14.08.2021
  387


Автор: Сайын Мұратбеков

Көкорай

Әдетте таулы өлкедегі қыстың соңы жиі-жиі бұрқасын-боранды болып, аласапыран өлараның кезінде сай-сүйекті сырқыратып мезі қып жіберер қарасуық жел соғатын. Теріскей тұстағы аласа қоңыр таудан асып кеп үйіре соғып апта бойы аңырап тұрып алғанда ауыл орталығы — Алмалының төңірегіндегі қары кетіп үлгірмеген жота-дөңдердің шаңы шығып, елдің де, жердің де берекесін кетіретін. Биыл табиғат сол тәртібінен жаңылғандай, — әлде әлгі қара суық жел жылдағы жолынан адасып, басқа жақа ауып кетті ме, болмаса бір бағытпен соға беруден өзі де мезң болды ма, кім білсін, — әйтеуір бұл көктем ерекше жаймашуақ басталды. Қыстың ызғары тез қайтты. Маужыраған жып-жылы күндер, тып-тымық түндер тізбектеліп өтіп жатты...


Теріскей, ықтасындардағы ала қыстай мызғымай сіресіп жатқан қар енді кірлеген бәтестей боп реңі бұзылып, сүр тартып, жентектеліп, күн өткен сайын етек-жеңі қусырылып түріле берді. Қар суының күлімсі иісі аңқиды. Күнгей жоталар қара бұйраланып бусанып, үстерінен ертеңді-кеш толассыз жөңкіліп сағым ақты.


Ауыл орталығында күндіз-түні басылмас тынымсыз жүріс-тұрыстар көбейді. Колхоз басшылары аз ұйықтайтын болды. Шаруашылықтың таусылмас күйбеңі біріне-бірі жалғасып, күн санап көбейіп, нағыз мұрынға су жетпес қызу науқанның туар шағы таяды.


Ала қыстайғы бұйығы, тыныш өмірден іштері пысып, жалыққандай болған ауыл адамдары енді біртүрлі шамадан тыс көңілденіп, даурыға дабырласып, ертелі-кеш кеңсенің алдынан, одан қала берді шаруашылық ауласынан топырлап шықпайтын боп алды. Көктемгі егісті, абыр-сабыр әбігер күннің басталуын бәрі де асыға күткен сияқты. Сөз де көп, әңгіме де көп өздерінде. Бір ғана ауа райының төңірегіндегі қаншама топшылаулар айтылады. Бірі жақсылыққа, молшылыққа деп жориды, енді бірі: «Жо, өстіп жайма-шуақ басталып-ақ жер соқтырып кетуі мүмкін» деп білгірсінеді. Жатып кеп таласады. Бітпейтін дау. Ешкімге залалы жоқ талас. Кейде, ойланып-толғанып бәрін сабырға жеңдіріп отырамыз дейтін қарттардың өзі де өзара қызыл өңеш боп қалады. Бірінен-бірі білгір көрінгісі келеді.


Осыдан бір ай бұрын колхозшылардың есеп беру-сайлау жиналысында жаңа председатель сайланған. (Бұл соңғы екі жылдың ішіндегі үшінші председатель еді). Содан бері әлі: «Мына председатель сондай адам екен», — дейтіндей не жақсы, не жаман ештеңе істеле қойған жоқ. Еш өзгеріс болған жоқ. Шаруашылық қаз-қалпында. Колхоз басшылары да әзірге бәрі орнынша. Бірақ бір сойқанның болатынын бәрі де сезетін сияқты. Қалай басталады ол сойқан, қалай болады, кім ауысып, кім қалады? — Ол жағы әзірге белгісіз. Ал болатыны анық.


Жаңа келген бастықтың ыңғайына қарағанда, әлі: председательдің орынбасары да, бас агроном да, бас бухгалтер де, бригадирлер де тегіс ауысуы тиіс. Онсыз болмайды. Онсыз кенжелеп қалған шаруашылық оңалмайды. Өйтпесе, жаңа бастықтың жаңалығы қайда, бұрынғы бастықтардан айырммасы қандай болмақ?.. Жоо, өзгеріс болады әлі. Бастықтардың қайсысы болмасын қолынан кеп тұрғанда өз әмірін жүргізіп, өз дегенін істеп қалатыны қай заманнан бергі әдеті ғой. Әрқайсысы өзінше саясат жүргізіп, өзінше қимылдайды. Сол сияқты бұл жолғы жаңа председатель — Сәмбеттің де өз түйгені, өз білгені бар шығар. Әзірге оның шаруаға қандай адам екенін айту қиын. Ол жағын тек науқан кезі көрсетеді. Ал науқан болса иек асты кеп қалды. Жұртттың биылғы көктемді асыға күтуінің өзгеше бір ішкі мәні және осындай.


Соңғы бір жетіден бері күнде кешке қарай ауыл орталығындағы аласа клубтың алдына жастар жиналатын боп жүр. Әуелі сағат бестің кезінде клуб меңгерушісі Халима кеп клубтың есігін ашады. Орындық алып, дәл табалдырықтың алдына шығып отырады. Онан соң көзіне дейін түсіріп орап алған қоңыр түбіт шәлісін маңдайынан жоғары қайырып қойып, сұйқылтым сары лак жалатқан тырнағының көбесін шұқылауға кіріседі.


Халима он сегізге жуырда ғана толды. Сұңғақ бойлы, сәл сепкілі бар ақсары жүзді жас келіншек. Күйеуге өткен күзде оныншы класта оқып жүргенінде қашып тиді. Қыстай үйде отырды. Клуб меңгерушісі боп істей бастағаны жуырда ғана. Сонан бері тырнағын бояп, ептеп опа жағатын болды. Өзі күннен-күнге бой түзеп құлпырып келеді. Қыз күнінде аяқ-қолы сыриған ап-арық еді, қазір нарттай боп толысқан, көз тойғысыз әсем келіншек. Сол әсемділігінен өзі де қымсынатын болса керек, күннің жылы екеніне қарамастан түбіт шәлісін көзіне дейін түсіре орап алады.


Оның үстіне ауылдағы қу тілді жігіттердің басқа қалжың таппағандай қит етсе Халима бойындағы осы құбылысты тілге тиек етіп қылжақтай беретін әдеттерін қайтерсің. Жанап өте бере: «Қыздан жақсы көремін, жас келінді, шіркін-ай...» — деп әндеткен болып, «Халимажан, енді өзің біл», — деп көзін ашып-жұмып, езеуреп үздіге қалатындары да бар. Ал жұрттың бәріне айдар тағып, ат қойып жүретін, кәдімгі атышулы Моторбай бұрын мектепте оқып жүргенде мұны «Ашқарын қыз» дейтін, енді осы күні көрген жерде: «Қыз күнінде арық болса, жақсы қатын содан шығады», — деп мәтелдеп қойып, сықылықтап күледі.


Халима клубты ашқан кезде сол Моторбай шаруашылық ауласының шетіндегі шеберхана үйінің төбесіне шығып отырады Үстінде қысы-жазы тастамайтын қоңыр былғары күрткесі, кешке дейін трактор жөндеуде жүрсе де, жұрт құсап былғанбайды. Қалтасынан қол айна және аппақ қардай бет орамалын алып, алтынмен қапталған қасқа тісін жылтырата ысып қояды.


— Қыздар жиналып па? — деп сұрады төменде жүрген механизатор жігіттер.


— Жә, жә, алаңдамай істе жұмысты, — деп Моторбай қабағын шытып зекіп тастайды оларға. — Әй, сен үшеуің, анау менің тракторымды тағы бір қарап шығыңдаршы. Болыңдар тез. Өздеріңдікін ертең қарайсыңдар ғой. Тоқта, алдыңдағы қалпыңмен сидениені былғайсың...


Моторбай өстіп төбеде отырып бұйырумен болады, әлсін-әлсін клуб жаққа да көз тастап, жинала бастаған қыздар жайлы төмендегілерге дауыстап хабарлап отырады.


— Жынойнақтың бірі келді. Түу, мойнының ұзыны-ай, самауырдың мұржасы сияқты екен. Әне, қотыр тоқты құсап сүйкенісіп тағы екі ербекей келеді ар жағынан...


Моторбайға ұнайтын адам болушы ма еді. Оған салса жұрттың бәрін — үлкен демей, кіші демей өстіп мысқылдап тілмен шағып отыру. Мазақтау, күлу.


— Әне, тағы бір-екеуі келді. Шаштарын неғып алған-ей, мыналар. Бәйгеге шабатын аттың құйрығындай ғып шолтаңдатып түйіп тастапты. Әй, сен үшеуің қарап болдыңдар ма тракторды. Шықпа, шықпа дедім ғой, сидениеге, былғайсың. Өзің құлағыңа сөз кірмейтін кещесің ғой. Кәне, сүртіп ал! Болды енді, аулақ кетіңдерші, трактордан. Механиктерің рұқсат етсе, дайындықтарыңа барыңдар.


Механизаторлардың күтетіні механиктің рұқсаты емес, осы Моторбайдың рұқсаты. Дереу, апыл-ғұпыл спецовкаларын шешіп, қолдарын соляркамен жуа бастайды. Жұрт жиналып қалса, дайындыққа асығу керек. Кенет Моторбай төбеден сырғып түскен, шомбал денесі шойыннан құйғандай, кирзі етік киген жуан, қисық аяқтарын талтаңдай басып қақпадан шықты. Шыға бере қайтадан қайырылды.


— Әй, Садық, ұмытып барады екем, менің тракторымның свечасын тексерші! — деді бұйыра дауыстап. Шеткері тұрған бұйра бас арық қара жігіт:


— Қойшы, өзің тексерші, — деген күңкілдеп.


— Әй, не дейсің ей, а?! Мынаған жал бітейін деген екен. Кәне, тексер! — деп Моторбай кіжіне тап берген.


Садық қарсы келуге дауалай алмай Моторбайдың тракторына қарай кетті.


— Байқа, ей, үстіңдегі май киіміңмен кабинаны былғайтын болсаң, тура желкеңді үзем, — деп қойды Моторбай соңынан.


Бұл кезде, екіден, үштен топ-топ боп қыз-келіншектер клуб алдына ағылады. Көбі қысқы киімдерін тастаған. Неше түрлі қызылды-жасылды гүлдей боп жеңіл киінген. Келіншектер бастарына гүлді жаулық салған, ал қыздардың шаш өрістері сан алуан, сән-ақ. Әшейінде көзге ілікпейтін шөпжелке қыздар аяқ асты шаштарын төбелеріне қоқырайта түйіп, бұрала басып шыға келгенде сыртынан тани алмай аласұрасың. Жүзін көргенше ынтызар қылады-ау!!


Оу, анау Бақыт қой! Қалай боп кеткен ей?! Жаз шыққандай-ақ киініпті өзі. Бойы қандай ұзарып кеткен. Дәл бір Алматыңның өзінен келген киноактриса дерсің! Пах, пах, Алмалының батпағына қор болғаны-ай, сұлудың, тіпті жиіркеніп-ақ барады. Мүсіні қандай әдемі! Шіркін, көктем-ай!.. Қыздардың соңынан өкпелерін қолына алып жігіттер де жетеді. Жігіттердің көбі — әлгі механизаторлар. Асығыс жуынып, асығыс киінгендері түрлерінен-ақ көрініп тұрады. Жүздері тотыққан қара-қошқыл. Қолдары күректей, күс-күс. Солярканың иісі бұрқырайды үстерінен.


Кеңсе жақтан ұзынды-қысқалы боп бухгалтерияда істейтін Барақ пен Бәзікен шығады. Екеуі жұбын жазбастан қатар жүреді. Барақ арбаң-арбаң етіп метр жарымды бір-ақ адымдайды, ал Бәзікеннің аяқ алысына көз ілеспейді. Барақ — ұзын бойлы, бадырақ көз, жуан дауысты жігіт. Арақ ішкенді жақсы көреді. Ішіп алса барылдап кешке дейін өлең айтады. Зор даусы ауылдың о шеті мен бұ шетіне бірдей естіліп тұрады. Бәзікеннің бойы аласа, тығыршықтай доп-домалақ, жиырма үштен асса да, әлі жетінші кластың оқушысы сияқты көрінеді. Бараққа қосылып қанша ішсе де, мас болмайды, ішкенін сездірмейді. Танауы пыс-пыс етіп, тымырайып аузын ашпайды. Томпаң-томпаң етіп жүргені.


Бұлар келген кезде Халима іштен баян алып шығып, Бәзікенге ұстатады да, бағанадан өзі отырған орындықты клуб есігінен ілгерірек, кебу жерге қояды.


— Ағай, отырыңыз, — дейді онан соң Бәзікенге.


Бәзікен орындыққа жайғаса отырып, құшағы әзер жететін баянның тілдерін санап өткендей құлағын тосып, ақырын ғана өзіне ұнайтын бір-екі әуенді ойнап шығады.


— Ағай, әлгі жаңа әнді?.. — деп тілек етеді Халима.


Бәзікен: «Жақсы, жаман», деп бір ауыз тіл қатпастан, баянды құлаштай керіп, Халиманың тілегіне орай жаңа әнді бастайды.


Тегінде, Бәзікен Халимамен амандаспайды да, тіпті тура қарап сөйлеспейді де. Оның да өзінше себебі бар. Өткен күз Бәзікен орта мектепте мұғалім боп істеп жүрген кезде Халима күйеуге қашып кеткен, аудандық оқу бөлімі осыны желеу ғып: «Класс жетекшісісің, сондықтан оқушы қыздың тұрмысқа шыққаны үшін сен де кінәлісің», — деп, мұны қызметінен босатты. Соны әлі күнге көңіліне дық санайды. Бірақ бір ғажабы ол Халиманың айтқандарын үнсіз тыңдап, қалтқысыз орындайды, үнсіз сыйлайды.


Барақ пен Бәзікеннің жасы құрбы. Халима Бәзікеннің алдында әдеп сақтап «ағай» деп сызыла сөйлеген кезде, Барақ бүкіл ауылға естілердей ғып өкіректеп кеп күледі. Күлкісі төбеден домалаған бос бөшкенің дүңгірі сияқты.


— Шіркіннің ағасының түрін қара, шәлтиген. Бір тұтам ғып осының қай жерін аға дейсің, ей, қатын, — дейді.


Барақ Халиманың күйеуімен де жасты, сондықтан онымен де қатты әзілдеседі.


— Е, сен сөйдегенмен бұ кісі бізге ағай, оқытқан ұстазым, — деп дау айтады Халима.


— Осы не оқытты дейсің-ей, тезірек байға ти дегеннен басқа өһ-һе-һе-һе-е!.. — деп Барақ онан сайын мәз болады.


Халима бұл сөзге қарсы ештеңе дей алмай, құр қызара күлімсіреп, ернін тістеген күйі теріс айналып кетеді. Бәзікеннен қысылады. Тек сәлден кейін қабағын шытып:


— Осы сен сондай сөздерді ұялмай қалай айтасың, — деп бұртаңдап ашуланған болады.


— Әй, байға тиюге ұялмағанда, сол сөзді естуге ұяла қалғанын қара мынаның. Келші, өзіңді бір... Мытайын...


Барақ оны құшақтамақ боп тап береді де, Халима екі қолын бірдей сілкілеп:


— Жарайды, қойшы... Ағатай, қойшы, біреу қарап тұрса ұят болады, — деп азар да безер безектеп, «ағатайлап» жалынып, әзер құтылады.


Ал бұл сәтте, Бәзікен болса бұлардың сөзіне құлақ аспастан, ән ырғағына қарай бет-аузы жыбыр-жыбыр етіп бүлкілдеп, әсіресе еріндері қомпаң-қомпаң етіп, шолақ танауы жел кеулегендей делдиіп, баянды үсті-үстіне кере түсіп, ай, аңыратады-ай кеп, аңыратады...


Ауылдың қақ ортасында үлкен дөң бар, клуб — соның үстінде. Ауыл үйлері сол дөңнің екі жағын етектеп кете берген. Екі жақтың да көшелері ойлы-қырлы боп ат шаптырым жерге дейін созылып жатыр. Әркім мекен-жайын өз қалауынша салған, қым-қиғаш балшық үйлер мен қора-қопсылар.


Клуб алдында жастар жиналып, баян даусы шыққан кезде, сол қиқы-жиқы боп жатқан ауылға кенет көңілді думан орнайды. Ауылдың ең бір тамаша шағы-ау, осы! Мұндайда төңірек тегіс нұрлы бояуды бүркіп-бүркіп жібергендей ғажап сұлулыққа бөленеді: аспан шымқай көк боп кетеді; көкжиектегі Жоңғар тауы бұрынғысынан әлдеқайда биіктеп, сұстанып, төбесіндегі мәңгі мұздар қақтаған күмісше жарқырап тұрады; одан берідегі қары кеткен дөңестердің үстінен толассыз жөңкіліп жатқан сағым қойыртпақтанып қызыл-сары түске енеді; күннің көзі осы ауылға қонақтағысы келгендей төніп, төніп кеп елжірей қалады. Уай, қайран ауыл-ай, десеңші! «Ғажап қой ғажап», — деп есі кете сыбырлайды Жанай деген қара торы, қыз өңдес жігіт. Әттең, ауылдың осы шағын тек Жанай ғана осылай көріп, біле ме екен? Әлде басқа жұрт та сезе ме? Мәселен, мынау Қабылтай мұның біріне селт етпейді.


Меңірейіп жүре береді.


Жанай — колхоздағы бастауыш комсомол ұйымының секретары. Концерт дайындауға басшылық етіп жүрген сол. Мұның да комсорг боп сайланғанына көп уақыт өткен жоқ. Жастар арасындағы әзірге қолға алған жұмысы осы концерт дайындау ғана. Тегінде, бұрынғы комсоргтердің де басты міндеті — көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыру болушы еді, Жанай да содан бастады. Қазіргі бар есіл-дерті концертті жақсы етіп шығару. Қайтсе жастар ұйымшыл қатысады, қайтсе концерт мазмұнды болады? Жатса-тұрса ойлайтыны осы. Және бір қызығы: өзі ылғи да жұрттың ең соңын ала келеді клубқа. Өйткені ол үйден шыққан бетінде, әуелі ауылдың батыс жақ тұсындағы ауылдық советтің кеңсесіне соғып, онан Қабылтайды ерте шығады. Қабылтай — Халиманың күйеуі, ауылдық советтің хатшысы. Көп үндемейтін ұяң мінезді жігіт. Ұяңдығы сол жұрт көзінше Халимамен әсте сөйлеспейді. Өз-өзінен бетін басып, қашан көрсең келіншегінен қашқақтап жүргені. Басқа қыздардың бәрімен әзілдесіп, қағысып-соғысып ойнайды да, Халимаға келгенде танымайтын адамша жалт береді. Ал жазатайым екеуі бетпе-бет кеп қалса, жұқалтаң сарғыш өңі лап етіп өрттей қызарып, танауын жиі-жиі тартып, әбден абдырап берекесі қашады. Қабылтайдың бұл мінезін әзірге тек Жанай ғана байқап жүр. «Мұнысы несі?» — деп ол таң-тамаша болады. Жанайдың жиі ойлайтын бір сұрауы осы.


Ал осы Жанай неге екені белгісіз, клубқа Қабылтайсыз келмейді. Қабылтайдың концертке еш қатысы жоқ, сонда да Жанай күнде өзі оның кеңсесіне барып, әдейілеп ертіп шығады. Өзінше мұның да ішкі бір астары бар.


Екеуі клубқа бірге келеді. Жол бойына бір-біріне ләм деп тіл қатпайды. Әрқайсысы өзімен-өзі боп қатарласа жүреді. Анда-санда шыдай алмай кеткен Жанай өзіне-өзі сыбырлағандай: «Ғажап қой, ғажап!..» — деп төңірекке сүйсіне тұрып қараған кезде, Қабылтай кілт тоқтап, оған сұраулы кескінмен таңдана қарайды. «Нені айтып келесің?» — дейтін сияқты.


— Ауыл... ғажап... — дейді Жанай ыржиып. Қабылтай: «Ә-ә», — деп басын изейді де жүріп кетеді.


Жанайдың бір әдеті осы, не болса соған өстіп таңырқап-ақ жүргені. Кей қылығы бала сияқты.


Бұлар келген соң дайындық басталады.


— Жолдастар, аяқтарыңызды сүртіп, ішке кіріңіздер! — дейді Халима.


Жұрт тырпылдап аяқтарын қағып, клуб алдындағы сулы шүберекке сүртіп, біртіндеп ішке кіре бастайды. Жанай есіктің көзінде тұрып, ішке кіргендердің аяқтарын қадағалап тұрады. Жер миы шығып, езіліп жатқан батпақ. Тазалық сақтау керек қой. Сәлден соң тыста тек ұсақ балалар ғана қалады.


— Жанай аға, тиыш отырамын, мені кіргізіңізші.


— Жоқ, мені ғана кіргізіңізші, Жанай аға.


— Мені де, Жанай аға... — деп жапырлай жалынады балалар. Жанай олардың біріне назар аудармастан, бірақ есікті де бірден жауып алмай, балалардың ішінен әлдекімді тінтіне іздейді. Кенет іздеген баласына көзі түседі де:


— Қалтай, жүр, кіре ғой, — деп өзі шақырып алады. Қалтай — Халиманың інісі, көп үндемейтін, жұқалтаң, сүйкімді арық сары бала. Жасы жетілер шамасында. Жанайдың басқа балалардан өзін бөліп шақырғанына қысылыңқырағандай, төмен қарап тартыншақтап, ішке ұялшақтап кіреді. Күлімсіреген сәті Халимадан еш аумайды-ау, аумайды. Сыртқы есікті жауып алған соң, ешкім жоқ ауызғы бөлмеде Жанайдың Қалтайды қолтығынан іле көтеріп, еркелете қысып-қысып қоятын әдеті бар. Құшырлана құшақтап баланы бетінен сүйгісі келеді, бірақ сүймейді, ұялады. Әрине, Жанайдың мұнысы да жайдан-жай емес.


Ал сыртта қалған балалар есікті тоқылдатып, ұрғылап, енді біреулері саңылаулардан ауыздарын тосып:


— Жанай аға мақтаншақ!.. Жанай аға мақтаншақ!


— Жанай-малай, жаман балай... Жанай-малай, жаман балай, — деп шулап береді.


— Әй, сендерді ме! — деп сыртқа қарай тап бере ұмтылып балаларды дүркірете үркітіп, есікті қайта жапқан Жанай ішке кіреді.


Иә, сонымен дайындық басталады.


Сықырлауық тақтай сахнаға ай-шай жоқ, баянын арқалап Бәзікен көтеріледі. Ортаға орындық қойып, шірене отырады. Жеке ән айтатындар, билейтіндер бірінен кейін бірі алмасып сахнаға шығып, онан түсіп жатады. Бәзікен олардың бірін адам ғұрлы көрмейді. Анда-санда:


— Өй, түк емес, — дейді күңк етіп. Бар айтатыны осы.


Бірақ жұрт оның сол сөзінен өлердей қорқады. Әсіресе қыздар Бәзікеннің алдына келгенде естері шығып қалтырап, берекелері кетеді. «И-и, бір жексұрын-ау!» — деседі сыртынан. Ал көзінше: «Ағайлап» жалпылдап-ақ тұрғандары.


Бәзікеннің риза болатын адамы екеу-ақ. Оның бірі — Барақ та, екіншісі — бүкіл осы өңірге әншілігімен аты шыққан Бақыт деген сауыншы қыз. Бақыт ән салған кезде Бәзікен бұрынғысынан да әрмен бір уыс боп бүрісіп, баянның тасасынан көрінбей көзін жұмып, қалғыған тауықша басын шұлғып отырып қалады. Кейде жыртиып күлетіні бар. Әсіресе, Бақыт соңғы кезде шыққан жаңа бір әнді салғанда, езуін жия алмайды-ау. Жанайға қарап көзін қысады. Бұл әнді көрші ауданда тұратын жергілікті талапкер композитор жас жігіт шығарған. Ескі халық әндеріне ұқсас мұңды сазы бар, шырқай созылып айтылатын ән. Сөзін жазған да жігіттің өзі екен: қыз бен жігіт бір-біріне ғашық болып сүйеді; бірақ үлкен махаббаттан жүрексінген жігіт қызға сенбестікпен қарап, ақыры басқа бір қызға үйленеді; алайда жігіт жатса-тұрса сол алғашқы махаббатын ойлайды, соны еске алып, күрсінеді де жүреді, амал қанша, сыр ашуға дәрмен жоқ... Ән сөзінің мазмұны осы. Ауыл жастарына қатты әсер етеді. Опық жеген, өқінішті махаббат әрқайсысының-ақ басынан өткендей аһ ұра күрсініп, егіліп тыңдайды бәрі де.


Бақыт ешкімге қарамастан, басын тәкаппар көтеріп, әуенді созылта тұрып шырқағанда, кішкентай клубты ән кернеп кеткендей болады. Өзі ән салғандағы әдетінше теңселіп тұрып айтады. Кішкене клуб та теңселеді...


Жұрт демдерін іштеріне тартып қалады. Ән біткенде барып қана «уһ» деп бір-ақ тыныстайды. Ең бірінші боп Барақ санын шапақтап ұшып тұрады.


— Әй, қайран, Бақытым-ай, өлтірдің-ау... өлдім-ау, енді!.. — дейді өзеуреп.


Осыдан соң басқа жұрт та дабырласып, әрқайсысы өз көкейіндегісін айтып жатады.


— Әй, керемет-ау, осындай махаббат!


— Не кереметі бар, шын ғашықтардың басында бола береді емес пе, мұндай жайлар.


— Шіркін, болған соң осы қыз бен осы жігіттей болу керек қой...


— Қойшы, ол да бір сорлы жігіт екен. Көніп тұрған қыздан айырылып, тұлыпқа қарап мөңірегендей болған...


— Түу, сендер де қызық екенсіңдер. Мұның бәрі ән үшін ойдан шығарылған емес пе. Соған да сенесіңдер ме?


— Мейлі, ойдан шығарылса да осындай махаббат жақсы ғой. Айналайын Бақыт, тағы да бір айтшы?..


— Иә, иә, Бақыт, тағы да бір шырқап жіберші...


Бақыт та іркілмейді, әлгі әнді тағы шырқайды...


...Иә, сонымен бұл көктем ерекше жайма-шуақ басталды. Маужыраған жып-жылы күндер, тып-тынық түндер тізбектеліп өтіп жатты. Күнде кешке қарай ауыл орталығындағы аласа клубқа жастар жиналатын боп жүр. Концерт дайындауда...


2


Осы Бақыттың даусында ерекше бір сиқыр бар. Шырқатып қойып тыңдай бергің келеді. Айта берсе екен дейсің. Бірақ кейде қырсығы ұстаса, айтпай қоятыны бар. Ондайда жүз жерден жалынып-жалбарынып айтқыза алмайсың. Бір айтпаймын десе, бітті, өлсе де айтпайды. Сондықтан көңілді болсын деп тіле. Көңілді болса қанша айт десең де іркілмейді, шырқай береді. Әсем сазды зор даусымен сай-сүйекті сырқыратып, қолқаны жұлып алғандай тереңнен суыра тыныстап шырқаған кезде, мүлдем есіңнен тандырады-ау. Өзі тағы да, қайдағы бір мұңды әндерді тауып айтатынын қайтерсің.


Міне, сол Бақыт бүгін де әуелгіде көңілді тұрған. Еркек кескіндес кесек бітімді, зор тұлғалы қыз сахнада айрықша келбетті, сұлу көрінеді. Әлгі жаңа әнді жұрттың қалауы бойынша екінші қайтара шырқады. Кішкене клуб тағы да теңселді.


Жанай мұңайған күйде алдындағы қағаздарды шұқшия оқыған кісі құсап отырған. Бақыт әннің қайырмасына — жігіттің опық жеп, өкінетін тұсына келгенде, кенет ол басын көтеріп ап, бір сәтке қырын отырған Халимаға қарап сілейіп қатты да қалды. Оның көз қарасынан қысылған Халима өрттей қызарып, жүзін бұра тайдырып, түбіт шәлісімен бетін бүркеп тасалана берді. Жанай енді Қабылтайға көз тастаған еді, ол екінші шетте, орындықтың астына еңкейіп бұға түсіп, темекі тартып отыр екен. Ештеңемен ісі жоқ бейжай қалпы, шылымды құныға сорып-сорып жіберіп, есінеп қойды.


Бақыт әнді аяқтаған. Алақанын сартылдата соғып, орнынан ұшып тұрған Барақ:


— Әй, қайран Бақытым-ай, өлдім-ау... өлтірдің-ау! — деп даурыға мәз болды. Басқа жұрт та уһ деп тыныстап, дабырласып қалған.


— Баяғыда Мәрияш туралы жоқтауды айтқанда екеуміз жылап едік-ау, — деді Жанайдың дәл құлағының түбінен біреу сыбырлай сөйлеп. Моторбай екен. Қашан келгені, ішке қалай кіргені белгісіз, Жанайдың қасында отыр. Өзі концерт дайындауға қатыспаса да күнде кеп өстіп отыру әдеті. Үстінде былғары күрткесі. Солярка аңқиды. Шалқайта киген кепкасының астынан аттың ту құйрығындай күрең шашы жалбырап шығып тұр.


— Осы біздің Бақыт нағыз әнші, ей.


Жанай құптағандай басын изей берді.


— Өзінен екеуміз талай рет таяқ та жеп едік-ау, — деді Моторбай тағы да күле сыбырлап.


— Соны айтсаңшы, — деп Жанай да күлді. Жанай ойға шомып кеткен, сыртқы есік қағылғанда ғана ұйқыдан оянғандай селт етті. Бақыт жұрттың өтініші бойынша әлгі жаңа әнді тағы бір қайтара шырқап тұр екен. Жанай аяғын ұшынан басып барып сыртқы есікті ашты. Сәмбет пен бригадир Тоқа екеуі екен. Егістік жерлерді аралап қайтқан беттері болса керек, үстерінде қалың киім, қолдарында қамшы. Екеуі де әдепкіде есік алдынан әрі өте алмай, шамның жарығынан көздерін қалқалап, ыңғайсыз халде қипақтап тұрып қалған.


— Дайындық жүріп жатыр екен ғой, дұрыс, дұрыс... — дей берді Сәмбет. Кері шығып кетуге ыңғайланған.


— Сәке, ақыр кірген соң аздап ән тыңдап кетелік те, — деді Тоқа жыпылдап.


— Сөйтеміз бе? Тыңдалық. Қалай дайындалып жатқандарын көрелік.


Екеуі орта тұстағы орындыққа кеп қатарласа отырды.


— Ал кәне, жастар, көрсетіңдерші бар өнерлеріңді, — деп қойды Тоқа күліп.


Дәл осы арада Бақыттың қырсығы ұстады. Аяқ асты қырысты да қалды.


Жаңа ғана жайдары тұрған қара сұр өңі қылт етіп томсырайып, жақтырмағандағы әдетінше ернін тыржың еткізді де:


— Мен айтып болдым, — деп сахнадан түсе берді.


— Бақыт, тағы бір әнің бар емес пе? — деген сөзге құлақ та асқан жоқ. Естімеген адам құсап орындықтың басына ілген жеңіл қызыл пальтосын иығына желбегей жамылып отыра кетті.


— Бақыт, сен айтып бітірген жоқсың ғой, — деген кейінгі жақта тұрған Жанай. Бақыт қайырылған да жоқ.


— Мен айтып болдым, — деді.


Бір сәтке Жанай абыржып қалды. Сәмбет жымиған күйі Жанайға қарап қойды. Пысынап кеткен Жанай:


— Ұялады, — деп ақталғандай боп міңгірлеген.


— Ұялмай-ақ, өзімнің айтқым келмейді, — деп күңкілдей сөйледі Бақыт. Сәмбет сол жымиыспен тағы Жанайға қараған. Жанай енді мүлдем қысылды. Жаңа председательдің алдында жер болғанын мойындағандай бет орамалын алып маңдайын сүрте берді.


Жастар да қысылды. Біресе Бақытқа, біресе председатель мен Жанайға жалтақтасады. Бәрі де күбір-күбір, Бақытты кінәлап жатыр. Жылмаңдай күліп отырған Тоқаның да қабағы түсіп кетті.


— Иттің қызы айтсаңшы, біз де тыңдалық, — деп өзінше туыстығын арқалана зекіген.


— Айтыңыз өзіңіз, — деді Бақыт дойырлығына басып дүңк етіп.


Мұнан әрі Бақытқа сөз айтудың, қолқалаудың жөні жоқ еді. Сахнаға басқа қыздар шығып, дайындық жалғаса берді. Бірақ мәз болмады. Соншалық көңілсіз еді. Бір кез Барақ ән салғанда ғана жұртты селт еткізді.


...Машинамның есігін,


Айнадай ғып, айнадай ғып... —


деген тұста, риза боп кеткен Сәмбет: — Өй, мынау әнші ғой. Мынаның даусы қалай, ей! — деді сүйсіне дауыстап.


Әлден уақытта Сәмбет пен Тоқа кететін ыңғай білдірді. Бұларды есіктен шығарып салмақ боп Жанай да ілесе көтерілді Председательдің осы келісін ол пайдаланып қалғысы келген. Ауызғы бөлмеге шыққан кезде:


— Сәмбет аға, клубтың су өткен жерлерін де көре кетіңіз, — деді.


— Иә, кәне, көрелікші.


Жанай бастықты күңгірттеу ауызғы бөлменің түкпіріне қарай бастады.


Биыл қыста клубтың тозығы жеткен ескі шатырынан қар кеулеп, көктемге қарай сол шатырдағы қар еріп, ауызғы бөлменің бір жақ төбесінен тегіс тамшылап су етіп тұрған. Түкпір жақтағы төбенің ішкі сылағы ойдым-ойдым боп қопарылып түсіп, үйдің жарын іргелеп аққан сары су салтақ-салтақ жайылып кетіпті.


— Мынау сұмдық екен, жаңбыр жауса құлайды ғой, — деді Сәмбет тіксініп.


— Осы клубты қайта жабамыз деп жыл сайын шипр аламыз, дәл кезіне келгенде, біресе қора жабуға, болмаса тағы бірдеңеге жұмсап жібереміз ылғи, — деді Сәмбетке жалтақ-жалтақ етіп күле қараған Тоқа. — Өткен жылы ғой, осыған деп алынған шипрды жабық қырман саламыз деп құртты. Ақыры жабық қырман да жоқ, шипр да жоқ, күзде бес жүз центнер астық бәрібір шіріді.


— Сіз де өсіріп жібересіз-ау, — деді Жанай күліп.


— Өй, өсіргенің не?


— Кеткендерді қалай жамандаса да сыйымды шығар. Ал бірақ шіріген астық бес жүз центнер емес, — деді Жанай.


— Жә, сен нені білесің?


— Мен нені білмеймін. Сіздер шіріді деп дақпырт қып жүрген үш жүз центнер астықты тас қоймаға өз қолыммен құйғанмын.


Тоқа бұған жалт қарады.


— Кәдімгі жабық қырманның орнына төгілген үш жүз центнер күздікті айтасың ба?


— Иә. Сенбесеңіз Моторбайдан да сұраңыз. Қазиевтің бұйрығы бойынша ол екеуміз жаңбыр толастаған бір кеште астық тиегішпен үш жүз центнер күздікті тас қоймаға кіргізгенбіз. Тегінде, біреуді жамандағанда да барды-жоқты үйіп-төге бермей, шектен шықпаған жөн ғой.


Тоқа үндей алмай қалды. Жанай өзінің Сәмбет алдында бейпіл былапыт сөзден тыйып тастағанына масайрады.


— Солай, отағасы, әр сөзді есеп беріп сөйлеген жөн.


Аптығы басылып қалған Тоқа есікке беттей бере, кенет қайрыла тоқтап:


— Сол кезде қырманда таразышы боп істеді ғой, Бақыт біле ме мұны? — деп сұрады.


— Білмеймін. Білетін шығар.


Тоқа мен Сәмбет сенейік пе, сенбейік пе дегендей бір-біріне қарады. Бұларды толық сендіре алмағанына ыза болған Жанай есіктен басын сұғып:


— Моторбай, бері шықшы! — деп іштегі Моторбайды шақырған.


— Өй, өй, оны несіне шақырдың, сенің сөзіңе де сеніп тұрмыз ғой, — деді Тоқа жалма-жан мұны кейін тартып.


Ауызғы бөлмеге атып Моторбай шыққан.


— Не боп қалды? — деді таңырқап.


— Күзде екеуміз тас қоймаға құятын жабық қырманның орнындағы күздік емес пе еді?


Моторбай кішірек көздері бағжыраң етіп, бұған тесірейе қалды да:


— Жо, ол біздің құйғанымыз тұқымға деген жаздық болатын, күздік шіріп кетті ғой, — деді міз бақпастан.


— Қалайша, күздік болатын, — деп Жанай өңмендей түскен.


— Өй, сен өзің жаздық пен күздікті қайдан білуші ең? — Моторбай кекете күлді.


— Сол ма, шаруаң, — деп қайта ішке кіріп кетті.


Тоқа Сәмбетке жалтақтай берген. Бірақ Сәмбет ләм деген жоқ. Су өткен ауызғы бөлменің төбесін тағы бір зер салып қарап шықты да, сыртқа беттеді.


— Жо, мына қалпы болмайды екен. Биыл басқа құрылыс тоқтап қалса да, жаңа клуб салуымыз керек, — деп қойды.


