14.08.2021
  306


Автор: Ғалым Әріп

Қаламқас

(деректі әңгіме)


Бағзының баянын қозғап, боз маясы боздап, көсіліп жатқан шалқар кеңістікке жіті көз тіге, жондарын, қанаттарын қомдана дүр сілкінген түз бүркіті тәрізді қырағы, алып денелі, алпамсадай кең жауырынды, қату өңді, шамалыны селк еткізіп, дұшпан түгілі естіген жанның қай-қайсысына да үргелек үрей туғызардай қаһарлы да зәрлі үнді Шотан баһадүр бастаған өңшең «жүректерінің түгі бар» адай жасақтарының баяғы атакүлдік Маңғыстаудың ойына құлағанына онша көп уақыт өтпеген кез. Бастапқыда қоңсы қонып, дәм тұздас болса да, текті әрі тентектеу, тұйнағы тым бөлектеу, алған бетінен әсте таймайтын, сесі басым, қалмаққа қырғын салып келе жатқан рухы үстем білдей бір рулы-тайпалы елдің райынан сескенген жәуміт түрікмендер де қанша атыс-шабыс, дау-жанжал салғанымен де айылын тарта бастады. Енді-енді шама-шарықты бағамдап, артқа қарайлай-қарайлай, қимай қанша ойқастаса да, «бәледен машайық қашадының» керімен өз ата мекендеріне қарай амалсыздан ат басын кері бұрып, жосылып, ойыса бастаған шарасыз да мазасыз шағы еді. Ал әлдебір айдалада жатқан майшелпек емес, бағзы атақонысқа қайта иелік етуге біржолата сенім нықтаған «Алшын» ұранды, «Адай» (жебе) таңбалы ел, есіл ерлердің жалы күдірейіп, көзі ежірейіп, сөзі де тым өктемірек, тым асқақ, тым паң, саңқылдап естіліп, тұлпарларының тұяғынан тас ұшып, мейманалары тасыңқырап тұрды. Өмірінде «тәк» көрмеген текті ағайынның мәртебесі биік, мерейі үстемдеу, адуындау, ұрдажық болмысы айқын аңғарылды. Қаратаудың ең биік деген шоқылары басынан ұран оттары алаулап, дауылпаздар соққысынан бүкіл дала күңіреніп кетеді. Неткен, дүрбелең дүние, неткен жанкештілік! Ешкім де есесін жібергісі, намысты қолдан бергісі келмейді-ау. Әсіресе, қарыс сүйем жер дегенде... Бірақ... Күндердің күніңде күштінің тақымы батпай қоймайтыны тағы бар...


Алғашқыда «алпыс үйдей аз келгені» де рас. Аймақтағы ахуалдың аужайын аңғарып, өтпелі дәуірлерде осында тұрақтап қалған қалмақтар мен түрікмендердің сыңайынан сескене қоймаған шеттерінен «сен тұр, мен атайын» Адайдың атышулы батырларының «тұр-тұрпаты жаман», қасарысқан қас-дұшпанның қандайының да аяғын аспаннан келтіріп, үркітуге, қорқытуға әзір, түріп айдап шығуға да белдерін бекем буып келгені қаулаған өрттей мәрт кескіндерінен бой көрсетіп тұр. Сайыпқыран саңлақтарға ере келген Беріштің Қаратоқайының атақты байы Есболай мен Кете Әжібай бидің сұлбасы да көрініс беріп қалады. Енді ғана тұяқ іліктіріп жатқан, әлімжеттік жасаса да, әліптің артын баққан осынау өліара шақта, алдағы жылдар керуенінде осы әулеттен Есболайдың Итемгенінен тамыр тартатын Табылдының қасиет қонған ұлы, әз әулие Құлбарақ батырдың өмірге келетінін ешкім сезе қойған жоқ-ты. Бұл қазақ жерінің батыс өңірін жетпіс жылға жуық жат жұрттың уысына, бөгде мен бөтеннің езгісіне бермеген Жарының Жетімек тақтасының тарлан бозы әйгілі Сүйінқара батырдың тұрғыласы, сенімді серігі. Ал Түмен Балтабасұлының «Маңғыстау» толғауындағы «Кете Әжібайға бата айтқызып, Шотан баһадүрдің Адай Туын(!) мәңгілікке жол тартардай етіп нығарлай, желбірете жалаулата тігетін жері де осы Қаламқас өңірі іспетті!


