Басында Үшқараның...
Әкімге
1
Әсет поездан таң алдында кеп түскен. Шағын станцияда мұнан өзге сыртқа шыққан адам болған жоқ. Шала ұйқыдан өңдері бозарған проводниктер сыртқа самарқау қарап, вагон есіктерінде тұрды.
Тербетілген бұйығы жылы вагоннан кейінгі көктемнің таңғы салқын ауасы бойын лезде қалтыратып жіберді. Тітіркенген Әсет жылы вагонды қимаған көңілмен кейін бұрылған, есік көзінде тұрған проводник қыз жоғарыдан күлімсірей қарап қолын бұлғады. Таңғы шапақта өңі айрықша боз тартып, сүйкімді еді. Бойы онша биік те емес, нағыз сымбаттының өзі. Қазақ қызына тән бар әсемдікті бір бойына жиып қойғандай. «Осындай қыздың да мұңы бар-ау...»
Поезд ақырындап жылжи бастады. Сол-ақ екен, Әсет кездейсоқ бір бақытты сәттен жырылып, жалғыз қалғандай күйге түсіп, көңілі құлазып сала берді. Өмірдің барлық қызығы мен шыжығы осынау поезда, бұйығы жылы вагонда кетіп бара жатқан тәрізді.
Ылғи осы — ойлап-күтпеген жерден осындай бақытты сәттер тап болады да, асты бұлаң етіп, сусып шығып кете береді. Осындай қимас шақтар неге тұрақсыз екен? Әлгінде ғана бұған қарсы қарап, көзі күлімдеп отырып, әңгіме орайына қарай еш бүкпесіз, ақ жарқын көңілмен өзінің біраз сырларын айтқан, жақсы бейіл білдірген сүйкімді қыз бір көрген түстей ғайып болды. Әсет поезд соңынан телміре қарап ұзақ тұрды.
— Сіз Әсет ағасыз ба?
— Иә.
Кепкісін бір жақ шекесіне қисайта киген, кеспелтек бітімді, бітік көз сары жігіт именшектеп қасына келді.
— Сәлеметсіз бе? Мен сізге келдім. Машина анау қақпаның алдында тұр.
— Сен кімсің?
— Әбдібаймын.
— Кімнің баласысың?
— Шұбардың.
— Өй, үлкен жігіт боп кетіпсің ғой.
Кәдімгі өзінің туған нағашысының баласы, бір кезде портфеліне жарты таба нанды бір-ақ салып ап, сылпылдатып соғып жүретін домалақ сары бала. Жауырыны қақпақтай, үлкен, төртбақ жігіт болыпты. Оны құшақтап, маңдайынан сүйер-сүймесін білмей дағдарып қалған Әсет, ақыры дардай жігітті баласынып сүйіп жатуды ерсі көрді.
— Көтер чемоданды! — деді оның түр-тұлғасына, балуан мүсініне сүйсіне қарап. Шақпақ жейдесінің жеңін түріп алған. Сәл безеу басқан иегінде, ұртында тебіндеп өскен бес-алты тал сақал-мұрты бар.— Сен шофер ма едің?
— Иә.
— Батырың, оқуды жылы жауып тастаған екенсің ғой.
Чемоданды көтеріп, алға түскен Әбдібайдың құлақтарына дейін қызарып кетті. Бірдеңе деп міңгірлеген болды, бірақ не дегенін Әсет естіген жоқ.
— Нешінші кластан тастадың? — деп сұраған.
— Сегізіншіден.
— Ым-м...
Жеңіл газик станцияның балшық дуалды үйлерінің арасын жарып өтіп, ауылға баратын асфальт жолға түсті де, аппақ боп атқан таңды бетке ұстап, заулап жөнелді. Көктем айының әлі құлпыра қоймаған кезі. Қардан құлантаза арылған жер енді-енді дендеп бусанып, көк-суын бойына таратып, бауырын жазып, ширай бастаған.
Ойлы-қырлы кең дала, шығар күннің алқызыл шапағында, түнде көк аяз қалың шықтан жалтырап күміс жалатқандай сыздап жатыр. Ауыл — анау, көкбуалдыр таңғы сағымның арасынан көрпесін басына дейін оранып ап бүк түсіп жатқан адам сияқты дүңкиіп тұрған қоңыр таудың етегінде. Станциядан отыз шақырым.
— Үй іштерің аман ба? — деп сұрады Әсет.
— Аман.
— Сен кімнің машинасын айдап жүрсің?
— Парторгтың.
— Әпкемнің үйі тойға әзірленіп жатыр ма?
— Иә.
— Өзі, тойлары қашан, бүгін кешкісін бе?
— Бүгін.
Әбдібай кішкене күнінде де мыңқиып үндемейтін бала еді, сол мінезінен қазір де аумаған сияқты, тілінен тартқандай қып сөйлетпесе, сөйлейтін түрі жоқ. Тағы біраз ананы-мынаны сұрастырды да, ақыры Әсет те өз ойымен өзі боп кетті.
Солтүстік-шығыс жаққа көз тіккен. Әлгіндегі поезд сонау алыста, көз ұшында кетіп барады екен. Көкірегі тағы да ойсырап, әлгі проводник қызды есіне алды. «Сондай қызда да мұң бар, ә?» «Махаббат дегенге сенбеймін, бәрі алдамшы, дейді. Сондай қызды алдаған опасыздар да бар ма екен...»
Түнде тербетілген вагонның ішінде әр түрлі ойға кеткен Әсет ұйықтай алмай дөңбекшіп ұзақ жатты. Ақыры басы ауыра бастаған соң, жайлап орнынан тұрды да, проводник қыздың қасына кеп отырды. Әңгімелесті. Әуелде сөздері байланыспай екеуі де сыпайылық сақтап кібіртіктеп отырды да, артынша көптен таныс, бірінің сырын бірі жалғыз сөзден ұғатын жандарша жақсы сырласып кетті. Әсет өзінің ғылым кандидаты екенін айтқан.
— Ал мен сізді студент шығарсыз деп ойлап едім,— деді қыз күліп.
Көзі күлімдеп бұған тіктеп қараған. «Ақылды жан,— деп түйді Әсет.— Бірақ өмірден опық жеген, өкініші бар-ау...» Айтқандай-ай, әңгіме жастық, махаббат жайына ойысқан кезде, қыз мұңая отырып, махаббат дегенге сенбейтінін, бәрі алдамшы екенін айтты.
Қазір Әсет машина үстінде келе жатып сол сәттегі қыздың бүкіл кескін-кейпін есіне алды. «Қап, не болса о болсын, кете беруім керек еді-ау. Қап...» — деп өкінді ол.
Тегінде, оның ауылға онша зауқы да соғып келе жатқан жоқ. Өзін еліктірер, қызықтырар бірдеңе бар деп ойламайды. Осыдан тоғыз жыл бұрын, енді қайтып ауылдың қарасын көрместей безіп, запты боп кеткен еді. Өзінің панасыз, күйсіз жетім қалған ауыр жағдайы, сол кездегі ағайыннан көрген теперіші есіне түссе, күні бүгінге дейін көңілі жасып, қорланғандай болады. Бұл жолы тек етбауыр жақыны — жан дегендегі жалғыз әпкесінің көңілін қимай, соның алдында, ең болмаса, бір рет туыстық парыздан құтылу үшін келеді. Хат жазып, тұңғыш қызының ұзатылу тойына шақырыпты. Әсет ойлаған кезде, көкірегінде оған деген аяныш оянады. Баяғыда ұзатылып бара жатып, әпкесінің жылағаны күні бүгінге дейін есінен кетер емес. Неге жылады, нендей қорлық, яки зорлық көрді? Ол жағы Әсетке белгісіз. Әйтеуір жайдан жай жыламағаны анық. Сол әпкесі қазір қандай екен? Қартаймады ма екен? Шешесіне қатты ұқсаушы еді.
— Әпкем қалай, қартайып кеткен жоқ па? — деді әлден уақытта.
— Білмеймін.
— Неге білмейсің?
Әбдібай кінәлі пішінмен иығын қиқаң еткізіп қойды. «Өй, мынау бір дүмбілез бірдеңе болды ғой»,— деді, нағашы інісіне қарны ашыңқырап қалған Әсет.
Арқан бойы көтерілген күннің өткір сәулесі тікенше қадалып. Әсеттің көзін ашытайын деді. Түні бойы ұйықтамаған адамды машина ішінің қоңырсық жалыны езгілеп, манаурата берді. Соны сезген Әбдібай алдыңғы беттегі әйнектің астыңғы жағын сәл көтеріңкіреп қойды. Бір әдемі қоңыр жел аңқылдай соқты.
Әсет далаға көз тастаған. Сол баяғы талай рет аттылы-жаяулы жол шеккен бел-белестері. Бұрынғысынан басылып, кішірейіп, көзге қораш тәрізденіп қалған. Бұрын станция мен ауыл арасы өте алыс көрінуші еді, енді қараса мына тұрған жер сияқты. Есінде өзінің шаршап-шалдығып жаяу жүрген кездері ғана қалыпты, әнеу бір дөңесте демалғаны, әнеу бір жырада шөлдеп кеп бұлақтан су ішкені — бәрі де қазіргідей анық есінде. Тіпті сол кездегі көңілінің жабырқау, жадау күйі, жаяу жүріп шаршағаны қазір тәтті бір қиял тәрізді есіне түседі. Ал машинамен жүрген сапарларының бірі есінде жоқ.
— Әй, машинаңды анау жыраға қарай бұршы, сонда бір бұлақ болушы еді, көре кетейін,— деді. Әбдібай ләм деместен машинаны жолдан бұрып, жусанды, бетегелі жонды бауырлай тартты. Машинаның жүрісі селкілдеп кетті. Көктемгі даланың бусанған күлімсі иісі аңқыды.
Жыраның құлама тұмсығына келгенде Әсет машинадан түсіп, төменгі бұлаққа қарай жаяу жүрді. Әбдібай да ере түскен. Жан-жағы қалың қурай, көзін шөп-шалам басқан тазартылмаған бұлақтың басына кеп Әсет ойлы күйде біраз тұрды. «Мынау жерде былай жантайып жатып едім»,— деп ойлады ол. Аяғына бәтеңкесінің шегесі батып қанап еді, тас тауып ап, сол шегені ұрғылап ұзақ отырып еді. Қазір ойлап қараса, онысы тағдыр тәлкегі емес, жай балалық құсалық екен. Тіпті күлуге болады. Басқа біреуден жүкті боп қалған қыз бұған жала жапты, ал ағайын-туған мұны соған үйлендірмек боп, жатып кеп, соңына түсті..
— Мен осы жолмен станциядан ауылға үш күннің ішінде екі рет жаяу қайтқам,— деді Әсет Әбдібайға бұрылып.— Осы бұлақтың басына кеп отырушы едім. Туу, рақаты-ай, тамаша жер-ау!..
Әсет керіле созылып, бір сәтке тым-тырыс тұра қалды. Бұлақ суының бүлк-бүлк аққан күбір дыбысы естілді. Енді ғана байқады: далада құс деген мұндай көп болар ма, әрқайсысы өзімен-өзі бұлай ұшады, бірі олай ұшады, енді бірі тастың, бұтаның үстінде шоқиып отырса, бірі қурай-шөптің арасына сып ете түседі, бозторғайлар жер үстінен көтеріле безектейді, шырқау көкте шырқырайды. Масайраған дүние. Өзінше бір қым-қуыт өтіп жатқан у да шу қызық тірлік.
— Жүр, кеттік!
Біртіндеп Әсет көңілінде осынау далаға деген биіктен қараған өктем сезім пайда болды. Жер шарында осынау аралық ноқаттай ғана боп көрінер, тіпті бар-жоғы да бірдей. Ал осынау аралықта жүздеген жылдар бойы мұның ата-бабалары тіршілік етіп, өмір кешті, дүниенің кеңдігін, жақсысы мен жаманын осынау ұлтарақтай ғана аралықта өлшеді. Туған жер, өскен жер деді, сондағылары ұлтарақтай ғана аралық.
Ауылға таяп қалған кезде, жолдың оң жағындағы дөңнің үстінен зират көрінді. Аппақ шаңқандай күмбездерге көзі түсті. Бұрын бұл төңіректе төрт құлақты там болмаса, мұндай күмбездер болмайтын. «Қарай гөр»,— деп таңырқап қойды. Өзіне ұнап қалды бұл жаңалық. Әкесі мен шешесінің зираттарын есіне алды. Қазір қандай күйде екен?
— Әбдібай, айналайын, зиратқа қарай бұршы, әкем мен шешемнің басына бара кетейін,— деді. Әбдібай тағы да ләм деместен, жолсызбен бұрылып, зиратқа төтелете тартты.
