14.08.2021
  162


Автор: Сайын Мұратбеков

Күсен-күсеке

1


Қойды күн шықпай ергізу Күсеннің қанына сіңген әдеті. Киіз үйдің саңылау-тесіктерінен жарық кірді дегенше, ол төсекте жата алмайды. Таңның атуын зарыға күткен адамдай ұшып тұрады. Іргесінен жел ызғыған киіз үйдің ішінде бойын суыққа алдыра отырып, жәйлап киінеді. Көз қиығымен тор алдында қатар-қатар боп тыриып жатқан кішкене балаларына қарап қояды. Үшеуінің жамылатыны бір көрпе, кейде шет жатқанының ашылып қалатыны бар. Күсен созылып кеп олардың аяқ жақтарын қымтап, көрпелерін тұйықтайды.


Түні бойы қой күзеткен әйелі Айша таңға жуық қалжаурап кеп, киімшең күйінде басын күпәйкемен орап, балаларының ірге жағына қисая кеткен.


Киінген Күсен жүрелеп кеп босаға жақтағы кебеженің үстіне түнде ұйытылған, үсті ескі тонмен қымтап жабылған жып-жылы айранның бетін ашып ағаш қасықпен араластырып-араластырып іртігін жазып, үлкен сары тостағанға құйып алады да, дәмін алмастан бір-ақ сіміреді. Тек ішіп болған соң ғана таңдайында қалған айранның қышқылтым дәмін сезіп, аузында сәл сілекейсөл шұбырады, тамсанып жұтынып қояды. Оның ұнататыны өстіп ұйыған айран. Тағы ішсем бе екен дегендей аз-кем ойланып қалады да, ақыры қолындағы тостағанды жерге қойып, орнынан тұрады. Айран жетерлік, бірақ Күсен аузына үйірілген әлгі бір тәтті дәмді бұзғысы келмейді. Егер айранды тоя ішсе, ол тәтті дәм жоғалып кететін сияқты көрінеді.


Оның түске дейінгі корегі осы бір тостаған айран. Мұнан өзге тамағыңа зауқы жоқ. Тысқа шығып таң алдындағы шыққа малынып, тып-тымық боп тынып тұрған төңірекке көз жіберіп, онан аспанның төрт құбыласына қарап, күннің райын байқап алады. Кішкене шегір көздері әлі де қызарып жасаурап, күреңітіп тотыққан жүзі ұйқыдан тұрғандікі болар, сәл ісіңкі көрінеді. Тырнақтары сынған, кейі мүжілген, барбиған жуан саусақтарымен көзін уқалап, сүртіп, онан тақырға өскен тікенектей тікірейіп өсіп кеткен иегіндегі бес-алты сақалын, мұртын сипап қояды. «Қырынып алса болар еді, — деген ой келеді, бірақ жылы су жоқ, — жарайды, түсте шайға келгенде қырынармын». Кезере жарылған еріндерін жалап жібітеді.


Атын суғарып, ерттеп мінеді де қораның аузын ашып, қойды өргізеді. Кей күні қойды қорадан түстеп түгендеп, санап шығарса, кей күндері санамайды.


Малды ақырындап жылжыта өргізіп алдағы қырат-қырат боп көлбеу жатқан кең далаға беттетеді. Әсіресе жақын маңдағы жайылымды сары майдай сақтап, күн ашық, жер қарада малды алысқа ұзатып әкетіп жаю — шопан атаулының ежелгі дағдысы.


Өріске жеткенше малды қақпайлап отыруға тура келеді. Шашау шығып, бұра тартқаны болса: «һәй, қайт! Қайт!» — деп айқайлап, құрыққа ілген темір қалбырын салдырлатып қағып, жирен атпен тепеңдеп жүріп қайырады. Әбден қыр жалқау боп алған жирен ат қыржың-қыржың етіп, қос өкпеге тепкілеп жатқанда бір ышқынбайды-ау, тепең-тепең етеді де тоқтайды. Күсен де оған үйренген, атының жалқаулығы ойына да келмейді.


— Қап, мына тоқал қараны-ай, ей, а?! Омай, жөнімен жүрсе қайтеді, ей?.. Қарашы!.. Қарашы, кері кетуін... — деп күйіп-пісіп, айқайлап сөйлеп қара тоқал қойға ашуланумен болады.


Біртіндеп күн шыға бастайды, сығалап шеті көрінді дегенше төңіректі жалқын нұрға орайды. Қызғылт сәулесі көз жетер жердегі бүкіл кең даланы ұзын тілімен бір-ақ жалап өтеді, тек ойдым-ояттарға ғана әзірге бояуы тимейді. Әлгінде ғана боз қырау боп жатқан қалың шық лезде жым-жылас жоғалады. Жерден сәл ғана болар-болмас бу көтеріледі. Ала жаздай күн сіңіп көңірсіткен дала шөбінің кермек иісі келеді. Қойдың боз бетеге мен ебелекті күтір-күтір еткізіп жегендері естіледі. Бүрсектеген суық торғайлар шықылықтап, қой үстіне қонақтап, қанаттарын қағып күн сәулесіне шомылады.


Күсен күннің шыққан тұсына кей күні қараса, кей күні қарамайды. Қараған күні:


— Ойпыр-ай, қысқарып-ақ келеді-ау, әне бір күні анау қылтадан шығып еді, бүгін тіпті ауып кетіпті ғой, — деп өзіне-өзі күбірлеп қояды.