Ал Тінейдің Тәңірберген батыры да осы бір Бозашы түбегіне сонау Үстірттен Маната арқылы төте жол тартып, дұшпанға дес бермеген, аты шыққан азулы батырлардың ішінде өзіндік айбары, кесек кескін-келбетімен шоқтығы биіктігін байқатты. Заманында ата жауға айналған қалмақты шауып, жеңгеннен кейін, олжаға түскен олардың Бекбике падишасын ақ биенің сүтіне шомылдырып, қатындыққа алатын еңсегей бойлы ер Тәңірберген осы. Сонау Мақаттың маңындағы Бекбике стансасы осы қалмақ қызы Тіней әулеті бір анасының есімін иеленіп қалуы да көп сырдың ұштығын аңғартады. Сол Бекбике сұлудан тараған ұрпақтары Маңғыстауда қазір де баршылық.


Бозашының боз даласы, аласұрған асау айдынның төңірегіне ел мықтап қоныстана бастады. Бірақ, заманның сұрқы сондай сүреңсіз, ұстараның жүзіндей қылпылдап сан құбылады. Нажағай ойнап шартылдап, сұр аспанды тілгілеп, сеңдей соғылысқан қап-қара бұлттардай қауіп-қатері басым. Осынау ат ауыздығымен су кешіп, ер-азаматтар емін-еркін жайлана, арқайын бір тер басып, аяқ суыта да алмаған аласапыран дәуірде сегіз арыс Жарының бір бал асы Бектеміс ахунның тұңғыш немересі Қаламқас есімді қызалақ шарана тіршілік көзін ашып еді. Бұл бір мың жеті жүз он бесінші жылдардың шамасына тұспа-тұс келеді деген болжам бар.


Суыт келген алғашқы топтан кейін өзі адай халқы ошарыла көшіп, бағзы бабалар аймағына ақ туын желбірете тігіп, айдарынан жел есіп, жаппай табан тірей бастады. Әріде Алатау, беріде Шу бойынан, Сауран айналып, Сырдың бойын жағалап, Еділ, Қиыл, Жем, Сағызбен, Мұңалжар сілемдерінен Үстірттің үстімен айбалтасын жарқылдата жүріп, табанды мақсат жолын діттеген бір қауым елге Кіші Жүздік ағайындар «Сәт сапар, көш көлікті болсын!» айтып, қимай қоштасқан-ды. Енді, міне, елдік мінез, ерлік ерен болмыс тәуекел қайығыңа біржолата бел будырып, көне Маңғыстау өзінің төлтума ұрпақтарына ыстық құшағын айқара ашты.


Тектіліктің төркіні де сол қаннан сіңген мінезде жатады ғой. Өзалда жаратылғанда мәймөңкені сүймейтін, тура, кесіп сөйлеп, жауыңды да, бөріңді де жағадан алуға тайсала қоймайтын, шеңгелді, шар болаттай қайралып, алмас қылыштай жарқылдаған нар тұлғалы ежелгі көк түріктердің көшпенділердің тұяғы ештеңеден айыл жияр сыңайлары байқалмайды. Күнделікті жау жарағын асынып, аттан түспейтін дөйт жігіттердің жан баласынан қаймығып, бір жасықтық танытқанын көрсеңші! Қариялары телегей-теңіз пәтуалы, елдік әңгіме өрбітсе, ақ жаулықты әжелер жаудың бетін қайтаруға аттанған ұландарының аман-есен оралуына тілек тілеп, Тәңірісіне, аруақты ата-бабаларына сиынар еді.


Ал тумысында ер көңілді арулар да ештеңеден имене қоймайтын жүректілігімен тәнті етпей қоймайды. Олар да отбасы, ошақ қасымен шектеліп, тұсалып қалмай, қиын-қыстау кезеңдерде ерлермен бірге қатігез жауға тойтарыс беруден қаймықпайды. Алмағайып замандарда «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» Сақ даласына тұрақты иелік етуде Дай тайпасынан шыққан Томирис сынды жүрек жұтқан апалар қалайша қас-дұшпанмен арыстанша алысып, намысты, елді, жерді бермей жалынды ғұмыр кешсе, Қаламқастай қайсар қыздың да ерлік істері, жанқиярлық дағдысы жетіп артылады.


