Есімде
(Есмағамбет Ысмайыловқа)
Есімде, сол бір шақтар еткен бірге,
Сонау жас ақындықтың көктемінде.
Көз тіктің сүйіп албырт достарыңмен,
Өлеңнің өрісіне, өткеліне.
Әлде сол сүйгендіктен туды ма сын?
Дос көрдің өлең-жырдың шулы жасын.
Жауындай жырын төксе Жұмағали,
Дауылдай дүбірлеткен дулы Қасым.
Солардың ой тоғыттың сырларына,
Өзім де өстім сол бір жыр бағында.
Танисың сөз тамырын соғысынан,
Есіңде жастық жырдың ырғағы да.
Сонда біз махаббаттың назын іздеп,
Түсіндік сырлы лебіз сазымыз деп.
Шерткенде өткен жырдың өкінішін,
Қуандық алдағыны жазымыз деп.
Кейісіп кейде қалсақ ертегіге,
Келісіп кететінбіз ертеңінде.
Тегінде жыршыл жансың, еркелеткен
Ақынның ойлысын да, тентегін де.
Елуде жыр сүюге әзірмісің?
Сыршылым, өкпем емес, назым, түсін
Расында ұнатамын сыншыны мен,
Ұнатса өлең сөздің қазіргісін.