14.08.2021
  217


Автор: Сайын Мұратбеков

Бекеңнің құбылысы

Таң алдында күн күркіреді. Алғашқыда легеннің түбін басқандай күтірлеп тұрды. Онан қаңылтыр төбені біреу тепкілеп, ойнақ салғандай болды. Енді бір сәтте шатыр-шұтыр аспан айырылып, жер солқ ете түсті. Терезенің әйнектері зыңылдап кетті. Бекең шошып оянған. Ұйқылы-ояу, іш киімшең қалпымен сыртқа ұмтылды. Есікті аша бергенде найзағай жарқ ете түскен. Сонда ғана күннің күркіреп тұрғанын білді. «Түу, жарықтық-ай, молшылыққа, молшылыққа»...— деп күбірлей кері оралды. Төсегіне отырып, жайлап қана:


— Балсары, ай, Балсары, — деп кемпірін оятқан.


Басын көрпемен тұмшалап орап алған кемпірі қозғала қоймады. Найзағай тағы жарқылдады. Аспан азан-қазан боп күркіреп кеткен. Ошаққа түскен кесек тұз атылғандай дәл төбеден шақ ете түскенде, Бекең селк етіп арық сирақтарын көрпемен қымтай берді. Кемпірі де оянды, көрпе арасынан тек тұмсығын ғана көрсеткен.


— Тұр, тұр! Естімей жатырсың ба? Күн күркіреді ғой! — деді Бекең.


Балсары еріншектей қозғалып басын көтерді. Кимешегін киіп, ұшымен қатты ұйқыдан домбыққан көзін сүртті. Есінеп қойып терезеге қарады.


Кемпірінің кербездене қалғаны ішіне сыймай кеткен Бекең:


— Өй, тұрсаңшы енді, керіліп-созылмай. Күн күркіреп тұр деймін, — дейді қитығып.


— Тұрдық қой, тұрдық. Енді қайт дейсің, жылда күркіреп жүрген күн ғой, — деді шытынған Балсары.


Басына жастаған қамзолын иығына іліп, тысқа беттеді. Есіктен шығып бара жатып:


— Осы, сенің дегбірсізің-ай, қартайған сайын бала сияқтанып,— деді зілді үнмен.


Бекең кемпірінің қытымыр жүзіне тура қарай алмай қипақтап қалды. «Бәтшағар, сол жағынан тұрды ма, сонша қуырып» деп күңкілдеп қойды. Балсары ауыз бөлмеде ыдыс-аяқтарды даңғыр-дұңғыр еткізіп шөмішті ала шықты. Үйді айнала жүріп: «сүт көп, көмір аз, сүт көп, көмір аз» деп ырым қып шөміш қақты.


Бекең терезеден аспанға қараған. Таң әбден атыпты. Түйдектелген қара бұлттар жік-жікке бөлініп ап, таласқан сабалақ иттерше ұмар-жұмар боп сапырылысады. Найзағай жарқ етіп, күн шатыр-шұтыр күркіреді де, жаңбыр селдете құйды.


Сырттан кірген Балсары:


— Түні бойы тамбаған екен, енді жауды, — деді.


Төгіп-төгіп жіберді де, жаңбыр тына қалды. Күннің күркірегені төбеден ауып алыстап кетті. Бұлттар өздерін отпен қамшылап шығысқа қарай жөңкіле көшті.


Бұл осы көктемдегі күннің алғашқы күркіреуі еді.


— Кемпір, бұл бір жақсы ырым, — деді Бекең шай үстінде. — Дәл бүгін, мен атқа мінгелі отырғанда күннің күркірегенін көрдің бе?! Үйжығылғанға барып, жарықтық, бабаларымыздың басына құран оқиыншы. Қыстай сен де «көк жуа-ай» деп аңсап едің, бір қанжыға ғып теріп ала келейін...


***


Күндіз-түні дамылсыз жүріске шыдай ма, жоқ па? Соны байқап келеді. Егін қоритын қорықшыға мал қуғанға әрі жүрдек, әрі белді ат керек қой. Бұрын бұл торыны бригадир мінетін. Кеше Бекең председательге қолқа сала отырып осы атты сұрады. Ақыры бригадирден аударып алғандай болды...


Колхоз басқармасы жылдағы әдет бойынша, кеше де барлық егін қорушылардың басын қосып, жиналыс өткізді. Сонда председатель: бұл өңірдегі тәжірибесі мол қорықшы деп, Бекеңді мақтады. Жасы ұлғайса да күні-түн аттан түспейтінін басқаларға үлгі етті.


Бекең мақтау сүйетін. Председатель атын атағанда-ақ, едірейте киіп отырған сырма қалпағын шешіп, қалтасынан бүктеулі тақиясын алды. Ұялығы шодырайып тұратын, бітік көзі күлім қаға жылтылдап, әжімді жүзі жыбырлап сала берді. Екі езуі құлағына жете ыржиып, күлкісін жия алмады. Төңірегінде отырғандарды жаңа көргендей: «Иә, халдерің қалай?» деп қояды. Енді бірде өзіне сөз берілген: «Уай, мен не айтамын» деп сасып қалды. Терлеп кетті. Дегенмен де, орнынан тұрып:


— Егінге мал түсірмеймін деп, бастық, мына сенің өзіңе уәде берем, — деп бір тоқтады. Онан соң ойлана тұрып ұзақ сөйлеп кетті.


— Шырақтарым, айта берсе сөз көп. Әсіресе, мына біздің жұмысымыз, қарғыстан басқа, алғыс әпермейтін жұмыс қой. Сондықтан сөзі көп. Ертең, анау егін көктеп шыққанша, сол пісіп, қашан қырманнан қамбаға түскенше, жарғақ құлағың жастыққа тимейді. Ұрсыспайтын адамың қалмайды-ау. Ала жаздай аттан түсіп, бел шешу дегенді ұмытасың. Малы бардың бәріне жексұрын көрініп боласың. Осынысы жаман-ау... Мына, мен соғыстан кейін қорықшы болдым. Сонан бері мына көз не көрмеді, мына құлақ нені естімеді. Қарғыстан өлсем, әлдеқашан сүйегім қурайтын кез болды. Рас айтам, абырой аламын деген адам істемейді мұны, абыройсыз болам деген істейді...