Сәмбет пен Тоқа кеткеннен кейін де дайындық біразға созылды. Онан соң күндегі әдет бойынша би кеші басталды. Ішқұса боп отырған жұрт жапыр-жұпыр боп қалды. Жігіттер ортадағы орындықтарды сахна үстіне жиып тастап, ілезде бір-бір қызды құшақтап дөңгелене жөнелді. Бұрын Жанай көбіне Бақытпен билейтін. Бұл жолы жоламай қойды. Қыздың әлгіндегі қылығына ренжіген еді. Бүкіл бір кештің сұрқын қашырды. Жаңа бастықтың алдында масқара етті. «Қойшы, соны. Ой, Бақыт сондай, Бақыт мұндай дегенге өзінше көрсеткен бір қыры ғой», — деп ойлады Жанай.


Бақыт есік жақта сол томсырайған күйі отырды да қойды. Бір-екі жігіт биге шақырып алдына барған, шықпады. Сөйтіп біраз отырды да, онан соң пальтосын киіп шығып кетті. Есік жақ шетте отырған Моторбай лып етіп оған ілесіп шықты.


— Ана қыз саған ренжіп кетті ғой, — деді Халима күлімсіреп.


— Мен неғылдым?


— Биге шақырмадың ғой.


— Қойшы, сол да сөз бе екен. Кел, онан да екеуміз билейік, — деді Жанай.


— Кел.


Бұрын Жанай осындай би кезінде қаншама оқталса да Халиманы биге шақырудың ретін таппайтын. Өзінен-өзі сезіктеніп, жұрт көзі осы екеуін аңдып тұрғандай болушы еді.


Қазір екеуі ойламаған жерден оп-оңай биледі де кетті. Бір би бітті. Екінші би басталды. Екеуі жұбын жазған жоқ. Жанай билеп жүріп, көзімен Қабылтайды іздеген, ол анадай шетте бұларды көрмеген, тіпті көргісі келмеген адамша басқа қызбен билеп жүр екен. Бірде Халима Жанайды қолынан қыса ұстап ала көлеңкелеу түкпірге қарай бұра тартты. Онан соң бұған тесірейе қарады. Қараңғы жерде көзі мөлт-мөлт етіп, жаудырап көрінді. Есі шыққан Жанай шамның жарығына қарай жүрмек боп, тартыншақтай бастап еді.


— Берірек жүрсеңші, қорқасың ба? — деді Халима көз айырмастан, мұны өзіне қарай тарта түсіп.


— Неге қорқам. Қорықпаймын.


— Ендеше жүр бері.


Халиманың саусақтары мұның қолын жіңішке темір қырсауша бүріп қыса түсті. Әсіресе тырнағы батып кетті. Жанай күле берген.


— Жоқ, сен қорқақсың, Жанай, — деді мұның күлкісіне ыза болған Халима. — Менімен қорықпай қалай билеп жүрсің өзің?


Жанай тағы да құр күле берген.


— Сен жігітсің бе, осы? — деді Халима онан сайын ызаланып.


— Білмеймін. Жігіт шығармын.


— Жо, сен жігіт емессің... айтар едім... айтар едім.


— Сен кешір, менің басым айналып тұр, — деді Жанай. Онан соң Халиманы шет тұрған орындықтың біріне апарып отырғыза салды.


— Қорқақсың, ә? — деді Халима бұған әлі де тік қарап.


Кейпінде соншалық бір реніш, кінәлау бар. Жанай үн қатпастан теріс айналып кетті. Жүрегі дүрс-дүрс соғып, елдің бәрі өзіне қарап тұрғандай қатты қуыстанды. Пысынап терлей бастады. Беті ду-ду етіп сыртқа беттеді. Қарсы алдынан шыға келген Барақ елеусіздеу ғып қана күңк етіп:


— Жанай, ей, бері кеп кетші, — деді. Өзі күндегі әдетінше жүзі бал-бұл жанып қызара бөртіп апты. Ыржиып күліп қояды. Жанаймен ілесіп қайта шықты есік алдына. Дала тастай қараңғы екен.


— Будкаға, будкаға, — деді Барақ.


Клубтың көше жақ іргесінде жапсырыла салынған кішкентай қуыс бөлме бар. Киноқондырғы үшін өткен жылы салынған. Жігіттер оны будка, «Барақтың резиденциясы» деп атайды. Күнде дайындықтан кейін, би қызған кезде Барақтың да өз «резиденциясына» кіріп-шығуы жиілей бастайды. Және әрбір кіріп-шыққан сайын оның күлкісі бұрынғысынан гөрі жиі күмбірлеп, жүзі тершіп, гүл-гүл жайнай береді. Ақырында көзінің қылиланып кететін әдеті және бар. Будкаға Барақ өз көңіл жетерлерін бір-бірлеп шақырады. «Бері кеп кетші», — десе-ақ болды, түсіне бер неге шақырғанын. Бұрын ол Жанайды жиі шақыратын. Соңғы кезде Жанай комсорг боп: «арақ ішкенді тоқтату керек», — дегеннен бері, бұған көп жоламайды. Бүгін міне, ойламаған жерден тағы шақырып тұр. Жанай сырттағы қараңғылыққа көзі үйренгенше тұрыңқырап қалған.


— Жүрсеңші енді, — деді Барақ асықтырып.


Будка іші темекінің көк түтіні боп кетіпті. Бәзікен осында отыр екен.


— Кел, кел, — деді. Жалма-жан орталанған бөтелкені суырып алып, жарты стақан арақты құйып та жіберді.


— Иә, бұл неғылған той?


— Бұл көктем тойы, — деді Бәзікен шылымды сора отырып.


— Не, не?


— Дұрыс айтады. Көктемді қарсы алып отырмыз! — деді Барақ даурыға қостап. — Жанеке-ау, сен өзі комсорг болам деп бізге шаш шығармауға айналып барасың ғой, — деп қарқылдай күлді де, артынша дереу жуып-шая бастады. — Қалжың ғой, көңіліңе алып қалма. Мына қулар ғой, көктемді қарсы алғанымыз болсын деп жанымды қоймады.


— Көктемді қарсы алғандарың жақсы ғой. Ол қуаныштарыңа мен де қосыламын, — деді Жанай кейін шығып кетпек болып. — Тек мына жерде ішкендеріңе ғана қосылмаймын. Онан кейін Барақ, осы сенің ішу сылтауларың көбейіп барады.


— Көңілшекпін. Сонымнан тауып жүрмін. Ал бүгін ақырғы күн. Мұнан былай өлтірсе де ішпеймін. Солай ма, Бәзікен?! Ант беруге бармын. Ал енді ішіп қойшы, ағатай, — деп Барақ жалына бастаған.


Өзінен-өзі көңілі алау-жалау боп құлазып тұрған Жанай мұнан әрі жалындырған жоқ. Көзін жұмды да, демін ішіне тарта тұрып, зорлана жұтты. Ә дегенде арақтың иісі жаман-ау. Әрбір ұрттам тамағынан өткен сайын жүрегін айнытып, лоқсытып, қиналып-ақ жұтты. Орта стакан арақты түбіне дейін тауысқанша қолы дірілдеп, көзі жасаурап кетті. Суық арақ өңештен әрі өткен соң бір түрлі ыссылап, күйдіріп жөнелді. Арақты тауысып ішкеннен кейін өзі де үлкен бір жүкті иығынан аударып тастағандай жеңілейіп қалды.


— Ал мұнан былай мұнда ішкенді қойыңдар.


— Қоямыз дедік қой, қоямыз, — деді Барақ. — Айтпақшы, Жанай, биден соң ешқайда кетіп қалма. Бір шаруа бар.


Сыртқа қайта шыққанда Жанай әжептәуір көңілденіп қалған еді. Бір түрлі бойы жазылып, жадырап, сөйлегісі, күлгісі келеді. Клубқа кірді. Тағы да Халимамен билеп кетті. Бұл жолы әлгіндегідей қуыстанып, қысылған жоқ. Енді келіншектің қолын өзі қысып, күңгірт түкпірге қарай өзі шеттете түсті.


— Қолымды ауырттың, — деді Халима қабағын шытып.


Жанай күлді де қойды.


Әлден соң Барақ кеп, кезек бойынша енді Қабылтайды ертіп әкеткен. Осы сәтті пайдаланып, Жанай Халиманы бүре қысып, қолтығына тарта берген.


— Неге ішесің, Жанай? — деді Халима кінәлағандай.


Жауап орнына Жанай оған:


— Жүр онан да далаға шығып сөйлесейік, — деді кенет. Халима бұған сынағандай көз алмай қадала қарады да:


— Сен бара бер алдымен, — деді сыбырлап. — Мына клубтың артындағы жаңадан салынып жатқан қамыс үйге кіріп тұр. Мен кішкенеден соң барам.


Жүрегі алып ұшқан Жанай жүгіре шығып, төңірекке алақ-жұлақ қарап алды да, клубтың артындағы қамыс үйге кеп кірді. Қазір Халима келеді. Не деп сөйлесу керек? Сөзді неден бастаған жөн? Жо, әлде, мүмкін, бірін-бірі үнсіз ұғып, үнсіз кеп құшақтаса ма? Келіншек қараңғыда үнсіз кеп қарсы алдына тұра қалған кезде, бұл бірінші боп, оны құшақтауы керек... Қап, жаңа тағы да бір жүз грамдай ішіп алғанда ғой. Қап!..


Қамыс үйдің сыртынан дабыр-дұбыр сөйлескен дауыстар естілді. Жанай ашық терезеден мойнын созған. Қараңдаған қыз бен жігіт осы үйге қарап таяп келеді екен. Жанай оларды дауыстарынан таныды: Бақыт пен Моторбай. Сөйлескен күйі өтіп кетер деп ол үй ішінде тым-тырыс тына қалған.


— Тоқта, мұнан ары қарай мен сенімен бірге бармаймын, — деді Моторбай дәл қамыс үйдің алдына келгенде.


— Ұстама қолымнан өзім де тоқтадым ғой, — деді Бақыт. — Ал тағы не айтасың?


— Қайта-қайта айта бергеннен майы шығар дейсің бе?


Екеуі біраз үнсіз тұрды. Болымсыз ғана ызыңдаған жел үйдің қамысын сыбдырлатты.


Клуб жақтан асыға басып біреу шықты. Қамыс үйдің алдына жете бере:


— Бұлар кім? — деп шошынып қалды. Халима екен.


— Бізбіз. Саған не керек? Бар жөніңе, — деді Моторбай зекіп. Халима кілт бұрылып, ізінше жүгіре жөнелді.


— Оның не, ұят емес пе? — деген Бақыт.


— Өй, қойшы соны. Көрсем жыным ұстайды. Ақшаға сатылған...


— Сен қайдан білесің...


— Білем. Өзі Қабылтайды жек көреді.


— Жүр кетелік.


— Жо, сен айтсаңшы жауабыңды.


Моторбай Бақыттың қолынан тағы да ұстай алған болу керек, қыз:


— Мен қашып бара жатқан жоқпын ғой, қойшы, ұстамашы, — деді.


— Айтсаңшы енді, бір жауабыңды.


— Айтайын ба? Айтайын. Мен сені жақсы көрем, Моторбай. Бірге өскен соң ба, әйтеуір сені басқалардан гөрі жақын тартып тұрам. Біз: Жанай, сен үшеуміз бірге өстік қой, сондықтан болар, бір түрлі туыс сияқтысың.


— Жо, туыс-муысты қоя тұршы.


— Рас айтам. Сені көрген кезде алысып-жұлысып ойнағым кеп кетеді. Есіңде ме, қалың шөптің ортасында Жанай үшеуміз ертеден кешке дейін күресуші едік. Домаланып ап сен күшті болатынсың. Сен Жанай екеуің маған жабылушы едіңдер-ау. Шіркін, сол балалық шақ тағы бір оралса...


Қазір ойлап көрсе бәрі де көрген түстей ғана боп еміс-еміс қана есте қапты... Ол кезде Жанай талдырмаш арық қара бала болатын. Бұлардың үйі ауылдың шетіндегі Жартұманың қабағында еді. Жанайлармен екі-үш үй көрші-қоңсы отыратын: Бақыттың үйі, Моторбайдың үйі. Бақыттың әкесі колхоздың күш көлігін бағатын, Моторбайдың әкесі МТС-та істейтін. Жанай, Бақыт, Моторбай үшеуі күн ұзынға Жартұманың басында жүретін. Қалың құрақ пен жалбыздың арасына кіріп ап, шөпті байластырып күрке жасайтын, сылдырлап аққан мөлдір бұлақтың түбінен әдемі қырлы тастар жинайтын, кейде қалың шөптің арасына бөденеше зып беріп сүңгіп кетіп, бұғынбақ ойнайтын. Ол кезде үшеуі де ер бала еді. Иә, иә, Бақыт та ер бала болатын. Жанай мен Моторбай ғұсап ол да шолақ шалбар мен жейде киетін, басын ұстарамен тақырайта қырғызып, күн қағары мыж-мыж кепкесін көзіне түсіре басып қоятын. Өзі тарамыстанған бойшаң, екі көзі жайнаңдаған өжет бала болатын. Боқтампаз, сотанақ еді. Қит етсе ілмиген ап-арық Жанайды да, допша домаланған бәкене Моторбайды да алып соғып, сабап алатын.


Жанайдың апасы, Бақытты көрген сайын сыртынан:


— Әй, өскенде осы қандай қыз болар екен? — деп күлетін. Сонда Жанай: «Қызы несі?» — деп таң қалушы еді.


— Aпa, Бақыт қалайша қыз болады? — деп сұрайтын.


Апасы жауап берудің орнына әуелі ішек-сілесі қатып күліп алатын да, артынша түсін суытып:


— Тә, мен Бақытты айтып тұрғам жоқ. Әкесі естісе екеумізді де аттың бауырына алар, — деп зекіп тастайтын. — Бақыт ол ұл бала. Кіп-кішкентай боп осы сен сөз аңдығанды қайтесің. Бар, әрі ойыныңа!


Бірде жаздың аптаған ыстығында Жанай мен Моторбай киімдерін тегіс сыпырып тастап, бұлақтың жанындағы шалшыққа суға түсті. Бақыт та суға түспек боп шешіне бастады. Шалбарының түймесін ағыта алмағандай кезек-кезек жалтаңдай қарап алды да бақырып жылап жіберді. Жердегі көйлегін ала-мала дәл артынан біреу өкшелеп қуып келе жатқандай үйіне қарай бақыра қашты. Алдынан әкесі шығып көтеріп алды. Бақыттың әкесі ол кезде қара сақалы алқымын жапқан, зор денелі түсі суық қара кісі еді. (Қазір ғой, қартайған соң шөгіп сақалының аппақ қудай боп кеткені). Ауыл адамдары сыртынан Қарасыған деп атайтын. Ол Жанайларға қарап «бәлем, сендерді ме» дегендей саусағын безеп қойды. Сәлден кейін атқа мініп, қолына құрығын алып шықты да, бұлаққа кеп атын суғарды. Атын суғара тұрып:


— Әй, балалар, кәне шығыңдар судан. Жаман шалшыққа түспеңдер, ауырып қаласыңдар, — дейді. Екіншілей суға түсетін болсаңдар, мына құрық сынғанша сабаймын екеуіңді де.


Жанай мен Моторбай Бақыттың әкесінен өлердей қорқатын. Екеуі де тым-тырыс судан шығып, киініп алды да, жалбыздың арасына сіңіп тайып тұрды. Бірақ сонан кейін суға түспейтін болды.


Тағы бір күні үшеуі жалбыздың арасында күрке жасап ойнап отырған. Кенет Бақыт:


— Мен сендерге Мәрияш туралы жоқтауды айтып берейін, — деді.


Сол жазда ауылда опасыз бір жігітке алданып қалған Мәрияш деген жас қыз апиын ішіп уланып өлген. Мәрияштың туған әпкесі сіңлісінің қазасы үстінде жоқтау ғып айтып зарлы бір ән шығарып еді. Кей-кейде ауылдың кәрі-жасы жоқтаудың сөзін айтпай ыңылдап әнін айтып жүретін. Бақыт сол жоқтаудың сөзін де білетін боп шықты. Жанай мен Моторбайды жалбыз күркенің төріне отырғызды да, өзі есік жаққа жағын таянып отырып ап, зарлы жоқтауды сұңқылдатып айта бастады.


Жаздың жадыраңқы,


Қоңыр салқын кешінде,


Терең ойлы Марияшімнің,


Берген серті есімде,


Әрі ойланды, бері ойланды...


Сол сәттегі шырқырай шыққан Бақыттың даусы есіне түссе, Жанайдың тұла бойы әлі күнге дейін шымырлайды. Ол Моторбай екеуі көздері еріксіз жасаурап Бақытқа қадала қарап қатып қалған еді. Бақыт жоқтау айтқан адам құсап көзін тарс жұмып, анда-санда ішінде толып бара жатқан шерін шығарғандай күрсініп қояды


...Мәрияшым улап қалыпты деп,


Апарды ауруханаға... —


деген тұсқа келгенде Жанай да, Моторбай да танауларын қорс-қорс тартып солқылдап жылап жіберді.


— Бұ кім?! Бұ кім?! Бұ қай иттің баласы зарлап отырған!... Өй, өз басыңа көрінгір! — деп ақырған дауыс шықты. Үшеуі үш жаққа қарай жалбыздың ішіне кіріп тым-тырақай зытып берді.


Сол күннен бастап Бақыт Жанай мен Моторбайды күн сайын біресе ұйықтап жатқан еліктің лағын көреміз деп, біресе қоянның көжегі бар жүгіре алмайды, соны ұстап аламыз деп, алдап ертіп ауылдан ұзап барып қалың шабындықтың ішінде, жұрт көзінен тасада тамағы қарлыққанша ән айтатын әдетті шығарды. Үлкендерден естіген әндерінің бәрін де айтатын: зарлысын да, күлдіргісін де, ауыл адамдарының жиын-тойлардағы бір-біріне суырып салып айтқан қақтығыс айтыстарын да, ең аяғы боқауыз сөздер араласқан бәдік өлеңдерді де — бірін қалдырмайтын. Жанай мен Моторбайды тізерлете отырғызып қойып, өзі солардың қарсы алдына басын қайқитып қаздия тұрып ап шырқай беретін, шырқай беретін... Кейде: «Әй, сендер мен айтып болғанда қол соғыңдар!» — деп бұйыратын. Әуелде қызығып тыңдаса да, біраздан соң Жанай мен Моторбай да ән тыңдаудан мезі боп, кезек-кезек есіней бастайды. «Ой, ән тыңдай берген қызық емес, онан да бұғынбақ ойнайық та», — деп күбірлесетін екеуі өзара.


— Әй, кәне, қол соғыңдар! Мен айтып болдым.


Жанай мен Моторбай көздері жапақтай отырып қол соғады.


— Ал, енді тағы мына әнді айтамын...


— Ой, енді ән тыңдамаймыз, ойнайықшы, — дейді шыдамы таусылған Моторбай. Ашуланған Бақыт оны тарпа бас салып сабап алатын: Ақыры Бақыттың айтқанына бағынып, көз жасын жеңімен сүртіп қойып, танауын қорсылдатып тартқан күйі тізерлеп ән тыңдайтын, қол соғатын. Бір ретте Жанай мен Моторбайдың Бақытқа жабылғаны бар. Бірі белінен ұстап, бірі аяғынан тартып жығып сап, екеуі өштерін бір алып еді... Қазір ойлап отырса соның бәрі күлкілі...


Мектепте бесінші класқа дейін Жанай Бақытпен бір партада отырды. Сол бала кездеріндегідей ештеңеден алаңсыз бірге ойнап, бірге жүрді. Бақыт сол бұрынғысынша ер балаша киініп, шашын ұстарамен алғызатын. Доп қуу, таяқ тастау ойындарында да балалардың алдын бермейтін. Әрине, Жанай бала да болса, үлкендердің бір-біріне күңкілдей айтқан сөздері мен кейбір қауесеттерден Бақыттың қыз бала екенін іштей аңдайтын. Бірақ Бақытпен бетпе-бет келгенде мойындағысы келмейтін. Оның үстіне бірдеңе деуге, жасыратыны жоқ, Бақыттан қорқатын. Бірде байқаусызда:


— Осы, Бақыт, сен қызсың, иә? — дегені үшін, былш етіп тиген жұдырықтан бет-аузын қан жауып кеткені бар.


Бесінші класқа аттаған күні бірінші рет Бақыт балаларға қосылмай, қыздар тобына араласты. Өстіп ол біртін-біртін Жанайлардан іргесін аулақтата бастаған еді... Ер баланың киімін жетінші класқа баратын жылы тастап, алғаш рет үстіне ұзын көйлек киді. Күлкілі еді. Қыз киімін киген Бақыттың жүріс-тұрысына жұрттың бәрі күлетін. Ал Бақыт өзінің қолапайсыз қалпынан жерге кірердей боп ұялып, жұрт көзінен қашып-пысып, оңашада тістеніп тұрып жылайтын. Ақыры оған да көндікті. «Еркекшора» деген ат қойылды өзіне. Оған да үйренді.


— Еркекшора, алгебраны шығардың ба? Әкеші, көшіріп алайын?


— Шығардым. Мә, тез көшіріп ал.


— Еркекшора, сен Татьянаның Онегинге жазған хатын жаттадың ба?


— Жаттадым. Ал сен ше?..


Тек орта мектепті бітіретін жылы ғана бұл ат жиі аталмайтын болды. Кластас құрбының ілуде біреуі болмаса көбі «Еркекшораны» ауыздарына да алмайтын. Жоқ, Бақыт ренжіген, я ашуланған емес. Құрбыларының өздері ол атты тастаған. Мүмкін, келбетті, қос бұрымы тірсегін соққан ару қызды олай атауға қимаған болар...


Онан соң колхозшы болды. Тегінде, артель уставы бойынша колхозшының баласы өзінен-өзі колхоз мүшесі боп санала береді. Сондықтан Бақыт та ешқандай өтініш жазбай-ақ колхоз мүшесі болды. Өткен күз — қырманда таразышы боп істеді, қыстан бері сауыншы...


— Қой сені енді қайтып бала қылмай-ақ қойсын, — деді Моторбай.


— Неге?


— Сенен жеген таяғым жетерлік.


Екеуі де күліп жіберді. Іште түрған Жанай да күлді...


Сәл үнсіздік. Ызыңдаған түнгі қоңыр желмен клуб ішінде ойналған музыка сазы жеткен.


— Вальс! — деді Бақыт. Өзі ыңылдап музыка әуеніне қосылды: — Тра-ра-ра-ри, ра-ра-ра...


— Бәстесесің бе, осы қазір барып бәрін бықпырт тигендей қылайын, — деді кенет Моторбай.


— Кімдерді?


— Клубтағыларды. Бәрінің быт-шытын шығарсам қайтер едің?


— Не үшін?


— Жәйша, — деп күлді Моторбай.


— Осы сен күннен-күнге қызық боп барасың, Моторбай. Анада ғой қалаға барғанда он шақты адамды ресторанға апарып сыйлаймын деп тектен-текке қаншама шығынға баттың.


— Ақша деген сөз бе екен. Керек болса мен саған ертең бір қап қып әкеп берейін, — деп тағы да сықылықтай күлді Моторбай.


— Қойшы, әрі, баланың сөзін айтпай.


— Рас, Бақыт, маған бәрі де түк емес сияқты. Қазір мына қамыс үйді өртейін бе?..


Моторбай қалтасынан сіріңке алып, қамыс үйдің іргесіне қарай шырпыны шағып лақтыра бастады.


— Қой, қой, Моторбай жындымысың.


Моторбай онан әрмен сықылықтай күледі. Бақыт қорыққан сайын жаны кіріп өршелене түсетін сияқты.


— Жарайды, енді қойшы, Моторбай, айналайын, жүрші кетейік. Әйтпесе шынымен өрт кетіп қалар. Жүрші.


Бұлар дабырлай сөйлеген күйлері қараңғы көшеге қарай кетті.


3


Көктемге қарай жер түлеп жасарады. Көктемге қарай түн қараңғы болады. Жол ойқы-шойқы. Арбаның ізі, трактордың ізі бір түста үңірейте қазып, енді бір тұсқа балшықты кептестіре үйіп тастаған. Мұндай көшеде жүріп келе жатып бір нәрсені ойлау да қиын екен. Жығылып қала жаздайсың. Қамыс үйден шыққан Жанай біраз бой жазып жүргісі келген, бірақ мына балшықта қыдырудан зауқы тез қайтты. Не істеу керек? Үйге қайтқанмен бәрібір ұйықтай алмайды. Клубқа барып Халиманы шақырып шықса ше... Тек, Халима енді шыға қояр ма екен. Құр шеттеп, қашқақтағанымен Қабылтай да әйелінен көз жаза қоймас.


Жо, не де болса клубқа бару керек. Тіпті болмаса Барақтың «резиденциясына» кірер. Жанай кіре бергенде ту сыртынан біреу:


— Жанай! — деді дауыстап.


— Ау, Моторбаймысың?


— Иә. Тоқтай тұр.


Көшенің балшығын сылп-сылп еткізіп жақындап келді. Әлгіндегідей емес, кепкісін көзіне түсіре баса киіп алыпты. Жанайды бүгін он рет көрсе де қол берді. Тырбиған жуан саусақтары сұп-суық, қап-қатты. Бойы да аласа, Жанайдың иегінен ғана. Бірақ тұла бойы шымырлап жатқан күш. Мып-мығым.


Клуб есігінен іштегілерге көз жіберді де:


— Әлі тыпырлап жүрсіңдер ме? — деп күңк ете түсті. Саңылаудан түскен сәуледен өз жүзі де анық көрінді. Қанын ішіне тартып сұстанып апты. Кішірек көздері тесірейе қарайды. Кәдімгі шатақ ізденердегі әдеті. Кері бұрылып Жанайға таяды. Сүйкене кеп, мұны иығымен қағыңқырап өтті де:


— Жанай, сенде бір сөзім бар, былайырақ шықшы, — деді нық-нық қып, өктем үнмен бұйыра айтты. Жанай оның мына түрінен іштей сескеніп, секем алып қалған. «Әрине, Моторбайдың бұл жүрісі тегін емес. Бір пәлені бастамаса не қылсын» деген ой аяқ асты сап еткен.. Бірақ сыр берген жоқ, жайшылықтағы құрбылық әзіліне сайып:


— Сен де оңаша сөзге шақырады екенсің-ау, — деп күлді. Моторбай түс алдырмастан:


— Жүр, жүр, — деді зіркілдеп. Мұнан соң қайтып бұрылған да жоқ, артық-кем сөзге де келмеді. Енді Жанай қайталап ештеңені сұрай алмады, Моторбайдың жетегіне көрінбес қыл арқанмен байлағандай соңынан ере берді.


Екеуі клубтан ұзаңқырап шыққан.


Кенет Моторбай кілт тоқтады да, бетпе-бет кеп Жанайдың жағасынан ұстады. Тастай ғып қаусырып мықтап ұстады. Бүкіл жағасын өңірімен қоса дар еткізіп айырып жіберердей жұлқа тартты да:


— Осы сенің не ойлағаның бар? — деді. Жанай дірілдеп кеткен. Жағасын босатпақ боп сәл бұлқына түсті де:


— Не ойлағаны қалай? — деді түсінбей.


— Сен неге Бақытты ренжітесің, әлде комсорг болды деп мұндағы ел сенен қорқады дейсің бе? Мұрныңды бет қып жіберу оп-оңай.


— Өй... Бақыт дейсің бе?.. Өй, сен өзің... — дей берген Жанай.


Дәл құлақ шекеден дың еткізген темірдей алақанның қыры қалпақтай ұшырды. Жанай ұшып тұрып, жұдырығын түйе ұмтылған. Моторбай оның қолын дарытқан жоқ, оп-оңай тағы да бір қағып жіберді. Бұл жолы Жанай судай қанаған мұрнын басып отыра кетті. Көзі қарауытып, басы зеңіп, бірден тұра алмай қалды. Моторбай қайтып тиген жоқ. Анадайға ұшып кеткен Жанайдың кепкісін тауып әкеп басына кигізді де, өзі екі қолын қалтасына сап, мұның қарсы алдына талтая шіреніп біраз тұрды.


— Әлгінде, ғой, Тоқа мен Сәмбеттің алдында астық шіріген жоқ деп көкіп тұрсың. Ол жағын сенен көрі мен жақсы білем. Мен шіріді десем ол астық шіріген боп саналады, білдің бе. Мұнан былай аузыңа ие бол.


Сөйтті де ысқыра әндетіп кете барды.


Жанай ызаға булығып, ызақорлығы ұстап, қорланып ұзақ отырды. Долылық қысып, жарылып кетердей боп көзі жасаурай береді. Өзіне, өзінің осындай әлсіздігіне қорланады. Қорлығы сол ұры күшіктей ғып жетектеп әкеп соқты. Ес білгеннен бергі балалардан жеген таяқтарын есіне алды. Ең әуелі, кішірек кезінде Бақыттан, иә осы қыз Бақыттан жеді таяқты, онан соң бертін келе Моторбайдан көрді көресісін. Міне, күні бүгінге дейін... Ақымақ, мұндай қорлыққа төзгенше жаңа қолында өлу керек еді ғой. Егер жердің жарығы болса кіріп өлген артық қой, бүйтіп жүргенше... Әлі күнге, ең болмаса, бір рет Моторбайға әлі жетпей-ақ қойды-ау. Дүние-ай, ең болмаса бір рет, бір ғана рет сабаса!.. Оу, неге сабамасқа. Есінен кетпестей ғып бір соғуға әбден болады. Күштің де, айланың да керегі жоқ ол үшін. Қазір бір тас тауып алып, тура үйіне барып, сыртқа шақыру керек. Моторбай шыққан кезде қақ шекеден бір перу керек. Әттеген-ай, жаңа таяқ жеген кезде неге ойына келмеген. Тегінде, Жанайдың бір кемшілігі осы. Артынан, болары болып кеткеннен кейін бір-ақ кіреді ақылы.


Ол жерге еңкейіп үңілген күйде етігінің тұмсығымен тепкілеп келе жатып жұдырықтай қырлы тас тауып алды. Бет-аузы тызылдап, ерні мен танауы дорбиып ісіп кеткен сияқты. «Ертең қамалсам да ма, әй, сен итті ме?!..» деп кіжінді.


Сол бетінде Моторбайдың үйіне келген'. Есік іштен ілулі екен. Тарсылдатып қағып еді.


— Бұ қайыссың? — деген кемпірдің даусы шықты.


— Моторбай керек еді.


— Моторбай жоқ үйде. Өзім де таба алмай отырмын.


Кемпір сөйленіп кеп есікті ашты. Өзі ыңқылдап, ентігіп тұр.


— Жанаймысың? Ішке кір, қарағым, — деді бөліп-бөліп сөйлеп. — Көп болды ғой көрмегеніме. Ең болмаса, бір ауық кіріп те шықпайсың. Сендердің анда-санда кеп «апа, қалың қалай?» — дегенің маған ат мінгізгендей емес пе. Баяғыда Моторбайыммен тел қозыдай боп қолда өскен бала едің. Кірсеңші ішке.


— Жоқ, рахмет, апа. Асығыспын. Моторбайда тығыз шаруам бар еді.


— Ол қүрыған мұндай кезде үйге жолауды қойды ғой. Е, Жанай, қарағым-ай, Моторбай жақсы бала болмайын деді... Мен болсам сырқаттымын, бір шүйкебасты түсірсеңші деп айта-айта шаршадым. Саған бір жолықсам деп жүруші едім. Замандассыңдар ғой, не ойлағаны бар соның, Жанайжан-ау. Мені қойшы, мен өлермін де қалармын, сол өз қамын неге ойламайды... — Жанай ләм деп аузын ашқан жоқ. Енді мына кемпірден қалай құтылудың ретін таба алмай қипақтай бастады. Ал кемпір болса: — Қарағым-ау, бұ босағада тұрысың не, үйге кірсеңші, жүрші кәне, жүрші, — деп сүйрегендей боп ішке кіргізді. Жанай қолындағы тасты сыртқа есік көзіне тастай салды.


Үйдің іші аңғал-саңғал. Ішкі есіктің топсасы шығып кетіпті. Терезенің ішкі әйнектерінен сау-тамтық жоқ, салқын ауа аңырап тұр. Жанай біраз отырып, кемпір ұсынған айраннан екі-үш ұрттап, тысқа шықты. Есік алдына тастаған тасын қайта тауып алды. Сәл ұстап, салмақтап тұрды да, лақтырып жіберді. Әлгіндегідей емес, ашуы тарап қалыпты.


Жанай үйіне қайтты. Клубта әлі би болып жатыр. Тфу! Таяқ жеп ап, қай бетімен барады онда. Апыр-ау, мұны комсорг дейді-ау, тағы. Таяқ жеп жүріп қай жері комсорг мұның. Тфу!.. Үстіңгі ерні мен мұрнын ақырындап тағы бір сипап қойды. Шынында да іскен. Ұят-ай, үйге қалай кірер екен. Егер апасы есік алдында тұрып қарсы алса, мына түрін көріп шошып кетер. Жоқ, қайткенде де білдірмеу керек.


4


Жанай үйге таяп қалған болатын, алдынан сорайған біреу шықты қараңдап. Қараңғыда тура бұған қарай қарсы жүрді. «Бұ кім?» — дегенше болған жоқ:


— Қайда жүрсің-ей, сонша. Сені іздемеген жерім қалмады ғой, бір сағаттан бері, — деді Барақ. Дәу табан етігімен қолқ-қолқ адымдап, басып кетердей боп Жанайдың қарсы алдына келіп тоқтады. Әлгіндегіден гөрі молырақ тартып, теңселе түсіп түкірініп қояды.


— Өзің қызық екенсің. Бағана мен адам сияқты айттым ғой өз аузымнан, биден кейін ешқайда кетіп қалма, бір шаруа бар деп, ал сен... Үшті-күйлі жоғалдың да кеттің. Үйіңе келем, үйіңде жоқсың... Ой, қойшы... Не сол?.. Жүр, әйда, кеттік!


— Қайда?


— Жүрсеңші, сөзді қойып.


— Жо, бармаймын ешқайда. Шаршадым әбден.


— Өй, былжырама ары. Шаршағаны несі! Жүр!


Барақ мұны дереу қолтығынан алып, кимелеп, клубқа қарай сүйрелей бастады. Жанай кейін тартынды.


— Жіберші, жұлқыламай. Бармаймын, — деді қатуланып.


— Бармағаның қалай, ей. Немене сен өзің... — деп Барақ кәдімгідей ежіреңдей сөйлеп реніш білдірген. Жанай да қатал үнмен:


— Бармаймын дедім ғой, жібер, — деді.


Екеуі енді бірер минут бір-біріне қадала қарап үнсіз тұрды.


Жанай кейін бұрылған. Барақ соңынан ілесе жүрді. Дәл қақпаның алдына келгенде, Жанайды жеңінен тартып, тағы да ұстай алды.


— Әй, сен шын ашуланып қалдың ба? Қалжыңым ғой, — деп Барақ қолқ-қолқ күлді, онан соң өлердегі сөзін айтып жалына бастады.


— Ағатай-ау, жүрші енді... Жүрші, мына тұрған клуб қой. Бес-ақ минутқа ғана. Әйтпесе, сенсіз болмайды.


— Не ол, сонша?


— Өй, бір жартыдай бірдеңе қалып еді. Сол... содан ауыз тисін деп.


— Жо, ішпеймін.


Жанай қақпаны аша берген, Барақ оны тағы ұстай алды.


— Жүрші, ей енді бір жолға бәлденбей. Бәзікен мен Қабылтай да күтіп отыр сені.


— Рас, Барақ, мен ішпеймін.


— Өй, кетші, сен де. Немене сонша әлдеқандай болып. — Ыза боп, ренжіген Барақ қайта-қайта түкірініп, қараңғыда қолын ербеңдете сілкіп, жүріп кетіп барып қайта бұрылып жылармандай боп әбден кейіді.


— Мұндағы ел адам құсап сыйлап келсе бұған... Білсең, сенсіз ішкен бір жұтым тамағыма тастай тығылып тұрып қалады. Ал жарайд... жарайд... жарайд... Мен оларға сені қайтсем де ертіп әкелем деп кетіп ем, сен мені жер қылып...


Жанай кетерін де, кетпесін де, білмей тұрып қалған. Барақты ренжіткісі келмейді, көңілін қимайды, ал клубқа барып арақ ішуге құлқы және жоқ. Дәл қазір бірде-бір адамды көргісі жоқ, Моторбайдан жеген таяқтан кейін, тіпті ешкімге көрінгісі келмейді. Көңілі бұзылып, ұйқы-тұйқы күйде тұрды да қойды. Дәл қазір үйге кіруге де зауқы соқпады.


— Жүрші енді, көп отырмайсың... — Барақ мұны тағы да қолтығынан алды. Тағы да өлердегі сөзін айтып қиылып тұр. — Сенсіз мен ішпеймін, бәрібір, тамағымнан өтпейді... жүрші.


Жанай ақыры көнді. Барақ қуанғаны сонша, көшені басына көтере күліп, бірдің басын, екіншісінің аяғын айтып әр нәрсені сөз қылып самбырлап келеді. Кейде, өзінше құпия бірдеңені айтып сыбырлап сөйлеген болады, бірақ түнгі ауада сол сыбырының өзі бүкіл ауылға естілгендей күпілдеп шығады.


— Бақыт бар ғой, мынау деген қыз, ей, Жанай. Соны неге айналдырмайсың сен осы, а?! Мынау деген, қатқан әйел болар еді. Құдай біледі. Шіркін, кеудесін айтсаңшы, нағыз аршын төс-ау, — деп тамсанып қойды да дөрпілдей күлді. Іле-шала, керемет бір жаңалық ашқандай сыбырлап кетті... — Аузыңды ұрайын, осы біздің Қабылтай мен әйелінің арасында бір пәле бар ей. Құдай біледі. Екеуі бір адам құсап жұғыспайды ғой, оһ-һе-һе-е... Әй, бәлі, айтпақшы, ұмытып барады екем-ау, бүгін біздің әйелдің туған күні. Оған сендердің бәрің де әбизәтілні баруларың керек, құттықтап. Енді қалай... Біздің Торғекең ренжиді, әйтпесе...


