Қыран құс көк жүзін шарлап кетті
(Үрміз қарттың әңгімесі)
Іргежал деген биік жалдың түбінде үшінші ферманың штабы орналасқан. Көктемге қарай бұл ара ғажап сұлулыққа бөленген жер екен. Төңіректегі құм шоқалдарға сыңси өскен сексеуілдер тегіс бүр жарып, қайда қарасаң да көкпеңбек боп көз тұндырады. Тіпті құм арасында тұрғаныңа сенгің де келмейді, орманды алқапқа тап болған күйге енесің.
Күн сәскеге көтеріліп қалған. Түнгі шық әлі дегди қоймаған. Құм арасындағы ауаның да қоңыр салқын кезі. Табиғаттың маужыраған аса бір әсем шағы еді. Біз мінген машина шоқалдар арасындағы құмы әлі де есіле қоймаған дымқыл жолмен толқып осы штабқа жетіп бір-ақ тоқтады.
Иегінде ғана бір уыс шоқша сақалы бар, шегір көзді, жылы жүзді қарт адам қарсы алды. Амандықтан соң-ақ «ал, шырақтарым, шай дайын, жүріңдер» деп бастап кетті де, есік алдына жеткенде кілт бұрылды.
— Киіз үйге кіресіңдер ме, жоқ мына тамға ма? — деп сұрады.
Біз «штабтың» үш бөлмелі кірпіш тамның, іргесіне тігілген киіз үйге беттедік. Үйдің іші жұпыны ғана жиналған екен. Табалдырығынан төріне дейін көрпелер жайылған. Кіріп келгенде бірден көзге түскені: керегеге ілінген қызыл сырлы домбыра мен қолдан жасалған қобыз болды. «О, үй иесі өнерлі адам екен». Көп кідірмей буы бұрқыраған самаурын да келтірілді үйге.
Шайдан кейін сөз арасы ғып қонақтардың бірі:
— Ақсақал, айып болмаса қобыз тартып берсеңіз, — деп өтінді сыпайы ғана.
Бұл тілекті басқалар да қостай жөнелді.
— Балалардың тілегін орындамай болмас. Зейнеп, қобызымды алып берші, — деді ақсақал кемпіріне.
Қарттың жүзі қалың ойға шомғандай бір сәтке тұнжырап қалды да, қолдан жонған қыл ішекті қобызын сөйлете жөнелді. Сыңғырламай, қаңғырламай әсем сазды жұмсақ үн тереңнен булыға шыққандай баяу сызылады. Ойға толы назды даусы адам көңілін небір сырлы күйге бөлеп, жақсы қиялдарға жетелеп келді де, кенет үздіктіріп барып тына қалды.
Қарт қобызын көкірегіне қыса түскен күйде біраз отырды да, онан соң «болды осымен» дегендей біздерге қарады:
— Зейнеп, іліп қойшы орнына, — деді бір түрлі жабырқау үнмен.
Шайды ұзақ ішіп, терлеп-тепшіп отырған толық денелі қара жігіт осы кезде:
— Әлгі, Мұхаңа ойнап беретін күйіңіз осы емес пе?! — деп қойды.
Қарт басын изеді. Онан соң өзіне-өзі сөйлегендей сабырлы, салқын ғана:
— Осында дәл екі жыл бұрын көктемнің осындай жайма-шуақ бір күнінде келіп еді. Тыңдап еді, сонда... — деді.
«Мұхаң» деген есімді естігенде қатты елең етістік.
— Бұ кісінің Мұхаң деп отырғаны — Мұхтар Әуезов, — деді мән-жайды бұрыннан білетін әлгі қара жігіт.
— Иә, жарықтық, сол кісі тап осы жерде отырып, қолымнан дәм татқан, — деді Зейнеп шешей де бұл тұста мақтанышын жасыра алмай.