Мұнан бері Бекең өз «тәжірибесін» әңгімеледі. Сөзінің соңында председательге бұрылып.


— Ал, басеке, мені мақтадың, оныңа рақмет. Енді менің бір тілегім бар: анау піргәдірдің астындағы тоқпақ торыны қайтсең де маған алып бер,— деген.


Міне, бүгін сол торы ат Бекеңнің астында алшаңдай басып келеді. Аяқ астынан пырылдай ұшқан торғайлардан жалтаң-жұлтаң үркектеп, ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Кезінде Жуан байдың торы атының үстіне шықпақ түгілі, шылбырынан ұстап көрмесе де, «Баяғыда Жуан байдың атақты торысы болып еді, шіркіннің жүрісі құдды соныкі» деп түйді ат жүрісіне көңілі толған Бекең. Өстіп отырып ол Үйжығылғанға қалай жеткенін де аңдаған жоқ.


Тек биік дөңнің үстіне шыға келгенде қалт тоқтады. Көзі қарауытып кетті. «Оу, не боп кеткен, не боп кеткен» деп күбірлей берді.


Ертеде қатты желі алты қанат киіз үйді аударып, Үйжығылған атанған, осы бір алақан аясындағы жазық жамбас қалың бетегелі еді. Жел соққанда сол бетеге семіз малдың түгіндей жылтырай жапырылып, күнге шағылысатын. Енді сол атамзаманнан бергі бір қалыптан аумай келген жазық жамбас, астан-кестең қара пар боп жатыр. Тіпті жылда көктемде әдейілеп келіп, басына құран оқып жүретін зираттың қай тұста қалғанын, Бекең әуелде бағдарлай да алмады. Айдалған жердің шеті сонау құзға барып тіреліпті. Жүзі қуқылданып, қаны қашып, Бекең қатты тарықты. Селдір сақалы селкілдеп әлі күбірлеп тұр. «О, жазаңды құдайдан тартқыр-ай, қайсысы екен айдатқан...»


Терең жыртылған қара парды қақ жарып, зират осы жерде еді-ау, деген тұсқа келді. Атынан түсті. Шылбырын ұзын етіп ұстаған күйде атын жетелей жүріп зираттың белгісін іздеді. Бірақ қай жерде екенін дәл басып табу қиын еді. Дымқыл қара топырақ майға бөккендей қыртыс-қыртыс боп төңкеріліп жатыр. Бороздалар да біркелкі созылып кете берген. Ескі зираттан ешқандай із қалмапты. Бекең топырағы сәл сарғыш тартып жатқан жерге кеп тізерлеп отыра кетті. Қалың топыраққа бөксесінен батты. Ерні қыбырлап, құранды бастады. Бірақ қайта-қайта көзіне жас толып, иегі кемсеңдеп, булығып оқи алмады... Балалық шағынан қанына сіңісіп, әрқашан көңілінің пәк ниетін бағыштап, қысылғанда медет тілеп сиынған аруақтар зираты қайда?.. Мен пәленнің ұрпағымын деп мақтан етіп, жаугершіліктегі батырлығын желпіне еске алар, ертеде өткен бабаларының белгісі қайда?.. Енді қайтып еш уақытта орнына келместей боп, соқа түрені аударып кеткен мынау топырақтың астында қалды. Мүлдем тып-типыл боп жерге айналды. «О, аққыр көзім, осы кесапатты көргенше неге ақпайсың... Аруақ, неге мені атпайсың»,— деп күбірледі Бекең.


Бұл зираттар өте ерте кезде өткен бабаларыныкі еді. Бас-аяғы бес-алты-ақ қабір болатын. Белгісіз себеппен кейінгі ұрпақтан бұл жерге ешкім жерленбепті. Осы зиратта жатқан бабалары туралы нелер қызық аңыздар бар-ды. Дәл қазір Бекең қаршадай кезінде үлкендерден естіген сол аңыздарды егіле отырып есіне алды...


...Күн ұзын қозы бағып шаршап қайтатын. Кешкісін ошақ басындағы от қызуына жеткенде жарылып, тікен кіріп, күстенген аяғы тызылдап қышушы еді. Қасыған сайын қоза түсетін. Бірде бойы жылынған соң тәтті маужырайтын. Маздап жанған қой қиының көңіс түтініне қақалып та қоятын. Қазандағы жас еттің иісі танауды жарып, бүлк-бүлк қайнап жатады. Бірақ діңкені құртып, түн жарымынсыз түсірілмейді. Осындай ұйқылы-ояу, өң мен түстің арасында талмаусырап жататын шақтар болатын. Сондайда төрде жантайып жатқан ақсақалды қария: «жарықтық, баяғыда пәленше деген бабамыз...» — деп ұзын сонар әңгімені бастайтын. Мұны естігенде қаршадай бала — Бекеңнің ұйқысы шайдай ашылатын, батырлық туралы аңызды аузы ашылып тыңдаушы еді. Енді, міне, алпыстан асқанда сол шақ көрген түстей алыстан елес берді...


Бекең ұзақ отырды. Онан соң буындары қалтырап орнынан тұрды. Тықыршық атқан торыға айдалған жерде міне алмады. Аяғын үзеңгіге апара бергенде, тегеурінді биік ат орнында тұрмай, жүріп кетеді. Өмірінде бірінші рет атқа міне алмағанына да қапа болды. Тәлтіректей басып айдалған жердің шетіне шықты. Атты терең қазылған сусыз арыққа түсірді. Бірақ бірден мінген жоқ. Біраз алқынған демін басу үшін жарға отыра кетті.


Жер дегдіп қалыпты. Қойнынан мол жылу шығып жатқан сияқты. Бекең қамшысының сабын жерге шанша ұстап маңдайын тіреді. Қарауытқан көзін жұмды. Ешқандай ой жоқ басында. Мең-зең.


Арық жиегіндегі тісіне ілінген көкті бытыр-бытыр үзіп тұрған торы ат елең етіп, пысқырып қойды. Сөйткенше болған жоқ, арт жақтан:


— Ата, жай отырсыз ба? — деген қыз даусы естілді.