— Өй, ертерек айтпадың ба? Енді жеті түнде не деп барамыз, — деп Жанай шынымен реніш білдірген.


— Оһ-һе-һе-ә... — деп Барақ бар даусымен дөрпілдеп, мәз болып тағы күліп алды. — Жә, бәрі дайын үйде арақ та, тамақ та жетерлік. Тек сендер барып құттықтасаңдар болды, біздің қатын соның өзіне мәз болады. Қыңқ етпеңдер, анау-мынау сыйлықтарды мен өзім кейін сатып әперем ғой оған.


Бұлар клубтың алдына келген. Біртіндеп жұрт тарап жатыр екен. Іштен шыққан қыздар мен жігіттер әзілдесіп, бірін-бірі қағып-соғып, түрткілеп, сақ-сақ күлісіп топ-тобымен кетіп жатыр. Сыртқа шыға сап, айқайлап әндетіп, жан-жақтан ысқырып, ығы-жығы шулап барады.


Клуб іші шаңытып кетіпті. Сырттан келгенде тозаң иісі бірден өкпені қауып тұр. Жанай кірген бойда жарықтан бетін көлегейлеп, шамы сөндірілген күңгірттеу түкпірге қарай жүрді.


— Қайда жүрсің, ей? — деп Бәзікен де жымыңдап қойды. Маңдайы тершіген, өзі көңілді. Бұл да тәп-тәуір жұтып алған. Қолын артына қайыра ұстап клуб ішінде арлы-берлі маңғаздана теңселіп жүр. Қабылтай жағын таянып, төмен қарап мөлиіп отыр. Аузында темекі. Түтіндемейді, сөніп қалған болу керек. Халима әр жерде тұрған орындықтарды жинастырып, тізіп қойып жүр екен. Барақ кірген бойда:


— Әлгіні әкел, — деп Бәзікенге ым қақты да, өзі қалтасынан үш-төрт кесек құрт алып орындық үстіне қойды. Онан соң Халимаға қарап:


— Әй, келіншек, бері кел. Жаңа ішпеп едің, енді ішесің. Ішпесең мына күйеуіңнің алдында аузыңа құям, — деді ыржақтап.


Бәзікен бір бөтелкені әкеп, аузын ашты да, үлкен қырлы стаканға орталап құйды.


— Ал, Жанай, бірінші сен тартып жібер.


Сасып қалған Жанай:


— Халима, Халима ішсін де, — деген.


— Жо, мен ең артынан ішем, алдымен сендер ішіңдер, — деді Халима іркілместен.


«Ал керек болса, артынан ішемін дейді», — Жанай Халиманы жаңа көрген адамдай басын шайқап қарай берді. Қысылып қалған Халима:


— Сендер ғой, күнде ішесіңдер, біз де бір рет ішсек күнә бола ма осы, — деп күліп, әзілмен жуып-шайған болды.


— Ой олар әншейін қылымсиды, әйтпесе бізден артық ішеді, суша сіміреді, — деді Қабылтай.


— Ал, алып жіберсеңші енді, тұрамыз ба, осы бір жартыға қарап, — деп асықтырды Барақ. Қолы дір-дір етіп стаканды ентелете ұсынды.


— Тез ішейік те біздің үйге барайық. Торғын күтіп отырған шығар. Жаңа мен хабар айтып жібергем.


Жанай тағы да демін ішіне тартып, қиналып жұтты. Мұның сонша тыжырынып лоқсыған түрінен көз айырмай отырған Бәзікен:


— Осы, арақ ішуді білмейді, ей, — деп күліп қойды.


— Мә, құрттан тістеп жібер.


Барақ пен Қабылтай үшеуі стаканды түбіне дейін қағып-қағып салды. Ең соңынан Халима ішті. Теріс қарап тұрып жұтып салды да, тыржиып кеп, бір түйір құрттан тістеді.


— Мына иттің өзіне тартқан әйелінің ішкіштігі, — деп Барақ Қабылтайды нұқып қойды. — Ал жүріңдер, кеттік...


Жанай көңілдене бастады. Әсіресе Халиманың не болса соған сыңғырлап күлгені мұны әлденеге еліктіріп, қытықтап өтетін сияқты. Тағы да ішсе деген құмарту пайда болды. Арақтың дәмі тіліне үйіріле берді. «Анда-санда бір ішкеннің несі айып. Көңіл көтеру керек қой, жұрт құсап», — деп қойды.


— Барақтың үйіне барамыз ба? Түн ішінде ұят боп жүрмей ме? — деді өзі.


— Өй, ұяты несі мынаның. Сөзді қой, — деді Барақ кимелеп. — Біздің үйде бәрі де дайын.


Айтқандай Барақтың үйі дайындалып қалған екен. Барақтың әйелі — қара торы, күлім көз, домалақ келіншек Торғын, аласа, дөңгелек үстелді әзірлеп, зыр жүгіріп жүр. Домаланып бара жатып кең етекті көйлегіне оралып қалатын сияқты көрінеді өзі. Келгендерді қызара күлімсіреп қарсы алды. Туған күнімен құттықтау айтқандарға: «рақмет, рақмет», — деп қояды. Шынымен риза боп қуанғаны көрініп тұр.


— Біздің мынау, кісі ертіп келем деп күні бұрын ескерткенді де білмейді бәрі аяқ асты... — деп күйеуіне қарап бұртаңдай сөйледі.


— Сенің бүгін туған күнің екені тарс есімнен шығып кетіпті. Әлгінде арақ ішіп тұрғанда бір-ақ түсті есіме, — деп күлді. Барақ. — Әй, анау-мынау бос сөзді қайтесің, өстіп шақырған қонақ жақсы. Солай емес пе, Жанай, — онан соң ауыз бөлмеде тұрып қалғандарға:


— Ал аяқтарыңды шешіп, төргі бөлмеге кіріңдер. Мен Торғекеңе көмектесіп жіберейін, — деді. — Айтпақшы, балалар қайда, ей, Торғын?


— Жаңа мына алдағы апамның үйіне апарып тастадым.


— Қап, әлгі қара домалақ әнші қызымды мына Жанай ағасына көрсететін едім.


Барақ түпкі үйдің есігін шалқайта ашып тастады. Табалдырықтан бастап киіз төселген. Ортада дастарқан жабылған аласа үстел. Нағыз қазақы тұрмыс. Кирзі етігін сілки шешіп, төргі бөлмеге енген Жанай селт етіп босаға алдында тұрып қалған. Кері шығып кетерін де, әрі өтерін де білмей састы. Дәл қарсы алдында Моторбай тұр. Тіпті ойында түк жоқ, ештеңе болмаған адамша қаннен-қаперсіз, жалбырап көзіне түскен шашын кейін қарай сипап қайырып қояды. Жанайдың тасып келген көңілі суып сала берді. Кәдімгідей іштей қалтырап кетті.


— Біз де кірейік, жол берсеңші, — деді Халима бүйірінен түртіп. Жанай төрге өтті де, сырт киімін шешініп, құрақ көрпенің үстіне малдас құрып отырды. «Не болса да көреміз енді...» Моторбайға қарамауға тіпті оның бар-жоғын ескермеуге тырысты. Аяқ асты мінезін де кілт өзгертті. Төңірегін менсінбегендей ернін шүйіре тұрып үй-ішінің жадау тұрмысына тінтіне қарады, онан ауызғы бөлме жақта жүрген Бараққа көз тастап қойды.


— Осы Барақтың шығармайтын пәлесі жоқ, түн ішінде той жасап, — деді Бәзікенге. Онан соң күлкісі келмесе де зорлана мәз болып, өтірік қарқылдады. Бірақ күлкісінің жасанды шыққанынан қысылып, сасқанынан төрдегі жастықты тартып алып соған шынтақтай берген. Бәзікен болса, мұның сөзіне құлақ та асқан жоқ, өзімен-өзі басқа бір ойда, үйдің қабырғасындағы кілемге, төрге ілінген суреттерге қарап отыр. Әлденені тімсіне іздейтін сияқты. Жанай оған іштей ыза болды. «Осының не ойлағаны бар. Ылғи бірдеңені тімтінеді де отырады», — деп кіжінді. Енді ол қарсысында отырған Қабылтайға көз салған. Ол басын салбыратып тағы өзінше отыр. Сөз тыңдайтын Қабылтай ма. Темекісін тұтатып ап, бұрқ-бұрқ еткізеді.


Ауызғы бөлмеден Барақ кірді. Ол еденге дейін сүйретіле жабылған төсек жапқыштың бір жағын көтеріп, бір жартыны суырып алды. Жанайдың көзі ар жақтағы самсаған бөтелкелерге түскен. «Ойбай ананың бәрін ішсек өлеміз ғой», — деп ойлады.


— Әй, Торғын, нан қайда?


— Алдыңдағы шкафтың ішінде тұр ғой.


Барақ шкафтан бір бөлке нан алып ортаға қойды.


— Әй, Торғын, пышақ қайда? — Барақ шкафтың тартпаларын, үстін қарап пышақты таба алмады.


— Осыны қолмен-ақ турамаймын ба, — деп, қолымен бөліп-бөліп тастады. Сәлден соң, ауыз бөлмеде ас пісіріп жүрген Торғын кірді, білегін сыбанып тастапты. Жүзі нарттай қызарып жайнаң қағады. Өзі соның арасынша, әлгіндегі көк ала көйлегін шешіп тастап қызыл жібек көйлек киіп апты. Бұ көйлегінің де етегі кең екен. Ақырын ғана бір жамбастап отыра кеткен кезде бүкіл аяғын көрсетпей, әдеппен жиып алды. Оның бұл қылығы Жанайға қатты ұнады.


— Ал, Торғеке, әдетте қыздардан, әйелдерден жасын сұрамаушы еді, дегенмен мен сұрайын. Бүгін нешеге толдың? — деді ол жасанды дауыспен мәнерлей сөйлеп.


— Жиырма екідемін.


— Е, құрдас екенбіз ғой. Біздің бәріміздің достық тілегіміз — сен ұзақ жаса. Жүзге келсеңші. Жолдастар, сол үшін алып қоялық.


Бәрі соғыстырды, тек Моторбай ғана алған жоқ.


— Әй, сен де бір рет тартып жіберсеңші, — деді оған Барақ.


— Жо, ішпеймін.


— Мына бауырыңның денсаулығы үшін бір рет... — деп қолқалай түсті. — Ой, сен жар дегенде жалғыз бауырың Торғынның денсаулығы үшін қалай ішпейсің енді?..


— Мен арақ ішпеймін ғой, — деп шытынған Моторбай кесіп айтты.


Қалғандары өзара соғыстырды да алып қойды. Бұл жолы Жанай онша жиіркеніп лоқсыған жоқ, дегенмен де стаканды түбіне дейін қиналып жұтты. Ол ішіп болған кезде, бұған көз айырмай қарап отырған Халима:


— Сенің бір жақ шекең мен үстіңгі ернің ісіңкі ме, не болған? — деп сұрады. Жанай шекесі мен ернін сипады.


Иә, ісіңкі, дөрбиіп тұр. Бір түрлі қыстығып, өртенердей қызарып кетті. Моторбайға мүлдем қарамауға тырысты.


— Білмеймін... — деді.


— Әй, қойшы, түгі де жоқ, — деп Барақ бөліп тастады.


5


Жанай басы айналып, өң мен түстің арасындағыдай халге гүсті. Көз алдындағы үстел, төңірегінде отырған адамдар айналып көшіп бара жатқандай боп көрінеді. Ол көзін жұмады, қайта ашса, төңірек тағы көшіп бара жатады. Көше береді, көше береді, бірақ сол бір көріністен және аумайды. Бәрі орнында тұрып айналып көшетін сияқты. Торғын мұның алдында тұрған кесені созылып кеп алып, ішіндегі суыған шайын төгіп тастап, ыстық шай құйып берді. Бір рақат, көңілді шақ. Жанайдың ән салғысы келді. Ыңырсып ән салды, онан күлді. Отырғандарға тегіс жағалай қарап шықты, тіпті Моторбайға да тіктеп қарады. Әттең, ұшып тұрып, төбелесер еді, бірақ әлі жетпейді ғой. Босқа таяқ жеп қалса, мына әйелдерден ұят та.


— Мен әлгінде кешкісін іздеп бардым сені үйіңе. Тиісейін деп барып едім.


— Жә, жә, тиыш отыр, — деді Моторбай көзін алартып.


— Жо, мен енді тиіспеймін, — деп Жанай ыржақтай күліп, оған көзін қысты. Өзінше қулығы бұл.


Осы кезде моп-момақан отырған Қабылтай үстелді қойып қалған, екі-үш рюмке шоршаң ете түсті де, іштеріндегі арақ ақтарылып қалды. Бірақ оған көңіл аударған ешкім болған жоқ.


— Сен неге арақ ішпейсің? Әлде біздең артық па едің? — деп Моторбайға шақшырая қарап, тап бергелі отыр.


— Мен еш уақытта аузыма алып көрген емеспін ғой, Қабылтай, — деп Моторбай оған жайма-шуақ түсіндіре бастаған.


— Жо, мен ештеңені білмеймін. Ішесің қазір. Ішпесең аузыңа құям.


Қабылтай тәлтіректеп орнынан тұрды. Моторбайдың желкесіне мініп, рюмкеге қол созды.


— Ішесің, мен ішкізем...


Батырын қарай көр Қабылтайдың, Моторбайдың желкесінен сығымдап бүріп-бүріп қояды. Жоқ, Моторбай оған ашуланар емес, күліп отыр.


— Әй, ағатай, желкемнен түсші, — дейді. Әлден соң: — Мына пәледен қашып құтылмаса болмас, — деп Қабылтайды орнына отырғыза салды да, ауыз бөлмеге шығып кетті. Содан қайтып оралған жоқ.


Жанай әлгіндегі көңілді күйінен пышақ кесті тыйылды. Бір түрлі өзінен-өзі торығып, қапалана бастады. Құлазыған көңілі жалғызсырағандай езіліп жылағысы келді.


Қанша уақыт өткені белгісіз. Бір кез көзін ашты. Халима дәл құлағының түбінен сөйлеп отыр! Оның қалай кеп мұнымен қатарласа отырып қалғаны Жанайға мүлдем түсініксіз. Әлгінде ғана үстелдің арғы жағында Қабылтайдың қасында отыр еді ғой, енді міне өзінің қасында отырғанын көрді. Таң қалды. «Мұның қалай?» — деп айтайын деп еді, көкірегіндегі сөз бір түрлі кептеліп тілге оралымға келмеді. Әйтеуір бірдеңе деп сөйледі Халимаға. Халима жүзі жайнаң-жайнаң етіп: «Не, не?» — деп құлағын мұның аузына тосты. Жанай тағы да бірдеңе-бірдеңелерді қайталай айтқан болып еді. Халима бәрібір естімеді. Ақсия күліп Жанайдың бетіне бетін тигізді. Көзі жалт-жұлт етеді. «Қандай әдемі көз!» — деп Жанай таң-тамаша қалды. «Керемет қой, керемет!»


— Жанай, сен тіпті аузыңа түйір салған жоқсың ғой. Мә, ең болмаса, ыстықтай қара шай ішші. Көзіңді аш, міне, мен ішкізейін. — Халима өз қолымен жігіттің кесесін аузына әкелді. — Мә, ұртташы енді...


Жанайдың сөйлеуге шамасы жоқ, тек ыржиып күле берді. Көкірегі сайрап-ақ тұр, өзін-өзі иттей ғып сыбағысы, жерлегісі бар, бірақ тілі ырқына көнер емес, күрмеле береді. Шайдан ұрттады, аузы дым сезбейді, ыстық па, суық па, белгісіз. Жатпақ боп көзін жұмып қисая беріп еді, Халима мойнынан тас қып құшақтап тұрғызып алды. Тағы да шай ұрттатты. Ұрттамасқа еркіне қояр емес. «Жіберші, нең бар менде, анау күйеуіңе қарасаңшы», — дегісі келеді Жанайдың, бірақ шама жоқ, айта алмайды, тек ыржиып күле береді. Құлағы сырт дүниеден бітеліп қалған сияқты, басында толассыз бір шуыл бар. Иә, иә басының ішінде дауылды күнгідей телеграф бағандары шулап жатқан сияқты. Көзін ашты. Бәзікен баян ойнап отыр. Көзі шелдене қызарып, текенің көзі құсап ежірейіп кетіпті. Әйтеуір, құлаштап тартады. Не ойнап отырғаны белгісіз. Бір рет Барақтың барылдап ән салған даусы алыстан талып естілді. Ауылдың екінші басында айтып жүрген сияқты. Жанай көзін соған аударған. Барақ өз төріне өзі жүрелеп отырып апты. Көзін жұмған күйде соғып отыр.


Қабылтай маңдайын үстелге тіреп, қиқылдап жөтеліп етпеттеп жатыр. Шашы жалбырап, қуырдақ салған табақтың бір шетіне түсіп тұр. Екі иіні жылаған адамша селк-селк етіп қылғына жөтеледі.


— Әй, қатын, ана байыңды алсаңшы былай, жастық сап жатқызсаңшы, — деді Торғын. Халима пысқырған да жоқ.


— Қойшы соны, — деп қолын сілтей салды. Өзі тағы да ыстық шай құйылған кесені Жанайдың аузына апарып: — Ішші тағы да, ыстықтай ішші, — деп зорлай бастады.


— Әй, қатын, байыңды жатқыз деймін! — деп, ашуланған Торғын шаңқылдай сөйледі. — Немене, сонша, Жанайдың асты-үстіне түсіп өліп-өше қалғаның. Ол сенің байың емес. Ұялмайсың ба, мына жұрттан, бетсіз.


Халима сазарып отырып қалды.


— Мен ішкізгем жоқ, ішкен өзі. Шамасын біліп ішпей ме екен, — деді әлден уақытта.


— Саған сеніп ішті ол. Жанымда сен бар деп ішті.


— Маған сеніп ішпесін.


— Түу, мынау өзі бір көкбет екен ғой, — деп бырқылдап сөйлеген күйде, Торғын тұрып барып төсектен жастық алып, Қабылтайды үстел басынан сүйрелей бастады.


Бәзікен көзі ежірейіп баянын ойнауға кірісті. Барақ екі қолын жастанып, шалқасынан жатып өлең айта бастады. Даусы қарлығыпты, дарылдап әзер шығады.


— Анау да мас бопты, — деп Торғын сықылдап күліп қойды. Әуелде тартыншақтап отырса да кейін өзі де екі-үш рюмка ішіп алған. Бәзікен мен Жанайға кезек-кезек көз тастап қойып, қылмыңдай бастаған сияқты. Бағанадан үнсіз, жабырқау отырған Халима да оған қосыла күлді. Қосыла күлді де екеуі бірін-бірі іштей кешкендей татуласып кетті. Торғынның мына аяқ асты қылмыңдауы, екі келіншектің қосыла күлгені Жанайға ұнаған жоқ.


Соларға қарап отырып еңсесін тағы да бір тосын жабырқау басты. Көкірегіне ауыр бір кірбің еніп, көңілі мүлдем құлазып қалды. Өзінен-өзі ыза болып, алдындағы стаканды сығымдай ұстап есікке қарай лақтырып кеп жібере жаздап барып, сәл іркілді. «Кімге ашуланып, не үшін лақтырам?» Бұған ешкім тиіскен жоқ қой. Артық-ауыз сөз де айтылған жоқ. Ал Моторбайдың соққанын өзінен басқа ешкім білмейді. Ол да жабулы күйінде. Ой, қойшы, со да сөз боп па. Енді не? Бәрі де шын пейілдерімен сыйлап отыр. Ендеше ашуға жол болсын?.. Жоқ, бәрібір Торғынның мына қылығынан кейін, екі келіншектің қосыла күлгенінен кейін көңілінде бір дық қалды. Сыздауық сияқты сыздап тұр. Сыртқа тепкісі-ақ кеп тұр. Бәзікеннің сол бедірейген күйде баян тартып отырған түрін көріп, іші онан әрмен алай-түлей боп кетті. «Көзін қарашы, ей, көзін... Торғыннан айырмайды... Баянын да, өзін де дәл беттен кирзі етікпен былш еткізіп кетсе...» Әттең, аяғында етігі жоқ, бағана кірерде ауыз бөлмеге шешіп кеткен. «Түрін қарашы өзінің, безеріп отыруын. Қолтоқпақ сияқты жұп-жұмыр, доп-домалақ. Барақ байғұс, оның қасында тіптен әлсіз екен-ау... әлсіз... Әне, саудасы біткен, өлеңді ыңырсып қана айтып жатыр. Енді көп болса жарты сағатқа жетер күші, онан соң бітті. Көзін-ай, мынаның... Стақанмен періп кеп жіберейін бе!...»


— Жанай, сен неғып ашуланып отырсың? — деді Халима сыбырлап.


— Ашуланғам жоқ.


— Иә; ашуланып отырсың. Тоқташы... Түу, шекең көгеріп, ісіп тұр ғой, — деп, жұп-жұмсақ алақанымен сипай бастады. Соншалықты елжірей тұрып, аяп сипады. Әйел затына ғана тән, соның ішінде де сүйкімді бір әйелдерге ғана тән мейірім бар үнінде. Әлгіндегі бір жалт-жұлт етіп ұшқын шашқан көзінде жабырқау бар, мұң бар. Жанай жуасып қалды. Өзін сипап, аймалап отырған келіншек кескініне, әсіресе оның болымсыз секпіліне телміре қарады.


— Әй, Жанай, кел ішелік.


Жалт қараған, Бәзікен жарты бөтелке арақты төртке бөліп құйып жатыр екен.


— Мынау ішпейді енді, — деді, әлі ыңырсып өлең айтып жатқан Барақты нұсқап, өзі стаканды қолына алды. — Төртеуміз ішейік.


Онан соң ол сынағандай Жанайға тесіле ұзақ қарады. Кірпік қаққан жоқ.


Ежірейген кішкене көздерінің төңірегі қызарып кетіпті. Қолын созып стақанын соғыстырды да:


— Бауырмыз ғой. Ауыз бірлікті болайық. Егер ауыз бірлікті болсақ бізді ешкім ала алмайды. Ал ортамыздан сен өсетін бол! Сол үшін, — деді пыс-пыс ете отырып.


Жанай Бәзікеннің астарлап айтқан сөздеріне мән берместен тартып жібермек боп, арақты ұрттай берді де, қатты тітіреп стаканды қоя салды. Аузын басқан күйі тәлтіректей тұрып далаға қарай ұмтылды.


Өне бойы қалтырап, әл қалмады бойында. Тақа бітіп, жел қозғаған қурайдай теңселіп, басы төмен салбырап, бүктетіле берді. Осы мезетте қолтығынан сүйеп ұстап қалды біреу. Тіпті жіберер емес. Маңдайынан сипады.


— Кәне, аузыңды шай, беті-қолыңды жу, — деді Халима. Қан жылым су ұрттатты, қолына құйды. Онан соң Жанайды сүйемелдеп тұрғызып, ауызғы бөлмеге кіргізді. Осы жерде сырт киімдерін кигізді, өзі де киініп алды.


— Жүр, біраз сыртта салқын ауада жүргізейін, — деді.


Жетелеп алып шықты.


6


Жанай жан сарайы ашылып, бір түрлі көкірегі кеңіп әлденіп қалған сияқты. Суық ауа бүкіл тұла бойына жайылып жөнелді. Қоңыр салқын, рақат. Уай, рақаты-ай! Ауаны да кәдімгідей көзбен көріп, қолмен ұстап сіміруге болатын сияқты.


Түннің әлдебір кезі. Бүкіл ауыл ұйықтаған. Жым-жырт. Дүниеде тіршілік бары білінбейді. Жұлдыздар жамбасқа ауған. Күннен-күнге еріп таусылуға айналған мұздай боп мүжілген ай да көтеріліп келеді. Сап-салқын. Сәулесі көмескі. Халима Жанайдың қолтығынан тастай ғып ұстап алған... Үн-түн жоқ екеуі тура айға қарап қасқайып жүріп келеді. Ауылдың шетіне шықты. Қап-қара меңірейіп жатқан жырақтың басына кеп тоқтады. Бағанағы, Моторбайдың Жанайды ертіп әкеп соғатын тұсы. Бірақ қазір қорқынышты емес. Тылсым тыныштық орнаған. Екеуі қолтықтаса тұрған күйде жыраның тұңғиық боп жатқан түбіне көз тікті. Кенет Жанай:


— А-а-а! — деп айқай салды. Құз жаңғырыға жөнелді. Әр тұстан бір, тұңғиық қараңғыға тығылып көрінбей жатқан адамдар «а-а-а!..» — деп қайталап жатқандай.


— Қойшы, жындысың ба? — деді Халима.


— Немене, қорқасың ба?


— Қорқам... Жоқ, қорықпаймын ғой, бірақ айқайламашы.


Жанайдың бір түрлі балалығы ұстап ойнағысы кеп кетті.


— Әне, жын-шайтан келеді, ойбай-ай! — деп қаша жөнелген. Анадай жүгіріп барып артына бұрылып еді, Халима тапжылмай тұр екен орнында.


— Өзің батыр екенсің ғой, — деп күлген Жанай оның қасына қайтып келді. Онан соң келіншекті балаша тік көтеріп алды да, жардың жиегіне апарып:


— Жыраға қарай тастап жіберейін бе? — деді.


— Мейлің.


Сықылықтай күлген Халима жігіттің мойнынан шап құшақтап:


— Сені бірге ала кетем, — деді ерке үнмен. Сырғып жерге түсті.


— Жанай, мен ауыр ма екем?


— Жо, ауыр емессің.


— Иә, ауырмын. Былтыр осы уақытта жеңіл болатынмын, ә?!.


Халима оған қарсы қарап тұрды. Бозғыл ай сәулесінен өңі қуарып көрінеді. Аянышты. Екеуі бос сөз бен күлкіден тыйылып тағы да біраз үнсіз тұрды.


— Менің басым айналып тұр, отырайықшы, — деді әлден уақытта келіншек. Жанайдың қолынан тартып, анадай жердегі қалың шиқияқтың түбіне кеп, тізесін құшақтап жүресінен отыра кетті. Тұрыңқырап қалған Жанайға:


— Отырсаңшы, — деп жанынан орын нұсқады. — Әй, Жанай, мұндай емес едің өзгеріп кетіпсің ғой, — деді өкпе білдіре сөйлеп. — Бір түрлі, состиып адамға жұғысқың келмейді ғой. Отыршы енді... — Жанай келіншекке қатарласа кеп отырды.


— Сөйле, — деді Халима.


— Не сөйлеймін.


— Әңгіме айт.


Жанай ұзын бір шиді сындырып ап, қарыстап өлшей бастады.


— Мен тістеп алмаймын, жақынырақ отырсаңшы бері, Жанай. Неге менен қорқасың осы сен? — Кенет Халима шыңғырып жіберді де, жігітке қарай ыршып түсті. Жанай да тіксініп қалды. Жыраның екінші жағынан селтиіп-селтиіп қарайған үш нәрсе шыға келген.


«Әй!» — деп Жанай ұшып тұрған. Әлгі селтигендер дүр етіп қаша жөнелді. Анадай барып шуылдап үре бастады. Иттер екен. Арпылдаған, шәуілдеген, ұлыған иттер төңіректеп кетпей қойды.


— Қорқам, — деп Халима Жанайдың бауырына тығыла отырды. Онан соң жігітті өзі тартып сұп-суық ернінен ұзақ сүйді. Жанай да келіншектің аузынан, онан мойнынан сүйе бастады. Ақырын ғана бір жаққа қарай қисайта жықты да, өзі де қырындап қатарласа жатты. Екеуі үн-түнсіз жатқан күйде сүйісе берді. Жанай келіншектің мойнынан, шашынан иіскеді. Әсем бір иіс, тұла бойды қоздырған әйел иісі.


— Жанай, — деді бір кезде Халима сыбырлап. — Сен мені әлі сүйесің бе?


Жанай үндеген жоқ.


— Айтшы шыныңды, сүйесің бе?


Жанай басын изеді.


— Ендеше жүр, қашайық.


— Қайда? — деді Жанай жұлып алғандай.


— Қайда болса да. Бетіміз ауған жаққа. Мен өмір бақи сендік боламын. Қашасың ба, айтшы, а? Кетесің бе? Неге үндемейсің? Айтсаңшы?..


Тосылып қалған Жанай біраз бедірейіп үнсіз жатып, онан соң келіншекті тағы сүймек боп құшағына тартқан.


— Жо, жо, болды. Жетеді, — деді Халима оны итеріп. — Маған үйленетін болсаң ғана сүйесің. Әуелі, жаңағы сөзіме жауап бер. Қашасың ба, менімен.


— Қабылтайды қайтесің?


— Әй, қойшы соны. Еркек дейсің бе, бұзау құсаған бірдеңе.


— Қызық екенсің, — деп күлген Жанай орнынан тұрды. — Жер сыз екен, тұр...


Шынында да жердің сызы жамбасынан өтіп бүкіл тұла бойын сырқыратып жіберген. Арақтікі болу керек, екі шекесі дыңылдап ауырайын деді.


— Тұр, сыз өтеді, — деп ол енді қозғала қоймаған Халиманы қолынан тартты.


Халима да тұрды, үстін қақты. Онан соң Жанайдың мойнына асыла кетті.


— Сүйші мені, — деді көзін жұмып.


— Сүйістік қой, жетеді.


— Немене, тағы сүюге қорқасың ба?


Жанай қитығып қалды.


— Немене сен қит етсе «қорқасың, қорқасың» деп... әлде мені қайрағаның ба?! — деді ызалана күліп. — Сонда менің батылдығымды сынау сені сүйіп, саған жақындасуыма ғана байланысты болғаны ма?


Халима қолын босатып, теріс айналып кетті.


— Жүр, қайтамыз енді, — деді Жанай өктем үнмен. Екеуі ақырындап ауылға қарай жүрді. Халима бір түрлі жуасып, көңілі пәс боп қалғандай. Иіні түсіп, салбырай жүріп келеді. Сүмірейген түрі аянышты-ақ. Жанай оны аяп кетті, құшақтай ап, мүсіркеп маңдайынан сүйгісі келді. Жұбатқысы келді. Өзін соншалықты адамның қоры етіп жамандағысы кеп кетті. «Мен итпін. Мен махаббатты ардақтай білмеймін. Сендей жанның үлкен жүрегін ұқпаймын», — дегісі келді. Әрине, Халиманың алдында мүләйімсу, тәлімсу. Тек сөйтсе ғана келіншек көңілінің сыздағаны жазылатын сияқты.


— Халима мен итпін... мен... — дей берді. Даусын да дірілдетіп, жалынышты ғып, шын толқыған адамдай сыбырлай шығарды. «Ах ит-ай, артист... Енді келеке етейін дедің бе?! — деп қойды өзіне-өзі іштей. — Жо, ондай залымдыққа дейін баруға болмайды». — Халима, тоқташы.


— Немене.


— Кел, былай деп келісейік. Өмір бақи дос боп қаламыз...


— Мен сенімен қас емеспін, — деді келіншек жабырқау үнмен. Енді бірдеңе десе жылап жіберетін түрі бар.


— Халима, айналайын, — Жанай оны иығынан қапсыра құшақтады. — Мен сені өмір бақи сыйлап өтетін болам...


— Анда-санда өстіп оңашада кездесіп тұрамыз де... Сол ғой айтпағың.


— Жоқ. Кездеспейміз.


— Ә, сен комсоргсің ғой, саған өйтуге болмайды екен ғой, кешіріңіз, білмеппін. — Келіншек тістене тұрып кекесінмен сөйледі. Кескінінде, үнінде Жанайға деген бір жеккөрініш ызалы кек бар сияқты.


Енді екеуі бірінен-бірі алшақтап Барақтың үйіне жеткенше ләм дескен жоқ. Ай өкпе тұсқа кеп жаудырап тұр. Бүкіл кең аспанда сүлдері таусылып, болдырып, жалғызсырап тұрған сияқты. Тегінде, ай алғаш туып, онан толысқан шағына дейін жеткенше көңілді-ақ, ал онан кейін біртіндеп таусылар шағы аянышты. Қаны қашып жадау тартқан адамдай күн санап жұқара береді. Ауылдың әр тұсынан тауық шақыра бастады. Таңғы самал жел соқты. Дәл Барақтың үйінің іргесіне жеткенде Халима кілт тоқтады да, Жанайды тосып алды. Үн жоқ, түн жоқ кеп, жігіттің қолтығынан ұстады, қарсы алдына тұра қап жүзін жоғары көтеріп жымиған күйде көзін жұмды.


— Күйеуге тиюге неге асықтың сонша?


— Өзім де білмеймін, — деп күрсінді Халима. — Оқудан құтылам деп істеген ісім ғой. Сөйтсем ақымақ боппын да. Қазір есіме түссе жынданып кете жаздаймын. Осы күні қайтадан мектепке барғым келеді. Шіркін, тек сабақ сұрамайтын, баға қоймайтын мектеп болса, бәрін тастап қайта барар ем...


Ай сәулесі оның кекіл шашы жалбыраған маңдайына, аппақ нұрлы кескініне түсті. Қызығып кеткен Жанай келіншекті өзіне тартып қысып-қысып құшырлана тұрып ұзақ сүйді.


— Бәрі де ұйықтап қалған шығар. Жүр, үйге кірейік, — деді Халима сыбырлап.


— Тоқта, мен әуелі терезеден қарайын, — деді Жанай да сыбырлап. — Егер ұйықтамаса қораға кіреміз... Жарай ма?


Халима бәрін ұққандай басын изеді.


Жанай ақырындап кеп терезеден қараған. Мәссаған! Бәзікен де, Торғын да әлі үстел басында отыр. Торғын әбден қызып алса керек, әлденені айтып, жыртың-жыртың күліп Бәзікенге қарай береді. Бәзікен оның оң білегінен қапсыра ұстап алған, ерніне апарып қояды. Сүйіп отыр ма, иіскеп отыр ма, белгісіз. Енді бірде екінші қолынан ұстап сүйді. Кенет Бәзікен еңбектеп барып Торғынның чулкиін шешіп тастады, топ-толық, аппақ балтырына еңкейді. Торғын қытығы келгендей шошаң-шошаң етіп мәз боп күліп, Бәзікенді арқасынан түйгіштеп ұра бастады. Бірақ оған қың еткен Бәзікен жоқ. «Ах, ит-ай, ах, ит-ай!.. Тебер ме еді, бастан. Керзі етіктің табанымен, тепкілемесе соққы да өтпес иттен...»


— Әлі ұйықтамап па? — деді арт жақтан келген Халима.


— Жоқ...


— Жүр, онда қораға кірейік.


Жанай үн қатпастан, үйдің сыртқы есігін жұлқи ашты. Ауызғы бөлмеге аялдамастан бірден төргі бөлмеге өтті. Босағаға қалт тұра қалды. Оқты көзімен Бәзікен мен Торғынға кезек-кезек қарады.


Басын көтерген Бәзікен Торғынның аяқ жағына отыра кеткен.


— Ей, мынаған не болған, ей? Мынаған не болған, ей? — деп міңгірлей берді. Әбден мас бопты. Есін білер-білмес халде.


Торғын сол ыржақтап күлген қалпында чулкиін кие бастады. Бірақ тоңқаңдап, бір жамбастай құлап кие алмады.


— Мынау жынды, мынау жынды, ей, — деп қояды Бәзікенді.


Бөлменің ішін ауыр бір иіс алып тұр. Жүректі айнытып, тұншықтырып жіберердей. Үстел үсті апыр-топыр, былығып жатыр. Төгілген арақ, шай, шашылған тамақ, ыдыс-аяқтар.


Қабылтай теріс қарап бүктелген күйінде, Барақ шалқасынан түсіп, аузын ашып қорылдап жатыр.


— Тұр, кетеміз? — деді Жанай Бәзікенге жекіріп.


— Мен де кетемін, — дей берген Халима, бірақ Жанай кесіп тастады.


— Жо, біз Бәзікен екеуміз ғана кетеміз.


— Кетсең өзің кете бер, мен бармаймын, — деді Бәзікен күңкілдеп.


— Сөзді қой, тұр!


Жанай Бәзікенді қолтығынан жұлқи көтеріп тұрғызбақ болған. Бірақ тұрғыза алмады. Бәзікен доп-домалақ боп ап құйған қорғасын сияқты зілдей екен. Былқ-сылқ етіп ырыққа көнбеді. Енді бірде қатты бұлқынып қалып, тақыр еденге басы тарс етіп шалқасынан түсті де, пысылдай дем алып, бір-екі рет түкіріп жіберді, онан кейін қаннен-қаперсіз қорылға басты. Тіпті тез, көзді ашып-жұмғанша ұйықтады.


— Ах ит, ертең болсын, сөзім сенімен.


Жанай кілт бұрылып, сыртқа жүгіре шықты да, аялдамастан үйіне тартты. Соңынан Халиманың: «Жанай, әй, Жанай!» деген жалынышты даусы естілгендей болды, бірақ қайырылып қараған жоқ. Жүрегі кеудесіне сыймай бұлқынып, астаң-кестең боп келеді.


7


Бұл күні Жанай екі-ақ сағат ұйықтады. Сағат жетіде тұрды да, суық сумен жуынып, кәрлен кесемен бір кесе айранды сіміріп сап, кеңсеге кетті. Әкесі ұйықтап жатқан кезде кетіп қалуға асықты. Әйтпесе тағы да мыжың-мыжың сөйлеп, мазаны алады. Жанай соңғы кезде әкесімен екеу ара оңаша қалудан қашатын боп жүр. Алда-жалда екеуі бетпе-бет кеп қалса, бұл өзінен-өзі қуыстанып, жаза күткен баладай ыңғайсызданған халге душар болады. Сондықтан көзіне көп түспеуге тырысады.