Онан күн шыққанда тағы бір сынап алғысы келгендей аспан реңіне ат үстінде шалқалай отырып көз салады. Бозаң тартып шаңғытқандай болған күзгі аспан ашық, кейде бұлыңғыр. Күсеннің де көңілі күзгі аспан сияқты, кейде жайдары, кейде жабырқау. Кейдеі осы бір мезі қылған сүреңсіз баяу тірліктен безе қашардай ішқұса болады, титықтап қажыған, шаршаған күйге ұшырайды. Сондайда үйге біреудің келгенін, қонақ болғанын, мал сойылып, үйдің іші абыр-сабыр әбігерге толғанын тілейді. Қонақтар да қызық: бір келсе, уәделесіп алғандай ойдағысы ойдан, қырдағысы қырдан келеді де есті шығарып жібереді. Аядай киіз үйдің ішінде отыратын орын болмай, жататын кезде көрпе-жастық жетіспей әбден-ақ қысады. Ал бір келмесе, он-он бес күнге дейін жан адам ат ізін салмай қояды.


Мәселен, әнеу бір күні көптен көрмеген алыстағы жиені әйелімен, екі баласымен келген, оған мал сойылып, мәре-сәре боп жатқанда кешкісін жанында екі-үш жолдасы бар, күйеу баласы жетіп кепті, жас сорпа ішкім келді, сойыс мал сұрап әкел деп қызы жіберген екен, хош делік деп оны да қарсы алып отырғанда, түн ортасында бір машина боп бала-шағасымен тиеліп, сексенге келген үлкен шешесін алып, ауданда ауаткомның хатшысы боп істейтін немере інісі бар еді, сол жетіп келмесі бар ма, балаларға әкелген көйлек-көншектері бар, әрине олардың да жай келмегендері белгілі. Амал қанша, тағы бір тоқты сойылды.


Сол екі-үш күндегі Айша екеуінің қысылғандары-ай, киіз үйдің ішінде ине шаншар жер қалмай, бала-шағаға орын жетпей әбден-ақ зықылары шықты-ау. Күсеннің өзі тонға оранып, қой қораның төбесінде ұйықтап жүрді. Бәріне бір-бір мал беріп риза қып аттандырды, әйтеуір.


Сол қонақтар сөйтіп қабаттасып үйіліп-төгілмей, бірінен кейін бірі келіп отырса ғой, қандай рақат болар еді. Ал енді, міне, сонан бері он бес күн болды, жан адам ат ізін салмай қойғалы. Айша да, Күсен де ішқұса бола бастады. Біреу келсе екен дегендей балалары да елегізеді. Орталықтан келетін жолға қарайлайды. Қалай келсе де құдай қонақтан айырмаса екен» деп тілейді.


Мұндай күндерде Күсеннің колхоз орталығына бір барып қайтуға аңсары ауады. Бухгалтерияда болып, ала жаздайғы әйелімен екеуінің тапқан еңбегін есептетіп ақша алып, онан соң екі-үш күндей ағайын-туғандарын аралап конақ болып құмарынан шыққанша ішіп, бір сергіп қайтқысы келеді.


Әсіресе соңғы күндерде ол өзінің биылғы табысын іштей жиі есептейтін боп жүр: ала жаздайғы әйелімен екеуінің еңбегі және жазда жүнді жақсы қырықты, соның қосымша ақысы, төлді де биыл ойдағыдай алып, шығынсыз өсірді, соның косымша ақысы — осының бәрін өзінше іштей есептеп қосады: «Жеті мен сегізім он бес, бірі көңілде... төрт пен жеті он бір көңілдегі бірмен...» — деп күбір-күбір етеді, онан саусақтарын санайды, қойшы, қысқасы есептеп шығарады. Жә, биылғы табысы жаман емес екен. «Бұйыртса ақшаны басып алатын шығармын», — деп қалды. Ал сонша ақшаны қайда жұмсап, қайда қоятынын әзірге өзі де білмейді. «Балалар бар ғой...» — деп күйеуге шығып кеткен үлкен қызын, онан соң облыс орталығында техникумда оқып жүрген үлкен ұлын еске алады, тағы екі баласы: бір ұл, бір қыз аудан орталығындағы мектеп-интернатта оқиды, оларға да киім-кешек керек.


Күсеннің орталыққа барып қайтуға бекінгеніне бір аптадай болды. Айша да қарсы болған жоқ. «Күннің райы бұзылмай тұрғанда барсаң барып қайт», — деген. Бірақ соған әне-міне деп күнде ертең, күнде ертеңмен қолы тимей-ақ қойды. Біресе отын шауып әкеледі, біресе қораның жыртық-тесігін жөндейді, енді бәрін тындырдым, ертең жүрем деген күні аты тышқан боп ауырып қалды. Балалары қой қайырып шапқылап жүріп су ішкізген екен. Міне, осындай ұсақ-түйек, бірінен кейін бірі етегінен тартып жіберер емес.


Бүгін ол тұрғаннан атын баптауға кірісті. Суғарып әкеп басына жем іліп, онан асықпай тұрып арқасының терін үгіп, тарады. «Сәті түссе, ертең жолға шығамыз,» — деп қойды, атының оңалып қалғанына көңілі толып.


Күн әлі ұясынан шыға қоймаған кез. Төңірек мөп-мөлдір боп тұнып тұр. Қора да, үй де ақ шыққа оранған, көз жетер жерге дейінгі бүкіл кең дала ақ сортаң басқандай аппақ боп жатыр.


Қора төбесіндегі иттер бастарын көтеріп, жол жаққа қарап үре бастады. Күсен де атын тарағанын тоқтатып, құлақ түрген: машинаның дүрілі естілді. Сөйткенше болған жоқ, штаб жақ қырқадан су таситын машина да көрінді. Бұл — ферма меңгерушісінің мініп жүретін машинасы еді. Сәлден кейін құйғытып кеп қора мен үйдің аралығына тоқтай қалды. Кабинасында үш адам бар екен: шофер, ферма меңгерушісі және штабтағы дүкенші жігіт — Бисұлтан.


