14.08.2021
  482


Автор: Дүкенбай Досжан

Пайғамбардың өлімі

(хикаят)


Алла тағала рамазан айында қасиетті Құранды түсірді, яғни сүрелерін пайғамбар ғалейкіссаламға аян етті, жаратқан иенің ырқынан туған ең кемел туынды — адамның өзін жаратты; көн кітапта жазғандай милади 611 жылы рамазанда пайғамбар ғалейкіссалам Алла тағаламен тілдесу үшін жеті қат көкке көтерілді, тағының жанында болып, жаратқан иемен тілдесті, адамның рухы мен тәнін үзбей жетілдіру үшін қажетті сауалдар қойды.


1


Меккенің терістік шығысында динозавр қаңқасына ұқсап ырсиған қызыл адырлы Арафа тауы. Қызыл болатыны — ыстық табадағы қуырдақша күн көзі жеп қойған. Қызыл болатыны, — дейді машайық софылар, — кісінің көз жасынан, Арафа тауының тасына көз жасы көп тамған. Сәске түс, рамазан айының ортасы. Кейіпкеріміз Мырқы қырат бауырында үймек тасқа ұқсап тапжылмастан отырған. Әзер-мәзер қыбырлап астына батқан тасты алып қарады. Сол баяғы күрең тас... Күн де сол бір орнынан шашырап көтерілді, біраздан соң көкжиекке сіңіп өледі. Бәрі-бәрі баяғыша.


«Уай, пәруердігәр дүние, — деп кейіпкеріміз тобарсыған ернін жалады, — пенде тозады, сенің еш тозбайтының қалай? Бұрын ғибадатқа келген жұрт көктемгі қызыл суға ұқсаушы еді, бірде толып, бірде қайтып ағатын, бұл күнде ғой халық, бейне, телегей теңіз. Ақ сұрып сұлбалар толқыны. Ұшқасып-тіркесіп Мекке алаңын, Қағба маңын басына көтеріп теңселіп бара жатқаны. Дүм-дүние тайфун дүлейіне ұқсап тікесінен тік тұрғандай. Кісі назары күлімдеген, жас шылаған, өткірленген, өңменіңнен, өткен, ішіп-жеген... еш құтылып болмайсың!»


Қағба төрінде, үш бұрышты етіп салған пәкене үйде қасиет бар. Тас басқышпен төмен түсіп, мөлдір шынының арғы жағында алқара пүліш үстінде жатқан қара тасқа қол созған кезде:


Көз жасы тамағыңа тығылып,


Өзге бір дүниеге барып-келіп,


Дүм-дүние асты үстіне төңкеріліп,


Жаратқан иенің назарына бір табан тақағаныңды сезесің. Алды-артыңнан қаумалаған... қыспаққа алған... мөлдіреген... күлімдеген... тереңіне тартқан мың сан көзден құтылу қайда! Я бүйіріңнен, я тура желкеңнен, я ойламаған жерден тесірейіп қарап тұрғаны. Уай, пәруардігәр дүние, бәлкім жаратқан иені жер бетінен мүлдем алыстатып жіберген адамдардың тойымсыз көздері шығар. Пайғамбарды алпыс үш жасында ауыртпай, сырқатпай о дүниеге алып кеткен пенделердің қатты тиген назары-дағы».


Тіфә-тіфә! Тіл-аузым тасқа! Қапелімде не ойлап кеттім осы? Жалғанда жұмыр басты, екі аяқты пендені күнакәр ететін ойы мен қиялы білем. Күнәлі іске әуелі ой бастайды. Жасасам қайтеді?.. Нем кетеді?.. Ешкім біліп болжамайды!.. деумен кісінің әуелі ниеті бұзылады, ойы арамданады. Ойы бұзылған кісі дүниеде айнығыш, айнып жүріп шалыс басады, күпірлік қылады, күнәға батады. Қарап отырып қиялдап кетіп алла тағала мен момындар арасын алалаған, ажыратқан маңдайдағы қос жанар дей жаздағанымды қарашы!


Осы мезет кейіпкеріміз Мырқы жанарынан қызыл тасқа көз жасы тырс-тырс тамды. Бойын босатпайын, елжіремейін, ерімейін деп-ақ еді, не құдіретінің барын кім білген, тапқа қойған сары майдай еріп бара жатқанын жаңа сезді. Бұрын қандай еді, қазір қандай! Бұрын Мырқы мырза еді. Мырза десе дегендей, екі бетінің қаны тамып, екі иінінен дем алып, қасқыр ішігін иығынан сілкіп салып: «Қайдасыңдар!» - дегенде ғой. Бір малайы салқын су құйған шәугімін, шылапшынын әкеліп жуындыруға қам жасап, иіліп тұра қалатын; бір келіншек төсегін жинап, түңлігін ашатын; бір келіншек шытырлап сапырумен піскен қымызды ұсынатын; аяғына мәсісін сұғатын, күніге «тер сіңді» деп көйлегін ауыстыратын; аз айт, көп айт, елде жүргенде Мырқы мырза саусағын қимылдатпайтын. «Қайдасыңдар» деген бір сөзі атадан қалған дәулетті төгіп-шашуға жетіп жататын. Керілгенде кеудесі көкті қамтитын. Енді ше? Арафа тауының күнгей бетінде отырған құр қаңқа әншейін... тасқа тырмысқан қара қоңыз іспетті, көрінісі жүректі жылытады.


Мына суретті көз алдыға келтіріңіз.


Иықтан күн шашырап шығып келеді. Жалпақ төбе басында қараң-құраң кісі көп. Бірі түнемесі қонған шатырын жығып, төсегін жиып, ылди-төмен кетуге қам қылуда. Бірі еңкеңдеп шайтанға лақтыратын тас теріп әуре. Бірі құлашын созып көзге көрінбей келіп, кісіні теріс жолға бетін бұрып жіберуге шебер әзәзіл азғырушы жолына тас атып шаршаулы. Құлаштай-құлаштай қолтығы сөгілген. Әлгіде ғана тау бетінде шоқиып отырған Мырқы мырзадан өзге қыбырлаған жан жоқ болатын, енді адырларға жан бітіп қимылдап кеткен секілді, бірде оң жақтан, бірде сол жақтан кісі қарасы шалынып қалады. Жалғыз ғана қара тасқа жабысып, қара тас болып отырған қу сүйек қаңқа кейіпкеріміз -Мырқы мырза ғана.


Ошақтан жанбай жатып суырған күйелеш сексеуіл томары. Сақал-шашы күнге ағарған. Құр кеудеге «мынау қос қол болсын» деп оттан суырып алған екі сексеуіл бұтағын қыстыра салған, «мынау аяқ болсын» деп бақанды бөксеге байлап қойған секілді. Бойында артылатын қырым ет жоқ. Жүз жыл бойы жолаушылап, тасқа табанын тіліп, күнге күйіп, қаны қоюлап, осы тұсқа жаңа әлгіде жеткен бе дерсің. Қара тастың үстінде үкідей үрпиіп, жел үп етсе ұшып кетердей боп, ошарылып отырысы жаман. Кеудесінен шыбын жаны ұшып шығып кеткен бе деп қаласың. Қасынан өткен кісі осынау шоқиып отырған, сақал-шашы ағарған, қу сүйегі қалған немені «өліп қалды ма?» — деп көзбен тексеріп өтеді. Тұрып-тұрып иығын қиқаң еткізеді. Бұл шіркіннің көз жасы бетінен сорғалап, иегіне жетіп, тас бетіне тырс-тырс тамады.


Дүние жалғанды басып-басып, діңкесі құрып, сіңірі тартылып, қай-қайдағыны есіне алып, Арафа тауының беткейінде бүргедей болып, жанары боталап, жыла-а-а-а-ап отырған мүсәпір жанды елестетіңіз!


— Мына шіркін күн өтіп, еті ағып, сүйегі қалған қаңқа емес пе, абайлап қараңдаршы!


— Көз жасы тыйылар емес, жылап отырған секілді!


— Жер шетінен ботадай боздап еңіреу үшін жеткені ме!


Момынға күлме! Ол шіркіннің нендей қасірет арқалап жеткенін бір алладан басқа ешкім білмейді!


Осыны айтқан мінажатшыл, момын қауым маңайынан сырғып жосып өтіп жатыр. Жоғалып жатыр. Қасірет демекші! Кейіпкеріміз Мырқыны осынша жылатқандай қандай өмір азабы?.. Нендей жан қиналысы десеңші! Жер түбінен пайғамбар табанының ізі түскен Меккеге арып-ашып жеткенше жинаған ақшасын жұмсап, нешеме ұйқысыз түнді, ауыр күнді өткеріп, барша пенделік мұратын жаратқан иенің жолына пида етіп... келіп-келіп, жетіп-жетіп... осыншалық егіліп жылайтындай қандай кепті бастан кешірді? Күнәсі тау тасынан көп пе әлде? Көрген сұмдығы еш ұйықтатпай тентіретіп дедектетіп, желкелеп жеткізді ме? Алла тағаланың нұрына пендесінің ақылы жетсе — ғашықтығы, ақылы жетпесе — ғашықтығы әншейін сөз. Мына отырысы жаңа әлгіде оттан суырып алған сексеуіл томары секілді. Жаратқан иеге ғашық жан шығар, сірә. Боямасыз, еп-сепсіз, пендешілік ықыласына зер салып көрелікші.


Мырқы мырза - қазақтың аспанынан түйдектеліп бұлт кетпейтін, ақ селеуі, бұйра жусаны теңіздей толқыған Сарыарқа даласында, жауынқұрттай жайлап жылжыған Есіл жағасында, жабайы жидесі, бүлдіргені, сәмбі талы малынған иін қолтықта аппақ шағаладай жеті үйін қатар тігіп қойып, болыскей керуеттің басына аяғын іліп шәниіп жатқан мынау деген байдың мырзасы болатын.


Біреулер «текті тұқым» дейді, келесілер «байпатша» дейді, біреулер «мырза» дейді, әйтеуір жарық дүниеге келгелі бетіне жан келмеген жел тимеген жақсының өзі болды. Ерте үйленді. Әкесі бір елдің мынау деген өзіндей мықтысын алдына шақырып келтіріп ту бие сойып, жылқының шекесін тартып, аузынан ақ майын ағызып отырып, сөз иіні келгенде «құда болайық!» — дегенде — анау қуанғанын жасыра алмай, басын жұлқына, мақұлға көне берген болатын. Аз айт, көп айт, бір елдің мөлдіреген ғажайып деген сұлуын қолына қондырғанда өзі құралпы талай мырза, ауылнай, шабарман, алыпкел, шауыпкелдер қызғаныштан іштері өртеніп еді. Алғаш қалап алған қалыңдығы уылжып піскен жүзімдей үзіліп түсіп, шие еріні үлбіреп құшағына жұтылғанда әлде құштарлық күйінен, әлде махаббат мауқынан талып қалыпты. Ұлпадай үлбіреген келіншек мықынына басын сүйеп жатып есін жиыпты. Жас сұлудың бұла денесі мұнша ыстық болады деп ойламапты. Ыстық құшаққа жұтылып, ыстық бұлаққа сайманын суарып ақыл естен айрылып айды еткізіпті, күз сүмелегіне ұрынып тоңар ма еді, әкесі: «Қыстауға көшсін, алтын інді баққан байғызға ұқсамай», — депті. Қыстауға қонғасын да ұнасымды келіншегінің қасынан шығып, жақсы ат мініп, жарқырап жүріп жиын-тойдың төрінде алшысынан түсіп отырғасын ба бірте-бірте мінезі өзгере бастады. Артықша, өзгеше көрінем деп сауырынан су төгілмес сәйгүлікті таңдап мінді. Ақан серінің құмай тазысын қалап сұрап, сөзін иіп келтіріп: «Сері дүниеме тұрмаса да, тамыр болайық деген сөзіме, пейіліме тұрады», — деп оны-дағы алғызды. Арқаның атақты биі Қарпықтың салған жеріне түсетін қыран бүркіті — Тастұйғынын бес тоғызын тігіп жүріп, араға шешендерін жан таптырмай салып жүргізіп, ақыры иеленіп тынды. Қас сұлу келіншегі бар, тақымында жұлдызша аққан сәйгүлік, жетегінде құмай тазысы, білегінде Тастұйғыны, енді Мырқыекең ес жиятын шығар, тәубасына келер, шүкіршілік етер деп ойлаған былайғы жұрт. Қайда-ағы!!-ы!!


Сұлу қызы бар ауылға ат тізгінін жиі тартатын әдет жамады. Қоянды жәрмеңкесіне барған соң өзге жұртқа ұқсап малын пұлдап, базаршылап, қажетін түгендеп алған соң қайтып кетудің орнына беті жылтыр әнші келіншектің қолынан бесті қымыз ішіп, белін шешіп, айлап жатып қалатынды шығарды. Айна алдында көп тұратын болды. Үлкен кісінің алдынан тасыраңдап өте шығатын мінез шығарды. Он екі қанат ақ отауының алдынан кісі жүргізуді қойды. Бейсеубет жолаушының төбесі қылт ете түссе — дереу шабарманын шаптырып: «Атын тартып алып, өзін сабап, жаяу жібер», — деді. Қарсыласы көбейіп бара жатқан соң қайдағы сайдан қашқан, дардан қашқан қаныпезер казак-орыстан аларман отряд құрып, мылтық сатып әперіп: «Анау пәленшені айдап әкеліңдер!.. Тәубасына келтіріңдер!» — деп көкірегі көкті тіреп тұратын мінез жамады.


Тегіне мал біткен әкесі қылтамақтан ауырып төсек тартып жатып қапты. Жәрмеңкенің қызық думанын түгескен соң барып көңілін сұрай түскен. «Әке, тәуіп алғызайын ба аларманымды жіберіп?» — деді. Әкесі алдына қойған үйеме табақ жал-жаяны, сапырып ұсынған бал қымызды тамағынан еш қылғынып өткізе алмай, жанарына мөлдіреп тығылған жасты бір сығып алып тілге келді. Сыбырлап сөйледі.


«Жиын-тойда жаман киіммен үстіме кірдің», — деп Шөже ақынды боқтапсың, ат-шапан айыбын беріп, аяғына жығылып әлгі ақынды әзер жұмсарттым, балам», — деді... Бұл — бұл ма. Сонау арқа жұртына әйгіленіп, қу медиен далаға жәрмеңке өткізіп жатқан орыс көпесі Ботовқа салық төлемепсің, алдын аша гөр баламның деп әлгі месқарынға қырық жылқымды айдатып әзер бастым, ұлым... Алшынбайға арақ іш депсің, болыс болған аға сұлтан Құнанбайдың үстінен жазылған отыз шақты арыз шағымға бармағыңды басып, үстемелеп қолыңды қойыпсың. Қарадан шығып хан болмайды, төренің таза қаны күре тамырымда деп Көкілташ медіресесін үздік тамамдаған Науан хазіретке тіл тигізіп, татар молдасын айдап салып, жұрт көзінше күлкі етіпсің. Екі үйір жылқым Науан хазіретінің хұзырына бас июге жұмсалды. Түркістан датқасынан қалап алған тайтұяқ жамбы Алшынбайдың ашуын басуға, араға жүрген мешкей билерге жұмсалды... Өл деймісің енді..?


Сыбырлап сөйлеп отырған әкесі әлсіреп жастыққа құлады, о дүниеге жөнеп кеткен екен деп анасы дауыс сап аңырады-ай. Жоқтау айтып.


Бұл дүние не боп барады деп ойлаған Мырқы мырза; «Мына алжыған шалдың тайтұяқ жамбысы несі, қырық жылқы алымы несі?.. Адуын Алшынбайға арақ іш десем — мас қылып кеудесін басайын дегенім, сәлдесі ақ жібек Науан хазіреттің «заман азып, бейбастықты тиятын кісі қалмады, ислам тоқырады» деген сөзі ұнамады, ой, соны қойшы, шалқайып сұлу бойжеткеннің жалаңаш санын сыйпап отырған Мырқы екеңе назарын тіктеп: «Сендегі — таусылады, алланікі — мәңгілік» дегені мылтықпен атқандай тиді.


Дүлей көтеріп кетіп, ай, татар молдасын алғызыңдар, мына машайық хазіретті үйден ұшықтап қуып шықсын дегенім рас еді. Дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпейді. Құранды жатқа оқитын мына хазіретіңнен сыраны сылқытып, намазын қысқарта оқып айтқаныңнан шықпайтын татар молдасы артық көрінген. Бұл адам азайын десе — оңай екен, сол иығыңдағы сайтанның: «іш, же, айдарыңнан жел ессін, құшағыңды құрғатпа, құш, сүй, ешкімнің көз жасына қарама, боқта, саба», — деген сыбырына құлақ асып, жанары аспандап, әке үйінен кетуге айналды. Манағы құлап жатқан қақбас шал кірпігін қимылдатып, саусағын шошайтты, ернін жыбырлатты.


Есік жаққа барып қалған Мырқы екең әкесінің кәпір аяғандай үрпиген ұсқынын көріп қалт кідірді. Көзіне көзін тіктеген еді, жон арқасы шымырлап қоя берді. Бұрын-соңды мұндай өңменінен өткен оқты назарды көрмеген еді: мұң... шер... айтылмаған сөз... сүрілмеген өмір... өкініш... опасыз өмір уы... тіршілік дәмі... бәрі-бәрі теңіз дүлейіндей араласып, алай-түлей боп құтыра шатынап шаншылған. Еріксіз тізерлеп отыра кеткен. Құлағына өлгелі жатқан адамның еміс-еміс сыбыры жетті.


— Адам баласынан өзгеше, артықша көрсем деп кеудеңе жел бітті, ақылыңды сол жел көтеріп кетті, — деді барып-келіп жатқан қайран әке.


— Нұрың бұзылды, — деді де кемсең қағып, жастыққа бетін басып, иығы селкілдеп әкесі көрер көзге жатып қалды.


Бұл көкең еңсесін таспен бастырғандай отырып-отырып аяғына әзер міңді, еңсесін тіктеді. Отауына келіп алдынан жүгіріп шыққан келіншегіне сырт киімін, құндыз бөркін, күміс кісенін шешіп беріп, болыскей кереуетке гүрс құлады. Жұмсақ ұлпа саусағымен балтырын сипап, қанын қыздырып, дәлме-дәл жоғарғы санына, одан да жоғары өрлеп келе жатқан мекер әйелінің кеудесінен итерді. «Айнаны әкелші», — деді кейісті үнмен.


Келіншегі лып түрегеліп барып кеше ғана Қоянды жәрмеңкесінен татар бақалшысынан құнан өгізге балап, қалап, сатып алған шарайнаны әкелді. Жүрелей отырып күйеуінің алдына тосты.


Мырқы екең кеудесін көтеріп шарайнаға қарады; дөңгелек жүзді, маңдайы жарқыраған, жанары шоқтай жанған, қою қасты, қыр мұрын, иегі әнтек шығыңқы, бет жүзі албыраған, қаны тамған аса көрікті бозбала қарсыласа қалды. Мұндай сұлу көрікпен қалай шолжаңдаса да жарасады емес пе. Әрі ақын, әрі әнші Ақан серіге «тамырың болайын» деп араға адам салғанда ғой, әлгі сері айтыпты деген сөз бар: «Адам баласының құп көріктісі екен, жиын-тойда көргем, тамыр болсам болайын, егіз тамшыдай серігім деп қасыма ертіп жүрсем жарасып тұрмай ма, бір ит қайда қалмаған», — деп құмай тазысын жетелетіп жіберіпті. Ақан серінің сыңарындай, егіз тамшысындай, елес-сұлбасы секілді мына көрікпен әлі де дүм-дүниені шайқап өтпес пе. Енді қалай демекші!


Манағы өлейін деп жатқан алжыған шалдың «нұрың бұзылды» дегені несі-әй! Бет-жүзім солған түйнектей емес, сол қалпында секілді ғой деп Мырқы-екең дауыстап жіберді, төменгі жақта бір тізерлеп мөлдіреп отырған келіншегіне жылы шырай білдіріп: «Келсең келші! Жоғарырақ сипалашы!» — деді қан қызуы басына шауып. Ымырт үйіріліп, сам жамырағанша жібек шымылдық ішіндегі болыскей кереует сарнай сақырлап үздіге шиқылдап, бүлкілдегеннен бүлкілдеп еш тыншымады. Ай туған кезде үлкен үйдегі текті тұқым, атақты бай қылтамақтан үзілуге бет алды.


Үзілер алдында ақтық күшін жинап, үздіге тыныстап: «Әлгі қайда?» — деп сыбырлады. «Әлгі» деп тұрғаны — алақанына салып, бетіне жел тигізбей, кемшілік көрсетпей өсірген жалғыз ұлы — Мырқы болатын. Мырқы бұрын көз алдында көлбеңдеген төбешік еді, қазір өмір бойына жинаған дәулетін табанына төсеп биікке көтерер басқыш етіп, жұрт көзіне тау етіп көрсетер деп сенді. Кәрияның көз жұмар алдындағы ұлы арманы — сол тау аласара көрмесе деп тіледі. «Әлгі қайда?» — деді ақтық демін жинап. Жанына тізерлеп дем салып отырған сопы молда Мырқы мырзаның көрші ауылда серілік құрып, қыз аңдып жүргенін бүгіп қалды.


2


Беу, дөңгелеген дүние-ай!