Бұл — осыдан екі жылдай бұрын оқу бітіріп келген колхоздың бас агрономы, Сәбира деген қыз. Ат үстінде тұр. Еркекше киініп алған. Науқан кезінде киетін киімдері: шалбар, мақталы фуфайка, аяғында — етік. Тек басына қызыл ала орамал тартыпты. Өзі табиғаты қара қыз, көктем күндерінде одан әрмен тотыға түсіпті. Тостағандай қара көзі жайнап тұр. Ернін қызартып бояп алған. Бұрын Бекең шаруа ыңғайында Сәбираның еркектермен үзеңгілес жүретініне сүйсінетін. Колхоздың егіс даласында осы жас қыздың әмірі айрықша еді. Сонысы үшін қадірлейтін оны Бекең. Ал қазіргі сәтте оған атарға оғы жоқтай аса сұсты қарады.


— Шырағым, істеріңді істепсің ғой, алдыңнан жарылқасын,— деді зілді үнмен.


— Нені айтасыз, ата? Түсінсем бұйырмасын?..


Бекең бұдан әрі ештеңе деместен, атына мініп жүріп кетті. Еңкеңдеп, аттың жалын құша бүгіліп барады.


Ауыздығымен алысып, жер сүзгілеп, алшаңдай басқан торы атты бірнеше рет басынан қамшымен тартып жіберіп, шыр көбелек айналдырды. Іші өртеніп келе жатқанда, торының басқа аттарды cap желдірер төгілме аяңы, оның қолқасын түсірердей болады. Дөңді асар жерде сеялка тіркелген трактор қарсы шықты алдынан.


— Оу, шал, бұрыла кет бері,— деді тракторист Самат деген жігіт барылдаған жуан дауыспен.


Самат қысы-жазы бас киім кимейтін. Қайрылмайтын қалың жирен шашы тікірейіп тұратын. Мінезі де тентек жігіт, үлкен демей, кіші демей «сен» деп сөйлейді. Әзірге ешкімнің басын жарып, көзін шығарған емес. Бірақ осы Саматтан ауылдағылар тегіс именетін. Осы жігіт кездескенде, Бекеңнің де жүрегі әрдайым дір етіп, секем алғандай болушы еді.


— Кәне, шал шақшаңды әпкел... Ұйықтамағаныма екі күн болып еді, насыбай атпасам темекінің дәмін сезуден қалдым, — деді көзі қып-қызыл болып. Шақшаны қолына алып алақанын толтыра ерніне тастап жіберді де, шырт түкірді. — Тұқым себуді өз қолыммен аяқтамай тыныштық табатын емеспін. Әй, бір еңбек ері деген атақ алмай көңіл де көншімей жүр,— деп енді бірде басқаға дес бермейтін өзінің бөспелігіне басты.— Биыл рекордтық астық өсірсем деген ойдамын. Ол жерге мал түсіруші болсаң, сақалыңды талдап жұламын, білдің бе?! Ха-ха-ха... Қалжыңым ғой, шал, ренжіме... Оу, өзіңнің сұрың қашып тұр ғой... Ауырғаннан саусың ба? Қой, атқа мінбей жатып мұның жарамайды. Қазір бар да, кемпіріңнің ыстық шайын іш. Терле де жазыл. Бар, бар...


Бекеңе бір ауыз сөз айтқызбастан аузындағысын алып тастап, жарты шақшаға жуық насыбайды тағы да атып салған Самат, өз жөніне жүріп кете барды.


***


Зират төңірегіндегі бұрын соқа тиіп көрмеген жиырма гектардай жерге, сол күні тұқым себілді. Бекеңнен басқа бірде-бір жан сол участокте зираттың барын еске де алған жоқ. Мүмкін, тіпті ешкім білмейтін де болар...


...Жалпақ жамбастың орта тұсында: бес-алты жерде үстін қалың қурай мен қау басқан төмпешіктер жатты. Күндердің бір күнінде соқа түрені сол аумақты таспадай тілді де, төмпешіктерді жермен-жексен етіп, тегістеп кетті. Оның басқа жұрт үшін не таңдығы бар? Жер үстінде не көп, төмпешік көп емес пе?! Егер солардың бәр-бәріне мән беріп отырса, адам баласының күнделікті тіршілігі не болмақ. Ендеше төмпешік атаулыға зер салып отыру шарт па екен?! Әрине, шарт емес. Сондай-ақ, кезегі жеткен күні Бекеңе қастерлі төмпешіктердің топырағы тыңға араласып кетті. Адам игіліне айналған жердің көлеміне тағы да бір бөлшек қосылды. Сол бөлшекте Бекеңнің бабаларының сүйегі бар деп кім ойлар. Тіпті білген күнде де басқаға пәлендей бір әсер етер ме...


Бекең алғашқы екі күнде тырп етпей үйінде жатып алды. Агроном қызға деген өкпесі ауыр еді. «Қаршадай қыздың, ата-бабамның сүйегін таптап, бұл қай басынғаны болды» деп қапаланды. Бір ауық колхоз басшыларына, тіпті онан әрі ауданға дейін барып арыздануды да ойластырды. Бірақ болары болған соң арызданғаннан келіп-кетер не бар. Соңғы күндерде кемпір де түс көргіш-ақ боп алды.


— Ақсақалды үлкен ақ сұр адам үйге кіріп келіп: «Балам, маған анау оң жақ бұрышқа төсек салып берші» деп жүр. Аруағыңнан айналайын, бабаларымыз, біздің қайысқанымызды біліп, үйге келіп жүр ғой деймін,— деп қойды, бір реттегі көрген түсі туралы. Артынша-ақ: — Абансаға астық беретін көрінеді. Кеңсеге барып, жаңа астыққа дейін ұн жаздырып алсаңшы,— деді.


***


— Ойпыр-ай, мына келе жатқан нөсерді-ай! Қара құрым боп келеді.


— Жаусын, жаусын. Дәл егін көктеп шығарда жауғаны жақсы.


— Жарықтық, күн де біздің тұқым сеуіп болуымызды күтіп тұрған екен-ау!