***
1961 жылғы апрель айының алғашқы күні болатын. Құм арасындағы көктемнің нағыз сабасына толған шағы еді. Аспан шымқай ашық. Ертеңгі қоңыр салқынмен аңға шыққан Үрміз қарт күн сәскеге жеткенше талай жерді шарлап тастаған. Қанжығасына іліккені тек бір қоян болды. Құмның ыси бастауынан қашып аң біткен Бетпақтың даласына қарай ауып кетсе керек, таңертеңнен бері не бір қарақұйрық, не бір киік кездеспеді аңшыға. Аты
да қара терге түсіп жүрісі шабандай бастады. Енді алдағы биіктеу шоқыдан соңғы рет төңірекке көз жіберіп кері қайтуға бекінген. Аты оқыс жалт бұрылып елең ете түсті. Оң жақ өкпе тұстан жан ұшыра қашқан киік көрінді. «Әп, берді құдай». Биіктеу жерге желе шығып, мылтығын оқтана берген қарт киіктің шойқаңдаған жүрісіне қарап, ақсақ екенін білді. Алдыңғы аяғының бірін көтеріп апты. Ойбай-ау, әнең қара, лағы да бар екен. Бұта-бұталарға соғылып анасының соңынан о да шыбын-шіркей боп барады. Қарт мылтығын кезеніп тұрды да, кері тартып алды. Атқан жоқ. Лағын ерткен ақсақ киікті көзден таса болғанша қалың ойда тұрып ұзатып салды. Бір сәтке көңілі ұйқы-тұйқы боп, дауыл соққандай гуілдеп кетті. Жай гуіл емес, құй боп аңыраған, осынау тоң-торыс жатқан құмды өлкені зулап өтуді қалаған белгісіз бір асау сезім еді.
Үрміз қарт бозбала шағында осылайша ат үстінде тұрып, мылтық орнына қолына қобыз ұстағанда осындай сезімдер билейтін бойын. Қыл шектен әйгілі «Ақсақ киіктің» күйі шыққанда, бүкіл дала демін ішіне тартып тына қалғандай болушы еді. О! Ол кезде Үрміз бармағынан бал тамған күйші еді-ау! Жаппас екеуі қыз-бозбала бас қосқан ойын сауықты жерлерде бәсекелесе өнер салыстыратын. Жаппас та күшті қобызшы. Сол кезден-ақ қобыз тартуға біржола құлай беріліп, осы өнердің соңына мықтап түсті. Қазір ғой, әне, барша жұртқа аты мәлім Жаппас Қаламбаев атанды. Ол тартқан күйлер радио арқылы беріледі. Ал Үрміз ше?! Қобыздан гөрі аңшылыққа беті ауып, шаруа басты боп кетті. Тек анда-санда осындай бір орайы келген сәттерде көңілі қобыз боп күйге толады. Болғаны сол-ақ.
Ақсақ киік әлдеқашан ғайып болды. Мылтық қарт қолында оқтаулы қалпы тұр. Кәнігі аңшылардың ырымы бойынша оқтаулы мылтық кезелген соң атылуға тиіс, әйтпесе қаруы қайтып қалмақ мергеннің.
«Ең болмаса қарақұс, не күшіген көрінбес пе екен» деп көкке қарады. Қырағы көз шырқау биіктегі қалықтап айналып жүрген жалғыз ноқатты шалып қалды. «Оу, мынау бүркіт қой! — деді күбірлей сөйлеп. — Шамасы, осы маңға ұя салған-ау, ә. Тоқта, тоқта, қай тұсты айналып жүр... Бүркіт қияның үсті болды. Жарықтық-ай, ә. Бұл жақтан бүркіттің ауып кеткеніне көп жыл өтіп еді, оралған екен-ау!..»
Үрміз көп ойланып тұрмастан атын тебіне түсіп, биік жал — Бүркіт қияға қарай тартты. Ілгерілеген сайын ұсақ бұталар сиреп, сусылдаған құмға ат тізесінен батып келеді.
Бүркіт қия.
Бұл — осы төңіректегі басқа жалдардан жоны әлдеқайда биіктеу боп күдірейіп жататын, есілген құмы қалың жал. Әр жерде бір боз тартқан кәрі сексеуілдер ғана өседі. Үлкен сексеуілдер. Бүкіл Мойынқұмдағы сексеуілдің бәйтерегі осы арада десе де болады. Осылардың басына бүркіт ұя салады. Кез келген жерге ұя салмайтын құс әулиесінің дәл осы арадағы сексеуіл басын таңдауы да жайдан жай емес-ау!