Мырқы мырзаны осыншалық жан азабына салып, жер түбінен арып-ашып жеткенше жылап жүріп бар тапқанын жаратып бір алланың жолына барша пенделік мұратын садақа қып... келіп-кетіп, жетіп-жетіп... Арафа тауының бауырында, тас үстінде егіліп отырып жылайтындай қандай көпті, нендей азапты бастан кешірді дейсіз ғой. Оттан суырып алған, шала жанған сексеуіл томары секілді. Жанарынан тырсылдап тамған көз жасы болмаса — тас үстінде омалып отырғызып қойған, сабан тыққан тұлып секілді, қол-аяғы ағашқа ұқсап серейіп қалған. Мұншалық ет-сіңірден айрылған арық кісіні көрмеген өзге мінажат етушілер айналып кеп, ажырайып тұрып қарайды.


«Тасқа тырс-тырс тамған көз жасы болмаса, шоқыға шемитіп отырғызып кеткен омақа дерсің, өліп қалған кісі ме әлде?!»


«Пендесінің сырын бір алладан басқа ешкім білмейді, шырақ».


Десіп, үңіле көз сүзіп өзге тілде сөйлеген, өзге елден келген қажылар бас шайқасып, таң қалысып етіп жатыр... өтіп жатыр... Өлер қақпас өлді ғой, ендігі тірлік не болар екен деп Сарыарқада серілік құрған Мырқы екең баяғы асып-төкпе мінезін пәлендей өзгерте қоймады. Тәкаппарсып, жер тәңірсіп, аспандап жүргенде Қоянды жәрмеңкесінен Ботов көпесті ұшыратты. «Ай, баранчук мырза, әкей марқұм болыпты деп естідім, иманын жолдас қылсын», — деп көңіл айтты. «Әй, Ботов көпес, қытай жібегінен ақ жағалы фрак, княздер киетін жалқы кәстем-шалбар тіккізіп бер, түсі шымқай қара болсын, астарына атлас салсын, жібек жіппен әдіптесін», — деп әдейілеп сөзінің тігісін жатқызып тапсырыс беріп жатты. Ботов көпес жас мырзаның айтқандарын қойын дәптеріне жазып алды, «Мына костюм-шалбарың бір үйір жылқы тұрады», — деді. Екеуі шәлкем-шалыс сөйлесіп барып пәтуаласты. Кешкілік Мырқы мырза Қарқаралыға ат басын бұрды. Арада біраз жер. Бір үйден қымыз ішіп, бір үйдің қызына қырындап, келесі ауылдан бағлан етінен пісірілген жаужүрек жеп екі тау арасында, керуен жолының бойында жатқан Қарқаралыға жетем дегенше апта өтті. Нөкерлерін ілестіріп, сайдың тасындай шабарман, алармандарын «Мырза келе жатыр!» дегізіп күншілік жерден хабар бергізіп, тау суындай екпіні тас домалатып көне қалаға жетіп, ат басын іркіді.


Құнанбай қажы қаланың ең биік тұсына жүз жасаған қарағайдан іріктеп, қиып, мешіт салғызып жатыр деген сөзді есітіп кешкі астан соң, қымызға дейін әрі тоқ басайық, әрі желдеп қайтайық десіп... кеу-кеулесіп аяңдап, мешітке келген. Әдемі құрылыс аяқталуға жақын. Құдай үйіне құрбандық шалып, құран оқытуға алыстан ат жіберіп Науан хазіретті алғызыпты. Хазіреттің атын естігенде Мырқы мырзаның ит жыны қозды. «Алдымнан тағы шықты-ау мырың молда» деп етігінің басына шырт түкіріп мырс күлді.


— Осы мешітке кірмей-ақ қойсақ қайтеді? — деді.


— Ойбай, мырзаеке, байпатша, ханзада, құзырыңызға құлдық, келіп тұрып кірмей кетсек күпірлік болады, күнәға батамыз, күлкіге қаламыз, бұл күнгі халық аяғымен емес, аузымен жүріп әдеттенген!


«Мақұл ендеше» деп Мырқы-екең аяғын аттата басып мешіттің үлкен есігіне тақады. Аздап жүрегі лоблып, қобалжитындай ма. Әлгіде мелдектей тойған семіздің сүбесі қайыра тепті ме. Құрылысшы татар іштен ытырыла шығып, қос қолын құлшына ұсынып: «Келіңіздер, кіріңіздер!.. Қажые-кең ертең жетемін деп хабар айтыпты, жүре қалыңыздар!..» — деп елпектеп ішке өткізді. Шайыр иісі аңқыған бөлмелер әрі кең, әрі жарық, аяқ асты жалаңаш, кілем төселмеген. Тақтайы сықыр-сықыр құлақты қажайды. Намаз оқитын мінажат бөлмеге көлдей дастарқан жайып, үстіне сары майға пісірген бауырсақ, қой ірімшігін үйіпті. Дастарқан жиегінде, ұлы төрде тояттаған бүркітке ұқсап, жанарын жартылай жұмып, алдына кітап ашып, Науан хазірет тәспісін тереді.


Кіріп келген кісіні көрсе де көрмеген болады. Мырқы-екең мырс күлген, әкесінің өлердегі сөзі есіне түскен. Жертәңірісіп жүретін мырзаның алдына кім көлденең тұрсын, тәйірі! «Әкемнің малын мола бүркітінше қылғытып, аруақтың артын құран қатымын шығармай, шаршы мата іздеген софылардан құтылмадық», — деп тілмен тырнады, тау құлағандай дастарқан жиегіне дүрс жарылды.


«Шырағым, оқ жарасы жазылады, тіл жарасы жазылмайды, текті әкеңе құран шығарамын деп уәде берген емеспін, дүниеде себепсіз ештеме тумайды, әкеңе құран қатымы шықпаса оның дағы себебі болғаны, аяққа тікен де бұйрықпен кіреді, ұшқары сөйлеген көп өкінеді,» — деді көмекейінен сөйлеп.


«Ойбо-о-ой, кітаптың сөзін айтып миымды кептірме, хазірет! Ислам тоқырады, терімізді орыс алды, төрелер сатылды» деп ел ішінен теріс уағыз таратыпсың, ертең ғана үстіңнен донос түсіріп итжеккенге айдатып жіберем. Құнанбай қажыдан артық емессің, бір жарым жылға жетер-жетпесте ол соқырыңды болыстықтан омақастырғам.


Мына сөзден хазірет көзін ашып алды.


«Нұрың бұзылып, ойың ластанған әзәзіл неме! — деп шаңқ еткені, намаз оқып отырғанда алдымнан неге өтесің, иманға ұйып мүлгігенде сайтанның сөзін айтасың, мына мешітті харам қылмайын десең шық қанекей! — деп шаншылғанда бар ғой, сізге өтірік Мырқы-екеңнің имандай шыны — тұла бойына күш-қуат кетіп, жүрек басына үрей үймелеп, дуаланған кісіге ұқсап омалған үстіне омалып қалғаны. Тілі күрмеліп, жон арқасын суық тер жуып кетті. Тынысы тарылып, қолын ербеңдетті. Атарманы бір қолтығынан, шабарманы келесі қолтығынан лып көтеріп, дедектетіп сыртқа сүйрей жөнелді. Жүрегі құрғыр сыр бергені несі деп тілін кәлимаға келтіріп үлгергені.


Қызған тасқа мүсәпірдің көз жасы тырс-тырс тамады. Дүние жалғанды басып-басып, тентіреп жетіп, сіңірі тартылып қай-қайдағыны есіне алып, Арафа тауының беткейінде көз жасы боталап отырған мүскін мүсәпірді көргеніңіз бар ма.


«Мырқы мырзаны жатын жерге әкелген соң сасып қалған серіктері ақылдасты. Қайтеміз, қолы жеңіл тәуіп алдырамыз ба, әлде елге алып кетеміз бе десті. Түнге қарай мырзаның ыңқылдауы күшейді. Саумалдан бірер жұтып, басын шайқады, тау ғып үйген құс жастыққа арқасын сүйеді. «Уһ, жан-ай! — деді, зіл тартып бойымды көтертпей, таспен бастырғандай не пәле бұл!»


Таң сыз бере осы елге әйгілі тәуіпті алып жетті. Жұрт «Сары әулие» деп атап кеткен сымға тартқандай сүмпіс, көк көз, сары жігіт түнімен атпен жортамын деп тақымы ойылып кирелеңдеп ішке аттады. Амандық-саулық жоқ шұбалған сәлдесін, шапанын сыпырып сап қарай бастады. Манаурап жатқан мырза көзін ашып алды. «Бұл кім-әй?» -деді тіксініп.


— Мырза, шошымаңыз, Сары әулие деген пірәдарың боламын. Алланың аманатын арқалап жердегі пенделердің біліп, білмей істеген күнәсын бойынан тазартып жүрген әулиемін.


Мырза жанарын кең ашып алды.


— Шынымен бе-ей! Іздегенім сен екенсің ендеше. Мына сұқ саусағымдағы алтын балдақты саған қидым. Еңсемді зіл тартып көтертпей бара жатқан не пәле ол?


— Көз бар секілді.


— «Көзі» несі-ай, әулием! Талағым тарс кетсе де түсіндіріп айтсаңшы.



Я, құран ашқан хазіреттің назарына іліккенсіз. Я, етегін жел ашпаған әзіз сұлудың көз жасына қалғансыз, — деп Сары әулие мұның алтын жүзігін саусағына салып ап, күнге тосып сығалай қарайды, — мендегі дуаның күші қайтпаса — бой-басыңды, жүрегіңді жуып тазартады.


— Інішегім, шамаң жетпесе оныңды айт. Былтырдан бері жеті-сегіз қыздың абыройын аштым, қайсысының қанша жылағанын итім біліп пе. Ал, ана қарадай ит жынымды келтірген хазіретпен қақтығысып қалғаным рас. Осыдан аяғыма мінейін, куәларымды қаптатып, бір қап арыз жазып Жоғарыға жөнелтем. Ит жеккенге айдатам сөйтіп, — біраз сөйлеймін деп демігіп шаршап қалды, — інішегім, үшкіріп-түшкіріп әуреленбе, жаза алмасаң — жасырмай айт!


Сары әулие сау сиырдың жапасы болмай шықты, «Шамаң жетпесе», «жаза алмасаң» деген сөз шымбайына қатты батты, қалшылдап-дірілдеп жыны қозып шыға келді. Нағыз ақкөз, бетпақ, бірмойын мінездің иесі ме.


— Ә, сені ме! Көріп алайын! Міне... міне... буын-буыныңды ұстаған жын-шайтанды көріп тұрмын! Жігіттер, мырзаны шешіндіріңдер! Бұлақтан мұздай су әкеліңдер! Көріп тұрмын жымсиған жымысқыны!.. Жайлап алғанын қарашы-әй!.. Бетпақ, бәлекет, кет аулақ! - деп әжептарқы даусымен үйді көшіріп, жөн сөзге, әй-шайға еш қаратпай, қос қолын сілке сумаңдатып... жәукемдеп... жұлмалап... қамырша илегенде бар ғой... ақ төсек үстінде түйенің жарты етіндей боп төңкеріліп жатқан байпатшаның жан дауысы шықты.


Сары әулиенің қозып кеткен жынынан үркіп аларман, шабармандар сытылып шығып кеткен. Үй төңіректеп жүріп жан дауысы шыққан төренің халін білеміз бе, қайтеміз десіп, үй сыртында үйіліп тұрды. «Ә, сені ме!» — деп Сары әулие онсыз да қызып жатқан мырзаның үстіне тастай суды құйды, қамыр илейтін оқтауды алып жон арқасынан домалатты дерсің, тер сіңген дырау қамшымен қалың бөкседен ұрмақшы келіп. Мырза әлгі қашып кеткендерді сыбай боқтап, бір жобада жандалбаса тәуіптің қолынан сытылып шығып, мұрнынан қан саулап, әулиемен теке тіресіп ұстаса кетті.


— Ой, әкеңнің, өлтіремісің итше тепкілеп!


— Сені емес жын-сайтанды сабаймын!


— Сен түгілі сенен зорды боқтағам. Дәрі беріп, үшкіріп ем-дом жасайды ғой деп дәметіп жатсам мұздай суға сап, қамшымен өріп сабағаның қалай! Жеті атаңнан ауысқан кегің бар ма әлде! Ой, әкеңнің! Қайтар әлгі алтын балдақ жүзігімді!..


Дегенше, демін жиғанша болған жоқ, жындының пысын жынды басады білем, Сары әулие кәдімгідей жуасып қалды, момақан, бейкүнә, мүшкіл халге түсіп «мырза екелеп», «әкетайлап», «көкетайлап» ашуын басты, арсы-гүрсі ұстасып жүріп төсегіне жатқызды. Тәтті сөзбен көңілін босатты. Жылы-жылы сөйлеп, жылы көрпеге орап, орамалмен бой-басын тінте сүртіп серейтіп салды. Ләм деп тіл қатуға мұршасын келтірмей, жылыстай шығып, көлденең тартқан жүйрік атқа мініп, тізгінді босатты. Сонадай жерге жетті тізгін тартып: «Әй, жігіттер, мырзаның бойынан жын-сайтанды түгел қудым, бұдан былай момақан мінезге ие. Науан хазіретке ат-шапан айыбын беріп, аяғына жығылсын. Тілімді алсын», — деді де ат басын бұрып шоқыта жөнелді. Былайғылар аң-таң. Шашырап шығып келе жатқан таң шапағына жұтылды. Сары әулие қыр асып барып сұқ саусағын күнге шошайтты. Көз ғып гауһар қондырған, алтыннан соққан мырзаның жүзігі құбыла жарқырады. «Уай, пәруардігәр дүние, жер бетінде күнәһар кісілерді көбейте гөр», — деді де, іштей толқып жүйрігін төбелеп тау баурайынан қара жұлдызша сорғыды.


Емші көріп кеткен Мырқы мырза апта жатып, сорпаланып, беті бері қарады. Бойына шым-шымдап күш енгесін-ақ, сайтан мінезіне салып, атарман, шабарманын шақырып ап, қағаз бен қаламға жүгіндіріп, Науан хазіреттің үстінен арыз жазғызды. «Орыс отаршыларына қарсы, мұсылмандықтың туын көтеріп түбінде кәпірлерге ғазауат майданын ашпақшы, сүттей ұйып отырған қазақ пен орыстың арасына араздық отын жақпақшы», — деп том-том қағаз өткізіп, мөрлетіп, куәлатып, онысын Омбыдағы губернаторға жөнелтті. Жол ақы, қол ақысын жанынан төлеп ырзалады. Аңдысқан жау алмай қоймас, ақыры жыл аяғында Науан хазіретті жандаралдың қызыл жағалы, қайыс белдікті атармандары келіп тұтқындап алып кетті. Сол кеткеннен мол кетті. Соңынан барған ағайыны хазіретті итжеккенге жер аударып жіберіпті деп құранын, тәспісін алып елге ботадай боздап оралды.


3


Мырқы мырзаның қаны ыстық па, әлде ұрғашы көрсе жолдан тайғызар сайтанға ілесе ме, кім білген, әйтеуір жігіт ағасы жасына жеткесін де өзін-өзі еш тоқтата алмады. Беті жылтыр, бөксесі буылтық қыз, келіншек көрсе — отқа түсер көбелектей қалбақтайды, епектейді, өліп-өшеді, ақырында сол от құшаққа жұтылып тынады. Кей-кейде жас сұлудың дөңгеленіп піскен алмасын құшырлатып иіскеп-иіскеп, мауқын басып, ентігін түзеп жатып ойға келеді ғой: «Осы мені көтеріп дегбірімді тауысып алып бара жатқан нендей күш, әлде күшәла сіңіріп сапырып пісірген бесті қымыздың қуаты, әлде жас қозының кемігіне бір бұрқ еткізген бал сорпаның күші ме? Күйіме келіп, бураша бұрқылдағаным тыйылар емес. Көп асқанға — бір тосқан, ор жағалап жүріп оңбай омақаспасам қанекей!» деп қауіп ойлады. Жүрегімнің жиі-жиі алқына аузыма тығылуы тегін емес, кеудесінде сырыл бар ма қалай. Баяғы жонына оқтау салып илеген Сары әулиені шақыртып, тамырын ұстатар еді, о неме де бұл көкең секілді нағыз жынды боп шықты, бір көтерілсе — басылып болмайды-ай!


Құшағына оратылып жатқан жас сұлу кірпігі қимылдап оянды білем, ыңырси тіл қатады. «Сүйегім қаусап қалыпты, түнімен қамырша иледің, жаным, бүгін сөз айтып жүрген жігітіммен ұшырасып, некеге тұруға арыз беріп қоямыз деген уәдеміз бар», — дейді сыбырлай тіл қатып.


Құлағының түбіне ыстық ерін тигесін бе, жүрегі құрғыр атқақтай бастады. Жас сұлу мына салмағы зілдей, қалтасы қомақты жолбарыс жүректі жігіттің қызғаныш сезімін оятқалы «некеге арыз беріп қоямыз» дегенді әдейі-ақ құлаққағыс еткен. Жігіттің құштарлығын лаулата түскісі келген. Әйтпесе осы күнгі қалталылар сынап секілді, бүгін берген уәдесін ертең ұмытып, уысына еш тұтылмайды. Зарықтырып өлтіреді-ай!.. «Әйел үстіне алам десең — көнер едім, біз байғұсқа екінші, үшінші тоқал болу да жазбады ғой...» Қыз үні жібектей жұмсақ. Ұлпа саусағымен әр жер, әр жерінен сипаған кезде терісінен магнит өрісі жүріп өткендей денесі шымыр-шымыр еткені. Қаны тулап шыға келгені. Бөденедей беденді сұлуды бір көтеріп, жастыққа сылқ салып үстіне тау боп үйілген кезде қыз байғұс тұншығып өле жаздады.


— Кеудем қысылды, өлтіресің бе? — деді қыз сыңсып жылап.


— Түнімен құшаққа еш тоймай өлтіре жаздаған өзің! Әр жер, әр жерімді жалап, шоғымды үрлеп маздатып...


— Күнтимесімнің пердесін түңғыш ысырған өзіңсің! Өзіңді өле-өлгенше аңсап өтемін, пірім, — деді жас сұлу саулап аққан жасын еш тия алмай.


— Білмеймін дүниенің не болып бара жатқанын, ындыным кеуіп шөлім еш басылмайды. Сұлу қыз көрсем — дүниені ұмытам. Сүйегім саудырап жағалау жиекте шашылып қалам ба деп шошып оянамын!


Мырқы мырзаның уайымының беті бөтен.


Ел-елді өртше майлап қызыл төңкеріс жүріп өтті. Әуелі тапаншасы сыртылдап, шәпкесінің күнқағары жарқылдап қызылдар келді. Жекетұр, ортақ дегенді солар үйретті. Жекетұры — маңдай терін сығып, белін бүгіп шаруасын түзеткен орташаларды тәркілеп, ауыл сыртына көшіріп, әйкәпір атандырып көзге шұқу екен. Ортағы - мал да, дүние-мүлік те, тіпті қойныңдағы қатының да ортақ, ұжымдыкі деген сөз бе. Кіші тәркілеуден соң ұлы тәркілеу дүбірі жетті. Әкеден қалған үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе кедейлердің қолында кетті. Үзілдіріп қыздай алған келіншегі ликбезде оқып сауат ашып, бір қызыл шәпкелінің соңына ілесіп жоғалды. Үлкен шаңырақты күзеткен ғаріп шеше жылай-жылай зағип боп ол дағы дүниеден өтті. Есіл суы кілдіреді, жауынқұртша жер бауырлап жылжып қалды. Қайтпек керек! Бұған сапса — баяғы донос жазып итжеккенге айдатып жіберген Науан хазіреттің аяғына жығылып, «кешірім ете гөр», — деп жалбарынар еді. Сұрау салып еш дерегін таппады, Шөже ақынның артынан құран оқытайын деп ту биесін жетелеп жеткен еді, жұртын сипалап қалды, жамиғаты Қытай ауып кетіпті. Алшынбай бидің моласынан алтын іздеп ақтар күректеп қазып, рәсуасын шығарыпты. Жұртта қалған бұралқы итке ұқсап, жүрек тұсын уқалап ебіл-дебілі шығып, жұтаған, тоналған, шаңы шыққан, түтіні сұйылған, ошағы өшкен жетім аулына қайтып оралған; моржасы түтін тартпайтын, терезесіне үрген қарын кептеп қойған жертөлесінде жатып-жатып, жамбасы тесіліп, ішегі шұрқырап, көзіне көк шыбын үймелеген соң; қой, ә!.. қарап жатып арам қатармын деп!.. баяғы текті әкенің көміп кеткен тайтұяғын аршып алып үлкен қалаға келген; әлгі тайтұяқты ломбардқа өткізіп, бір бума ақша алған; жүріп-жүріп, мейрамханадан түстеніп, кешкілік казинода қызойнақты көріп, апта басында бір бұрышта үкіше үрпиіп отырған осы сұлу қызды ұшыратып еді. Тез-ақ тіл табысты.


Үкіше үрпиген сұлу жалғыз бөлмелі пәтеріне әкелді; суға, жарыққа, жылуға, үйкомға пәлен ақша қарызбын деді; Мырқы мырза қыздың барша қарызын қолма-қол төледі. «Тоңазытқышта жалғыз жұмыртқадан өзге талғажу жоқ, айлық алмағалы жарты жыл болды, мекемеміз банкрот», — деді қыз.