Зираттың көлемі едәуір кеңейіпті. Көбісі құлап-мұжылған ескі төрт құлақ балшық тамдар, темірден, ағаштан жасалған қоршаулар, кейбірінің төбесіне қаңылтырдан ойылған жұлдыздар, кейбірінің төбесіне айшық орнатылған. Осылардың бәрінен әлгінде алыстан көрінген үш күмбез сәл оқшаулау тұр. Алыстан бәрі бірдей боп көрінгенмен, жақыннан қарағанда бірінен-бірі өзгеше, ою-орнекті, сән-салтанатты жасалыпты.
— Осы күні біздің ауылда өлгендеріне осындай күмбез соқтыру салтқа айналды,— деді Әбдібай.
Әсет қабір-қабірлердің арасымен өтіп, өзінің әкесі мен шешесінің қатар жатқан зираттарын тауып алды. Сыртындағы там қоршаулары құлап қалған, үсті ши қияқ пен қурай басқан, тегістеле бастаған қабірлердің тұсында, жүрегі суылдап екі-үш минуттай тұрды. Әкесінің қабірінің бір жағы ішіне түскен сияқты, бірақ оған жақын барып, анықтап қарауға Әсеттің жүрегі дауаламады. Өзінің тым-тырыс жатқан қалың зираттың ең ортасына кеп тұрғанын енді ғана аңдағандай бүкіл он бойы тітіркеніп, дірілдеп кетті. Әбдібай машинасын шұқылап жатыр. Келерін келсе де не істерін білмеген Әсет, апасының қабіріне тағы бір қарады да, кейін бұрылды. «Мұндайда не деуге, не істеуге болады екен. Үн-түн жоқ келіп, құр қарап тұрып-тұрып кеткен қандай ыңғайсыз еді»,— деп ойлады. Бір түрлі, өз-өзінен қуыстанған ыңғайсыз күйге түсті. «Әдейілеп бұрылғандағым осы ғана ма»,— деп ыза болды.
Шетке шыға бергенінде, төбесіне жұлдыз орнатылған темір қоршаудың ішінде қызыл граниттен құлпытас қойылған қабірге көзі түсті. Құлпытас бетінде әйнектелген суреті де бар екен. Әсет таяу келгенде тани кетті: бір кезде мектепте өзіне математикадан сабақ берген ұстазы екен. «Қайтыс болған екен-ау, байғұс-ай...» Туған жылы мен өлген жылын оқыды, алдыңғы жылы қайтыс бопты, қырық тоғыз жасында. «Байғұс шектен тыс қатал болғанымен адал адам еді, топырағы торқа болсын»,— деп күбірледі Әсет. Ұстазы суретінде де қабағын шытынып, ернін жымқырып түсіпті.
Әсетке әке-шешесінің қабірінен гөрі ұстазының қабірі қатты әсер етті. Өлім дегеннің не екенін енді ғана шындап сезгендей үрей пайда болды. Тезірек кеткісі кеп, машинаға қарай асықты. «Қатал еді, байғұс, шектен тыс қатал еді...» Математик ұстазының қит етсең, кластан қуып шығатыны, есеп шығарғанда сәл қателессең, кешірім етпестен екілік қоятыны есіне түсті. Ол ол ма, ауылға келген жаңа киноларды қатал бақылап отырушы еді. Егер фильмнің ішінде, ең болмағанда, бір жерінде қыз бен жігіт сүйісетін көрініс болса, я оқушы балаларды клубқа кіргіздірмейтін, немесе, киномеханикті шырылдатып жүріп, әлгі сүйісетін көріністі қиғызып тастайтын. Қызық кісі еді...
Әбдібай машинасының капотын жауып, май болған қолын шүберекке сүртті. Сөйте тұрып, анадай жердегі биіктігі кіндіктен ғана келетін, үлкен-үлкен тастардан қаланған зиратты мегзеді:
— Әсет аға, анау, әлгі өткен қыста атылып өлген Бағлан мен Айнаштың моласы,— деді.
— Атылып өлгені қалай?
— Өздері... құшақтасып тұрып атылған.
Әбдібай өзінің шорқақ тілімен: қыз бен жігіт бірін-бірі сүйді, сонан соң атылып өлді, дегенді айтты да қойды. Не себептен, қалай атылып өлді, ол жағын түсіндіре алған жоқ.
— Екеуін бірге көмген, мына сыртындағы тас қоршауды біз қаладық,— деп бітірді сөзін.
«Бәсе, осындай бір құқайсыз болушы ма еді, біздің ауыл»,— деп ойлады, қозғала берген машинаның үстінен тас қоршауға жай ғана бір қарап өткен Әсет.
Міне, еңіс ойда жатқан ауылдың төбесі де көрінді.
— О, өсіп кетіпті ғой, ауыл! — деді еріксіз сүйсінген Әсет. Бұрын әр тұста бір үйме-жүйме боп шашырап жататын, мыжырайған қора-қопсылы, үйлердің орнын жаңадан салынған ақ шатырлы еңселі үйлер басып кеткен, жаңа көшелер пайда болған. Ауылдың орта тұсындағы бір кезде балалар доп ойнайтын ашық алаңда екі этажды үлкен үй тұр.
— Анау жаңадан салынған мектеп пе?
— Иә.
— Анау немене?
— Балалар бақшасы.
— Анау ше?
— Аурухана.
Әпкесі хат жазған сайын ауылдың өскендігін, жаңа мектеп, жаңа клуб, жаңа үйлердің салынғанын айтатын, ол өзгерістерді Әсет өзінше тұспалдайтын, бірақ дәл мынадай көрнекті болар деп ойлаған емес.
Машина дөңнің үстіндегі әпкесінің үйінің алдына кеп тоқтай қалған. Әсет жерге түсер-түспестен әпкесі кеп бас салып құшақтап, көпке дейін айырылмай қойды. Толып жатқан әйелдер, кемпірлер шуылдасып кеп қоршап алды, бірі маңдайынан, бірі бетінен, бірі қолынан сүйіп амандасып, мүлдем құлағын тұндырып, басын айналдырып жіберді. Әсет олардың кейбірін танып, кейбірін шырамытса, кейбіреулерін таныған жоқ. Бірақ өздері жалпақтап кеп мұны қолынан сүйеді. «Айналайын-ай, үлкен азамат болыпты-ау... Асылдан қалған тұяғым-ау»,— десіп жатыр. Әпкесі және бір әйелдер көздерінің жасын сығып жүр. Онан кілең бір бойжеткен сүйкімді қыздар мен жасөспірім балалар кеп, қол алысып амандасып жатыр. Бәрі «ағалап» тұр, бірақ Әсет олардың бірін де таныған жоқ, тек күлген күйде: «жақсы ма, айналайын», «сәлемет пе, қалқам» дей берді. Бәрі де әсем, нұр жүзді көрінді. «Қандай әдемі жастар өскен»,— деп сүйсінді Әсет. Бұрын ол өзін әлі жаспын деп ойлайтын, ал қазір едәуір есейіп кеткендей сезінді өзін. Соншалық бір сый-құрметпен, ілтипатпен өзіне жаудырай қараған жастардың алдында қалай тұрып, қалай жүрерін, қалай сөйлесерін білмегендей, қысылып қалды.
Үйге кіріп, шешініп, енді «үһ» деп отыра бергенде жездесі мен көрші-көлеңдегі үш-төрт ақсақал келді. Бәріне ұшып тұрып, сәлемдесіп, кейбіреулерімен құшақтасып, кейбіреулерімен қол алысты. Үйдің іші-тысы бірдей той қамында екені, кіріп-шыққан адамдардың бәрі той шаттығында екені көрініп тұр.
Сыпсыңдаған жас келіншектер дереу дастарқан жайып, майлы шелпек пен бауырсақты үйе төгіп, шай әзірледі. Осы көңіл, осы көріністің бәрі Әсетті де алып ұшқан бір жақсы қуанышқа бөледі.
Шай үстінде де мұнымен сәлемдесуге келген көрші-қолаң, әйел-еркек үздіксіз кіріп-шығып жатты. Ауыл үйдің ең бір ыстық, қайталанбас салт-салтанаты.
Қайта-қайта көзіне жас үйіріліп, айналып-толғанып, әпкесі келе береді.
— Жалғызым... жарығым... күнім менің,— дейді. Басқа жай сөздерді айтқысы келмейді. Інісіне мейірленіп, елжірей қарайды. Өстіп тек Әсеттің апасы ғана қараушы еді. Сондайда оның өзінің де тамағы құрғап, көзі жасаурай бастағандай болады. Соны сезгенде шай құйып отырған келіншек, әпкесіне:
— Жә, болды енді, бауыры келгенде жылағаны несі. Шай ішкізші,— дейді.
— Жыламаймын. Жыламаймын...— деп әпкесі көзін сүртіп, далаға кетеді. Бірақ көп ұзамай қайта кіреді.
— Айналайын... жарығым... күнім!
«Осы бір сәттер үшін, осындай ыстық сағыныш үшін өмір сүру қандай жақсы»,— деп ойлайды Әсет.
Шайдан кейін Әсет біраз ұйықтап демалғысы келді.
2
Қанша ұйықтағаны белгісіз, бір кезде сыртта, есік алдындагы шаң-шұң еткен дауыстардан оянып кетті. Сөздерінің арасында Әсеттің атын атап қояды. Әсет төсектен басын көтеріп, терезеден қараған: әпкесі бұл әкелген жібек орамалды басына байлап апты, соны екі-үш абысын-ажыны ортаға алып, әрқайсысы әр жақтан тап-тап беріп, таласып тұр екен.
— Әй, қатын, Әсет саған бауыр болғанда бізге бөтен дейсің бе? Әкел мен салам,— дейді біреуі.
— Қойыңызшы, сізге жараспайды. Мына маған беріңдер! — дейді екінші жастау келіншек.
— Әй, өз басымнан да түсіп қалмайды. Аулақ жүріңдер! — дейді әпкесі.
Осы кезде бағанағы шай құйған сыпсың қара келіншек, әпкесінің сырт жағынан кеп, қапелімде жаулықты жұлып әкетті. Қаша жөнелді.
— Қап, мына жаман қарды-ай, ә! — деп айырылып қалған әйелдер сәл қуа түсіп кейін қайтты.
— Айттым жаңа маған бер деп...
Әпкесі жалаң бас күйінде шашы қобырап, күліп отырып қалды. Онан соң өзінің бұрынғы орамалын байлады. Әсет енді көріп отыр, әпкесі анау жылғысынан әжептәуір қартайып қапты, етжеңденіп толған. Қырықтағы жасынан гөрі сәл кекселеу көрінеді. Үстіне ұзынша қып тігілген барқыт камзол киетін бопты. Белін ақ бөз белбеумен орап алған. Сірә, белі ауыратын болғаны ғой. Тоғыз баласы бар, соларды өсіру оңай дейсің бе?
Әсет төсекке қайта жантайды. Сырттағылардың сөйлескен сөздеріне, әзіл-оспақтарына құлақ түріп жата берді. Әлден уақытта әпкесінің:
— Апыр-ау, мына келе жатқан Зағипа ма, ей?! — деген даусы қаттырақ шықты. Әсет елең ете қалды..
— Амансыз ба, тәте? — деген ұяң дауыс та естілді.
— Аманшылық. Өзің де үй ішің, бала-шағаң аман ба? Мал-жандарың сау ма? Иә, қайдан жүрсің, қарағым-ау. Құмнан бері көштіңдер ме?
— Екі-үш күн болды, мына астыртқа көшіп келгенімізге. Ауылға ұн тартқызып алайын деп келіп ем.
Әпкесі Зағипамен тағы біраз сөйлесті. Бір кезде Зағипа:
— Әсет келді ме? — деп сұрады.
— Келді ғой, қарғам. Түні бойы жол жүріп шаршаған емес ле, демалып жатыр.
— Со келді деп естіп, амандасайын деп едім. Мен Әсетті көрмегелі талай жыл болды ғой... Он бір, он екі жыл бопты. Қандай болды екен, көрейін деп ем. Баяғыда кішкентай күнімізде екеуміз атқа мініп жарысушы ек...
— Күте тұр, қазір оянып қалар...
«Шынында Зағипаны көрмегеніме он бір, он екі жылдай боп қалыпты-ау...— деп ойлады Әсет.— Иә... сегізінші кластан кейін көргем жоқ...»
