда меншікті, үлкен калбаса зауытын ашқан көрінеді, мың, мілион, неше мілион, сытырлаған ақша емес пе! Қой бағу — азап, сиыр бағу — тозақ, жылқы бағу — бейнет, түйе... қазір бұл өңірде түйенің көлеңкесі де жоқ — сонда осы, асса егіз, әйтпесе жалқының өзін бір жылда әрең табатын төрт түлігің кімге керек? Жыл он екі айда екі-үш қайтара, әр жолы сегізден, оннан табатын доңыз тұрғанда. Сен жемесең басқалар жейді. Байырғы орыс емес, бүгінгі қазақтың өзі!


— Төрт түліктің күні өткен! — деді сосын маған қатулана қарап. — Қазір бесінші түліктің заманы.


— Малды айтасың, — деді сәл бөгеліп барып, үні жұмсарып. — Адамның өзі сол бесінші түлікке айналды ғой. Біз көрген соңғы елу жыл, арыдан есептегенде советтік жетпіс жыл орайында емес. 32-жылғы сұмдық ашаршылық, 41-жылғы қырғын соғыста емес. Одан бергі... нарық, еркіндік деп даурығып жүрген он бес жыл ішінде!


Менімен сәлемдесуге келіп, шай үстінде жайлап бастап, жазыла сөйлеген ауыл ақсақалы тұқырып, үнсіз отырып қалды. Әлде қисынды уәж, қарсы жауап күтті.


Бірақ мен ештеңе дей алмап едім.





Пікір жазу