Бұл көкең ломбардтан алған ақшаның бәрін қыздың қолына үйіп ұстата салды. «Құтыл, талғажу қыл, мына ақшамен тіршілік арбаңды түзеп ал!» — деді. Сонда қыз жанарынан мөлдіреген жасты көрді. «Сіз қайтесіз?» — деді үріп ауызға салғандай сұлу, — тегін адам емес екеніңізді алғаш ұшырасқанда-ақ білгем, әйтсе де тым жүдеу көрінесіз, киіміңіз тозыңқы, көз жанарыңыздың оты өшкен, сөзіңіз де бұл заманының сөзіне ұқсамайды».


«Мен көп ұзамай өлетін шығармын, — деп көкірегін жара күрсінген Мырқы мырза, — мына заман өзімдікі емес әйтеуір».


« Неге жаман сөз сөйлейсіз? «


«Біліп, білмей істеген күнәларым кеп еді. Өкінетінім: сол күнәлардан арыла алмай барамын. Қайтерімді білмеймін. Уһ, жан-ай!» - деп күрсінген кезде құшағында өліп-өшіп жатқан сұлу қыз селк етіп түршікті. Үстіне суық су шашып жібергендей тітіркенді. «Ища-ай!» - деді күбір етіп. «Бір ғажабы тән ләззатың, құшынып сүюің бұл заманның амалына келмейді. Баяғы Абай заманының адамы секілдісіз», деді қыз денесі өрт боп жанып, қайта құмартып. «Уһ, жан-ай!» — деді Мырқы мырза безек қағып. «Қыз жолына жанын құрбан қылған кісіше сөйлейсіз, бір мезгілде көз қаруыңыз әлденеше құбылады, осындай от ләззатқа күйіп өлсем арманым жоқ». «Әлгіде келешек күйеу баламен ұшырасатын мезгіл бүгін» деп бәсіңді арттырып бұртиып киіне бастағансың , — дейді Мырқы мырза. Сұлу қыз сыңқ етіп күліп жіберді. «Алдап айтқам, менде жігіт те, жанашыр туыс та жоқ, бәрін тірі жүріп жалмаған жалмауызбын, перінің қызымын», — деді біртүрлі алабұртып, аласұрып жатқан бикеш. Мынаның өтірігі ме, шыны ма деп іштей таңқалды мырза.


Көз қаруыңыз әлденеше құбылады деп бұл көкеңе еш ұрғашы айтпап еді.


Жүрегі құрғыр алқымына тығылып алып-жұлып бара жатқан соң Мырқы мырза үлкен төсектен сүйретіле тұрып, басын көтере берген еді. Екі шекесі түсе солқылдап, қос қолымен ұстап бүгіліп, тізерлеп отырып қалды. Біраздасын барып тәлтірек қағып аяғына мінді. Ақырын жүріп терезенің тұтқасынан ұстап ашып жіберді. Алып қала науқас кісідей ауыр тыныстайды. Әрәдік жылт еткен мәшине жарығы, жарқылдаған көше шамы көзіне жылы ұшырайды.


Шынын айтса, мына тұрған Мырқы мырза екі ғасырдың адамы еді. Әкесі, әкесінен ауысқан мінезі, жүріс-тұрысы, кейде ылдиға құлдырап, кейде қырға тырмысқан өмір арбасы 19 ғасыр пешенесіне жазған оқиға еді. Ақан серінің құмай тазысын қалап алуы, Шөже ақынмен тілдесуі, Алшынбаймен араздасуы, Құнанбай қажы, Науан хазіреттің үстінен шербашнайға үстемелеп донос жазуы, Қарқаралы мешітіндегі дін иесімен тәжікелесуі, бәрі-бәрі 19 ғасыр оқиғасы. Ал, оқырманның есінде болар Мырқы мырзаның үйленуі, әкесінің қылтамақтан өлуі, 24 жылғы кіші кәмпеске, 29 жылғы ұлы тәркілеу, ортаққа семіріп, ел үстіне неге сонша шолжаңдадым деп іштей мүжілді. «Жәрмеңке, той-жиын десе түлен түртіпті. Беті жылтыр, көзі өткір, ұйысу, кейіпкеріміздің арыған аттай жүдеп-жадауы, қатынынан айрылып, қарашаның жұртында жалғыз қалуы — 20 ғасырдың оқиғасы. Сонда қалай? Мырқы мырза қартаймайтын, самайына қылау түспейтін, жігітшілігі жыл санап үдеген, жүз жасаған адам ба, әлде екі ғасыр бойына қақшаңдаған сайтан ба деп таңқаласыз әрине. Кейіпкеріміз екі ғасырдың күнәсы мен кінаратын бойына жинаған, алла тағаласын кеш таныған, екі ғасыр мінезін бойына қоса сіңірген метаформалық бейне. Өзгермелі образ, Латын Америкасында өліп қалған кісінің пәлен жылдан кейін қайта тіріліп өмір сүретін кереметін «зомби» деп атайды. Гималай асқарында, Таиланд елінде адам жаны бір кісіден келесі кісіге ауысып, бүгінгі монах ертең балықшы, ертеңгі балықшы бір заманда монарх болып басы қақшаңдап отырады деген «сенім» бар. Осы қазір «сенімге», «зомбиге» мойын бұрмай-ақ, Мырқы мырзаның жан әлемі екі ғасырға өзгеріп, ауысып, құбылып тұрады демей-ақ: екі кейіпкер, яғни үлкен Мырқы, кіші Мырқы деп шығарманы ащы ішекше шұбалтып созуға болар еді, әйтсе де — барша қимыл, барша ойды жалғыз кейіпкердің басына үйіріп, тұжырымдап әдеби шендестіруге әдейі жүгіндік.


Сонымен үлкен қалада, аядай пәтердің терезесін шалқайтып ашып жіберген 20 ғасыр соңындағы тіршілік иесі — Мырқы мырза өзінің 19 ғасырдан ауысқан мінезінің ойқы-шойқысын ойлап басы қатты.


Текті кісінің тұқымымын деп, байлығыма мықыны серпімді сұлулардың соңына түсіпті, ақша мен малды аямай шашыпты. «Мырза» деген сөзге борсықша тырсиып семіріпті. Уай, пәлі-ай! Намазға ұйып отырған үлкеннің алдын кесіппін, дастарқаннан аттап кетіппін, «құдай жолы», «иман гүлі» деген уағызға — саусағымның арасынан бармағымды көрсетіп, «былшылдапсың» деппін. Донос, домалақ арыз, прощение, өтірік куәға жүруге желдей есіппін. Тоқтау айтқан адамға асау атша ерімді бауырыма алып мөңкіппін. Айнадағы маңдайы жарқыраған, нұр сипаты көзді тойғызған мырза жігіт жер басып жүрсе — заман түзеледі, заң өзгереді, жұмақ орнайды деппін. Тіршіліктің бетінен қалқып, түпсіз терең жақсылықты сүймеппін. Айрықша, артықша көрінсем әдімұлыққа, арманыма жеткенім деп үміттеніппін».


Айнадағы — нұры бұзылған Мырқы мырза.


Өмірдегі — басын тау-тасқа ұрып, тіршіліктің көбігін қалқып, күнәға белшеден батып пашпырты біткен Мырқы мүсәпір.


Қазір ғой басы тасқа тиген бекіре балыққа ұқсап, теңселе түсіп, күрсінгенде көкірегі көкке жетті. «Уай, дүние-ай!» Ұйпаланған төсекте талығып ұйықтап жатқан әңгелек төсті сұлу оқыс оянды. Көзін ашып алды. Әуелде күн күркіреді ме деп ойлаған. Ашық терезе алдында теңселе басып, қос шекесін қыса ұстап күңіренген алып жігітті аңғарды. Ұша түрегелді. Жалаңаш кеудесін Мырқының бетіне тақап, ұлпа білегімен жыланша оратылды. Күйіп тұрған үйдей жігіт тізерлей ошарылды, тізерлеген мезетте аппақ бәденді бикештің әппақ саны, қайшыласқан тұсы бет-жүзіне тұспа-тұс тақады. Жылы жұпар аңқыды-ай.


Көне түрік бәйітшісі Құсам Кәтиб өзінің «Жұмжұма сұлтан» дастанында жұмақты көзімен көріп келгендей төгілдіргені есінде. Жағалай жеміс ағашы, мәуесі уылжып үзіліп түсіп жатады. Тас бұлақ бұрқырап ағады. Хош иісі танау қытықтаған гүлзар бақ, аралаған сайын ынтызарың ауып есің кетеді. Бәденді сұлу сусын ұсынады, келесі тұста үр қызы бұрала билеп қаныңды қыздырады, келесі қалтарыста кәмпит ерінді үр қызы құшағын ашады, ішпей-жемей мас болып, ішпей-жемей сұлулыққа елтіп, елжіреп, елпектеп, гүлден-гүлге ұшып-қонған сен де бір көбелек. Жер үстінде кешірген мұқым азапты көбелек қанатындай жеңіл, әдемі, әлеміш ләззатпен өткізіп ғұмыр кешесің дейтін бәйітшіл ақын. Дәп сол ақын жырлаған жұмақтың гүлзар бақтың ішіне қайыра енгендей хал кешкенін сезеді.


«Шыбын жаным-ау, бір қылығыңнан бір қылығың асады, қытықсыз араласып, алаңсыз баурап алардай төсек енерін қайдан үйреніп келгенсің?» — деп сұрады Мырқы екең ләззат бұлағына сүңгіп бара жатып. Өз үніне өзі таң қалады, «Жапон еліне істеп жүрген кәсіпкерлік фирма алты айға тәжірибе үйренуге, менеджерлік оқуға жіберген, — деп төсі тікшиген сұлу бикеш сыңқ күлді, — фирманың менеджерлік шаруасы шегініп тұра тұрсын, жапон әйелдерінің гейшалық өнерін үйренейін деп бар ақшамды гейша мектебіне төледім, қытықсыз құштарлықты гейшалармен меңгердім». Ой, пәлі-ай, тізені тескен алаша еден келесіде былқылдаған мамық мықынға алмасып, аялап, аһылап, уһілеп тербеткенде бар ғой — жаны ышқына шырқырап мамық мықыннан қатты алашаға, қатты алашадан мамық мықынға ырғып, шоршып ауысқанын өзі де білмейді.


Жанарынан жас сорғалап, сорпа боп терлеп, жұмақтың соңғы қақпасын ақырын аша бергенде бәденді бикеш «аһ» деп аунап түсті. «Өлтіретін шығарсың, пірім!» — деді ентіге езіліп, — өле кетсем дұрыстап көмерсің!»


4


Бұл қазақты қойсаңшы!


1991 жылдың 16 желтоқсаны күні тәуелсіз ел болдық, енді өзіміздің ата заңымыз, елтаңбамыз, әнұранымыз қайта жазылады, шығыстағы шүршітке, түстіктегі қоқан, хиуа ләшкерлеріне, терістіктегі ормандай орысқа жалтақтап, былайғы күніміз не болар деп уайым жемейміз десіп төбесі көкке тиердей боп жүр. Ғасырлар бойғы мына Сарыарқаны, ана Атырауды, қолдың саласындай жеті өзені жұлқынып аққан Жетісуды, баяғыда Нұх кемесі қалған Қазығұртты жат жерлік жаудан қорғап, әр сайда басы домалап қалған, қаны су боп аққан аталарымыздың арманы орындалды. Өз тізгініміз өз қолымызда, ешкімнің аузына қарап «ләпбай тақсыр!» демейміз, аш жүрсек — аш жүрейік, қиналсақ - қиналайық, мың жылда бір келетін бостаңдықты бойтұмар ғып ұстайық десіп пәтуаласты. Бұрынғы ортақ, жұмақ заманға жұмыла жетеміз дегенді ұмытып, «өзім», «өзімдікі» деген ұғым бел алды. Әркім қарақан басының қамымен рынок заманына жетеміз деп құлшынды.


Кейіпкеріміз Мырқы мырза бай, құлақ заманының пысығы екен, мына төбеден түскендей капиталистік қоғамның қазанына қайнап сорпасы қосыла қоймады, мамандығы, оқуы тағы жоқ, ат үстінде әләулай құрған сыпайы сері мінезі түкке аспай қалды. Есіл мен Нұраның қосылар тұсындағы шалғыны бұратылған иін қолтықтағы ата қонысы, ауылы торғайдай тозып, іске жарар еркегі кәсіп іздеп, әйелдері шойын жол бойына шығып кәкір-шүкір сатып күнкөрістің қамында тентіреп жүр. Кешкілік ноқа соғыстан қайтқандай ебіл-дебілі шыққан, дедек қаққан ауылдасын кідіртіп жөн сұрасаң — «мырза», «сал», «тақсыр-еке» деп жігі-жапар болудың орнына мойнын теріс салып, ой, пәлі-ай!.. «базар нарқы көтеріліп кетіпті», «бір кілә кәртәпия бақандай отыз теңге болыпты», «Қасқырбайдың соғымға байлап отырған бесті биесін түн ішінде ұрылар жетелеп кетіпті», «бұл күнгінің мілисасы ұры аңдуды қойған, қыз аңдиды...» деп өзінше мөңірейді-ай. Мына шіркіннің, ауылдасының аңысын аңдаған Мырқының ит жыны келеді, бәтеңкесінің басына түкіреді. «Қай көшеде, кімдерде той-томалақ болады екен?» - деп түкпірлейді. Ауылдасы аузын ашып аңырайып қалады. «Қайдағы той-томалақ?.. Қайдағы жиын?.. Бала-шағасын асырай алмай, кәсіп қуып, сауда жасап, малын бартерге беріп жүрген жұртта ес бола ма десей!?.» Көршісінің мына сөзі кеудесінен қатты нұқығандай әсер етті, «есің дұрыс па өзіңнің» дегендей естілді. Бұрылып жүре берді.


Баяғыда «бай-еке» деп тарту-таралғысымен келген башқұрт бақалшысына ағаштан қиып салғызған он екі бөлмелік үйді басына іс түскен соң сатып жіберген. Сары қыштан өрілген алты бөлмелі асхана үйге көшкен. Қысқа қарай жылыту қиын болып, екі бөлмесін балықшы орысқа жалға берген. Өзі қуықтай түкпір бөлмеге көшкен. Ертеңді-кеш келгенде кірін жуып, ас пісіретін шүйкебасты іздеп көп сенделді. Алғашқы аршын төс, үзіліп піскен жүзімдей мөлдіреген келіншегі кешегі аласапыран, тәркілеу жылдары қызыл жағалыға ілесіп қашып кеткен. Содан кейінгі салтанатына қызығып келген үріп ауызға салғандай Үрбала есімді қызы жыл отасты ма, жоқ па, бұл жолаушылап, нағашылап кеткенде отбасындағы барша мүлікті мәшинеге тиеп, олдағы жоғалыпты. Жалғыз тықыр алаша қалдырыпты. Ұрғашыдан түңіледі. Қарағанды қаласына барғанда казинода ұшырасып танысқан, жылдам-ақ ауыз жаласып ұғысқан төсіндегі алмасы қатты қас ару бикеш ауылды айтсаң — жылан басқандай шошиды. «Ақша тапсаң — өзің-ақ ерінбей келіп тұр, қайыршы қаптаған аулыңа барып неғылам», — дейді. Мейлі де. Басы мең-зең, қисық аяқтана басып кеше басындағы үйіне жеткен.


Сонадайдан көз тартқан қаңылтыр түнікелі, ашпалы терезелі, еңселі, басқышпен көтеріліп шығатын он екі бөлмелі үйге үзіле қарады. Жүрегі езілгендей сыздады. Әудем жердегі қыш үйге бұрылған. Кіре беріс есік жақтауына кержақ орыс ау іліп қойыпты. Еңкейіп ішке өткен. «Балық сасыған ауды есікке ілгендерің неғылғаның! Әй, орыс тамыр, түнде дәретке аулаға шығудың орнына жатқан, жерлеріңе, шелекке шорылдата саласың — үндемеймін, қатыныңмен ұрсысып түнімен ұйқы бермейсің — қой демеймін... балық сасыған ауыңды аулаққа ілсең неғылады,» — деп кейи енген. Кержақ орыс бір шөлмекті алдына қойып балық жеп отыр. «Кел, кел, хозяйн, тартып жібер мына арақтан», — деп өзінше даурықты. «Арағыңды атауыңды іш, ендігәрі ауды есікке ілуші болма, айдап шығамын!» — деп ызғарлана сөйлеп, төргі бөлмеге еніп, есікті тарс жапты.


Келе жер төсекке тырапай аса құлады.


Әлде Қарағандыға барып, екі тәулік бойына әңгелек төсті, от құшақты сұлу бикештің қасында көз ілмегесін бе, әлде өз үйі — өлең төсегін сағынғаны ма, басы қоға салған жастыққа тиісімен қор ете түсіпті. Қанша ұйықтағаны белгісіз. Ұсқынсыздау түс көріпті. Әкесі — қылтамақтан қайтыс болған текті әкесі үстінде түйе жүн шекпені, ауыл сыртында, төбешік басында әйнек ішінде үрпиіп отыр. «Мына әйнек мола болып жарыта ма, әке,» — дейді бұл көкең. «Қиылысынан, бұрышынан ызғар өтіп жаурап шығам», — деді әкесі. «Күпәйкемді әкеп берсем қайтеді, әке». «Құдай дұрыстап мола бермеген соң сенің иығы тесілген күпәйкең киім боп жарыта ма», — дейді әкесі қабағын қарс жауып, теріс бұрылып. Тірісінде кісіге ренжісе теріс бұрылып сөйлейтін әдеті еді. Өстіп жатып Мырқы оянып кетті.


Көзін ашып-жұмып есінеді, аунап түсті. Мұнысы несі. Марқұм әкесі жайшылықта түсіне кірмеуші еді ғой. «Қара күздің сүмелегінде жан тапсырып едім, алыс-жақынға ат шаптырып хабар жөнелтіп, аза тұтып, ас бермедің, күректеп қазып төбе басына қоя салдың» деп ренжулі ме. Науан хазіретті шақырып құран қатым шығартудың орнына Хакім кісімен араздастың, тілге келдің, ақырсында үстінен «орысқа қарсы» деп арыз-шағым қаптатып итжеккенге айдатып жібердің деп налиды ма. Әйтеуір әкесінің қабағын қарс жауып, теріс бұрылып сөйлеуі тегін емес. «Жаурап шығамын» дегені — басыма келістіріп үй там, сағана белгі салмадың, Сарыарқа еліне қадірлі есімімді қара жерге таптадың дегені болар-ау, сірә».


Мына жан әлемін кернеп бара жатқан удай ащы күйік ойдан жүрегі тілініп өкіріп кеп жылағысы келді Мырқы мырзаның.


Атып тұрып, сыртқа сытылды. Ауызғы бөлмеде пәтерші орыстың дәретке қойған шелегін даңғыр еткізді, ырғыта тепті кеп. Есік жақтауына шекесін соқты. Сарт ашып далаға шықты. Түн шымылдығы сөгілмепті. Сонадай жерге барып ентігін басып, жұлдызы шүпірлеген аңылжыған тұңғиық көкке қарады.


«Уай, пәруардігәр жаратқан ие», — дегенде тарғыл үнінен өзі шошып қалды. «Әлемдік тәртібіңді, ғарышты көтерген періштелерді неғылайын, құйтақандай қара жерде кілең сорақылық! Көкте басында тұман болған, жерде көлкіген су болған деп көкіп отырушы еді Науан хазірет. Сол тұманында адасып кеттік пе, көлкіген суыңа қарық етпекшісің бе? Күн мен айдың айналып жүзуі бағытынан тайғалы тұр ма? Көк пен жерді, әрі екеуінің арасындағы нәрселерді бір шындықпен жаратқан деп кітап ашушы еді Науан хазірет. Сол шындық қайда қазір?! Маған бұйырған шындық жертөле жаман үй, жер алаша, иіні тесілген күпәйкі, ақшаға сатылған сұлу қыздың абыройы, ашты-тоқты, болар-болмас мына мүшкіл тіршілік болғаны ма?! Неге үнсізсің? Неге тылсымсың?!» — деп күңіреніп тұрып алғаны.


Ауыл шетінен әтеш шақырды. Әжептарқы үні басылып, мең-зең қалпы, қалтырап барып қисық ағашқа сүйенді. Тамырына еу бармаған, ешкі қажаған, есек сүйкенген жетім тал жол қараған қарақшыға ұқсайды. Жапырағы мезгілінен ерте сарғая бастапты. Түн түнегі сөгіліпті, аспан теріндегі сансыз жұлдыз бармақ басқан шырағданша бірсін-бірсін сөніп жатыр. Әдейілеп алла тағала өшіріп жүрген секілді ме.


Кеше түстен бері нәр сызбағаны есіне түсті. Тәлтірек қағып, қарадай құлап қала жаздайтыны аш жүргеннен екен. Бұл болмайды деп ойлаған. Көрінген жерде сенделіп жүріп, кезіккен асханадан жүрек жалғап, ел аралаған машайықша қисық аяқтана басып тентірей берсе — арам қатуы бек мүмкін. Жұмыс істеп, кәсіп қылайын десе — неден бастарын білмейді. Қорықшы, қарауыл болайын десе — баяғы ел үстіне шолжаңдаған бай, мырза, сері-екеңнің жеткен жері осы ма деп күлетіні кәміл, намысы құрғыр қол-аяғын тұсайды. Мына пәтерші орысқа қосылып балық аулайын десе қалай тұздап, қалай баптап, ас-ауқат қылудың оябын таппайды. Бұрын ғой құнан қойдың құйқасына қол созбай, жабағы, тайдың бал сүбесіне, шекесіне, телжесіне тәбет ашушы еді; бұл күнде қатқан қара нанның өзі көзінен бұлбұл ұшып барады-ай. Амал жоқ, пәкене баспанаға бұрылған.


