Өзбек досыма
(Құрметпен Миртемирге)
Ташкент бардым таңырқап,
Тамашасын көрдім мен.
Шадыман жұрт ән шырқап,
Гүл төгілген төрінен.
Маған жылы қараған,
Көріп нұрлы жүздерін,
Таныс емес қаладан
Өзіме дос іздедім.
Сая тауып жазынан,
Араладым гүл бағын.
Бұлбұлының аузынан
Қазақ жырын тыңдадым.
Сонда мені шақырған,
Білем, даусын досымның,
Сөздеріне сап құрған,
Өлеңдетіп қосылдым.
Гүл бағыңнан сыйласып
Жеген жүзім, мүбәрәк.
Жылы шырай сыр ашып,
Күлген жүзің, мүбәрәк!
Ағытылдың сен маған,
Сырласыңдай талайғы.
Жаңғырттық жыр шырқаған,
Науаи мен Абайды.
Сахараның ұлымын,
Сүйдім сені, гүлстан.
Сырын ұғып жырымның,
Табыстың сен, туысқан!
Сонау жылдар дауылды,
Сұрғылт күздер жадымда.
Қақтық бірге дабылды
Отанымның жауына.
Өз ағамның жері деп,
Алшаң басып аттадым.
Сапта жүріп күбірлеп,
Өзбек жырын жаттадым.
Шертті маған Хорезм,
Мақта күйін толғана,
Төкті бұлбұл әуезін
Маған — гөзәл Ферғана!
Келін келсе жүзіммен,
Қызыға мен қарадым.
Бөліп іштім өзіңмен,
Самарқандтың шарабын.
Әнжір жедім, бал таттым,
Қарт өзбектің үйінен.
Сергідім мен, сән таптым,
Қыздарының биінен.
Жылқышымын, аязға
Құрыштаймын, күштімін.
Бойға тарттым сол жазда,
Өзбектердің ыстығын.
Көңілімді ерітеді,
Сол ыстығың суымай.
Екеумізге жыр телі —
Сырдария суындай.
Гүлстанды жыр еткен,
Күн лебізді ақынсың.
Сөздерімде әндеткен,
Сенің де бар нақышың.
Қырларымда досың көп,
Кел құшаққа, туысым.
Әуезіме қосыл кеп,
Таңғажайып күн үшін!