Жүріс ауырлай бастады. Апрель күні өзінің ең биік шегіне шығып алып, тас төбеден күйдірейін деді. Құм арасын қапырық ыстық басты. Мұнан әрі атты байлап, биікке қарай жаяу өрмелеуге тура келді. Әне, анау тұрған үлкен сексеуілде ұя болуға тиіс. Бір адым жерді екі аттап, үш аттаса қос адым артқа сырғып, сусылдаған құмға қарсы алға жылжыды. Қара терге түсті. Шөлдеді. Бірақ ұяға жетпей қайтпауға бекінді. Уһ, сексеуілге де жетті-ау. Енді оның ұшар басындағы ұяны алудың өзі бір күш. Ұяда екі балапан бар екен. Біраз демін басуға отырған қарт аяқ астындағы жемтіктер қалдығына көз жіберді. Бүркіттің алғырлығы жемтігіне де байланысты ғой...
Бұл күні қарт үйіне кеш оралса да үлкен олжамен қуанышты келді. Қанжығасындағы жалғыз қоянды кемпіріне ұсына берді де:
— Осының етіне тиіспеші, мына балапандарға берелік, — деді. Көздері инеше қадалып, жаутаң-жаутаң еткен сары езу екі балапанды жылылап ұя жасап, тамның бір бұрышына орналастырды.
Жасынан талай құсты баптаған және олардың жақсы-жаманын да танып үйренген қарт, әуелгі күндерде-ақ екі балапанды сынап үлгерген. Қарт ойынша: үлкен балапан нашар, жасық боп шықты. Өйткені көзі отсыз, тура қарай алмайды; тамақты берсең жейді де бермесең бұғып жата береді; ал кішісі ондай емес. Жанары өткір, отша жанып тұрады, оның үстіне өте мазасыз, тамағын уақтылы бермесең шаңқылдап тиыш жатпайды. «Міне, бұл қыран болады» деп түйді.
Осыдан үш күн өткеннен кейін, таңертеңгілікте Зейнеп самаурын тұтатып, Үрміз атын суғарып кеп, жемге қойып жүрген болатын. Дүр ете түскен машина үні естілді де, сөйткенше болған жоқ, қос жеңіл машина жүйткіп кеп, киіз үй мен тамның аралығына тұра қалды. «Бастықтар келген болар», — деп ойлады қарт. Шынында да бір-екі адамнан өзгесі аудан, совхоз басшылары еді. Бірақ бұлардың дәл қазіргі келістерінде әр уақыттағыдай бастықтық нышан жоқ. Бәрі жайдары, жай ел қыдырып жүрген адамдар іспетті. Аудан басшылары да, совхоз директоры да алдыңғы машинадан түскен — кең маңдайлы, қасқа бас адамға жол беріп, өздері сол кісіні қошеметтеп жүргендей сыңай танытты. Қартпен барлығы да қол алысып амандасты.
— Үйге кіріңіздер.
Әлгі қасқа бас адам бастап қонақтар киіз үйге кірді. «Апыр-ау, түсі таныс сияқты, бұл кім болды екен? — деп ойға қалды қарт. — Жай адам емес. Ешқандай бастық та емес. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі мүлдем айрықша...»
Үйге кіріп барған адамның көзі бірден төрде ілулі тұрған қызыл сырлы домбыра мен қобызға түсті.
— Бәлі, бұл бір өте көңілді үй ғой, — деді дән риза болған көңілмен.
Әдейілеп бұрылып Үрміз қартқа аса бір жылы шыраймен барлай қарап өтті. Әлденені есіне мықтап тұтқысы келгендей оң қолын көтере берді де, насыбай иіскейтін қарт адамның әдетінше танауын сипап қойды. Қоңыр күрең ойлы жүзі, бәрін сезіп, ұғып отыратын терең нұрлы қара көздері, жарқыраған үлкен шекесі, самайынан артына қарай бұйралана өскен көкбурыл шашы Үрміз қартқа қатты әсер етті. «Қайдан көрдім, қайдан көрдім?» — деп өз-өзіне іштей әлденеше рет сұрақ қойды. Бірақ қапелімде есіне түсіре алатын емес.
Зейнеп шай әзірлемек болатын:
— Жеңгей, шайдан гөрі, егер бар болса айран берсеңіз, — деп өтінді әлгі адам.