— Айтып ем ғой, бұл Күсекеңе күн шықпай тұрып жетпесек орнын сипап қаламыз деп, — деді самбырлай сөйлеген ферма меңгерушісі қол беріп жатып. — Көрдіңдер ме, енді кешіккенімізде атын жемдеп ап, өріске кетіп қалғандай екен. Айттым ғой, ұйқы жоқ бұларда, ұйқы жоқ... Ал, Күсеке, балалар қалай, аман ба? Жеңгей ұйықтап жатқан болар. Үйге кіріп дәм татайыншы.


Қарқ-қарқ күліп, самбырлай сөйлеген ферма меңгерушісі ақай жоқ, тоқай жоқ өзімсіне билеп-төстеп үйге кіріп, әлгінде Күсен айран ішкен тостағанға айран құйып алып шығып, далада түрегеп тұрып ұрттап іше бастады. Әбден әккі боп алған қу емес пе, өстіп өзімсіне билеп-төстеп әкетсе, шопандардың тырп етпей айтқанға көніп, айдауға жүретінін жақсы біледі.


— Осы үйдегі жеңгем айранды балдай қып ұйытады, — деп мақтап қойды. Әне, көрдің бе қай жақтан айналып соғады.


«Бұл ма, бұл зәндемі ғой», — деп күліп қойды Күсен. Шопандарға ісі түсіп келгенде түлкіден де әрмен бұлаңдайды-ау! Алдап та түсіреді, арбап та түсіреді. Қазір де, міне, Күсеннің іші-бауырына кіріп барады. Қораға басын сұғып малды қараған болды.


— Қойларыңыз, тіпті куннен-күнге қоңайып бара ма деймін, Күсеке. Эй, осы биылғы жылы сіздің алдыңызға ешкім түсе қоймас. Жұрт Біліспайдьі мақтайды, әй, қайдам... Сәті түссе бір орденді алып тұрсыз енді, — деп қайырьіп тастады.


Күсеннің кәдімгідей көңілі өсіп, орденді алмаса да алғандай боп бір жасап қалды.


— Оны, енді еңбек көрсетеді де, — деп күңкілдеп сыпайылық білдірген болды. — Жо, аласыз, аласыз, — деді ферма меңге- рушісі, бәрі өз қолында тұрғандай төндіре сөйлеп. Онан соң негізгі келген шаруаларын айтуға кірісті. — Мына Бисүлтанға аяқ асты тексеру кеп, мойнына ақша мініп отыр, қағаздан шатасқаны бар, жұртқа кетіп жинай алмай жүрген қарыздары бар, біраз ақша болса керек, егер бір-екі күнде сол ақшаны орнына салмаса, жауапка тартылғалы тұрған жәйі бар.


Майға шомылғандай жып-жылтыр, семіз қара жігіт Бисұлтан мойнына су кеткендей көзі жаутаңдап сүмірейіп темен қарап тұрды. Басына іс түскен деген оңай ма, мөлиіп-ақ қапты. Арақты ішіп ап, күп-күрең боп бөртіп екі қолын қалтадан алмастан көкке қарап тасырайып тұрушы еді бұрын.


— Ал енді осыны ел болып, ағайын-туған болып қалай соттатып жібереміз? — деп ферма меңгерушісі сұраулы кескінмен Күсенге қарады. — Қайда, біздің жан ашырлығымыз?


Күсен мүлде абдырап қалды. Дәл бір Бисұлтанға тексеруді осы жүргізіп, ақшаны өз қолынан мінгізген кінәлі адамдай есі шықты.


— Әрине, әрине... — дей берді.


Ферма меңгерушісі иек қақты да, Бисұлтан төс қалтасынан тізім мен қалам алды. Бас-аяғы жиырма шақты шопанның фамилиясы жазылған екен. Әзірге қол қойғаны үш-төртеуі ғана. Күсен өз фамилиясының тұсына үңілген, «жүз сом» деп жазылыпты.


Мойындарына ақша мінген адамдардың өстіп шопандардан жылу жинайтын әдеті. Басқалардай емес шопан деген жылуға жомарт халық. Әсіресе, қолдарымен ұстамаған ақшаға жомарт. Кім болса о болсын өстіп қиылып алдарына келсе, қолдарын қояды да береді. Анау бір кезде колхоздағы почта бастығының мойнына да ақша мінгенде өстіп тізім жасап, шопандарға кеп, айналасы екі күннің ішінде құтылып кеткен. Ер-азамат қой, көз қиып қалай соттатарсың?!


Күсен барбиған күс-күс саусақтарымен қаламды ұстады, тізімді машинаның жақтауына апарып төседі. Қол қоюға ыңғайланған. Ферма меңгерушісі жағы тынбай әлі самбырлап сөйлеп тұр.


— Жаңа сізге келердің алдында Біліспай ақсақалдікіне соққанбыз. Ер-ақ қой, жарықтығым: «Мен жүз емес, жүз елу қосамын деп өз қолымен түзетті, — деп қарқ-қарқ күлді.


Біліспай — колхоздың озат шопандарының бірі. Неше жылдан бері Күсен екеуі өзара жарысқа түсіп келе жатқан адам. Күсен тізімдегі соның фамилиясының тұсына қараған, өзінің айдақ-сайдақ жазуымен «жүз елу» деп түзетіпті. Күсен өз фамилиясының тұсына «Жүз жетпіс» деп түзетті де, қолын қойды.


