Ағайынды қоңыр қаз
(Қайыржанға)
Ағайынды қоңыр қаз,
Айдында жүзсе, тамаша!
Сондай-ақ бізге өмір — жаз,
Гүліндей өстік жараса.
Бәйтерек биік көрінсе,
Сыңары болар аласа.
Жас шыбық жасыл өрімше,
Жанында естім жараса.
Іздері ыстық ағаның
Інісі ерер соңынан. —
Басса түзу қадамын,
Түссе жолы оңынан.
Құдайынан жасырған,
Өзінше ұғып уақытты
Әкеміз сені жасыңнан,
Орысшаға оқытты.
Сөйледің үйде өзгеше,
Жаныма жайып ұшқынды —
Албырт ойға із кесе,
Алдыма тарттың Пушкинді.
Жүгірдің қарлы құйында,
Колхозды қырға төтелеп,
Комсомолдық жиынға,
Апардың мені жетелеп.
Көріп жаңа таң нұрын,
Естіп даусын күрестің,—
Өзге емес тағдырың,
Қатарыңмен бір өстің
Жастан жеке талпынған,
Жалқы бір жан емеспін.
Жанай жүріп артыңнан,
Саған қарап мен естім.
Абзал ар мен адалдық.
Санамызға қаланды.
Партия бізді адам қып,
Ұстатты өзі қаламды.
Өмірдің әрі өріне,
Өрлеп келе жатырмыз.
Біріміз — ғылым-шежіре,
Біріміз — ділмәр, ақынбыз.
Сенің де, аға, менің де,
Бақытымыз арылмас.
Келсең де қазір елуге,
Жігіттейсің жаны жас.
Мейлі, кәрілік жетсе де,
Қартайсақ, қатар жараса, —
Елуің тағы өтсе де,
Еркелеймін балаша.
Жапырақтай жалбырап,
Ағарса мейлі, шашың да,
Сүй өмірді жалындап,
Жайнағандай жасын да!
Дәуірдің туған ұлымыз,
Өмірге өршіл сыр жайып,
Тарихын жазып біріміз,
Біріміз жырын жырлайық!