Жел жамылып, түн қатқан
Жел жамылып, түн қатқан
Жылқышымын жау жүрек.
Алдаспаным — ақ сойыл,
Астымда — атым қара көк.
Ат үстінде ас ішіп,
Күндіз ұйықтап, түн кешкен.
Менің досым — тай-құлын
Күмбір-күмбір кісінескен.
Желсіз түнде жабырқап,
Жаңбыр болса көңілім жай
Аспан бұлты жел бұрқап,
Шартылдасын нажағай!
Жел мен түннің ұлымын
Білмейтін қорқуды.
Дауылды түн жүйрікпен
Сүюші едім жортуды.
Қап-қара түн далада
Алалы жылқы айдадым.
Желге қарсы құйғытып,
Желкілдетіп айдарын.
Енесіне шұрқырап
Жабысқанда жас құлын,
Ақ сойылмен соғамын
Арсылдаған қасқырын.
Таң алдында топ жылқы
Тау бөктерлеп жайылып,
Қия шауып жүрсем мен,
Қашағанды қайырып!
Қандай қызық тамаша,
Сонда менің көңілім шат!
Осылай өткен зымырап
Асау тайдай жастық шақ...
Бірақ сонда баққаным
Жылқысы еді бір байдың.
Түн болмаса, күн қарап,
Рақаты жоқ құдайдың.
Неге жүрек жалындап
Білмедім мен қызғанын.
Кейде аңдып жортушы ем
Шеткі ауылдың қыздарын.
Кетті ол заман дауылдай
Түннің ашып ұйқысын.
Айдап келдім колхозға
Даланың көп жылқысын.
Алалы жылқы алдымда,
Қуанышым ол менің
Түнде жарық болғандай
Кеудемдегі орденім.
Жаста сүйгем, бұл жылқы
Өзімдікі, білемін.
Аң мен адам қасқыры
Алқымдамас біреуін...