Кеңсеге кеп, ұзын коридорда ары-бері теңселіп жүре бастады. Сәмбет күндегі әдетінше ерте кепті. Бөлмесі дабыр-дұбыр, кіріп-шығып жатқан жұрт. Жанай да кіруге оқталып бір тұрды да, еш шаруасы болмаған соң іркіліп қалды. Әзірге комсомол комитетінің бөлмесі жоқ. Сәмбеттің өзі: «Ретіне қарай қағыстырып, бір бөлме тауып береміз», — деп уәде еткен. Ал одан бері де өстіп тұрақты бір орынсыз-ақ жүріп-тұрып комсомол жұмысын жүргізіп тұруға тура келеді.


Не істеу керек?


Комсорг боп сайланғанына жарты ай болды, яғни он бес күн өтті. Әлі пәлендей ештеңе істей қойған жоқ.


Не істеу керек?


Жұмысты неден бастап, қалай жүргізуі керек? Жұмысты неден бастап, қалай жүргізуі керек? Мүшелік жарнаны жинау комитет мүшесі ретінде Халимаға жүктелген. Комсомол ұйымының алдында таяу арада істелетін қандай міндеттер бар? Ә, айтпақшы, жүгері өсіретін комсомол-жастар звеносын құру. Ал ол звено бұрыннан бар. Моторбай басқарған үш механизатор комсомол-жастар звеносы деп аталмай ма. Біреуі Саят деген жасөспірім тракторист бала, әлі комсомол қатарына өтпеген, екіншісі Махмұт ағай. Бәлі, ол кісі партия қатарында да жоқ қой. Сонда комсомол мүшесі Моторбайдың өзі ғана. Басқарманың алдына осы мәселені қою керек екен. Айналдырған үш адам, оның екеуі комсомолда жоқ. Соған қарамастан комсомол-жастар звеносы аталады. Міне, жұмысты неден бастау керек. Онан соң комсомол-жастардың сауын гурті бар емес пе. Солардың арасында болып, әңгіме өткізіп қайтқан жөн. Ол да жұмыс. Комсомол шопандар және әлі комсомолға мүшелікке өтпеген жас шопандар бар, олардың да тізімін жасау керек. Әттең, отыратын орын, жеке бөлме болса істейтін жұмыс табылғалы тұр-ау. Отыратын орның жоқта не жұмыс істемексің. Түу, мына бастың шағып әкетіп бара жатқаны-ай, екі шеке солқ-солқ етіп сынып, жарылғалы тұр. Түнде соншама көп ішіпті. Шамадан тыс көп ішкен. Бүйтіп ішуі өмірінде бірінші рет. Құрысын жаман екен. Оңдырмайды екен ғой адамды. Ендігәрі бүйтіп ішуге болмас. Япыр-ай, күнде ішіп жүрген Барақтар қайтеді екен?.. Әй, қанша мықты болса да бүгін қайбір жетісіп тұрды дейсің. Өздері келді ме екен жұмыстарына?


Жанай бухгалтерияның есігін ашқан, қыздар отыр.


Бәсе, қайдан келсін-ау. Бастарын көтере алмай жатқан шығар. Иә, ішкен күннің ертеңінде адамның басы ауырлайды екен. Қазір Жанайдың басы зілдей. Қорғасын құйып қойғандай зеңіп тұр. Қолдан жасап алған, сатып алған ауруы ғой. Сол арағы құрғырды ішпесе қайтер еді. Тіптен ішпеуге болады ғой. Ал осы ауылда арақ ішу деген бір өнерге айналған. Құдай біледі-ау, дәл солай. Үлкен өнер деп біледі. Кәрі де, жас та, еркек те, әйел де көрген-білген қызықтары сол арақта қалғандай өліп-өшіп ішіп жатқаны. Және есіңнен тана ішпесе, ішкен құрлы болмайды. Ауылдың әдет-ғұрпы, салты сияқты. Тегінде, осы «салтқа» қарсы күрес ашу керек екен. Комсомол ұйымының бүгіннен бастап қолға алатын жұмысының бірі ішімдікке, араққа қарсы күрес болуы тиіс. Бітіспес күрес.


Басы сырқырап болмаған соң, Жанай сыртқа, кеңсенің алдына шығып тұрды. Күн едәуір көтерілген. Жайма-шуақ жылы сәулесін маужырата төгіп тұр. Тобарсыған жер жылбырап тағы да езіле бастаған. Иі босап, буы бұрқырап жатыр. Кәдімгі бусанған адамның демі сияқты.


О, міне, ақыры жетті-ау. Барақ пен Бәзікен де ұзынды-қысқалы боп, бірінің соңынан бірі еріп, түрлерін қара, адам сықылдары жоқ, байғұстардың. Екеуін де түні бойы бөстектің астына сап тоқпақтап-тоқпақтап, зәре-құттарын ұшырып жібергендей. Қан-сөл жоқ, боп-боз боп, бет-ауыздары күлкілдеп ісіп кеткен.


— Бас қалай? — деді Барақ барылдай күліп. Даусы қарлыққан, бұзылған гармоньдай дарылдап шықты.


«Ендігі жерде өзім де ұрттап алмаймын және комсомол комитеті мүшелерінің бірде-бірі ауызға алмау керек. Ішімдікке қарсы қатал күрес ашқан жөн».


Жанай қасақана:


— Менің басым жақсы, — деді.


— Ойбай, ендеше біздің бас, бас болмай тұр. Әлгі дүкеншіден бір жарты сұрап едік, сағат онға дейін арақ сатуға рұқсат жоқ деп аяқ асты тәртіп сақтағансып бермей қойды. Әй, өлгелі тұрмыз-ау, ә, Бәзікен. Ең болмаса, түнде ептеп алып қалу да ойымызда болмапты. Сен қашан кетіп қалғансың?


— Таң алдында.


— Арақ іше алмайтын шығар деп жүрсек мықты екенсің ғой өзің, — деді Барақ сүйсінгендей.


Қалтасынан папирос алып, Бәзікен екеуі темекі тұтатты. Сіріңкені Барақ шаққан, қолы дір-дір етіп екі шырпыны қатарынан сындырды. Үшінші шырпыны жандырды-ау әйтеуір. Темекіні сорып тұрып та тоңған адамдай қалш-қалш етеді. Әсіресе қолы дірілдейді, ұстаған нәрсесі түсіп қалатын сияқты.


— Бірдеңе таппаса болатын емес, жұмыс істейтіндей хал жоқ.


— Мүмкін сендердің үйлеріңде бірдеңе бар шығар? — деді бағанадан үнсіз тұрған Бәзікен Жанайға.


— Бар, бірақ оны іше алмайсыңдар.


— Іше алмайтын болсақ оның барын қайтеміз, — деп кекете күлді Бәзікен. — Дәл қазір біз іше алмай тұрған арақ дүкенде де бар ғой. Ей, Барақ, онан да жүр біздікіне, бір қызыл тұрушы еді, соны ішейік.


— Тоқта азырақ. Ең болмаса, ішке кіріп көрініп шығайық та.


Бұлардың түр-тұрпаттарынан көз айырмай тұрған Жанай басын шайқай берді. Ал сөйлесіп көр осылармен. Күрес жүргізіп көр. Комсоргсің ғой, яғни осылардың жолбасшысысың. Түсіндір, айт арақтың зияндылығын, оның зардаптарын. Пішту, сөз бопты. Бұлар арақтың зиян-зардабын сенен артық білмесе кем білмес.


Ендеше не істеу керек? Анау-мынау деп бас қатырып жатпай-ақ төтесінен бір-ақ қою керек мәселені.


Барақ аяғын сүртіп табалдырықтан көтеріліп келеді.


— Барақ, арақ ішпеуге серттесесің бе?


— Қалай?


— Ішпейміз деп бір-бірімізге серт етеміз.


— Мүлдем бе?


Барақтың көзі шарасынан шығып, табалдырықтың орта тұсында тұрып қалған. Өзінен биігірек тұрған Жанайға аңырая қарады.


— Түк татпауға ма?


— Түк татпауға.


— Қиын екен, — деп күлді Барақ. Өзінің кәдімгі парықсыз, ақ көңіл күлкісі.


— Қиын түгі де жоқ. Өзіміз арақ ішпейміз, ал ішетіндерге қарсы күрес ашамыз.


— Қалай?


«Әй, Барақ, Барақ... «қалай?» — дейді, со қаннен-қаперсіз, ақ көңіл аңқау қалпы. Қалай екенін мен қайдан білейін. Сені ақыл қосар деп айтып тұрмын ғой, ал сен...»


— Сынаймыз. Бетіне басамыз, — деді Жанай Барақтың еш ойсыз, меңіреу адамдай бажырая қарап тұрғанына ыза боп.


— Қалай? — деді Барақ тағы да міз бақпастан.


— Газет шығарамыз... «Крокодил ауылды аралап жүр» деген сатиралық газет шығарамыз да, соған маскүнемдердің суретін саламыз мазақтап.


— Өй, мынау ұсынысың керемет қой!


Сатиралық газет шығару аяқасты аузына түскенге Жанайдың өзі де қуанып кетті:


— Керемет болса сол. Арақ ішкендермен күрес жүргізудің бір жолы сол болмақ.


— Әй, Жанай-ей, суреттерін мен салатын болайыншы. Қатырайын бір, — деп Барақ жүзі жайнап жанып кетті.


— Өзің саласың ба, басқаға салғызасың ба, оны өзің шешесің, ал газет шығаруды комсомол комитеті саған жүктейді.


— Әй, қатып кететін болды, — деп Барақ қуанғанынан алақанын шапақтап жіберді. Артынша:


— Өй, тоқта, — деп ойланып қалды да, сұқ саусағын шошайтты. — Сонда қалай, газетке кез келген ішкіштің суретін саламыз ба?


— Кез келген.


— Қалайша? Болмайды. Мәселен, мына Бәзікенді алайық. Бұл ит қанша ішсе де ешкіммен жанжалдаспайды, мас болса тыныш қана жатады да ұйықтайды. Сонда мұны не деп саламыз? Тыныш ішіп, тыныш жүрген адамды сынауға біздің қақымыз жоқ қой.


— Ол жағынан қам жеме. Ішкен адамның әйтеуір бір кемшілігі болады. Мысалы, сендер түнде тыныш ішіп, тыныш жаттыңдар, солай ғой? Жарайды, дұрыс делік. Ал бүгін жұмыста қалай отырсыңдар.


Барақ тосылып қалды. Тісінің арасынан сыздықтатып шырт түкіріп, басын шайқап қойды. Мойындағаны.


— Ал серттестік қой, сөйтіп? Әкел қолды!


— Әй, қиын екен, — деп лажсыз күлген Барақ, қиналып барып қолын ұсынды. — Байқап көрейік...


Бәзікен бұлардың сөзін үнсіз тыңдап тұрған.


— Әй, сен серттеспе, бәрібір сөзіңде тұрмайсың, — деді ол Бараққа.


— Кім? Мен бе?.. Мен бе, сөзде тұрмайтын. Оны көре жатарсың әлі. Ішпеймін ал, не істейсің маған. — Барақ шынымен намыстанып, қызарақтап қалды. — Сөзіңде тұрмайсың дейді ғой, — деп қойды кекесін үнмен ызалана қайталап. — Көресің әлі, сөзде тұрмағанды. Әйда жүр, жұмысқа кірісеміз.


Барақ пен Бәзікен ішке кіріп кетті. Жанай есік алдында әлі тұр. Күннің шақырайған сәулесі көзіне тікенше қадалып, ашытып, қайта-қайта есінете берді. Аз ұйықтағандікі. Басы зыңылдап, мазасы болмай-ақ тұр.


— Не істесе екен?


Қой, бұлай тұра бергенмен ештеңе өнбейді. Ауданға, комсомол комитетіне телефон соғу керек. Бірінші секретарьдың өзі айтқан анада: егер көмек керек боп қалса, иә түсініксіз бірдеңені сұрау керек болса, қай уақытта да іркілмей телефон соқ деп. Сұрау керек содан. Ұялатын, именетін түк те жоқ.


Жанай кітапханаға кірді. Телефонды алып, аудандық комсомол комитетінің номерін бұраған, бос емес екен. Біреумен сөйлесіп жатса керек. Сәл күтті де, тағы бұрады, тағы бос емес. Трубка: «Тин-тин-тин...» — деп шыңылдап тұр. Күте тұруға тура келді. Трубканы үшінші рет көтерді, номерлерді нықтап-нықтап бұрады, әлі босамапты, «тин-тин-тин...» — дейді Жанай трубканы сарт еткізіп іле салды да, кітапханадан шықты. Енді телефон соғуға зауқы болмай қалды. Көңілі әбден бұзылды. «Қайдан ғана сайлады мені осы комсоргтікке. Еш қабілетім жоқ қой. Бас қатырмай тып-тыныш қана мастерскойда слесарьлығымды істеп жүре беретін едім. Жо, қайтсек те сені сайлаймыз, істей аласың. Өзіміз көмектесеміз», — деп шулап отырып алды емес пе барлығы.


Жарайды, сайлады, ал енді көмектері қайда көрсеткен?.. Кеше түсте, комитет мүшесі боп бұрыннан істеп келеді ғой, жәрдемі тиер деп Барақпен ақылдасқан.


— Өй, қалай істейтінін мен де анық білмеймін. Білетінім әйтеуір: айына бір рет жиналыс өткізіп тұрасың, шаруашылықтың әр саласында істейтін комсомол-жастардың тізімін жасайсың, комсомол қатарына мүшелікке өткізу үшін анда-санда жасы жеткен жастарды дайындап ауданға апарып тұрасың...


— Мұның бәрін сен айтпасаң да білемін ғой, — деген Жанай оның сөзін бөліп.


— Білсең несін сұрайсың. Өзің бірдеңе ғып басқарсаңшы бізді, — деп ырқылдап күлген, онан соң тағы да:


— Концерт дайындап жатыр емеспіз бе, одан артық қандай жұмыс болмақ, — деген. Жанайдың көңілі бір түрлі құлазып қалды. Сонда қалай, комсомол жұмысы концерт дайындаудан әрі аспағаны ма?! Ал ол жұмысты клуб меңгерушісі де істей алады. Рас, комсомол жастардың тізімін жасап, олардың қайсысы шаруашылықтың қай саласында істеп жүргенін біліп отыру, мүшелікке өтетін жастарды дайындап ауданға апару — мұның бәрі комсоргтің міндеті. Алайда комсомол жастардың ұйтқысы болу үшін, нағыз үлкен жұмыстар істелуі керек қой? Ол қандай жұмыстар болмақ сонда?.. Мәселе сонда ғой! Жанайдың сол «үлкен жұмыстардың» қандай екендігін тап баса алмауында ғой. Ал Барақ болса тағы да: «Бірдеңе ғып басқарсаңшы», — дейді. Жо, сөз емес ол. Сол Барақтардың жеткізген жері де. Комсомол жұмысына олай қарауға әсте болмайды. Жоламау керек еді, ат-тонды ала қашып, істемеу керек еді. Ал істейді екенсің істеген сияқты істе. Тіпті шынтуайтқа келгенде, өзін комсоргтікке ұсынғанда Жанай сырт көзге қарсылық білдіргенмен де іштей ұнатып отырды ғой. Жасыратыны не, ұнатып-ақ отырды-ау.


Бәрін айт та, бірін айт, егер осы жұмысты атқара алмаса, ең әуелі, әкесінің алдында масқара болады ғой. «Айтпап па едім, істей алмайсың ғой», — деп табаламай ма...


Жанай өстіп қалың ойға кетіп, дел-сал боп тұрғанда, іштен Тоқаны ертіп Сәмбет шығып келе жатты.


— Сен неғып тұрсың?


— Отыратын орын жоқ.


— Сөз бе екен со да. Комсомол отыратын орын іздемейді, істейтін жұмыс іздеп шауып жүреді. Ал сен орын дейсің, — деп әзілдеп қойды Сәмбет. Онан соң қолымен күннен көзін қалқалап аспанға қарады. — О, бүгін күн күндегіден де жылы екен. Осылай боп тұрса, енді бір жетіден кейін көктемгі егісті бастауға тура келеді.


— Бір жетің не, менің бригадамда енді үш-төрт күнде-ақ бастаймыз, — деді Тоқа. Сәмбетке еліктеп ол да аспанға қарады. — Күн жылы, өте жылы.


Онан кейін Сәмбетке бұрылып сыбырлай сөйледі:


— Жанайды да өзімізбен бірге ерте барсақ қайтеді? — деді.


— Жанайды ма?.. — деп Сәмбет ойланып қалды да, сәлден соң. — Жоқ, Жанайды кейін бір ертіп барармыз, жас қой әлі мұндай әңгімеге араласуға, —деп қойды. — Онан да жұмыс істесін, менің бөлмемде отырып. Жанай, мә кілт, менің бөлмемді аш та жұмыс істе сен. Мен түске дейін болмаймын енді, — деді.


Сәмбет пен Тоқа көшені бойлап жүріп кетті. «Екеуі жұбын жазбайтын боп алыпты» — деген ой келді Жанайға. Шынында да біраз күннен бері Тоқа жаңа председательден екі елі қалмайтын боп жүр. Колхоздың басқа белсенділеріне қарағанда өзі кәдімгідей түгі сыртына шығып, әжептәуір кекірейіп-ақ тұрады. Әйтеуір Сәмбетке жаққан бір жері бар. Ал Жанайға осылары ұнамайды, ұнамайды-ақ.


Жанай председательдің бөлмесін ашты да, жұмсақ креслоға барып көміле отырды. «Дегенмен председатель болған да жақсы-ау, ә? Бір күн де болса колхоздың қожасысың» — деп ойлады. — Өздері қайда кетті? Сәмбет қой: «Жанайды кейін бір ертіп барармыз, жас қой ол әлі мұндай әңгімеге араласуға», — дейді. Сонда қайда ертіп бармақ, ол қандай әңгіме? Жұмбағы бар сөз...»


Жанай комсомол шопандардың тізімін жасауға кірісті. Асықпай, ойлана отырып, бірінен кейін бірін есіне түсіріп, тізіп шықты. Бәрін де жақсы біледі, бәрі де осы ауылдың балалары. Жанай олардың әрқайсысының қандай адам екенін, мінез-құлқын, кескін-кейпін тегіс көз алдына келтірді.


Есік қағылды.


— Иә, кіріңіз.


Моторбай кіріп келді. Сол түндегі қалпы. Қолында білектей темірі бар.


— Ой, үлкен бастық екен десем, кішісі екен ғой, — деп күліп жіберді. Күлкісінде кекесін, сайқы мазақ бар. Амандаспастан диванға кеп гүрс етіп отыра кетті.


— Үлкен бастығың қайда, ей? — деді менсінбеген үнмен.


— Тоқа екеуі бір жаққа шығып кетті.


— Қап, екеуін де жайратайын деп кеп ем. Сені қойшы, сен кеше сыбағаңды алдың ғой. Бәрінен де мына Тоқаға не жоқ, ей, құйыршықтанып, жеңгетай боп. Анау шақшадай басын иығына көп көріп жүр-ау деймін. Моторбай қолындағы темірін салмақтап, үйіріп қойып отырды. Сұсы шынында да кісі өлтіретіндей кесімді еді. Жанай қолы калтырап тізімді жаза алмады. Демін ішіне тартып, өне бойы суынып, тым-тырыс отырды да қойды. Сәмбет пен Тоқа бұған неден жазықты боп қалды, «жеңгетайы» не? Сұрауға Жанайдың батылы бармады.


— Олар қашан келеді? — деді Моторбай.


— Түске дейін болмайды.


— Ым-м...


Моторбай біразға дейін үнсіз отырып, ақыры шығуға беттеді. Шығып бара жатып кері оралды, қолындағы темірін тағы салмақтады.


— Сен кешегіге ренжіп қалдың, ә? — деді тағы да мазақ еткендей күле сөйлеп.


— Жо, — деген сөздің аузынан қалай шыққанын Жанай аңғармай да қалған.


— Ренжімесең жақсы. Бірге өскен төлміз ғой, бірде қату, бірде тату жүретін. Ренжіме, — деп қолын ұсынды. Жанай қызараңдаған күйі оның қолын алды. Быртиған шомбал қол тап-тастай қатты еді.


Моторбай шығып кетті. «Уһ!» — деп дем алған Жанай түскі тамаққа шыққанша біраз қағазды көшіріп кеңседе отырды.


8


Түске үйге кеп, көзі удай ашып болмаған соң, бірер сағат дем алуға жатқан. Қатып қапты. Бір кезде апасы оятты. Мәссаған, терезеден түскен күн едәуір еңкейіпті. Стол үстіндегі сағат төртті көрсетіп тұр. Өзі әбден тынығып, тыңайып қапты. Дереу ұшып тұрып, жуынып, тамаққа отырды. Әкесі де үйде екен. Үнсіз отырып ас ішті. Астан кейін, апасы ыдыс-аяқтарды жинап, ас бөлмеге шығып кетті.


Жанай да кетпек боп орнынан тұра берген, әкесі бұған: «Сөзім бар сенімен, отыра тұр», дегендей ишарат білдірді. Міне, ұсталды деген осы. Жанай амалсыз басылып қайта отырды. Әкесі төсек үстінен жастық алып диванға жантайды. Астан соң жантайып жатып демалғанды жақсы көреді. Сіріңкенің шетінен сындырып ап, арасы сирек, аппақ ірі тістерін шұқуға кірісті. Ауық-ауық Жанайға қарап қояды. Өте бір маңызды нәрсе айтатын сыңайы бар. Бөлме іші тым-тырыс. «Қап, біраз отырғызатын болды-ау енді». Бірақ әкесі әлі үнсіз. «Айтатынын айтсашы енді», — деп тықыршыды Жанай. Мұның колхозда жұмыс істегенін әкесі әу бастан-ақ ұнатпаған. Өткен жылы жазда әскер қатарынан қайтқан соң ауылға кеп, бес-алты күн демалып, онан соң өзі құралпы жастармен бірге пішенге шыққанда, әкесі: «Со қолхоздың жұмысын қайтесің. Басыңды бір сұқсаң шығаруың қиын болады. Онан да осы сельпоға орналастырайын да, ақырындап істеп үйрене бересің» деген. Жанай көнбеді. Алыс участоктегі пішеншілер қосына кетіп, екі-үш жетіге дейін үйіне қайтпай қойды. Әкесін сөйтіп жеңген. Ал жақында Жанай колхоздағы бастауыш комсомол ұйымының секретары боп сайланғанда әкесі тағы жақтырған жоқ. Онда да екеуі өстіп үйде оңаша қалған кез болатын. Әкесі біраз тісін шұқып отырды да, өзінің мұны менсінбегендегі мәнсіз күлкісіне салып жымиған күйде: «Істей алар ма екенсің?» — деп қойды. Әкесінің осынша әлжуаз санап, өзіне күмән келтіргеніне Жанай күйіп-ақ кетті. Жұрттың бәрі бұған қолынан іс келеді дейді, ал әкесі болса, ылғи осы... кері кетіреді де отырады. Ызаға булыққан Жанай әкесіне тап беріп, аттан сап айқайлап жіберуге шақ қалды. Мұндайда ызадан жынданып кетуге де болады-ау! Тістенген күйі теріс айналып кетті. «Істеймін», — деді әлден уақытта ерегіскендей. «Иә, істейсің, — деді әкесі кекете мырс етіп. — Колхоздың жұмысын сен ойын көреді екенсің ғой. Басталсыншы науқан, көресіңді... Көзің биттеп бұралқы иттей боларсың, әлі. Істеп көргенбіз біз де колхозда, білеміз...» Сол сәтте Жанайға әкесі дүниедегі ең нашар адам боп көрінген... Екеуара оңаша қалудан сонан бері қорқатын. Рас, қазір Жанай әкесінің ол жолғыдай сөйлеспейтінін біледі. Қазіргі сөзі басқаша болмақ. Әкесінің не туралы айтатынын да Жанай іштей сезетін сияқты.


Әкесі тіс шұқығанын қойып, енді аунап түсіп бір қырындап, бетін бері қарай бұрып жатты. Бірақ Жанайға әлі тіктеп қараған жоқ, үй ішіндегі заттарға: қабырғадағы үлкейтілген суреттерге, бұрыштағы этажеркада тұрған кітаптарға көз салды. Ойланып жатыр. Не жайлы екенін кім білсін, әйтеуір қалың ойда. Бірақ өзінің ойланып жатқанын, әлденеге мазасыз екенін ұлына сездіргісі келмейді. Маңдайына түскен шашын сипап қойды. Оң жақ шекесіне қарай жатқыза қайыратын. Шашы жылқының ту құйрығындай қайратты, қарасынан ағы көп. Бірақ қара сұр өңі әлі жас көрінеді. Елуден асса да басқалардың әкелері сияқты мыжырайған шал емес. Әлі бірде-бір тісі мұқалмаған. Жанай әкесінің ешуақыт сүйек мұжымайтынын, әрбір астан соң асықпай отырып тісін шырпымен мұқият тазалайтынын есіне алды. Тегінде, әкесі табиғатынан кінәз адам. Қимыл-қозғалысы, жүріс-тұрысы, киім киісі кербез-ақ. Кәрі жеңгелері әлі күнге «кербез жігіт» дейді өзін. Өмір бойы колхозда тұрып келе жатса да, түрі колхозшы сияқты емес. Осы жатысының өзі ешқашан жанын қинап көрмеген адамның қалпы. Ал әкесі расында да ылғи бір тыныш жұмыстарды істеді: ауылдық советке председатель, онан соң көп жыл колхоздың май заводының директоры боп істеген, қазір селолық дүкеннің бастығы... Мүмкін, істеген адамға бұл жұмыстар да мазасыз шығар, ал мұның әкесі еш уақыт жанын қинаған емес.


Әр нәрсеге бір қарап ойланып жатыр. Тағы да тісін шұқыды.


— Иә, жаңа бастығыңмен қалайсың? — деді әлден уақытта жымиып. Ол осындай әңгіменің үстінде өзінің әкелік үстемдігін білдіру үшін Жанайға өстіп кекесінмен мәнсіз жымиып қойып сөйлесетін.


— Не қалайы бар, жақсы, — деді Жанай. Бәсе, сезіп еді-ау іші — әңгіменің не жайлы болатынын. «Мұнымен не айтпақ екен?» — деп ойлады.


Әкесі тағы да үнсіз қалды. Тағы да әр нәрсеге бір көз салуда. Ұлына ендігі сқрақты қалай берерін ойланып жатқан сияқты.


— Өзі қандай адам екен? —деп қойды, елеусіздеу етіп қана сұраған боп. — Мінезі дойырлау-ау деймін, дүңк етпе...


Жанай иығын қопаң еткізді де:


— Қайдам. Маған жақсы адам сияқты, — дей салды.


Әкесі диван үстіне басын көтеріп отырды. Ендігі сөзін де жай бір әншейін әңгіме сияқты ғып сол жымиған күйінде жалғастырды.


— Оның мінезі қандай болса да мейлі ғой, біз үшін бәрібір. Солай емес пе?.. Бірақ жұрт осы бастықты да онша ұнатпаған сияқты.


Әкесі тағы да маңдайына түскен шашын сипап қайырып қойды.


— Құр жалғыз өзі өрекпігенмен кімді жеңеді ол, — деп, бірінші рет қабағын кіржитіп, тыржың етті. — Бұрынғы бастықтар сияқты бес-алты ай істеген соң, бұ да кетеді ғой, әлі.


«Мұнымен не айтқысы кеп отыр», — деп ойлады Жанай тағы да. Сәлден кейін әкесі сұсын суытып, бұған қадала қарап, қатал ескерте сөйледі:


— Бір бастық келеді, бір бастық кетеді, сенің ондағы шаруаң қанша?! Солай емес пе? — деп өз сөзін мақұлдатып бір қойды. — Өз жұмысыңды дұрыстап істе де жүре бер... Қазір сендер концерт дайындап жатырсыңдар ма, осы?..


Жанай басын изеді.


— Сол концертіңді дайында да жайыңа тыныш жүр. Анау-мынау елдің пыш-пыш сөзіне араласушы болма... — Әкесі енді терезеден сыртқа тесірейіп қалды. — Тек жүрген біреуі жоқ, былығып жатыр...


Жанай өзіне-өзі қызараңдап, пысынап кетті. Сөйтіп, әкесімен оңаша қалудан қорқып, қашақтатып жүрген екеу ара әңгіме ақыры айтылды. Ол әкесіне жақсы, жаман деп бір ауыз тіл қатқан жоқ. Оның ақылын құп алғандай кейіп білдірді. Сағатқа қарап:


— Уақыт боп қапты, клубқа барамын, — деп орнынан тұрды.


Әкесі болса әлі де түпкі ойын түйіндеп, тұжыра түскісі келгендей:


— Егер бастық анау-мынау бірдеңені сұрай қалса, «мен ештеңені білмеймін» де де қой, — деді қатал ескертіп.


— Нені сұрайды дейсіз?


Әрине, Жанай жорта білмегенсіп тұр. Ал әкесі болса ананы сұрайды, мынаны сұрайды деп, атап-атап айтқысы келмеді, ойындағысын со жұмбақтаған күйінен аумады.


— Тегі дегенім ғой. Ананы білесің бе, мынаны білесің бе, деп әр нәрсені бір сұрап қалуы мүмкін. Былыққаны былыға берсін, аршып алатын біз емес. Тапса өздері табар, таппаса тағы өздері білсін. Сен тек өзіңнің тиісті міндетіңді дұрыс атқарып, жазға дейін жүрсең болды ғой. Онан әрі оқуға кетесің... Мен өзім бастыққа да, парторгке де айтып қоярмын, саған оқуға тусуге қажетті еңбек стажы мен мінездемені дұрыстап беріңдер деп...


Жанай әкесінің соңғы сөздерін жүре тыңдап үйден шықты. Бір түрлі жүрегіне қақ тұрып қалғандай жабырқау тартты.


Клуб алдына жастар жиналып қапты. Аңыраған баян даусы шығады. Ду-ду еткен қыз-келіншектің күлкісі естіледі. Көңілді-ақ-ау, ауыл көңілді-ақ! Шіркін, осы ауылдың жастары-ай!.. Ойын-сауық десе жанып кетеді. Думанды жақсы көреді. Осы кезде ту сыртынан:


— Әй, Жанай! Әй, Сартабанның жүгермегі? Өй, жетпіс жеті атаңның, жетпіс жеті бабаңның... — деп, атпен бастырмалатып басқарманың атқарушысы Қасым жеткен. — Бастық сені бүгін кешкісін болатын басқарма мәжілісіне қатыссын деді. Мә, хабарландым деп қолыңды қой мына қағазға...


— Мен басқарма мүшесі емеспін ғой, — деді таңданған Жанай.


— Өй, жүгермек, мүше болмасаң боласың. Енді сендер болмағанда қаусаған біз болар деп пе ең, ей. О несі! — деп еліре айқайлап, атын борбайлап-борбайлап құйғыта шауып жөнелді. Шалпылдаған балшықта атының төрт тағандап тайғақтағанына қарамастан, боқтанған Қасым екі иығын жұлып жеп, онан сайын борбайлай түседі. «Өй, жетпіс жеті атаңның, жетпіс жеті бабаңның...» деп сыбайды. Атқа мінгенде жын ұстағандай екілене еліріп, боқтанып шабу әдеті.


«Басқарма мәжілісіне бұрын мені қатыстырмаушы еді», — деп таңданды Жанай. Соңғы уақыттарда Сәмбет мұны жиі шақыртып, жиі әңгімелесетін боп жүр. Әңгіменің бәрі — жұмыс, шаруашылық жайында. Жаңағы әкесі айтқандай ананы білесің бе, мынаны білесің бе, деп ештеңе сұраған емес. Тіпті ондай сұрау ойында да жоқ сияқты. Ал тіпті сұрай қалған күнде де Жанай не біледі? Қандай қылмыстың үстінен түсіп, көзімен көріп еді? Рас, колхоздың жұмысы ақсап жатады. Болымсыз нәрседен ақсайды-ау! Шаруашылықтың тақтайдай жерде сүрініп жатқанына қынжылады Жанай. Мәселен, өткен күзде қырманда астық тектен-текке шіріп кетті. Бастықтар өйту керек те, бүйту керек деп жан алқымға кеп өрекпіді. Ары шапқылады, бері шапқылады. Бірақ өрекпулері сөз жүзінде ғана қалды. Ал егер сонда су болған астықты дереу кілетке кіргізіп, желдеткіштен өткізіп кептірсе ғой, шірімес еді... Сол сияқты қыста құмдағы мал қырылды. Қар қалың түсіп, жол бұзылды да, орталықтағы дайын жем-шөпті жеткізіп бере алмады... Мұндай мысалдардың талайын тізуге болар еді. Ойлап қараса соның бәрі де тіпті оп-оңай жоюға болатын кемшіліктер. Ал үп-үлкен адамдардың осыларды алдын ала ойлауға, жоюға өрелері жетпей ме?.. Тфу!.. Өз әкесі болса ғой, міне. Әнеу күні комсорг боп сайланғанда бетінен түңілтіп, дүние пәлені орнатып еді, енді бүгін былай деп отыр. Тфу!.. Обалы не керек, Сәмбет бұдан ештеңе сұраған емес қой. Тіпті сыр тартып көрді ме десеңші.


9


Ақырын ғана қоңыр салқын самал жел соғып етті. Қар суының күлімсі ылғал иісі аңқыды. Жел өтінде әлі де қыс ызбары бар сияқты. Бойын тоңазытып дір еткізді. Клуб алдындағы аңыраған баян даусы бүкіл ауыл үстінде қалықтап тұр. Бәзікен Бақыт айтатын жаңа әнді үздіктіре созады. Осы Бәзікен музыкалық қабілеті бар талантты-ақ жігіт, бірақ адамға ұнамайтын бір қылық бар бойында. Жанайдың көзі осылай қарап тұрған Халимаға түсті. Шу ете түскен қыз-келіншектің күлкісі шықты. «Тағы бір жігітті ортаға алған-ау, бұлар» деп жымиды Жанай... Бірден көңілденіп кетті. «Әй, сөз бе со да...» деп үйіне қарай қолын бір сілтеді. Онан соң күндегі әдетінше көшені қиғаш кесіп өтіп, ауылсоветтің кеңсесіне, — Қабылтайға бармақ боп біраз жүре түсті де, тағы да «әй, қойшы соны...» деп қолын оған да бір сілтеп, тура клубқа қарай, керзі етігімен көшенің балшығын шалпылдата жөнелді. Күндегідей ұсақ балалар доптың қызығына кіріскен екен. Анадайдан Жанайды көргеннен:


— Әй, әй!.. Ал сақ болыңдар. Жанай аға келеді, — десіп, бірін-бірі еліктіріп қиқулап қойды. Бірақ бүгін жүгіруге Жанайдың зауқы болмады. Қарсы алдына келген допты жай ғана теуіп қалғаны болмаса, күндегідей еліккен жоқ. Балаларға қосыла жүгіруді ерсі көрді.


Клубтың алдына жеткенде, Жанайдың бірден байқағаны: Қабылтай да осында екен, шетте клубқа сүйеніп, темекі тартып тұр. Халима түбіт шәлісін күндегіден де гөрі бетіне түсіріп орап апты. Жанай келген кезде теріс айнала берді.


Екі қолын қалтасына салып тұрған Барақ Қабылтай жақты мегзеп қойды да, әлдене деп ымдады. Жанай түсінбеген. Жүр, ендеше былай дегендей Барақ клубтың сыртына қарай шақырды.


— Әй, сенің бұл істеп жүргенің не? — деді былай шыққан соң Барақ кінәлап. — Біреудің семьясын бұзып нең бар? Немене қыз жетпей ме, саған?


— Нені айтып тұрсың? деді Жанай әңгіменің не жайлы екенін іштей сезсе де, түсінбеген боп.


— Нені айтып тұрсың? — деді Барақ кекете қайталап. Көрмейсің бе, әне, Қабылтай әйелін көк ала қойдай етіп сабапты.


Жанайдың жаны шығып кете жаздады.


— Қой әрі, деді.


— Қойсаң қой. Әне, бет-аузын көрші, күп боп ісіп кеткен.


Жанай сілейген күйі не дерін білмей тұрып қалды.


— Өй, өзің де қызық жігіт екенсің. Сені біз бас болады, — деп жүрсек... Әй, қойшы... Не ал енді, ұят емес пе, — деп Барақ cөге бастады. Қолын сілтеп-сілтеп қояды. — Ал, енді ол Қабылтайға не деп кінә тағасың?.. Өй, қойшы, өзің де бір...


Осы сәтте жандарына Халима келді.


— Дайындықты бастаймыз ба? — деді сыбырлап қана. Жанай оның ісіңкі тартқан жүзіне, асты көгерген көзіне қарады. Жерге кірердей қысылды.


— Бастайық, — деді онан соң төмен қараған күйі. Барақ ары жүріп кетті де, енді Жанай мен Халима бір сәтке бетпе-бет қалды.


— Мен ажырасам... Қабылтайдан кетем... — деді көз шарасы жасқа мөлтілдеп кеткен Халима.


— Қой, қой, оларың қалай? — деді сасқалақтаған Жанай.


— Мені ұрды... — деп Халима жылап жіберді.


— Қой, қой...


