15.08.2021
  169


Автор: Қалижан Бекхожин

Келемін мен ауылға

Келемін мен ауылға
Қайтқан құстай сонырқап,
Келемін жас бауырға
Әуелетіп, ән шырқап.
Жатыр шалқып Ертісім,
Көк толқынын алқалап,
Сапырып су күмісін,
Жүздім талай шалқалап.
Астымдағы кемем де,
Күй тартқандай тербеліп,—
Толқын билеп кемерде
Тереңнен тұр ән келіп.
Бауырым білім алсын деп,
Алып келем әр томды.
Шаттық жырын салсын деп,
Ертіп келем Байронды.
Ертіс бойы орман, сай,
Келемін мен жағалап,
Көңіл құсы тұра алмай
Кетті қырын аралап.
Бас изесіп келемін,
Жаста сырлас жерменен.
Шалқыды оған өлеңім,
Кешкі самал желменен.
Ән салды Ертіс шуылдап,
Толқын шауып жағалай.
Туған жерден ән тыңдап,
Қуандым жас баладай!..





Пікір жазу