Комсомол көктемі
Келді міне, қырларыма ағылған
Поездарға жаңа толқын күй еріп,
Біздің дала сілкінді сол дабылдан
Қырға жаңа өмір келді тиеліп.
Соны қырдың қырқалары жұталақ,
Кеткен де жоқ өңірінен қар әлі.
Жас өрендер жан баспаған жотадан
Көктемді алып, күлімдетіп барады.
Кең жайлауды жатқандай бір жасырып.
Осы дүзге құлшыныпты сол ұрпақ,—
Кім ойлаған —
Бақытты жас асығып,
Алыс қырға ағылар деп — сонырқап?!
Жас кеудеге таң нұрындай құйылды,
Партияның кереметті зор үні.
Жаңартуға жалаң жатқан қиырды,
Басталды бұл жас жігердің жорығы.
Өңшең өндір.
Қалды алыста туғаны,
Нұрлы қала, өскен қызық мекені.
Бірақ жастың дос өмірі, думаны
Бұл даланы әсем қызық етеді.
Көздері бір қуаныштың жұлдызы
Жүрегінен достық лебі еседі.
Ұлы орыстың, украинның ұл-қызы.
Іздерінен ізгі жеміс өседі.
Құрыш жастар — машиналы, темірлі,
Соны қырдың өрлеріне өктеді,
Жастық лептен — қыр қары да еріді,—
Комсомолдың туды шуақ көктемі!