14.08.2021
  153


Автор: Ғалым Әріп

Көңілден шыққан көрікті сөз

1. Анаңнан айрылғанда — жыла,
Ана алдында алып азамат та — бала.


2. Ақша — арсыз, ар — асқақ.


3. Өз бағаңның шамасын салмақтай біл.


4. Сеніскен дос серігін сатпас.


5. Анадан асқан асыл жоқ,
Жардан асқан жақын жоқ,
Баладан асқан бақыт жоқ.


6. Өмір — күрес, Жеңілмей тірес.


7. Боркемік болсаң, бордай тозасың,


Ер көңіл болсаң, сонда озасың.


8. Бауырға өкпе жүрмейді.


9. Арамнан ішкен ас —
Ағызар көзден жас.
Адалдан ішкен ас —
Өмірге қылар мас...


10. Абай айтқан: «Жиналып өңшең қиқым»,
«Қалаулы» боламын деп сықты-ау битін...


11. Жемқор — жемтік (ақша-құлқын) іздеген қорқау қасқыр.


12. Дос! —
Досқа қолыңды соз!
Сөз! —
Ақиқат болса төз!


13. Өмірден-ой, тірліктен-түйін.


14. Әділдік — арың, намысың — қаның.


15. Жылы сөз — жүрекке емші.


16. Жанардың жылты — жүректің кілті.


17. Жақсыға жала жұқпайды,


Жамандар оны ұқпайды.


18. Ақымаққа — сөз шығын.


19. Жетекке ермеген — жетесіз.


20. Іштар ішқұсалықтан өледі.


21. Алаяқтың арманы — алдап-арбау.


22. Бәрі жақсы болады, егер денсаулық болса, бәрі жақсы болса егер, денсаулық та жақсы болады.


23. Қызың — қанатың әрі жәннатың.


24. Дүниедегі ең тәттісі — жан мен нан.


25. Қалта қамын ғана ойлап, қазына қамын қаперден шығарган — қоғамға қауіпті сілімтіктер.


26. Өмір — ырғалып жүру емес,
Ырқылдап күлу емес,
Өзегің ел деп талмаса,
Бұл — өмір сүру емес!


27. Бастық болмасаң да, жастық болма.





Пікір жазу