Заржақ ферма меңгерушісі ал кеп енді Күсенді мақтасын, машинаға отырып кеткенше Күсеніңді талай-талай қырдан асырып тастады-ау. Олар келесі ауылға кетті. Бұл кезде жирен ат та жемін жеп болған. Күсен ерттеп мінді де қойын өргізді.


2


Осы күнгі Күсеннің қой жайып жүрген өрісі үйінен бес-алты шақырымдай жерде, қалың ши-қияқ өскен қырат бар, соның үсті. Жирен аттың ауыздығын алып, айылдарын босатып, шылбырын шұбалтып бос жібереді де, қыраттың ең биік жеріне шығып жантайып жатады. Қой осы қыратты төңіректеп, көз алдында жайылады. Жырақ шығып бара жатқандары болса айқайлап, қойды төңіректеп айналып жүретін иттерін айтақтап қайырып қояды, тіпті болмаса жирен атқа міне сап, тепеңдеп барып ысқыра қуып әкеледі. Онан соң қайтадан сол орнына жантаяды. Нелер-нелер ойлар келеді. Өзінің оқуға қыры болмағанын, әкесі марқұмның талай рет атқа мінгестіріп, осыдан отыз шақырым жердегі мектепке апарып салғанында, қашып келгенін есіне алады. Ол кезде колхоз деген жоқ болатын, тұрмыс деген нашар, аш-жалаңаш уақыт еді. Талай-талай серейіп аштан өлгендерді де көрді. Мал бағып қана жан сақтауға болатын... «Өтті ғой не қилы замандар...» Сонан бері, міне, қойдың соңында. Жақсыны да көрді, жаманды да көрді. Тек әйтеуір қарны тоқ. Ешкімге ісі түспейді, өзімен-өзі. Жіберсе колхоз жақсы жүн қырықтың, төлді көп алдың деп аудан, облысқа жиналыстарға жібереді. Оған да шүкір. Тіпті жібермесе де өкпелемейді, малды жиналыстарға барайын деп бағып жүрген жоқ қой, күн көру үшін, тіршілік үшін бағып жүр. Мынау өсіп келе жатқан бес-алты күшігі бар, солар ер жетсе екен, адам болса екен деп тілейді. Солар қатарынан кем болмаса екен дейді. Рас, колхоз басшылары, әлгі ферма меңгерушісі келіп-кеткен сайын: «Орден аласың» деп емексітіп кетеді. Пендешілік-ай, десеңші, соған кәдімгідей желігіп қалады. Соңғы кездерде бір құштарлық пайда болды, омырауына жарқыратып орден таққысы келеді. Кейде түсіне де кіретін боп жүр, орден алып соны омырауына қалай қадарын білмей жатып оянады. Сондай түстерден кейін көңілі секемденіп қалады. «Апыр-ай, сол орденді Біліспай қу қағады-ау, осы» — дегенде арқасы мұздап кетеді.


Кейде осындай ойларды ойлап-ойлап шаршайды, ақыры құс ұйқысы келіп, қалғып-мүлгіп ұйықтап алатыны бар. Тәтті ұйқыға бойы маужырап, кеберси берген ернін сылпылдатып жалап қояды. Енді бірде басы сылқ етіп қор ете түсіп, өз қорылынан өзі шошып оянатын кезі де болады. Басын жұлып ап, қып-қызыл боп түйнеп ауырып кеткен көзін уқалап, шашылып кетпеді ме деп малды түгендейді. Әсіресе желді күндері мазасы болмайды. Күздің қара желі бір соқса, кейде тәулік бойы азынап тұрып алады. Адамның да берекесін қашырады, малдың да құтын ұшырады. Бүрсеңдетіп жібереді-ау. Ондай күндері құс ұйқы да — бәрі де жайына қалады. Ат үстінде тепеңдеумен күн өтеді. Буын-буынды суық ұстап, әсіресе бел жаман сырқырайды. Сондайда Күсен малдан безе қашардай болады-ау.


Үш-төрт күн болды ауа райы тып-тынық. Жел жоқ. Қараша өтіп барады, енді желтоқсанның қалай келерін кім білсін. Бұ күйінде кете берсе малдың қоңы мына күзгі шүйгін жайылымда тағы да оңала түсер еді.


Күсен қырат үстінде жантайған күйде құс ұйқысы қысып біраз маужырап мүлгіп алды. Қор ете түсіп барып шошып оянды.


Біреу дәл ту сыртынан кеп қарап тұрғандай болды. Артына бұрылған, абдырап сасып қалды. Осы колхоздың бірінші фермасының шопаны Тұрғали деген есірік біреу бар еді, сол атқа жайдақ мініп алған, мұны тапап өтердей боп өңмеңдеп кеп тұр екен.


Ат үстіне күйкентайдай боп жарбия жабысып алған қара шұбар жігіт, құдды баяғының қозы бағатын баласы сияқты көрінеді. Бірақ өзінің түрі тіпті суық, аман жоқ, есен жоқ, көктен түскендей ғып бірден:


— Бұл жерге қойыңды неге жаясың?! — деді.


— Колхоздың жері болған соң жаям, — деді қапелімде аузына басқа сөз түспеген Күсен.


— Жайма. Бұл жерге мен жаям қойымды. Бітті. Сөз қысқа. Кет қазірден, — деді дікілдеп.


— Мынаның есі дұрыс па ей, өзі? — деп аң-таң болған Күсен басын шайқады.


— Мен кімге айтып тұрмын. Тұр! Кет!


Күсеннің де сайтаны ұстап кетті.