Көрім болғанда сол күнгі айран мұндай жақсы ұйыр ма. Бал қаймақтай тәтті еді. Зейнеп ұсынған бір тостаған айранды қасқа бас адам сүйсіне, мақтай отырып ішті. Үрміз қарттан қобыз ойнап беруін сұрады. Қобызды қолына алған қарт ойына анау бір күнгі шоқаңдай қашқан ақсақ киік түсті, сол сәттегі алай-түлей болған сезім де қаз қалпымен қайтып оралған тәрізді. Ойнай жөнелді. Тыңдаушысының айрықша мән бергенінен бе, қарт өз көңіліндегі қайнап жатқан небір ұшқыр сезімдерін қыл ішекке бар әуезімен жеткізе алмай қиналды. Қолы дірілдеп, күй ырғағынан жаңыла берді.
Үрміз қарт қобыз ойнап болғаннан кейін қасқа бас адам халық арасында қайнап туған небір әсем туындылар мен небір саңлақ өнерпаздар жайында, оларды құрметтеп, қадыр тұту керектігі туралы жанындағы адамдарға өзінің көп-көп ойларын айтты. Бабына келтіре сырлап, сымбаттап сөйледі. «Бүйтіп тек шешеннің шешені ғана сөйлер» — деп сүйсінді оның айтқандарын ұйып тыңдаған Үрміз қарт. «Кім болды бұл?»
Кетуге жиналған қонақтар рақмет айтып тысқа шықты. Машиналарына беттеген. Үрміз қарт келгендердің бірінен қасқа бас адамның кім екенін сұрап қалуға оқталды да, бірақ ыңғайсыз көрді. «Көрген адамым ғой, әлі-ақ есіме түсірермін», — деп ойлады.
Дәл осы кезде тамның ішінен кішкене балапанның «пышқалдап» шаңқылдап бермесі бар ма. Машинаға отыра берген әлгі қасқа бас адам тез қозғалып қайта түсті де:
— Мынау бүркіт балапанының үні ғой, — деді көзі жайнап:
Үрмізді ертіп тамға кірді. Бұрышта жатқан балапандарды
көргенде балаша қуанып:
— Міне, мұныңыз өте жақсы нәрсе. Пәлі, шіркін, сіз де құс құмар екенсіз-ау, а? Мен де құсқа аса құмармын. Құс баптағанды ұнатамын. Бәрекелде, бұл бір қайырлы нышан... Тау бүркіті ме, құм бүркіті ме, қайдан алдыңыз? — деп бастырмалата сұрады.
Енді бірде:
— Мұның қайсысы алғыр болады? — деді.
Қарт балапанның кішісін мақтады, өз топшылауларын айта кеп, «нағыз қыран осы» деді.
— Қыран болатынын қайдан білесіз?
— Өйткені ұя түбіндегі жемтіктер арасынан тасбақаның қалдығын да көріп едім. Ал тасбақаны шеңгелдеп ұстаған құс осал болмайды ғой. Анасы қыран екен...
Қарт өзінің жас кезінде көрген қыран бүркіттері туралы, олардың мінез-құлықтары жайлы әңгімелеп кетті. Ал әлгі адам болса асығыстығын мүлдем ұмытқандай қарт сөздерін қызыға, құмарта тыңдайды. Сөз арасында құс жайын жақсы білетінін өзі де аңғартып қояды. Енді бірде құстың қыраны туралы бұл кісі де шешіле әңгімелеп кетті. Күле отырып, тыңдаушысын да өзімен бірге елітіп, қызықтыра түседі.
Едәуір уақыт өткен соң жолдастарының күтіп қалғанын енді ғана аңғарғандай, әлгі адам қартпен қос қолдап қош айтысты. Ойлы жүз қартқа барынша риза болған кескінмен соңғы рет тура қарады. «Уай, бүл кісі Мұхтар Әуезов қой, — деген ой қарт көңіліне сап ете қалды. Тіпті дауыстап та жібере жаздады. — Түу, кәрі шандыр ес-ай, масқара боп сол кісіні танымағанын қарашы. Оу, анау үйде тұрған кітапты ашқан сайын бірінші бетінен осы кісінің суретін көрмеуші ме еді. Көктен күтер қонағы емес пе еді. Енді, міне, қарашы, құдай ұрып танымағанын...»