Жақын маңайда жүрген колхозшылар егіс басындағы бараққа жүгірді. Топырақты бұрқырата үйіріп, алай-дүлей құйын соғып өтті. Жарқ-жұрқ етіп найзағай ойнап, күн күркіреді. Аспан асты азан-қазан боп, сатыр-сұтыр еткен нөсер де атойлап келіп қалған. Егін аралап жүрген Бекең де торы атты желдірте шауып бараққа жетті. Ат көрпесін алып, ол ішке кірген кезде жауын да құйып берді. Жерді қайыстырардай сатырлайды. Әп-сәтте дүниені сел ғып жіберді. Барақтың төңірегінде кішігірім өзендей боп сарқырап аққан арықтар пайда болды.


Бекең кірген бойда өзінің ат көрпесін бүктеп салып, есік жаққа отыра кеткен. Жарығы тек есіктен түскен, терезесіз күңгірт барақтың ішінде кімдер барын жөндеп аңғарған да жоқ. Тарғыл жуаның қолқаны аларлық ауыр иісі жүрегін айнытып жіберді. Әлден соң қараңғылыққа үйреніп, іштегілерге көз тастаған. Түкпірде Сәбира отыр екен. Тарғыл жуаны күрсілдете соғып отырған сол. Жуаның сабағы алдында аткөпір. «Тыржиған кесір қалған екен ғой, жайына» деп іштей мысқылдады Бекең. Осыдан бірер жыл бұрын Үйжығылғаннан тарғыл жуаны бір қанжыға ғып теріп әкеп бергенінде, осы қыздың: «иісі жаман екен»,— деп жемей қойғаны түсті есіне. Енді, міне, опырта соғып отыр. Қарттың тесірейе қарағанынан Сәбира ұялып қалды. Жеп отырған жуасын тастай сап теріс бұрылып кетті. Бекеңе таяу отырған егделеу әйел, бұған сыбырлап қана:


— Қайнаға-ау, ұялтпасаңызшы,— деп сөгіп тастады.— Байғұс бала, жерік қой деймін...


Бекең Сәбираны да, оған ара түсіп отырған әйелді де жақтырмады. Орнынан көтеріле қозғалып, есікке қарай бұрылып отырды. «Күйеуге тимей жатып жерік болса оңған екен» деп қойды ішінен.


Біраздан кейін селдеткен нөсер басылды. Тесілген бұлттың төбесінен күлім қағып күннің көзі көрінді. Самал жел соқты. Барақтағылар тысқа шыққан. Егін басына моншақ-моншақ боп мөлдір тамшылар тұрыпты. Жүзік көзіндегі жақұттай құбылады. Самал желпіп өткенде үзіліп, домалап түседі. Жер ісініп жатыр. Әлгіндегі сарқыраған арықтардың орнында май батпақ қалған.


Созылып жатқан егістіктің арғы басынан, біреу далбаңдап жүгіріп келеді. Жиі-жиі сүріне құлайды да, тұра сап қайта жүгіреді. Самат екен. Бараққа тақай бере: «Бау-е-е-рем, бау-е-ерем!»,— деп қорқынышты үнмен қарлыға айқайлады. Жақындап кеп етпетінен тағы құлады. Жер құша жатып, аттандай берді.


— Арманда кетті-ау, қайран жас... Сер-е-ек, Сер-е-ек... Бау-е-е-рем... Жай соғып кетті-ау...— деп дауыс салды...


***


Нөсер кезінде ықтаған малды қайтарып жүргенінде Серікті жай соғыпты. Ат-матымен қалпақтай ұшқанын Самат өз көзімен көрген екен. Барақ басында тұрғандар шуылдаса: «бауырымдап» дауыс сап, Саматқа ере жүгірді. Бекең салт атпен елден бұрын жеткен. Серік пен аты екі жерде жатыр екен. Аттың төрт аяғы көктен келіпті. Ұзын бойлы Серік созыла сұлаған. Ақ құба өңі қара-көктеніп, тарғыл тартып кеткен. Дәл төбесінен түскен жай оғы табанынан бір-ақ өткен екен.


Бекең өліктің шүңірейіп кеткен көзін жұмбақ боп, дұға оқып, қолын созды. Сол сәтте өліктің кірпігі қыбыр еткендей болды. Қарашығы төңкеріліп Бекеңе тура қараған сияқты. Бекең шошып, кейін серпілді. Өн бойын мұздай суық тер басып, қалтырап кетті.


Жылап-сықтап, өкпелері өшіп, жаяулар да жетті. Сәбира дымы құрып ең соңында қалыпты. Өң-түсінен айрылып ол да жетті. Келген бойда:


— Мені қалай тастадың...— деп дымы өше қырылдап, Серікті құшақтай құлады.


Сол күні Серіктің сүйегі колхоз орталығына әкелініп, ертеңіне жерленді. Сәбира ерекше аза тартты. Ешкімнен ұялмастан, күйеуі өлген қаралы әйелдей жылады. Еркектермен бірге зират басына барды. Солқ-солқ етіп талықси тұрып, Серікті қайтып оралмас соңғы сапарға өз көзімен аттандырды.


Осыдан кейін Сәбира аз күннің ішінде екі жағы суалып, қара қайыстай қатып, жүдеп кетті. Серікпен екеуінің егіс аяқталған соң қосыламыз деген уәдесі бар еді, енді орындалмаған арман боп қалды.


Жас қыздың ауыр қайғысына жаны ашыған Бекең, бірте-бірте өзінің оған деген өкпесін де кешірді. Бірақ іштей ойға қалды. Серіктің өлімін ол бабалар аруағының Сәбираға тартқызған жазасы деп білген. Бірақ бұл «аяусыз жазаға» өзі іштей наразы болды. Серіктің қара-көктенген мүрдесі көз алдына келсе-ақ, төбе құйқасы шымырлап, бойы мұздап сала береді. «Аруақ та қатыгез бе еді, осындай. Арыстай бір азаматты қыршынынан қиғаны несі. Басқа жеңілдеу жаза табылмағаны ма» деп қынжыла ойлайды. Ізінше: «Астапыралла, нені ойлап кеттім... Аруақ ісіндегі жұмысым не, ей»,— деп зәресі ұшты.


Бірде жұма күні таңертеңгілікте кемпіріне:


— Балсары, сен бір жеті шелпек пісірші, құран оқиын,— деді.