Бір кезде Әсеттің әкесі колхоздың жылқысын бағатын да, Зағипаның әкесі қойда болатын. Кейде жаз кезінде жылқылы ауыл мен қойлы ауыл қоңсы қонғанда Әсет пен Зағипа екеуі екі атқа мініп ап, мал қайырып, жарысып ойнаушы еді. Жаңағы Зағипаның айтып отырғаны сол кез. Ал бертін келе есейген шақтарын неге еске алмайды. Екеуі жазғы демалысқа шыққанда жайлаудағы үйлеріне талай рет бірге қайтпап па еді. Зағипаға байланысты бір ұмытылмас сәт әлі күнге Әсеттің есінде. Әсет ылғи өзінің балалық балғын шағын ойлағанда, сол кезді аса бір сағынышпен есіне алады. Өз өмірінің ең бір кіршіксіз, сүттей ақ таза шағы деп біледі...
Жазғы емтихан кезінде Зағипа мен Әсеттердің үйі, Ешкіөлмес тауының теріскей астыртында көрші отырды. Ол кез екеуінің алтыншы класты бітіретін жылы болатын. Емтихан аралықтарындағы екі-үш күнде бұлар осы орталықтағы мектепке үйлерінен тау асып, атпен келіп жүрді. Кейде екеуі екі атқа мініп келеді, кейде бір атқа мінгесіп келеді.
Бірде, ұмытпаса, ақырғы емтиханның қарсаңында болар, күн жауынды боп, жылқылар үй маңынан ұзап, ықтап кетті де, Зағипа мен Әсет ауылда қалған жалғыз атқа мінгесіп шықты. Күні бойы сілбіреп жауған жауын тек бесін кезінде ғана толастаған. Қалың тұман иықтан басып тұрды. Белуардан келген тау шөбі жауын суына шылқып тұр.
Екеуінің мінгені — көшкенде жүк артатын, астынан өтсең — мыңқ етпейтін, китің жол жорғасы бар, жуан торы ат. Зағипа алдында да, Әсет ат көрпенің бір жағын төсеп артқа мінді. Бұта-бұтаның арасын қуалап, биік асуға қарай ирелеңдеп өрлейтін жалғыз аяқ тау жолымен тартып кетті. Жануар торы ат, талай биік асулардан жүк тартып өткен мықты мал емес пе, жауын езген тайғақ сүрлеумен бір сүрінбей мысықша өрмелейді. Тұяғы тайғанақтаған кей тұста тізерлеп әкететін сияқты.
Жол тік шаншылып көтерілетін тұстарға келгенде, Әсет кейін сусып түсіп қалмау үшін Зағипаның белінен құшақтап ұстап алады. Ол кезде Зағипа етіне қол тигізбей орғып тұратын киіктің лағындай шәлкес мінезді, ерке қыз болатын. Әсет өзін құшақтаған кезде:
— Жібер деймін, жібер, қытығым келеді!.. Ой-бай-ай...— деп шыңғыра күліп, Әсеттің қолын ұрғылайды.
— Енді қайтем, артқа қарай домалап барам.
— Домаласаң домалай бер, менен ұстама...
Біртіндеп бұлар тау үстіне көтерілген сайын, қою тұман сейіліп төменде қала берді. Биік асудың төбесіне шыққан кезде, аспан шайдай ашық екен, сумен жуып-жуып әбден тазартылған, бірақ әлі кеппеген көкшіл әйнек сияқты, ұясына таяған күн қып-қызыл боп мөлтілдеп жарқырап аққан алып ракета сияқты. Сол бір күн онан кейін Әсетке еш уақытта сондай боп көрінген емес. Аспанның да, күннің де талай әдемі сәттерін көрді, бірақ дәл сондағыдай көрініс қайталанған да емес, болған да емес.
— Алақай, таудың үсті қандай жақсы! — деп айқайлап жіберді Зағипа. Төменде, әлгінде өздері шыққан жақта өркеш-өркеш болып қалың тұман жатыр шөгіп, жыбыр-жыбыр қозғалады, толқиды. Жел қуып әкеп, ықта іркіліп тұрып қалған, түтілген қоңыр жүн сияқты. Кей тұсы бозғылтым, кей тұсы қарауытқан, ал батыс жағын күн сәулесі қызылға бөктіріп тастаған.
— Ала-а-қа-ай-й!..
Қыз даусына биік тау шыңы қосылып, әйнекше зыңылдап жаңғырығып кетті.
— Әсет, қарасаңшы! — деді қуаныштан есі шығып, ат үстінде отыра алмай кеткен Зағипа.
— Қарап тұрмын ғой,— деп Әсет оны құшақтай алған.
— Хи-хи-и!..— деп ыршып кеткен Зағипа Әсетті өзімен бірге ала-мала ат үстінен домалап түсті жерге. Екеуі де жауынға шылқыған қалың шөпке ұмар-жұмар болды. Со күйде ішектері қатқанша күлді, бірін-бірі қытықтады, алысты, жұлысты. Ал торы ат аңырайған күйде бұларға қарап, тоқтап тұрды.
Тек күн ұясына қонған кезде ғана бұлар ойынды тоқтатып, орындарынан тұрған. Екеуі де нарттай боп қызарған, терлеген, үстері әбден шылқып су болған.
— Ой-бай, қазір тау арасында жын-перілер болады, кетейік,— деді Зағипа.
Әсет торы аттың кейін кеткен ер-тоқымын жөндеп, тартпаларын қайта тартты. Онан соң, қолтығынан демеп, алдымен Зағипаны мінгізді, тастың үстіне шығып өзі мінді.
— Жаңа ғой, мына үшкір тастардың үстіне жығылғанда өлетін ек,— деді Зағипа.
Бұлар торы атты китің жорғасына салып, ымырт қараңғылығында, ойға ирелеңдей түскен тастақ жолмен, ескі тас қыстаулардың арасынан өтті. Үңірейген иесіз қыстаулардан сәл қорыққан Әсет Зағипаны мықтап құшақтап алды. Зағипа да тым-тырыс, жан-жаққа жалтақтай қарап, атты тынымсыз тебінеді. Бір жақсысы, әйтеуір, күнгей жақта тұман жоқ екен. Қыстауды біраз ұзап шыққаннан кейін ғана «уһ» деп дем алған Зағипа:
— Бұрынғы уақытта осындай тас қыстауларда қалай тұрды екен қорықпай? — деп қойды.
Күнгейдегі ауыл орталығына ел орынға отыра жеткен. Екеуі де үсті-бастары су-су, әбден қалжырап шаршаған бойда, Әсеттің осы әпкесінің үйіне кеп, кешкі тамақ — кеспе көжеден ішер-ішпестен құлаған еді. Ертең емтихан, ерте тұрып, кітапты тағы бір қарап шығулары керек.
Екеуі де жартылай шешініп, жартылай киімшең күйінде қатар құлаған. Әсет ұйқысы қанып бірінші оянды. Таң алды екен, үйдің іші жап-жарық. Қозғалып еді, мойнын бірдеңе жыбырлатқандай болды, қараса қасында жатқан Зағипаның бұрымы екен. Ұш жағы тарқатылыпты, қышқылтым иісі бар — ашыған айранның иісі. Зағипаның басына басын түйістіріп иіскеді, қышқылтым айран иісі кереметтей ұнады. Енді бірде қыздың ұйықтап жатқан кескініне қарады, ақырын ғана білдірмей бетінен сүйгісі келді, бірақ батпады. Тек шашының тарқатылып жатқан ұшынан ғана ұрлана сүйді...
Қазір сыртта кеп, мұның оянуын күтіп отырған сол Зағипа.
Сегізінші класты бітіретін жылы Зағипа осында бір жесір әйелдің үйінде тұрып оқыған. Көктемге салым сол әйелдің үйіне, алыстағы төркінінен, бір жамағайыны іздеп келіп, ұзақ уақыт қонақтап жатты. Әскер қатарынан қайтқан жас жігіт екен. Сол жігіт келгеннен кейін-ақ Зағипа өзгере берді. Бұрынғыдай алысып-жұлысып ойнауды қойып, класта партасынан тұрмастан, ылғи тұнжырап отырып алатын болды. Өзі мүлдем ересейіп өсіп, сұлуланып тола бастады. Сөйтіп жүргенде жазғы демалыс басталды да, оқушылар жан-жаққа тарап кетті. Күзде Зағипа мектепке қайтып оралған жоқ, малдағы әке-шешесі жібермепті-міс деген сөз болды. Онан бірер жыл өткен соң малда жүрген бір жігітке тұрмысқа шығыпты деген де хабар жетті.
Әсет төсектен тұрып, үсті-басын дұрыстап, айнаның алдына барып шашын тарады. Қатты ұйықтағандікі болу керек, көзі қызарып қапты, бозаң тартқан жұқалаң кескіні ісіңкі. Таза ауаға шығып, біраз жүрсем басылып кетер деп ойлады.
Ауызғы бөлмеге дабырлай сөйлесіп әпкесі мен Зағипа кірді. Әпкесі есіктен сығалап:
— Е, тұрыпты ғой, айналайын,— деді қуана даудырлап.
Әпкесіне еріп бөлмеге бет-аузы қара ала-торала болған, басына қызыл ала гүлді орамал байлаған, жалақ ерін кексе бір әйел кірді. «Құдай-ау, Зағипа осы ма?» — деген ой Әсетті осып өтті.
— Аман-саусыз ба? — деп кеп әйел қол алысты.— Әсет мені танымайтын да шығар,— деді күліп. Көзі ғана сол бұрынғы Зағипаның көзі.
— Неге танымаймын, Зағипасың ғой,— деді Әсет, бірақ ішінен: «рас танымағандай екем, апыр-ау, әп-әдемі қара торы қыз емес пе еді, не боп кеткен»,— деп таңырқады. Үстіндегі киімдері тым қораш. Рас, қымбат жібек пен пүліштен тігілген, бірақ қалай болса солай иық, етектері олпы-солпы тұр. Жүріс-тұрысы да бір түрлі бүгежектеп басады. Именшектеп барып орындыққа отырды.
— Иә, ауылды ұмыттыңыз ғой, келмейтін болдыңыз ғой,— деді.
— Қызмет, қол тимейді.
— Біз сияқты дейсің бе, анда барам, ал кеттім деп жүре беретін, бұлардың сағаттары санаулы ғой,— деп қойды әпкесі.
Мұнан кейін үй іші, бала-шаға жайын сұрасты. Зағипа өздерінің әлі қойда екенін, хал-тұрмыстарының жақсы екенін, алты баласының барын, үшеуінің осы орталықта интернатта жатып оқитынын айтты. Кезегі келгенде өзі де: — Балаларыңыз қанша? — деп сұрады.
— Бір ұлымыз бар.
— Е, бұл қалада тұратындардың бір-екі баладан асырмайтын салты емес пе,— деді осы тұста әпкесі. Мұрнын тыжырып, тіпті жақтырмайтынын білдірді.
Зағипа тағы біраз отырды, әрі-беріден кейін, сөйлесетін сөз де қалмады.
— Қой, шаруама барайын. Әлгі диірменде кезекке тұрып кетіп ем,— деп орнынан тұрды.
— Кешкісін тойға кел,— деп әпкесі қоса тұрды.
— Келеміз ғой.
Зағипа шығып кеткеннен кейін де Әсет көңілі әрі-сәрі боп тұнжыраған бейжай күйде қалды. «Апыр-ай, неге осынша өстіп кеткен,— дей берді.— Әлі жас емес пе, менімен жасты еді ғой...» Кімді кінәларын білмейді. Зағипаның өзін бе, жоқ, әлде малшының ауыр тұрмысын ба? «Тұрмысымыз жақсы» дейді, «Табыстымыз» дейді, «Алты балам бар» дейді мүмкін көп баланың бейнеті шығар... Есіне өзінің әйелі түсті. Қалада оның ауруханаға жатып қайтатын кездеріне бұл онша көп мән бермейтін, солай болуы заңды сияқты көрінетін. Енді, міне, сол жай жаңағы Зағипадан кейін есіне түскенде, бір түрлі жағымсыз, сөкет көрінді. Егер сол әлі жиырмадағыдай көрінген өзінің сүйкімді жас әйелі көп балалы болып, соның мехнат-бейнетінен осы Зағипаша қартаятын болса, Әсет қайтер еді? Өзіне тең тұтуға қомсынар ма еді, әлде ардақтап аялар ма еді? Тегінде, Әсет өте балажанды. Бала үшін дүниенің басқа қызығынан безуге бар. Бірақ әйелі де дәл мына Зағипадай күйге түсер болса... Түу, мұның әйелі ешуақытта мұндай қадамға бармайды. Ендеше текке бас қатырып қажеті қанша. Әркімнің өзіне лайық биігі болмай ма.