Қартта дегбір қалмады. Өзінің әуелден-ақ танымағанына іштей күйініп кетті. Дегенмен де сездірмеу керек. Мұндай қонақты қайтсе ғана риза ғып аттандырар. Абай жайындағы кітапты ежіктеп отырып, бір күліп, бір түйіліп, енді бірде көзінен жасы сорғалай отырып оқып, оқыған сайын егіліп осы бір адамға деген алғысы шексіз болушы еді. «Бір көрсем, аяғына бас ұрар едім-ау» деп армандайтын. Ал сол адам тап қазір үйінен дәм татып, азды-көпті сұхбаттасып, қос қолдап қош айтысып аттанып барады. «Не сыйласам екен?..»
— Мұха, бұйымтайыңызды айтпадыңыз-ау. Мен ренжімесін десеңіз, ана қыран құсымды ала кетіңіз. Алыңыз, — деп есі кеткен қарт шаңқылдаған балапанды алып шықты.
Бұл — халықтың қарапайым өкілінің өз ортасынан шыққан асыл перзентіне, ардақты азаматына деген ыстық қошеметтің бірі еді. Бұл — жазушыға деген үлкен махаббаттың белгісі еді. Мұхаң алмаймын деп айта алмады. Осы бір қалбалақтаған қарт көңіліне титтей де кірбің салғысы келмеді. Тіпті енді бір сәтте, өзінің де құс құмарлығы оянып, жүзінде айрықша бір әсем күлкі, үлкен адамға тән ойнақылық пайда болды.
— Түу, бұл бір үлкен сыйлық қой, ақсақал, — дей берді.
Үрміз қарт балапанды жайлылап орап машинаға салмақ еді, тек осы тұста Мұхаңның жанындағы адамдар балапанды дәл қазір алып кетуді жөн деп таппады. Өзі жас балапан, ұзақ жолда машина үстінде өліп қалуы мүмкін, әзірге қарттың өзі күтіп-баптап, жазға салым ұшуға талпынар кезінде Алматыға Мұхаңа өз қолынан жеткізіп берсін деп ұйғарысты.
— Дәл июль айының бас кезінде республикамыздың қырық жылдығын тойласуға Алматыға баратын делегаттарға қосып жібереміз, — деді аудан басшыларының бірі.
— Иә, солай болсын. Келіңіз сонда. Әлі көп-көп әңгімелесеміз, — деді Мұхаң да.
Сөз байламы осы болды. Қош айтысып қонақтар жүріп кетті. Шығы кебе бастаған ұлпа құмның үстінде Мұхаңдар мінген машинаның ою-өрнекке толы ізі қалды.
Үрміз қарт үшін нағыз мазасыз күндер басталды. Жазға қарай штабтағы жұмыстар көбейді. Совхоздан жүмысшылар келіп, қора жөндеу, пішен шабу сияқты толып жатқан шаруалардың барлығына қарттың бас-көз болуына тура келді. Осылармен қабат, бүркіт балапандарын күнделікті күтіп-баптау да әжептәуір жұмыс еді. Оларға үнемі қызыл беріп отыру үшін, аңға шығып тұру керек. Егер балапанның бірін Мұхаңа деп өсірмеген болса, қарт осыншама шала бүлініп шарқ ұрмас та еді. Мұхаңның алдында ұятқа қалмау үшін оған нағыз қыран құс етіп баптап беру үшін барын салды қарт.
Бірде ертерек тұрған Зейнеп тамға кіріп шықты да, түсі бұзылып кетті. Енді киінгелі жатқан Үрмізге:
— Ақсақал-ау, тез. Қайсысы екенін білмеймін, балапанның бірі өліп қапты! — деді шошына.
— Не дейді?!
Үрейі қалмаған Үрміз тамға іш киімшең қалпында ұмтылды. «Е, құдай, Мұхаңның құсы аман бола көргей...» Барса, бір балапан шынында да өлген екен. Көтеріп алды. Жоқ. Мұхаңдікі емес, өзінікі екен. Жылан шақса керек. «Е, мейлі, Мұхаңның қыраны аман болса болды», — деді қуанған қарт.
Сол күні киіз үйдің іргесінен жас талдан тоқып әдемілеп күрке жасады да, жалғыз балапанды соның ішінде күтті.