— Әй, шырағым, неге одыраңдайсың? Кім едің сонша?! — деп ұшып тұрып атына мініп алды.


Тұрғали сазарып біраз тұрды да, сол міз бақпаған күйінде:


— Бұл жерге мен қойымды жаямын, — деді.


— Е, сенікі қой болғанда, немене, біздің бағып жүргеніміз қояншық па? Өзің қалай-қалай сөйлейсің?! — деп Күсен атын тебініп таяна берген.


— Жақындама! — деп Тұрғали оның атын басынан тартып-тартып жіберді.


Қамшы дәл өз басына тигендей жаны шығып кеткен Күсен:


— Ұрма аттың басына! — деп ақырып қалды.


Тұрғали әлі сазарған қалпы.


— Сақалыңа қарамаймын. Мен сенің өзіңді де итше тепкілеймін, — деді түстеніп.


— Әй, сенен келген тепкіні көріп алдым. Келші, кәне! — деп күйіп кеткен Күсен атын тебіне ұмтылған, Тұрғали қамшымен жасқап маңайлатпады.


— Айтпады деме, енді бір сағатта кетпесең, сазайыңды тартқызам! — деп ескертті де, кілт бұрылып шаба жөнелді.


— Өй, сенен тартқан сазайды да көрдім. Мынау бір есалаң ғой өзі, — деп Күсен айдалада күйіп-пісті.


Тұрғалидың бұзақы екенін, сотталып түрмеге жатып шыққанын ептеп сырттай естігені бар. Сол есіне түсіп әуелде көңілі біраз секем алып қалды. Бірақ қойын қайтарған жоқ. «Ішіп алған неме ғой», — деп біртіндеп сабасына түсті.


Жаңа байқады, әлгі қара тоқал қой бір бүйірлеп талай жерге кетіп қалған екен.


— Ә, құлағыңды... тоқал ит! — деп ыза боп боқтап жіберді. — Осы неге байыз тауып бір жерде жайылмайды екен-ай, ә?! Көзің тайып кетсе безектей жөнеледі. һай-еу-у, Айт! Айт!.. Құрықтап ұрып әкелмесең қайтушы ма еді ол!


Жирен атты тепеңдетіп барып қайырып әкелуге тура келДі. Енді Күсен аттан түскен жоқ. Күн сәскеге кеп қапты. Кәдімгідей маужырап жылы шуағын төгіп тұр. Мынау боз бетеге мен ебелек басқан, әредік-әредікте үй аумағындай жерді алып ши-қияқ өскен кең далаға алты ай қысқа жетерлік жылу құйып кеткісі келетін сияқты. Қой да бүйірлері шығып, кейбір күз күнінің осынау жайма-шуақ жылуынан қорғалақтап шидің түбіне жата бастапты. «Әлі де жайыла түссін, суға түсте шайға барғанда бір-ақ түсірейін», — деп ойлады Күсен.


Ен даланың әр тұсында шұбай жайылған мал. Әр қыраттың үстінде бұрыннан қалған тас обаларша жарбиып өзі құсап отырған шопандар.


Алыста көз ұшында төбесінің түтінін будақтатып поезд кетіп барады. Бұл не деген жалпақ дүние десеңші! Сол жолдан күніне ерсілі-қарсылы қайшыласып пәленбай поезд өтеді. Бір тынбайды. Қайда кетіп жатады, не тасиды сонша?! Күсен кейде шай-қант әкелу үшін разъезге барады. Сонда әлгі тынымсыз қайшыласқан поездардың бірінің шығысқа қарай, екіншісінің батысқа қарай көмір тартып бара жатқандарын көріп дал болады. «Бұ қалай екен?» — деп ойлап, ақыры еш шешімге келе алмайды. «Бұ дүниеде біз білмейтін жайлар көп қой». Соғыстан кейінгі жылдарда армияда талай нәрселерді біліп, көп жерді аралап, көп дүниені көріп көңілге тоқып қайтқан сияқты еді, қазір соның анық бірі есінде жоқ. Көрген түстей ғана еміс-еміс қана оралады. Рас, қалай соғысқаны есінде, өлімді көргені есінде, ал енді өзінің қалай пулеметші болғаны есінде жоқ. Егер сол өзі атқан пулеметті дәл қазір алдына әкеп қойса, қалай оқтауын да білмес еді.


Өстіп қалың ойда тұрғанында қыраттың тасасынан желе жортып Боздақ шыға келді. Екінші фермадағы ең жас қойшы осы болатын. Қойға өткен жылы кіріп, бір қыс көмекші шопан боп істеп, жазда ғана жеке отар алған. Өзі бір көңілді жүретін, ойынпаз, ақ жарқын бала. Күсеннің техникумда оқитын ұлымен жасты. Сондықтан да болар, «ағалап» елпілдеп, жаны қалмай тұрады. Бүгін де анадай жерден сәлем беріп, ыржиып күліп келді.


— Аға, кешегі әңгімені жалғастырасыз ба? — деп қойды.


— Жалғастырамыз.


Кеше Күсен өз басымнан кешіргендерім еді деп, өтірік-шыны аралас біраз әңгіме айтып Боздақтың ішек-сілесін қатырған. Бәрі де соғыс кезінен, өзінің қалай пулеметші болғанын, жауды қалай қырғанын, онан бір ретте барып жау тылынан қалай тіл әкелгенін әңгімелеген. Боздақтың айтып тұрғаны сол.


— Бүгін мен саған атақты Бағила деген ақын әйелмен қалай айтысқанымды айтып берейін.


— Қай Бағила?


— Бәлі, сен Бағиланы білмеуші ме ең? Мына көрші «Абай» колхозында тұрады ғой. Түу, әлі күнге Бағиланы естімей жүрген сен де... нағыз жезтаңдай, суырып салма ақын емес пе.