Ішінен адам айтқысыз әжептарқы ащы дауыс, жанжал шықты. Кержақ орыс қатынымен төбелессе — сөйтетін. Қазан-аяқ даңғырлап, стакан сынып, кереует аударылды білем, бұзауша өкірген үн құлақ кесті. Бірін-бірі бауыздап жатыр ма, қой, болмас, ажыратайын, арашаға түсейін деп емпеңдеп үйге енген. Қаракөлеңке жерге көзі үйренбей тосылып қалды. Кержақ орыс кереует іргесінде, еденде, ойбайлап домалап жатыр. Көзі үйрене төсек үстінде үрпиіп отырған зайыбын шалды. Шалғаны бар болсын-ай!.. Шашы қобырап, жалаңаш кеудесінде қауынға келетін қос анары ерекше салбырап, барын ашып теңселеді. Бұл естімеген орысшасы: «Кәззап неме, күніге бір шөлмек, арақ ішкелі әтеш боп тынды!.. Күтемін!.. Дәметемін!.. Арқабасымды терлетер деймін!.. Суалған бұлақтай құрып барады», — дегенге келеді. Бұл көкең екі бұтының арасын ұстап, ойбайын салып, домаланған орысты көтермекке, жұбатпаққа қам қылады. «Бұл қатын бір күні өлтіреді, жұмыртқамды жарып жіберді білем!.. Құдай тағала, қаны ыстық мекер қатынынан құтқара көр, құдіретің болса!» Құлақ жарған ащы үні біразға басылып болмады, үй іші жарық тартты. Тыржалаңаш, қауын төсті, ажарлы маржа айылын жиятын емес. Мына Мырқы осы қазір қолынан қармаса ғой талақша жабысып төргі бөлмеге жылыстап жоғалмақшы, қанағатын таппақшы.


Сол екі арада дүрлігіс көбейді, сыртқы есіктен қызыл жағалының сұлбасы келең етті. Долы Маржа жедел көйлегін киюдің орнына төсін салақтатып төргі бөлмеге өтті. Қызыл жағалы қойын дәптерін ашып хаттамаға кірісті, үстел үстіне шөмиді.


— Маржаға екі еркек таласып, төбелестіңдер ме? — дейді қағазын сусылдатып жаза түсіп.


— Сыртта жүргем, айқай-шуға елеңдеп үйге енсем болар іс болып қалыпты, — дейді Мырқы бар шынын актарып, — бұл Маржаның маңынан жүруді қойғам, қит етсең қызғаншақ күйеуі пышақ ала жүгіреді, жарып тастап жүре ме деп. Бұтының арасына келістіріп тепкен әлгі жалаңаш Маржа секілді.


— Әмпай болмасаңдар әлгі қатын сіз жататын бөлмеге неге тыржалаңаш еніп кетті? Жасырмай айтыңыз, Мырқы мырза, онсыз да осы ауылға тыныштық бермейтін көрінесіз!


— Шырағым, қалай-қалай сөйлейсің өзің? Тыныштық бермейді дегенді қалай түсінуге болады?


— Феодализмнің тілімен сөйлейді екенсіз. Қатын басқарған ел қараң қалады деп ауыл әкімі келіншекті кекетіпсіз. Малай болатын келіншек іздеймін депсіз. Байтал шауып бәйге алмас, қатын бастаған көш жол таба алмас депсіз. Жұмыс істемейсіз, кәсіп қылмайсыз, қалай күн көріп жүргеніңіз белгісіз. Сенбілікке шықпайсыз. Қоғамға жат кісі деп пүртекілдеп, хаттама жазып, ісіңізді сотқа өткізем.


— Шырағым, қатыны теуіп шыңғырып жатқан кәпірің мынау, осының қамын ойлаудың орнына үйімді беріп, үкідей ғып ұстап отырған мұсылманға тиіскенің жөн бе?!


— Міне, міне, кит етсе «анау кәпір, мынау мұсылман деп ұлттар достығына сына қағатын көрінесіз».


— Шырағым-ау, домбырам не дейді, мен не деймін. Адассаң да құбылаңа қарап, адассаңшы!


О, құданың құдіреті. Қапелімде бар пәле ұйтқы болған, тыныш елді дүрліктірген кержақ орыс пен Маржасы жайына қалып... қызыл жағалы қазақ шен-шекпендінің намысын жыртып, байпатшасы нақақтан күйіп бара жатқанын жыр ғып... Ал, кеп айтыссын!.. Ал, кеп кергілессін!.. Ашу үсті бір-біріне «ой, әкеңнің» деп жұдырық ала жүгірісті. Жұдырық тимей құдай сақтады қайта!.. Байпатшаның саусағы сержанттың түймесіне тигенде бар ғой, мұхит түбінен тайфун көтерілгендей іс насырға шабар еді, шағын ауылдағы шатақ ауданға, одан асып, облысқа құйын боп жетер еді... «Бұрынғы байдың құйыршығы, тұқымы қуыршақтай ауылда ұлт араздығын қоздырып, басы бос әйелдерді әурелеп, түнемесі аспанға қарап қиялдап... саудың асын ішіп... жындының сөзін айтып... тағысын тағыларды тіркеп жазып...» ауыл мілисасы Мырқының үстінен іс қозғап тынды.


Мырқы мырзаның адымы, тынысы тарыла түсті.


Қу медиен далада саяқ жортқан аш көкжалды елестетіп көріңіз. Әрі үйірінен ажырап қалған, ашыққан арлан жорта-жорта туған жерінің түтінін іздейді. Ең болмаса алғаш көкке аунап, жемтікке тісін басқан жатағын көрсем дейді. Қаншық қасқырдан, күшіктерінен адасқан жоқ-ау, апта бұрын соңынан құмай тазысын ерткен аттылы аңшылар түсті... қуғыншы мен қашушы арасындағы қашықтық бірде ажырап, бірде қысқарып ұлы шабыс түс ауғанша созылған. Әсіресе қумай тазы өлемін ата ұмтылып қыр соңынан қалар болмады. Бүйірін соғып, адымы қайыстай созылған ашулы арлан кезекті кілтіңнен өте бере кілт қайрылып, үйірден оқшауланып, ұмар-жұмар жұлдыздай ағып келе жатқан құмай тазының алдын тосты. Жусанмен жусан боп жерге жабысты. Тартылған жебедей тұсынан зырғып өте бергенде сақ етіп алқымнан алды. Тазы мен арлан есік пен төрдей жерге аунап түсті, қасқыр есін ертерек жиды, күш алып ырғып тазының алқымын басып үлгерді. Алқымы езілген құмай есеңгіреп, айдалаға маңа қашты... Құтылдық па қатерден дегенде терең аспаннан дүрілдеп қоңыз ұшақ төбеден төнді. Қоңыз ұшақтағылар дүрбілі мылтықпен сүркіл сала оқ атып, әуелі бөлтіріктерін, сосын қаншығын қарауылға алды. Арлан бөрі қиыр шошақ басында қан құсып шошайып жалғыз қалды. Бүйтіп сүрген өмірге талақ айтып аспанда маңып бара жатқан қоңыз ұшаққа ырылдай шапшыды, тұмсығын көкке шаншып азынап ұлыды.


Қоңыз ұшақтағылар шаншып ұлыған арлан бөріні қасақана атпады, қарқылдай күлісіп көкке сіңіп жоғалды.


Әзірге өз азабы өзіне жетіп жапан далада жорта түссін, керней шалғандай азынаған даусы алапты көшірсін, қорқақтың зәресін ұшырсын деді. Ұлы далаға ұлыған қасқырды зар илетіп қалдырып кетті.


Үйірінен, бөлтірігінен, қаншығынан, жатағынан айрылып, айдалада қан құсып қайғы-шерден көзі үңірейген, ұшарын жел, қонарын сай білген, дүниеден түңілген ұлы даланың арланын көріңіз де — мына заманға, нарық заңына мінезі үйлеспей, үйірінен адасып, өзі құралпы жандардан кіндігі үзіліп, ішіне түтін толған кісідей жүдеп, жадап, зар кешкен бүгінгі Мырқыны, кешегі Мырқы мырзаны көріңіз. Айны қатасыз.


Жапандағы жалғыз қалған арлан қасқыр мына Мырқының хайуанға айналған сұлба суреті, двойнигі, тұлып елесін елестетер еді.


5


Өмірде бәрі өлшеулі.


Жаратқан иеге деген ғаделет, махаббат сезім өлшеусіз. Өлшеулімен, өлшеусізді қамту мүмкін емес. Көп себепті өзіміз қолдан жасаймыз, себептен салдар туындай қалса — «неге бұлай» деп алла тағаланы жазғырамыз. Мысалға жүгінелік. Бір отбасының көркі жас келіншек үйелмелі-сүйелмелі бес ұл табады. Бірінен соң бірі жас жапырақтай желкілдеп жетіліп еседі. Бес ұлдың алды ержетіп, жоғарғы оқуды бітіріпті, басына отау үй тігіпті, қызметке тұра бастайды. Енді манағы бес ұл тапқан келіншектің кеудесіне өзімшілдік, паңдық бітеді. Кілең қыз тапқан әйелдерге, я перзентсіз қатар-құрбысына мұрын шүйіре қарайды, жетіліп келе жатқан ұлдардың бетінен қақпай, «Сен же, сен іш, сен көр!..,» деп парықсыз, тиянақсыз етіп баулиды, олардың дағы кеудесіне астамшылық уын сіңіре түседі. Күндердің күнінде бір ұл төбелесіп кісінің басын жарады, бір ұл казино-ойынханадан шықпай жүріп рэкеттің оғына байланады. Бір ұл «көзіме шөп салдың» деп келіншегін үйінен айдап шығады. Кеудесіне астамшылдық біткен келіншек «аһ» ұрып, жанары атысып, шайпау мінез шығарып, қосағына қысым көрсетіп: «Осының бәрі сенің тәрбиеңнен!.. Қызмет қуып, іссапарға шығып, қонақ үйдің бикештерімен ауыз жаласып, жүріп сөзіңді сиырқұйымшақтатып сұйылтып тындың», — деп жерлеп жанын жейді. Ақырында «мұндай мазасыз өмірдің атасына мың нәлет-ай!» — деп миы ашып жүрген күйеуі жеңіл мәшинесін зырлатып келе жатып апатқа ұшырайды, аяғын сындырып, мүгедек боп қалады. Баяғы бес ұл жүр - өз бастарымен өздері алысып... бірі түрмеде, бірі базарда, бірі поезда... тіршілік арбасын қиратып алып, қайыра түзетіп жолға салып кете алмай. Енді мүгедек күйеуінің астын жуып көз жасын көлдетіп отырған баяғы астам келіншек қос қолын аспанға сілке лақтырып ашына қарғайды ғой: «Уай, жаратқан ие, не жаздым саған!.. Осыншалық биік кеудемді жұрт аяғына таптатардай!.. Осыншалық ұлы махаббатымды тышқаншылатып жіберердей!..» деп жаратқан иені жазықты қылады-ай. Баяғы астам сөйлегені, бес ұлды тәкаппар бетпақ мінезді ғып, бетіне жел тигізбей өсіргені, өмірге икемсіз, менмен етіп бет-бетімен жібергені ұмытылған, біліп, білмей істеген күллі күнәлары есінен шыққан. Енді келіп алла тағаланы жазғырып, бәрін сол істеген, тас төбеден қос қолдап ұрған сол!.. болғызбаған сол, деп шыға келеміз.


Уа, жаратқан ие, не жаздым саған, ана бетімен кеткен бес ұлды тәубасына келтірмейсің бе!.. Мешел күйеуді тезірек өлтірмейсің бе!.. Неғып көретінді — көрмей, қылатынды -қылмай жүрсің-ай дейміз.


Көп оқиғаның себебін өзіміз қолдан жасаймыз, себептен салдар туындай қалса — «неге бұлай «деп алла тағаланы жазғырамыз. Баяғыда Шыңғыстаудың кереге жайғандай қабырғаны адырларын жайлап береке дарыған, бақ қонған байы, сөзі дәрі Құнанбайды қайтсек аға сұлтандықтан түсіреміз деп бәсекелес, бақталас адамдар соңына түсіп арыз сүйкектеткен. Арғын, найманның арасына елші шаптырған. Дүниенің бар пәлесін аға сұлтанның басына үйіп, орыс ұлығына сүйкімсіз етіп көрсетуге жанын салған. Сонда Қарқаралы тауының басында көз жасындай мөлдіреген Шайтанкөлге аяғын малып, бесті қымызға қанып қызара бөрткен Мырқы мырза әлгі шолақ белсенділерге «қойыңдар-әй, былыққа белшеден батпай!» — деудің орнына түкті сүлгіге сүртініп тұрып: «Құнанбайдың басы кететін бас қылмысы — алыс жамағайыны Қодарды «келінімен көңілдес болды» деп тас атып өлтіргені» деп төндіре сөйлегені есінде. Кісі өлтірген кісі аға сұлтан болсын деген заң жоқ, деп жер тепкілеп отырып арыз-шағым жаздырған. Сонда жаны таза періштелер араға түсіп:


— Ау, туған келінімен көңілдес болу адамгершілік сызығына, шариғат шартына мүлде қисық іс, Құнекемнің қылығы дұрыс! — деген.


— Шариғатты адам ойлап тапқан, Қодардың жалғыз ұлын жалмап жап-жас келінін жесір қалдырған құдай ісі қисық. Ендеше ашынып, «аһ» ұрған адам алла ісіне тексеріс жасаған. Ғаріп келіннің көңілін аулаған, — деп адамды аздырғыш әзәзіл пері мына тұстан мөңкиді.


Бұл көкең айтады: аға сұлтан Құнанбай бір емес, Меккеге бес барса да жуылмайтын күнә жасаған, «шариғат шарты, адамгершілік сызығы» деп жүріп малмен мал болып миы ашыған Қодарды, жесір қалған жас келінін елімге қиған, түйе өркешіне асып өлтірген.


Періштелер шулайды: Құнекемнің ісі оң, пиғылы таза, жаратқан иенің жүрегі таза пендесі!


Мырқы мырза: Құнанбайдың қолы қан, ойбай! Періштелер: Пенде адасады, сол адасқан, нәпсіге ерген, күнәға батқан, ойы бұзылған күнәларға жаза кескен иманы берік Құнанбай алланың адал құлы.


Мырқы мырза: шуламаңдар, миымды ашытпаңдар. Өскенбайұлы Құнанбайұлы даланың тынышын кетірген, орыс пен қазаққа жік салған, пиғылы теріс кісәпір адам. Кісәпір болмаса біліп, білмей істеген күнәларымды жуамын деп Меккеге сабылып бар малын шашып әуреге түсер ме еді. Бір көзі неге ағарып кеткен. Басбармағы неге шор боп біткен! Осының бәрін жіпке тізіп, хаттама етіп, Кенесары бүлігіне жанашыр болғанын, Батыс Сібір губернаторының түземдіктердің жері туралы приказын отқа жаққанын, Түркістандағы қожалар әулетіне «келе қалыңдар!» — деп хат жазып ат шаптырғанын түгел тіземін...


Әзәзіл перілер алақайлап қуанады: «Тұқымын тұздай құрт сөйтіп. Ала қағаз бәрін көтереді. Мына миы ашыған, малмен мал болған далалықтарға имандылық, реттілік, рәсім, тәртіп түкке қажетсіз!»


Мырқы мырза төбе басындағы аш күзенге ұқсап бір күн нәр татпай отырып, қасына қаламсабы шиқылдаған хатшысын, тісін өмірінде дұрыстап бір шаймаған аузы сасық орыс приказын, көксақал тілмәшін алып қырық жеті бет донос хаттама жазды. Екінші күнге қараған түні көз алды қарауытты, құлақ тұсы шыңылдады. Көксақал тілмашқа бір тай беріп, ауылдың ол жағы мен бұл жағына атпен шапқызып орыс-қазаққа қолын қойғызды; хатшыға бордақыға байлаған семізін беріп түнімен үңілдіріп орысшаға аудартты; орыс приказына дөңгелегі резеңке, Саратов ұстасы жасаған сырғыма пәуескесін көлігімен сыйлап: «Ал, тамыр, осы бетіңмен тура губернаторға тарт, Омбының базарына, маржасына бұрылма, тұп-тура қолына ұстат!» — деп арқасынан қағып, бір дорба қағазды оқшантайына байлап аттандырып салған.


Терін саусағымен сыпырып, «сергиінші» деген оймен тыржалаңаш шешініп, әудем жердегі мөлдіреген Шайтан-көлге сүңгіді. Салқын су бойын тоңазытты. Олай-бұлай құлаштай жүзген кезде көл беті шеңбер сызды. Төбеден қалқыған толықай көлге шолп етіп құлап кете жаздады. Құданың құдіреті дейді ғой, таудың тастай суына түсіп қанша сүңгісе дағы тұла бойы аздап тоңазытады, сіңірі тартылды, әйтсе де санасы шайдай ашылмады. Әлдекім, я, әлгі шуылдақ періште, я құлағына сыбырлағыш әзәзіл пері көз алдын көлегейлі перде тұтып қойғандай, басы мең-зең қалпы. Әлдекім аяғынан ұстап тереңге тартатындай ма. Қой, ә, өстіп малтып жүріп Шайтанкөлге батып аллау-акбар болармын деп, шошына шатқаяқтап, құлаштап жүзіп, жүрегі отша тулап әудем жердегі жағаға әзер ілікті. Жақпар тастан қармады.


Кеудесін көтере жығыламын деп аяғы тайып, тізесін тасқа оңбай жаралады. Көз алды тұманданды. Әзер деп дірілдеп жақпар тасты қармап, тас қып ұстап жағаға ілінді. Шабарман, аларман, атшабар жігіттері жағада жайбарақат үйіліп қарап тұр-ей. Суға батып өлдім десе — қол ұшын беретін емес. Ашу-ызасы тұтанып лап еткені.


— Ой, әкеңнің! Мені суға батып өлсін деп тұрсыңдар ғой үйіліп!


— Қайдан білейік, Мырқы мырза, тізеңізді пышақ тастың тіліп түскенін!


— Ой, әкеңнің! Өңшең сүмелектер, иттер, балыққа жем боп кел түбінде жатсын дегенсіңдер ғой!


— Қайдан білейік, Мырқы мырза, сіңіріңіз тартылып жүзе алмай қалатыныңызды.


— Ой, жеті атаңның! Арлан бөрі жығылса — талап жер ек деп өңшең ши бөрілер жиылыпсыңдар!


— Қайдан білейік, аяғыңызды қой тасқа ұрып алғаныңызды...


— Ой, әкеңнің! Шапанымды иығыма жап, белбеуімді бу қаттылап, пышағымды қынына сал... атты әкел тездетіп! — деп үйіліп тұрған әлгілерді құйын соққандай дедектетті.


Көйлегін дар еткізіп тас осқан, қан саулаған тізесін таңды. Ақ сұрып дамбалының балағын жыртты, башпайын орады. Көлденең әкеліп алдына тартқан жүйрігіне мініп жатып, тізгінін тартып, тебінгелі тұрғанда басына құбыжық ой келді. Маңындағы атшабары, алыпкелі, шауыпкелі, тілмәші айнала жүгіріп алып соғып талап жегелі тұрған ши бөрілерге ұқсап кеткені. Көзіне кілең сұмырайлар елестеді.


«Осыларды маңыма жинап, ел болады деп еңіреп жүрген мына менде ми жоқ болар, сірә. Кімнің малы болса — соның малайы, кімнің жемі табылса — соның тауығы бұлар. Малдан, дәулеттен айрылған күні талап жейді, айдалаға, жол үстіне қаңқамды саудыратып қалдырып кетеді. Сүйегім ағарып жатқаным содан».


«Осыларды адам деп маңайыма ұстап жүргеніме жөн болсын-ай! Өсекші... өтірікші... ойнасқор... нашақор... насыбайшы... қымызқор... зинақор... мінафық... шарасыз... санасыз... жарасыз... шуылдақ ши бөрілерді қасымнан қалдырмай, әркімге айтақтап салып қойғаным, донос жаздырғаным, өсек, өтірікті желдей гулетіп жайғаным, тыныш отырған елдің түңлігін желпілдетіп, төріне шығып текеметін тілгенім, отағасын боқтағаным, әйеліне түнемесі қол салғаным, қызын күнәға белшеден батырғаным, жетімді жылатып көз жасына қалғаным, сірә, текке ұмытылар деймісің!» Елдің жүрегінен жуып көңіліңнен кете қойса игі. Ат үстінен осылай үңіліп шарайнадай шырайы ашылып жатқан көлге еңкейген еді, шошып кетті, шарайнадан жабайы құбыжық көргендей тіксінді. Ұсқынсыздау, бет-жүзі сопақша, бұрын дөңгелек жүзді еді; сақалы тікенекше өскен, бұрын май жаққандай жылтырап тұратын; көз жанары солғын, бұрын жанары шоктай жанып тұратын; бейсеубет берекесіз біреуді көрді. Көзін тайдырып әкетті. Қырат үстіне қылт шығып, қылқиып отырған арлан қасқырды көрді. Дөңгелеген шартабақ-ай сүт сәулесін төменге лақ құяды. Шайтанкөл тұңғиыққа айналады. Мырқы мырза маңындағы шауыпкел, алыпкел, жалшы, елші, тілмаш, сайқымазақ сыпайыларын жағалай бір шолып өтті, жағымсыз, ұнамсыз затты көргендей жүзінен жиіркеніш сезімі лап тұтанды. Мұны көзбен бағып тұрған былайғылар қапысыз сезді. Мырқы мырза тізгінін ылди-төмен бұра тартып, тыпыршып тұрған жүйрігін тебініп тізгінін босатты. Ер үстін етбеттей жатып лоқсыған адамға ұқсап кеудесінен әлемтарқы жағымсыз үн шығарды.


