15.08.2021
164
Эшелондар
Қуанышпен тұрмын қарап
Вагондарға тізілген,—
Қалың көштей жатыр тарап
Эшелондар дизельмен.
Поезд біткен зыр жүгіре,
Жүйткіп озған дауылдан.
Үстеріне зіл дүние,
Артып қайда ағылған?
Ағылған жоқ ол майданға
Артып оқпен бомбаны,—
Бұл көштердің таңдай алда
Жарқыраған жолдары.
Отаныма күш беруге,
Қырын кезіп, дең асқан,
Қуат артып үстеріне
Уралмаштан, Донбастан.
Эшелондар жатыр ағып
Жағасына Волганың.
Жарқын, жаңа өмірді алып,
Ашып жеңіс жолдарын.
Кетіп жатыр қаптап вагон
Каховкаға,
Қырымға,—
Соны жері дүбірлеген.
Біздің дала қырына.
Жарқылдайды үстерінен
Жүйрік темір күштердің,—
Граниті каналдардың,
Турбинасы ГЭС-тердің.
Қуанамын вагондарға
Артып жүкті тізілген,
Сүйрер едім бәрін алға,
Күшті болсам дизельден!