Халима оған соншалықты бір мүсәпір, кемтар жандай боп көрінді. Аяп кетті. Тек аяу, аяу ғана келді көңіліне. «Туу, мен де оңбаймын-ау, нем бар еді, бұған жұғысып. Тіпті титтей де сүймеймін ғой өзін, — деген ой жарыса келді. — Осыған қалай құштар, қалай ғашық боп жүрмін. Түу, мен де...»


— Әй, бастықтар, дайындықты бастайық та енді, — деді қайта оралған Барақ түк болмағандай самбырлай сөйлеп. Жанай жұртты ішке кіруге шақырған. Осы тұста баян тартып отырған Бәзікен көнбеді.


— Жоқ, Бақыт келмесе болмайды. Бақытсыз ол қандай дайындық болмақ, — деп қиқайып отырып алды.


— Бақыт қайда жүр? Фермадан келіп пе өзі?


— Фермадан келген, мен өзім көрдім. Үйінде, — деда Бәзікен.


— Е, онда неғып кешігіп жатыр? Кешікпеуші еді ғой. — Қазір келіп қалар, күте тұралық.


Бақытты күтуге тура келді.


Бәзікен баянды аңыратып тағы да ойнады.


Шарасынан шығардай боп үлкен күн жер бетіне төнген сайын қызамықтанып барады. Төңірек қызыл шапаққа боялған. Ауылдың арғы тұсындағы биік дөңнің үстінен жөңкіліп сағым ағып жатыр. Одан беріде түтіні будақтаған ауыл үйлері. Тоңы жібіп енді-енді кебе бастаған көшенің қыраттау жерлерінде апыр-топыр шуласа жүгірген кішкене балалар. «Қашпалы доп» ойнап жүр. Бәрі де киімдерін шешіп, бір шетке қалай болса солай лақтырып-лақтырып, үйіп тастаған. Жалаң аяқ, жалаң бас, көк суын шалпылдата кешіп осы көшеде доп қуды. Ештеңені ойламайтын қаннен-қаперсіз, алаңсыз шақ еді. Онан анау тұрған мектепте оқып, жетіжылдықты бітірді. Ол кезде орта мектеп әлі ашыла қоймаған, ары қарай аудан орталығынан оқуға тура келді.


Қалаға алғаш барған жылы ол ауылды қатты сағынатын; сәл сылтау табылса бір-екі күнге болса да шауып жетіп келетін де тұратын. ЬІстық еді ауыл, ыстық еді. Алайда орта мектепті бітіретін жылы ауылға келгенде іші пысып, барарға жер таппайтын мінез пайда болды. Сондайда ол төсекте жатып ап, туған ауылының болашағын, — өзі мектеп бітіріп кеп еңбекке араласқан кезде қандай болуы керектігін ұзақ, ұзақ қиялдайтын. Кірпік ілместен таңды атырушы еді ондайда.


Ол бір керемет армандар еді... Сол қиялдарын Жанай осы ауылда болған бір жылының ішінде тіпті жиі ойлайтын боп жүр.


Егер ауыл Жанайдың ойындағыдай болса, о, нағыз шат-шадыман қызықты өмір орнар еді, шіркін!..


— Әй, бастықтар!


Жанай селк ете түсті. Тағы да Барақ екен.


— Енді қашанғы күтеміз, уақыт өтіп барады. Онан да біреу барып шақырып келсін, — деді күжілдеп.


— Иә, біз дайындықты бастай берейік, сен өзің барып шақырып кел, — деді Жанай.


Барақ сасып қалды. Бақыттың үйі ауылдың сонау шығыс жақ шетінде, жаяу барған адамға мына батпақта біраз жер. Барақ сол жаққа бір қарап қойды да:


— Өй, мен бармаймын. Анау әкесінің мінезі жаман, аяғымды сындырып жүрсе, — деп сылтаурата күлді.


— Қойшы, неменеге сындырады. Мына біз сияқты бойдақ жігіт емессің ғой, балаң бар, әйелің бар... Бар шақырып кел сен, — деді Жанай. — Сенен басқа адам олардың қабаған итінен қорқады.


Бұдан ары Барақ қарсыласқан жоқ.


— Әй, бірталай жер-ау. Ат болса, шіркін... — деп, шырт еткізіп түкіріп қойып, кете барды.


Жұрт біртіндеп ішке кіре бастады. Жанай есікті жаба берген, кеңсе жақтан атқарушы Қасым тағы шауып шықты. Әлгіндегідей емес, астындағы аты қан сорпаға түсіпті. Көшені басына көтеріп айқайлап келеді.


— Әй, Сартабанның жүгермегі, жүрсеңші, енді!.. Бір айтқанда неге ұқпайсыңдар осы. Басалқа басталды ғой... Он шақыртпай әсте келмейсіңдер. Әй, жетпіс жеті атаңның, жетпіс жеті бабаңның...


Байғұс шалдың бір әдеті, үлкен демей, кіші демей жұрттың бәрін сықпырта боқтап жүргені. Кейде тіпті ұрынарға қара таппағандай, өзінен-өзі қараптан-қарап келе жатып боқтанатыны бар.


Осы қылығы үшін екі рет аудан орталығында он бес күннен отырып та келді, жолдастық сотта айыпталып ақшадай айыптар да төледі, бірақ боқтанып сөйлеуін қоя алмады. Өзі де талай рет көзінен сорасы ағып отырып:


— Әй, жетпіс жеті атаңның, жетпіс жеті бабаңның аузындар-ау... маған боқтағанды қалай қой дейсіңдер, ана сүтімен сүйегіме сіңген ғой, — деп еңіреген, жалынған. Дауа бар ма бұ шалға.


— Әй, жүгірмек, бол енді, жүр!..


Жанай концерт дайындауды Халима мен Бәзікенге тапсырды да, өзі кеңсеге кетті.


Күн ұясына қонған. Тек алыстағы жалын көк тартқан Жоңғар тауының биік шыңдары ғана торғын орамал жамылғандай қызарып тұр. Жанай әлі де дегди қоймаған көшенің шетімен абайлап басып келеді. Аяқ астында балапандап қаулаған көк қылтанақтар. Киіздей боп тұтасып жатыр. Сірә, қара суық жел соқпаған биылғы көктемде шөптің айрықша қалың өсетін түрі бар. Жер қар суынан кейін бөгіп, бабына кеп жатқан сияқты. Дүкілдеп шаруашылық ауласындағы мотор жұмыс істей бастады. Көше бойындағы бағандар басында жарқ етіп шамдар жанды.


Дәл кеңсенің алдына жеткенде Жанайға Бақыттың үйінен қайтып келе жатқан Барақ қарсы жолықты.


— Немене? Бақыт қайда?


Барақ қолын бір сілтеді де, шырт еткізіп түкіріп жіберді.


— Ой, құрысын...


— Не боп қапты?


— Ой, айтып ем ғой, анау әкесі адам емес деп. Тіпті маңайлатар емес. «Менің қызым мұнан былайғы жерде жын ойнақтың ішіне аяғын аттап баспайды» дейді... Әй, мен де өзін иттей ғып ызаландырып кеттім... Біздің елге күйеу ғой ол шал. Онан соң, бері кеші, бірдеңе айтайын, құлағыңа, — деп кеп, бұл маңайда жан адам болмаса да ендігі сөзін сыбырлай жалғастырды.


— Әй, Жанай-ей, бір қызық естідім. Біреу Бақытқа құда түсіпті.


— Қой.


— Міне, құдай біледі. Өтірік болса табан астында жан тапсырайын... Әуелі қызық қылғанда қалың мал төлейтін көрінеді. Так что, комсорг жолдас, айналдыр дегенде тіл алмаймын деп жүріп айрылдың ол қыздан. Өһ-һө-һө-һө-ө!..


— Қой, Бақыт ондайға көне қоймас... Жарайды, ол жағын әлі анықтап біліп, ақылдасармыз. Ал сен өзің тағы да ішіп алғансың ба? Кәне, еңкейші.


— Жо, аздап бір елу грамдай ғана. Сен қызықсың, бүгін серттесе сап, бүгін ішпе дегеніңе бола ма екен. Оның үстіне түндегі ішкеннен бас әлі орнына келер емес. Әлгі жездеміз қолқалап болмаған соң...


— Ал ертең ше?


— Ертең құдай біледі ішпеймін, тіпті өліп бара жатсам өзіңе барып айтам ғой. Ал өз бетіммен, міне, табан астында жан тапсырайын...


— Бар клубқа бара бер.


Жанай кеңсеге бұрылды.


10


Кеңседе адам толы екен: басқарма мүшелері, агрономдар, бригадирлер, механиктер, басқа да толып жатқан белсенді атаулы тегіс жиналыпты.


Бәрі де бас киімдерін қолдарына алып, сырт киімдерімен отыр. От жағылған жылы бөлмеде кейбіреулері пысынай бастаған сияқты. Арт жаққа отырып ап қалғып-мүлги бастағандар да бар.


Сәмбет сөйлеп болса керек. Жанай кіргенде ол жуан қызыл қарындашпен столды тықылдатып қойып отырды.


— Иә, кімнің қандай ойы, яки ұсынысы бар? Айтыңыздар, — деп қойды.


Сірә, бұл сұрақ әлденеше рет қайталанған болса керек. Бөлме іші тым-тырыс. Кейбіреулердің пысылдап дем алғаны, орындықтың сықырлағаны естілді. Бірақ ешкім тырс еткен жоқ. Есік алдында тұрыңқырап қалған Жанайға Сәмбет отыр дегендей иек қақты. Қабағы түсіп әлденеге ашулы сияқты. Маңдайы қыртыстанып кетіпті. Алдындағы жазуға ғана қарап отыр. Әлден уақытта басын тағы көтерді.


— Жолдастар, көктемгі егістің аса маңызды науқан екенін естен шығармайық. Ойланған жөн. Кәне, сөйлеңіздер, ой-пікірлеріңізді айтыңыздар, — деді. Тағы да қарындашпен столды тықылдатып қойды. Тысыр етіп ешкім қозғалар емес. Сәмбеттің сөзі ешқайсысының қаперіне де кірмейтін сияқты. Бәрі бейжай күйде.


— Е, айтатын не бар, бәрі түсінікті ғой, — деді арт жақтағы біреу күңкілдеп.


— Бәрі дұрыс, басеке, өзіңіз айтқан грапикті құптаймыз, — деді алдыңғы қатарда отырған кем иек шал Құтпан елпең ете түсіп. Онан соң жанындағы өзі құралпы басқа да шалдарға қарап қостау күткен еді, бірақ іле құптап тіс жара қойған ешкім болмады.


«Бұлары несі, шаршап отыр ма сонша, — деп ойлады төңірегіндегілерге көз салған Жанай. — Неге көңілсіз?»


Осы тұста Сәмбет жуан қызыл қарындашпен столды сарт еткізді. Жұрт елеңдесіп қалды. Қарындаш қақ бөлініпті. Жартысы председательдің өз қолында да, жартысы стол үстінде жатыр.


Сәмбеттің түксиген жүзі бет қаратпастай қорқынышты боп түтігіп кетіпті. Столының сол жақ қанатында отырған бас агрономға жеп қоярдай шаншыла, қадалып қапты. Кішірек көзі қадалған біз сияқты. Қолындағы қарындаштың қалған жартысымен столды тағы да сарт еткізіп салып жіберді де есікті нұсқап:


— Шық, кеңседен! Шық!.. — деді ақырып.


Бас агроном — бұғағы салбыраған, жылтыр жүзді, қара жігіт ештеңе білмеген адамша, жайбарақат, алдындағы қағазын бүктеп, қарындашын төс қалтасына сап, сөз өтпес тоңмойын қалпында төмен қарап, бедірейіп отыра берген, Сәмбет енді столды жұдырығымен қойып қалды.


— Мен саған айтып отырмын, Қазиев! Шық! Кет кеңседен! Кет дегенде ит те кетеді!.. Шық!.. — деп долдана айқайлап жіберді.


Қазиев сол бедірейген үнсіз күйінде сұп-сұр боп түсі бұзылып, жай қозғалып орнынан тұрды да, ешкімге бұрылмастан есікке беттеді. Қолындағы бір парақ қағазды жұмырлай уқалап барып, бұрышқа қарай лақтырып тастады. Онан соң кілт кейін бұрылып, Сәмбетке қараған, өңі лезде құбылып мұны мазақ қылғандай, уытты мысқыл шашып тұр екен. Мырс етіп күліп басын шайқады да, есікті бар серпінімен тарс еткізді. Терезелер бір сәтке зың ете түсті.


Отырғандар үрпиісіп түкке түсінбей, әуелі терісіне симай түтіге долырған председательге қарап, онан бас агрономның соңынан жалтақтады да қалды. Бәрі де қорқып кеткен сияқты. «Не болды? Не болды?» — деп бірін-бірі түртпектеп, аң-таң күйде.


— Ұятсыз. Сомадай болған ақымақ, — деді кіжіне сөйлеген Сәмбет Қазиевтың соңынан; онан соң сабасына қайтқандай ашуын басып, отырғандарға жағалай бір қарап өтті де саябыр үнмен:


— Осындайлармен жұмыс істесіп оңдыра ма адам. Осыдан кейін председатель қайдан шақ келсін сендерге... — деді бәрін де кінәлай сөйлеп. — Біз көктемгі егісті сөз етіп отырсақ, оның ойына да кіріп шығар емес, сурет салып отыр. Бас агроном дейді оны тағы... Атасының басы... — Ол бір сәт терезеге қарап үнсіз отырып қалды. Енді бірде даусын бұрынғысынан да бәсеңсітіп, бүкіл кеңседе екеуі ғана отырғандай оң жағындағы Әзиевке қарап, бар зілін сала соған тіл қатты. — Агрономдығын былай қойғанда партия мүшесі емес пе, сіз неге оны тәртіпке шақырмайсыз. Бір жағы ініңіз... бағанадан не істеп отырғанын көріп отырдыңыз. Неге үндемейсіз? — деді.


Сәмбеттің партия тұрғысынан деп отырғанының да реті бар. Колхоздағы бастауыш партия ұйымының секретарі биыл жоғарғы оқу орнын бітіретін жылы болғандықтан марттың бірінен бастап мемлекеттік емтихан тапсыруға кеткен еді. Председательдің орынбасары ретінде Әзиев уақытша соның орнында қалған.


Сондықтан ол соңғы күндерде өзін орынбасарлықтан гөрі парторгпін деп қоразданып жүр еді.


Әзиев міңгір-міңгір етіп, қоңқиған үлкен танауын ұстай берді.


— Иттің баласы, иттің баласы... Сөйлесемін онымен, әлі. Мәселесін партбюроның алдына дейін қоямын... Бұл қылығы жарамайды, келіспейді бойына...


Сәмбет оның сөзін мұнан әрі тыңдамастан, алдындағы ұштаулы жатқан басқа бір қарындашты алып, көктемгі егіске әзірлік жайына қайта оралды: — Кәне, жолдастар, кімнің қандай ойы бар? Нақты ұсыныстарыңызды айтыңыздар, — деді. Бірақ жұрттың көңілінде ендігі жерде, көктемгі егістен гөрі, мынау сойқан оқиғаның соңы немен аяқталар деген сұрау маңыздырақ боп кеткен сияқты. Сондықтан әлгі кем иек шал Құтпан:


— Басеке, өз айтқаныңыздың бәрін құптаймыз дедік қой, — деп кәукілдеген кезде, әр тұстан:


— Иә, басеке, дұрыс, со өзіңіздікі.


— Алып-қосарымыз жоқ, — деген дауыстар шықты.


«Құдай біледі, қылықтары үлкен кісілерге лайық емес, — деп ыза болды Жанай. — Үрейлерінің ұшқаны сонша, қазір Сәмбеттің аузынан: «Бәріңді де құртуға қалай қарайсыңдар», — деген сөз шықса, «құлдық, басеке» — дегелі отыр. Құтпан шал көзі жапақтап, бастап айтар еді де, қалғандары қыстай салар еді. Көктемгі егіс науқаны ойларына да келер емес... — Айтыңыздар, — деді Сәмбет тағы да нешінші рет қайталады, ал жұрт болса ауыз ашар емес және ашпайды да. Осы жайды жақсы сезген Сәмбет енді жекелеп сұрауға көшті. Сірә, жұртты сөйлетпей қоймауға бекінген сияқты.


— Кәне, бригадир жолдастар, сіздер не дейсіздер?


Бригадирлердің ешқайсысы да тырс етіп үндей қойған жоқ.


— Бірінші бригада, Рыскелдин, сіздер әзірсіздер ме? — деді.


Арық қара жігіт орнынан ұшып тұрды. Көз қиығымен үй қабырғасына түскен көлеңкесіне қарап қойды да, жалбырап тұрған шашын саусағымен тарақтап-тарақтап жіберіп көлеңкесіне қайта көз салды.


— Әзірміз, бірақ... бірақ тұқым тазаланып болған жоқ.


— Неге?


Рыскелдин сөзшеңдігіне сап сарнай жөнелді:


— Себебі, тұқым қыстай осы орталықтағы клетте болды. Бригадаға енді ғана тасып жатырмыз. Тағы бір себеп, тұқым тазалағышты бүгін ғана жеткіздік. Бастықтар қажетті тұқымды бригадаларға дер кезінде тасып, тазалауға мән бермей келді. Соның салдарынан тұқым тазалауға кеш кірісіп отырмыз. Бұған мына отырған сіздер кінәлісіздер, мен сырттан сөз ету дегенді білмеймін, құдай болса да тура көздеріңізге айтам, — деп бір тоқтады. Өзінің председательге осынша батыл сөйлегеніне мақтанғандай жұртқа қарап қойды. «Қалай қарсы келем», — дейтін сияқты. — Сол сіздердің кінәлеріңіз енді көктемгі егістің ойдағыдай жүргізілуіне сөз жоқ кесірін тигізеді. Мен оны қорықпай-ақ беттеріңізге айтам...


— Рыскелдин, — деді жымың еткен Сәмбет оның сөзін бөліп, — қорықпағаның жақсы, ал енді осы бір жетінің ішінде тұқымды тазалап бітесіздер ме?


— Әрине, егер мына сіздер, бастықтар...


— Жоқ, «бастықтарды» қоя тұрыңыз. Бітесіз бе?


— Білмеймін.


— Отырыңыз онда. Басқа бір шарасын ойластырармыз, — деді Сәмбет қабағын түйіп. — Екінші бригада, сіздер ше?


— Біз дайынбыз, — деді Тоқа орнынан тұрмастан-ақ.


— Тұқым ше?


— Тұқымды бүгін тазалап біттік.


— Дұрыс. Айеке, сіздің бригада ше? — деп председатель енді үшінші бригаданың бригадирі — Аймырзаға бұрылды. Аймырза самай шашын ақ шалған, елудің мол ішіндегі мосқал адам еді. Сөзін бөліп-бөліп дірілдей сөйлейтін, кәріліктің белгісі болу керек. Колхоз ұйымдасқаннан бастап көп жылдар бойы председатель, одан орынбасар, бес-алты жыл бригадир боп істеп келе жатқан, шаруашылықтан тәжірибесі мол адам.


— Біз ертең бастасаң да дайынбыз, — деді орнынан тұрып жатып.


— Жоқ, сіз отырып-ақ айтыңыз, Айеке, — деген Сәмбет.


— Отырмаймын, тұрып айтам, менің сөзім бар... — Онан соң бөркі мен қамшысын қайырыла бұрылып, өзі отырған орындыққа қойды.


— Сен, жаңа бастық, байқап отырсам ағаттық жіберген сияқтысың, — деп бастады сөзін. Отырғандар тегіс: бұ сөзді қайда бұрғалы тұр дегендей Аймырзаға қарай қалған. Қарт та төңірегінде отырғандарға жағалай бір қарап өтті.


— Иә, жаңа бастық, сен ағаттық жібердің... — Тағы да тоқталып, ойланып қалды. Әдеттегідей председательдің атын атамай, «жаңа бастық» деп нығырлай түсуінің өзінде де үлкен астар бар сияқты. — Мүмкін ағаттық емес, осы істегенің дұрыс та шығар, білмеймін... Келгеніңе екі айдай ғана болды, біздің елмен, колхозбен енді-енді танысып жатырсың ғой. Естіген де шығарсың, біздің колхоз осыдан он бес жыл бұрын, бұрынғы үш колхоздан бірігіп қайта құрылды. Сол кезге дейін мен де мына өзің сияқты бір колхоздың бастығы боп келдім. Ал колхоз үлкейіп, жері кеңейіп, елі көбейген соң бастық білімі бар жастан сайланды. Оның оқасы жоқ қой. Тек сонан кейін-ақ білімдісін сайласақ та, ғылымдысын сайласақ та, бізге бастық құтаймайтын бір ауруға шалдықтық. Бір құрт ауруындай пәле дүрілдеп кетер шаруашылықты әлі күнге кейіндетіп келеді...


Осы кезде шам талмаусырап өшіп барып, қайта жанды. Сәмбет қызыл қарындашын қайта алып, арт жақтағы күбірлесе бастағандарға қарап тықылдатып қойды.


— Ие, айта беріңіз, Айеке, құлағымыз сізде.


— Айтса сол. Сол құрт ауруынан тазара алмай-ақ қойдық бір.


Арт жақтан тағы да күбір-күбір сөз шықты.


— Жарықтық, жұмбақтамай айтсашы енді айтарын.


— Осы кісі ненің ауруын айтып тұр?..


Бірақ Аймырза күбірге құлақ асқан жоқ, даусын көтере түсіп енді ызамен сөйледі.


— Айтса сол. Сол құрт ауруы бізді өсірудің орнына өшіретін түрі бар. Апыр-ау, колхоз боп ұйымдасқанымызға, міне, табаны күректей отыз бес жыл бопты, бір адамның жарты ғұмыры ғой. Ал сонан бері осы колхозды басқаратын өзімізден әлі бір азамат шықпады дегенге не дерсің. Шырағым, жаңа бастық, сенің көңіліңе келмесін, бірақ айтпасқа ішіңе сыймайды екен.


Жыбыр-жыбыр етіп қозғалақтап отырған жұрт тым-тырыс боп тына қалды. Бәрі осы сәтте Аймырзаға қарай қалған.


— Ойбай-ау, бізден ел бастар азамат қайдан шықсын, біреу енді көзге түсіп, ауызға іліге бастаса, қалғандары жатып кеп әлгінің артына ши жүгіртеді... Естіген шығарсың, жаңа бастық, біздің колхозда үш атаның баласы бар, яғни үш руға бөлінген. Рас қазір қара сойыл сілтесіп, бірін-бірі барымталау жоқ. Ол заман болса осы үш ру бір-бірінің тұқымын әлдеқашан тұздай құртар еді. Амал қанша, заман басқа. Бірақ қазір мысық пен тышқандай аңдысқан жымысқы қулық пен сұмдық бар... Бір рудан бас көтеріп біреу шыға қалса, әлгі жатып кеп өзінің туыс-туғандарын төңірегіне топтай бастайды. Ол адамы жұмысты істей ала ма, қолынан іс келе ме, онымен шаруасы жоқ, әйтеуір, атқа мінгізіп қақаңдатып қойғанға мәз, ал өзімен аталас емес, небір іскер жігіттерді «отырса опақ, тұрса сопақ» деп үстінен домалақ арызды жаудырып-жаудырып, ақыры қуып тынады. Міне, біздің құрт ауруымыз осы. Өзі мына бір жайды байқадың ба, бастық. Мына құлп тұрған дөңнің арғы қапталы кілең Жаңбыршы мен Көке де, бергі қапталы тек сартабандар. Көрдіңіз бе, ауыл үй отырып бөлектенгенін ит жыны бірікпеген иттердің...


«Расында да дәл солай-ау, ә» деп ойлады Жанай. Бұл да осы ауылдың баласы ғой, кішкене күнінен байқап келеді.


— Айекеңнің сөзінің жаны бар.


— Осы айтып тұрғаны тұп-тура.


— Ойбай-ау, осы өзімізден шыққан председательдерді өзіміз құртпадық па?! — десіп жұрт дабыр-дұбыр сөйлеп қалды. Бірақ Аймырза олардың айтқандарына әлі де құлақ аспаған күйі сөзін жалғастыра берді.


— Шырағым, жаңа бастық, мана мен саған бір ағаттық жібердің дедім. Оным, әлгі агрономға байланысты сөз еді. Дәл көктемгі eгic басталғалы отырғанда бас агрономмен ұстасқаның қалай болар екен, шаруашылыққа қырсығы тимес пе екен, мен соны ойлап отырмын.


— Егер сіздер, қолдайтын болсаңыздар, бір адамның қырсығы қанша болар дейсіз, — деп күлді Сәмбет.


— Міне, міне, гәп соның бір адам еместігінде ғой. Бұл колхозда сартабанның балалары қазіргі кездегі ең белдісі. Осында отырған, мына белсенділеріңнің үштен екісі сол сартабанның балалары. Жаңағы сен кеңседен қуып шыққан бас агроном Қазиев та, мынау отырған Әзиев жолдас та, мына мен де сол сартабанбыз.


— Ақсақал, менсіз де сөйлеңіз, — деп Әзиев шытынып қалды. Аймырза оның сөзін құлағына ілместен:


— Ал осы сартабандар түгел болмағанмен жартылай қырсығын тигізбесін қайдан білдің, — деп орнына отырған.


Әзиев:


— Ақсақал, сіз қайдағы бір аты өшкен, енді қайтып келмеске кеткен рушылдықты қозғамаңыз. Осында рушылдық сезіммен қызмет істеп жүрген ешкім жоқ, бәрі де партияның, үкіметтің нұсқауымен, бастауымен істеп жүр, — деді қатуланып.


— Әй-әй, қарағым-ай, сөздерің солай болғанмен, істерің олай болмай жүр ғой.


Бір сәтке бөлме ішін үнсіздік жайлады.


Алдыңғы жақта отырған товарлы-сүт фермасының меңгерушісі Ошарбай қозғалақтап, ұстарамен жалтырата қырылған басын сипалап қойды. Аймырзаның сөзіне қыбы қанып, рақаттанып қалған сияқты.


— Немене, құрдас, бірдеңе айтқың кеп отыр ма? — деп Сәмбет оған жымия қараған.


— Айтылды ғой, не айта беретіні бар, — деп бір тоқтады да, сәлден кейін ішіне сыймай жүрген сөзін бұл да ағытты. — Мына Жәпек колхоздың бірінші сауын гуртін басқарады да, мен екінші гуртін басқарам. Екеуміздегі сауын сиырлардың саны бірдей — жүз елуден. Ал енді менің гуртім сүтті анағұрлым аз өткізеді. Осының себебі неде демексіз ғой. Жаңағы Айекең айтқан құрт ауруында. Жәпек — сартабан. Сондықтан оның гуртіне жемнің неше түрі жіберіледі...


— Әй, Ошарбай, иттің баласы, қатын өсек айтудан ұялсаңшы. Осы жем атаулыны менен артық алмасаң, кем алып жүрген жоқсың ғой, — деп баж-баж еткен жіңішке дауысты Жәпек оған шап ете қалды.


— Жаны бар сөзіңнің, — деп Ошарбай мысқылдай күлді. — Сұлы араласып кеткен жармақтан саған бермей, бәрін маған жібергенде артық алғаным рас...


— Адам деген бет алды былшылдай береді екен ғой, — деп кіжіне күңкілдеді Жәпек.


— Әне, бұларға бір ауыз сөз айтар хал жоқ, өстіп шаптығып шыға келеді.


— Е, өзіңдікі немене енді, жөнімен сөйлемей.


— Мен жөнімен сөйлеп отырмын, — деді Ошарбай сол дауысын өзгертпеген сабырлы қалыпты.


— Сөйлеп отырсың, әкеңнің қақ шекесі!..


Осы тұста бағанадан қипалақтап, кайта-қайта мұрнын уқалап екеуіне «тоқтатыңдар енді», дегендей ашулы кескінмен қарап қойып отырған Әзиев сөзге араласып:


— Кәне, тоқтатыңдар дауды, бұл көше емес, кеңсенің іші ғой, — деді зекіген үнмен.


— Жоқ, енді ағатай-ау, сондай сөз бола ма екен... — деп өңешін соза берген Жәпек.


— Тоқтатыңыз! — деді Әзиев даусын көтеріп. — Екеуіңіздікі де жөн боп оңып тұрған жоқ. Егер партия мүшесі болсаңдар, екеуіңді де бюроға салуға болар еді, осындай әдепсіздіктерің үшін.


Сәмбет сазарған күйде иә дұрыс, иә бұрыс деп бір ауыз үн қатқан жок, әлдеқандай ойға батқандай еш қимылсыз ұзақ отырды. Әлден уақытта аяқ асты шаршаған, қарлыққан дауыспен:


— Жолдастар, ендігі бір ақылдасатын мәселе — биыл көктем — клуб үйін салуды бастауымыз керек, соған қалай қарайсыздар? — деді.


Бұл мәселе бұрын да осындай бір бас қосқанда бір-екі рет сөз болған-ды. Демдерін іштерінен алып отырған жұрт қазір бірден дабырласып, тұс-тұстан үн қосып көңілденіп қалды.


— Е, оның не қарайтыны бар, салу керек.


— Ие, салу керек.


— Тура мына ортадағы биік дөңнің үстінен, ескі клубтың орнына салынсын.


— Өзі клуб салатындай ақша бар ма екен?


— Ие, бухгалтерлер не дейді?


Сөз төркіні өзіне ауған тұста бағанадан жұрт көзіне шалынбай, екі жағын таянып, Әзиевтің қалқасында отырған бас бухгалтер — Хайдар да бір көтеріліп қалды. Елдің бәрі енді соның аузына қараған. Ол жүзі нарттай боп насаттана жайнаңдап:


— Ие, жолдастар, шынында да осы бір қолға алатын жәй боп тұр, — деп қойды. — Мына көрші колхоздың былтыр салып бітірген клубы қандай әдемі. Ауылдарына бара қалсаң көзің ең әуелі соған түседі. Ал біздің колхоз сол колхоздан кем бе? Табыс десең табыс бар, кіріс десең кіріс бар. Тіпті біздің табысымыз олардан едәуір артық, әуелі. Ендеше осы біз де іші не болса о болсын, бірақ сыртынан қарап көз тоймайтын бір клуб салайық та. Клуб үшін ақша табамыз.


— Болды онда, бухгалтердің өзі ақша табам деп отырғанда, тартынатын ештеңе жоқ, — деп Әзиев әзілге сайып іліп әкетті.


Сонымен клуб салу мәселесі бір ауыздан, тіпті оңай шешілді.


— Ал, Жанай, қуанта бер жастарды, — деді Сәмбет әзілдей күліп. — Енді бірер жетіде инженер-техник келеді. Клубты қай жерден салуды ойластыра беріңдер.


Бұл — Жанай үшін шынында да қуанышты хабар еді.


Осымен мәжіліс біткен болар деп жұрт керіліп-созылып, есінеп орындарынан тұра бастаған.


— Тоқтаңыздар, асықпаңыздар әлі де бір ақылдасатын мәселе бар, — деді Сәмбет. Жұрт тағы да не қалып еді дегендей таңырқасып, тым-тырыс боп қайта басылды.


— Мүмкін, мұны дер кезіне дейін айтпағанда да болар ма еді, бірақ бәрімізге қатысы бар іс, сондықтан алдын ала айтқанды жөн көріп отырмын. Ертең ауданнан тексеруші келеді осында. Мынау біздің тұқым құйылған орталықтағы клетте артық астық бар деген сыбыс бар, соны тексереді. Ал бүгін түнге сол клетке осы отырған активтерден үш адам іріктеп, күзет қоюымыз керек, ауданның ұсынысы солай. Бұған не дейсіздер?


Тосын хабар отырғандарды тегіс елең еткізді. Жағалай күбір-күбір сөз шығып кетті. Бір сәтке елдің бәрі кладовщик Әзірбекке қараған, ол көзін уқалап, маужыраған қалыпта отыр екен.


Әлден уақытта, есінеген күйде алақанымен аузын қалқалап:


— Тексергендері дұрыс қой, — деп қойды.


Әзиев қана:


— Науқан басталарда-ақ осындай бір шырғалаңдар қабаттасады да жүреді. Тағы қайдағы біреулердің өсегі бойынша тұқымды аударыстырып әлек боламыз да. Жоқ, лажы болса көнбеуіміз керек. Ол клетке тұқым құйылғанда басы-қасында мен де болғам, — деді.


— Дегенмен күзет қойғанымыз дұрыс болар, — деді Сәмбет.


— Әрине, ауданнан нұсқау болса, күзеткен жөн, — деп қойды Ошарбай да.


Басқа ешкім суырыла қойған жоқ, өзара күбір-сыбыр сөзбен тынды.


— Ендеше бұл күзетке, Ошарбай, сіз барасыз, — деді Сәмбет онан соң отырғандарға тегіс бір қарап шықты да. — Бірінші бригаданың бригадирі Рыскелдин, сіз, және... және мына Жәпек ақсақал — үшеуіңіз, — деді кесімді түрде.


— Менің ертең жұмысым... тұқым тазалату... — дей берген Рыскелдин.


— Тұқым тазалатуды басқа адамға тапсырамыз, ал сіз бүгін күзетке барасыз.


Рыскелдин иығын қиқаң еткізіп, сылқ түсіп отыра кетті.


Жұрт тарай бастаған. Жанай да тұрып кетуге бет алған, Сәмбет тоқтатты.


— Сәл кідіре тұр, екеуіміз бірге шығалық, — деді.


Тоқа керіліп-созылып, орындыққа шалқайып, арқасының құрысқан желін үзіп тұрған болатын.


— Сен жүре бер. Біз Жанай екеуміз қайтамыз ғой, — деді Сәмбет оған да.


Әзиев елдің ең соңына қалып, қипақтап кете қоймады. Ақыры:


— Биыл қайткен күнде де көктемгі егісті үлгілі аяқтап, ауданның ауыспалы қызыл туын алуымыз керек, — деді.


Сәмбет киіне тұрып сөйледі.


— Әрине, ауыспалы қызыл туды алған жақсы-ау. Бірақ бізге бере қояр ма екен.


— Бермесе тартып алуымыз керек, — деп күлімсіреді Әзиев. Көзі жапақтап Жанайға қарады. — Табанды еңбекпен жеңуге тиіспіз. Егер дұрыс қақпайлап отырса, біздің жігіттер тауды да төңкеріп тастайды. Солай емес пе, Жанайжан?


Жанай бас изей салды, бірақ үндеген жоқ. Әзиевті бұрыннан-ақ суқаны сүймейтін, ал бүгін Қазиевтің ісінен кейін тіпті жек көріп кетті. Киініп болған Сәмбет бөлменің қақ ортасында тұрып Әзиевке қарады, әлдене айтуға оқталды да айтқан жоқ, тек қоштасты да шығып кетті. Ауызғы бөлмеде, шұрық-шұрық тесілген ескі диванда, қамшысымен маңдайын тіреген күйде Қасым қалғып отыр екен. Орнынан ұшып тұрды.


— Бастық, сізге ат әкеп қойдым.


— Е, осы жеті түнде атпен қайда барамын? — деп күлді Сәмбет.


— Жер батпақ. Оның үстіне... мына үлкен атамның балалары шатақ болушы еді, жолда кім біледі...


Сәмбет қарқылдап күлді де: — Тәйт әрі! Ондайыңды естіртпе маған, — деп жеки сөйледі. — Әкет атты!..


11


Дала тастай қараңғы.


Көшенің әр тұсында, әр жерде баған басында электр шамдар жарқырайды. Өте ретсіз орнатылған шамдар. Бір тұста екі-үш бағанада қатарынан жанса, енді бір тұста он-он бес бағанның орнын үңірейте тастап кетіп барып жанады. Сол шамдарға қарап-ақ, монтердің қай-қай үйлерден жартылық ішкенін де санап шығуға болады. Ал кеңсенің түбіндегі бағанада шам жоқ. Жарық жерден бірден шыға келген адам, қалпағы көзіне түскендей меңірейіп тұрып қалады.


Сәмбеттің үйі шет көшеде. Ой-шұқыры көп, лас жатқан қысаң көше. Саздауыт ояңға қарай еңістеп барып, онан соң кілт өрге қарай көтерілетін. Қазір сол көше тарс бүркеніп алғандай боп, мүлдем тым-тырыс, тылсым жатыр. Біраз жүре түсіп барып, Сәмбет тоқтай қалды. Анадай жерде кенеп плащы қаудыр-қаудыр етіп, өзінен-өзі күңк-күңк сөйлеген Қасым аттарды шешіп жатқан.


— Әй, шал, бері кел! — деді Сәмбет дауыстап. Дауысында әлдеқандай бір ашу, зеку бар еді. Бір атқа мініп, бір атты жетектеп Қасым таяп келген.


— Дереу бар да монтерді тауып әкел, — деді Сәмбет зілді үнмен бұйыра сөйлеп. — Егер жанынан үміті болса, бүгін түннен қалмай, осы қазір, мына кеңсенің алдына екі шам, және мына көшенің бойына үш шам орнататын болсын. Ұқтың ба?! Ал оны орындамаймын десе, маған, үйге алып кел өзін. Бар!


— Сіздің үйге апарып мазаңызды алмай-ақ, ол итке қазір орнаттырам ғой, — деп жайма-шуақтаған Қасым, аттарды борбайлай қамшылап, кері қарай шаба жөнелді.


Сәмбет ашулы еді. Соқтығарға қара таппай қитығып, тұрғаны бірден белгілі.


— Иттің балалары, — деп қойды. Өзі алға түсіп, шетен шарбақтан ұстап, көшенің шетін жағалай жүрді. Өткен жылы көктемде кеңсенің төңірегіне ағаш отырғызылған, шетен шарбақ соның қоршауы. Түбіне су іркіліпті, аяқ асты миы шығып, ыбылжып жатыр. Тобықтан келер саз балшық аяқ киімді суырып алып қала жаздайды, аттаған сайын шалп-шұлп, қорқ-қорқ етеді.