Киініп ауызғы бөлмеге шыққан, әпкесі дастарқан әзірлеп жатыр екен.
— Қарның ашты-ау, қалқам, сорпа ішші,— деді.
— Далаға біраз бой жазып келейін,— деді Әсет. Сырттан айқайлай сөйлеген шалдың даусы естілді.
— Бала қайда?! Үйде ме?
— Ойбай, әне, Есімбек атаң келді,— деді сасқалақтай сыбырлаған әпкесі.— Әсетжан, атаңның кемпірі қайтыс болған жуырда, ұмытпай қазір көңіл айт.
Сөйткенше болған жоқ, көзілдірік киген, құндыз бөрікті, ұзын шапанының сыртынан шашақты ақ жібек белбеуі бар Есімбек атасы да кіріп келді.
— Ассалаумағалейкүм!
— Уәғалайкүміссалам! Иә, есен-саумысың, балам,— деп келіп Әсеттің маңдайынан иіскеді. Шалдың сақалынан, жалпы бойынан әдемі бір әтірдің иісі шығып тұр. «Жарықтық, қанша қартайса да серілік әдетін тастамапты-ау»,— деп Әсет іштей жымыңдап қойды. Есімбек — Әсеттің әкесінің әкесімен бірге туысқан кісі. Қазір сексеннің төрінде. Жас кезінде қалаға кетіп, бай саудагерлердің қолында жалшылықта жүріп, етінің тірілігімен көзге түсіп, талайды аузына қаратқан, көңілі жүйрік, ойы сергек, ойын-сауық десе жанын салған сері жігіт болыпты. Онысын өзі де айтады, ал замандас болған қарттар «Есімбектің істегендері» деп аңыз ететін.
Атасы төрге барып жайғаса отырды да, ақ жібек орамалын алып, сақал-мұртын сылап сүртіп қойды. Басқа шалдар құсап сақал-мұртын қолымен емес, ақ жібек орамалмен сылап-сипайтыны да серіліктен қалған әдеті.
— Уай, көп болды ғой бұл төңіректе көрінбегеніңе балам,— деді тамағын кенеп...
— Оқу... қызмет...
— Иә-ә... біздікі жәй сөз ғой. Жас кезіңде оқығаның, көп жүріп, көп тұрғаның, көпті көріп қалғаның дұрыс. Ағайын-туған деп қайтесің, бұларға алаңдап. Ол сен алыста жүргенде — бұлардың бауырлары езіліп, емексіп тұратыны, ал ертең осылардың ортасына келші...
— Ой, жарықтық-ай, бір жөн сөз айта ма десе өстіп қисыққа кетеді енді,— деді жақтырмаған әпкесі күңкілдеп. Бұл сөзін құлағының мүкісі бар шал естіген жоқ. Естісе тас-талқан болады.
— Ата-оу,— дейді енді әпкесі дауыстай сөйлеп.— Мына ұлыңыз, сіздің үйге кіріп көңіл айтып шығам ғой деп отыр еді, өзіңіз кеп қалдыңыз. Енді қысылып отыр,— деп көпе-көрнеу өтірікті соғып жіберді.
— Е, жарайды, онда тұрған не бар,— деді шал қолын бір сілтеп.— О кемпір өлсе өзі үшін өлді, біреу үшін өлді дейсің бе,— деп кеңкілдеп күліп қойды.— Ертең мен де өлем, е, сонда сендерге міндетсуім керек пе...
— Бұ кісіге бірдеңе айтсаң, өзінше бір жаққа бұрып әкетеді,— деді кейіген әпкесі.— Аруақты сыйламай ма сонда. Кеше қолынан дәм татқан әжесі емес пе.
— Оның жөні бөлек,— деді атасы, енді көңілі басылып, жабырқай сөйлеп.— Әжеңді алыс сапарға аттандырып салдық, балам. Топырағы торқа болсын, иман берсін байғұсқа...— Шал әлгіндегі ақ жібек орамалын алып, көзін сүртті.
— Жарықтық-ай, мықты-ақ еді,— деп атасына жаны ашыған әпкесі де жылап жіберді. Сәлден соң көзін құрғатып:
— Ата-ау, ас үйге жүріп сорпа ішіңіз. Мына үйлерге қазір орындық, стол қойып тойға әзірленеміз,— деді.
Әсет есік алдына шыққан. Ac үй мен сырттағы жерошақтың төңірегінде қатын-қалаш, бала-шаға сапырылып жүр. Зыр жүгіріп, шу-шу етеді.
Әсет үйдің сырт жағын айналған. Ұзын тақтай орындықта жездесі көршілерімен әңгімелесіп отыр екен. Сәлден кейін екі-үш жас жігіт және келді. Бәрі Әсетпен сәлемдесіп, амандық сұрасып, онан соң сыйғандарынша орындыққа, сыймағандары іргеде жатқан көк тасқа отырысты. Бірі — Әсетпен кішкентайдан бірге өскен, бірге оқыған Құрақбай деген жігіт.
— He істеп жүрсің? — деп сұрады Әсет.
— Сиыр фермада осеменатормын.
Күн түстен ауып, еңкейе бастапты. Аспан сәл мұнартып тұр... Ауа жайма-шуақ жып-жылы. Әсет сөзге араласқан жоқ, ойда жатқан ауылға анықтап қарап алды: кімдердің үйі қай тұста еді, үйлердің әлі қаншасы қалған, жаңа үйлер қандай үлгілермен, қалай салынған — бәріне ойша көз жіберді. Оған бәрінен де екі этажды жаңа мектеп қатты ұнады, ойға салынса да биік көрініп, өзінше бір төбе боп тұр.
— Ауыл тіпті өсіп кетіпті ғой,— деді.
— Өсті ғой. Осы үйлердің көбі соңғы екі жылда ғана салынған,— деді Құрақбай.— Қазір жұрт деген байып алған.
— Мектеп әдемі салынған екен, өзі үлкен,— деді.
— Үлкені үлкен-ау, бірақ басында тағы бір қабат көтеруді ойластырмаған. «Енді бірер жылдан кейін балалар сыймайды» деп мектеп директоры жылап жүр,— деді Құрақбай күліп.
— Сыймағаны қалай?
— Бала көп. Өткен күзде бірінші класқа сексен екі бала барған екен, ал алдағы күзде жүзден асады деп отыр. Ендігі жылы одан да көбейеді.
— Сонда ауылда қазір қанша түтін бар?
— Алты жүздей.
Әсет таңырқай жымиып, басын шайқап қойды. Шыңғырлаған қоңырау үні келді құлаққа.
— Қоңырау соғылды,— деді Құрақбай.
Мектеп алды жыпырлаған балаларға толып кетті. Кішіректері алысып-жұлысып, бірін-бірі қуалап, доп теуіп шуылдаса бастады, жоғары кластар болу керек, бойлары таралған жас қыздар мен жасөспірім ұлдар топ-топ боп күн шуақтап, сабырлы тұр.
— Жастар көбейіп келеді екен,— деді Әсет сүйсіне қарап.— Қандай әдемі жастар.
Сол-ақ екен, отырғандар ал кеп жастарды даттай жөнелді. Бірінің сөзін бірі жалғастырып, қазіргі жастардың қиыншылық көрмей, ерке өсіп келе жатқанын, бұзақылық істеуге ізденіп, дайын тұратынын, тамақ ішкенде де, киім кигенде де кесірлі екендерін тізіп шықты.
— Ойбай-ау, әлгі қыста атылып өлетін қыз бен баланы айтпайсың ба?! Соларды алып бара жатқан ненің ғашықтығы еді десеңші,— деп сөзге кекселеу мұртты адам араласты.
— Солар кімнің балалары? — деді Әсет бағанағы Әбдібайдың сөзін есіне түсіріп.
— Осында, ұмыттың ба, жоқ па, Құрман деген диірменші бар емес пе еді.
— Иә, иә.
— Соның өткен жылы мектеп бітірген қызы болатын.
— Ұлдары есімде. Өңшең бірінен-бірі өткен сотқар еді, ал қызын білмеймін.
— Қайдан есіңде болсын, сен кеткенде мұрнын сүрте алмай жүрген бала ғой... Сол қызға күзде өзі қатарлы бір жас бала үйленем десе, әлгі сотқар ағалары маңайлатпай қояды.
— Ол кімнің баласы? Мүмкін мен білетін шығармын.
— Баяғыда Кәлен деген жатақ болған, анау ауылдың түстік жағындағы терең сайда қауын-қарбыз салатын.
Кезінде жұрт оны мазақтап «Бақшашы Кәлен» деп жүретін.
— Бақшашы Кәленді білем ғой.
— Білсең сол... Жаңағы бала да сол Кәленнің ұрпағы. Аты кім еді, сол баланың, Құрақбай?
— Бағлан болатын.
— Иә, иә, Бағлан...
— Ол баланы мен де білетінмін,— деді Әсет. Есіне ұзын бойлы, ақ құба өңді, мойнына ылғи сөмке асып жүретін 14-тер шамасындағы жасөспірім бала түсті.— Біз орта мекепті бітіретін жылы жетінші класта оқыды емес пе? — деп сұрады Құрақбайдан.
— Дәл өзі.
— Сол Бағлан Құрманның балалары қарындастарын оңайшылықпен бермейтінін білген соң, қызды алып қашты. Бірақ қолға түсіп қап, әлгі өңшең нойыс немелер жігітті итше тепкілеп, қарындастарын алып қалады. Содан бірер ай өткен соң, әлгі Бағлан қызды екінші рет алып қашады. Бұл жолы аман құтылып, мына көрші колхоздағы туысының үйіне барып жатқан жерінен қыздың ағалары ести сап, бір машина боп қуып барады да, жігітті тағы да ұрып жығып, қызды алып кетеді.
— Қыз қайтып жүр сонда?
— Қыз ботадай боздап, жігіттен айырылмаймын деп жүр. Бірақ қызды тыңдап жүрген жынды ағалары ма?
— Онда заң қайда?
— Заңға жүгініп жүрген және ешкім жоқ қой. Ағайын болғалы тұрған адамдармен бет жыртысқысы келмей ме, әйтеуір Бағлан ешқайда шағынбайды. Содан соң қыста. Бағлан бір түнде қыздың үйіне кіреді де... білетіндердің сөзіне қарағанда, терезені ашып кірген болу керек... қызды құшақтап тұрып өзін мылтықпен арқадан, дәл өкпе тұстан атады. Оқ екеуін бірдей тесіп өтіп, сол құшақтасқан күйлерінде өлді.
— Мылтықпен өз арқасынан қалай атып жүр?
— Мылтықтың дүмін қабырғаға көлденең тіреп тұрып, шүріппені ұзын ілгек сыммен басқан...
Бұл оқыс әңгіме Әсеттің тұла бойын түршіктіріп, оны жабырқаған соншалық бір ауыр күйге түсірді... «Әй, ауылдың, осынысы-ай, жап-жақсы боп келе жатып, аяқ асты өстіп бірдеңені бұрқ еткізетіні бар-ау. Өмірден түңілдіріп жібере жаздайды-ау...» Әсет жас жігіт пен жас қыздың мына қылығын азғандық қой деп ойлады, артынша: ау, сонда сол екеуін сондай күйге дейін жеткізіп отырған содыр ағалары емес пе? Оларды не деуге болады? Оларды сөйтіп алшақтатып, ел-жұрт не қарап отыр? Ел аман, жұрт тынышта, барлық заң-законның алдында осынша ауыр трагедияға қалай жол берілді.
— А әлгі содыр ағалары неге қарсы боп жүр сонда?
— Ақымақ болған соң қайтесің. Қарындасымыз әлі жас оқытамыз деседі.
— Өздері жазаланды ма.
— Қайдан. Ел іші, ағайын-туған емес пе, жылы жауып қоя салды. Оның үстіне қыз бен жігіт: «біз үшін ешкім кінәлі емес»,— деп қолхат жазып кетіпті.
Біразға дейін барлығы да үнсіз отырып қалды. Әлден уақытта әңгіменің бетін бұрғысы келген әлгі мұртты адам:
— Алматыда не жаңалық бар, айта отыр, шырақ? — деді Әсетке бұрылып.
— Несін сұрайсыз?
— Аспанмен тілдескен жаңа қонақ үй салып жатыр еді, бітті ме?
— Біткен.
— Енді бір жиналыс бірдеңеге шақыртса, барып жатады екенбіз ғой. Бәрін айт та бірін айт, өзіме Алматыға барғанда бәрінен де сол қонақ үйі ұнайды. Екі-үш күн жатсаң да жаның жәй тауып, әй, бір демалып қаласың-ау.