Онан соң шай үстінде ыстық, майлы шелпекті аузына бұралай отырып өз ойын тұжырды:


— Мен енді бекерге назаланып күпір болмайын. Қасиеті күшті аруақ өз кегін жібермейді екен. Соны білдім... Арыстай бір жігітті сұлатты, оңай ма? Қыршынынан қиды-ау... есіл жасты. Жоқ, маған тарығуға болмайды. Қойдым осымен,— деді.


Сөйтіп бір ауыр міндеттен құтылғандай боп сергіп қалды. Енді зират жайын тіпті есіне алмауға тырысты.


***


Жаз бойы нөсерлеткен жаңбыр жиі жауды. Айызы қанған жердің құйқасы аптаған ыстықтарда бойы жіпсігендей бусанып жататын болды. Егіннің қияқтары майға малып алғандай шайырлана жылтырап, қою жасылданып бітік өсті. Июнь айының алғашқы жартысында балбыраған қияқтардың арасынан мысық мұрттанып кере қарыс масақтар шықты. Егін, жасөспірім баладай бойы сыриып, желкілдей жөнелді. Сәл жел тұрса үстінде асау толқын ойнайды. Ұзағырақ қараса көзді бұлдыратып, басты айналдырады.


Бекең таң саз бергеннен ымырт үйірілгенше осы егіндіктерді аралайды. Күн сайын сүттенген былқылдақ дәнді алақанына салып, дәл бір жанды нәрсені ұстағандай мәпелеп, ұзақ қарайды. Уқалап көріп: «Сұйқылтым ба қалай, сірә, жаңбырдың көп жауғанынан болар» деп қояды өзінше.


Дәл сағыздана бастаған кезде, егін үстінен диқан тынысына дағдылы сәл жылымшы, шикіл сүт иіс есті. Енді масақтың мұрттары бурылданып, егін реңі құлпыра түскен әсем шақ та жетті.


Бүкіл егін даласы Бекеңнің көз алдында бой түзеп, түрлене берді. Тек Үйжығылғандағы егіннің қандай екені белгісіз еді. «Өзі шеттеу жер, соған қайдағы мал түсер дейсің» деген сылтаумен, Бекеңнің ол жаққа баруға еш зауқы соқпады.


Июль айында әуе айналып жерге түскендей аптаған ыстық басталды. Күн ұясынан шыға, жер бетін шыжғырардай боп ыстығын шақырая төгеді. Тас төбеге шығып алып, төніп кеп күйдіреді. Сол кезде дала лап етіп жанып кете жаздап тұрады. Желпіп өткен ыстық желдің жалыны бетті шарпиды. Егін басын көтере алмай салбырап кетеді. Мұндайда Бекең: «бұ, ыстық та молшылыққа бастап тұр-ау» деп қояды. Өзі сол ыстықта аузы-мұрнын шыбын жеп, қалғып-мүлгіп жүрсе де торы аттан бір түспейді...


Ауыл маңындағы егіндерді шайға дейін бір шолып қайту үшін, Бекең атқа бүгін де ерте қонған. Таңғы қоңыр салқын шақ. Жерге түскен мөлдір шық әлі кебе қоймаған. Сондықтан болар, төңірек су бүріккендей дымқыл тартып, шаңы басылып жатыр. Басқаны былай қойғанда шеткерідегі мал қамайтын ұзын қора да сыртынан сулы шүберекпен сүрткен сияқты әсер береді. Қора демекші, биылғы жазда мұнда мал қамалған емес. Ең болмаса бір лақ, не бір торпақ қамалсашы... Жоқ... Әлде, жылдағыдай егінге мал түсуді қойды ма, әлде, түскен малды Бекең кезінде ұстай алмай жүр ме? Қалай болған күнде де қорықшы үшін биылғы жаз тыныш-ты.


Жанап өте бергенде қора ішінен пысқырына жер тарпыған жылқы дүбірі естілді. Бекең таң болды. Атының басын солай бұрды. Қораның есігіне үлкен қара құлып салыныпты. Кішкентай терезеден үңіле қарап еді: іште — көздері гауһар тасша құбылып, аунақши жанып, сыртқа оқырана қараған үш-төрт ат қамаулы тұр. Бәрінің де түр-түстері бөтен.


Енді Бекең қамалған жылқылардың жайын біле кетпекке кеңсеге соққан. Кеңсе алдында Сәбира екі жақ қанжығасынан екі бау егінді шешіп тұр екен. Масағы тап кере қарыс дерлік, сабағы ерте шыққан бал құрақтай салалы, бітік өскен көк егін. Ат сауырынан салбырап, жерге сүйретіліп жатыр.


— Шырағым, мынауың көрмеден келген егін бе, тегі? — деді таңданған Бекең.


— Үйжығылғанға шыққан егін ғой, ата.


— Пәлі, пах шіркін,— деп қарт тамсана таңырқады.


Басқа ештеңе айта алмады. Бір сәт өзінің еріксіз өзеурегеніне қыз алдында қысылып та қалды. Сонау көктемде бұған айтқан ауыр сөздері есіне түскен. Бірақ Сәбира кек сақтамаған сияқты. Үйжығылғандағы егінді мақтай тұрып, шалбарының қалтасынан қызыл шүберек бауы бар кілтті алып ұсынды.


— Ата, көрші колхоздікі болу керек, төрт ат сол егінді түнімен таптапты. Жаңа айдап әкеп, сіздің қораңызға қамап қойдым, - деді.


Бекең сол кеңседен шыққан бетте Үйжығылғанға тартты. Мұндағы бітік өсіп тұрған егін, Сәбира апарған баудан да биік көрінді. Масақтары торы аттың үстіндегі Бекеңе жетіп тұр. Таңертеңгі самал желмен изеле түседі. Егін сабағы болат шыбықтай иіліп, одан серпіле қайта түзеліп сыңсыған масақтар бір-біріне соғылысады. Құлаққа естілмес үн шығарып, сыбырласқандай болады. Ауқымы сары шымшық торғайлар тербетілген масақтың бірінен-біріне қонып, дәйек таппайды. Бекең ұзақ тұрып, зират болған тұсқа мөлшерлеп көз жіберді. Біркелкі боп теңіздей толқыған егін. Ат үстінде тұрған күйде, ернін жыбырлатып құран оқыды. Онан соң торыны оттықтыра жүріп, төрт жылқының жапырған жерін көрді. «Апырау, айнала тола егін екенін біле тұра, малды бетімен жіберген қай қостаппағыр екен» деп кіжінді. Ала жаздай мұнда бір оралып соқпағаны үшін өзін де кінәлі деп білді. Осылайша, қитығып келе жатқанда, көрші колхоздың жоқ іздеушісі кезікті. Киіз қалпағын жәпірейте киген, өзіндей шал екен. Бекең бар ызасын соған төкті.


