14.08.2021
  213


Автор: Ғалым Әріп

Ақындық жаратылған періштеден...

Дүниеге жаңадан келген әрбір кітап - автордың төл перзенті. Ал ол көркем шығарма болса, оның үстіне поэзиялық туынды болса, бұл жинақты періште-сәбиді қолға алғандай іңкәр көңілмен, шынайы таза кірпияздықпен аялап ұстап көресің. Мынау жаратылыстың сыр-сипатына үңіліп қарасаңыз, мұндай баққа біреулер кешеңдеу қол жеткізіп жатады. Қалай болғанда да, жарық дүниеде одан асқан байлық, одан асқан қазына бар ма? Кітап та сол сияқты. Оның ішінде поэзияның орны да, жолы да өз алдына бір төбе.


Менің алдымда елуге келгенінде әсем әрленіп, айшықталып, өріліп, тасқа басылып шыққан жерлесіміз Рза Оңғарбайдың «Таушықтың сансыз таулары-ай» атты төлтума кітабы жатыр. Р.Оңғарбайды бұған дейін халық ақын ретінде таныды ма, танымады ма, мен оған сәуегейлік айтпаймын. Рзекеңнің тірліктің қым-қуыты, ел ішінің шаруаларымен жүріп, бұған дейін жан-жүрегін жырлатуына қолы тимеді ме, тәуекелі бармады ма, оны да айту қиын. Не болса да оның әу баста шырылдап дүниеге келгенінде сол жан-дүниесіне Алланың құдірет-пәрменімен қонақтаған жыр жауқазыны күндердің күнінде бүршік жармасы мүмкін емес еді. Кім білсін, өмірдің ащы-тұщысын толық көріп, айналадағы барша құбылыс, жақсы мен жаманнан, жарасымдылықтар мен қайшылықтардан толыққанды ой түйіп, толысқан шағында қаламды қолға алғаны да бір есептен дұрыс болды ма? Атпал азамат Рза бойындағы тектілік тұрпат пен өр өлкесіне ұқсас нарлық мінез мәрттік пен жайсаңдық, нағыз ақынға тән алғаусыз сезім мен баладай риясыздықтан, тереңдерден түйін түйетін тұнық сыршылдықтан өріледі. Өн бойында атойлаған осы сезім құдіреті «Таушықтың сансыз таулары-ай» деп тебірене толғанған Рза ақынды туған ауылдан Ақтауға алып келіп еді. Ол бекерге тебіренбепті, бекерге күңіренбепті. Ақын Таушықтың тауларынан елу жасқа дейін маржан жиған екен, сонысын енді халыққа, әлеуметке тарту етпекші екен. Тәуекел қайығына отырып, жыр желкенін керіп шықты енді, міне.


Кезім жоқ ортаңызда мен жүдеген,


Елім-ай, өздеріңмен елжірегем.


Сендердің сезімдерің құйылыпты


Кеудемде болып тұнба-мөлдір өлең.


Келеді енді жұмбақ сырға бөккім,


Жүректің жұбанышы жырға кеттім.


Әкімдік, сен де мені кешіргейсің,


Мен сені жыр жолына құрбан еттім, -


дей келіп, «Ақындық жаратылған періштеден, әкімдік мансап жұмыс мен істеген» деп өз жанының әкімдіктен гөрі ақындық аулына тым жақынырақ екендігін айқара жайып салады. Олай деп белді бекем бууында да үлкен мәніс бар екен.


«Елуіңде бастасаң жыр өнер ме?»


Деме жүрек, сілкін бір, түрегел де.


«Ештен кештің өзі артық» демейді ме,


Қол берелік біздер де ұлы өнерге, -


деп Поэзия Тәңірісіне тағзым етеді. Одан ары қарай:


Жанарымнан жалтылдап дала тайып,


Тауларды бір таңдантып қаратайын.


Қане, соқшы, ескек жел, сен еркелей,


Көкбестінің кекілін таратайын, -


деп құйғытып алып жөнеледі. Ақын кітап тақырыбын қалай тап басып қойса, әрбір өлеңінен бәрімізге бала кезімізден ыстық, жүрегімізге қайда жүрсек те сартап сағыныш боп ұялаған ауылдың отты бейнесін бояуы қанық тілмен кестелей әкеп көлденең тартады.


Қуанышта шек болмай тасып аққан,


Жасырынсақ


таппай жұрт басы қатқан.


Бір шетінде Таушықтың тақыр жатыр,


Балағымды түріп ап асық атқан.


«Өзімді көріп қалдым».


Бір ғажабы, ақынның баллада жазуға өте бейімдігі. Оның бір заңды реті, жігіт ағасының ел әңгімесін, ел дәстүрін, ауыл адамдарының қыр мінез қасиетін әбден танып, біліп болғандықтан да болса керек. Мәселен, «Ат үстінде ойналған жасырынбақ», «Ақтау мен Қаратау», «Аққулар іңкәр болған құт мекенім», «Ақ маялы еді біздің ел», «Жусанбай» секілді шығармалары автордың кең пафоспен жырлап кете алатындығына да бек сендіреді. ішкі жан сырын сыртқа шығара беруге сырбаздық таныта беретін Рза ақынның туған жеріне, оның табиғатына, әсіресе Таушыққа, оның қасиетті тауларына деген шексіз махаббаты бұрын бұғынып жатады екен. Сол баяғы бұла қалпы булығып, бусанып, буырқанып шығыпты. Әсері мол арынды өлең-өзен.


Оранбасын деуші едім орда мұңға,


Қалғып тұрған Қаратау қорғаның ба?


Сусыз өлкем, желегің - адыраспан,


Бұйраланған боз жусан орманың ба?


Күйкі тірлік күндер-ай, мағынаң жоқ,


Сезімдерім сергімей сабылам көп.


Көкбөрінің орныңда көпек ит жүр,


Қарғы таққан кейбіреу қабылан деп.


Атар болды бұл күнде мазаны ап таң,


Қол көтердік күрделі қазанаттан.


Жұрнағы жоқ мейірім, шапағаттың,


Мен қорқамын жетесіз азаматтан.


Қырқаларым қыбырсыз биік тарлан,


Құмбыл далам қуарып күйік таңнан,


Қаратауға қарасам, көз алдыма


Қарт келеді қабағын түйіп алған, -


деп бүгінгі қоғамдағы кереғарлықтарға, мұнарлы өлкенің іштей тынған мұңды пішініне зерделі азаматтардың назарын аударады. Көлденең көк аттыларға Қаратау бейнесіндегі абыз қарт болып сес көрсете қабақ түйеді. Алайда, мұндай бейнелі образ, астарлы сипаттауларды түсініп-түйсіну үшін де танымдық-талғампаздық түйсік керек. Рза арды бермеген арғы аталарға меңзеп, солардың рухы мен ғұрпын, кескін-келбетін жоғалтпауға үндеп отыр.


20.04.2001 жыл.





Пікір жазу