15.08.2021
  138


Автор: Қалижан Бекхожин

Коммунистік партияға

Құйылса құрыш сөзден құз қаланып,
Толқыса теңеулерден теңіз терең,
Ұйқастар ормандарды қозғап ағып,
Ырғақтар жарысса тез поезбенен,—
Күшті боп сөз ұшқыны электрден,
Кетсе де жұлдыздарға таралып үн,—
Асылын ғасырлардың елеп жырмен,
Шертсе өлең дүниенің, даналығын.
Тең емес сенің мұхит қуатыңа,
Тұлғаңа, құздан биік заңғар қия,
Тең күш жоқ құдіретіңе, ұлы атыңа,
Данасы мәңгіліктің Компартия!
Құйылдың берік болат қолдарменен,
Туғызды сені күрес, алып майдан.
Тудың сен, даналықтан түпсіз терең,-
Миллион милар қосқан ақыл-ойдан.
Серпіп сен зілін көне ғасырлардың,
Аштың сен дүниенің жаңа шағын.
Көрсетіп замандардың асуларын,
Жайнаттың адамзаттың болашағын.
Тұтасқан жүрегісің сансыз мыңның,
Тоғысқан толқындардай ақылысың.
Айбыны — абыройы ғасырымның,
Бастаған жеңістерге батыр күшін.
Планета жұлдызы — туың сенің,
Сенің нұрың мәңгілік жарық алға.
Әлемге даналығың — үміт, сенім,
Еркіндік, достық және халықтарға
Асылысың халықтың, бақытысың,
Керемет ісің сенің, әрі ізгі.
Күреске — Коммунизм уақыты үшін,
Өсірдің шыңдап баулып бәрімізді.
Коммунистік ғасырдың ұлдарымыз,
Біздерге қанат берген ұлы Ленин.
Партия! Саған таза ой, арымыз,
Жүректе жалындаған үнің, лебін.
Миллион ұлдарыңның біреуі мен,
Зор даңқ болу сенін, қатарыңда,—
Бас ием, сені сүйген жүрегіммен
Партия, Ұлы, дана атағыңа!





Пікір жазу