А— -а-а-а-а!


Сәйгүлік сайды құлдап жұлдызша ақты.


Қырат басындағы арлан қасқыр тұмсығын көкке шаншыды.


— У-у-у-уа-уа!


Кеше ғана үстінен том-том арыз-шағым құрастырып, көп кісілерден «шауып кетті», «зорлық жасады», «жесірімізді жібермей қояды» дегізіп куәлік алып, қолын қойғызып, мөрлеп — Батыс Сібір губернаторына жөнелткен аға сұлтан Құнанбай, әй, осы жолы мойын омыртқасы үзіліп омақасатын шығар деп көңіл демдеді, жоталанып қалды. Жотадан жұлдызша ағып түсіп келе жатып «Қалқам-ай» әніне салды. Алдынан бұратыла басып, төсінен жұпары аңқып, үзіліп тұрып тізгінін ұстайтын көрші ауылдың жесірін елестетті.»Қалқам-ай, сен қандайсың, мен қандаймын, ахо-о-ой-и» дегенде көкірегі ашылғандай, қалампыр шайын ішкендей сезінді. Үлкен бір іс тындырдым деп ойлады. Тауды құлатпасам да төбешіктің басына шығып ат ойнатқандаймын.


6


Әбден кедейленіп, жүйрік атынан, құмай тазысынан, қойындағы мықыны жұмсақ қатынынан айрылған, өңірейген алты бөлмелік үлкен қыш үйде қарақан басы сопайып қалған осы заманның Мырқысы түкпіргі бөлмеде жатып-жатып жамбасы тесілген соң әрекет қылуға бел байлады. Бүйтіп аштан-аш бұралып жатып арам қатармын деп ойлады. Мынау не енді? Осы да өмір болып па? Үлкен үйдің екі бөлмесін жалдап тұрып жатқан кержақ орыс заңға қайшы жерден, Президент аңшылық жасайтын қорықтан балық аулаймын деп жүріп, басы істі болып шатылып, үш жылға сотталып кетті. Кеудесі аяққаптай қатын маржасы сықсыңдап жылап, қазан-аяқты салдыратып, «енді қайтеміз?» дегендей, ертеңгілік кешкілік үй иесі бұған жалтақтап еді. Икемдей ме деп кәдімгідей үміттенді. Кешкі ас үстінде самогонын шығарып, шымқай қызыл көйлегін киіп, «пейте, хозяин!..», «хозяин сам — царь, сам — бог», «хозяин что велит — то свершиться!..» деп бар тәуірін алдына ысырып жәркеленшіп-ақ еді. Жанарын аударып-төңкеріп, қос қауын байлағандай кеудесін ашыңқырап жайғасып көрді.


Көңілденіп, самогонная аздап жұтып алып тақалып кеп тізе бүгеді. Көз қиығын салады. 22 ғасырдың Мырқысы жанары бозарып, мөлигеннен мөлиіп отыра береді. Тамағын ішеді, самогонын ішеді. Солбырайып, аузынан сөзі, иығынан бөзі түсіп, құлағы қалқиып, бақшадағы қарға үркітер қарауыл тұлыпқа ұқсап үрпиеді. Көзі бозарып суық ыржиып күледі. «Докторға қаралмасам болатын емес, еркек болудан қалып барам, белім көтертпейді, қара саным қорғасын құйғандай», — дейді.


Орыс қатын көзінше тыржалаңаш шешініп, төр іргедегі төсегіне барып жатып алды. Темір кереуеті әрәдік белі үзіліп түсердей жаман шиқылдайды. Бұл көкең үстел жиегінен үрпиіп тұрып, тізесі дірілдеп, бір рюмке ащы судан басы зеңгіп, өзінің мекен-жайы — түкпіргі бөлмеге жылыстады.


Бар болған оқиға осы. Ертесіне қатын маржа базар жақтан шәпкесінің күнқағары сынған, жанары тұманданған өзі құралпы бір орыс жігітін ілестіріп келіп, көрпе-төсегін, мүлкін, қазан-аяғын буып-түйіп, қытай қапшығына салып, арбаға тиеп көшіп кетті. Мырқыға «ал, қош!» айтпады. Мырқы болса «соңғы үш айдың пәтерақысын төлеген жоқсың, төлеп кет», — деуге аузы бармады, есік алдында қарауыл тұлыпқа ұқсап сопайғаннан сопайып қала берді.


Сол күні дүркіреп қалың жаңбыр жауды. Шілдеде жауған сұқ саусақтай төпеме жауын қаңтарда қалың қар болып түседі деп жатады жыл қайырушылар.


Ауыл шетінде әңірейген, темір шатырлы, қос терезелі алты бөлмелі қызыл қыш үй. Әкесі марқұм өлерінен бір жыл бұрын орыс құрылысшыларын жалдап, қышына қос үйір жылқы, өзге ішкі, тысқы жабдығына бес үйір жылқы айдатып, әрлеп, өндеуіне баяғы орыс тамыры Ботов көпестің шеберін алғызып, ат үстінде жігіт салғызып еді. Ағайын, тумасы пыш-пыш сөз етуден артылмады. Артынша кіші тәркілеу, соңынан ұлы тәркілеу дүрбелеңі жүріп етті. Голощекиннің мүйіз, тері салығы келіп жетті. Әкесінің Есіл, Нұра бойына ығысқан, Жауыртауға сыймаған кілең бозқасқа жылқысынан, бес жүзге жуық түйесінен, бес отар қойынан тігерге тұяқ қалмады. Тамағынан ас өтпей, қураған шөптей семіп бара жатқан бишара әке: «Сөге көрме, көрінде өкіргір деп, атаң марқұм көз жұмарда алдыма үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе салып еді, саған қыш үйден өзге дәнеме қалдыра алмай барамын... ол үйді де тартып алатын еді, балықшы орысқа «тамырым еді» деп жазғызып, әзер алып қалдым. Тәркілеудің белсендісі не жыны барын білмеймін, орыс мұжығын айналып өтеді, ұңғысы үңірейген мылтығынан қорқады... ал, бишара қазақта оқалақ тиген сиырша сүкектетіп қуады-ай...»


Әкесі марқұм кемсең қағып жатып дүниеден өтті. 21 ғасырдың Мырқысы өңірейген үйде естіп бүксиіп жата берсем, жұртта қалған аш күшікше бұралып бұйығып аштан өлермін деп, уайым шекті. Түс әлетінде әлдекім есігін қағып өткендей болды. Тұрып, шарқайын сұғынып сүйегі сықырлап, белін басып кеп есікті ашқан. Жан баласы көрінбеді. Бұралқы ит сонадай жерде сүйек кеміріп жатыр. Тұрып-тұрып үйіне енді, бүйірдегі балықшы кержақ маржасымен тұрған есікпе-есік бөлмеге бас сұқты. Жыртылған қағаз, кір шүберек еденді алып кетіпті. «Ай, езімнің де құдай сүйер қылығым жоқ, төсі аяққаптай, қос қауын байлағандай етжеңді маржаны құшағыма алып, көңілін тапқанымда ғой, ол неме ас-ауқатты үйіп табар еді, үсті-басына қарар еді, бір мәңгібас еркекті асырауға жарар еді. Көп асқанға бір тосқан. Ұрғашыны алдынан текке өткізбеймін деумен артылып жүріп сасай текеге айналып омалып отырғаны мынау».


Жатын бөлмесіне еніп бұралып кеп жастыққа бас қойғаны сол еді, терезесін әлдекім тықылдатып шерткендей сезілді.


Басын көтеріп алды. Шарқайын сұғынып, белін басып кеп есікті ашамын дегенше біраз уақыт өтті. Ілгекті ағытып қалғанда, танауын әтір иісі қытықтады. Қызылшырайлы, тығыншықтай толық денелі, алтын алқа таққан, ұршықша үйіріліп тұрған эдемі келіншек сәлемдесті. Бойы шағын, кіндігінен-ақ келеді.


Бұл состиып тұрып қалды.


— Парламент сайлауы жақындап қалды. Үгітшімін. Дауыс беруші кісілерді тіркеуге алып жүрмін, — деді келіншек сыңқ етіп күліп.


— Үйге кіріңіз.


— Жалғыз өзіңіз тұрасыз ба? Терезені қараңғылап тастапсыз. Осынша үлкен үйде, ауа тар, күн сәулесі түспепті, қалай қорықпай тұрып жатырсыз?


Қапелімде сасып қалған Мырқы екең не дерін білмей жұдырығына күрк-күрк жөтелді.


Алтын алқалы келіншек ұршықша үйіріліп терезе жақтауына дәптерін сұлатып салып (төргі бөлмеде үстел, жиһаз жоқ, Шыңғысхан нөкерлері тонағандай, жалғыз алаша жатыр), үй иесінің аты-жөнін, туған жылын, тұрағын жазып алды. Туған жылын естігенде қағаздан жүзін көтеріп состиыңқырап тұрып қалды. Үй иесі өзімен әзілдеп тұр деп ойлады келіншек.


— Бір жарым ғасырдай жасағансыз ба сонда? Өйтіп өкімет шаруасына әзіл қыстыруға болмайды. Шыныңызды айтыңыз!


Мен білсем елудің үстіне енді шыққансыз. Ауырып жүрсіз бе, өте сүлесоқ жүдеусіз, жанарыңызда от жоқ, қолыңыз қалтырайды.


Қой, ә, жасыңыздан бір ғасырды солайымен алып тастап, елуді қалдырамын. Есіміңіз ел естімеген есім.


Деді де алтын алқалы келіншек сыңқ етіп күліп, қағазын жиып, кетуге айналды. Есік алдына жетіп, бойы кеудесінен-ақ келіп, әлдене дәметкен кісіше мөлдіреп, телмеңдеп тұрып алды. Уыз ернін сөлін шығара тістеледі. Ұршықша үйіріліп шығып жөнелді.


Ертесіне қағазын құшақтап үгітші келіншек тағы келді. Үстіне кешегіден де тар көйлек киіп алыпты. Төсі, бөксесі айрықша буылтықтанып көзді магнитше тартып, арбап алып барады. Мырқының басы бейне бұрандалы ағаш ойыншық — Буратино, алтын алқалы келіншек қалай жүрсе — солай бұрылады. Төргі бөлмеге батыл енген. Состиып қарап тұрды-тұрды да көз тоқтатарлық түк таппаған соң алаша жиегіне бір тізерлеп отыра кетті. Қос тізесі баланың басындай, төңкерілген балтыры төбедей үйіліп, арасы қарауыта түсіп жанарды суыра тартады. Бетіне ұят қызылы лап етіп, көзін тайдырып әкетті.


Алтын алқалы асығатын емес. Қолтығындағы папкісін ашып қағаз, қаламын шығарады. Үй иесіне иегімен мегзеп «отырыңыз!» — деп әмір қылады. Мырқы келіншектің нұсқаған жеріне тізе бүккені сол.


— Ағатай, — деді үні іріп, — сіз туралы көршілеріңізден сұрап біліп алдым. Заманынан я кеш туған, я мезгілінен ерте келіп қалған әпенде адам екенсіз, әсіресе мына нарық заманы туғалы жолыңыз болмай, тіршілік арбаңыз әбден қирап бітіпті.


Келіншек осыны айтып бұл көкеңе сынай-міней сүзіліп кеп қарады. Мөлдіреген қарақат қос жанар ішкі әлемін түгел аралап шыққандай сезілді. Анары көйлегінің кеудесін жыртып жіберердей тырсылдады. Екі самайынан салбырап түскен шашын кері серпіп, ақ білегін созып төбесіне үйіп, түйреуішпен түйреді.


— Бизнес план жасап әкелдім. Сіз боп, біз боп жеке кәсіпкер боламыз. Сіз секілді үндемейтін үріп ішетін кісіден тамаша кәсіпкер шығады.


— Сізді түсініңкіремей отырмын, — деді бұл көкең жұдырығына жөтеліп. Күркілдеген кезде үй іші түгел жаңғырықты.


— Қазір түсіндіремін. Заңға қайшы дәнеме жоқ. Жауапкершілігі шектеулі жабық акционерлік қоғам құрамыз. Ол үшін бірдемеден бірдеме құрап шығарамыз деген документ жасаймыз, оны бизнес план деп атайды. Бизнес планды ілгері жүргізіп әкету үшін белгілі мөлшерде қаржы қажет. Оны банктен несие түрінде аламыз. Несие алу үшін банкке кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік болуға тиіс. Ол мүлік мынау қыштан салынған, әңірейген алты бөлмелі үй. Бәрі бір іші жылан жалағандай, доп ойнағандай, қарақан басыңыз қайда болса да сияды, мысалы, мына қарындасыңыздың бір бөлмесін иеленіп тұра берсеңіз әбестігі жоқ.


Алқалы келіншек «иеленіп тұра берсеңіз болады» деген сөзді айтқанда бетінің сүт шұқыры ойылып төмен сүзілді, соншама сүйкімді, момақан болып көрініп кеткені. Көз алды тұманданып, келіншек алдына еңсеріле құлап, сүйіп алуға оқталды. Сақалын алмағаны, тісін жумағаны есіне түсіп, амалсыз тосылды.


— Күйеу бала бар ма?


— Басым бос. Мәшине апатынан қайтыс болған, ағатай.


— Нендей қызмет істейсің?


— Ауданда, Мәдениет бөлімінде жетекші маманмын. Әйтсе де шаруасы шаш етек, жүгірісі көп, айлығы мардымсыз. Кәмпит, шоколад шығаратын цех ашып, өнімді сауда желілеріне қораптап артып, ақшаны күреп табатын күн туған секілді. Ағатай, жақынырақ отырыңыз, алақанға салғандай ғып түсіндіріп берейін.


Тұла бойынан әтір иісі бұрқыраған тығыншықтай келіншекке тақап отырғаны сол, бейне, меңдуана дәнін қайнатып ішкендей көз алды тұманданып, шеке тамыры лып-лып соғып, сүмек боп терлегені. Келіншек қарындашын бірде тістелеп, келесіде қағаз бетімен жорғалатып біраз жәйтті түсіндіреді, «ақша», «сауда» дегеннен өзгесін жарытып ұға бермейді; есіл-дерті тезірек ауызғы бөлмеге шығып, өтпейтін ұстарамен сақалын қырып, үстіне бар тәуірін іліп мына төсі тырсылдаған алтын алқалы келіншекке сүйкімді көріну. «Сүйкімдісі» несі, ең құрығанда жібі түзу еркек рөлін ойнап шығу. Құдай айдап аузына түсіргелі тұрған несібеден осы жолы айрылса — бұл көкеңнің адам болудан қалғаны. Күдер үзбей қайтсін. Әкеден ауысқан азғана дәулет құмға құйған су секілді, баяғы төре тұқымы, тектінің бұтағы бұл күнде жіңішкеріп үзілуге айналған. Үзіп ауызға салар наны жоқ, ауыл әкімі сәлемін алмай, аспандаған күйі тұсынан өте шығады; баяғы кеуде басылған, етігін тастаған жерге батылы барып келе алмайтын малшылар, жалшылар бір-бір дүкен ашып, я кәсіпкер атанып, я қалталы алпауыт аталып, я депутатқа түсуге даярланып, пілдің құйрығын ұстаған кісідей танауынан есекқұрт түседі. Әсіресе іштен іріген жаман екен. Өлмегенде нем қалды енді, әңірейген қыш үйде, жаман алаша үстінде, басына жасайтын жастығын пәтерші балықшы орыс көл жағасына алып кетіп жоғалтып тынған, я сол алаша үстінде аш күзенше бүгіліп, бүктетіліп жатқанда құдай айдап осынау тулап тұрған келіншек сап еткені. Сақалын қырып, тісін жуып, дұрыстап келіп тілдесуге мұршасы жоқ. Жын иектеген кісіше ырсыңдап күле береді. Әлден уақытта алқалы келіншек шашылған қағазын, қаламын жиып, еңкейген кезде төңкерілген қос кеседей анары анық көзге ұрып, жанарын төңкеріп сүзіле қарады кеп. «Ағатай, түсіндіңіз бе?» — деді тым-тым тақала түсіп. Бұл көкең басын екшеді. «Ертеңнен бастап мөр жасатамыз, банктен есепшот ашамыз, сіз директор есебінде қол қоясыз, өзім есеп-қисабын жүргіземін». Бұл көкең тағы басын екшеді, мақұлға көнді. «Кәсіпкер директордың киімі таза, үсті бүтін болуы керек... қазір тұрып моншаға барыңыз, мұрт, шашыңызды басқызыңыз... әбден тазарып алып, кешқұрым мына адреске келіңіз!..» — деп парақ қағазға адресін жазып берді. «Қалған тірлікті менің жалғыз бөлмелі аядай үйімде, шай ішіп отырып ақылдасамыз», — деп орнынан көтерілді. Онсыз да, қысқа көйлегі қалталанып аяғын сырықтай балтырын балғадай ғып көрсетеді. Сыңқ етіп күліп үйден лып шығып жөнеледі. Келуі қандай жылдам болса — кетуі де сондай шұғыл.


Мына Мырқы іштегі толқынын баса алмай «о, тоба» — деді. Мұндай күнді көретін суішкілігім, дәм-тұзым таусылмапты. Ай, өлген жерім осы шығар деп күйзеліп жатқанда, аспаннан шұға жауғандай, жаратқан ие тағы кеп қол ұшын берді, жарылқады. Тәуба қылмағанда қайтемін енді! Алтын алқалы келіншектің көп айтқанын түсінбейді, не десе — соған көніп басын изей түседі. Неғыпты, алдын орамас, бетінен ұят қызылы жойылмаған, бет моншағы үзілердей уылжып піскен қарақаттай қарағым екен; құдай пендесін өлтірсін бе, бұған да, өзіме де малтабар кәсіп керек деп тоқтайды бұл көкең.


Моншаға түсіп, жуынып, қырынып, жұнттай болып бар тәуірін киініп келген түнгі келіншек қасында өткізген дүбірлі оқиғаны айтпаса да болатын еді.


21 ғасыр Мырқысы ертеңнен бастап жауапкершілігі шектеулі жабық акционерлік қоғамның директоры боп, алтын алқалы келіншек әрі есепші, әрі экономист боп, қолдарын қойып пәтуаға келіп, құрылмаған цехтың шығарылмаған шоколадын ұстап көргендей кейіпке еніп... жаңа ЖШС-ның тұсаукесеріне жарты шөлмекті арақты бөліп ішіп... аяғын созса — басы қабырғаға тиетін аядай үйде көңіл өрекпіді, жүрек атқақтады.


Тығыншықтай жас неме шешініп, иісу сеуіп, денесі от боп күйіп келешек ашылар ЖШС-ның директорының қойнына енген еді. Есепшінің қолынан қысты, о жер, бұ жерінен сипалады, одан арғыға бармай директор мырза сұлқ түсіп жатып қалды. Қабырғадағы сағат түнгі бірді... әлден уақытта үшті ұрды... Алқалы келіншек аунақшып, дөңбекшіп тілге келді.


— Ағатай, ауырып жүрсіз бе?


— Білмеймін, сыз алашының суығы өтті ме, белім еш көтертпейді.


— Дәрігерлер не дейді, ағатай.


— Олар не деуші еді. Жаңақорғанның балшығына бар, емдел дейді.


Осымен сөз тамам.


Ертесіне есепші, экономист келіншек төсегінен көңілсіз тұрды. Директор мырза күлге аунаған түйеше шатқаяқтап, белін басып епетейсіз әзер киінді. Тіркесіп, ұшқасып банкке жетті. Банк қызметкері ұсынған ақ, көк қағазға қолдарын қойды. «Залогіне не қоясыңдар?» — деп сұрады банк директоры. ЖШС-ның директоры үшін бухгалтер келіншек жауап берді. «Мына отағасының Николай заманында қыштан салынған алты бөлмелі кеңсарайын саламыз», — деді. «Бұл отағасы келіседі ме?» — деп сұрады банк иесі. «Келіседі, қаңыраған кеңсарайдың орнына қызылала ақша уыстап шоколад цехын ашқалы отырмыз». Банк директоры сол арада жылжымайтын мүлік бюросының бастығына телефон шалып әлгі үйдің мәнісін сұрады, агенттерін жіберіп қыш үйді бағалап келуін өтінді... аз айт, көп айт, аптаның аяғында алты бөлмелі кеңсарайдың бағасы анықталып, құжаттар әзірленіп, тиісті сарапшыдан еткен соң барып мол-мол ақша қолға тиетін болды.


Соңғы мәрте бас сұққанда банк директоры бұлардың пошымына назар жығып ұзақ сүзілді.