— Ал онда соны айтыңызшы, қызық болса?


— Қызық болғанда қандай. Ондай айтыс ешбір кітабыңда жоқ.


— Опыр-ай, сіз де айтыстыңыз ба? — деп Боздақ сенер-сенбесін білмей күле қарайды.


— Айтысқанды қойып, бұл ағаң сол жезтаңдай Бағиланы да жеңген, — дейді Күсен ат үстінде қоқилана көтеріліп қойып. Бірақ өзінің өтірік әңгіме айтатын кездегі әдетінше танауы жыбыр-жыбыр етіп күліп тұр.


— Ойының келмесін, бала, жаман шалмен.


— Онда айтсаңызшы енді тамсандырмай.


— Жо-оқ, ол қазір айта сап бітіретін әңгіме емес. Түстен кейін кел, сонда айтамын.


Боздақ жатып кеп жалынады. Ал Күсен болса онан әрмен кергиді. Оған керегінің өзі де осы. Ақ көңіл баламен әзілі жарасқанына масайрап тұрады.


— Жо-жо-жоқ. Түстен кейін дедім ғой, түстен кейін айтам.


Біраз тұрғаннан кейін Боздақ қойы бытырай бастағанын көріп кетуге ыңғайланды.


— Айтпақшы аға, мына Садырбай деген шал қып-қызыл пәле екен ғой, кеше қойымыз қосылып кетіп еді, бөлген кезде бір қойымды алып қапты. Кешкісін қораға кіргізерде санап кеп жіберсем бір қойым жоқ. Шауып отырып барып сұрасам тіпті маңайлатар емес. Үлкен адаммен шатақтасудың өзі қиын екен


— О, Садырбайға қосылса, ол бермейді. Оның бір ғана оңай жолы бар. Жөнін тап та бүгін қойыңды оған тағы қосып жібер Қайтып бөлгенде қойыңды қайыра түгендеп аласың. Өзің қойыңды түгел түстеп танушы ма ең?


— Сегіз жүз қойдың қайсысын түсінен танып болайын.


— Әй, баламысың деген осы да. Қарашы, ала жаздай алдында жүрген сегіз жүз қойдың түсін танымайды. Жарайды, онда Садырбаймен мен сөйлесіп көрейін.


Осы кезде дүрсілдете шапқан аттың дүбірі екеуін де жалт қаратқан. Анадай жерде сол әлгіндегі жайдақ атын борбайлай қамшылап, алдына көлденең ұстаған мылтығы бар Тұрғали шауып келеді екен. Онан әріде қосарлана шауып тағы екі атты келеді. Олар алыстан Күсендерге бірдеңе-бірдеңе деп айқайлайды, қолдарын бұлғайды, сірә, қаш деп келе жатқан болулары керек Тұрғали таяқ тастам жерге таяп кеп қалды.


Сен білмей жүр екенсің ғой, менің кім екенімді. Танытайын ендеше, — деді ақырып. Көзі қып-қызыл боп қанталап, сұсы адам беттей алмастай қорқынышты боп кетіпті. — Тұр былай атамын!..


Дереу қалтасынан патрон алып мылтықты оқтауға кірісті. Сасқалақтап, қолы қалтырап, патронды әзер салды. Енді кезене берген.


— Аға-ау, мынау қайтеді?! — деп жан даусы шығып айқайлап жіберген Боздақ атын тебініп қап, Тұрғалиға қарай тұра ұмтылды.


Күсен бүкіл денесі қорғасын құйғандай зіл батпан боп, бір сәтке мең-зең күйде ат үстінде талықсып тұрып қалған. Мылтық гүрс ете түсті. Бірақ бұған тиген жоқ. Жирен ат осқырынып кейін қарай секірген. Оқыс ұшып түсе жаздаған Күсен толқып барып аттың жалына жабысты. Басын көтеріп жалт қараған. Боздақ оң жағына қарай қырындай салбырап тұр екен.


— Боздақжан, не болды? Не болды? — деді аттандай ұмтылып. Аттан секіріп түсіп баланы сүйей берді.


Құйғытып жеткен екі атты сатыр-сұтыр сабалап Тұрғалиды жерге ұшырып түсірді. Тасыр-тұсыр, айқайласып, уылдасып-шуылдасып төңіректе жүрген басқа шопандар да жетті. Бәрі кеп Боздақты қоршады, оң қолының қарынан жараланыпты. Су бүріккен соң барып есін жиды.


— Ойпырмай, бұл не деген қансыз еді!


— Әне бір күні: «қаным қарайып, кісі өлтіргім кеп тұр», — дегенінде қалжыңы шығар деп ек, ит-ай, ит-ай!..


— Түні бойы басына мылтық жастанып жатады екен.


— Қанын ішіне тартып, кәпірдің сұсы жаман... сұсы!.. — десіп, шопандар жерде бүктеліп жатқан Тұрғалиды жер-жебіріне жетіп боқтап жүр.


3


Ақыры жолы түсіп Күсеп екі-үш күнге ауыл орталығына келді. Алғашқы күні ол түске дейін бухгалтерияда болып, ала жаздайғы еңбегін есептетіп, қойны-қонышын ақшаға сықап шықты. Ол аздай сол күні түстен кейін жабық қырманнан әйелімен екеуінің еңбегіне тиесі екі машина астықты тиетіп, ауыл шетіндегі бажасының ұрасына апарып құйғызды. Почтаға кіріп, оқудағы балаларының бәріне ақша салды.