Қаршадайынан әр сөзі мен ісінде үлкен көшелілік қасиетімен дараланған ол ауыл-елдің арқа сүйері, тосын жаудан қорғануға елді жұмылдыра алатын ақылманы, қажетінде жауға да шабар найзагері атана білді. Күнделікті бір басылмайтын жаугершілік жорықтар, шауып кету, барымта елім деген ерлердің үнемі жел өтінде жүруіне, оққа, отқа кеудесін тосуына мәжбүр етті. Бір қауым елді тамақпен, сусынмен қамту да мынау қиян дала, шөлейт өлкеде тіптен оңай дүние емес еді.


Соған қарамастан осынау кең аймақты толық иемденіп, еркін жайлаған ағайын көлденең шапқан қалмаққа да, ноғайға да, түрікменге де, Хиуа сарттарына да, басқа да дала кезіп, ажал іздегендерге туған жердің қарыс сүйем топырағын да қия алмады. Құла дүз атанғанмен құйқалы, қазыналы да киелі түбекке теріс ниетпен келгендердің тағдырынан түңіліп, желкесі үзіліп, мерт болуы, не болмаса қайтып келместей тырағайлап қашуы жазылмаған заңдылыққа айналды. Мұндай иен даланы билеп, уысынан шығармай иелік ету мықтының мықтысы, сойы бөлек сойқанды ерлердің еншісіне ғана жазылған бұйырмыс-ты.


Маңғыстаудың қараойынан жорыққа аттанып бара жатқанда қолбасылары тез жетіліп өсіп, ерте есейіп, қолына қару ұстай білген қайратты да қажарлы Қаламқасқа сенім артатын. Әу бастан бойына ата-бабалардың әулиелік-көріпкелдік қасиеттерін де, батырлық айбат-аруағын да жете сіңірген ақберен бойжеткеннің бойы да еңселі, дене бітімі тым мығым, сүйекті, бала күнінен небір арқыраған асауды жуасытып ысылған қатіренді жас болатын. Задында әйел адам болып жаралғаны болмаса, кейбір жағдайларда еркек кіндіктілерден де асып түсетін мәрттігі сонадайдан атойлап сыр аңғартып тұратын-ды.


...Бүгін де Қаламқас қасына бір топ қайсар қылықты құрбыларын ертіп алып, жол кесіп, аң аулауға шықты. Біле-білгенге мынау Керел түбегінің айналасы бір ғанибет. Сонадайдан көзді арбар бұлдыр сағымы жүзген ұшы-қиырсыз ұланғайыр дала қандай әдемі десеңізші шіркін, қалың өскен жусан, сораң, адыраспан, текесақал...


Өмір мен өлімнің арасы қарыс сүйем екендігін, ел үшін, туып-өскен жер үшін шейіт кеткен арыстандай арыстардың ұлағатын ұқтырғандай қолат қырлардың басынан «мен мұндалап!» көнелікті қауымдар «қол бұлғайды»...


Ал теңіз бет мұнартып көрінеді. Бұл жақта сан алуан ғажайып құстар: аққулар, қызыл қаз, бірқазан, үйрек, шағалалар айдын төсін, бүкіл аймағын азан-қазан қылып, жағалауда нешебір қызылды-жасылды гүлдер көздің жауын алады. Теңіз беттен лекіте соққан саумал ауа бойды тітіркендіріп жіберсе де, сергітіп алып барады...


Анадайдан бір үйір киік қашты. Шаштарын буып, бастырған, үстеріне теріден тоқылған бешпет киген, арқаларында асынған садағы бар, отты жанарлы, сесті арулар дала перизаттарын жан-жақтан қиқулай қуып келеді. Қыр тағылары да шамал ыға алдырар ыңғайы жоқ. Текелері топ бастаған дала еркелері - киіктер оқтай ұшып, желмен жарысып, құрыққа ілігер емес.


Алайда, адамнан айла асқан ба. Қарағанда көз талардай, сағымды сары бел-беткейдің оңтайлы жерінен жарлауыт сай секілді етіп әдейі қолдан қырнап, жонып қазылған жасанды арандарға тобымен келіп соқтыққан киіктер жапырыла, бірінің үстіне бірі құлап, бейне қақпанға, торға түскендей омақасты...