Шетен шарбақ таусылар емес, бұларды еңіске қарай жетелеп келеді. Қаздиған үшкір қазықтар аңдаусызда Жанайдың жеңінен ілгіштей берді. Алақанды сойып түсе жаздайды. Сөйткенше болған жоқ, алда келе жатқан Сәмбет:


— Е, сойып түсті-ау, — деп қолын жұлып алды. — Оңдырмады-ау, ә!.. Түу, дуылдатып жіберді ғой. — Тоқтай тұрып қараңғыда алақанына үңілді, онан аузына апарды. — Түу, түу, түу... Міне, қарашы, істеген істерін... Пәленбай кубаметр тақтай кетті деп жазылған, ал мұнда көлденең қағылған бір тақтай жоқ... — Қалтасынан орамалын алды. — Байлап жіберші.


Жанай қараңғыда оның түрін көре алмаса да, әлгіндегі Қазиевті кеңседен қуып шыққандағыдай түтіге долданып тұрғанын анық сезді. Ызаға булығып қалшылдап тұр. Өзі сыр-сыр етеді. Осында келгеннен бері Сәмбеттің дәл бүгінгідей ашуланғанын ешкім көрген емес еді. Томаға тұйық адам сияқты болатын. Ал әлгі істегені көктен түскен жайдай біраз жұртты шошытып-ақ тастады. Қанша сабыр сақтаймын дегенмен Сәмбеттің өзі сол ашуын әлі тарқата алмай келе жатқан сияқты. Қазір ернеуінен асып тегіліп келеді. Әрине, Жанайға сенгендіктен, өзімсініп төгіледі де.


Тегінде, Сәмбеттің мінезі қызық. Әуелде Жанай оны кереметтей жек көріп, дөкір адам санаған, кейіннен жақсы көріп кетті; кей мінезіне сүйсінетін боп жүр. Осыдан біраз күн бұрын Жанай отыруға орын таппай тағы да кеңсенің коридорында сенделіп жүрген, іштен Сәмбет шыға келді.


— Иә, комсорг, ішің пысып жүр ме? — деді. Менсінбей кекете айтқаны, әлде жай айта салғаны белгісіз. Жанай қызараңдап қалды. «Ішің пысып жүр ме» — деген сөз батып кетті шымбайына. Сәмбет кеңсе алдына кеп тұра қалған машинасына отырды да, кенет есіне бірдеңе түскендей жауып алған есігін қайта ашты.


— Мен құмдағы малды аралаймын, бірге барып қайтқың келмей ме? — деді Жанайға.


— Барам! — деді қуанып кеткен Жанай.


Сөйтіп, ол екеуі екі күн бойы құм арасындағы малшыларды бірге аралады. Әуелде Сәмбет машинада Жанайдың бар-жоғына көңіл де аударған жоқ. Тербетілген ұзақ жолда көкірегі сыр-сыр етіп қалғыды да отырды. Анда-санда бір оянғандай боп басын көтерген кезде:


— Әңгіме айт, комсорг, — деп қояды.


— Не айтам, өзіңіз айтыңыз.


— Жас жігіттердің әңгімесі көп болмаушы ма еді...


Сөйтеді де сөзін аяқтамастан басы салбырап қайта қалғиды.


Бір ауық қорылдап алады. Жанайды адам ғұрлы көрмегені, менсінбегені, сөйлеген сөз, көз қарасынан білініп-ақ тұрды. Жанай іштей қорланып, намыстанды. Председательді бұл да жек көріп отырды. Бірақ сыр берген жоқ. Бір қалыптан ауған жоқ. Жол алыс. Жал-жал болған құм төбелер таусылар емес.


— Іш пысты ғой бұ. Сен де әңгіме білмейсің бе, айтсаңшы, жол қысқарсын, — деді Сәмбет шоферге. Шофер егде жастағы, ақ көңіл, әзілқой адам еді.


— Менің әңгімем өзіңіз сияқты председательдер жайында болады ғой, — деді жымиып. — Солардың жүрген-тұрғандарының бәрі әңгіме. Айт, десеңіз айтайын.


— Құрып кетсін, қайтесің оларды сөз ғып, — деп Сәмбет жақтырмай қалды. Артынша күле отырып, — неше председательдің түбіне жеттің? — деп сұрады.


— Шофер боп істегеніме он бес жылдан асып барады. Сонан бері сегізінің басын жұттым. Мына сіз тоғызыншысыз.


— Ту, жалмауыз-ақ екенсің ғой, өзің де, — деп қарқылдап күлді Сәмбет.


— Бұл күлетін нәрсе емес, жылайтын нәрсе ғой, — деді ыза боп келе жатқан Жанай.


Сәмбет күлкісінен пышақ кесті тыйылды. Оқыс бұрылып Жанайға таңданғандай бажырая қарап:


— Рас, рас, жылайтын нәрсе, — деді қостап. — Он бес жылдың ішінде тоғыз председатель болу деген жын ойнақпен тең ғой.


Осыдан кейін-ақ Сәмбет не сөйлесе де қоштау күткендей Жанайға бұрылып қарап қойып отырды. «Қалай, дұрыс айтып келем бе?» — дейтін сияқты.


Тағы бірде әңгімеден әңгіме туып, сөз — ауыл орталығының орын тепкен жері туралы болды. Дәл бұрыннан сыр алысып жүрген адамдардай-ақ екеуінің ойы бір жерден шықты.


— Құдайдың кең жазығы жетпегендей, қайдағы бір ойқы-шойқы жерге тығылғандарын айтсаңшы, — деді Сәмбет Жанайға қарап қойып. — Бір көшенің басынан аяғына шығуың үшін қаншама шұңқырсайға түсіп, қаншама қырқаға шығасың...


Жанай құптау білдіріп басын изеді. Шынында да дәл солай. Ауылды қаншама жақсы көрсе де, орын тепкен жері бұған да ұнамайтын. Ал жаңа келген председатель бұл тұрғыда сөз қозғап мұның ойын дәл тапқан еді. «Мықты-ей, өзі... Мықты», — деп қойды оған риза болған Жанай.


Осылайша екеуі екі күн құм арасында жүріп, ағалы-інілі адамдардай етене жақындасып, ұғысып қайтқан. Сонан бері Сәмбет Жанайды іш тартып, оны баласынбай, көңіліндегі кейбір ойлары мен сырларын айтатын боп жүр. Жанайға қалтқысыз сенетін боп алды. Міне, бүгінгі оңаша сөзге алып шығуы да сондықтан. Әлгінде жұрт көзінше сыр білдірмей, бойын кернеген бар ашу-ызасын сыртқа енді шығарып келе жатуы да сенгендіктің белгісі.


— Апырау, басы бар адамның орын тебетін жері ме осы?! Дені дұрыс бір көшесі жоқ.


Енді ол қайдағы бір өшіп кеткен адамдарға тиісіп соларды сыбай бастады. Дәл бүгінгі ашуының төркіні соларда жатқан сияқты. Қараңғыда ой-шұқырын көре алмай, тобықтан келер саз балшықты сылпылдата кешу жүрек айнытардай жиренішті еді. Сылп-сылп басып ақырын жүру қандай азап, Жанай шалп-шалп еткізіп, аттап-бұттап Сәмбеттің алдына түсті. «Аяқ басатын көше емес екен», — деп ойлады. Ал мұндай көшенің басқадай сәнін келтіруді былай қойғанда, (мысалы: жағалата ағаш отырғызу, арыққа су жүргізу т.б.) кейін тегістеп, асфальт төсеу де оңай болмас. Ойламапты, ойламапты-ау, алғаш колхоз боп ұйысқан адамдар осы жағын. Жоқ келешекте бұл жер ауылға орталық боп қалуға лайық емес. Және қалдырмау керек. Анау, Жартұманың тұсында саржазық бар, әне ауыл орталығына лайық жер! Қандай әдемі қалашық салуға болар еді! Оқтай түзу көшелер, біркелкі ақ үйлер, көшенің екі жағында жарыла аққан арық, бой түзеген сүмбіл теректер...


— Тоқта, Жанай.


Жанайдың ойы бөлініп кетті. Енді байқады, өрге қарай көтеріліп келеді екен. Сәмбет едәуір кейіндеп қапты. Булыға жөтеліп, әзер қуып жетті.


— Бұрын онша бүйтпеуші едім, жуырдан бері өрге шыққан кезде өстіп алқынып қалатын боп жүрмін, — деді кідірістей тұрып. — Соғыстың қалдырғаны ғой...


Енді Сәмбет жиі-жиі кідірістеп, ентігін баса тұрып, демалып-демалып жүрді.


Өрге көтерілген сайын жер дегдіген. Балшық жоқ. Аяқ асты жұп-жұмсақ, былп-былп етеді. Мақтасы қалың көрпенің үстімен жүрген сияқты. Топырақтың бөкпе жұмсақтығы керзі етіктің сыртынан білініп келеді. Биыл жер қатты езілген.


Қопсыған мамық сияқты. Қыста қар қалың түсті, көктем желсіз болды. Ғажап көктем!


— Биыл астықтың астында қалатын болармыз, — деді енді бірде Сәмбет Жанайдың ойынан түскендей. — Көктем сәтті боп тұр. — Онан соң бұған кілт бұрылып, тоқтата тұрып: — Осы, сенің әкең колхозға ауысуға қалай қарайды? — деп сұрады.


— Ауысқаны қалай? — деді Жанай түсінбей.


— Колхозшы болуға, колхозда істеуге... Мысалы, маған орынбасарлыққа келер ме еді? Естуімше, осы ауылдағы ел құрметтейтін қадірлі адамның бірі көрінеді. Ең бастысы, қақ-соқпен ісі жоқ, ары таза, адал адам екен. Менің ұсынысымды қалай қабылдайды деп ойлайсың?


Жанай бірден не дерін білмей іркіліп қалды. Әкесіне осынша сенім білдіріп, мақтағанға іштей қуанышты да. Сөздің әділі керек! Бір ойдан әкесі мақтаса мақтауға тұрарлық адам ғой. Бүкіл ауыл болып құрметтемей ме? Құрметтейді. Ары таза ма? Таза. Бірақ Жанайдың өз әкесіне көңілі толмайды-ау. Әсіресе соңғы кездерде әкесіне дегенде қарны ашып-ақ жүр. Сол неліктен?.. Мүмкін, әкесінің бүгінгідей әңгімесі қитығына тиетіндіктен шығар? Мүмкін... Әлде әкесінің қақ-соқпен ісі жоқтықтан болар. Ол да мүмкін... Ол қазір әкесі туралы өз көңіліндегі осы бір түйткілді ашып салуға оқталды да, артынша іркіп қалды. Не дегенмен өз әкесі емес пе, сыртынан сөз еткені жөн болмас.


— Білмеймін. Өзіңіз сөйлесіп көрсеңізші, — деді Жанай.


— Мінезі тым жұмсақ дейді. Тек мына туыстары қақпайлап әкете ме деп қорқам. Әуелі, сен өзің құлақ қағыс қып көрші, не дер екен.


Жанай жүзі лапылдап, терлеп кетті.


— Сөйлесейін... — деді ақырында көңілсіз ғана.


— Әттең, Айекеңдей енді бір-екі адам болса... — деп қойды Сәмбет.


Бұлар Сәмбеттің үйінің алдына келген. Жанай қош айтысып кетпек еді. Сәмбет жібермеді.


— Әлі сөзім біткен жоқ, үйге кір.


Жанайдың Сәмбет үйінің есігін бірінші ашуы. Үйдің өзі осыдан екі жыл бұрын салынған. Сонан бері мұнда екі председатель көшіп келіп, екеуі де тез көшіп кетті. Анық бір жыл тұрған біреуі жоқ. Сәмбеттің үйінің көшіп келгеніне де бірер ай ғана болды. Жаңа председательдің семья жағдайын көп ешкім білмейді де. Әзірге жұрт өздері бас сұққан емес. Әдетте, ауылдың дәстүрі бойынша жаңа көшіп келгенге ерулік берген соң, бір борыштан құтылғандай боп, уһ деп арқасы кеңіп қалады. Сонан соң ендігі кезекте соның қаруын күтеді. Әрине, тілемсектеніп күтпейді. Тіпті ондай сыңай да танытпайды, өйткенше ұяттан өлген артық. Бірақ, әй дегенмен, ерулігін беріп алған соң дәметеді-ау! Бір бүйрегінде жатады-ау жасырынып бірдеңе. Сөз арасы ғып біреуден-біреу: «Иә, үйі қандай екен?» — деп қылп еткізіп сұрап қалатыны бар. Мұндайға әсіресе әйелдер жағы құштар-ақ. Өйткені жаңадан көшіп келген үйге жан-жақты барлау жасап, тұрмыс-тіршілігіне баға беретін солар ғой. Солардың бағасы баға. «Тұрмысты» десе де, «сіңірі шыққан кедей» десе де солардың сөзі-сөз. Амал қанша, әзірге Сәмбеттің үйінің тұрмыс-тіршілігін, қандай тұратынын көп ешкім білмейді. Білсе тек, осы үймен аралас жүрген Тоқа сияқты бірлі-жарым адам ғана білер. Өйткені, әйелі жоқ үй әзірге ешкімге қарулық қайыра қойған жоқ еді. Сәмбеттің әйелі осыдан бес-алты ай бұрын қайтыс бопты. Қазір үйінде жетпістен асқан шешесі мен кіші қызы ғана бар. Жұрттың айтуында: бой жетіп қалған үлкен қызы Алматыда институтта оқитын көрінеді.


Ауызғы бөлмеге кіргеннен-ақ жып-жылы бір жақсы леп бетке ұрды. Бұлар қолпылдаған керзі етіктерін есік жақ бұрышқа сілкіп тастап, сырт киімдерін шешініп жатқан. Ac бөлмеден он бір-он екі жастағы қыз бала жүгіріп шықты да:


— О, папам! Папам! — деп кеп Сәмбеттің мойнына асыла кетті. — Ділдәш келді, папа, — деді қуана хабарлап.


— Ділдәш! Келіп қалды ма?! Кәне, қайда?!


Ұзын бойлы, сары қыз күлімсірей шыққан.


Жанайды көріп, қымсына қызарып тұрып қалды.


— Бұл менің үлкен балам, — деп таныстырды Сәмбет. Қызының маңдайынан сүйді. — Айналайын... Айналайын... Қашан кеп қалдың? Оқуды қайттің?


— Бір-екі күнге сұранып келдім, — деді Ділдәш жұмсақ қана. Жанайға қарап қойды. «Қандай сұлу қыз» — деген ой басына сап ете түсті Жанайдың.


— Сағынған ғой. Біздің қалай орналасқанымызды көргенше асыққаны да, — деп саңқылдай сөйлеген ұзын қара кемпір де көрінді ас бөлменің есігінен. Жанайды көріп тіксініп:


— Мынау қай бала? — деп сұрады.


— Осы ауылдың баласы ғой. Жанай деген жігіт болады, — деді де, Сәмбет қайта Ділдәшқа бұрылды. — Немен келдің?


— Немен келдің дегенше осы балаға мәшина жіберіп алдыртатын жөнің бар емес пе еді. Осы колхоздың онсыз да қирап жатқан көп мәшинасын аяп қалдың, — деп кемпір дүрсе қоя берді.


— И-и, апа-ай, сөйлесуге мұрсат берсеңізші, — деді Сәмбет қабағын кіржитіп. — Жанай, сен өте бер төр бөлмеге, — деп өзі есік ашты.


— Жоқ, Жанай ішпейді, — деді әкесі.


— Ішпегені қалай ей, бақандай бір колхоздың комсомол ұйымының секретары — ол, — деп әзілдеп күле сөйледі Хайдар. — Осы отырғандарымыздың ішіміздегі парторгтен кейінгі мықты бастық осы шығар. Әкел, құй.


— Жоқ, ағай, рақмет. Мен ішпеймін, — деген Жанай.


— Сөзді қой, давай, тартып жібер. Сендей күніңде мына әкең бөшкелеп ішетін, — деп Хайдар тағы бір стакан алғызып, — өз арағын бөліп құйды.


— Кел, Жанайжан, табысты болуымыз үшін. Сенің келешегің үшін.


— Иә, бірлі алып қой, Жанайжан, — деді Әзиев те ақырын ғана.


Әкесі де күліп кеп стаканын соғыстырды. Жанай тыжырына отырып арақты сыздықтата жұтты да, ыстық қуырдақтан көсіп-көсіп асап жіберді. Ол енді қашан тамақ ішіп болғанша столдан бас көтерген жоқ, ешкімнің сөзіне құлақ та асқан жоқ. Тек, көкейінен бір ғана ой: «Бұларға мен неменеге керек болдым екен» деген ой кетпей қойды.


Дастарқан жиналып, әкесі әдетінше тіс шұқуға кіріскен кезде, бағанадан ауыз жаппай оңды-солды бірдей сөйлеп, кеңк-кеңк күліп отырған Хайдар езуін жиып, сап-салмақты бола қалды.


— Иә, бастаймыз ба, енді, әңгімені, — деді Әзиевке қарап. Анау бұған білінер-білінбестей ғып иек қақты.


— Әй, соларыңа осы Жанайды араластырмасаңдар деймін, — деді әкесі шытынып.


— Сен қой дедім ғой, — деді оған Хайдар дүрсе қоя беpiп. — Жолдас-ау, сельпоңда істеп жүрсің бе, істей бер. Сенде ешкімнің шаруасы жоқ. Мына біз колхозшылар өзара ақылдасқалы келдік.


Хайдар Жанайдың әкесінен едәуір кіші болса да, бұрыннан жасы құрбы замандасынша сөйлесетін. Наз қылғандай кей сөзін өрекпи дауыстап жекіріп айтса, кей сөзін мысқылмен айтатын. Бірақ қалай айтқанда да, Хайдар өстіп әкесіне дүрсе қоя бергенде, ал әкесі оның сөздерін құр жымиып қана тыңдап үнсіз қалатын; Жанай намыстан жерге кірердей боп қысылып, ыза болушы еді. Бірде тіпті әкесіне оңашада:


— Соның сізге сөйтетіні несі? — дегені де бар. Сонда әкесі жымиып қана күліп:


— Ата жолын қуып келгенде бізден жолы үлкен ғой, сонысын арқаланғаны да, — деген.


— Сөз бе екен сол да, ата жолы деген. Өзіңіз коммуниссіз, ұят емес пе, естіген құлақтан.


— Әй, қойшы, сонда тұрған не бар. Сөйлей берсін... — деген әкесі, мән бермегенсіп.


Қазір де Жанай Хайдардың өз әкесіне өктем-өктем сөйлегеніне іштей күйіп-пісті. Әкесінің соншалық әлжуаздығына зығырданы қайнайды. Жарылып кетердей боп, терісіне сыймай шақ отыр. Ұлының намысы қозып, тырсылдап отырғанын әкесі де сезген сияқты. Сондықтан Хайдардың сөзіне орай ғып жауап қайырып жатыр.


— Шіркіндер, қанша ақылдассаңдар да қолдарыңнан түк келмейді, құр өрекписіңдер де жүресіңдер, — деп қойды. Өзі осы сөзді айтып болғанша қызараңдап кетті. Қалай, айттым ба, дегендей көз қиығымен ұлына қарап қойды. Жанай жымиды.


— Жанайжан, бұ жаман әкеңнің сөзін тыңдама, — деп даурыққан Хайдар тағы да қарқ-қарқ күлкіге басты. — Мейлі, не десе де осыларды асырайтын біз. Колхоздың наны болмасыншы, аштан өлер еді. Солай емес пе?..


— Өй, сендер өзі тура әңгімеге көшпей, бос сөзге айналып кеттіңдер ғой, — деп күңк ете түсті, үнсіз отырған Әзиев.


— Иә, тікелей іске көшелік, — деді Хайдар Жанайға қадала қарап. — Жанайжан, саған аздаған өтінішіміз бар біздің.


— Айтыңыз.


— Сен ғой, біздің келешегінен күттірер үміті мол, жақсы өсіп келе жатқан ұрпағымызсың. Мен өз басым сені келешекте бүкіл Сартабан атамның балаларына көш басы болады деп сенем. Әлі осы колхозды басқаратын сен боласың...


— Аға, келешекте кім болатынымды кейін көре жатармыз. Әзірге сөзіңіздің тоқ етерін айтсаңызшы, — деп күлді Жанай.


— Сөзді бөлме, ей, күшік, — деді өзімсіне зекіген Хайдар да тырқылдай күлді. Онан соң іле күлкісін тыйып: — Жанайжан, мынау қаңғып жүрген біреуге өстіп басымызға әңгір таяқ ойнатқызып қашанғы қоямыз, — деді.


— Нені айтасыз?


— Мына жаңа председательді айтам. Келгеніне бір ай болмай жатып қырып барады тіпті. Басалқадан қуып шығады, ойбай, ұрлықтары бар деп тексеру шақыртады, сені ғой, бүгін міне Ошарбайдың орнына шөп тартуға жіберді. Қайтеміз мұны, жібереміз бе осы бетімен...


Жанай сілейіп отырып қалды. Тіпті қапелімде не дерін де білмеді. Әкесіне қарап еді, әкесі сол тісін шұқыған күйі терезеден сыртқа қарап отыр екен. Терезе ернеуіне қар тұрған, ар жағы тастай қараңғы. Гуілдей соққан желдің үні естіледі. Бүгін ертеңгісін ғана жаймашуақ көктем еді, енді міне, кәрлі қыс қайтып оралған сияқты. Құтырынып, қаһарланып оралған сияқты. Хайдар тағы да шұбырта сөйлеп отыр. Бірақ Жанай оның не дегенін толық естіген жоқ. Бар ұққаны: — «арыз» деген сөз болды.


— Кім жазды? — деді ол жұлып алғандай.


— Ешкім жазған жоқ. Соны сен жазуың керек. Оның келгеннен бері не істеп, не қойғанын тегіс жазуың керек. Қазір Бақытты маған тимесең, соттатамын деп қорқытып отырғанын жаз. Комсоргсің ғой, басқалардан гөрі сенің арызың әлдеқайда өтімді болады. Күзде қырманда шіріген үш жүз центнер күздікті жалғанға шығарып отырғандарын да атап көрсету керек. Иттер-ау, десеңші мына Жанайжанды да куәге тартатын көрінеді.


Жанай Хайдарға жұлып алғандай жалт қарады.


— Бақытты қорқытқаны қалай? — деді.


— Бәлі, сен естімеп пе ең, Жанайжан. Осы қырқылжыңның бәрі со Бақыттың кесірінен болғалы отыр.


— Жанайды араластырып қайтесіңдер бұл іске, — деді әкесі мына жақтан.


— Әй, сен жайыңа тиыш отыр дедім ғой, — деді Хайдар қатуланып. — Онан да бар ма, құйшы арағыңнан.


Әкесі шкафтан тағы бір бөтелке арақ алып құя бастады.


— Жанайға да құй.


— Қой, жетеді, енді, ол ішпейді.


— Өй, ішпейдің не, құйсаңшы.


— Жоқ, мен енді ішпеймін, — деді Жанай кесімді түрде шытынып. Оның кесіп айтқанын ұққан Әзиев те:


— Қой, Жанайды қыстамайық. Өзіміз-ақ ішейік те, — деді.


Хайдар арақты қағып салды да, алдындағы наннан үзіп ап, мұрнын пысылдата екі-үш рет иіскеді, жеместен қайта қойды. Көзі шатынап қызарып кетті:


— Сөйт, Жанайжан, тез ғана отырып жазып жібер қазір. Тексерушіге мен өз қолымнан апарып тапсырайын. Кәне, қағаз-қаламыңды алшы, қалай жазу керектігін айтайын.


Жанай бет-аузын жалын шалғандай лапылдап ду ете түсті. Стол үстіне салып отырған өз қолына көзі түскен: екі-үш жерден тікенектің жыртқан ізі қалыпты — қан сызықтана қатқан, алақанында бүгін пайда болған мүйіздер байқалады, әлгінде тыныш жатқан қолы, енді дір-дір етеді.


— Сен бірден бастырмаламай, әуелі, түсіндіріп айтшы, — деді Әзиев сабырлы үнмен Хайдарға. — Жанайжан, мәселе былай: бұл жерде басқа ешкімге бармай саған келуіміздің себебі бар. Сен келешегі бар, әрбір іске қатал сынмен әділ қарайтын адал адам деп келіп отырмыз. Басқалардай емес, беделдісің де, сөзің де өтімді. Және комсомол мүшесі жас қыздың тағдырына ара түсуің де әбден заңды.


Жанай жауап қата алмады. Тілі байланғандай боп тістеніп отырды да қойды. Егер аузын ашар болса ызалы, долы айқай мен боқтық сөздер ғана шығатын сияқты. Осы кезде Хайдар:


— Жеңгей, қалам мен қағаз әкеп беріңізші, — деді апасына. Апасы көрші бөлмеге беттеген.


— Апа, әкелмеңіз, керегі жоқ, — деді Жанай барынша сабырлы сөйлеуге тырысып.


— Өй, мынау не дейді, ей? Аузыңды ұрайын...


Хайдар әдетінше өзімсіне зекіп келе жатқан, басын көтеріп алған Жанай оған жеп қоярдай ұмтыла, оқтана қарады.


— Сіз қойыңыз ондай тәлпіштігіңізді, — деді кіжініп. — Мен көтермеймін ондай сөзіңізді. Енді айтар болсаңыз, үлкен екен деп сақалыңызға қарамаймын... Ата жолын мықтап ұстағандар бар ғой, соларға-ақ тәлпіштеніп аларсыз...


— Жә, жә! Онысы несі сонша өрекпігені, — деді әкесі осы тұста қабағын кіржитіп.


— Өрекпіген түк те жоқ. Басындырмаңыз, — деді Жанай іле жауап қатып.


Үйдің іші тым-тырыс боп тына қалды. Әркім қалшиған күйінен қозғала алар емес. Әзиев төмен қарап көзін жыпылықтатып отыр, ерні жыбырлайды. Келгеннен ішіп-жеп қана ұйқылы-ояу отырған Бәзікен Жанайды тұңғыш рет көргендей көзі шарасынан шығып, бажырая қарап қапты. Әкесі столдан тұрып кетіп барып диванға отырды. Онысы енді менің сөзге араласым жоқ дегені сияқты. Көзінің астымен таң-тамаша қалғандай ұлына қарап қояды. Кескінінде ұрланған жымиыс күлкі бар.


Хайдар сұлық түсіп меңірейіп отыр. Әлгіндегі өрекпудің бірі жоқ. Қақ басқа біреу салып жібергендей солығып қалған. Өңі адам аярлық. Әлден соң алдындағы орта бөтелке арақтан бір стакан ғып құйып алды да, ешкімге қарамастан бір-ақ көтерді. Онан соң столға төне түсіп тағы да меңірейген жансыз қалыпқа енді.


— Мынау боран шындап соқты-ау, жеңгей өзі, ә, — деді Әзиев жай ғана.


— Астыққа жақсы болады, — деді апасы.


— Астыққа жақсы-ау, бірақ қазір мал қандай күйде екен десеңізші.


Әзиев кәдімгідей алаң болған түр көрсетті.


Хайдар демін жиі-жиі пысылдай алды да, бір уақытта солқылдап жылап жіберді. Ыңырсығандай даусын шығарып жылады.


— Мен итпін... Мен итпін... — деді өзін-өзі басқа қойғылап. Онан әрі өкіріп жылады.


— Өй, мынаған не болды, сонша бала құсап. Тәйт әрі! — деді Әзиев қабағын түйіп. Жанай қозғалмастан терезеге қарап бедірейіп отыра берді. Тағы біраз жылап-жылап алған Хайдар басын көтеріп:


— Жеңеше... Жеңешетай, айналайын... мені құдай атты, — деді. Қып-қызыл боп кеткен көзінен тарам-тарам аққан жас бетін жуып тұрды. Кейпі мас болғанын аңғартады.


— Мен ит боппын. Кешіре көр ата-бабамның аруағы... Жеңеше, бері келші... Айналайын жеңеше, кеше гөр мені... — Тәлтіректей тұрып Жанайдың апасының алдына барды, етегіне орала жүресінен отыра кетті де, сыбырлаған үнмен: — Кеше гөр... жеңешетай... айналайын... айыбым, мә-ә... — деп қалтасынан бүгерлеп алған ақшаны тықпалай берді.


— Жарайды тұр. Кешірім сұрайтындай ештеңе деген жоқсың ғой маған. Тұр. Қалтаңа сап қой, онысы несі... — деп, сасқалақтаған апасы ақшаны Хайдардың өзіне қайта тықпалады. Хайдар қайтып алмады. Жұмарланған екі-үш қағаз ақша жерге түсті. Апасы жинап ап бухгалтердің қалтасына тығып беріп еді, анау оны дереу шығарып тастады... Ақыры умажданған ақша жерде қалды. Хайдар тәлтіректеп кеп орнына отырды. Бұлдыраған көзімен Жанайға бір қарап алды да, басын салбыратып жіберіп, былқ-сылқ бола қалды.


— Өй, мынау мас болды ғой, — деді Әзиев ернін тыржита жымиып. Онан соң іле Бәзікенге бұрылды. — Иә, айтпақшы, сендердің ойындарың қалай боп жатыр? Бүрсігүні қойып бере аласыңдар ма?


— Қоямыз ғой. Иә, Жанай.


— Сол жағына мықты болыңдар. Ертеңгі күні біреу-міреу, «кәне, не істедіңдер?» — дегенде, айтуға жақсы болады, — деп қойды Әзиев. — Мына, жаңа председательдің бір жақсысы мәдени жұмыстарға көп ден қояды. Сонысы дұрыс. Алдағы жылы клуб салдырсақ...


— Ақша бар, саламыз, — деп Хайдар басын көтеріп aп, столды қойып қалды. — Тура, мына, көрші колхоздікіндей етіп саламыз... — деді тілі күрмеле.


Жеңін қайырып сағатына қарады.


— Сегіз жарым...


Әзиевке қарап әлдене деп ымдағандай болды. Әзиев те сабыр ет дегендей ымдады. Жанай орнынан тұрып киіне бастады.


— Қайда барасың, құлыным? — деді апасы елеңдеп.


— Тоғызда бір шаруам бар еді.


— Осы боранда ма?


— Е, жастарға бораны не, ашық күні не, бәрібір емес пе, — деп күлді Әзиев.


Жанай жылы киініп алды да, үйдегілермен қоштаспастан тысқа шықты.


18


Бір күннің ішінде қаһарлы ақпан қайтып оралған сияқты. Әлгіндегі онша зәрі жоқ жаяу борасын, енді өршеленіп кетіпті, ақтүтек боп тұр. Ұйтқи соғып, гу-гу етеді. Қойны-қонышты кеулеп, көтеріп әкете жаздайды. Мұздаққа айналған қар түйіртпектері бетке құмша тиіп, тызылдата осқылайды. Көз ашырмайды. Боран екпіні қарсы қарап тура жүргізер емес, көкіректен кейін қарай итеріп-итеріп тастайды. Қар да едәуір қалыңдап күртіктеніп қапты, кей жерде тілерсектен келсе, кей жерде аяқ тізеге дейін кіріп кетеді.


Құлақшынының бауын тамағынан байлап алған Жанай әуелі боранға қасқая қарсы тартты да, біраздан соң бір қырындап ықтай жүрді. Жел өткір екен, ызғары қалың киімнен етіп түр. «Суығын-ай, ей! У-у... — деп қойды. — Бақыт келе де қоймас. Мынадай ақтүтекте тырп етудің өзі мұң ғой». Бірақ өзі кері бұрылған жоқ. Клубтың жанына барып біраз тұрып қайтуға бекінді. Бір түрлі көңілі алай-түлей боп аласұрып, үйге оралғысы келмеді. Әзиевтер кеткенше далада жүргенді жөн көрген. Жаңағы ашу үстінде алды-артын ойлап, мән беруге мұршасы болмаған Хайдардың сөзін есіне қайта алды. Кешегі Барақтың да, бүгінгі Моторбайдың да сөзінің жаны бар боп шықты ғой. Сонда Бақытқа құда түсіп отырған Сәмбет болғаны ма? Сәмбеттің қайта-қайта оқталып, бірдеңе сұрамақ едім деп жүргені де осы шығар. Хайдар ғой: «Сәмбет Бақытты қорқытып үйленгелі отыр», — деді. Міне, пәленің көкесі қайда жатыр. Шын сөз бе, анығына жетіп көр. Шын сөз болса... О-о, шын болмай-ақ қойсын. Жо, мүмкін емес, Сәмбет ондайға баратын болса. Жо-жоқ, басқадан күтсе де, дәл Сәмбеттен күтетін қылық емес қой. Тіпті Бақытқа үйленуі былай тұрсын, әуелі сол сөзді аузына алып көрсінші. Тфу, ең оңбаған, ең жексұрын адам онда. Жазу керек онда үстінен арызды. Ондай адам кімді көгертер дейсің. Құрысын, кетсін келген жағына. Кім басқарып, кім кетпеген колхоз. Тағы біреу табылар. Ау, өзінің қызындай ғой. Ділдашпен қатар десе де болады ғой, Бақытты. Соған үйленем деуге қалай аузы барады. Бақыттың өзінен сұрайыншы анығын. Сөздің тоқ етеріне келгенде Сәмбеттің қолында не тұр. Аулақ жүр десе, Бақытты тарпа бас салып байлап әкетер дейсің бе. Әрі-беріден соң жынына тисе Бақыттың өзі-ақ оның быт-шытын шығарар. Басқа қыз кіріптар болса да, дәл Бақыт кіріптар болмас ешкімнің арашасына. Ешкімге есесін өзі де жібермес. Өсек сөз болар. Ауылдың жайдақ атқа мінген мұндай есегі аз ба? Соның бірі де, Әзиевтердің Сәмбет байғұсқа жақпақ болған қара күйесі де.


Клубқа таяу екі адам тұр екен. Жанай оларды жақындап келгенде бір-ақ байқады: бірі — жаяу, бірі — атқа мінген, айқайлап сөйлеседі. Атқа мінгені Тоқа екен, боқтана сөйлеп, әлдекімдерге сырттай кіжініп, сыбап тұр.


— Сенбеймін мен бұл тексерушіге. Келген ізімен ертең қайтарттырам, — дейді алқына айқайлап. — Ойбай-ау, қылмыс тексере кеп ұрының үйіне түскен тексерушіден не әділдік күтуге болушы еді. Ертең қайта жазам ауданға. Көке мен жаңбыршының балалары да жетеді, бәрінің қолын қоямын да айдап жіберермін. Сартабанның қуларының әкесінің аузын ұрайын... бірін қоспаймын. Иттің балалары, солардың істеп отырған шикілігі ғой. Пір тұтқандары Әзиев болса, көріп алдым осыдан.


Жанай жақын келген. Енді байқады: Тоқа Жирен қасқаның құйрығын шолтита түйіп, жабулап мініп апты, өзі де жортуылға аттанатын адамдай қалың киінген. Тонның сыртында үлкен кенеп плащ, белін жалпақ белбеумен тартып тастаған. Мәссаған, қосауыз мылтық асынып алыпты. Түрі сұсты. Қабағына мұз қатып онан әрмен түксиіп кеткен. Даусы саңқылдап ащы шығады. Жирен ат боранның өтіне шыдай алмай тықыршып қозғалақтай береді. Жаяу тұрған Аймырза екен. Бұ кісі де қалың киінген. Диірменнен шыққандай үсті-басы аппақ қар.


— Не болыпты, әділін тексеретін шығар, — деді, бірақ даусында сенімсіздік бар еді. — Дегенмен тексермей жатып байбалам салған жарамас.


— Ендеше түсетін үйіне алдын ала бізбен ақылдасып кеп, неге түспейді. Жо, бір шикілік бар мұнда. Қазір, міне, Сәмбетке барып айтамын бәрін. Жо-жо, бұларды дәл осы жолы ауыздықтап алмаса, онан соң бір емес он Сәмбет келсе де күш бермей кетеді, әлі. Қақпанға осы жолы түсіруіміз керек қайтсек те. Жо-жо, не осыдан бұларды құртып тынам да, не осыдан өзім құрып тынам. Білем, мен бұлардың бар сұмдықтарын. Бүгін түн аттан түспеймін. Кілетті де, бәрін де шауып жүріп өзім күзетем. Тырп етіп көрсін осыдан.


Жанайды көре сап, бұған дүрсе қоя берді.


— Сен қайда жүрсің? Мына қиюы қашқан дүниенің бір шетінде сен бола ма деп жүрсек өзіңді. Әне, анау Әзиевтің тұқым-тұқияны тегіс жиналып тексерушінің тамағына кептелеп жатыр барын. Ал сендер сондайды көрудің орнына қалталарыңа қолдарыңды сап сенделіп жүрсіңдер. Әншейіндегі пысықтықтарыңды қайтейін, осындайда көрінбеген соң. Ойбай-ау, баяғыда өзіміз комсомол боп жүргенде жанын көзіне көрсетуші ек жұртты...


Тоқа тағы да біраз жайларын айтып тастады. Өзі шынымен аққұла боп күйініп, терісіне сыймай жүрген сияқты. Оның сөзінен Жанайдың түйгені: тексеруші мектеп директорының үйіне кеп түскен екен, ал мектеп директоры Әзиевтің шөберелес інісі. Қазір жаны қалмай, малын сойып, арағын құйып, беретін пәресін беріп, аузын алып жатса керек. Сенбеске шара қанша, Тоқа төндіріп-ақ айтып тұр. Жанай Айекеңе жалтақтаған. Қарт үндеген жоқ. Не жақсы, не жаман деп сыр да білдірмеді.