Осыдан кейін ауыл орталығында екі күн армансыз қыдырды. Ағайын-туғандарының үйінде қонақта болып, олардьщ бұған деп сақтаған сыбағаларын жеп, сый-сияпаттарын көріп өзі де қарап қалмай, біріне «кеусен» деп, біріне «кигізген көйлегім» деп мырза қолымен қалтасындағы қаттасқан ақшаның ортасынан іліккенін суырып тастап отырды.


Қысы-жазы елден шет, далада жүретін адам, естіп анда-санда ауылға бір келгенінде жылы қабақ көрсеткен ағайыннан несін аясын. Маңдай терінің ақысы осы екі күнде көрген сый-құрмет, ішіп-жегенімен-ақ ақталғандай болатын.


Бұл күндері ол үлкенге де, кішіге де Күсен емес, Күсекең атанады, арақты суша сіміреді, есіп отырып сөйлейді, өзін дүйім елдің шолжаң өскен еркесіндей сезінеді. Бұл екі күнде ағайын-туған ол не десе де күле құптасып бас изейді. Іштерінен не ойласа да өздері білер, бірақ тіс жарып қарсы сөз айтпады. Күсекеңдікі дұрыс, Күсекеңдікі жөн... Тасымай қайтсін, шашылмай қайтсін!..


Бірақ келген сайын алғашқы күндері өстіп тасып жүргенімен, қайтарында ылғи көңілі жоқ нәрседен бұзылып, аяқ асты бірдеңені бүлдіріп алатын да, ақырында бүкіл сүйкімінен айырылып, ауылға ендігәрі жоламастай боп мүлде тарығып, жасып қайтатын үйіне.


Үшінші күні ол әлгі ұрасына екі машина астық әкеп құйып берген бажасының үйіне қонды. Бажасы аудандық дайындау кеңсесінде тері-терсек жинаушы боп істейтін. Қою қоңыр мұртын үнемі сылап-сипап отыратын кербез кісі еді. Сол кербездігіне қарай үйді де келісті қып салып алған: бес бөлмелі, еңселі темір шатырлы үй, ішіне кірсең шыққысыз, асыл бұйым-жиһаздар көз тұндырады.


Қанша ішсе де сабасынан аспайтын Күсен, осы үйде қонып отырып, аяқ асты қара басып қызып қалғаны. Шай үстінде шүпілдете құйылған жүз грамдық стаканмен екі-үш рет қана соғыстырып ішкені есінде еді, әрі қарай түк білмейді. Бажасымен екеуі бір-бірімен болымсыз сөзге бола ілінісіпті, ол бұған: «Сенің байлығың менің шайлығым, қойны-қоншыңды бүгін ақшаға толтырғанмен, берекең қашқан неме, ертең сымпиясың...» — депті, бұл оның дастарқанын теуіп, өзін боқтап: «Сенің бүйтіп жетісіп отырғаның менің арқам, әйтпесе өз табысың белгілі ғой», — депті.


Мұнан өзге де талай-талай шымбайға батар сөздер айтылған көрінеді, бірақ бірі есінде жоқ. Ертеңгісін ашық верандада жатқан жерінен тоңып оянды. Астында жалғыз қабат құрақ көрпе, соған кеп киімшең құлапты.


Ертеңгі шайдың үстінде бажасы екеуі бір-біріне тура қарай алмай отырып түнде қалған арақпен бас түзесті. Өткен түн оқиғасы ләм деп сөз болған жоқ, жабулы күйінде қалды. Қайтуға ыңғай білдірген Күсен араларында түк болмағандай, өзінің бұйымтай әңгімелеріне көшті.


— Маған таза хромнан бір саптама етік ескерші, — деді өтініш үнмен.


— Таза хромнан дейсің бе? Мақұл, — деп бажасы ащы қуырдақтан көсіп асап жіберді де, аузындағысын шайнай отырып сөйледі: — Әнеугүні, әлгі Біліспай деген шопанға таза хромнан саптама тіккізіп бердім. Етік емес сурет дерсің... Жүз жиырма сомға түсті.


Шайдан кейін Күсен өзіне етікке деп жүз елу сом, (отыз сом шайлығы) онан әйелінің аяғы да тозып жүргені есіне түсіп, тағы алпыс сом тастады. «Әй, қымбат-ақ-ау», — деп ойлады ішінен, бірақ сыр білдірген жоқ.


Бажасының үйінен аттанғанда көңілі төменшіктеп, пәсейіп, әлденеге кінәлі жандай боп аттанды.


— Бізге бір-екі қап ақ ұн тартқызып жіберерсіңдер, — деді тағы да өтініш үнмен.


— Жарайды.


Бажасы пенжегін иығына желбегей жамылған күйде, кіршіксіз ақ жейде ішінен қарны қампайып, шіреніп, мұртын сылап тұрды.


Ат үстінде ұзақ жол бойына Күсеннің көңілі алау-жалау боп жүдеп, сең соққандай есеңгіреп келе жатты. Ауылға жиі келмейін демейді-ау, жыл он екі айда өстіп бір жолы түсе қалғанда көкірегі алып ұшып толып келеді де, қайтарында өстіп ойсырап солып, көңілі жасып қайтатыны жаман. «Әй, енді келмеспін-ау. Айшаның өзін жіберіп отырмасам ба», — деп әйелін есіне алды. Ақшаны бей-берекетсіздеу шашып жібергеніне де іші удай ашыды. Бірақ өйтпесе, тағы болмайды, мұның есеп айырысуға келгенін біліп, ағайын-туғандарының бәрі де дәмететін сияқты. Айтпақшы, бұ жолы әлгі бажасының баласының қолына ештеңе ұстатпапты-ау. Қап, бәтшағар өкпелеп қалды ма? Оның үстіне түнде ойда-жоқта қызып қап, кінәлі болғаны тағы бар, қап...


