15.08.2021
  234


Автор: Қалижан Бекхожин

Айырылыспайтындар

Соңғы емтихан берілді. Бұлар шат
Студентше сүйген жақсы өмірді,—
Алда қызық — жас махаббат, болашақ.
Жас өмірдің шаттығына сенімсің,
Оқулы шақ, қандай албырт қиялың!—
Студенттік сонау төрт жыл сен үшін,
Өмірімнің қырық жасын қиямын...
Залда жастар жүр толқындай тербеліп,
Тәтті күлкі... Бәйшешектей жүздері.
Тарайды ертең даламызға өң беріп,
Тың алқаптың жемісіндей күздегі.
Ал, Гүлмира неге мұнша ызалы?
Мүдірді ме емтиханда кейінгі? Жоқ.
Жалындап қыз жаны,
Өзі сүйген жігітіне кейіді.
— Сен опасыз екенсің,
Серт етіп ек қалада бір қалуға,
— Жоқ, Гүлмира, бұның маған бекер сын,
Бөлген мені — министрлік, ауылға.
— Жігітпісің, министрден ұялған?!
Айтпадың ба жүректегі сырыңды?
Төрт жыл бірге жалындатқан қиялдан
Жанған жүрек қайтып қана суынды?!
— Айттым бәрін, болмады,
(Осындайда жалтаруға ептіміз).
Махаббаттың ашық бізде жолдары.—
Ойлап соны кең көшемен кетті қыз.
Білмей қалды — министрлік алдында,
Қымсынды қыз... қалды абыржып жөтеліп.
Махаббаты қанат қағып жанында,
Қызды әкелді кабинетке көтеріп.
Мосқал ағай маңызданып қарады:
— Ал, айтыңыз. Тағы студент дауы да?
— Қаламайды көңілім бұл қаланы,
Бармақшымыз екеуміз бір ауылға.
— Қай ауылға? Кімдер едің екеуің?
Қыз ұялды қызғалдақтай қызарып...
Келді жігіт: — Мен де арыз етемін,
Айрылмайтын достар едік біз анық.
Жіберіңіз екеумізді сол жаққа...
Мосқал ағай қасын қағып тыңдады.
— Онда ваканция жоқ.
Барыңыздар аулаққа —
Совхозға бір сонау соңы қырдағы.
Әрең ғана, шыдап тұрған екен қыз:
— Мейлі жердің ең шетіне барсақ та,
Тек Отанның жері болса, екеуміз
Бірге жүрсек — бақыттымыз әр шақта!
Путевка да екеуіне берілді. Бұлар шат.
Студентше сүйген жақсы өмірді,
Алда қызық — рақат, еңбек, болашақ!





Пікір жазу