— Немене, алдыңдағы малдан айырылып қара басып жүр ме?! Сақалды басыңмен не деп ұялмай іздеп келдің,— деп дүрсе қоя берді. Міңгірлеген шалдың аузын ашырмады. Үйжығылғанды бір айналып, жылқылар таптаған жерді аралап шыққанша, шалды әбден-ақ сыбады.


Ашуы біраз тарқайын деген. Бағанадан ләм-мим демей келе жатқан жоқ іздеуші шал бір мезгілде:


— Әй, ұрыстың ғой, жетер енді. Саған да кінә бар ма, шаруаның жайы шығар,— деп сөздің бетін басқаға бұрар түр білдірді.— Менің таңғалып келе жатқаным, осы арада бір зират болушы еді, сол қайда?


Бекең күбірлеп:


— Мына егіннің астында,— деді.


— Астапиғиралла-а! — деп шал жағасын ұстады.— Әй, өзің күнәға белшеңнен батып жүр екенсің ғой. Сақта... сақта... Енді өлер шағыңда зират үстіне егін салып, соны қорып жүрмін де.


Шалдың мұқата айтқаны Бекеңе батып кетті.


— Жә, жалғыз менің салған егінім дейсің бе? Ел ырзығы,— деп ақталды.


Енді екі шал аттарының ауыздығын алып, аяң жүріспен ауылға қайтты. Жол бойы Бекең бар әңгімені жырдай ғып айтып шықты. Күйзелген халін де білдірді.


— Сен не дейсің? Үйжығылғандағы астықтың шығымы жақсылыққа ма? — деп сұрады.


— Жақсылыққа болар. Әйтпесе, сондай бітік шығар ма еді.


— Онда, Серікті жай соққаны қалай?


Бөгде шал да ойланып қалды. Әлден уақытта:


— Алланың ісі ғой,— дей салды.


— Иә, алланың ісі,— деп Бекең де қостады.


Кешкісін кемпіріне Үйжығылғандағы егінді аузының суы құрып әңгімеледі.


— Жарықтық, аруағыңнан айналайындардың топырағының қасиеті ғой,— деді кемпірі.


***


Сәбира әкелген егіннің бір бауы председательдің бөлмесіне қойылған. Енді ауданнан келген өкіл атаулының көзі ең алдымен осы егінді көретін болды. Сүйсіне таңырқасып биіктігін өлшейді, масағын салмақтайды. Ал кетер кездерінде басқаларға көрсету үшін де, әрқайсысы бір-екі масақтан қалталарына салып кетеді. Бірер жетіден кейін, бұрышта саудырап егіннің сабақтары қалды. Председатель Бекеңе Үйжығылғаннан тағы бір бау әкеп беруін өтінді.


Бекең Үйжығылғанға екінші рет келді. Астық сарғая бастапты. Жарылардай боп ісіне нығыздалған дән қатайып қалған. Бір-екі масақты үгіп, дәнін аузына сап көріп еді тісіне жабысты. «Жарықтық, жақын қапты-ау пісуге де» деп тамсанды. Бір бау егінді жұлып қанжығасына бөктерді. Енді кетпек еді осы кезде Үйжығылғанның еңісінен шығар жалғыз аяқ жолмен көзілдірікті, қолында таяғы бар, ақ құба жас жігіт жаяу көтеріліп келеді екен. Соны көріп кідірді. Жігіт Бекеңе сәлем беріп, өзін көрші колхоздың жаңадан келген агрономымын деп таныстырды. Үйжығылғанда өскен мақтаулы астықты көзімен көруге арнайы шығыпты. Жігіт бірнеше масақты үгіп дәндерін санап, егіннің бойын өлшеп, топырақты уыстап көріп, бітік егінге таң-тамаша болды.


— Менің байқауымша, осы тұс ерекше құт-береке дарыған жер сияқты,— деді ол. Бекеңе жігіттің мына сөзі де, инабатты мінезі де, тіпті жаяу жүргені де ұнап кетті. «Білетін бала» деп түйді ішінен. Жігіт алдында өзінің де көпті білетін шежіре қарт екенін сездіргісі келді де:


— Ата-бабамыздың жері ғой. Ерлікпен өткеріпті өмірлерін... Анау бір тұста зираттары болған... Бұл егін... қасиетті топыраққа өскен,— деді.


— А-а...


Жігіт көзілдірігін алды. Көзін сығырайтып Бекеңе қадала қарап біраз тұрды. Ішіңізде керемет құпия сыр жатқан сияқты ғой, ақтарсаңызшы дегендей сыңай бар. Бекең атын сәл ойпаңдау жерге түсіріп мінді де:


— Солай, балам,— деді ерге шірене отырып.— Нелер қызық әңгімелер бар ғой.


— Мына егін жиналған соң, әңгімеңізді тыңдауға арнайы келемін,— деді жігіт.— Қарсы болмасаңыз жазып алармын.


Жігіттің «жазып алармын» деген сөзіне де Бекең дән риза болды.


— Есен бол, балам,— деп қоштасты.


Бекең жол бойына көзілдірікті бейтаныс жігіттің көңілдегі жақсы ойды оятуға себепкер болғанына таңданды. Бұрын еш уақыт ертегі-аңыздар айтып көрмеген Бекең енді қазір тыңдар адам болса, нелер қызықты жайды құйқылжытар түрі бар. Бабалардың батырлығын тілі жеткенше дәріптеп, ұрпаққа паш етпек.