— Цех ашатын мекен-жайды, мини зауытты сатып алатындай келісім-шартыңыз бар болар.


— Жасап жатырмыз, — деді есепші келіншек.


ЖШС-ның директоры айдан түскен адам секілді.


— Әр ай сайын ақшаны қалай, қайда жұмсағаныңыз туралы есеп беріп тұрасыз.


Есеп береміз, — деді есепші келіншек сыңқ етіп күліп. Жаңа байқады, банк директорының көзі есепші әйелдің көйлегін жырта жаздаған қос кесесінде, екі кесенің арасындағы саусақ әзер сиятын ойығында. Отағасының назарын байқап ол шіркін қысылыңқырап қалды. Дереу жуып-шайды.


— Президентіміздің кіші кәсіпкерлікке жол аш деген ұсынысын күп қолдаймын. Қол қойып беремін. Ақшаны алыңыздар. Есеппен жаратыңыздар. Банкрот болып қалу бұл заманда оп-оңай.


Осыны айтып, банк директоры қимай-қимай қоштасып шығарып салды.


Мұншалық мол ақшаны көргенде алтын алқалы келіншектің қолы қалтырады. Шетінен санап, буып-түйіп, ақ қапшыққа салып алды. Кештетіп үйге жеткізді. Келіншек ақ қапшықтан бір елі ажырайтын емес. Мінезі өзгергендей ме, бұрынғыдай сыңқ етіп күлмейді, «шайыңды өзің қойып іш», — дейді; мини зауыттың жабдығын қалай, қайдан аламыз деген сауалына жауап бермейді, берсе де «еркексің ғой, іздеп тап» деген сұрағына «итім біліп пе?.. Еркексің ғой, еркектерден сұрап білмейсің бе!» - дейді-ай. Төсегін бөлек салды, ақ қапшықты басына жастап ұйықтап қалды. Ертесіне, сәрілік шай үстінде біразырақ гәп шертті: «Мол ақшаны көтеріп жүрсек алғызып тынамыз, біразын жинақ кассасына салып қоялық, өз атыма, біразын сұрап жүрген кісілерге үш-төрт есе өсімге берелік», — деді. Осы пәтуаға келісіп, бүйтіп өне бойы ұшқасып, тіркесіп жүрмей, ЖШС директоры зауыт ашатын мекен-жай іздейтін болып, ЖШС есепшісі есеп-қисап жазып банкке өткізетін болып келісті. Ақшаны жинақ кассасына салып емін-еркін «уһ» деп тыныстады.


Жұмыс кестесі төмендегіше: директор ертемен тұрып зауытқа мекен-жай іздеп аудан орталығын аяғы тозғанша кезеді, ал есепші әйел сыланып, таранып, есеп жазып үйде қалады, кешқұрым банкке жол алады. Банк шіркін қағазын өлгенше тексере ме, кім білген, қас қарая, кейде түн жарым ауа көзі кіртиіп, шаршап оралады. Құрғақ шаймен аш бүктетіліп жатқан бұл көкең төсектен басын көтереді. Қатыны құрғыр кеш келсе де қазан көтеріп, тіске басар ас-ауқат әзірлейді ғой деп дәметеді. Жоқ, түймесін тырс-тырс ағытып, шешініп, теріс қарап төсегіне жатып алады. Бұл көкеңнің қарап жатып зығырданы қайнайды... Бүгін де сол. Көше шамдары өшкенде есік алдына зыр етіп жеңіл мәшине тоқтай қалды. Есітіп жатыр. Кабина есігі ашылып әлдекім түседі, мәшине гүр етіп қайта жүріп кетеді. Үй есігін жайлап ашып алтын алқалы келіншек енеді, аяқ дыбысынан сезіп жатыр, іргедегі төсегінің тұсына тоқтап керіледі, түймелерін тырс-тырс ағыта бастайды. Бұл көкең шыдай алмайды.


— Тірідей көзіме шөп салып түнделетіп жүргеніңе жөн болсын! Бәрін білемін, банк директорымен әмпейсің, есеп беріп есің шығып жүрген дәнемең жоқ, бәрін білемін!..


Деп зілденіп келе жатыр еді, келіншек шарт сынып түсті.


— Әй, сасай теке жұртта қалған! Зілденбе өйтіп. Үйіме кіресің, тамағымды ішесің, некелі байым секілді алшаң басып жүресің! Өл де бар маған!


— Әй-әй, тілінді тарта сөйле!


— Тартпаймын, ішімдегіні айтып тынамын! Міндет қылмай, тыныш қана жүр ендеше.


— Бүгін село шетінен зауытқа қолайлы сарай таптым, аймақтық мүлік комитетімен келістім, құдайына қараған бала екен, төлемін төлеп, құжатын толтырып келіңдер, басыбайлы етіп берейін деді. Әкім қарсы емес секілді. Ашатын болсаңдар — көмектесейік деді.


Мына сөзді естіген алқалы келіншек таппа тыйылды, тез-тез шешініп төсегіне жатып қалды. Я құптаған, я жаратпаған сыңай танытпады. «Тапқан сарайың қашық па, сыйымды ма, қабырғасы қыштан қаланған ба?» — деп сұрайтын шығар деп еді, ләм деп тіл қатпады. Залогке, кепілге хансарайдай қыш үйін тігіп алған қыруар ақшаны қайда жараттыңдар?.. Қашан қайтымы болады?.. Өсім пайызын қашан төлейсіңдер?.. деп желкеден қарауыл қарап банк агенттері тұрған кезде — тыныш ұйықтаймыз ғой бүгін, бір шаруаның беті бері қарады ғой деп — қуанар, сауалдасар десе... Ал, мені тауып ал деген кісіше тарс бүркеніп жатып алғаны несі бұл, деп ЖШС директоры іштей іриді ғой. Атып тұрып, пеш түбіндегі оқтауды алып ЖШС бухгалтері бейәдеп келіншекті таяқтап алғысы келеді. Алақаны қышиды, тісін қышырлатып ыңырсып жатып ұйықтап кетеді.


Түс көріпті. Түсінде жаяу-жалпы, құм кешіп, кенезесі кеуіп Меккеге қажылыққа бара жатыр екен дейді. Мұнша алыс жолға жаяу шыққаным қалай деп іштей торығып жылағысы келеді.


Ыңырсып жатып оянып кетіпті. Көзін ашып алды. Алтын алқалы келіншек бар тәуірін киіп, таранып, боянып үстел жиегінде тізе бүгіпті. Аяғын айқастырып алыпты. «Елдегі шешем қатты ауырып эл үстінде жатыр екен, кеше телефонмен сөйлесіп білдім, жинақ кассасынан ақша алып шешеме барып қайтамын, өле кетсе — өкініші жуылмайды», - де-е-е-еп сықсыңдап отыр. «Ау, әлгі зауыт ашатын мекен-жайды алып, иеленіп, сосын барып жолға шықпайсың ба?» — деп бұл көкең өре түрегеледі. «Сарай ешқайда қашпайды, елден келген соң-ақ құжатын келістірерміз», — дейді алтын алқалы. «Орта жолда өзгелер килігіп қақшып кетсе қайтеміз?», — дейді бұл күйіп-пісіп. «Ешкім алмайды», — дейді келіншек. «Елге баруға қанша ақша аласың кассадан??! «Өзім білем ғой», — дейді алтын алқалы келіншек. Бұл көкеңнің алақаны қышиды, пеш түбіндегі оқтауға қарайды.


7


Ай жаңарып туғанда алтын алқалы келіншек поезға мініп, қиян түкпірдегі өлгелі жатқан шешесіне жол алды. Бұл көкең іспелеп салған жол қапшығын, нән былғары шабаданды белі қайысып, тірсегі майысып вагонға әзер итеріп кіргізді. Тері тамшылап ақты. Келіншек поезд қозғалар мезетте мойнына білегін асып сүйер деп еді, сүймеді. «Ал, хош!» — деді ернін жыбыр еткізіп.


Хат, хабар үзілді сонымен.


Ай толып туған мезгілде бір бөлмелі аядай үйге дүмеп әуелі банк агенттері... сосын салық агенттері... өзге де агенттер топырлап жеткені. Жаманшылықты сезген бұл көкеңнің жүрегі жаншыла соқты. Көңілі құрғыр таспен бастырғандай. Агенттер жан алғыш мүңкір-нөңкір періштесі секілді папкісін ашып, қағазын жайып, «қыруар ақша алғалы бір де бір есеп өтпеген!... Мини зауыт түгілі оның қаңқасы да жоқ... жинақ кассасында қалған қаржы жүз-ақ теңге... банк қаржысын текке шашып тауысқан...» деп құлаштай құжат толтырып, өзге агенттер шұқшия қол қойып, ЖШС директорының ісін сотқа тапсырды. Аудан көлемінен аттап шықпаймын деген қолхат, кепілдеме алды. Бұл пақырдың соңына аудандағы үндеместі аңдушы етіп салып қойғаны батты.


Алтын алқалы келіншектің ізі сұйылды, шындап келсе бұл көкең әйелдің нақтылай адресін жадында сақтамапты. Сақтар еді, поезға шығарып салатын күні қолынан қалампыр қосқан шай ішкен, сол қалампыры құрғыр өзге шөпке ауысып кетті ме, әлде басқадай айла жасады ма, басы зеңгіл, шығарып саларда қарадай кеңкілдеп күле түскені есінде.


Жанары жасаурап ұрғашыны жаңа көргендей қолынан, шөп желкесінен шөпілдетіп сүйе беріпті. Жадынан бәрі жуылып үлгеріпті. О, тоба деген!


Өспірім судья алғашқы күні мерзімді уақытта алдына шақырып келтіріп алды. Тілдеспес бұрын бұл көкеңе ұзақ сүзіліп қарады.


— Әйеліңіздің қайда кеткенін шынымен білмейсіз бе? — деді.


— Шырағым, шынымды айтайын, құдай куә, біріншіден: алтын алқалы келіншекпен некеге тұрған емеспін, екіншіден: ата-тегін қайдам, «Гуля» деген есімі банкке барса — Гүлдірайхан, қонақта — Гүлім, жиын-тойда — Гүлмәрия, әкімдікке бас сұқса — Галя болып мың құбылып өзгеріп кететін, өзім әншейін орысша тілге жеңіл болсын деп «Галя» дей салатынмын. Шешесінің тұрған мекені Кентау, әлде Таукент, я Қаратау, я Жаңатас шығар, есім барда ол қай тау, нендей тас деп сұрамаппын.


Өспірім сот өңменінен өтердей өткір көз жанарымен мұның жанарын ұстап ұзақ сүзілді.


— Орысшаңыз қалай?


— Үйімде тұрған пәтерші орыстан аздап үйренгенім бар.


Судья ұмытқаны жаңа есіне түскендей алдындағы қағазға әлденені сусылдатып жазды, ұзақ сүйкектетті. Әлден уақытта еңсесін тіктеді.


— Жасыңыз нешеде? — деп сұрады, — сөзіңізге, ісіңізге, мінезіңізге қараса өте көп жасаған адам секілдісіз, ал, түріңіз алпысты алқымдаған.


— Шырағым, өзім де солай ойлаймын. Баз бірде жатып алып қиялдап кетсем 19 ғасырда өмір сүрген адам секілдімін, баяғы жазушы Әуезов жазған Құнанбай қажы, Алшынбай би, Шөже ақын, Ботов көпесті көріп-біліп, солармен кәдімгідей айтысып-тартысып, тіресіп өткен байбатша боламын. Ал, осынау жүрісіме, тұрмысыма ой жүгіртсем 21 ғасырдың кілең беті жылтыр, бөксесі шымыр салдақыларын төңіректеп сасай теке секілді әл дірменін алдырған мүсәпір мүскін сорлымын. Осы жағдайды өзім де түкпірлеп түсіне бермеймін; білгіш тәуіпке, тамыршы көріпкелге көрінсем-ақ деймін...


Деп бұл көкең сөзінің аяғын жұтып үлгерді. Өспірім судья қарындашымен үстелді тықылдатты, жанары шоқ боп маздап, парт болып қызарып шыға келіпті.


— Жетеді, мына сөзіңізбен өзімді анық адастырып жолдан шығарып, шатаққа қалдырғаны тұрсыз. Әкеңізден, атаңыздан ауысып келе жатқан алты бөлмелі үңірейген қыш үйді, әлгі бар ақшаны иеленіп қашып жоғалған әйелдің бір бөлмелі хрущевкасын бағалап, банкке өткізу туралы қаулы шығарамын, аукционға салсын. Басыңызды босатамын. Әлгі Галяның соңынан шам алып түсіп, сіз де қараңызды батырасыз бұл жерден.


— Шырағым-ау, көшеде қаңғып қалам ғой, — деп үні іріп, тізесі дірілдеп, екі көзінен жас парлап өре түрегелген. — Қаңғыбас итке теңгергенің бе?


Судья ағаш балғасын үстел үстіне сарт ұрды.


— Сізді аяғаным, жақсылық жасағаным қайта! Әйтпесе банктен заңсыз несие алып, заңға қайшы істер істеген деп үкім шығарсам ғой, үйіңіз абақты болады!


Осыны айтып өспірім судья қағазын жедел жинап залдан шығып кетті. Бұл ағаш орындықта мықшиған күйі қала берді. Ертесіне бұл көкеңді сотқа қайыра шақырды. Сөйлеген кезде арқасы ұстаған бақсыдай басы қақшаңдап кететін судьяның алдына сескеніп кірді. «Сот» деген сөздің өзі қарадай суық. Сол суық сөзді естіген кісі неге сескеніп, секем алып, алды-артына жалтақтай қарап қалады десе — сол сөздің маңайында істейтін адамдардың жан алғыш мүңкір-нөңкір періштедей пысы басады білем. Сол екі арада сот орындаушысы, кеңесші, көмекші, тергеуші, қорғаушы, айыптаушы, банк директоры, өзге де лауазымды кісілер жинала қалды. Төрт көзі түгел үйіліп жетті-ау деген мезетте судья үстелінен түрегеліп жазып алған үкімін оқыды.


«Мырқы басыңдағы алты бөлмелі айпарадай қыш үйді, кейінгі отасқан әйелінен қалған жалғыз бөлмелі хрущевканы басыбайлы банк иелігіне өткізеді, банк әлгі үйлерді аукционға салып, түскен қаржыны қарызды жабуға жұмсайды».


Бұл көкең ербиіп орнынан көтерілген.


— Мені де салсын аукционға.


— Ой, мынаны қара!.. Құның көк тиын. Құныңа жалғыз аяқ көже келмейтін болған соң қатының да қашып кеткен. Қарттар үйіне жазыл, қатыныңды ізде, әйда, бестегіңді көтер!


Үкім оқылған мезетте Мырқының санасына сап еткен ой: бұралқы итше бұралып көшеде қаңғып қалды деген осы-ау!


Үй іргесінде мандайын шуаққа төсеп мүлгіп отырған. Бұрын басы ойдан босамайтын. Тіршілік тауқыметі туралы бірде қырға тырмысқан, көбіне ылдиға құлдыраған қиқалақтаған өмір арбасының епетейсіз жүрісі, дәмді тамақ, жылы киім, іші жарық баспана жайын ойлаушы еді, бұл жолы басы — бас емес, киіз қалпақ секілді, ешқандай ой жоқ. Мең-зең қалпы. Жарға сүйеген тұлып, сұлба, сурет әншейін. Қанша мүлгігені беймәлім.


Тұсына жеңіл мәшине зыр етіп тоқтай қалған. Ішінен сәнді киінген, орта бойлы, келбетті, көрікті қағылез жігіт түсті. Тақап келіп сәлем мезіретін жасап, мән-жайын сұрады. Бұл көкең тырс етіп үндемеді.


Көркем жігіт ілесіп жүрген жүргізушіге бұрылды. — Бұл байғұс мөлиіп отыра берсе аштан өліп қалады. Бұрындары бір жерде көрген секілдімін. Әлденеше сөйлескен, тілдескен кісіме ұқсайды. Қарап тұрмай қолтықтап орнынан тұрғыз, жақында толық жөндеуден өтіп, қайта ашылған Иман Жүсіп мешітіне жеткіз. Имамға менің атымнан сәлем айт, қарауыл етіп алсын.


— Үсті-басы ұсқынсыз, мәшиненің ішін былғап жүрмесе.


— Жиіркенбе, сал, дереу мешітке жеткіз! Өзім аяңдап, көшені аралап кеңсеге жаяу барамын.


— Имам соңынан ит қосып қуып жүрмесе.


— Тамағы, киімі, жатын орны — сол мешіттен болсын.


Бұл сөзді айтқан осынау үлкен аудан, іргелі қоныстың әкімі Диқан еді. Екі сөйлемейтін мінезі. Дуалы аузынан шыққан сөзді басқаша жоруға, бұрмалауға, орындамауға ешкімнің ерік құқы жоқ, қарсы сөз айту болмайтын. Осы елге сіңірген көп жылғы еңбегі мен ақылы әр сөзін дәрі етіп үлгерген.


Жүргізуші — еңгезердей әулетті жігіт үй іргесінде жалпиып отырған бұл көкеңді тымақша сілкіп көтеріп, дедектетіп ала жөнелді. Жаңғақ құрлы көрмеді. Зырлағаннан зырлап отырып көше басындағы, шағын ауылдың көрнекі, биіктеу тұсына орын тепкен мешітке кеп тұмсық тіреді. Тымақша жұлқып мәшинеден қайыра түсірді. Артқы отырғышқа оңбастай ғып көк етіп кетті ме деп, мойнын қайырып, үңіліп кеп қарады. Аман секілді әйтеуір. Қолтығынан алып дедектетіп мешіт басқышымен көтерілді, ауыз үйге аяғын шешпеді, мінажат бөлмесінен бір-ақ шықты. Тәспісін теріп мүлгіп отырған имам дәп алдына дүрс етіп құлаған пәлені көріп шошып кетті, қапелімде тілі күрмелді. «Әкет, пәлекет!..» деген сөзді ыммен түсіндіріп қолын ербеңдетті. Алла тағаланың аспаннан түсірген пәлекеті осы ма деп ойлады.


— Шошымаңыз, Банкротқа ұшыраған кәсіпкер, — деп түсіндірді жүргізуші, — үйін, мүлкін түгел қаттап банк алыпты. Аштан өлгелі жатқан жерінен тауып алдық.


— Бұл бетбақты алла тағаланың үйіне неге әкелдің, қарттар үйіне апармай?


— Әкімнің бұйрығы осылай. Мешітке қарауыл етіп алсын деді.


Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып бажылдаған, шәт-шөлекейі шыққан имам «әкім» деген сөзді естігенде жым басылды, желі кеткен баллонға ұқсады. Әкім — мұның әкесіндей. Салынғанына ғасыр болған, әбден көнеріп, құзданып құлағалы тұрған құдай үйіне көз салған сол әкім-бастық: облысқа барып бюджеттен ақша бергізді, Алматыдан, «Заманту» фирмасынан шебер ұсталар шақыртты, сәулетшіге домалап жастық, жайылып төсек болды. Аяғынан таусылып жөндеудің бас-аяғында өзі жүрді. Ұсталардың «тауып бер», «алып бер», «қол жалғап жібер» деген меселінен еш аттамады. Жыл көлемінде мешіт жұмыртқадай болып жөнделіп бітті. Көз сүрінер әрі сұлу, әрі маңғаз мешіт мына шағын қалашықтың береке дарыған құтханасына айналды, мінажатқа бас қояр, жаңадан отбасын құрар кәрі мен жас осылай қарай ағылды. Тіпті бәрін қойып, бұл көкеңнің өзін имам етіп алғызған әкім-бастықтың пәрмені. Ел гу-гу өсектеді. «Имам біздің рудан болсын», «Түгенше деген құранды жатқа оқитын пірәдәр біздің ауылдан шыққан» десті... тері тартқандай етті... сол мезетте әкім-бастық мінез танытып: «Қойыңдар-ай! Кімнің мұсылманшылық оқуы асса — имам сол болады», — деп жұрттың назарын осы өзіне аударды. Кітап ашып, құран аударып облыс орталығында кеп оқығанның бірі болып діңкелеп көзіне көк шыбын үймелеп жүрген мұны әйгілі Мәшһүр Жүсіп мешітке шақырды. Алматыға, жарықтық муфти Әбсаттар қажыға ұсыныс хат жазып, келісімін алды. Сәлдесі қоқырайып, есімі дабырайып Сарыарқа кіндігіндегі әйгілі мешітке ауа көшіп келді содан. Бір ай бұрын мешіт мәзіні үстінен домалақ арыз домалатты-ай. Айтпаған ғайбаты кем. «Жұма намазын жайнамазды басып тұрып оқыды... михрабты құбыламен шатастырды... садақаның өгізін жеп қойды... ой-ой.и-и... пәдәріңе нәлет-ай! Өртше қаулаған ғайбатты әкім-бастық басты: «Қойыңдар-ай! Пендешілік, қазақылық өсекті өрбіте бермей!» — деп әлгілерді саппа тыйды. Енді келіп әкім-бастықтың бір ауыз сөзін жерге тастауға еш құдіреті жетпейді: жақсылық жасаған кісіні жүрегіңнің төрінде ұста, бір қайырға — мың мінажат, әкімнің өкшесі қисық деген кісі оңбайды, деген уағыздар өз аузынан шыққан.


