Таң атқанша асығып...
Атқанша бір таң анық,
Асыға ойлап жатамын,
Бүгін қандай жаңалық
Тапты екен деп Отаным.
Орнап жаңа заводтар,
Шырқады ма гудогін?
Өзенде жанып жаңа оттар,
Жайнатты ма түн көгін?
Асылын жатқан жасырып,
Жапан дала, сары құмда —
Жаңа бір кен ашылып,
Бұрғысың шахтер салды ма?
Мүмкін ақын толғанып,
Туды ма талай шығарма —
Достарым керіп, таң қалып
Оқып жатқан шығар да!
Ғалымдар, мүмкін, бұл түнде
Әлдебір жұлдыз отынан,
Тапқан шығар тың мүлде
Текті бір күшті атомнан.
Өзендер, мүмкін, пайда боп
Жаңа бір жалпақ жағада,
Орнаған шығар жайнап көк
Ормандар Бетпақдалаға.
Шықты ма әлде ертемен,
Қуантып халқын хабары.
Жеңіске жолды сілтеген
Це-Ка-ның жаңа қарары?
Қызыққа толы күндерім,
Естимін ылғи жаңалық.
Жеңістен жаңа гулеп үн,
Хабарын келер таң алып.
Жырлағым келіп қуанып,
Тыңдағым келер бәрін де,
Жеңістер жатса шыңдалып
От беріп өлеңдеріме!