14.08.2021
  194


Автор: Ғалым Әріп

Жаңажылдық сюрприз

Немесе ең күшті Аяз Ата


Түскі тамақты ішуге үйге үлкен балам Рауан екеуміз бір мезгілде келген екенбіз, әдеттегіше төртінші қабатқа көтеріліп, сыртқы есікті қақтық. Есікті ашқан жаңа түскен келінім бізге қарап мүдірместен: «Үйге Аяз ата келді ғой, Шәрбануды құттықтауға келіпті», — деді. Реңінде риза көңіл, жылы жымию бар. Көңілге еш күдік алған жоқпыз. Керісінше, я, сау болғыр-ай дегендей, жақсылығымен, шарапатымен келген кісіге ішіміз жылып қалды. Сыртқы есікті ашқандағы қарсы бөлмедегі жер үстел жанында отырған кішкентай қызым Шәрбану қасындағы «Аяз атасы» және бір ғажабы, тор ішіндегі тотықұсы үшеуі бізге айтарлықтай әсер етті. Сол кішкентай қызымның ойламаған жерден тісі қатты ауырып, жағы томпайып ісіп, дәл сол күні болатын «Әліппемен» қоштасуға да бара алмай ертеңгілік қатты қынжылғанын, жылағанын көрген мен, айналайын аяз атам-ай, мың жасай гөр, бәрінен де сырқат баланың мерейін өсіргенін-ай бүгінгі, дегендей ішкі толғанысым бойымды кернеп кетті. Арғы бөлмеге өте берерде бетіне өте жарасымды, тура сол аяз Атаның бейнесіндегі маска киген әйел адамның (қыз баланың) сыртқы киім киісіне көз қиығымды тастай өткенмін. Тым жақсы сарғыш түсті дубленкасы, қап-қара шашы бар... Басқа ештеңесін байқамадым. Ішкі ойым айтты сонда: «Мынау жас мұғалім қыздардың бірі болғаны-ау. Әлде, алдын-ала құттықтауға келіп, Шәрбанға сыйлық әкеліп отырған ағайдың қызы Айгүл ме екен?» Міне, жұмбақ. Шешуі өте қиын. Ол жұмбақтың күрмеуін әлгі масканы шешпей тұрып шешу — мүмкін еместің мүмкін емесі.



Сөйткенше, сыртқы күртемді ілгенімше, бұл жолы да келіннің жұмсақ шыққан дауыс естілді.


— Бапа, Аяз ата сізді сөйлесуге шақырып жатыр, — деді ол.


Костюм-мастюмдерді ауыстыруға да мұршам болмай қылды. Әлгі бөлмеге қарай кері оралып, «сау-саламатсыз ба, Аяз ата, ассалаумағалейкум, хош келдіңіз, рахмет Сізге ертелетіп келгеніңізге, мың жасаңыз», — дегендей ұзын-шұбақ сөздермен дес бермей, демдей, жетелей, тербете бергенмін. Сол кезде сізге өтірік, маған шын, әлгі бойжеткен жәй ырғалып орнынан тұрды да, тура маған қарай беттеді. Тіптен жақын келіп те қалды-ау. Шегінемін бе қайтем тіпті? Өте бір түсінбестік, ыңғайсыздау жағдайдамын. Ал ол болса айылын жияр емес, алдындағы кісіден ығар емес. Мінеки, маған тұп-тура, бетпе-бет жақын келіп қалды!.. Әй, саспаған жүрек, қорықпаған көңіл, қайтпас қайсар мінез, тауыңнан да, жауыңнан да тайсалмас батырым-ай!.. Бұ не болғаның үргелектеніп, үркіп, манағы арғы жақтан құйылған сөздің селі де сарқылғандай ма, тым абыржып кеттің-ау...


Сол кезде, сол кезде...


Ол мені қатты қысып құшақтап алды да, маскасын бетінен жұлып алды!


Кім дейсіз ғой, иә кім дейсіз?


Сөз жоқ, шыдамыңыз жетпей таңғалып отырсыз.


Ол менің өзім сынды, көзім сынды асыл Адам!


Ол менің Алматыда жоғары оқу орнында оқитын үлкен қызым Раушан екен!


Желтоқсанның 20-на билет алдым, 23-де барам деп, ал шын мәніңде билетін 18-не алып, 21-і күні сюрприз жасап екі күн ерте келіп тұрған қызымыздың бізді алдағанына түк те қысылған жоқпыз. Керісінше, сағынғанда екі жылдай көрінетін екі күннің бұрын болғанына қатты қуандық.


Бәрінен бұрын мен оның осынша ұстамдылығына, үш күн бойы пойызда келе жатқанында да сыр бермегеніне тәнті болдым.


Ал өзімді шамалыны аңғара білетін кісі санайтын мені өз қызымның жаңажылдық «сюрприз» деп оңдырмай алдағаны ешқашан есімнен кете қоймас. Әй, қатырды-ау!


Қыз бала тілекші дейді ғой, қайда жүрсең де аман-сау бол, балам! Өркенің өссін! Сен енді мен үшін ең күшті Аяз атасың!


Иә, Жаңа жыл, мерекелер қарсаңында орайын тапса, алдаудың да асқан тәуірі, пайдалысы, өтіріктің де өзекті, өміршеңі болады екен-ау.


Өмірде не болмайды, бәрі де болады екен ғой.





Пікір жазу