Жирен атты бүлк-бүлк желгізіп, өстіп дел-сал боп келе жатқанда, қарсы алдынан жарқ етіп судай жаңа қара «Волга» шыға келді. Жүйткітіп кеп Күсеннің тұсына жеткенде кілт тоқтады. Ішінен дүкенші Бисұлтан және бір екі-үш адам түсе қалды.


— Ассалаумағалейкүм, Күсеке! — деп Бисұлтан анадайдан қолын соза жүріп кеп сәлем берді. Ішіп алған екен, жүзі күрең қызыл, беті жылтырап тершіген. Жібек жейденің жағасын алқа-салқа ағытқан.


— Жігіттер, бұ кісі Күсекең деген озат шопанымыз, — деп жолдастарына таныстырды. — Әкеліңдер әлгіні...


Ілезде жол жағасына газет жайылып: үсті арақ пен тамаққа толып кетті.


Күсеке, жолыңыз болсын, тартып жіберіңіз, деп Бисұлтан шүпілдеп құйылған арақ ұсынды. Күсен сәл тартыншақтады да, ақыры: «Ал ендеше жол болсын!» деп қағып салды.


Күсеке, мен аман-есен құтылдым, бұл соның тойы, — деді Бисұлтан.


— Өй, бәрекелді, құтылғаның жақсы болған, азаматым, — деді Күсен қуанып.


— Сіздердің арқаларыңызда машинам да өзімде қалды.


— Бәлі, шіркін! Бұ күнде ер қанаты осы ғой. Дұрыс болған екен.


Бисұлтанның қошеметімен тағы біраз тартып алған Күсен көңілі сейіліп, айналаға мүлги қарап үйіне жеткенше ат үстінде ыңырсып әндетті де отырды.


Үйіне күн бата жетті. Әйелі Айша мен балалары киіз үйдің есігін қайырып қойып орталықтан келер жолға қарай-қарай көздері талып күтіп отыр екен, дәл бір Күсен он жылға жолаушылап кеткен адамдай сағынып қапты. Мәз-мейрам боп шуласып қуанып қалды. Балалары мен әйелін көргенде Күсен өзі де ыржиып күле берді. Ауылға барған екі күн де есінен шығып кетті. Әйеліне қарап:


— Амансыңдар ма, әйтеуір. Ит-құс мазаламады ма? — дей берді.


Кешкісін астан кейін, балаларын ұйықтатып тастап, Айша екеуі ақшаларын есептеуге кірісті. Күсен ойсыратып-ақ шашқан екен. Қалталарында ылғи бір сомдықтар мен үш сомдықтар ғана қапты. Айша өзіне біраз жекіп ұрсып алды.


— Сол ауылға түгел таратып келуің ғой, бекер әкелгенсің мынаны да қалтаңды томпайтып, — деп кекеп қойды:


— Жарайды, енді қалғаны да жетер, — деп өз кінәсін мойындап міңгірлеген Күсен күлімсіреген күйде теріс карап жантая кетті. Мұнан кейін үндеген жоқ. Айша ұрысты-ұрысты да онан соң барып басылды. Күсен біледі, үндемей қойса әйелін жеңетінін.


«Қалай сонша көп үлестіріп қойдым екен», — деп көпке дейін таңдайын қағып, өкінумен болды. «Байқап-ақ ұстаған сияқты едім...» Ысырап кеткен ақшаға іші удай ашып жатыр. «Машина сатып алатын ақша еді-ау», — деп қояды. Онан соң кейбір өзі сияқты шопандардың машина сатып алғандарын, орталықтан көп бөлмелі үй салғандарын есіне алады. Қызығып та, қызғанып та ойлайды. «Солар қалай жеткізеді екен?.. Әй, бірақ олар құсап тістей қатып ақша жинағаны құрысын. Жә, аштан өліп, көштен қалмасақ болды да, одан артық не керек. Балалар жетсе, әлі бәрі болады», — деп жұбатады өзін.


Осыдан кейін-ақ көңілі орнына түсіп, түк болмағандай жайбарақат күйде, баурына тығылып жатқан кішкене баласының қарнынан сипайды. Күні бойы ат-соқты боп шаршағанын, екі-үш күнгі арақ, ырду-дырду жүрістің әбден қалжыратқанын енді сезеді. «Келесіде Айша-ақ барсыншы ауылға...» — деп түйеді ақыры.


— Айша, атты қазан суытып барып отқа қойғайсың, — дейді дауыстап.


Сыртта гу-гу етіп жел соғады, түндікті қағып желпілдетеді. «Желтоқсан да кеп қалды, ә..»


Өз ошағының басына жетіп, көңілі жай тауып, қой жүнінің қышқылтым шәйірі мен қидың көңірсік қою иісі танауына келгенде тәтті бір ұйқы қысып, манаурай бастады.


— Шешініп жат, төсегіңе, — деді әлден уақытта Айша мұны мұрнынан қысып, — өзің тіпті ауылға барып, сақал-мұртыңды жып-жылмағай қып жасарып қайтыпсың ғой, — деп сықылықтай күлді.


Күсен төсегіне жатқан соң да көпке дейін өң мен түстің арасындағы халде маужыраумен болды. Қорадағы қойлардың пысқырғаны, жөтелгені, қасынғандары естіледі, иттер төңіректе зыр жүгіре айналып үріп қояды, енді бірде қой күзетуге шыққан Айшаның: «Ай-о-оу!» — деп созылта созған үні келеді.





Пікір жазу