— Пах, пах, шықты! — деді осы кезде Құрақбай көшенің арғы жағына мойынын бұрып. Бәрі солай қарай қалған. Почта үйінен шыққан ақ свитер, юбка киген сымбатты бір келіншек көшені бойлап келе жатыр екен.
— Бұ кім? — деп сұрады Әсет.
— Почтаның бастығы,— деді, келіншектің әрбір басқан қадамына ыржия қарап қалған Құрақбай, онан соң: — Кәдімгі өзімізбен бірге оқыған Сәулетай ғой,— деп қойды.
Әсеттің жүзін жалын шарпып өткендей ду ете түсті. Өзінен-өзі қысылып, сасқалақтап, қалтасына қолын салып, орамалын алды, сүртінген болды, онан қайта қалтасына салды. Қолын созып, Құрақбай ұстап отырған шыбықтың жартысын қалай сындырып алғанын сезген жоқ.
— Өй!.. Қап, әлгінде біреуден сұрап әкеле жатқан жеміс ағашы еді. Бақшама отырғызам ба, деп ем. Қап...— деді Құрақбай өкініп.
Сәулетай ешқайда бұрылмастан, ешкімге назар салмастан, сол тік жүрген қалпында, басын тәкаппар ұстап бұлардың дәл қасынан өте берді. Әсет оны бұрылар, сәлемдесер деп ойлаған және өзімді қалай ұстасам екен, орнымнан тұрсам ба екен, әлде отыра берсем бе екен деп қысылған. Бірақ Сәулетай бұрылған да, қараған да жоқ. Әсемдігін, өрлігін сездіргендей жүрісі сонша паң, кербез еді. Тек таяп өте берген кезде Әсет оның да қызарып бара жатқанын байқады. Артынша: «мүмкін өзінің өңінің қызылдығы шығар»,— деп ойлады Сәулетайдың екі бетінің бал-бұл жанып, қаны ойнап тұратынын есіне алып: «Тіпті әдемі боп кетіпті-ау!...» Қаншама жек көрем, жазғырам дегенімен, көкірегінің түбінде ұрланып жатқан бірдеңе лап етіп тұтанып ұлғайып бара жатқан сияқты. Сәулетайдың сыртынан бір-екі рет ұрлана көз тастады. Көкірегі астаң-кестең боп кетті. Біріне-бірі қарама-қарсы шым-шытырық сезімдер: кінәлау, жазғыру бар, ызалана күйіну бар, құлап түсер ынтықтық бар — бәрі қосылып өкініш деген үскірік боп азынап тұр...
Әсет естіген: Сәулетайдың сонау жылы күйеуге шыққанын, ол күйеуінің аттан жығылып өлгенін, сонан кейін екі баламен жесір қалып бір жылдай отырып, тағы да біреуге күйеуге шыққанын, ол күйеуінің сотталып кеткенін — бәрін естіген. Ал қазіргі күнде қалай екенін білмейді. Жанында отырғандардан сұрауға батпады. «Бүлдіріп алармын»,— деп қорықты.
3
Тойға жиналған жұрт қоңсы отырған үш үйге лық толды. Үлкен үйде ең сыйлы деген қонақтар: ауданнан келген бірлі-жарым адамдар, құдалар, ауылдың белсенділері; айқай-шуы болады деп жастарды шеткері оңаша үйге жіберген, ал үшінші үйде кемпір-шалдар және жастар тобына да, сыйлы адамдар санатына да жатпайтын әр түрлі қонақтар.
Әсет үлкен үйдегі қонақтармен отырды. Әуеліде жұрттың ыңғайына қарап, жайдары, көңілді болуға тырысты. Бірақ біраздан кейін іші пысып, зеріге бастады. Көңілсіздік торлады.
Осындай жиын-той кезінде Әсет көңілінің жүдеу тартып, құлазитын жаман әдеті бар.
Талай уақыт өткен болар, тарқайтын мезгіл де таяған шығар деп Әсет сағатына қараған: «оу, тоқтап қалған ба»,— таңданып құлағына тосты, жоқ, жүріп тұр екен, әлі он жарым ғана. Осынша ұзақ отырғандарында екі жарым сағат қана уақыт өткен бе?! Түу.. Әлі бір жарым сағаттай отырады ғой, бұлар. Он екісіз тарамайды,— деген ой Әсеттің көңілін мүлдем жүдетіп жіберді. Есіне проводник қыз, бір қалыпты тербетілген бұйығы вагон түсті... Сол вагонмен кете берсе, жол ұзақ таусылмайтын болса...
Басы ауыра бастағандай болған соң, Әсет столдан кейіндеу отырып, қолымен маңдайын уқалады.
— Қарғам, бір жерің ауырып отыр ма? — деді кіріп-шығып жүрген әпкесі таяп кеп сыбырлап қана.
— Жо-жоқ...
— Жастар отырған үйге барасың ба? Жүрші.
— Бәрібір ғой, осында-ақ отыра берейін.
«Олар қайбір жетісіп отыр дейсің»,— деп ойлады.
— Жүр... Жүре ғой!..
Әпкесі Әсетті зорлағандай ертіп алып шықты.
Жастар отырған үй, сыртынан тыңдағанда араның ұясындай дуылдап түр екен. Әсет ауызғы бөлмеге кіргенде — бір келін- шектермен үрсысып теңселіп түрған Қүрақбай мүны көріп ыржия күліп қоя берді.
— Әй!.. Әй, аузыңды ұрайын!..— деп Әсетті иықтан қойып қалды.— Сен немен-ей, бізді менсінбейсің бе?.. Сен өзіміздің Әсетіміз емессің бе?.. Бастықтарда нең бар, келсеңші ортамызға...
Әсет тіксініп қалған. Бірақ Құрақбай сол теңселген күйде, сүқ саусағын жоғары көтеріп:
— Сен біздің... мақтанышымызсың!.. Отыр ортамызда...— деді ықылықтап.
Түп үйдегілер Әсетті өре түрегеліп қарсы алды. Шулап қоя берді.
— О-о!.. Әсет!..
— Әсет келді!..
— Ура-а!.. Ура-а!..
— Жоқ, бері, біз жаққа отыр!..
Басы айналған Әсет тұс-тұстан қол созып, жапа-тармағай болған көптің қошаметінен сәл қысылып, шынында да қайда отырарын білмей тұрып қалған. Той басқарушы болу керек, қолында тоқпақтай етіп ширатып ұстаған орамалы бар мұртты жігіт мұны қолтығынан ұстады да:
— Тынышталыңдар! — деді айқайлап.— Әсет қарындасы мен күйеу баласының қасына отырады.
Екі жас мұны орындарынан тұрып, ізетпен қарсы алды. Қарындасы қызарып ұялып, бетін баса берді, күйеу жігіт те ұялшақтап күліп тұр. Екеуі де Әсет отырған соң барып отырды.
— Әсетке штрафной құйылсын!..
— Әсетке толтырып құйыңдар!..
Жұрт тағы шулап кетті. Осының өзінен-ақ Әсет құлағы тұнып, бағанадан бері үлкендермен отырып ішкендері басына шыққандай болды. «Бір кішкене отырған соң, білдіртпей таю керек»,— деп ойлады.
— Әсет сөйлесін!..
— Әсет көтертсін тосты!..
«Бар жақсы тілек айтылып болды ғой, мен айтатындай не қалды дейсің?» Дегенмен де, жастық үшін, махаббат үшін деп бірдеңелерді айтты, бірақ сөзінің қалай шыққанын, әсері қандай болғанын білген жоқ. Қызып алған жұрт, дуылдасып ішіп салды.
— Ал, жолдастар! Бастықты тыңдаңдар! — деді той басқарушы жігіт. Галстугін ағытып, ақ көйлегінің жеңін қайырып апты, өзі әбден қара терге түсіп, қып-қызыл болған.
— Хормен Әсетке құтты болсын айтамыз... Ал, бір... екі.. Бастадық!
«Құтты болсын тойыңыз, Әсет ағай-оу-у...»
Отырған қыз-келіншектер, жігіттер, ойнақы, әсем әнді бір кісідей іліп әкетті. Күні бұрын даярланған болу керек, сөздері де тойға лайық, жарасымды, әзілі бар шумақтар. «Тамаша!.. Әдемі..— деп Әсет жымиып қойды.— Қалай сытылып кетсем екен...» Ол көзінің астымен отырғандарға жағалай қарап өтті. Көпшілігі өзіне таныс бірге ойнап, бірге өскен келіншектер (бір кездегі қыздар) мен жігіттер және таныс-бейтаныс жаңа жеткен балғын жігіттер, жас қыздар.
Бәрінің өскендеріне, жеткендеріне қарап қуануға, сүйсінуге болады, бірақ бұлардың ортасында отыру да көңілсіз еді. Бәрі бір көргеннен ашық-шашық жатыр. Осылардың ортасында өсті-ау... Қарап отырса ойға қонбайтын сияқты. Күлкілі-ақ... Көңілі пәсейіп қалған Әсет отырғандарға тағы да жағалай қарап шықты. Есік жақта ыржия күліп, көзі қылиланып кеткен Әбдібай да отыр.
Жалбырап көзіне түскен шашын талдап жұлып алады да үрлейді. Мәз боп күледі. Қой, кеткен жөн болар. «Қалай шықсам екен...» Кенет, көзі дәл қарсы бүйірде, ән ырғағына қарай ерке қылықпен басын қисаңдатып отырған, бұйра шашты секпіл бет жас қызға түсті. Өлеңді Әсетке қарап күліп айтады, шолжаңдап, еркелеп отырған сияқты. Әйтеуір, өзінің жүзінде адамды еріксіз жымитатын бір сүйкімді балғын қылық бар. Мұрны сәл тәмпіштеу, қасы қиылып тұр, көзі күлмең қағып жыпылықтайды, шашы бұйра, қысқа қиылған, өзі сұлу емес, жо-жо... бірақ Әсеттің бүйірін бүлк еткізді. «Ойпырай, бұл кімнің қызы ей...» — дей берді.
Бүкіл той Әсетке көңілді, думанды көрініп кетті. Өң мен түстей әдемі бір масаң күйге түсті. Хор аяқталған. Басқарушы жігіт тағы бір ән айтқызды, бұл да әдемі хор... «Мықты ғой, мыналар!» — деді сүйсінген Әсет. Өзі әлгі қыздан көз ала алмай отыр. Қу қыз мұның өзіне қарағанын сезген сияқты, алдындағы жылтыр қағазды конфеттің бірін ашып, Әсетке ұсынды.
— Достар, толтырылсын тостар! — деді басқарушы жігіт ұйқастыра дауыстап.
Қанша ән айтылды, мұнан ары қанша отырды, Әсетке бәрі көрген түстей ғана тізбектеліп өте берді. Көкірегі алып ұшқан асқақ сезімге, мақтанышқа толды: осынша көңілді отыру, осынша әсем думан тек мұның ауылының жастарында ғана бар, тек осынау жастар ғана осылай отыра алады, басқа ешқайда да, еш жерде де жоқ мұндай отырыс... Ол өзі көрген талай тойларды есіне алған: мынаның жанында оның бәрі де жансыз, жасанды, көңілсіз ғаңа жиындар ғой. Ол тойларда: бірін-бірі аңду, бақастық, іштарлық, сыбыр-күбір болатын, еркін жазылу, той-думанға тән алаңсыз көңіл, сауықшыл көңіл, төгілген көңіл болмайтын... Өзімен кетсін ол тойлар!
— Достар!.. Би!.. Би!..— деді басқарушы жігіт.— Бәзікен, ал баянды қолыңа!
Әсет енді ғана байқады, сонау бұрышта тығылып қана Бәзікен отыр екен. Сол баяғы үндемейтін, ішсе қып-қызыл боп отыра беретін кішкене Бәзікен. Біреу оған өзінен үлкен баянды ұстатты. Ал кетті әсем музыка!..
Әсет әлгі сепкіл бет қызбен биледі. Енді билей жүріп байқады, үш ұйықтаса түсіне кірмеген сұмдық әсем қыз ғой. Жақыннан қарағанда секпілдеу жүзі тіпті сүйкімді көрінді. Қыз денесінің балғындығы, шымырлығы есті алардай. Әсеттің әзілдегісі келді, оны кішкене балаша аяғын жерге тигізбей тік көтеріп тұрғысы, мазақтағысы келді, қыздың мектепті бітіргенін біле тұра:
— Айналайын, нешінші класта оқисың! — деді. Қыз жымың ете қалды, қу қыз іші бәрін сезіп тұр.
— Он екінші класта,— деді.
— Жоқ, сен не алтыншы, не жетінші класта оқитын болуың керек. Әй-әй-әй... ертең мұғалімдерің ұрсады ғой енді.
