16.08.2021
  321


Автор: Қалижан Бекхожин

Сәріде гүл ектім

Үйімнің алдына
Сәріде гүл ектім.
Нәр құйдым балғынға
Лебімен жүректің.
Жарқырап шуақ күн,
Емізді уызын,
Кәусарын бұлақтың
Тамыздым күн ұзын.
Жүзінде нұр сипат,
Желегі елпеңдеп.
Ұлпасын күн сипап,
Собығын жел тербеп.
Түнде төрт ояндым,
Атырдым таңды да.
Суықтан аяулым,
Салқындап қалды ма?
Шұқи ма сұқтанып,
Әлдебір сұр тұмсық?
Шоши ма шық тамып,
Шиқылдап бір шымшық?
Жайнайды райханым,
Жұтамын гүл иісін.
Жырымды айтамын,
Гүл үшін, күн үшін.
Шарт етпе найзағай,
Соқпа үрей дауылдай!
Гүлім жас баладай,
Ұйықтасын дамылдап.
Бүрмесін шеңгелдер,
Ілмесін шырмауық.
Желегін тербеп жел,
Көк тұрсын нұр жауып.
Алау бір шалмасын,
Зәйдахан, қалғыма,
Шөліркеп қалмасын,
Шербет құй балғынға.
Алтын күн жарқырап,
Сәулесін сыйласын.
Жаныма шам-шырақ,
Өссін гүл – Мирасым.





Пікір жазу