Алды-артты орап зыңылдап ұшқан сонадан есі шығып, тыпыршып келе жатқан торы ат кенет жалт еткенде, Бекең бір жағына бұлт етіп түсіп қала жаздады. Жолдың дәл ортасынан тышқан ін қазыпты. Басы анда-санда қылт етіп, дымқыл топырақты сыртқа бұрқ дегізеді. Ат содан үркіпті. Дәл төбеде биікте тышқанның осы әрекетін аңдығандай, шүйліге қалқып қарақұс жүр.


Бекең ең әуелі өз үйіне соғып, кемпіріне Үйжығылғанның егінін көрсетіп, бір таңырқатқысы келді. Балсары етек-жеңін түрініп, тезек таптап жүр екен.


— Беке-ay, мынауыңды құрақ па дейін десем масағы бар, егін дейін десем тағы сенбей тұрғаным,— деді істеп жатқан ісін тастай беріп.


— Осы ғой, Үйжығылғанның егіні.


Балсары салбырап, үзіліп түскелі тұрған масаққа қол созған.


— Жә, енді, қолыңды жуып-ақ ұстасаңшы,— деді Бекең көзін алартып.


Әншейінде қарсы сөз айтып, дүрсе қоя беретін Балсары бұл жолы үндеген жоқ. Қолын жуа тұрып:


— Кеңсеге шайыңды ішіп ап бар,— деді көңілді үнмен. Онан соң алысқа сілейе қарап, көз айырмастан: — Анау, не түтін, Беке? — деп сұрады.


Ат үстіндегі Бекең, әлгінде ғана өзі келген жаққа қарады. Өңі күрт сұрланып кетті. Атын тебіне түсіп, қолын көлегейлеп, көзін қайта-қайта жыпылықтата қарады. Үйжығылған үстінен қою көк түтін көрінеді.


— Өрт! Өрт, аттан! — деп ышқына дауыстағанын өзі де сезбей қалды.


— Ат-тан!


Арық шетіндегі сымбатты көк теректің қолына ілінген бір бұтағын сындыра жұлып алды да, Үйжығылғанға қарай шаба жөнелді. Құйындай ұшқан торы ат көзден жас ағызып келеді. Анда-санда көзінің жасын саусағымен сырып тастаған Бекең, түтіннің мөлшерін бағдарлайды. Иә, түйдектелген қою түтін — лауылдай жанған өрттің түтіні, аспанға лапылдай көтеріледі. Қатты жанып жатыр. Тек астық қана осылай өртенетін. Үрейлі өрт. Аумағы да кең сияқты. Бір сәт Бекеңнің көз алдына шатырлай жайып жатқан маржан дәнді астық елестеді. «О, дүние, енді бабалар зиратының үстін өрт жайлайын дегені ме?» Торы атқа қамшыны басып келеді. Міне, алда ең соңғы дөң қалды. Созыла шапқан торы тік өрден іркілмей шықты. Әп-сәтте Үйжығылған алақанға салғандай көрінді. Көзі жасқа толы Бекең ат басын іркіп, қолындағы терек бұтағын лақтырып жіберді де кеңкілдей күлді. Егін дін аман еді. Анадай жердегі, төңірегін соқамен айдап тастаған, бір шошақ шөп лауылдап жанып жатыр. Көзілдірікті жігіт киімін жалпылдатып, өшірмек боп далбаса етіп жүр.


Бекеңді көре салып қарсы жүгірді. Қаны қашып, мүлдем үрейі қалмапты.


— Мен... темекі тартып, көлеңкеде ұйқтап кетіппін... Сөндірейік... Су, су...— дейді есі шығып.


— Жә, сабыр ет, балам. Өртенер шөп өртеніп кетті ғой. Енді, тек астыққа тигізбейік,— деді Бекең оны жұбатып.


Шөп жана келе төмен басылып, орнында күлі ғана қалды. От та лауылдамай, енді күл астынан бықси жанды. Көзілдірікті жігіт әлі дір-дір етеді.


— Аңқау басым... қалай кетіп қалғанын білмеймін.


Бекең дүрсе қоя беріп, сыбап ұрсуға оқталды да, онсыз да өңі кірмей тұрған жігітті аяп, іркілді.


— Өй, жаман неме, сен жазып та оңдырмассың,— деді онан соң ызалана зекіп.


***


Астық қызыл күрең тартты. Масақтары сыңғырлап, жинайтын кез де жетті. Егін орағы басталып, диқаншының күндіз-түні дамыл көрмейтін шағы туды.


Күн мұнарланып, дала да шаңытты. Егін арасындағы ала жаздай шырмауық басып кеткен сүрлеу жолдармен айқыш-ұйқыш созылған борпылдақ қара жолдар көбейді. Бұрқ-бұрқ еткен қалың шаң қапырық түтетеді. Ертелі-кеш егіс басында жүрген Бекеңнің топырақ тұтқан бет-аузы көн теріше тырысып, жалақ болуға таяды. Таңдайы құрғап, жиі шөлдейді.


Бүгін Үйжығылғандағы участокке комбайн түседі дегенді естіп, ертерек келген мұнда. Астық түсімін өз көзімен көрмек еді. Кең жазықты түске дейін аралап, шөліркеп келе жатқан. Егін оруға енді ғана кіріскен комбайнға қарай бұрылды. Тракторшы Самат екен. Бекең таяғанда-ақ ол тракторын тоқтатып, жерге қарғып түсті де:


— Оу, шал, тез, тез! Құдай айдап келеді екен сені,— деп қуана қарсы алды.— Өзің қоқыраймай, түссеңші аттан. Әй, Қайрат,— деді комбайнерге дауыстап,— сенің әлгі торсығыңда көженің суынан қалып па еді? Әкелші. Мына шалдың ерні кезеріп кетіпті. Көнін бір жібітсін. Ха-ха-ха.


Бекең бидай көженің мұздай суынан ұзақ сімірді. Тіпті атының шылбырын босатып алғанын да байқамай қалды. Шыбындап, жұлқынып тұрған торы сытыла жөнелді. Сүйретілген шылбырдан осқыра үркіп, ойнақ салып, лезде төбе асып кетті.