— Ұрыспайды. Ұрысатын болса оқымай қоям.
— Оқымай қойсаң, апаң ұрсады...
— Апам ұрысса, қашып кетем!..
— Қайда?
— Айтпаймын...
Қыз күліп жіберді. Осы кезде бұл би аяқталған, сөз амалсыздан үзілді.
Әсеттің қасына Құрақбай келді. Көзі жұмылып кеткен. Бірдеңе-бірдеңе дейді, Әсет оның не айтқанын түсінген жоқ. Бірақ оны құптаған адамдай басын изей салды. Құрақбай екі рюмканы шүпілдете толтырды.
— Әсет... келші... келші...— деді бірін бұған ұсынып,— ...екеуміз соғыстырып бір ішелікші... Сен би дегенді қойсаңшы... қалада күнде билеп жүрсің ғой... Отыр, әңгімелесейік... Аузыңды ұрайын... Сен неге хат жазбайсың, а?..
Осы кезде әлгі қыз келіп, Әсетті биге өзі тұрғызып әкетті. Билей жүріп бұған соншалық бір балғын кескінмен жымия қарады. Еріндері...
— Айналайын, сұрау қояйын ба?
— Жоқ. Нүкте қойыңыз.
«Қарай көр, ей өзін...?» деді сәл тосылып қалған Әсет. Онан соң ойланып барып:
— Нүктеден кейін жаңа сөйлем бастауға болады ғой,— деді.
— Болады. Тек мен тырнақша ашып берем, сіз ішіңізден ойлаңыз.
— Жоқ, мен дауыстап айтқым келеді.
Қыз мақұл, айтыңыз дегендей басын изеді.
— Айналайын, сен осы ауылдың баласысың ба? — деді, «қызысың ба» деуге, бір түрлі аузы бармады, ұялды, әдеп сақтады.
— Иә.
— Кімнің баласысың? — Тағы да «кімнің қызысың?» деген сөз көкірегінде қосарлана айтылып, сайрап тұрды.
— Шалғынбайдың.
Әсет ойланып-ойланып есіне түсіре алмады. Шалғынбайды біледі, осы ауылдың құз жақ шетінде тұратын, қабаған иттері көп үй, ал оның қызының бары есінде жоқ.
Жұрт тағы стол басына отырды. Тағы да әндер айтылды, тостар көтерілді, мас бола бастағандар көбейді. Әсеттің сыртқа шыққысы келді, мынау жас қызды алып шығып сөйлескісі келді. Тек қана сөйлескісі келді.
Оның әдеті, өзіне ұнаған қызбен көшеде әңгімелесіп жүргенді жақсы көреді. Бірақ қалай шақырарын білмей, бата алмай көп отырды. Шықпай қоя ма деп қорықты. Ақыры көзіне көзі түскен кезде ымдап еді, қыз ыммен келісті. Екеуі басқа жұртқа сездірмей сыртқа шыққан. Киімдерін сыртқа алып шығып киді. Қыз да масаңдау сияқты көрінді.
Түн жарымынан ауған кез болу керек. Даланы тастай қараңғылық орап апты. Тау жақтан салқын самал есіп тұр.
Екеуі үн-түнсіз оңашалау шеткі көшеге қарай жүрді.
Сәл ұзап шыққаннан кейін Әсет қыздың қолтығынан ұстап, өзіне қарай тартты да, қарсы алдына тұрып бетіне үңіліп, әлгіндегі үйдегі ойнақы қалыпқа салып:
— Айналайын, атың кім? — деді.
— Айналайын, атым Шынар,— деді қыз да ойнақы күймен іліп әкетіп.
— Айналайын, жасың нешеде?
— Айналайын, он сегіздемін.
— Айналайын, мен жиырма сегіздемін.
— Маған жасыңыздың керегі жоқ. Нүкте.
Қыз жүзін көтеріп бұған тіктеп қарады, күліп тұр.
— Мен қазір саған ұрсамын... неге мен шақырғанда шығасың. Мен кәрі қасқырмын ғой.
— Ал мен қорықпаймын...
— Онда мен қазір сені сүйемін. Нүкте.
— Ал мен қорықпаймын...
Әсет жайлап еңкейіп кеп, қыздың тоңазып тұрған ернінен сүйді. Қарап еді, қыз көзін жұмып әлі күліп тұр екен. Әсет тағы сүйді.
Онан соң біразға дейін екеуі де үн-түнсіз жүріп келе жатты. Кейбір үйлердің тұсынан иттер үріп шығады, абалап тұрып-тұрып, бұлар қайрылмаған соң кейіндеп қала береді. Көшеге тым таяу салынған қоралардың іргесінен өткенде, іштегі малдардың күйіс қайырған күтірлері естілді.
Әсет қыздың атын ұмытып қалды, ойланып көріп еді есіне түсіре алмады. Қайталап сұраған жоқ. «Қойшы, маған атының қажеті не»,— дей салды.
— Айналайын, сен не ойлап келе жатырсың?
— Сіз туралы.
— Жақсы ма, жаман ба?
— Жаман.
— Неге?
— Сол.
— Айналайын, онда мен енді сүймейін.
— Сүймеңіз.
— Рас айтасың ба?
— Рас айтам.
— Кәне...
Әсет тоқтап қыздың жүзіне қараған, күліп тұрған жоқ, шын сөзі сияқты. Ол бір түрлі ыңғайсыз, торыққан күйге түсті. Бағанадан бергі қыздың қылығына жыны келді.
— Айналайын, онда неге шықтың мен шақырғанға?
— Айналайын, сіз ұнадыңыз...
— Ендеше неге ренжисің?
— Мен ренжігем жоқ.
— Күліп тұрсың ба?
— Күліп тұрмын...
— Кәне...
Қыз шынында да күліп тұр екен.
Екеуі ауылдың шетіне шықты. Үлкен дөң бар, соның үстіне көтерілді. Дала тастай қараңғы. Ойда ауыл жатыр. Әр жерден бір, терезеден жылтыраған от көрінеді. Тойдан тарағандардың масаң дауыспен даурыға салған әндері естіледі.
— Ағатай, жұрт тарап жатыр,— деді қыз.
— Айналайын, үйге қайтқың келді ме?.. Маған қарама, қайта ғой, апарып салам.
— Жоқ.
— Ұялып тұрған шығарсың, қайта ғой.
— Қайтпаймын! Нүкте!
Қыз жалт бұрылды да, Әсеттің құшағына тығылды, бұған еркелей қарап:
— Ағатай, айналайын... тоңдым...— деді.
Әсет оны құшағына тартты да, құшырлана тұрып ұзақ сүйді. Байқағаны, қыз сүйісуді білмейді екен, тек сұлқ тұра береді.
— Ағатай, бірдеңе айтыңызшы,— деді біраз үнсіздіктен кейін қыз.
— Не айт дейсің?
— Сұрау белгісін қойыңыз?
«Нені сұрасам екен»,— деп ойлады Әсет.
— Сен жақсы қызсың ба, жаман қызсың ба?
— Білмеймін... жақсы қыз шығармын.
«Айналайын, сен шынында да жақсы қыз боларсың... рас, жақсы қызсың, бірақ қалай жақсысың, көркіңмен бе, мінезіңмен бе, ол жағын білмеймін тек, әйтеуір жақсы қызсың»,— деп ойлады Әсет.
— Айналайын, сен туралы жұрт не дейді?
— Ағатай, жұрттың сөзіне мен құлақ аспаймын. Нүкте қойып жүре берем.
— Айналайын, сенің сүйген жігітің бар ма?
— Жоқ, ағатай.
— Неге?
— Білмеймін.
— Бұрын жігіттермен сүйістің бе?
— Мектепте оқып жүргенде бір бала сүйіп алған, онан сіз.
Әсеттің ішінде сол өзінен бұрын сүйген бір балаға деген қызғаныш жылт ете қалды.
— Ол қазір қайда?
— Әскер қатарында.
— Хат алысып тұрасыңдар ма?
— Иә.
— Сен оны сүйесің бе?
— Білмеймін... Бұрын ауылда жүргенінде сүймейтін сияқты едім, тіпті кейде жек көретінмін, ал әскерге кеткеннен бері сүйетін сияқтымын. Біреуді күткен, сағынған жақсы ғой.
«Айналайын, сен маған кереметтей ұнайсың. Көрдім де ұнаттым. Тегінде, мен тез қызыққыш, ұнатқыш адаммын, осы уақытқа дейін талай қызықтым, талай қыздарды ұнаттым. Бірақ сен олардан басқашасың. Сені мен өзгеше ұнататын сияқтымын. Сенің бойыңда ерекше бір қасиет бар тәрізді...»
— Айналайын, ағатай, мен тоңдым.
— Мен не істейін енді, айналайын-ау, өзім де тоңып тұрмын ғой, қарашы, қалай дірілдеймін.
— Мен таптым... Әнеу бір жерде қораның төбесінде шөп бар, сонда шығайық.
— Жүр, жүр... Жүгірелік.
Қораның үстіндегі жұмсақ шөпке екеуі де аунай кетіп көміліп алды. Құрғақ шөптің сан алуан кермектерден, қышқылтымдардан қосылған қою иісі шашалтып, түшкіртіп жіберді.
— Ағатай, мына шөп қандай ғажап!..
— Керемет екен!
— Бр-р, бу-бу-бу-бу... Ағатай, мен не дедім?
— Сен... сен...
— Тырнақша ашыңыз...
— Сен, тырнақша ашылады... Осы жерде ұйықтаймын дедің, тырнақша жабылды.
— Дұрыс. Соңына нүкте қойылады. Енді, ағатай, жаңа жолдан сызықша — сіз сөйлеңіз.
— Мен, мен сені...
— Болды, болды, үш ноқат...
Шалқасынан жатқан күйде Әсет аспандағы сансыз жұлдыздарға қарады. Қыз шөпті үңги түсіп, бұған тығылысып жатты да:
— Ағатай, у-у-у-у...— деді.
Әсет оның не айтқанын түсінді де, пальтосының өңірін ашып құшағына қысты. Үңіліп қыздың көзіне қарады... «Қайда жүргенсің осы күнге дейін, жаным-ау, неғып кеш қалғансың базардан... Жо-жоқ, қыз базардан кешіккен жоқ, өз базарына енді ғана жетіп отыр, базардан бұл келмей тұрып, бұрынырақ қайтып кеткен Әсеттің өзі де...» «Қарағаның қандай жақсы, қарағым...» Ақындар да айтқыш-ау!..
— Мең-зең, өң мен түстей халде. Басында түк ой жоқ...— деді қыз.
— Айналайын, не айтып жатырсың?
— Жақында бір кітап оқып едім, сол есіме түсіп жатыр. Бас кейіпкеріне автор «Мең-зең, өң мен түстей халде. Басында түк ой жоқ...» дейді көбіне. Сол кітапты менің жолдас қызым да оқып еді, оған ұнаған жоқ. Басында түк ой жоқ болса, ол қандай герой дейді. Ал маған сол геройдың басы толып жатқан шым-шытырық ойларға сықап тұратын сияқты. Сіз қалай дейсіз?
— Қайдам...
— Қайдам емес, дәл солай, ағатай. Кейде мен өзім де бірдеңеге жабығып ойлаған кезімде: «Мең-зең... Басымда түк ой жоқ...» — дегім кеп тұрады.
Әсет қыз айтып отырған кітаптың авторын танитын. Соны есіне алды. «Қандай бақытты...— деп қызғана ойлады.— Егер осы әңгімені ол естісе ғой... О-о!..»
— Айналайын, ағатай, неге көңілсіз боп кеттіңіз. Жарайды, енді, басқа әңгіме айтайықшы.
— Мен көңілсіз емеспін, ойланып кетіппін...— деді, ағатай өзінің бір сөзінде.
— Ха-ха-ха!..
Екеуі қосыла күлген. Астындағы қора ішінен аттың оқыранғаны, жер тарпыған дүбірі естілді.
— Тс-с!
Екеуі де тым-тырыс тына қалған. Іргедегі үйдің терезесінен шамы жарқ ете қалды. Есікті сықырлата ашып, тысқа ақ көйлек, ақ дамбалды, иығына шапан жамылған шал шықты. Төңірекке барлай қарады да, жайлап жүріп кеп қораның аузын ашып, сіріңке шағып атын көрді. Аты оқыранып қойды.
— Тә, не көрініп тұр,— деп шал күңкілдей сөйледі. Онан сыртта қақырынып-түкірініп біраз жүрді де, қайта үйге кіріп кетті.
— Ағатай, жүр енді кетелік,— деді қыз.