— Бұл бетпақты әуелі моншаға апарыңдар, ескі-құсқысын өртеңдер, мәсімді, камзолымды кигізіңдер, басы құралып үй алғанша бұл мүсәпір мешітте жүріп-тұрады, ас-ауқаты садақадан, жалақысы пітірден, — деді.


Мырқының көктен іздегені жерден табылды. Бұдан былай баяғы байпатша аталып, ат үстінде шіреніп, көрінгенге көзтүрткі болып жүргенде біліп, білмей істеген күнәларын жуатын кезең келді деп ойлады. Я, тоба, көрсеткеніңе шүкір, өлсем де зілбатпан күнәдан тазарып өлейін деді.


Аш иттей бұралып, басындағы баспанадан, қойныңдағы қатыннан айрылып, көше кезіп, қаңғып қалған кезінде жақсы адамдар мойын бұрғаны — жаратқан иенің қарасқаны. Осы заманның биі, сұлтаны, байпатшасы — атқа мінген әкім шығар. Әкімнің айтқаны қате дегеннің аузы қисаяр. Мына өмірде көшімді түзеймін, сөзімді өткіземін, еңбегімді жандырамын деген кісі әуелі әкімнің тілін табуы керек. Аш болсаң да, тоқ болсаң да әкімнен. Осыны ойлап мына Мырқы әкім десе — ішкен асын жерге қояды, отырған жерінен тұрып кетеді, сәлем беріп қос қолын ала жүгіреді. Күніге көрсеткеніңе мың шүкір деп тәубалайды.


Диқан өкім айдың жаңасында мешіже бұрылған. Мәшинеден түсіп, жаяулап қақпаға тақады. Сулы шүберекпен басқышты сүртіп, тазартып, екі бүктеліп есік алдыңдағы гүлзар бақтың арамшөбін жұлып еңбектеген кісіні танымай қала жаздады. Осы мешітке аттандырып жіберген кезде ғой сақалы өскен, көзі бозарған, бомж кейпіндегі мүсәпір еді; енді 180 градусқа өзгерген, киімі ықшам, қимылы жылдам, жалт қараған жанарының оты мол. Өмір дәмін сезіне түскен, алдына қойған межесі үлкен. Маңдай терін саусағымен сыпырады. Тақап келіп иығына қолын салған кісіні алғашында шырамытты, біраздасын жыға таныды. Ел бағып үйренген, жүзінен мейірім, ізгілік, адамгершілік нұры сезілген әкім-бастықты танып аяқ астынан талып қала жаздады. Қолындағы күрегін тастай сала, қос алақанын алжапқышына үйкеп-үйкеп, ыржиып күліп сәлем мезіретін жасады. Күсті алақанын сілке ұсынды, құнжыңдап, ықыластана қысады кеп.


— Мал-жаныңыз аман ба, әкім мырза! Алла разы болғыр, әкім мырза, қолым қалт етіп босай қалса әкеңізге бағыштап құран оқимын, тілеуіңізді тілеймін, бес уақтылы намазымды үзбеймін, әкім мырза!..


— «Әкім мырза» деп әспеттемей-ақ қойыңыз, ағасы. Мына жұмысқа ризасың ба?


— Бек ризамын, әкім мырза! Жақсылығыңызды екі жалғанда ұмытпаймын!


— Жалақыңызды уақтылы беріп тұра ма?


— Беріп тұрады, әкім мырза. Сізге барғалы жүрген шаруам бар еді, айып болмаса — осы жерде айта салсам қайтеді, әкім мырза?


— Айтыңыз.


Осы мезет Мырқының маңдай әжімі жиылып, көз жанары ұңғысына тереңдей шөгіп, көрінбейтін нүктеге қадалып тұрып-тұрып, алысты болжаған көріпкел сәуегей кейпіне түсіп тілге келді.


— Жарық дүниеге келген соң жалпағынан басайық, жан рахатын жасайық, ат үстіндегі жұртты үрпиткен алпауытқа ұқсайық деп артық айтып көп кісінің көңіліне тиіппіз, игі жақсылардың үстіне баттастырып күйе жағыппыз, біліп, білмей күнәға белшеден батыппыз.


Тіршіліктің егіз аяң арбасын ойға-қырға сүйрелеп, әбден сілелеп шаршаппыз.Төбе басына шығып жан-жағымызға қарамаппыз.


Деп мына Мырқы демін алып, ойын үзді. «Тіршілік» деген сөзді ерекше нақышпен, зор ілтипатпен айтты. Тап осылайша діріл аралас әсерлі айтылған қомақты, салмақты сөзді алғаш естуі. Имандай шыны, айрықша сезім толқыны қақпақылша көтерді. Жүрек басы шым ете түсті.


— Жалақымның жүз теңгесін тамағыма жұмсаймын. Киімімді жамап кием. Қалған ақшамды әмиянның түбіне сап жинап жүрмін.


— Неғыласыз жинап?


— Пайғамбардың басқан ізінен тәуетіп, біліп, білмей істеген күнәларымды жуып қайтсам деген ұлы арманым көңілімнен еш кетпейді. Тұрсам ойымда, ұйықтасам түсімде жүреді.


Мына сөз әкімге де әсер етті. Үлкен басын қисайта түсіп, бір шекелеп ойланып қалды. Бұл пақырың іштей қыстығып, қылтылдап тұр. Әкім: «Неғыласыз оны», — деп айтып қала ма деп жүзіне жалтақтай жаутаңдайды. Жанарының оты бұққан шамша сөне түсті, ернін әлсіз жыбырлатады. Біраздасын барып әкім ой қамауынан шығып тілге келді.


— Мақұл, ақшаңызды жинай беріңіз, бас мүфтимен өзім сөйлесейін.


Мына сөзді естіген Мырқы сұмдық тасып қуанды. Лықсып келген ризалық сезіміне, ытқып шыққан көз жасына ие бола алмай қалды. Тізесі дірілдеді. Әл-дәрмені құрып, жанары жасаурап мешіт табалдырығына сылқ түсіп отыра кетті. Құба дүз, бұйра жоталарға бұрылып көз тікті. Иығы селкілдеді. Бір уыс болып шөмиіп отырған мына мүскіні шоқы басындағы обаға келеді. Біраздасын барып терең тыныстап, тілін кәлимаға келтіріп, ес жиғандай болып бетін бері бұрған. Әкім мырзаға жүрекжарды алғысын айтуға оқталған. Кеш қалыпты.


Әкім сол екі арада сырт айналып, қақпаға қарай жылжып жетіп қапты. Әні-міне дегенше ұзап кетті. Шаш етек суыт шаруасы әлдебір көзге көрінбейтін жіппен байлап, матап, сүйреп бара жатқан секілденеді. Ой, дүние-ай деген!


Бұл көкеңнің мына мезетте тасып қуанғанын айт! Жүрек лүпілі тәтті сезіміне меймілдей толқып, шарада шүпілдеген мөлдір судай лықсып, сәл лептен тегілердей болып, омалғаннан омалып табалдырық үстінде отыра беріпті. Кешкі үкіше үрпиіпті. Шарап шүпілдеген құмыраға ұқсапты. Күнмен бірге көкжиекке еріп батыпты.


8


Мырқы соңғы кезде мұқым өзгерді. Я өңі, я түсі екені белгісіз, жап-жасыл шалғынды жазықты кешіп жүргендей болады кейде. Құлағына жел тербеген селеу ызыңы қобыз шалғандай сезіледі. Өткен-кеткен момындар мұны аяп: «Мүсәпір-ай, садақа берейікші!» — дейтіндей; түсінде сәлдесі аппақ, бас мүфти кәдімгідей төніп келіп: «Қашан Меккеге жол ашасың? Күнәдан арылуға әзірмісің, әлде кешеуілдеп жүре тұрамысың?» — деп жауап алатындай. Төсегінде су боп ағып терлеп көзін ашып алады. «Әзірмін! Дайынмын қажылық сапарға!» — деп дауыстап жібереді. Тілін кәлимаға келтіреді, мешіт мүфтиінен үйренген құлқуалласын ауызға алады. Жертөсектен басын көтеріп, итініп тұрып, аяқ жағына қойған пілтелі шамға қол созады, шам жаққысы келеді. Өстіп өбі-төбі, кел-қайт, кел-қайт халде жатып бастырылып өліп кетпесем жарар еді дейді. Буынын басып, бойын тіктей алмай, түкті кілем жиегінде омақаша үйіліп отыра береді.


Екі ғасырға жуық жасаған адамды кім көрген. Екі ғасыр өмір сүрген кісіде жарытымды, кісі қызығарлық ес бола ма, болмай ма, ол да белгісіз.


Мешел адамша жертөсекте мықшиып отырғаныма жөн болсын. Есіне енді түсті. Әлгіде қалың ұйқыдан оқыс оятып жіберген кісі аяғының дыбысы екен. Жүрегі атқақтай соғып алқымына тығылды. Айлығының бір тиынын шығармай жинап, тығып жүрген. Мешіт мүфтиінің намаз оқып, құбылаға бас қояр бұрышына, түкті кілемнің астына шүберекке орап жасырушы еді. Әлгіде әлдекім аяқ тықырын сездірмей ол намаз бөлмесіне өткен секілді. Кілем үстімен төрт тағандап еңбектей жөнелді. Сонда қалай? Сыртынан андып, бұл көкеңнің қалай жинап, нені жасырып жүргенін арам ойлы әлдекім көріп үлгергені ме?..


Төргі аядай бөлмеге ұмтылып жығылып, жығылып ұмтылып жеткені жаңа, бөренелі қабырғаға басын соғып зеңгіді. Сол қолымен жер тіреп, кеудесін көтермеген күйі оң қолын көстеңдетіп кілем бұрышын тініткіледі. Жан терге түсті. Әлден уақытта барып саусағы әлденеге ілікті. Жалма-жан суырып алды.


Шам жақпады. Шүберек орауын жазып, қомақты түйіншекті сыртынан басып-басып керді. Орныңда секілді. Шұбыр терге түсіп, жыл бойына жинаған ақшасын қолды қылдым-ау деп қорыққан жүрегі жаңа ғана орнына түсті.


Толып туған ай әйнектен сығалады.


Түкпіргі аядай бөлменің қаракөлеңке бұрышында екі бүктеліп тізерлеп, бүкшиген күйі балбал тасқа ұқсап қорбиған құбыжықтай кісі отырды. Іштей күңірене күбірлейді «Уа, құдіреті күшті жаратқан ие!» — дейді. «Неңді алып, қайсыған мәз боп ырғалып-жырғалғаным бір өзіңе аян. Біліп, білмей жасаған күнәларым белден болар. О заманда жас күнімде жүректе еш тиянақ, көңілде күдік болмады, көбіне асып-тасқан кеудемен жүрдік. Не болса соған кеуде көтердік. Байдың баласымын, жер тәңірісімін дедік. Бетіме ешкім жел боп тимейді, тізгінді жан баласы ұстамайды дедік. Беті жылтыр ұрғашы көрсек — отқа түсер көбелектей өлгенше өпектедік; пәленшеде жақсы ат бар десе — қолға түсіргенше тыным көрмедік; түн баласы бесті қымыздың күші аздай-ақ үстіне күшәла қосып іштік; жақсының соңына абалатып ит қостық, арыз жаздық, донос жидық, қарадай ол шіркінді әйкәпір атандырып, ел шетіне шығардық:


«Құнанбай аға сұлтан болуға лайықты адам емес, қолы қан, зорлықшыл, Кенесары көтерілісіне іштей ниеттес... пеленге тізесін батырған, түгенге тұзақ құрған...»


«Алшынбай би төбе басына малдас құрып отырып нағыз кәззап: аузы түкті орыс мұжықтарын өзен жағасына, бұлақ кезіне жолатпаңдар, арамдайды... Рязанцев көпеске у берелік... Ботов көпестің қоймасын өртелік... деп зәлім ойын іске асыруға жанын салғаны».


«Пәленшенің жылқысын айдап алған жөн, түгеншенің жесірін қытай саудагеріне қыздай ғып киіндіріп ұзатып сатқан мақұл... Ерден төренің үзеңгісіне у жағып қоялық... Науан хазіреттің кітабын отқа жағалық... Шөже ақынды Қарқаралының абақты қапасына қамап, үстіне бүрге жіберіп, көзіне көк шыбын үймелетелік дегеннің басы-қасында бұл көкең жүрді».


Осылардың бәрі есіне түскенде жүрегі тілініп өкіріп тұрып жылағысы келді.


Ту сыртынан аяқ тықыры естілді.


Селк ете түсті. Қолындағы орауды жалма-жан койнына тығып, маңайына аңыстай қарады. Таң келбеті ағарыпты. Шығыс жақ дөкедей ыдырап сөгілді. Жан баласы көрінбейді. Әйтсе де әлдекім мұның ту сыртынан бас бағып, әр қимылын андып тұрғандай секілді. Жон арқасынан суық тер құйылып кетті. Енді қайтпек?


Қайтсе де қойынындағы шағын орауды жасырып үлгергені жөн. Бұрынғы жеріне — төргі бұрышқа, кілем астына тығуға арам ойлы әлдекім «тауып ап қоя ма» деп жүрексінді. Жалма-жан жылыстай жылжып есік жаққа ығысты. Соңына бұрылып қарады, ешкім көрінбейтін секілді. Қолтығындағы орауды лып суырып, кіре беріс табалдырық түбіне, кілем астына, қалтарысқа жытырып үлгерді. Белін жазып, бөтен көз көріп қалмады ма деген кісіше мойнын созып маңына барлай қарады, сәл дыбысқа секем алып құлақ салады. Маңдайы тасқа тиген адамға ұқсап есеңгірегендей боп сұлқ түсіп отырғаны отырған.


Ауыл шетінен әтеш шақырды. Жырақтағы қара адырдың қабырғасына, шошақ басына қызыл бояу жұқты. Ендігі мезетте тау беткейінен бермен қарай лақ еткізіп сүт құйып жібергендей сезілді. Таң келбеті осыншалық әсерлі, сұлу, керме иық келіншектей керемет болады деп ешқашан ойламапты.


Бұрындары ғой.


Есіне алса жүрегі май ішкендей құрғыр кілкіп қоя береді. Байдың баласы, байбатша болып жүргенде әрдайым күн түске тырмыса оянатын, кейінше... тәркілеуге ұшырап, ері мойнына кетіп итырақтап жүргенде көкжиекке, аспанға қарауға мұршасы болмапты. Еңсесін жерге салып емпеңдеп жүруге дағдыланды. Мойнына тас артқандай еңкіш тартты. Содан таңның шырайын ашып атқанын көрмепті. Соғыс жылдары ойы онға бөлініп, тезегі сұйылып, жағдайы одан сайын төмендеді. Кейінше қайта құруда атқа жеңіл телпекбай аталып, абыройы ойға ұрып құлдыраған арбаға ұқсады. Енді мына тықсырып жеткен нарық заманына ілесемін бе, жұрт қатарлы кәсіпкер аталамын ба дегенде — күнделікті күйбең жүгірістен бас көтермепті. Бойын тіктеп, ойын орнықтырып, заманға қарап жаңа бетін ашқан келіншектей атып келе жатқан қызылшырайлы таңды көріп таңқалады. Дүниенің осынша сұлу боларын бірінші сезінуі. Жанарын мөлдіреп жас тұтты. Енді болмағанда кісілік қалпынан мүлде айрылып, адасып, азып-тозып нұры бұзылып бітіпті әбден.


Нұры бұзылмаған таңды тұңғыш көруі.


Шынын айтса, осы мезеттен бастап Мырқының тағдыры күрт өзгерді. Қандай шаруаға бет бұрса болды, жолы болып, ісі оңғарылып жүре береді. Шаруа ыңғайы оңтайлана кетеді. Есік алдындағы таптаурын болып қалған тастақты жерді әуелі лом ісмірмен бұзып, күрекпен қопсытып гүл отырғызып еді, бұрындары қылтиып шығып, екі құлақ, үш құлақ болғанда семіп қурап қалатын... Бағбанның жерді қаза-қаза алақаны ойылып, қаны шыққан. Бұл жолы еңбегі еш кетпей бұл көкеңнің тіккен лала, роза гүлдері айдың аяғында бұрала жетіліп, қаулап өсті. Тіккен талы тез тамырлап үлгереді. Бұрын жұма намазына келген шалдар биік табалдырықтан аттап өте алмай, сүріне жығылып жататын. Бұл көкең қарап отырмай қашауы мен үскісін алып ептеп жонып жұқартқан, үлкен кісілер: «Өркенің өссін-ай!» — десіп қауқылдасып қуанысты. Баяғы Мәшһүр Жүсіп заманында құралған биік терезе алпыс жыл бойына жуылмай, кәсекісіне өрмекші тор салып көлеңкеленіп тұратын. Бұл көкең жақтауын ашып, екі білегін сыбанып су шүберекпен сүртіп еді, сырттағы сәуле ішке лақ етіп құйылды.


Бұл көкеңде ертеден қара кешке еш тыным болмайды. Дәрет суды құманға құйып, жылыта салады... аяқ-қолы сіресіп икемге келмей жатқандардың кебісін оңтайлап қояды, таяғын лып тауып қолына ұстатады... зағип кісіні жетелегеннен жетелеп үйіне жеткізіп салады... мүфти тұмауратып қалса — жүгіріп дәрігер шақырады... ағаш түбін әктейді... Мұны мүфти жарықтық дауыстап шақырып алып: «Момын бейшара, біздің үйге барып жеңгеңнің қолын екі ете салсаңшы, отыны жарылмаған, моншасы жағылмаған бибінің», — деп тосын шаруаның шетін шығарады. Бұл көкеңнің «шаршадым, діңкеледім» деуге еш әддісі жоқ, кепкасын милықтата киіп, бүкшеңдей басып жұмсаған жағына жөнеп бара жатады. Кешке дейін сол жақта алқын-жұлқын қимылдап, екі санына қорғасын құйғандай сезіліп, әзер аяндап мешітке қайыра келген. «Есік жақтауының көктемгі жауыннан сыры түсе бастапты-ау», — деп қолына көк бояу құйған қалбырын, щеткасын алып басқыш тіреуішін енді сырлай бастаған. Тосын қауіпті ішкі бір түйсігімен сезінетін түз тағысына ұқсап, түршіге түсіп, сырт айналған. Қара киімді сұстылау бейтаныс кісі төбесіне төне қалыпты.


«Бес парызды қалай өтеп жүрсің, момыным», — деп нақа тергеушідей гүр ете түсті.


Бұл кекең әуелгіде сасып қалды. Қолынан бояу құйған қалбырын түсіріп алды. Көгілдір сұйық басқышпен жылжып акты.


— Садақа беруден қашқан емеспін, жарықтық. Жылына бір мәрте ауыз бекітіп, ораза ұстаймын.


— Қалған үш парызды қалай өтемексің, мүсәпірім?»


— Оған еш жағдайым болмай жүр, жарықтығым.


— Бабаңнан, атаңнан екі ғасыр бойына ауысып келе жатқан бойындағы зіл батпан күнәні қалай жумақсың, бетпағым?»


— Жарықтық-ау, оған еш жағдай жоқ, ертеден қара кешке мүфти жұмсап жан таптырмайды, мешіттің тазалығына, гүлзар бағана қарауым былай тұрсын, үйіне шақырып алып сіре-сіре кірін жуғызады, көрпе-төсегін күнге кептірем, суын тасимын, отын жағамын. Ең қиыны бес ай қыс екі үйдің тау боп үйілген қарын күреу, екі алақаным күп боп ісіп кетті. Қарашы.


— Мына гөй-гөймен тұқым-тұяғыңның, ата-бабаңның күнәсын ешқашан жуып кетіре алмайсың. Меккеге, қажылыққа бармаққа өліп-өшіп ақша жинап жүрсің, қалған екі парызды ұмытып кетпе, мүсәпірім».


— Ой-бо-о-ой, жарықтығым, аспаннан түскен періштемісің, әлде жерден өніп шыққан әзәзілмісің, ақша жинап жүргенімді біліп қойыпсың. Қолым қалт етіп босай қалса көршіге жалданып, үйін салып беремін бе. Екі жылғы жинаған ақшам қажылық сапарға жететін емес. Мүфти басқан ізімді аңдып, жұмысқа жегіп, көлденең табыс табуға еш босатпайды ғой, босатпайды. Өзі сапарға шығып кетсе әйеліне аңдытып қояды, кірін жуғызады, суын тасытады...


— Бір сөзді қайталап айта беретін көке мылжың болыпсың. Басыңның бірер шаригі түсіп қалған секілді. Жүрегіңді кірлетпе, нала, өкпе, реніш, бәсеке, бөліс дегеннің бәрін ұмыт! Бейнеттен бойыңды тартпа! Ал, ендеше бесін намазына ұйыдым», — деді де әлгі сұсты кісі сырт киімін, кебісін шешіп, мұның қолына ұстатты, мешіт ішіне еңкейіп еніп кетті.