Жасындай өткір жанарлы өңшең өжет қыздар бұл жолы да ауылға олжалы оралды. Әрбіреуінің қанжығасы майлы. Ел мерейі тағы да өсті, қан шығарып, қызыл қуырдаққа кенелді. Әсіресе, қариялар мен бала-шағалар мәз-мәйрам. Бәрі де астындағы арғымағын ойнақтатып, маңайды маңғаз шола қарайтын ойлы да сақ, көрген көз сүйсінерліктей Мұңал-Жары қызының қайыстай шымыр өрілген көрік сымбатына ризашылықпен қарайды.


Ақырында Қаламқастай мінсіз мүсінді жаужүрек қызға сол жағалаудағы Жандауыр айлағына теңіздің арғы бетінен желкенді кемемен келіп, өздері әкелген мата, тамақ, ұсақ-түйек әшекей заттарын жергілікті жердегі мал және мал өнімдеріне айырбас жасайтын орыс-орман, ноғай, татар-башқұрт па, әлде басқа біреудің бе, тілі тиіпті деген сөз бар. Осындай сейістік сәттерінің бірінде қатты шауып, аң қуып келе жатып атының тұяғы теп-тегіс далада аз кездеспейтін, Құдайдың өзі жасап қойғандай, тереңдігі бір құлаш шамасындағы жердің аңына (ұраға) іліккен ол қапияда тіл тартпастан кетіпті...


Көнеден келе жатқан әңгімеде бүтіндей ел мақтанышына айналған ерекше жаратылыс иесі Қаламқас осынау табиғи тылсымы үстем тынысты мекенді Адай жұрты қайта қоныс еткелі өлке өмірінде жер бетіне алғаш түскен, бірінші жерленген ару, әйел қауымынан шыққан әз әулие екендігін кәрі құлақтар аңыз емес, әріден тін тартып келе жатқан жаны бар өзекті әңгіме ретінде өрбітеді.


Қойнауы қара алтынға толып, халықтың ырысына айналған Қаламқас даңқы жер-жаһанға, мұхиттың арғы-бергі шетіне дейін жетті. Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов пен аталған аймақтардағы бүкіл өндірістің басшысы - «генералы» болған Сағын Қырымқұловтың газетте жарияланған сұхбатында «Қазіргі Қаламқас кентінің қақ орталығынан қорамсағы жебеге толы, үстінде жеңіл сауыты, садағын кере тартқан күйінде, ақ тұлпар үстінде еңкіштеу отырып, атпен шауып келе жатқан реттегі батыр-ару бейнесі сомдалса, Қаламқасқа ескерткіш қойылса арманым болмас еді» деген сөздері шынайы көңіл түкпірінен туындағаны азамат тұлғасын айшықтай түседі. Бүгінгі Қаламқас кен орнында еңбек етіп жатқан жігіттер мен қыздар бұл өңірдің осындай атақты ару есімімен аталатынын мақтан тұтуы әрі оның өз атындағы аумақты да киелі тарихи қауым басына барып, рухына тағзым етуі бек жарасымды дүние болар еді-ау...


Әрине, бұл осы өңірдегі ең көне әрі ауқымы жағынан да аумақты қорым, ежелгі тарихтың куәгерлері. Мұнда тек Жары әулеті ғана емес, Адайдың өзге де руларының, Беріштің Қаратоқайының талайлаған әруақты бабалары мәңгі тыныс тапқан. Осындай тағлымдық жағынан тілге тиек етуге тұра жақ қастерлі орындар көзден таса болмай, керісінше, аймақтағы туризмнің бір айқын нысанасына айналып, жастарымызды, оның ішінде қазақ қыздарын әрі ел жанды, әрі өр мінезді болуға тәрбиелейтін тарихи-мәдени мұраға айналуға тиіс.


Көзі тірісінде халқының аманатын арқалап, ел-жұртына шексіз махаббаты мен шарапатын тигізген жақсы-жайсаңдарымыздың алдыңғы көшінде Қаламқас есімі де бейне ел сүю, жер сүю, отаншылдықтың өшпес, айнымас символы іспетті болашаққа желкенін керіп, жол тартып барады...


Бұл менің қиялым емес. Қаламқас қиялда емес, өмірде болған, өшпес өнеге мен даңқты ізін артына мирас етіп қалдырған ізгілікті тұлға.


Кей-кейде аты аңызға айналған Қаламқас-ару біздің төл апамыз екендігін жалпақ әлемге жар салып айтқым келеді де тұрады.





Пікір жазу