— Әй, Жанай, — деді Тоқа бұйыра сөйлеп, — саған тапсырма: Әзиев те, Хайдар да үйлерінде жоқ. Солар сірә, бір жерде тоқайласып, мына тексеруге тұзақ кұрып жатқан болар. Сен солардың қай үйде екенін, не істеп, не қойып жатқандарын анықтап білетін бол. Бір сағаттан кейін Сәмбеттің үйінде күтеміз. Ал Айеке, бастықтың сізге айтқан тапсырмасы: көшеде бірде-бір трактор жүруші болмасын, әсіресе тіркемесі бар трактор. Мына түнді пайдаланып олар артық астықты тартып әкетуі де мүмкін. Сөйтіңдер. Ал бекем болыңдар.


Тоқа боранды түнге сіңіп, құйғыта шаба жөнелді. Жанай мен Айекең клубқа қарай жүрді.


— Өрекпуін, — деп қойды Айекең. — Іске келгенде де осындай болсашы, шіркіндер, — біразға дейін үнсіз келе жатты. Әлден соң Тоқаның әлгі қылығы ішіне сыймағандай Айекең тағы сөйледі.


— Дау-шар десе жанып кетеді-ау, шіркін. Осындайды ізденіп жүреді ғой, түге. Әй, бұлар ма!..


Жанай клубтың қасында қала берді, Аймырза ары кетті.


Боран гу-гу етеді. Баған басындағы сымдар ысқырады. Бағанның өзі зар қағып шуылдап, жарылып кетердей боп сақырлап қайнап тұр. Клуб төбесіндегі жел көтерген қаңылтыр сарт-сұрт етеді. Боранды түнде бүкіл ауылға дабыл қағып тұрғандай. Жоқ, мына боранда Бақыт келе алмайды. Жанай сонда да клубтың жанынан кете қоймады. Ықтасындап тұра берді. Әлден уақытта дәл қасынан құйғыта шауып атты адам өткен. Жаңағы Тоқа екен. Аласұрып барады. Жанайды байқаған жоқ. Шапқан күйі боранға қайта сүңгіп кетті. «Дегенмен де осының сөзінің жаны бар, — деген ой келді Жанайға. — Тексерушінің мектеп директорының үйіне кеп түсуі, әрине дұрыс емес. Әзиевтердің оны паралап, аузын алып алуы да әбден ықтимал. Тіпті олай болмаған күнде де ертең жұрт солай деп сөз етеді ғой. Дұрыс емес, дұрыс емес...»


Жанай енді кетпек боп тұрған, ту сыртынан келген біреу сұп-суық қолымен көзін баса қойды. Өзі алқына дем алады. Жанай әлгі суық қолды сипап көрді де бірден таныды.


— Еркекшора, сенсің ғой, — деді әзілдеп.


— Ту, танып қойдың-ау. Қайдан білесің осы мені?


Жанай: «дөрбиген қолыңнан танимын», деп шынын айтайын деді де, ол сөзін іркіп қалды. Жай ғана:


— Танимын ғой, — дей салды.


— Мен сені күтпей кетіп қалар ма екен деп жаман қорықтым, — деді Бақыт алқынған демін баса алмай. Өзі әбден жүгірген болу керек, қара терге түсіпті. Үстінде сол жұқа қызыл пальтосы, аяғында етік.


— Мына қалпыңда қалай келдің? — деді таңданған Жанай. — Тоңасың ғой.


— Фу, сөз бе екен. «Қыздың қырық жаны бар» деген, мына бораның бізге сөз емес. Қарашы ыстықтап кеттім, — деді Бақыт пальтосының түймесін ағытып, өңіріне Жанайдың қолын тықты. — Ыстық па екен?


— Иә, иә, — деп Жанай қолын тарта берген, бірақ Бақыт жібере қоймады.


— Жо-жо, сен арырақ тықсаңшы.


Қыз жүрегі дүрс-дүрс етеді. Үлбіреген нәзік жүрек емес, тулап тұрған асау жүрек, кәдімгі бүкіл ауылға жарық беріп тұрған шаруашылық ауласындагы движокше дүкілдейді.


— Бұл менің бір жүрегім ғана, мұнан өзге отыз тоғызы және бар, — деп күлді. Бақыт дамылсыз күле берді. Көңілденгені сонша Жанайдың қолынан ұстап ап жібермей тұрғанын да байқар емес. Мүмкін, әдейі жібермей тұр ма?


— Моторбайдың тракторымен келдім, — деп күліп қойды. — Екеуміз жол бойы алысып күресумен болдық. Бір тұтам боп алып, бетіңнен сүйем деп қоймайды, жаман албасты. Бір-екі рет тракторынан лақтырып жіберіп едім, сонан кейін барып қаны басылды.


— Ол қайда?


— Жаңа ауылдың шетіне келген соң тракторынан түстім де, адастырып қашып кеттім.


Бақыт Жанайға төніп кеп тесіле қарады да:


— Сен немене, тоңып тұрсың ба? — деді.


— Жоқ, тоңғам жоқ.


— Көңілсізсің ғой?


— Жай, әншейін.


Енді Бақыттың да көңілі су сепкендей басылды. Боранның соққанын жаңа ғана сезгендей:


— Ту, көктемде де осындай боран соғады екен-ау, — деп қойды. Тітіреніп сәл дірілдегендей болды. Жанайдың қолын да жай ғана босатып жіберді. — Бүгін тырп етпей үйде жатып ұйықтайтын күн екен. Ә, айтпақшы, әлгі тексеру, не жайлы келіпті, Жанай? Астыққа байланысты ма?


— Солай болу керек.


— Ым... Біразымызды соттайды екен ғой.


— Сенің оған қандай қатысың бар?


— Мен өзім де білмеймін, бірақ қатысым бар көрінеді.


— Қызық екен, сен өзің білмесең, қандай қатысың болмақ?


— Күзде қырмандағы астық шіритінде мен сонда таразышы боп істедім ғой. Сонда маған байқаусызда алдап кей документтерге қол қойғызыпты ғой.


— Одан несіне қорқасың. Алданып қалғаныңды айт.


— Айту оңай ғой, бірақ сене ме?


Бақыт Жанайға қарап жымия күлді.


— Сен сенерсің, бірақ басқалар сенбейді ғой. Сенбейтін адамдар болып отыр ғой, — деп әлденеге мегзеп жұмбақтай сөйледі. Жанайдың көңілі бірден секем алып қалды. «Рас, болды ғой, рас болды ғой Хайдардың айтқаны. Сонда Сәмбеттің бұ тексеруді осы Бақытты қорқыту үшін шақырғаны рас болды ғой».


— Кім ол? — деп сұрады анықтай түскісі кеп. Осы кезде клубтың төбесі тасыр-тұсыр ете қалды. Селк ете түскен Бақыт Жанайға тығыла берді.


— О не?


— Мынаның төбесіндегі қаңылтыр ғой. Иә, кім ол, сенбейтін адамдар?


Бақыт омырауына кептеле бастаған қарды қағып қойды. Онан соң:


— Әй, Жанай, әлі баласың ғой, түкті де білмейтін, — деп кінәлағандай күле сөйледі. — Әнеу күні дайындық үстінде, әлгі бір-екі адам кіргенде мен жайдан-жай қырсықты дейсің бе.


— Сәмбет пен Тоқа ма?


Бақыт күрсінген күйі басын ғана изеді. «Әй, оңбағандар-ай. Ел қамын жеген боп жүріп істеген әрекеттерін қара. Адалсынған түрлерін қара. Тоқтай тұрыңдар, бәлем. Біз де қарап қалмаспыз».


— Ол жағынан жабықпа. Оларды да жөнге салатын адамдар бар ғой, — деді ыза болған Жанай.


Бақыт басы төмен салбыраған күйде үндеген жоқ. Ер тұрпатты, ер мінезді қыз шынымен жасып, мұңайған сияқты. Ығып-ақ қалыпты. Жанай оны біртүрлі аяп кетті. Қыздың маңдай шашынан сипады:


— Мұңайған түрін қарай көр. Қой, басыңды көтер, — деп еркелете күліп, Бақыттың иегінен көтерді. — Жылағаннан саусың ба?


Сол-ақ екен Бақыт бетін мұның омырауына басып, өксіп қоя берді.


— Ой, ой... — деп сасқалақтаған Жанай оны басынан, иығынан сипап жұбата бастады. — Қой, қой...


Ал Бақыт болса өксігін баса алар емес.


Клубтың төбесі тағы да тасыр-тұсыр ете қалды. Екі иығы солқ-солқ еткен Бақыт тағы да Жанайға тығыла берді. Боран гуілдеді, гүрілдегендей болды... Иә, әлдене күркірей гүрілдеп жерді солқылдатып жіберді. Сөйткенше болған жоқ, клубтың іргесінен трактор шыға келді. Бұрылып кеп, басып кетердей боп қыз бен жігіттің қасына тоқтады. Кабинадан басын шығарған Моторбай бұларға үңіле қарады да:


— Тұрсыңдар ма?! — деді онан соң.


— Сенің жұмысың болмасын. Аулақ жүр. Осы қашан да болмасын ылғи қыр соңымнан қалмай аңдисың да жүресің... Сенен-ақ көрдім ғой. Неткен ұятың жоқ, ар-намысың жоқ жігіт едің... — деп Бақыт оған дүрсе қоя берген.


Сасқалақтаған Моторбай кейін серпіліп, кабинасына басын қайта тығып алды.


— Жә, мен саған ештеңе дегем жоқ қой. Жанайға сөйледім, — деді онан соң.


— Жанайға да сөйлеме, жұмысың болмасын.


Моторбай үндеген жоқ. Біразға дейін кабинасында сұлық түсіп отырды да қойды.


— Неғып тұрсың енді, кет жайыңа, — деді Бақыт.


— Кетпеймін, Жанайда шаруам бар. Әй, Жанай, кел бері, отыр мында.


— Жүре бер өзің, Жанай бармайды.


— Саған сөйлеп тұрғам жоқ, — деді Моторбай оның сөзін бөліп, — Әй, сен отырасың ба, жоқ па?


— Неменеге?


— Сөзім бар сенімен.


— Кейін сөйлесерміз. Қазір көріп тұрсың ғой...


— Онда бүгін түнде сөйлесерміз. Опасыз сатқын, — деді кіжініп. Онан соң жүріп кетті.


Жанайдың көңілі құлазып кетті. «Опасыз, сатқын» деген сөз жүрегін тіліп-тіліп өткен сияқты. Қызбен бірге осы тұрысының өзі кереметтей ерсі көрінді. «Құрысыншы бәрі де, аулақ болу керек екен...»


Мұның көңілін Бақыт сезген тәрізді. Ол да күрт өзгерді.


— Қош бол, Жанай! — деп бұрылып жүре берді.


— Сау бол, Бақыт.


Сыртқы есік ілінбеген екен. Бірақ үйдің іші жатып қапты. Жанай ақырын ғана, тысырсыз өз бөлмесіне өтіп, шамды өшіріп жатқаны сол еді, қараңғыда тықырлатып бөлмесіне біреу кірді. Әкесі екен. Үстіне үйде киетін жеңіл шапанын желбегей жамылып апты. Неге екенін кім білсін, шамды жаққан жоқ. Қараңғыда сипаланып кеп, бас жақта тұрған орындыққа отырды.


— Оңбайсың ғой, оңбайсың ғой, — деді зіркілдеп. — Дүниенің бәрін бүлдіріп... Кеше ғана ескерттім жайыңа тыныш жүр деп.


— Нені бүлдіріппін?


— Қара, түктен хабарсыз бола қалуын. Сені біз осындай болсын деп тәрбиелеп үйреттік пе?


— Нені айтасыз, әке? — Жанай басын көтеріп алды.


— Көзге айтпаса да, бар пәле сенен шықты деп жұрттың бәрі сырттан шулап жүр. Нең бар еді, ей, қыстырылып...


— Әке, түсінсем бүйырмасын, нені айтасыз? Не қылған пәле?


— Көресің ертең тексергенде не қылған пәле екенін. Бесіктен белің шықпай жатып жұрттың бәріне жексұрын атанғанда білерсің...


— Нені бүлдіріппін, айтсаңызшы?! — деп Жанай жылап жібере жаздады.


— Жабық қырмандағы үш жүз центнер астықтың шірімегенін, Моторбай екеуіңнен басқа жан білмейтін көрінеді. Кілетке құйған екеуің екенсің ғой. Ал мына тексеру соған келіп жатыр. Ертең біреудің басы кететін болса, соны көрсеткен сен боп шығасың, әлі...


— Ә-ә... Мен де бір сұмдық боп қалған екен десем, — деп Жанай қайта жата кетті. — Шынымды айтсам мен ол астықтың ұрлық екенін білген емеспін, әнеу күні сөз арасы жай айта салғам.


— Әй, жұрт сені білмей айта салған екен деп ойлайды дейсің бе? Тапқан екенсің аңқауды.


— Мейілдері қалай ойласа да. Бірақ мен әдейілеп пәле шығарайын деп айтқан жоқпын, өзім білетін шындықты ғана айттым.


— Шындықшылын мұның.


— Өтірік айтпа, басыңды кессе де шыншыл бол деп өзіңіз айтпаушы ма едіңіз. Егер мен ол астықтың ұрлық екенін білген болсам, сол күзде-ақ айтатын едім, — деді ыза болған Жанай.


— Иә, сен түзетерсің осы колхозды, енді сен жолға қоярсың, — деді әкесі кекетіп.


— Түзетейін, түзетпейін, бірақ өзім жүрген жерде адалдықты қалаймын, — деді қиястанған Жанай кесімді үнмен.


Әкесі тосылып қалған сияқты. Тек кекесінмен мырс етіп күліп қойды. Біраз үнсіздіктен кейін барып әлгіндегідей дүрсе қоя бергенді қойып саябыр ғана сөйледі.


— Жаман болсын, жақсы болсын осы колхозды көркейтіп келе жатқан сол бір азаматтар ғой. Осыдан он жыл бұрын қандай еді, осы ауылда бір шатырлы үй бар ма еді? Тіпті машинасы қанша еді? Бүкіл колхозда үш-ақ машина бар еді ғой. Енді ше? Жүзге тарта емес пе?! Соның бәрін кеше келген Сәмбет әкелді дейсің бе?


— Ол Сәмбеттің де, жақтап отырған «азаматтарыңыздың» да еңбегі емес. Өмірдің еңбегі. Олар қаншама төрт тағандап тартыншақтаса да өмірдің өзі дедек қаққызып сүйреп келеді.


— Қой ондай сөзіңді. Олардың еңбегін еш кетіре алмайсың.


— Өзі колхоздан ұрлап, жырғап отырған адам еш кеткен еңбегім-ай дей қоймас.


Жанай өзінің аяқ асты осынша ділмарсып, шешен боп кеткеніне қайран қалды. Бұрын еш уақыт әкесімен бүйтіп сөйлесе алмайтын. Ал қазір сөз деген тіліне жентек-жентегімен оралады. Қыстығып келген ызадан ба, әйтеуір жұрттың, жұрт болғанда пасық жұрттың шымбайына бататындай зәрлі тілмен осып-осып жібергісі бар. Қара күші болсада тілі бар. Мейлі Сәмбет пен Тоқа болсын, мейлі Әзиев пен Хайдар болсын, қайсылары келсе де қазір сөзбен быт-шыт қып жіберуден тайынбайтын сияқты.


Әкесі де мұнан әрі дауласуды тоқтатты. Тек бар айтқаны:


— Ата-анаңның парызы сақтандыру ғой. Байқа, жазым ғып жүрмесін, — деді. Тұрып, кетуге ыңғайланған, Жанай тоқтатты.


— Әке, сіз осы неге колхозға ауыспайсыз? — деп сұрады.


— Жоқ, сен-ақ істе сол колхозда, — деп ренжігендей болған әкесі шығып кетті. Мейлі ренжісе ренжи берсінші. Енді не істемек сонда бұл. Біреу ұрлап астық жасырады екен де, соның бар қайғысы мен уайымы бұған түспек екен ғой. Жоқ, олай бола қоймас. Рас, әкені ренжітуге болмайды. Көргенсіздік боп саналады. Өйткені ол өз өмірін сені өсірудің жолына сарп етті. Сені жақсы адам боп өссе екен деп тіледі. Және өле-өлгенше тілейтін тілеуі сол. Сөйте тұра өзі жағымсыз қылық көрсетеді. Оған не дерсің. Рас, әкесін сөкпес болар. Бірақ айтқанының теріс екенін біле тұра құптай салуға және болмайды ғой. Өзінің туған баласын кекетеді, мысқылдайды, енді бірде қорқытады, жөн бе сонысы? Әрине, жөн емес. Қайта мұндайда әке деген аталы сөз бастап, парасатты ақыл айтпай ма. Егер бұл өзін Моторбайдың әнеукүнгі итше тепкілеп соққанын айтса ғой, әкесі: «аулақ бол пәледен дедім, тілді алмадың, өзіңе де керегі сол еді», — деп мысқылдап табалар еді...


19


Жанай талмаусырап енді ұйықтап бара жатқан, терезе күл-парша боп ұшып түсердей сарт-сұрт қағылды. Әйнектер зыңылдап кетті. Өң мен түстің арасында ұшып тұрған Жанай пердені көтерген, Барақ екен, әлдене деп айқайлады. Бірақ екі қабат терезеден не дегені естілген жоқ. Жанай пальтосын иығына іле сап сыртқы есікті ашты.


— Ойбай, Жанай, тез киін, дүние бүлінгелі жатыр, — деді аптыққан Барақ.


— Не боп қалды?


— Құрысын не болғаны, әлгі Бақыт бүлдіріп жатыр. Тез киінші өзің...


Апыл-ғұпыл киінген Жанай Бараққа ерді. Жол бойы Барақ асығып-аптығып істің мәнін айтып шықты: әлгінде бір шаруасы болып бұл (нендей шаруасы болғанын әрине, айтқан жоқ) Бақыттың үйіне барып отырғанда, қайда барғаны, қайда болғаны белгісіз Бақыт келеді (әрине, оның Жанаймен болғанын Барақ қайдан білсін), өзі жұқа киімнен әбден дірдектеп тоңған, жылаған болу керек, екі көзі қып-қызыл бұлаудай боп іскен, келеді де әкесі мен шешесіне: «Ал көке, апа. Мен сіздердің дегендеріңізге көндім. Айтқандарыңыз болсын, тек бүгіннен, осы түннен қалдырмаңыздар. Ертеңге созбаңыздар», — дейді. (Әрине, неге көндім деп тұрғаны түсінікті ғой). Сонан Бақыттың әкесі мен шешесі дереу дастарқандарын жиып тастап (шай ішіп отырған жерлерінен), ақсарбас шалуға кірісіпті, дереу Тоқа арқылы қыздың көнгенін хабарлап Сәмбетке кісі жіберіпті. Сөйтіп, бүгін түнде көп жұртқа дабыра қылмай қызды құтты орнына қондырудың қамы басталган көрінеді. Сонан Барақ та алды-артына қарамастан жып беріп (әрине, кемпір-шалдың көзінше ештеңені аңдамаған адамға ұсап, жайбарақат қош айтысып, шыққан ғой) Жанайға тартқан көрінеді. (Ойбай-ау, енді қалай, бақырайып отырып, қолдағы қыздан айырылмақпыз ба!)


Әуелде Бараққа қосылып ентелеп келе жатса да, жол ортасына келгенде Жанай жүрісін баяулатып, ойлана бастады. Осы бетте қайда барады? Бақытқа ма, әлде Сәмбетке ме? Бақытқа барса не демек? Бақыт мұнымен сөйлесер ме екен, әуелі? Менде шаруаң болмасын, аулақ жүр десе не демек бұл? Ал Сәмбетке барса қалай сөйлесу керек? «Қой, шырағым, біреудің өз ризашылығымен тұрмысқа шыққанындағы, біреудің жар сүйіп үйленгеніндегі сенің шаруаң қанша?» десе бұл не демек?..


— Өй, қайда барасың? Бері. Бақыттың үйі мына жақта ғой, — деді Барақ.


— Алдымен Сәмбетке барайық...


— Қой, оған не демексің? Ол бізбен сөйлесе қояр ма екен, — деді Барақ тіксініп.


— Жүр, бара көреміз де...


Сәмбеттің үйі барлық бөлмелерінің шамын түгелдей жарқыратып жағып қойыпты. Боранды түнде ақ түтекке оранып, жел өтінде селкілдеп тұрғандай көрінеді. Шынында да таяп келгенде байқалды, ағаш үй кәдімгідей сықырлап тұр екен.


— Өй, мына үйді жел аударып кетер, — деді Барақ.


Бұлар ақай жоқ, тоқай жоқ ішке кіріп келген; абыр-сабыр әбігердің үстінен шықты. Тоқа әйелімен және бір-екі-үш әйел зыр жүгіріп бауырсақ пісіріп жүр. Ділдәш ауызғы бөлмеде состиып тұр екен. Жанаймен сыбырлай амандасты. Өзі көңілсіз сияқты. Төргі бөлменің есігінен іште отырған Сәмбет көрінді.


— Жанай! — деп қалды.


— Ә, міне, жүгермектердің өздері де кеп қалды, — деді білегін сыбанып алган Тоқа қуана самбырлап.


— Әй, жүгермектер, жүгіруге жақсы келдіңдер. Әкеңнің аузын... Сәкеңнің тойында жүгірмегенде қайда жүгіресіңдер. Елдікті де, ерлікті де осындайда көрсету керек. Кәне, Барақ, сен шешінбе; жүгір шана алып кел...


— Шананың керегі не осы тұрған жерге, — деп қарсылық еткен Сәмбет.


— Жо-жоқ. Сіздің шаруаңыз болмасын, күйеу бала. Біз өзіміз білеміз ненің керек, ненің керек емес екенін. Бастық босаңыз басқа уақытта болып аларсыз, ал дәл бүгін маған бағыныштысыз, — деп өзеуреген Тоқа оның аузын ашырмады. Сәмбет:


— Ой, көк соққан-ай! — деп күлді де қойды.


— Әй, не қып тұрсың енді бажырайып, — деп Тоқа тағы Бараққа тап берді. — Бар, шана әкел дедім ғой. Білдей бір колхоздың бастығы әйелді қолынан жетектеп жаяу әкелер деп пе ең. Бар тез.


Барақ жалтақтап Жанайға қараған.


— Жанайға да жұмыс табылады, жалтақтама, бар, — деп Тоқа тығырта түсті.


Барақ мойны салбырап, есікке беттеді.


— Барақ, тоқта! — деді осы кезде Жанай: — Бірге қайтамыз.


Тоқа да, Сәмбет те екеуі де бірдей бұған жалт қараған.


Ілездің арасында пысынап, қыстығып тер буып кеткен Жанай жүзін тайдырған күйі не дерін білмей бірден сөйлей алмай сәл тұрып қалды. Тоқа мен Сәмбет те бұ не айтар екен дегендей құлақ түре қапты.


— Сәмбет аға, сіз Бақытты қорқытып алғалы отыр дейді ғой, — деді тұншыға міңгірлеп. — Соған біз наразылық білдіре келдік.


— Мынау не дейді, ей? Қорқытқаны несі, ей? — деді Тоқа жұлып алғандай. — Әй, сен өзің...


— Жә, қоя тұршы, Тоқа, — деді Сәмбет оның сөзін бөліп. Онан соң Жанайға қарап:


— he, қызық екен, оны кім айтты? — деді күліп.


— Естідік...


— Әй, жүгермек, қуанышқа келді ме десек, өзің бой көрсетуге кепсің ғой. Бар, айналайын, көмектеспесең көмегің құрысын, бүгінше шырқымызды бұзба, — деді Тоқа.


— Жо-жоқ, айтсын кімнен естігенін? — деді сазара сызданып қалған Сәмбет. — Иә, Жанай айтшы кімнен естігеніңді?


— Естідім, — деді Жанай тағы да қайталап. Енді біртіндеп қысылудан арылып, бұл да қитыға бастаған. Сондықтан бұл жолы сөзін нықтап айтты. — Естідік...


— Жарайды, айтпасаң айтпай-ақ қой, — деді Сәмбет. — Мен де білуге сонша құштар емеспін. Ал егер болсаңдар, барыңдар. Бара қойыңдар.


Жанай есікке беттеді. Әлі де бірдеңе деу керек. Не десе екен. Жеткізіп айта алмағаны анық, не десе екен?


Дәл есіктің көзіне жеткенде кілт тоқтады да бұрылмастан:


— Мұныңыз дұрыс емес... — деді.


Сыртқа шыққанда Барақ мұны қолынан шап беріп қыса сілкіледі.


— Әй, қатырдың... қатырдың... — деді сүйсіне сыбырлап.


— Ой, қойшы, — деп ызаланған Жанай оның қолын қағып жіберді.


Не істесе екен? Енді не істеу керек? Жаңағы айтқандарының шыбын шаққандай да қауқары болған жоқ.


Үн-түнсіз Бақыттың үйіне қарай тартты. Барақ соңынан ілесіп келеді. Қыздың үйі де абыр-сабыр боп жатыр екен. Көрші қолаңдардың бірі кіріп, бірі шығып, сарт-сұрт ашылып-жабылған сыртқы есікте тыным жоқ. Бұлар анадай жерге кеп тоқтады.


— Ал не істейміз? — деді Барақ Жанайға қарап, айқайлай сөйлеп. Жанай бірден тіл қата қойған жоқ, енді не істерін өзі де білмегендей, біразға дейін үйге кіріп-шыққандарға қарап үнсіз тұрды.


— Бұ тұрысымызды, байқап қалса, қорқып кетер әкесі, бері мына шөптің тасасына тұр, — деп Барақ шетке тартты. Онан соң бораннан бетін қалқалай тұрып Жанайға өз ұсынысын айтты.


— Сенің көрінуіңе болмайды, онда әкесі Бақытты қия бастырмайды. Сондықтан елеусіздеумін ғой, мен кіріп ертіп шығайын. Жанай кеп тұр деймін ғой.


— Жоқ, мені айтпай-ақ өзің ертіп шықсаңшы. Мені айтсаң шықпай қоюы мүмкін.


— Ой, шығады. Қайта сені айтсам тез шығады...


Барақ үйге кіріп кетті. Боран ақтүтектене ұйтқып-ұйтқып, ышқына соғады. Бір кештің ішінде-ақ ала қыстайғы жаумаған қар жауған сияқты. Бір жағы үңгірленген кішкене шошақ шөптің төңірегінде белуардан келер жал тұрып қалған. Бүгін түнде басылар, толастар түрі жоқ. Үсті-үстіне нығарлай түсуде. Жанай паальтосының жағасын көтеріп, мойнын ішіне тартып құнжыңдап қойды. Көктем де осындай зәрлі суық болады екен-ау. Ұшырып, ұшырып кете жаздайды. «Қашан шығады енді бұлар». Жанай шөпті ықтай берген. Қарсы алдынан арсылдап тайыншадай төбет шыға келді. Кәдімгі осы үйдің аты шулы қара ала төбеті. Ат үстіндегі адамды жұлып алады дейтін қасқыр төбет. Бүкіл өн бойын жай оғы соғып кеткендей болды. Қара ала төбет арсылдап жетіп-ақ қалған.


— Кет, ей! Кет! — деп даусы шығып кетті. Есі шыққан күйде екі қолын бірдей ербеңдетті. Екі-үш қадамдай келген төбет мұның мына оқыс қимылына таңданғандай кілт тоқтады. Үдірейіп арсылдап түр. Ырылдап қояды.


— Жат ары!


Төбет арсылдағанын қойып, тұмсығын көтеріп иіскеледі де, тісін сақылдатып ырылдай бастады. Алдыңғы аяғымен қарды екі-үш рет көсіп-көсіп жіберді. «Қайда?.. Қайда әлгілер, неғып шықпай жатыр?» Жанай ілезде терлеп кетті.


— Жат ары!


Төбет арсылдағанын койып, түмсығын котеріп иіскеледі де, тісін сақылдатып ырылдай бастады. Алдыңғы аяғымен қарды екі-үш рет көсіп-косіп жіберді. «Қайда?.. Қайда әлгілер, неғып шықпай жатыр?» Жанай ілезде терлеп кетті.


— Жат ары!


Даусы ызалана, ышқына шықты. Қара төбет ырылын сәл бәсеңдетті де теріс бұрылып, үйді айнала жортып кетті. Құйрығы тік шаншылып барады. «Ату керек. Ертең мылтық тауып әкеп ату керек. Бос жіберілген ит атылсын деген ауыл советтің қаулысы бар. Оңбағандар... Босатып жібергендері несі. Біреуді жарып тастаса қайтпек?.. Әлгі екеуі неғып шықпай жатыр, ей, сонша. Соншама керіккендерін-ай...» Қара ала төбет үйді бір айналып өтіп, зырлап тағы келді. Бұл жолы қарсы алдында жат адамның тұрғанын елең қылмастан, арсылдап үріп жанынан өте шықты. «Е, онан да сөйтіп жөніңді білсеңші» — деп қуана күліп қойды Жанай.


Сыртқы есік сарт ете түскен. Дәліздегі шамның жарығынан сыртқа шыққан қыз тұлғасы көрінді. «Бақыт есік алдына жалаң бас шығып тұр. Барақ қайда? Ол не қып шықпай қалды?» Жан-жағына елегізе қараған Бақыт қойнынан орамалын алып асығыс басына тартты.


— Бері кел! — деп дыбыс берді Жанай.


Бақыт осылай қарай жалт бұрылғаны болмаса, қозғала қойған жоқ.


— Мен мұндамын! Бері кел!


Жоқ, қыз қозғалар емес. Мұның қайда тұрғанын енді анық көрді, бірақ қадам басқан жоқ. Жанай тағы бір-екі рет дауыстаған, бірақ қыз состиған күйі тұра берді. Әлдеқайдан тағы да сап етіп қара ала төбет шыға келген арсылдап дыбыс беріп тұрған Жанайға тап берді.


— Жат ары! Кет! — деп Жанай да тепсінген. Жоқ, бұ жолы төбет жуасыған жоқ. Қайта қарсылық болғанына құтырынып кетті. Таяп кеп атылуға шақ қалған. Бір сәтке Жанай бетін қорғалай берді, тек тайсалақтап тайған жоқ. Төбетпен алыса түсуге біржола бекем еді. Осы кезде жан дәрмен ұмтылған Бақыт жүгіріп кеп, төбетті бүйірден теуіп қап қаңқ еткізді. Жалт беріп шеттен шыққан төбет байбалам сап үре жөнелді. Бақыт дәл Жанайдың алдына кеп, екі иіні салбырап қарама-қарсы тұрды. Екеуі де ләм деп бір-біріне тіл қатпады. «Не деуге болады? Не десем екен», — деп ойлады Жанай, бірақ не айтарын білмеді. Бақыт басын көтерместен көзін жұмып тұрған сияқты. Иә, көзін жұмып тұр. «Не істесем екен? Құшақтап сүйсем бе екен» Батылы бармады. Ақыры Бақыт өзі бастап шеткі көшеге қарай жүрді. Үйдің маңынан кетсек екен. Былайырақ шықсақ болды ғой. Екеуі қатарласқан күйде, желді қырындай отырып, шеткі көшемен ауылдың сыртына шықты. Қарды омбылап келеді.


— Бақыт!..


Жанай сөз бастауға ыңғайланған, бірақ қыз мойын бұрған жоқ. Аялдамастан бет алған жағына қарай жүре берді.


— Бақыт...


— Сөйлемеші. Керегі жоқ сөзіңнің.


Жанай енді байқады, қыз жылап келеді екен. Сол жылағанын бұған сездірмеу үшін, алға қарай асыға түседі. Бақыт алда, Жанай соңында, енді екеуі де тоқтаусыз жүре берді. «Әйтеуір бір қайрылар» деп күтті Жанай. Бара-бара Бақыт жүрісін үдете берді. Тек алға түсіп ап, ұшып келеді. Кейде омбы қарға белшесінен кіріп, сүріне-қабына етпеттеп құлай да жаздайды. «Бақыт-ау, тоқтасаңшы, бет алды қайда кеттің» — дегісі келеді Жанайдың, бірақ айтпайды. Қайта қыздың осы қылығына қуанып келеді. «Бүгінше үйінен, ауылдан кеткені дұрыс», — деп қояды. «Жоқ, енді Бақыт Сәмбетке жоқ. Енді олардың қыздың орнын сипап қана қалғаны ғой». Жанай кейін бұрылып қараған, жым-жылас түк көрінбейді, төңірек ақтүтек боран. Тек жел қуып әкелген бір трактордың дүрілі құлаққа шалынғандай болады. Бір сәт Жанай алға ентелей түсіп, қызбен қатарласа жүрді де, оны тағы да аялдатпақ болған оймен:


— Бақыт... — деген. Бірақ қыз міз баққан жоқ. Мүлдем сөйлесуден безген адамша сүріне-қабына ұмтыла берді. Алқынған Жанай боранның ызғарын сезуден қалды. Өн бойын тер басып кетті. «Бақыт-ау, ең болмаса жөніңді айтсаңшы», — деп қояды ішінен. Осы күйде бұлар өрге шықты, еңіске қарай түсті, онан тағы өр басталды. Дәл аяқ асты екі күшік шәу ете түсті. Жанай бірден таныды. Сиыр фермасының бағанағы күндізгі екі күшігі. Бұлар фермаға кеп тіреліпті. Әне сиыр қораның шеті. Бақыт кілт тоқтады да қатқыл үнмен:


— Неге келе жатырсың? — деді Жанайға көктен түскендей етіп.


— Қалайша?.. Саған келдім, — деді сасып қалған Жанай.


— Келме маған. Ерме соңымнан!


Бақыт қораны айналып, сауыншылар жататын үйге қарай кетті де, Жанай қораның іргесінде қалды. Бетінен біреу салып жібергендей боп, көңілінің ұйқы-тұйқысы шығып дағдарып тұр. Не болғанын түсіне алар емес. Қораның ығына сүйенген күйде бүрісіп тұра берді. Бақыттың мына істегеніне ыза боларын да, болмасын да білмейді. Тек бір ұққаны өзі соншалықты бейшара, мүсәпір халде қалған адам сияқты. Құлазып, жетімсіреген мынау күйкі тірлігі адам аярлықтай. «Өстіп тұратындай менің жазығым қанша?.. Өмірдің өзі қызық, бәрі жақсы боп, көңіліңді өсіріп келеді де, кейде аяқ асты бұлтың етіп, осындай мүсәпір халге душар қылады». Жанай дір ете қалды. Бірдеңе сыңсып ұлиды. «У-у-у — ...» Ә, қораның төбесіндегі мұржа ма, бірдеңе болу керек, жел өтінде сыңсып ұлып тұрған. «Түу, не деген қорқынышты дыбыс». Жанай тері қатып өне бойын қалтыратып суық құрсаулай бастады. Ол қораның іргесіне тақалып, бүрісе түсті: «Сен қызға ерегескенде таң атқанша тұрармын-ау...»


Мына қызықты қара, дүріл естілді. Әлгіндегі ауылдан ілесе шыққан трактордың дүрілі. Әне, фары да көрінді. Трактор тура жүріп кеп қораның Жанай тұрған жақ шетіне тұмсығын тіреді. Фарын өшірді, тоқтады. Бірақ үстінен жан адам түскен жоқ. Жанай тракторда отырғанның кім екенін ойша жорамалдап іштей түйді де қойды. Төңірек тағы да тым-тырыс бола қалды. Тек қора төбесіндегі сыңсу басылмайды. «У-у-у...» Зәрлі суық бойын сірестіріп, тісін-тісіне тигізбей дірдектете бастады.


Сөйткенше болған жоқ, қораның арғы шетінен қараңдап біреу шықты. Ауылға қарай тартты тағы да. Ойланып көп тұрмастан. Жанай да ілесіп берді. Бұлар едәуір ұзап кеткен кезде трактор да от алып, кері бұрылған. Тағы жүріс, тағы да омбы. Бұл жолы боранның аяқты кейін кетірер қарсылығы мол. Қыз оған қарамастан дедек қағып ұшып барады. Трактор оны әзер қуып жетті.


— Кел, отыр, — деді Моторбай. Бақыт қайырылған да жоқ. Трактор үш рет қуып жетіп тоқтаған, қыз иілер түр көрсетпеді. Ақыры Моторбай Жанайды тосып алып:


— Кел, отыр, — деп өтінген. Жанай да ләм деместен тракторды орағытып өтіп кетті.


Тағы да op, тағы да еңіс... Өкси соққан көктемгі боран, кәдімгі құс қанаты. Қарасаннан келген омбы бар. Ала өкпе боп ауылға да жетті. Бақыт үйіне таяп кеп тоқтады. Шамдар әлі сөнбеген, тек абыр-сабыр басылған. Жанай да жақындап келген. Тайыншадай қара ала төбет алдын кес-кестеп арсылдай бастады. Жанай оған тіпті көңіл де аударған жоқ, жүре берген. Төбеттің өзі тайсақтап шеттеп кетті де, анадай жерге барып, иттік дағдылы әдетінше беталды маңқылдап үріп тұрды. Бақыт жайдан тоқтамапты. Енді Жанай да естіді, үйден зарлаған кемпір даусы шығады. Қарғап отыр.


— Қу құдай, шұнақ құдай, көрген опам осы ма?! О, барған жерінде көгермегір, қара жамылып тұл боп қал...


— Өй, апа, қарғап қайтесіз. Қайта өз теңін тапқанына қуанбайсыз ба? — деген Барақтың даусы шықты.


— Кет аулақ, әдіре қалғыр. Не келсе де сенен келді осы. Басыңды жарайын ба, отырған жеріңде.


— Мен осы үйге жамандық тілеуші ме ем, тек жақсылық.


— Кет енді, не қып отырсың мөлиіп. Ішер арағыңды іштің ғой...