Бұл кезде балапан қарақанаттанып, әжептәуір есейіп қалған еді. Енді даусы да кәдімгідей түзеліп, үлкен бүркіттердікіндей шаңқылдап шығады. Салалы балғын тұяғымен сексеуілден жасаған ағашты құс сығымдап жіберердей болады.
— Мұхаңа апарғанда бас-аяғы бір құлаш үлкен құс болатын болды, — дейді қарт та мақтанышпен.
Жер-көкті шыжғырғандай қапырық ыстықпен июнь айы да бітіп қалған. Үрміз қарт Алматыға жүрер күннің жақын қалғанын санап, ауданнан келер шақырту хабарды елегізе күтумен болды. Июньнің ең соңғы күндерінің бірі еді. Қарт кемпірі екеуі радио-қабылдағышты ашып, Алматыдан берілген ертеңгі концертті тыңдап, шай ішіп отырған. Кенет диктор кезекті әнді хабарлаудың орнына, көктен түскен жайдың оғындай ғып суық бір хабарды айтты. Москвада Мұхаңның қаза болғанын айтты. Қайталап айтты. Үрміз бен Зейнеп бір-біріне бедірейе қарасқан күйде көз шаралары ыстық жасқа толып, тым-тырыс отырып қалды.
Үлкен адам дүние салды.
Киіз үйдің қайырулы есігінен құмды өлкенің талай жері көрініп тұр. Ауыр қазаны естігендей жым-жырт боп, бүгжиіп жалдар жатыр. Сыңсып өскен сексеуілдердің бүрі қарт ананың шашындай ақшулан боп, бүкіл құм үстін сағалап кете берген. Дәл бүгін түнде ғана ағарып шыққандай. Қобыз күйі естілгендей болады. Бірде азынаған, бірде сыңсыған мазасыз мұңды күй. Үлкен адам дүниеден қайтты.
Радиодан концерт жалғастырыла берді. Дарылдаған әйел үні «ахахаулап» шырқай жөнелді.
Үрміз қарт сандықтағы «Абай» романының бірінші кітабын алды. Алғашқы бетіндегі Мұхаңның суретін ашты. Сол көктем айында келгендегі жылы шырайлы, ойлы қалпы мына суретінде де тұр.
— Қайран Мұха, топырағың торқа болсын!..
Үрміз қарт Мұхаңның балапанын үлкен бүркіт етіп күзге дейін өсірді. Бұл нағыз қыран құс болды. Қанатын жайған кезде үй орнындай жерді бір-ақ жауып алады. Құм арасында күзгі салқынның сызы біліне бастады. Күн салқындаған сайын құс та бой жеткен сұлудай таралып, құлпыра түсті. Күндердің бір күнінде құстың қанаты, әбден қатты-ау, енді көк жүзінде еркін жүзе алады-ау деген шақта Үрміз карт оны жақсылап тұрып бабына келтіріп бір қайырып, аяқ бауын шешіп алды да, үй іргесіндегі шоқалдың үстіне алып шығып, әуелете серпіп қап босатып жіберді. Босап шыққан құс әуелі өз күшін байқағысы келгендей біразға дейін жер бауырлап ұшып барды да, онан соң бірден шырқап тіке көтерілді. Көк жүзіне шығып алған соң, аспан кеңістігін шарлап ұзаққа, алысқа бет түзеді. Үрміз қарт құс соңынан көзі талғанша сығырая қарап ұзақ тұрды. Буалдыр көк күзгі аспан аса бір жаймашуақ, мейірімді райын танытады...
***
Мұхаң жайындағы қарт әңгімесін тыңдап боп, сыртқа шықтық. Күн ыси бастапты. Төбемізден бір топ үйрек дүрліге ұшып өтті. Анадай жердегі шоқал үстінде күшіген ұшып жүр. Тегінде көктемге қарай құм ішінде жемтікке үйірілген күшіген, қарақұстар көп болады екен. Оларды жалп-жұлп етіп қанат қаққанынан-ақ танисың... Ал, түу, сонау шырқау биікте қара ноқат қалықтап жүр. «Ол қыран» дейміз барлығымыз да бір ауыздан. Қанат қақпайды, көк жүзінде еркін жылжиды. Бүкіл даланы үстінен шолып жүргендей.