Әсет қораның үстінен әуелі өзі қарғып түсті де, құшағын ашып, төмен қарай шөп үстімен сырғи жөнелген қызды көтеріп алды. Көшенің ортасына шығып, екеуі қараңғыда сипалап тұрып бірінің үстіне жабысқан шөпті бірі тазалады.
Осы кезде тұс-тұстан бірімен-бірі бәсеке еткендей шуылдасып тауық шақырды. Әр қорадан үш-төрт әтеш бір-ақ шақырады. Шығыс жақ сәл түйіліп қалды да, артынша бозаң тарта бастады.
— Ағатай, тоқтайықшы, мен осы арадан үйге қарай жүгіріп кетем.
Енді көшенің ортасында бір-біріне қарсы қарап тұрды. Таңғы бозамықта қыз жүзі боп-боз боп, секпілдері көрінбейді. Бағанағыдай күлмейді де, Әсеттен көз айырмастан мұңая қарайды.
— Айналайын, не ойлап тұрсың?
— Сіз туралы ойлап тұрмын.
— Қалай деп?
— Ағатай, сізді жұрт жаман деуші еді...
— Рас жаман ба екем?..
Қыз басын шайқады.
— Мүмкін, екінші кездескенде жаман болармын.
Қыз тағы да басын шайқады.
— Сіз қыста осы ауылда қыз бен жігіттің құшақтасып тұрып атылып өлгендерін естідіңіз бе?
— Естідім.
— Сүйген қызыңыз үшін сіз солай істей алар ма едіңіз?
— Білмеймін,— деп күлді Әсет. «Шынында да істей алар ма едім?» — деген ой келді Әсеттің өзіне де. Қызды өзіне тартып, сұп-суық бетіне бетін тигізді. Көзін жұма тұрып қыздың алқымына тұмсығын тықты. «Қандай тұнық... қандай тұнық...» Тізесі дірілдеп, теңселіп кеткен.
— Ағатай, мен кетем...
Қыз екі үйдің аралығындағы қысқа жолмен жүгіре жөнелді.
«Менің де атылуым мүмкін-ау...»
Анадай жерге жүгіріп барды да, қыз сәл қайырылып:
— Жоқ, сіз атыла алмайсыз, ағатай,— деді мұның ойын дәл білгендей.
4
Ертеңіне Әсет бір көңілді күйде жүрді. Өз-өзінен іштей күліп, үнсіз жымия береді. Үйге кіріп шыққан сайын, ауылдың шетіндегі қабаған иттері көп үй жаққа қарай береді. Көзге бір көрінбес пе екен деп дәмеленеді.
«Қызық-ау, өмір деген,— дейді іштей,— осыдан он шақты жыл бұрын Шалғынбайдың үйі жағына да телміре қараймын-ау, деп кім ойлаған...»
Қыз күн ұзынға, үйінің сыртына ең болмаса қылт етіп бір шықпай, көзіне бір көрінбей сілесін қатырды. Алақтай-алақтай Әсеттің көзі талды. Бұ не деген ұзақ күн, мүлдем өтпей қойды. Кешкісін тағы той бар. Енді күйеу жігіттің үйінде келін түсіру тойы. Әсет сол кешкі тойды асыға күтуде. Ол түске дейін тегіс ауылды аралап шықты. Кешегідей емес, ауыл бүгін оған әбден ұнады.
Төбесінде шөбі бар,— түнде үстіне өздері шығып жатқан қораның жанынан өткенде, іргесін су кеулеген мыжырайған аласа қора көзіне оттай басылды. Әсетке ыстық, қуанышты сәттің куәсі еді бұл қора.
Енді бірде ол өзінің Сәулетаймен алғаш рет сүйіскен кезін есіне алды. Анау клубтың сырт жағындағы тасада екеуі кездескен болатын. Сол жылы колхоз алғаш рет каркастан үй саламыз деп, сол жерге көп қамыс әкеп түсірген еді. Анасы қайтыс болардың алдындағы қыс болатын.
Орта мектепті бітірген Әсет, апасы аурулы болған соң, оқуға бара алмай қалды. Бір қыс колхозда істеген. Бірде, қыс кезінде ол апасынан ұрлап ақша алып шығып, өзі сияқты екі-үш жас жігітпен бірігіп бір жарты сатып ап, соны бөліп ішіп, клубқа қызып келді. Тіпті шынын айтқанда араққа қызған да жоқ еді, бірақ ішкенін сылтау қып қыздарға қызу сияқты көрінуге тырысты. Сәулетайдың қасына кеп сүйкене тұрған.
— Ұят-ай, мынау ішіп апты, ей,— деді ол бетін шымшып.
— Жұмысың болмасын, онан да далаға жүр,— деді Әсет батылданып.
— Қайда?
— Ана қамыстың түбіне. Сөйлесетін сөзім бар.
— Кет, ары. Бармаймын,— деп Сәулетай сықылықтай күлген.
— Бармай көр, тура өлтірем!..
— Сен бе, ей?..
— Мен.
— Ха-ха. Жарайды, қазір барам.
Қамыстың түбіне келген соң, Әсет мастығы тарқағандай, не айтарын білмей қысылып біраз тұрды.
— Кіп-кішкентай боп сен неге ішесің, ей?! — деді Сәулетай.
— Кім кішкентай?
— Сен.
— Онда мен саған қорс етейін...
Әсет бас салып оның бетінен сүйген, Сәулетай мұны итеріп қалды. Екеуі күлген бойда алыса кетіп, қамыстың түбіне ұмар-жұмар болып еді...
Сол күннен бастап екеуінің арасында ойынға да жатпайтын, шынға да жатпайтын қызық қарым-қатынас басталды. Кездесе кеткенде бірін-бірі мазақтайды, онан балаша алысады, ақыры сүйіседі. Махаббат, сүйіспеншіліктің араларында бар, жоғы екеуіне де белгісіз еді. Сол көктемде ауылға ауыл шаруашылық институтынан практикаға бір студент жігіт келген, көп ұзамай Сәулетай оп-оңай соған ауып кетті. Әсет біраз налыды, күйінді, Сәулетайға жылармандай боп тұрып хат жазып жалынды да, бірақ қыз мұны қайтып маңайлатпай қойды. Кейіннен практикант студент қайтып кетті де, Сәулетай екіқабат боп қалды.
Бұл кезде апасы қайтыс болған Әсет ауыр қайғыдан есін әзер деп жиып, оқуға кетуге жиналып жүрген. Туыс-туғандары қиғылықты салды: «Сен ешқайда да бармайсың. Өзің бұзған қыз, енді соған қайтсең де үйлендіреміз. Ағайын арасын ойрандама»,— деп. Ауданда Әсетті учеттен шығармай қойды. Нағыз бір ауыр кез еді, Әсет үшін. Ауыл қарасын енді қайтып көрместей боп кеткені де сол ғой. Қазір ойлап қараса соның бәрі өзінің емес, басқа біреудің басынан өткен оқиға сияқты. Ұят та, күлкілі де көрінеді. Енді бірде:
«Почтаға кіріп, Алматыға заказ беріп, сөйлессем бе екен» деп ойлады Әсет. Ондағы ойы Сәулетайды көріп, сөйлескісі келген еді. Бірақ артынша ол ойынан тез айныды.
Ерегескенде күн батпай қойды-ау. Ақыры Әсет ауылды аралаудан да жалықты, бірінен кейін бірі сәлемдескен адамдардан да мезі болды. Күн шуаққа шығып, үй іргесіндегі ұзын тақтай орындыққа шаншылып отырды да қойды. Екі көзі Шалғынбайдың үйі жақта.
«Осы менің мұным не?.. Шыным ба?.. Әйелім бар, балам бар адаммын, онша жас та емеспін, еліге беретін кезден өттім емес пе, ал енді мұным қалай?.. Естісе, білсе ел-жұрттан масқара ғой. Адам болған, ақыл кірген, есейген түрі мынау ма, деп күлмей ме... Жоқ, қою керек... құрысыншы... Бір шынашақтай қызға сонша есім кетіп. Ең болмаса, ол бір пәлендей сұлу болса екен-ау... өзі секпіл...»
Осылайша ақылға кеп өзіне-өзі тежеу салғанмен, бәрібір түндегі қыз бейнесі шырқ айналып көкейінен кетпей қойды «Айналайын ағатай»...— деп көз алдында тұрып алады. Қыз бойындағы өзгеше бір ойнақы балғын сүйкімділік, ерке қылық есіл-дертін алып, дегбірсіз күйге түсірді. Бірауық ол өзінің мұнан бұрынғы көңілдес болған қыз-келіншектерін есіне алып, көңілін алдарқатпақ боп көрген, бірақ онысынан түк шықпады, мына қыздың қасында соның бәрі көмескі тартып, оңған суреттей сұры қаша берді.
Кешкісін Әсет Құрақбайды ертіп, қарындасы келін боп түскен құданың үйіне келді. Мұнда да қонақтарды үш үйге бөлген екен. Әсетті сыйлы қонақтар отыратын үлкен үйге мегзеген. Әсет онда бармай жастар отырған жаққа кірді. Кірген бойда бірден сол қызды іздеген, бірақ көзіне түспеді. Жоқ екен. Оның есесіне бүгінгі тойға Сәулетай келіпті. Әсет төрдің бергі жақ бұрышына отырған, ол арғы жақ бұрышында отыр. Әсет өзінен-өзі қысылып, екі беті дуылдап, қызарып тершіп кетті. Сонысын білдірмеу үшін:
— Түу, үйдің ыстығы-ай,— деп бетін желпіді.
Кірген-шыққанға елеңдеп, әне кеп қалар, міне кеп қалар деп ол қанша күткенмен, кішкене қыз келмеді. Дуылдаған той басталып, кешегідей жақсы тілек білдірген талай тостар айтылып, тамақ ішіліп, енді ойын-сауық пен биге кезек келгенде, Әсет бой жазып, салқындап қайту үшін тысқа шықты.
Сол кешегідей тастай қараңғы айсыз түн. Тау жақтан ескен салқын самал бар. Әсет көшені бойлап жүре берді. Сол масаң күйге түсіп, басы айналып, ештеңені ойлаған жоқ сияқты еді, сөйтіп келе жатып Шалғынбайдың үйінің тұсына кеп тоқтаған кезін бір-ақ білді. Енді не істеу керек? Кейін қайту керек пе, жоқ үйге кіру керек пе? Үйге кірсе не деп кіреді? Қызды қалай алып шығады? Шалғынбай шал үйінде болса масқараның көкесі болады ғой...
Есік алдынан үш-төрт ит бірдей арсылдай бастады. Қараңғыда өздері көрінбесе де, үргендеріне қарап әрқайсысы тайыншадай болар деп түйді Әсет. Байлаулы болу керек, ешқайсысы жүгірген жоқ.
Әсет көше шетіндегі шарбақтан бір қазықты жұлып ап, оңайлап ұстады да терезеге келді. Қымтап жабылмаған перденің ашық жерінен ішке сығалады. Шалғынбай шал, кемпірі, қызы және екі кішкене баласымен жер үстелде шай ішіп отыр екен. Қыз шығар деген оймен, Әсет терезені қақты. Баланың ересегі ұшып тұрып терезенің алдына келді:
— О кім? — деді. Әсет шеттей тұрып, ішке көрінбей қолын созып, тағы қақты. Әлгі ересек бала жүгіріп сыртқа шыққан. Әсет үйдің артына тасалана берді.
— Әй, бұ кім? — деді бала қырылдаған дауыспен. Сәл күтті де жауап болмаған соң:
— Шынар шықпайды,— деді айқайлап.
Тағы біраз тың тыңдап тұрды, онан соң:
— Онысы несі, жынды ма, ей,— деді күңкілдеп.— Әй, кім де болсаң иттерді босатып жіберем де сорыңды сорпадай қайнатам. Кәне, шық бері!..
Әсет қолындағы таяқты қыса түсіп, демін ішіне тартып тым-тырыс қатып қалған. Бала тағы біраз тұрды да ақыры:
— Жарайды, бір жолға иттерді босатпаймын, ал енді терезені қағатын болсаң, аяйды екен деме! — деп ескертті де үйге кіріп кетті.
Әсет кейін қайтты.
«Шықпаса қойсын. Қояйыншы осыны»...— деп түйді. Аспанға қарады. Самсаған жұлдыздар, әлденеше есе көбейіп құжынап кеткен тәрізді. Мұндай жиі болар ма. Будақ-будақ боп шыққан тозаңша үздік-создық созылған құс жолы аспанды қақ жарып, белдеулеп алған.