— Ой, апа, ұрыспаңыз.. Бақыт деген ол бақытты болады.. Атының өзінде тұр емес пе...


Бақыт ілгері аттамақ еді, Жанай оны қолынан ұстап қалды, кейін тартты.


— Барма үйіңе, — деді онан соң. Қыз көнді.


Екеуі де біраз тұрды, тұрды да, кемпірдің қарғап-сілегені әбден мезі қылған заматта, әлгіндегі келген іздерімен кері бұрылды, тағы да фермаға тартты. Қыз келеді, жігіт келеді, бұлардың соңында трактор.


Боран бәсеңдеген сияқты. Аспанда төбеден ашылған бұлыңғыр бір рауан бар...


20


Сол ауылдан шыққан беттерінде, ұзақ жол бойы бір-біріне тіл қатпаған күйлері Бақыт пен Жанай тағы да әлгі фермадағы сиыр қораның іргесіне кеп тірелді. Соңдарында Моторбайдың тракторы. Бұл жолы Бақыт Жанайды қуған жоқ. Қораны айналып өтіп екеуі үйге беттеді. Бақыт сүлесоқ боп әбден шаршапты, баспалдақтан аяғын сүйрете басып зорға көтерілді. Есікті қақты.


— Бұл кім?


— Мен ғой.


— Тұу, осы уаққа дейін жүрсіңдер ме, сендер де қыдырады-ақ екенсіңдер, — деді есік ашқан Мәлике. Өзі ішкөйлекшең екен, Жанайды көре сап: «Ибай, құрып қасын», — деп ішке қашып кетті. Жанай Бақытқа ілесе жүрген. Тастай қараңғы ауыз бөлмеде екеуі де суыққа сіресіп қатып қалған етіктерін шешті. Бақыт өз бөлмесіне кірді де, Жанай қараңғыда сипалап жүріп төңкерулі флягтің үстіне отырды. Тақа діңкелепті, әбден тоңыпты, қол-аяғы илігер емес. Бүкіл өне бойы дірілдей бастады. Қабырғаға арқасын сүйеп, көзін жұмды.


— Не қып тұрсың ауыз үйде, кір бері, — деді Бақыт іштен. — Ақырын, салдырлатпай, тарсылдатпай жүр, жұртты оятасың... Кел міне, мына жерге еденге матрац тастадым, соны төсеніп жат, басқа орнымыз жоқ... Ақырын, қыздарды оятасың! Мә, жамылатын көрпе... Жанай қараңғы үйде сипаланып жүріп өзіне төсек салды да, сырт киімдерін шешініп, Бақыт ұсынған көрпені жамылып жата кетті. Төңірегіндегі төсектер сықырлады. Қыздар оянып кетсе керек. Бірақ ешқайсысы үндеген жоқ... Кімнің келгенін бәрі де ұғып-біліп жатқан сияқты. Көрпені қымтана оранып біраз жатқаннан кейін Жанайдың бойы жылынайын деді. Қараңғы бөлмеге де көзі үйренді. Терезеден едәуір жарық түсіп тұр. Үйдің ішіндегі заттар, қабырғаға ілінген киім-кешектер қараң-құраң көріне бастады. Қатарында төсекте жатқан Бақыт та көрінді енді. Қыз шалқасынан қыбыр етпей жатыр. Жағы сопиып, мұрны қоңқиып кеткен сияқты көрінеді. Әлгінде оянып жыбырласып кеткен қыздар, енді тынышталып, тәтті ұйқының құшағына қайта батқан. Неге екенін кім білсін, Жанайдың ұйқысы ашылып кетті. Шалқасынан түскен күйде көзі бажырайып жатты да қойды. Өткен кеш пен бүгінгі түнгі оқиға ойынан кетер емес. Айналған ұршықтай орала берді. Қалай болды өзі, бәрі аяқ астынан? Ойламаған жерден басталып, ойламаған жерден аяқталды. Егер осының бәрін біреу айтса. Жанай сенбес те еді. Тіптен ойға келмейтін тосын оқиғалар ғой. Бір ауық көз алдына Сәмбет келді. Бәрінен де со Сәмбетті айтсаңшы. Не күйде қалды екен. Көкірегі сыр-сыр етіп, ұйықтай алмай ол да дөңбекшіп жатқан шығар. Әрине, Жанайға кіжініп жатыр ғой. Мейлі... Барақ қалай болды екен десеңші. Әлде сол Бақыттың үйінде кемпір-шалдың арағын ішіп мас боп отыр ма екен? Ay, әлгі Моторбай қайда? Ол не қып үйге кірмейді? Кабинасының әйнектері жоқ болатын, суықта отырып үсіп өледі ғой. Әй, өзінде ес бар ма, ей үй түрғанда далаға түнеп.


Жанай ұшып тұрып, қараңғыда жолындағы фляг-шелектерді салдырлата қағып өтіп, сыртқа шықты.


— Моторбай!


— Ay!


— Әй, жүр, үйге жатпайсың ба, өзің мына суықта далаға түнеп.


— Қазір.


Сәлден кейін тісі-тісіне тимей дірдек қағып Моторбай да кірді.


— Ақырын, тарсылдатпай со аяқ жаққа шешін.


— А! Бұ кім, тағы? Не болды, ей?! — деді оянып кеткен Мәлике шошына сөйлеп.


— Біз ғой... Біз, — деді Жанай.


— Ә-ә.


Моторбай аяқ жақта күшене мықшыңдап ұзақ отырды. Онан соң курткасын жастанып, киімшең күйі Жанаймен қатарлас тақыр еденге жата кеткен.


— Өй, бері матрацтың үстіне жатсаңшы, орын кең, — деді Жанай бір шетке ығыса түсіп.


— Үсті-басым тегіс май, көрпе-жастықты былғаймын.


— Ештеңе етпейді, былғанса жуылады ғой, төсекке жат, — деді осы тұста үнсіз жатқан Бақыт. Моторбай қозғалған жоқ.


— Кел жат, — деп Жанай тағы да кейін сырғи түскен.


— Болды. Жата бер өзің, — деді Моторбай жекігендей.


— Е, мейлің ендеше.


Жанай оған сырт беріп, аударылып жатты. Тағы да үнсіздік, тағы да тым-тырыс. Пысылдай дем алып ұйықтаған қыздар. Әбден тоңса керек, Моторбай дір-дір етіп қалшылдап жатыр. Еден де дір-дір етеді. Әрі-беріден кейін Жанайдың шыдамы таусылды.


— Бері төсекке жатсаңшы! — Ол Моторбайды қасына жұлқып тартып алды да, өз үстіндегі көрпенің жартысын соған жапты. Моторбай қарсыласқан да, үндеген де жоқ, жылы көрпенің астына кіріп, бір уыс боп бүрісіп дөңгеленіп алды.


Терезеден сырттағы желдің гуілі естіліп тұр. Бағанағыдан гөрі де бәсеңси түскен сияқты. Талмаурап ызыңдайды. Төр жақтағы көлденең тұрған төсек сықыр-сықыр ете қалды да, гүрілдеген қыз даусы былдырлап ұйқысырай бастады. Қарашаш екен. Түсінде әлдекіммен дауласып, ұрысып жатқан болу керек. Түсініксіз бірдеңелерді балдыр-бұлдыр сөйлеп кеп: «Аулақ жүр менен! Аулақ жүр!..» — деп қойды. Бір кез жастықтан басын көтеріп: «А! А!.. Оң тұр, қарасан келгір!» — деп сиырға ұрысты да, қайтадан іргеге теріс қарап аунап түсіп, тыншыды да тәтті ұйқыға кетті.


Жанай да ұйықтамақ боп көзін жұмған. Жоқ, ұйқы келер емес Бір ойдан бір ой қоздап, қат-қабат жайлар көз алдына тіркеле берді. Тексеру қалай болар екен? Немен тынар екен? Әлгі қоймадағы артық астық анықталса, кімдер жауапқа тартылмақ? Олар қандай жаза алар екен? Әрине, ешкімнің сотталмағаны-ақ дұрыс болар еді. Әрқайсысының семьясы, бала-шағасы бар. Сотталса обал-ақ, ау. Ең дұрысы: қызметтерінен босатып, қатты ескерту жасаса болды ғой.


Бақыт күрсінді. Жұрттың бәрін ұйықтап қалды деп ойласа керек, кәдімгідей іштегі жалынын шығара аһ ұрып күрсінді.


— Неменесін уайымдай бересің, Бақыт, қорықпасаңшы.


Бақыт сасып қалды.


— Сен әлі ұйықтаған жоқсың ба?


— Жоқ.


Сәл үнсіздіктен кейін Бақыт бұған қарап мойнын бұрды.


— Қорқып жатқам жоқ, — деді сыбырлай сөйлеп. — Тек ертеңгі елдің өсегін ойлап жатырмын. Мені талай саққа жүгіртеді ғой, әлі.


— Мейлі.


— Сенің нең кетіп бара жатыр. Сен еркек баласың...


Көрші бөлмедегі бақташының кішкене баласы жылады. Іле-шала әлдилеген әйел даусы да шықты. Дүрс-дүрс еткізіп тербеткен ағаш бесіктің шиқылы да естілді. Бір сәтке Жанай алыстан талып жеткен қиял дүниесіне шомды. Құлағына әжесінің даусы келгендей.


Әлди-әлди абайын,


Атқа көрпе жабайын...


Әжесі мұны алдына алып отырып әлдилейтін.


..Тойда неғып жүр екен?


Алма теріп жүр екен... —


дейтін әжесі. Сондайда Жанай өзінің әлі дәу жігіт болатынын онан тойға барып, алма теретін кезін ойлайтын. Шіркін, тезірек үлкен болып өссем-ау, деп армандайтын. Әжесі мұны мектепке баратын кезіне дейін алдына ап, әлдилеп жүрді және сол бір өлеңінен танбайды. Жанай да осы өлеңді естісімен тезірек үлкен болсам-ау, деп армандаудан танбайды. Кейіннен әжесі қайтыс болды, бірақ бәрібір Жанай анда-санда әжесінің әлдиі есіне түскенде, өзінің үлкен болатын кезін, тойға барып алма теретін кезін еске алатын. Қашан өсер екем деп асығатын. Бірақ әжесі айтқандай улкен болатын кезінің қай жас екені, алма теріп жүретін тойының қандай той екені, Жанайға күні бүгінге дейін беймәлім. Бірақ әйтеуір сол үлкен боламын деген кезі, алма теретін тойы қиялында бар.


Қазір де міне, көрші бөлмедегі бақташының әйелі таныс әуенмен баласын әлдилеген кезде. Жанай тағы да өзінің үйреншікті қиялына шомды.


...Тойда неғып жүр екен?


Алма теріп жүр екен... —


дейді бақташының әйелі. Құдды әжесінің дауысы дерсің. Жанай да со баяғы бала қалпына қайтқан тәрізді. Бүгінгідей оқиғаның әлі бірі де болмағандай. Ер жету де, той да әлі алыста, алда сияқты...


Біртіндеп бала жұбанды да, әлди де тоқтады.


— Неге ұйықтамайсың? Не ойлап жатырсың? — деп сұрады Бақыт.


— Жай... ұйқым келмей жатыр... Өзің не ойлап жатырсың?


— Шынымды айтсам, сен туралы ойлап жатырмын.


— Жақсы ма, жаман ба?


— Екеуі де аралас.


— Сонда да болса біреуі басым шығар.


— Әрине.


— Жақсысы ма, жаманы ма?


— Ол жағын айтпаймын...


Біразға дейін екеуі де тым-тырыс, үнсіз жатты. Онан соң бірінші боп тағы да Бақыт сөйледі.


— Жанай, сен жазда институтқа түсуге барасың ба?


— Барамын.


— Қайсысына?


— Ауыл шаруашылық институтына.


— Қара үзіп кетеді екенсің ғой. Бес жыл оқысаң ұмытасың ғой бізді.


— Қайда әлі, әуелі түсер ме екем, десеңші. Конкурс қатты болатын көрінеді.


— Сен түсесің ғой... Түсесің.


— Өзің бармайсың ба?


— Әй, Жанай, білмейтін адамдай сұрайсың. Менің қолым жіпсіз байлаулы емес пе. Өлмелі кемпір-шалды кімге тастаймын.


— Сырттай оқуыңа болады ғой.


— Болады, әрине. Алдымен сен барып түсші, сонан кейін сырттай емтихан тапсыруға мен барайын.


— Шынында да, ей, Бақыт. Егер мен институтқа түсіп кететін болсам, сырттай түсуге сені шақырар едім. Көмектесер едім. Тек күйеуге тиіп кетіп жүрмесең.


— Әй, Жанай... — деп Бақыт күліп қойды. Қараңғыда қолын созып Жанайдың шашынан еркелете жұлқылады. — Осы сенің шашың керемет ұяң. Көрген жерде өстіп ұйпалақтап жібергім кеп тұрады.


— Ендеше көрген жерде ұйпалақтай бер.


— Жо, ұят қой, — деп Бақыт қолын тартып алды.


Бірақ екеуі де ұйықтаған жоқ. Ояу екендерін біріне-бірі білдіргісі келмейді. Қыбыр етер емес. Екеуі де іштей арбасып жатқан сияқты. Бір-бірінің тыныс алысына дейін қақас жіберер емес. Сырттағы желдің гуілі естілмейді. Боран басылған болар. Қарашаш тағы бір аунап түсті де, ұйқысырап балдыр-бұлдыр сөйлеп қойды. Есік алдындағы екі күшік шәу-шәу етіп үре жөнелді де, сәлден кейін олар да тым-тырыс боп тына қалды. Терезеден түскен жарық молайып келеді. Үйдің ішіндегі қараң-құраң заттар да біртіндеп айқындала түсуде.


21


Дөңгеленіп бүрісіп жатқан Моторбай жайлап басын көтерді. Жұрттың бәрін ұйқыда деп түйсе керек, жайлап аяғын кие бастады. Онан соң ақырындап тұрып үйден шықты. Оның артынан іле-шала Жанай да ілесе шыққан.


Ауа райы тып-тынық боп тына қалған әдемі бір таңғы шақ екен. Аспандағы тұтасқан бұлт ыдырап, шығыс жақ жалқын тартып келеді. Шаңқай аппақ қар көзді суырып тұр. Аяқ басқан жер шақыр-шұқыр етеді. Бой қарыған ызғар бар.


Моторбай мен Жанай үн-түнсіз екеулеп жүріп от жағып моторды қыздырды. Іштен жылы су алып шығып радиаторға құйды да, тракторды от алғызды. Сол үнсіз қалыптары тракторға отырып, ауылға тартты. Тұтасып жатқан теп-тегіс ақ қар. Жол атаулы атымен жоқ, көмілген. Тек түндегі өздерінің, іздері ғана жатыр сілем-сілем болып. Трактор жолсызбен заулап келеді. Кей жерлерде кедір-бұдырға тап келіп, шоқалақтап секіріп-секіріп салдыр-гүлдір ете қалады. Бірақ оған қарап жатқан Моторбай жоқ. Өңі қуқылданып кеткен, екі көзі қып-қызыл, бес-алты тал сақал-мұрты кірпінің тікеніндей тікірейіп тұр. Әлден уақытта ол Жанайға бұрылды.


— Тексеру бүгін бастала ма екен? — деп сұрады.


— Білмеймін.


— Сен бастықтарға жақын жүресің ғой, айта салшы, тексеруші менен де сұрақ алуды ұмытпасын.


— Айтсаң өзіңде де ауыз бар ғой.


— Күздегі астықтың қайда кеткенін менен басқа жан білмейді бәрібір. Анық-қанығын білгілерің келсе маған жалынасыңдар, әлі. Оның пайдасын көргендердің бірі мына менмін.


Жанай бұған жалт қарады.


— Немене, ұрлық астық екенін о баста біліп пе едің сен?


— О баста оның не қылған астық екенін қайдан білейін. Тұқымдық шығар деп қойғам. Қоймаға екеуміз кіргізіп едік қой. Кейіннен осы мына трактормен тиеп апарып сатқанда ғана сездім... Құр қалайын ба, тегін олжадан, Хайдарды шырылдатып отырып бір тоннадай астықтың ақшасын мен алғам.


— Үш жүз центнерді түгел саттыңдар ма?


— Жо, әлі жүз центнердей бар. Тек, мына сендер күзет қойып жүрген орталықта емес, басқа жақта... — Тағы біраз жүргеннен кейін Моторбай мырс етіп күліп қойып. — Қуанып кеттің-ау деймін, ә, ұрлық иесінің табылғанына? — деді кекесінмен.


Жанай басын шайқады.


— Мен кетіп қалғандай болсам, апама көз қырыңды салып көмектесіп тұр.


Жанай үндеген жоқ.


— Бір тонна астық үшін қанша береді деп ойлайсың? — деп сұрады Моторбай тағы да.


Жанай тағы да үндеген жоқ. Ол Моторбай сөзін естімегендей өзімен-өзі боп сырт қарап отыр. Моторбай тракторды тоқтатты. Жанайдың иығына қолын салып, оны өзіне қаратты. Екеуі тұңғыш рет бір-біріне тіктеп көз салған. Жанайдың анық байқағаны: Моторбайдың көзі сәл шегірлеу екен, кіп-кішкентай әйнектің сынығындай боп жылтырап, қанталап тұр. Адамның өңменін тесіп өтердей. «Мұның көзі қара емес пе еді? Қара сияқты еді-ау, — деген ой зу ете түсті Жанайға. — Шегір екен-ау...»


— Мен ақыр сотталатын болдым ғой, онан да сені өлтіріп кетейін бе, осы арада, — деді ол зәрлі жымиып. Кескін-кейпінде, үнінде Жанайды мұқату, қорлаудың белгісі бар еді. — Қол-аяғыңды байлаймын да трактордың астына тастай салам. Үстіңнен бір жүріп өтсем болғаны ғой.


— Байламай-ақ мен өзім де жатамын, егер шынымен өлтіргің кеп тұрса.


Кенет Жанайдың бойын әлдеқандай бір ыза, ызақорлық кернеді. Қорқыныш, үрей атаулыдан із де қалған жоқ. Ол трактордан секіріп түскен.


— Бері, мынау жардың жиегіне жүр, — деді бұйырып. — Мен көлденеңімнен жатайын, сен еңіске қарай үстімнен ағызып басып өт. Қызық болсын. Ал, кәне!..


Жанай қалың қарға шалқасынан сұлап жата кетті.


— Бас енді!


Моторбай көзі жыртиған күйі сақ-сақ күлді де, тістене тұрып рычагті кейін тартты. Трактор артына қарай біраз шегіншектеп барып тоқтады. Моторбай кабинадан басын шығарып, төңірекке қарап алды.


— Айтпады деме, тұра қашатын болсаң қуып жүріп басам, — деп ескертті. Тағы да сақ-сақ күлді. Әйнектің сынығындай шегір көзі Жанайға алыстан-ақ тесірейіп зәр шашып есіріктеніп тұрғандай боп көрінді. Онан соң газды аямай басып, тракторды бар екпінімен ағызып кеп тура Жанайға қарай бұрды. Шынжыр табан жер-көкті солқылдатып, қарды бұрқыратып жіберді. Жанай Моторбайдың әрбір қимылына кірпік қақпай қарап жатқан. Жерде, көлпек қарға кіріп жатып қарағанда трактор көк аспанның төрінен құлап келе жатқандай сұмдық үрейлі, үлкен боп көрінеді екен. Зілдей боп жыпырлай жылжыған тіс-тіс шынжыр табан мылжа-мылжа ғып езіп тастауға төніп келеді. Капот жарылып кетердей боп азан-қазан ащы дүріл дүниені тұндырып жіберді. Төбесінде қап-қара түтін. Бес-алты қадамдай қалғанда Жанай кабина ішінде алға қарай өңмеңдей түсіп, тістеніп отырған Моторбайды соңғы рет көріп қалған. Соның артынша селк-селк еткен радиатор төне берді басына. Жанай соңғы рет аспанға қарап үлгерген: көкпеңбек боп шыр көбелек айналып құлап келе жатты. Мұнан әрі ол көзін тарс жұмып, екі қолымен бірдей ып-ыстық қарды сығымдай берді.


Міне, басты... міне... міне... Есі ауытқып кеткен. Бүкіл денесі тас боп ұйып қатып қалды... Жо, әлі басқан жоқ... Әлі басқан жоқ... Көзін ашқан: трактордың шынжыр табаны тура басынан төніп кеп тоқтапты. Тіс-тістің арасына жабысқан қар бетіне түсіп тұр.


Жанай ұшып тұрды. Жүгіріп келді де трактор үстінде боп-боз боп ыржия күліп отырған Моторбайды жағасынан жұлқи тартып:


— Неге баспайсың?! Неге баспайсың?! — деп шаптыға айқайлады да, шапалақпен салып, салып жіберді.


Тағы да ұра ма деп қорғаншақтаған Моторбай:


— Өй, өй... — деп сасқалақтап күле берді.


Жанай қарғып орнына отырды да:


— Жүр, ауылға, ит! — деді бұйырып. — Қорқақсың!.. Топассың!.. Есіріксің!..


Моторбай тек күле берді.


— Қойдым, ағатай, жеңілдім, — деді әлден соң.


Таң аппақ боп атқан кезде бұлар ауылдың үстінен шыққан еді. Жұрт біртіндеп ояна бастапты. Есіктерінің алдын күреп, малдарын өргізіп, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне кіріскен.


— Аналарды қара, көше ортасында, қаздай тізілгендерін, — деді Моторбай клубтың жанында қатарласа тұрған, тіркемелерінде шаналары бар үш-төрт тракторды нұсқап. — Қолға түскен-ау, ә, ақымақтар...


22


Ақыры сөйтіп жұрт күткен сойқан басталды. Аяқ асты өрт шыққандай бүкіл ауыл дүрлікті. Ду-ду қаулаған сөз. Желік келгендей елеуреп, өрекпімеген жан кемде-кем шығар. Білек сыбанып, сырттай доңданып, қызыл өңеш боп күпілдегендер, біріне-бірі ерсілі-қарсылы айбат шегіп, дос пен қасқа айнала қалған адамдар. Кәдімгі күнделікті бірге тұрып, бірге жүрген бір ауылдың адамдары. Біреулері көптен бері іштей тынып жүрген ыза-кегінің есесін бір қайтарғандай «шоқ-шоқ бәлекет, сол керек...» деп айыздары қанып даурықса, енді біреулері «әттегене-ай...» деп бармақтарын тістеп, лағынет айтып, жаңа бір ызалы кекті түюде. Біреулер арызқой атанса, біреулер жапа шеккен есепті.


Тыңдап көрсең ананың айтқаны да дұрыс, мынаның сөзінің де жөні бар. Ағайын арасының дауы біте ме. Тек заң деген бір әділ таразы бар, ағын — ақ, қарасын — қара деп салмақтап қарайтын.


Иә, заңның қағидасы мен жолы өзгеше ғой.


Бір қызығы, мейлің жаман атан, мейлің жақсы атан, бірақ ауызға ілігіп, азамат санатына қосылуыңа осындай кез сын болады екен. Мысалы, бұрын ауылдағылар Жанайды түктің иісі кірмейтін боқмұрын бала ғой деп есептеп келсе, ендігі жерде оған деген көзқарас мүлдем басқаша. Жақсы көретіндер өз алдына ғой, ал жек көретіндер сыртынан не десе о десін, бірақ көзінше сыйлап сөйлейтін болады, тіпті қорыққанынан болса да сыйлайды.


Жанай сәске кезінде кеңсе алдына келген, ыржия күліп Барақ қарсы шықты. Көзі ісіңкі. Ұйқысы қанбағаны көрініп тұр. Жанайды көріп қуанып кетті. Жымың-жымың етіп кеп сыбырлап қана:


— Қалай болды, ей? — деп жұмбақтай сұрады. Онан соң жауап күтпестен-ақ өз жайын сөйлеп кетті. — Бәлі, түнде қызық болды ғой. Бақыт шығып кеткен соң біраздан кейін барлығы маған тап берді емес пе. Қызды құртқан сенсің, тап та тап деп. Арақтарын сіміріп-сіміріп салдым да: «Өй, мен қайдан білейін. Білмеймін», — деп бетбақтырмадым. Әй, шеттерінен күйіп-пісті-ау. Тоқа пышақ салам деп ұмтылды. Қорыққанымнан столдың астына басымды тығып алдым. Жаман зәрем ұшты. Содан әлгі әпкеміз — Бақыттың шешесі оқтау ма, бірдеңемен салып қап еді, жамбасым әлі ауырып тұр. Оһ-оһ-һ — Барақ рақаттана күліп алды. — Сендер қайда болдыңдар, ей? Үшті-күйлі жоғалдыңдар ғой?


— Фермаға барып қондық.


— Е, бәсе. Келістіңдер ме?


— Нені?


— Үйлену мәселесін.


— Қой әрі.


— Қойың не, ей. Мынау қызық екен.


Іштен боқтанып шыққан Қасым бұлардың сөзін бөліп жіберді.


— Әй, Сартабанның жүгірмектері. Қара, аш бөрідей жалақтап тұрыстарын. Өй, жетпіс жеті атаңның, жетпіс жеті бабаңның аузын... Кәне, кіріңдер бастыққа, — деді айқайлап. Жанай мен Барақ қасына таяп келген кезде:


— Өй, күшіктер-ау, бастықтың алғалы отырған қызын алып қашып кетпектерің не? — деп сыбырлай күлді. — Сендер ме, сендер...


Председательдің бөлмесінде Сәмбеттен өзге және төрт бес бейтаныс адам отыр екен. Жанай мен Барақ кірген бойда сап түзегендей есік алдына қатарласа тұрды. Жанайдың бір шырамытқаны: Сәмбетке таяу отырған ақ шашты, көзілдірік киген кісі болды. Аудандық прокурор, өте қатал адам десетін.


— Міне, осы екі жігіт сіздерге көмектеседі, — деді Сәмбет бұларды нұсқап. — Өз басым, бір сенсем осы екеуіне сенем.


— Есеп жағын түсінетін болар? — деп сұрады прокурор.


— Түсінеді. Біреуі — бухгалтер.


Мұнан әрі Сәмбет өз тарапынан біраз талап-тілектерін білдірді.


— Ал, енді сіздерге іс қағаздарын сақтайтын темір жәшік керек шығар, — деп қалтасын ақтарды да: — Қап, кілті үйде қапты-ау, — деді өкініп. — Жанай, сен маған қарағанда жеңілдеусің ғой, есік алдында ат бар болса, міне сап біздің үйге барып келе қойшы, айналайын...


Жанай жүгіре басып сыртқа шыққан. Тоқа кеп жирен қасқадан түсіп жатыр екен. Жануар, қаншырдай қатып жарапты. Үстінен түні бойы ер түспесе керек, дүр сілкініп қойды.


— Байламай тұра тұрыңыз, — деп Жанай қасына жүгіріп жеткен. Тоқа бұған ызбар шаша жалт етіп бір қарады да:


— Бұл атқа мінуге болмайды, — деп шылбырды мама ағашқа қазықбау шала берді. Мұнан әрі Жанай да үндеместен Тоқа байлап болған аттың шылбырын қайта шешіп алды. Тоқа жеп жіберердей боп түйіліп келді де, тістене тұрып:


— Астыңдар-ау, ә бала, — деді зәрлі үнмен. — Байқа мойның үзіліп жүрмесін.


Жанай ләм деместен атқа мініп жүріп кетті. Мейлі, айта берсін. Әлі мұнан да ауыр сөздер айтылар, бәріне шыдап үйрену керек. Жасы үлкен адаммен сөзге кеп қажеті не. Ұрсысып жеңе алмайсың ғой. Ұрысқаннан келер абиыр шамалы, деп ойлады Жанай.


Сәмбеттің үйі түндегідей емес, аса көңілсіз сияқты көрінді оған. Ауызғы бөлмеге кірген, қарсы алдынан шыққан жан болмады. Тым-тырыс. Төргі бөлменің есігін қаққан.


— Тс-с, ақырын, — деді есікті ашқан Ділдәш. Жанайды көріп шошынғандай кейін серпілді. Соның арасынша ас бөлме жақтан Қымбат шыққан жүгіріп. Жанайды көре сап:


— Сізге не керек? Неге келдіңіз? Шығыңыз үйден! — деп тап берді. Жанай абдырап сасып қалған.


— Қой, Қымбат, ұят болады, — деді Ділдәш сіңлісіне зеки сөйлеп.


— Иә, ұят емес. Ол неге менің папамды ренжітеді. Папам түні бойы ұйықтаған жоқ.


— Әй, Қымбат, о кім, келген? — деді осы мезетте түпкі бөлмеден ыңқылдай сөйлеген кемпір.


— Әлгі, анау жаман бала, — деді Қымбат та дауыстап.


— Қымбат, кет кәне, бар әжемнің қасына, — деген Ділдәш тағы да ұрсып.


Қымбат бұртия түйіліп, ала көзімен Жанайға алара қарап қойды да, әжесі жатқан бөлмеге кіріп кетті. Ашық қалған есіктен айтқан сөздері анық естілді.


— Әлгі папам алам деген қызды алып қашып кеткен бала ше...


Ділдәш барып есікті жаба салды.


— Әжем ауырып жатыр, — деді онан соң.


Жанай темір жәшіктің кілтін сұраған. Ділдәш төргі бөлмеге кіріп, кілтті алып шықты. Қолы дір-дір ететін сияқты. Жылаған болу керек, көзі қызарып тұр. Өңі де түндегідей емес, жабырқау. Кілтті алған Жанай бірден кете алмай қипақтап біраз тұрды да ақыры:


— Су ішуге болар ма екен? — деді.


Қыз ас бөлмеден мөлтілдетіп бір кесе су әкеп берді. Кесе ұсынған қолы да дірілдеді. Жанай ішкісі келмесе де суды сіміріп салды.


— Рақмет.


Қыз төмен қараған күйі бос кесені алып ас бөлмеге кетті. Үлбіреген, нәп-нәзік тұлға, содан қайтып шыққан жоқ. Жанай тағы біраз кідірді де, Ділдәш шықпаған соң кетіп қалды.


Кеңсенің іші абыр-сабыр бола бастапты. Тексеруші шақыртып алғызған куәлары бар, басқалары бар ауыл адамдарының біразы жиналған екен. Жанай кілтті Сәмбеттің өз қолына әкеп табыс еткен. Енді жақыннан анық байқады: председательдің жүзі де сынық, жабырқаулы. Шаршаған адам сияқты, төңірегіндегілерге самарқау қарап, бейжай сөйледі. Бірақ сонысына қарамастан Жанай оның ренішті, яки ашулы екенін тани алмай дал болды. Ең болмаса, бір жалт еткен көз қарасынан сездірер-ау деп күткен.


Жоқ, сездірмеді. Мүлдем сыр алдырмады. Сәлден кейін шаруа жөнімен өз жайына кетті. Шығып бара жатып Жанайды оңаша шақырып алды да, қадала қарай тұрып:


— Әкеңмен сөйлестің бе? — деп сұрады.


— Өзіңіз сөйлессеңізші, Сәмбет аға.


— Ым... — деп Сәмбет ернін шүйірді де екі-ұшты қып басын изеді. — Жарайды...


Жанай мен Барақ бухгалтерлік іс қағаздарды рет-ретімен тексерушілерге әзірлеп беруге кіріскен. Тексерушілердің бастығы әлгі ақ бас адам сырттан Қасымды шақырып алды.


— Әлгі тізім бойынша шақыртылған адамдар түгел келді ме? — деп сұраған.


— Түгел келді. Тек бір адамның ғана жағдайы болатын емес. Моторбай деген жігіттің шешесі жаңа әлгінде қайтыс болған екен, сол ғана келе алмады, — деген Қасым.


Жанайдың жүрегі су ете қалды.


— Қашан? — деді қайталай сұрап.


— Осы жаңа. — Қасым кетпек болып есікке беттей берді де, кілт тоқтап. Барақ пен Жанайға қарап қайырыла тұра қалды. — Марқұм, жақсы адам еді, сүзіліп ұзақ ауырды ғой... Адам деген осы да, пешенеңе жазылған күнің біткенде бәрі қалады артыңда...


— Ал, ақсақал, біз жұмысқа кірісеміз, — деді осы кезде тексерушінің бірі. — Шыға тұрыңыз.


— Ә, иә, иә, кетейін...


Жанайдың ойынан шырқ айналып Моторбай кетпей қойды. Аяйды. Іштей өзін-өзі жабырқау, көңілі құлазып торығу пайда болды. Бір ауық алдындағы іс қағаздарды лақтырып тастағысы келеді. Далаға жүгіріп шығып, беті ауған жаққа, құла түзге қарай алды-артына қарамай жүре бергісі келеді. Жападан-жалғыз қырға шығып аттан салғысы, жылағысы келеді. Таусылған, түгесілген жаман бір сезім ұршықша иіріліп басынан шығар емес. Түскі үзіліске дейін әзер шыдап отырды. Үзіліске шығысымен ешқайда мойын бұрмастан Моторбайдікіне келген.


Моторбай есігінің алдында ескі тал шарбаққа сүйеніп үнсіз жылап тұр екен. Жанай кеп жанына тұрды. Екеуі бір-біріне бір ауыз тіл қатқан жоқ. Со күйлері ұзақ тұрды. Бір кезде Моторбай көз жасын құрғатып, беті-қолын жуды.


— Жанай, мен енді тексерушіге бара алмаспын. Менің атымнан бәрін өзің айт. Бағана өзіңе айтып ем ғой, басқа жасырғаным жоқ. Әсіресе, анау үшінші бригадада жатқан жүз центнерді ұмытпа. Егер бүгін, ертең барып басып қалмасаңдар, онда ұстатпай кетеді, — деді. Онан соң ішкі төс қалтасынан, алым-жұлым боп тозығы жеткен «сақтық кітапшасын» алды.


— Мә, мынаны тексерушілерге бере саларсың. Әлгі мен сатқан астықтың ақшасы осында.


— Жо, мұны мен қайтем...


— Ұста! — деді Моторбай зілді үнмен. Әйнектің сынығындай жасаурай жылтыраған шегір көзі тесіп жіберердей қадала қалды.


— Өзіңнің есің дұрыс па. Мен саған тексерушілерге апарып бер деп тұрмын ғой.


Жанай амалсыз «сақтық кітапшасын» алды. Шегір көз мүлт кетпестен тағы біраз қадалды. Дос па, қас па, белгісіз...


23


Қарасаннан жауған қардың бір күндік те қауқары болмады. Жер түстен кейін-ақ қаспағын қырған қазандай алақ-жолақ боп шыға келді. Бұрқырап бу көтеріліп жатты. Боталаған күннің көзі жайма-шуақ сәулесін төгіп, елжіреп кеп төніп тұр. Аспан шымқай көк. Қары аршылған дөңестердің үстінен таусылмас сағым жөңкіліп ағып жатыр. Рақат көктем, жайлы көктем!


Ертең — халықаралық әйелдер күні, мереке. Ертең кешкісін ауыл жастары колхозшыларға концерт көрсетуі керек. Бүгін — ең соңғы әзірлік күні. Ақтық дайындық. Жанды салу керек. Концерт қайткенде де жақсы болуы тиіс. Егер жаман шықса елден ұят. Ауыл адамдары: «Әй, осыларды қойшы. Түк шықпайды...» — десе, ол сөзді естігеннен де өлген артық. Соңғы екі-үш күннің ішіндегі ырың-жырыңды айтып, сол себепті дайындығымыз жөнді болмай қалды деп, бәрібір жұрт алдында ақтала алмайсың.


Клуб алдына жастар жиналып жатыр. Қызылды-жасылды киінген қыз-келіншектер, асығыс жуынып, асыға жеткен жігіттер. Көбі механизаторлар, үстерінен солярка иісі бұрқырайды. Ду-ду еткен әзіл-оспақ сөз, дамылсыз күлкі.


Бәзікен әдетінше аңыратып баян тартып отыр. Жан-жүйеңді елжіреткен мұңлы әндер. Қабылтай шетте қабырғаға сүйеніп, басқа қыздармен әзілдеседі, Халима жаққа жоламайды.


Халима бүгін ерекше көңілді. Екі сөз айтып күле береді. Аппақ тістері жарқырайды. Көз деген ойнақшып тұр, бір орында байыз таппайды. Бәзікеннің жанына кеп қылымси күліп:


— Аға, әлгі жаңа әнді, — деп тілек етеді.


Мына жақтан Барақ шығады өкіректей күліп:


— Шәлтитіп осының қай жерін аға дейсің-ей, қатын.


— Оқытқан ұстазым.


— Әй, осы, байға ти дегеннен басқа не оқытты дейсің.


— Е, онысы жаман ба екен?


— Соны айтам-ау, — деп қояды Бәзікен де.


— Ой, мына екеуінің ым-жымдарының бір бола қалғанын қарай көр.


— Әрине, — деп шолжаңдаған Халима Бәзікеннің шашынан сипайды.


— Әй, байыңа айтам ғой.


— Байынан қорықса сендердің қатындарың қорқар...


Бір топ боп Бақыт бастаған сауыншы қыздар да келді. Клуб алдына нағыз қызық думан енді орнады. Дөңнің үстіндегі аласа клуб теңселіп тұрған тәрізді. Тіпті бүкіл ауыл теңселіп тұр.


— Жолдастар, аяқтарыңды сүртіп ішке кіре беріңдер. Әне, Жанай келеді, — деді біреу.


Кеңседен шыққан Жанай мидай езілген батпақты шалпылдата кешіп, тартып келеді.


— Бастық, — деді Барақ.


— Әй, соны қойшы, — деп Халима ернін тыржитты. Бусанған жерден бу көтеріліп жатыр. Күннің көзі үйіріліп кеп ауыл үстіне елжірей төніп тұр...





Пікір жазу