— Ештеңе етпейді, шал, космос заманында жаяу қалам деме, қазір машина келеді. Кәне, шақшаңды әпкел бері,— деді даурыға сөйлеген Самат. Онан соң Бекеңнің шақшасындағы насыбайдың жартысын алақанына салып алды да,— көп алды деп ренжіме, шал,— деп қойды.— Биыл мен қалай шалжақтасам да жөні бар. Міне, көрдің бе, мына жамбасқа өскен астықты. Рекорд емес пе?! — Самат сол қолымен зират төңірегіндегі тың жерді нұсқайды. Бұл, шалым, білсең мына менің төл еңбегім. Оллаһи, солай. Осы жерді дәл биылғы көктемге дейін ешкім айдамапты, айдауды ойламапты да. Қаншама тың жер бос жатқан. Биыл көктемде ешкімнің нұсқауынсыз-ақ, қайдан шықсаң, онан шық деп бір түнде айдадым да тастадым. Енді қазір бастықтар көреді де: «баяғыдан бері бұл жерді неғып айдамағанбыз» деп, таңдайларын қағысып, өкінеді. Мен оларға: «ал, бастықтар, рекорд керек пе еді, мен өсірдім, енді Еңбек Ері деген атақ әпермеңдер, сонда болсын сөзім сендермен» дейім.— Ол насыбайды аузына салып жіберді де, сақауланып: — Саған да иақмет, шал! Мал түсірмей жақсы қойыпсың,— деді. Бекең Саматты өмірінде жаңа көргендей бажырайып қарады да қалды. Ойы ұйқы-тұйқы боп кетті. «Оу, сонда бәріне кінәлы осы антұрған болғаны ма? Ендеше, аруақ осыны неғып атпаған».


— Әй, сен осы тұста зират барын біліп пе едің? — деп сұрады.


— Қайдағы зират?


— Оңбаған-ау, жерді тас-талқан ғып жыртқанда көрмедің бе?


Самат шырт ете түсті.


— Әй, шал, оңбағаның не көкіп тұрған. Өзің қалай сөйлейсің? Байқа. Немене, мен сенің зираттарыңды түгендеушің бе едім. Онысы несі, ей. Кәне, марш, бұл жерден!


Самат тракторына кетті.


— Қап, мына итті-ай, ә. Қап...— деп кейіген Бекең шарасы таусылып тұрып қалды. Енді бірдеңе дер болса, Самат қойып жіберуден де тайынар емес.


Бекең енді екі қолын артына қайыра ұстап, шетке шығып тұрды. Трактор ішінен тісін ақсита күлген Самат дәл жанынан өтті. Оның ыржақтаған кейпі Бекеңнің ит жынын қоздырды. «Әй, аруақ деген бар болғыр, жоқ шығар. Жоқ қой. Әйтпесе атпас па еді, мына періні табаңда,— деп күйіп-пісті Бекең.— «Не көкіп тұрсың»,— деді-ау...»


Сәлден соң қырман жақтан машина да келді. Комбайнмен қатарласа жүріп, қорабына толтыра астық құйып алды. Бір кезде машина кабинасынан Сәбира шықты. Аяғы кәдімгідей ауырлап қалған екен. Ол жерге түскен комбайнермен сөйлесіп, шабылған жерді қарап шықты. Комбайн артынан түскен топанды тексерді. Онан соң Қайратқа әлденендей бұйрықтар айтты да, кері бұрылған машинаға отырды. Пая үстінен деміге қозғалып, жай жүрген машина Бекеңе жете тоқтады.


— Ата, жүріңіз, отырыңыз, — деді шофер жігіт.


Бекең таянғанда Сәбира ауыр қозғалып, машинаның үстіне шығып кетті.


— Балам, бекер қиналдың ғой. Үстіне мен-ақ отырайын да, — деді Бекең қызға риза болған көңілмен,— Мен бұл бар болғырдың ішінде отыра алмаушы едім. Иісіне шыдай алмаймын.


Шофер жігіттің демеуімен Бекең де машинаның үстіне шықты.


— Үсті жайлы екен, отыра берейін, — деді Сәбира.


Машина үсті шынында да жайлы екен. Толықсыған машина жүрісіне қарай бидай ілгері-кейін жұмсақ қана лықсиды. Жаңа астықтың дәні де толық қата қоймапты. Сүт аралас қою тоқ иіс аңқиды. Машина егістіктен шығып, қара жолға түсті. Енді жүрісі мүлдем жайлы. Тіпті бүлк еткізер емес.


— Ата,— деді әлден уақытта Сәбира. — Сіз маған әлі де ашулысыз ба?


Сәбираның сөзді бұлай тік бастауынан Бекең ыңғайсызданып қалды.


— Неге, шырағым, неге? — дей берді.


— Мен білемін неге екенін, ата, артынан естігем білетіндерден. Осы участокты айдатқан мен деп ойлаған боларсыз...


— Сенен емес екенін білдім ғой, шырағым,— деп Бекең оған кешірім өтіне қарады.


— Зират қай тұсында еді? — деп сұрады Сәбира.


Енді зират жайлы сөз ете беруді жөн көрмеген Бекең:


— Білмеймін, шырағым,— деп шынын айтты.— Қай тұста қалғаны белгісіз. Тіпті қоялықшы соны. Бір кезде бар болса да, қазір жоқ қой.


Сәбира езу тартты.


— Сізді Самат көндірген екен.


— Е, көнбегенде ше. «Тоқпақ мықты болса, киіз қазық жерге кірер» деген емес пе,— деп қойды Бекең. Онан соң көңілдене түсіп: — Жарықтық, баяғыда, жаугершілікте жүрген бір бабаларымыз...— деп түсіп, ұзақ сонар әңгімесінің бірін бастамақ болған.


Бірақ Сәбираның көңілі, оның сөзін тыңдайтындай емес, мүлдем басқа жақта еді. Қап-қара ала боп ноқта басқан жүзі күреңітіп, қалың ойға берілген.


Дәннен уыстап алып алақанына сапыра ұшырды.


— Тұқымдық астықты осыдан құямыз,— деді әлден соң.— Келер жылы бұл дән жер қойнына енеді. Қызық-ау өмір... Жерге көміледі, содан өніп шығады...


Күзгі сұрғылт аспанда қазбауыр бұлттар тұр. Қозғалмайды. Мүмкін қозғалса да білінбейтін болар.





Пікір жазу