Әсет дүниенің ұшы-қиырсыз кеңдігі туралы ойлады, құс жолындағы тозаң сияқты сан миллиондаған жұлдыздардың кез келгені күннен де әлдеқайда үлкен олардың бір-бірінен ара қашықтары миллиардтаған жарық жылмен есептеледі, ал сондай алып дүниенің жер деп аталатын тозаңнан да кішкентай бір бөлшегінде адам өмір кешеді. Қызық-ау, сол адам шексіз өмір сүреді, бір-біріне ғашық болады. Жер деп аталатын планетасының тозаңнан да кішкентай екенін ұмытып, өзі дүниенің бір құлағын ұстап тұрғандай болады. Ой жіберсең күлкілі-ақ. Анау Жетіқарақшы Алматыдан қарасаң да осы тұста, Москвадан қарасаң да осы тұста, Жер-Ананың күйкілігін ойласаң зәрең ұшады. «Ертең қайтамын... Қош боп тұр, туған ауыл. Енді тағы біраз жылға дейін келе алмаспын...» Ол енді әйелі мен баласын, онан соң бірге жүріп, бірге тұрған жолдастарын есіне алды. Баласының перронда бұған екі қолын бірдей созып, жылап қалған сәті көз алдына келсе, ет жүрегін езіп жібере жаздайды, әкесінен мүлдем айрылып қалып бара жатқандай шырқырады-ау. Бала деген со да, қазір ғой тәтті ұйқының құшағында болар. Әйелі қайтіп жатыр екен? Бұрын жалғыз қалып көрмеп еді, елегізіп қорқып жатыр ма екен... Мұны есіне алып жатқан болар... Өзін бірге ала кеп, ауылды көрсету керек еді. Жолдастары неғып жүр екен. Бұл кеткен екі-үш күннің ішінде, ресторанға барған сайын, мұны ауыздарына бір алып қойып жүрген шығар: «Әй, келіңдерші, әлгі Әсет үшін бір көтерелік»,— деп. Еске алатындары даусыз. Өмірде сондай жолдастары бар адам бақытты-ау.
Үйге таяп қалған кезде қарсы алдынан Әбдібай шықты.
— Машинаң дайын ба? Мені ертеңгісін ерте апарып саласың ғой.
— Дайын.
Онан соң Әсетке еріп біраз жүре түсті де:
— Шынар біраздан кейін келеді,— деді.— Әкесі ұйықтаған соң...
Сасып қалған Әсет қапелімде оған ештеңе деген жоқ. Қуанарын да, таңданарын да білмеді. Мойын бұрмастан үйге кіріп кетті. Ойынның қызған кезі екен. Ойын басқарушы:
— Кәне, Әсет, жоғары шық. Өзіңе көрші тап,— деп оны төрге өткізді де: — Әй, Майшелпек, былай тұр, алдыңдағы жерге Әсет отырады,— деп Сәулетайдың қасында отырған жастау жігітті тұрғызып жіберді. Әсет босаған орынға, Сәулетайдың қасына кеп отырды.
— Сәлематсыз ба,— дейді Әсет сыбырлап.
— Жақсы.
Мұнан әрі екеуі де сәл бір ыңғайсыз күйлерін көпшілікке білдіргілері келмегендей, беттері дуылдап, ойын басқарушыға қарай қалды.
— Жолдастар, қазір мен әуелі қыздардан көршілерімен татулығын сұрап шығам. Тату еместеріңіз, ұнатқан көршіні сатып алуларыңызға болады. Ал мына шеттен бастайын... Ләйлә, көршіңмен татусың ба?
— Жоқ, аразбын. Күн көрсетпей ұрыса береді,— дейді ақ сары қыз күліп.
— Иә, кімнің көршісін қалайсың онда? — деп сұрайды ойын басқарушы.
— Битайдың көршісін қалаймын.
— Битай көршіңді, бересің бе?
— Жоқ бермеймін.
— Битай бермеймін дейді ғой, оған қандай салық саласың?
— Екі ауыз өлең айтсын...
Осылайша ән айтылып, би билене бастады. Әсет пен Сәулетай сол бір үнсіз қалыптарында, бір-бірімен іштей аңдысқандай боп тынып отыр. Біріне-бірі жақыннан қарағылары келеді, бірақ қарай алмайды, тек кірпік қаққандай сәттерде көз қиықтарын тастап үлгереді.
Әсеттің байқағаны: Сәулетай қызарып отыр. «Көрікті-ақ-ау...» — деп ойлады. Өстіп отырғанда татулықты сұраудың кезегі Сәулетайға жетті.
— Көршіңізбен татусыз ба?
— Татумын.
— Татулық белгіңіз?
Әсет оған енді анықтап қарады. Сәулетай өрттей жанып, қысылып:
— Татумыз,— деді.
— Сөзбен айту жеткіліксіз, татулық белгіңізді көрсетіңіз,— деп ойын басқарушы жігіт тықақтап тұрып алды. Қолындағы тоқпақтай етіп білемдеп есіп алған орамалын үйіріп қойды.
— Болыңыз!..
Сәулетай Әсетке қарай еңкейіп, ақырын ғана ернін тигізді.
— Е, бәсе, енді дұрыс.
— Туу, тіпті жаналғыштап тұрып алды ғой,— деді Сәулетай күліп.
Енді екеуінің де қысылуы тарап, үйренісе бастағандай еді. Сірестіріп жібермей араларында қатып отырған мұз сең-сең боп бұзылған еді.
Бір-біріне еш бүкпесіз, зілсіз, кексіз кейіппен қарасты. «Дегенмен қасіреттің табы қалыпты-ау, жүзінде»,— деп ойлады Әсет. Өз ішінен Сәулетай да мұның бойындағы өзгерістерді түстеп қойған тәрізді.
— Қашан қайтасың? — деп сұрады әлден соң.
— Ертең,— деді Әсет.
— Неге асықтың?
— Жұмыс...
— Жүмыс... Онан да ішім пысты, ауылды, мына бізді менсінбеймін десеңші.
— Неге...
Өстіп отырғанда есіктен ақырын ғана жымиып Шынар кіріп келді. Әбдібайдың қасына жып етіп отыра кетті. Екеуі бір-бірімен сыбырласып, күлісіп әмпей-жәмпей болды да қалды.
Әсет тісі ауырған адамдай қабағы кіржиіп, сұлқ отырып қалған. Ішінен алай-дүлей бір құйын соғып өткен тәрізді.
— Бір жерің ауырып отыр ма? — дейді Сәулетай елеңдеп.
— Жо-жәй...
— Жолдастар, енді әркім өз көршісімен би билейді,— деді басқарушы жігіт. Радиола вальс ойнай жөнелді. Қыздар мен жігіттер екі-екіден дөңгелене үйіріліп кетті. Әбдібайды құшақтап Шынар да дөңгеленді. Күліп жүр, мәз боп жүр. Әсет оны ең болмаса бір рет қарар, сол кезде сыртқа шығуға белгі берермін деп ойлаған. Жоқ, қараған жоқ бұл жаққа. Әлде Әсетті көрмей жүрген шығар. Қалай көрінсе екен? Қалай белгі берсе екен. Әсетте мүлде ес қалмады. Бір би аяқталды. Сол кезде: өзім барып биге шақырсам ба екен деген ой келді. Бірақ өйтуге батылы жетпеді. Ал Шынар болса мәз-мейрам. «Айналайын-ау, мен мұнда тұрмын ғой, қарасаңшы бір рет. Ең болмаса, бір рет...» Сол қарамаған күйі Әбдібай екеуі екінші биді билей жөнелді.
Ыза болған Әсет сыртқа шығып бара жатып, қастарынан жанап өткен, сол кезде ғана қыз:
— Саламатсыз ба,— деді жымыңдап, бар болғаны сол. Сыр білдірмеуге тырысқан Әсет тәкаппар қалпын сақтап ернін ғана қыбырлатты да, басын изеді.
Жын қаққандай бір күй. Тұлан тұтқан ашу-ызадан, қорланған намыстан жарылардай боп есік алдында біраз тұрды. Үйге кіріп-шығып зыр жүгіріп жүргендердің бірде-бірі бұған көңіл аударған жоқ. Мұның мына күйін ешқайсысы байқар емес. Ауылға деген қадірі бір-ақ күннің ішінде кеткен сияқты.
Әсет тізіле қойылған көп самаурындардың арасын аралап өтіп, ауылдың сыртына қарай жүріп кетті. Түндегі Шынар екеуі жүрген үлкен дөңнің үстіне шықты. Бойын суық сірестіріп тоңази бастады. Ойдағы ауылға қарады, жылт-жылт етіп самсаған көп оттар. Мұның мына жүріс-тұрысымен, аласұрған көңіл-күйімен ешбір ісі жоқ, мүлдем бейхабар жатыр.
Есіне Шынардың түндегі: «Мең-зең, өң мен түстей халде. Басында түк ой жоқ»,— деген сөзі түсті. Мырс етіп күліп, басын шайқады: «Осы сөзден өзі не түсінді екен»,— деп ойлады. Біртіндеп сабасына түсіп, көңілін жабырқау мұң торлады. Тағы да ойдағы ауылға, онан әрі тастай қараңғы түнге, тоң-торыс боп дүңкиіп жатқан Ешкіөлмес тауына қарады. Туған жерге деген жалған елжіреу де, үздігу де жоқ еді көңілінде, алыстан талып естілген жаңғырықтай балалық шағынан қалған еміс-еміс сағыныш қана бар. Сонау батыста, станция жақтан жарқыраған алыс от көрінеді. Есіне кешегі проводник қыз; тербетілген бұйығы, жылы вагон оралды. Сол вагонмен кете берсе ғой... Жоқ, олай болуы мүмкін емес. Бәрібір бір жерде түсуіне тура келер еді, ал ұзап барып түссе, оның арты немен тынарын кім білсін...
Бір сәтке Әсет қазіргі өз күйіне сырт көзбен бір қарап өткендей болады. «Түу, ұят-ай!.. Есіріктік пе, есерлік пе?.. Жастық па, әлде мастық па? Ғылым кандидаты, ақыл-ойы бар, өскен жігіт... Сөйте тұра істеп жүргені мынау!.. Ұят-ай! Ешкім білмей-ақ қойсын. Тек Алматыға қайтқан соң жолдастарына айтып, күледі ғой әлі. «Қарағаның қандай жақсы, қарағым...» Ақындар да айтқыш-ау!
Мастықтан әбден айығып, қалтырап тоңған Әсет той болып жатқан үйге беттеді, плащын алып, әпкесінің үйіне барып ұйықтауға енді біржола бекінген. Дәл есік алдына жеткенде, ас үйден зарлай шыққан ән естілді. Төбе құйқаны шымырлататын ән. Айтушы даусының құдіреті ме, әлде, әннің өз құдіреті ме, әйтеуір көңілін бірден ұйқы-тұйқы ғып жіберді. Әсет еріксіз солай бұрылған.
Бу бұрқыраған ас үй толған әйел екен, дастарқан әзірлеп, күні бойы тамақ пісірген келіншектер, кексе қатындар, енді ғана есе тиіп ішуге кірісіпті. Солардың орта тұсында басындағы орамалы бір жағына қисайып кеткен Зағипа көзін жұмып теңселіп отыр. Әнді аңыратып отырған сол.
Басында Үшқараның қос барабан,
Сол таудан дария шалқар су тараған,
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда,
Апырмай, неге келдім сол арадан...
Жасы ондар шамасындағы дөңгелек көз қара бала, оны бірдеңе деп иығынан тартқылап түр. «Апа, жүр, кетеміз»,— дейтін тәрізді. Әсет енді байқады, Зағипа жылап отыр екен. Мас боп қалған-ау, шамасы.
Әсеттің көңілі тағы да алай-түлей боп кетті. Жеткізбейтін алыс армандар, қиялдар көктемгі қара суық желдей бүкіл тұла бойын діріл қаққызып азынап берді. Не үшін өмір сүріп жүрміз, осы? Не үшін тіршілік етеміз? Аңсаған шақ, қимас сәттер неге баянсыз болады, осы? Неге тез айырылып қаламыз. Әне, Зағипа да аңсап отыр ғой сол бір шақты.
Сұлу қыз, көркем жігіт бәрі сонда,
Апырмай, неге келдім сол арадан...
Қайда сол Үшқара? Қайда сол әнші аңсаған әсем қауым, сал-сері қауым, керім қауым? Мүмкін, сол Үшқара біздің Ешкіөлместің бір жотасы болар... Адам шіркін тойымсыз ба, әлде? Аңсай беретін... Болған үстіне болса дей беретін...
Плащын ертең қайтар жолда алармын деген оймен Әсет әпкесінің үйіне тартты. Ерте жатып ұйықтап, демалу керек.