Бұл көкең есік алдында ағаш басқыш жиегінде жеңіл кенеп плащты, резеңке қасықтай кебісті ұстаған күйі состиып тұра берді. Бесін ауды. Қашанғы тұрады. Әлгі бейтаныс сұсты кісі бесін намазын оқып болған шығар деп плащты шегеге іліп, кебісті іргеге тікшитіп қойып, мысықтабандай басып ішке, ақырындап намаз бөлмесіне енген. Жан баласы көрінбейді, жіті аяңдап сол жақтағы мүфти бөлмесіне, оң жақтағы жатын бөлмеге бас сұқты, кісі аяғы ұшты-күйлі. «Әлгіні жер жұтып үлгерді ме, әлде терезеден шығып кетті ме» деп, әйнекті ашып қарайды. Ауыз үйді аралайды. Зым-зия жоғалған «О, тоба!.. әлгіде көзіме көрініп, көлденең сауалмен тергеуге алған сұсты кісі кім болғаны сонда?.. Өз басына келістіріп май жаға алмай жүрген қаңғыбас неме бұған тиісіп «басыңның бірер шаригі» деп кекеп, мұқағаны-ақ жанға батып, ит жанын қоздырады-ай. Шайтан болса — плащы мен кебісін мұның қолына қалдырар ма, адам болса — ал, қош демей, ізі сұйылып жоғалғаны қалай? Бұл дүние не болып барады-әй!»


Аяндап шыға берістегі есік аузына тақады, киім ілгіште плащы, іргеде кебісі — қойған жерінде қалыпты. Жауырына сұйық тер құйылды. Ендеше әлгі сұмырай сұстының ел кезіп жүрген кәдуілгі мүсәпір, мүскін пенде болғаны. Аяқ астынан, ғайыптан бір қатер төніп ойда жоқта жоғалғаны.


Тосылыңқырап тұрып-тұрып, есікті ашып сыртқа сытылды. Күн бүгін ерекше шуақты, табаға сап май еріткендей. Шілде ауып, лак мизам түссе-дағы қызуы басылмаған тамылжыған алып нұр тау арқасына сіңіп батқанша жер әлемді қыздырады да тұрады. Ауладағы бактың түбі тобарсып кеуіп қалыпты. Күректі алып, қабырғасы сөгіліп — біраз қыбырлады. Еңбектеп жүріп тал арасының арамшөбін талдап жұлды. Ауланы шеңгел сыпырғымен мұнтаздай етіп сыпырды. Әлгіде, аяқ астынан сап ете қалған сұсты кісіден сасып қап, төгіп алған көк бояуды сұлы шүберекпен сүрткіштеп біраз тыртыңдады. Жан терге түсті. Асығатын жөні бар, мешіт шаруасын қас қараймай тұрып тамамдап, көше пұшпағындағы жаңадан үй салып жатқан кәсіпкерге жолығып қайтуды ойлаған. Қосымша жұмыс қолы қажет болса-жалданып көрмекші. Ас үйін сылап, басқышын шегелеп, аздап қосымша ақша табуды көздеген бұл пақырың.


Шыны керек, көлденең ақша табу күн өткен сайын қиындап барады. Теледидардан сөйлеген Астанадағы министр: «Табыс көзі ұлғайып, ішкі жалпы өнім өсе түсуде», — деп күнара мақтанады. Бұл көкең ұлғайған табыс көзін еш көре алмай көзіне көк шыбын үймелеп, жүдей түседі. Есіне жаңа оралды. Айдың жаңасында алатын жалақысы болатын. Мешіт имамы іссапарға, облыс орталығына шығып кетсе — орнында қалған зайыбы айлық жалақыны есепші есебінде бұл көкеңе бере салатын. Жалақыдан дәметіп, мешіт желкесіндегі имамның үйіне бұрылды, батылсыздау басып келіп бас сұқты, есікті тақылдатты.


— Айлығымды алғалы келдім, — деді түкпір бөлмеден шыға келген шіреп піскен қауындай домаланған келіншекке.


— Қайдағы айлық, қайным-ау, — деп домалақ келіншек сыңқ етіп күлді.


— Енді мешіт пен осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрміз ғой, бірдеме тиетін шығар.


— Жұрт қусаң құмалақ түспейтін сараңға айналып барады, пітір, зекет, садақаны ұмытты. Ақша сұрап телмірегенше монша жағатын су әкел, отын жар, қыздыр пешті гүрілдетіп. Моншаға түсіп жеңілдеп алайық айдың жаңасында. Ана тайынша биыл қысыр қалатын түрі бар, келесі көшедегі Оңғарбайдың үйіне жетелеп жеткіз, қызыл бұқасы сүріп көрсін, аямасын... қанасын қаңдасын... апар... кешікпей орал! - деп дүниенің шаруасын түгендеп шақшадай басын шарадай етті.


«Моншаға отын әзірле» дегені есік алдында дөңкиіп жатқан баланың беліндей қос бөрене екен. Әлгіні аралап, балталап, жарығына сына салып қақыратамын дегенше қас қарайып, түннің бір мезгілі болып қалды. Дедектеп жүріп монша бөшкесіне су тасыды, отын өртеп жақты. Бибінің манағы тапсырмасы есіне түсіп, мал қарасының алдыңда мөлиіп тұрған тайыншаға бұғалық салып, жетекке алмақшы еді. Ол неме шылбырға үйренбеген асау боп шықты, мөңкіп, тулап ит рәсуасын шығарды. Сиыршы Оңғарбайдың қорасына тыртысып жүріп жетемін дегенше түнжарымы ауды білем, ай бозарып, аспан төріндегі жұлдыз сиреді. Күні бойы қара сумен жүрек жалғап, ас ішпей жүргені ойына енді оралды. Бәсе десей!


Көкірегі сыр-сыр, асқазаны құр-құр. Қалай ғана құлап қалмай тірсегіне ілесіп жүргені бір аллаға аян. Әудем жердегі сиыршы қорасына маймақ аяқтана басып әзер ілікті.


Тырысып жетекке жүрмей келе жатқан тайынша табынның иісін сезіп, өксіп-өксіп мөңіреді-ай. Қарсы алдынан мүйізі қарағайдай қызыл бұқа ойқастап шыға келгенде шошып кетті. Таптап кете жаздады. Жалт бұрылып әзер үлгерді. Көзіне төбе қозғалып келе жатқандай, тегі. Әлгі әңгі неме жер тарпып, топырақты бұрқылдатып, танауын шулатып тайыншаға асылғанда жас сиырдың белі сәмбі талындай солқылдады.


Аспандағы ай екеш айдың өзі құлап кете жаздады.


Мырқы-екең мешітке таң бозара әзер ілікті. Шаршағаны сонша, табалдырық түбіне сүріне жығылып, басы тиген і ірге қор ете түсті.


Күн көтеріліп, ел оянған мезгіл. Әлдекім есімін атап шақыратындай ма, бейсеубет біреу дәл басында пышақ қайрап отырғандай ма, мазасы кетіп кезін ашып алды. Су боп ағып терлепті. Имамның бибісін танымай қала жаздады, бар тәуірін үстіне іліп, опа-далабын жағып, дәл төбесінен төне қарайды. Қабағында сыз жатыр, жанары оқтаулы мылтық секілді, өңменінен өтеді, шүріппесін басып қалса ғой пашпырты бітеді.Тырбанып түрегелуге қам жасаған. Мең-зең басып әзер көтерді.


— Түнімен күттім ғой, қашарды өзің қашырып жүргеннен саумысың, тырапай асып құлапсың!


— Сілем қатып шаршаппын.


— Әдірам қал-ау, шаршамай жүретін кезің бар ма сенің.


Арқамды ысып жібере ме деп күтемін, самаурынға шоқ сала ма деп дәметемін... ұшты-күйлі жоғалдың. Тұр енді! Мына тырапай асып шашылғаныңды көріп мешітке келген жұрт мас боп жатыр деп сөз қыла бастапты сыртыңнан!


— Сілем қатып қалыпты.


— Сілең қатса мешіттің ішіне кіріп жат. Табалдырық түбінде ұры мен бұралқы ит ұйықтайды. О, несі екен-ай, қу бас малайдың басынғаны!..


— Айлық табысымды алсам деп ем.


— Әдірем қал-ай қу бас малай, есіл-дертің жалақы! Кешке келіп моншаны жақ ыссылап, беретінімді сонда беремін.


Осымен сөз тамам. Имамның зайыбы бұрқ-сарқ қайнап, арп-арп ұрсып жөніне жоғалды. Бұл көкең мең-зең, зырқылдап алып бара жатқан басын қос қолдай ұстап, құмыра толы шарапты төгіп алмайыншы деген кісіше, тәлтіректей тұрып, ішке, үйреншікті бұрышына өтті. Дәрет су жылытатын пештің үстінде ораулы дастарқан жататын. Орауын жазып, ішінен қатқан нан алды. Шетінен үзіп еш сындыра алмады, азу тісіне басып қытырлатып шайнады. Бытыра тістегендей болды. Онсыз да азу тісі тесіліп, тесігіне ас кіріп, ісініп, мазалап жүрген. Жұлып тастайтын дәрігерге көрінбесе зар қақсап еш шайнатар емес. Жанарынан жас ытқыды. Шекесі шағып ауырды. Алақанымен оң жақ бетін басқан күйі ыңырсып шөкелеп отырып қалды.


Кезіне мүңкір-нәңкірі төнген көр азап дозақ есігі елестеді.


Көретін көрешігі бұл ғана емес екен. Күн бата, тау жақтағы әйнектен толып туған ай сығалаған мезгілде, мешітте кісі аяғы басылған кезде... баяғы жинап, тығып жүрген ақшаны көрейінші, орауын жазып санайыншы... межелі сомаға жетсе-ал, алла тағаланың сүйікті перзенті, әкім мырза, жиғаным мынау!.. Уәде құдайдың аты — жол болсын айтып ағаңды қажылық сапарға жөнелтіп сал!.. — демекші еді. Батылы барып тілдесіп көрмекші еді. Толып туған айға назар салып біразырақ отырды-отырды, сосын төрт тағандап еңбектеп табалдырық түбіне, кілемнің ішке қарай қайырылған астарына жетті. Еңкейіп қол жүгіртті. Қомақты ештеме ілікпеді. «Әлдеқалай жылжып кетті ме»? деп етбетінен түсіп саусағын кестендетті. Жүрегі құрғыр атқақтап алқымына тығылды.


Шынымен қолды еткені ме!


Атып тұрып түкті кілемді жұлқа тартып, тақтай еденнен қақыратып сөгіп шықты. Лездің арасында ішкі табалдырық түбінің дал-дұлын шығарды. Жыртып, лақтырып жатыр. Ораулы шүберек ұшты-күйлі. Оң бүйірдегі шағын бөлменің мінажат бұрышына тықтым ба деп, ол тұстың кілемін ерінбей қопарды. Қалы кілем тау боп үйілді. Намазға бас қоятын бөлменің астын үстіне аударды. Жон арқасынан мұздай тер сүмек боп акты. Құлақ шекесі зыңылдап, көз алды тұманданып. түкті көрмей қалды. Бір мезгілде буын-буыны босап шалқасынан құлады. Жарық терезеден аппақ ай сығалады, жұлдыз жарығы түскенде -жұлдыз-құртқа ұқсағаны. Бір мезгілде есін жиып, шалқалап жатқан күйі үнсіз тұншығып өксіп-өксіп жылағаны.


Үш жылдан астам уақыт жинап жүрген ақшасын жоғалтқаны.


«Тілеуің кесілгір, қайсың ғана қолды еткен! Екі дүниенің жақсылығын көрмегір! Өзіңнің жарық дүниеден үмітің үзіліп, алыстан, жақыннан күдер үзіп, жер сипалап қалсаң ғой!.. артыңнан ерген ұрпағың жерге қарап, ұлың - қыр аспай жасып мәңгіріп, миы ашып, қызың - етегіне ие бола алмай көше кезіп кетсін-ай! Абыройың айрандай төгіліп, тарыдай шашылсын-ай! Күн сайын ілгері басқан қадамың кері кетіп, ненің оң, ненің теріс екенін білмей, имантаразыңды жоғалтып, күндіз адасып, түнде түңіліп жасыңа жетпей жер жастансаң ғой!.. Шекарада тосып алар мүңкір-нәңкір періштең мен болар ем!..»


Мырқы екең мешіт түкпірінде бүк түсіп жатып-жатып, әлденеден қамығып, әлденеге түңіліп, барып-келіп қатты науқастанып қалыпты деген сөз күллі ауданға тарады... күндердің күні суық сөз әкімге жетті.


Әкім алдында ғана Алматыдағы елдің бас мүфтиі Әбсаттар қажыға арнайы телефон соғып, ұзақ тілдесіп, пайғамбардың туған күніне жол алатын үлкен қажылық сапарда «ауданымыздан бір адамды қос, құлдығың болайын!» — деп тас табандап өтініп келісімін алған. Наурыз айының ортасында, қажылық сапарға жол алатындар, алла бұйырса, Алматыда, бас мешітте бас құрайтын болыпты. Әбсаттар қажы қайыра телефон шалып: «Әлгі кісіңіз аптаның ішінде тез жетсін», — деп хабар қылған. Бас, мүфтидің аузынан шыққан осынау қуанышты хабарды жеткізгелі әкім әдейілеп Мәшһүр Жүсіп мешітіне бұрылған.


Мәшһүр Жүсіп мешітінің тұсына келіп, жүйрігін кідіртіп, жерге түскен. «Мешіт қарауылын шақырыңдаршы! — деген, — асығыс айтатын шаруам бар». Әкім келді дегенді есітіп, етегіне сүрініп мешіт имамының өзі атылып шықты. Қолтығында кітабы, саусағында тәспісі. «Ассалаумаға-лей-ко-о-о-ом, әкім мырза!» — деп қос қолын кеудесіне айқастырып, басын жерге жеткенше иіп, құлдық ұрды. «Төрлетіңіз, мешітке еніңіз!.. Құдай үйінен аттап кетпеңіз!» «Кейінше кірермін, облысқа жол алып барамын, қарауылды шақырыңыз»... «Ол, бишара төсек тартып жатыр, әл-дәрмені үзілген... апта болды, ас-судан қалған, тақсыр!»..


Мына сөзді естіген аудан әкімі шыдап тұра алмады, қақпадан етіп, басқышқа аяқ салды. Кіре беріс кілем үстіне аяқ киімін қалдырды. Имам алдына түсіп жорғалап сызып жөнелді. Бұл көкең соңынан қалмай ілеседі. Дәрет су жылытатын аядай бөлменің бұрышында, жертөсекте Мырқының бұралқы итше бүк түсіп жатысы жаман. Әкім тіксініп қалды, төбесінен төне түсіп, дыбыс қылды, «ағасы, басыңызды көтеріңіз!» — деді.


Мырқы көзін ашып алды. Төбесінен төне үңіліп тұрған әкімді бірден таныды, ернін жыбыр еткізді.


— Алматыдан хабар келді, қажылық сапарға аттанатын болдыңыз, тұрыңыз!.. Жиналыңыз, ағасы!..


— Мінафиқтар бар ақшамды ұрлап кетті, — деді Мырқы, — маған қажылық бұйырмайтын болды. Орныма имамды жазыңыз, сол барсын...


Мына сөзді естіген әкім сұлқ түсіп, ойланып тұрып қалды. Бет-жүзі күреңітіп қарайып кетті. Бір нәрсеге я қатты ашуланса, я түңілсе өстетін мінезі. Тұттығып, тұсалып тұрды-тұрды да, имамға оқты көзін қадады. Имам кеудесіне мылтық тірегендей жаман шошынып, шегіне шатқаяқтады. Қос қолын суға батып бара жатқан кісіше ербеңдетті. Аудан басшысы шұғыл шешімге келген секілді. Айналып кеп қарауылға қайта төнді.


— Тұрыңыз, басыңызды көтеріңіз, ағасы. Әкімдік атынан елге салмақ салсам да екі күн ішінде Меккеге бару, қайту қажылық қаражатыңызды тауып беремін. Жинап, қолыңызға саламын. Жинала беріңіз!


— Сенейін бе, сенбейін бе, шырағым-ау.


— Сеніңіз! — деді әкім.


9


Жер бетінде жақсы адамдар таусылған күні, адамдар бір-біріне жақсылық жасаудан, бір-біріне қол ұшын беруден, жүрек жылуын бөлісуден әбден жалығып туажат бола бастаған кезде пайғамбар ғалейкіссаламның рухы өледі дейді. Қасиетті кітапта осылай жазылған. Пайғамбар рухының өлетін күні жақындады ма, қайдам, Мәшһүр Жүсіп мешітіне келушілер, садақа берушілер саны күн сайын азайып барады деп мешіт имамы сары уайымға салынып, мандайын тоқпақтап біраз уағыз айтып-айтып, көк езу болып шаршаған соң қылжиып, әулие-әмбилерді түгел қарғап, дүниені жұтатып сап, «уһ, жан-ай!» - деп күңірене күрсініп, бүгін де бибісінен бөлек жатты.


Саудия корольдігі орын тепкен, барша мұсылман қауымы мінажат еткен Мекке қаласының иығындағы Арафа тауының қыр арқасында отқа күйген томардай сидиған қос тізесін құшақтап ағыл-тегіл жылап отырған Мырқыны ешкім қайрылып келіп жұбатпады. Көлеңкеше көлбеп жанынан ығысып өте берді... өтіп жатты... Бір кезде күн қақтаған Мырқының көз жасы сарқылды. Бұған бір шекелей қарап өткен кісілердің мейірімі, рахымы мына түгі қырқылған тақыр тау беткейіндей түгесіліп бітіпті.


Рамазан айында, кешегі өткен пайғамбар заманында пенделерінің мұңы, зары шаршатқан Мухаммед ғалейкіссалам жаратқан иеден бір пәс пұрсат сұрап, жеті қат көктің биігіне көтеріліп, әлемдік гармонияны жүйелеп шалдығып жүрген алла тағалаға тілдесіп қайтуға дәт қылыпты дейді. Пайғамбардың аузынан естідік деп машайық әулиелер көн кітапқа жазып кетіпті. Ұлы дүниеде дүркіреп ұшқан алла тағаланың бет қаратпас нұрымен пайғамбар ғалейкіссалам, жобалап айтқанда, төмендегіше тілдесіпті.


Алланың нұрына арбалып қалған пайғамбар алғашында әзер деп тілге келіпті.


«Уай, жаратқан ие, жер бетінде көз жасы көлкіп ағып қол болуға айналды. Пенделердің бір-біріне мейірімі, шапағаты, шындығы азайды. Мұң, зардан құлақ тұнады, жаббар ием, күнәкар пенделердің көз жасын қалай тиямыз?!»


Сонда жаратқан ие нұрымды шаша берсем пайғамбарым өртеніп өлер деп біраз сәулесін азонмен, біразын тозаңмен көлегейлепті, аспан әлемінің үнімен былай депті.


«Адамды өзіме ұқсатып жарық дүниеге келтіргенде жыласын деп жаратқам жоқ, үмбетім!»


«Көз жасы көл боп ағып еш тыйылар емес қой, жаббар ием!


«Қайғылы, шерлі адамның нұры бұзылады, адамзаттың нұры бұзылмауын неге ойламайсың?»


«Аспандаған әулекілерінің бәсін төмендетемін, құдайын ұмытқандарды тәубасына келтіремін деп, тегі, шаршадым, өлшеніп берген күш-қуатым кеміп барады, неғыламыз, жаббар ием!»


«Ендеше пенделердің санасын, көкірек көзін ашатын аяттарымды аян беріп түсірем, ол кітап сенің машайықтарды ілестіретін, мінафиқтарды тәубасына түсіретін тат баспас алмас қылышың болады. Құран дегеннің сөзіне илан, пайғамбарым!»


«Жаббар ием, нұр дидарыңа басымды иемін, көз жұма кетсем көрімде тыныш жататын болдым».


«Жаратқан ие ешқашан барды бөліп бермейді, жоқты түгендемейді, адасқанның бетін түземейді, өлшеусізді өлшемейді, өлшеуліні артық-кем демейді, әйтсе де бәрін өзім істеймін, пенделер бірінен-бірі көреді, үмбетім».


«Нұр дидарыңнан бөлісе жүр, жаббар ием, пенделердің кезін аш, көкірегін оят, қараңғыға қалдыра көрме! Пенделердің нұр дидарын бұзып алмауын ойластырайын». Осыны айтып Мухаммед ғалейкіссалам жеті қат көктің төрінен қауырсынға ұқсап төмендей-төмендей Меккеге жетіпті, Қағбаға аяғын тірепті дейді. Біздің баяндап отырғанымыз баяғы әулие машайықтар жазып қалдырған көк кітаптың сөзі.


Осымен шағын хикаятымыздың соңғы нүктесін қойып тамамдауға да болар еді. Бір сөз қалып барады. Мухаммед пайғамбар күні жетіп, бақи сапарға аттанар алдыңда қасында құрдай жорғалап қызмет жасап жүрген машайығына: «Кеудемді көтеріңдерші, Арафа тауына шығайыншы», — деп өтініш жасапты. Әулиелер, машайықтар, софылар етегіне сүрініп жүріп Пайғамбар ғалейкіссаламды сүйемелдеп түн ішінде Мекке тауының иығына шығарыпты. Аспан толы шүпірлеген мың-миллион жұлдыз, бәзбірі ағып түсіп жатыр, бәзбірі жіп сәулесін соза түсіп үздіксіз шырақ болып жанады. Пайғамбар ғалейкіссалам ақтық күшін жинап, кеудесін оқыс көтеріп, өкпесінің сырылын шамалы басып оң қолын аңылжыған аспан әлеміне сілке шаншып нұсқаған көрінеді. Ақтық демін ала бере үні күңірене шығыпты жарықтықтың. Алла-а-о-о-и-й!!»


2004 жылғы маусым.





Пікір жазу