14.08.2021
  203


Автор: Дүкенбай Досжан

Метаморфоза

Тап бүгін Абыз қиналмағанда — кім қиналады, Абыз жыламағанда — кім жылайды.


Билік дәлізіндегі мықтылар аяқ астынан мұны араларынан жылжытып жібермекші. Жылжыту — бергі ауылдың сөзі. Шын мәнінде жұлдызы жанып, айы оңынан туып, өзгермелі уақытты зая жібермей басқыштап өсіп бара жатқан бұл көкеңнің аяғын оп-оңай қызмет баспалдағынан тайдырып жібермекші. Тайдырғанда — есін жиғызбай есеңгіретіп, енді қайтып мемлекеттік қызметке тұмсық сұға алмастай етпекші.


Әңгімені басынан басталық.


Баяғыда ақын атасы тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді деп күңіренген екен. Елдің маңдайына ұстаған Үкімет үйінде, мемлекеттік қызметте... үлкен бөлім бастығы міндетінде саусағын сүйел етіп, көз майын сарқып істеп-істеп... тәуелсіздікке жан аямай жығылып-сүрініп қызмет етіп... енді бір кісіге жетерлік бедел, абырой жиып келгенде — екі қолын жылы суға малып, рахаттанып, алшаң басып жүремін ғой дегенде — қысқартуға түсем деп кім ойлаған.


Түнімен дөңбекшіп көз ілмей шықты. Кісікиік, еркекқос шаруа жайына қолқабыс жасауға соғып тұратын — қызметші әйел ертеңгісіннен төңіректеп: «Бір жеріңіз ауырып жатыр ма?»— деп сұраған еді. Үнсіз-тілсіз көрпесін тарс бүркеніп сұлқ түсіп жата берді. Қызметші әйелге мұңын шағып мүсәпірсіп: Жоғарыдан нәубет төнді, штат қысқартуға ілігетін түрім бар, жылы орыннан, үлкен биліктен кететін сыңайлымын деп қайтіп айтсын. Айтты-айтпады — не пайда? Күңіренеді, күңкілдейді, өстіп дүние өзгере түседі.


Абыз-екең сыздаған бүйірін ауырсынып оң жағына аунап түсті, қалың жыныс ой орманының ішінде жүріп қарадай адасты.


Осының бәрі «өзім білемін» деген өркөкірек мінезден шықты. Өз бетінше бағыт-бағдар іздеуден басталды. Ілім-білімі тасып бара жатқандай өзіне бөлінген шаруаны қопарып істеп әдеттенген мінезі сор боп жабысты. Бірбеттілігінен тапты. Тыңнан сүрлеу салуға асықты.


Баяғыда Әкім Ұлықпан ертемен тұрып есігінің алдында жалғыз ұлын томпылдатып сабап жатыр екен дейді. Жұрт аң-таң... топырласып жиналып қалыпты. «Ау, абыз ата, мұныңыз не?.. жазаға ұшырардай ұлыңыз не жазды», — деп сұрамай ма. Сонда белін жазып, маңдай терін сыпырған Әкім Ұлықпан — философ айтқан дейді: «Бұл бәтшағар ылғи айтқанымнан шықпайды, әрдайым жол көрсетіп, бағыт бергеніме дағдыланып алған. Өзінше ақыл тауып, сүрлеу салып кетуге жоқ, бәтшағар!» Былайғы жұрт таң қалғаннан жағасын ұстапты. «Осы жүрген көбіміз дүрмекшіл екенбіз ғой» деп қарадай ұялыпты. «Жарық дүниеге келген екенсің — өзіңше сүрлеу сал, өз жолыңды тап, өз сөзіңді айтып өт дегені екен-ау жарықтықтың».


Мемлекеттік қызметтің сыры мол. Кісіні мемлекет атты алып мәшиненің бір тегіршегі етіп жібереді. Әлгі мәшине жылдам қозғалса — сен-дағы жылдам қозғаласың, баяулап жүрсе — баяулайсың; салдыр-гүлдір етіп кідіріп қалса — сен-дағы жүрісіңнен жаңылып таппа тыншып тынасың. Өз бетіңше я оңға, я солға бұрылып кете алмайсың, өздігіңнен ұстанған бағыт-бағдарың болмайды. Алдыңғы тегіршек қалай қозғалса — сен де сол бағытта, сол жүрген жылдамдықпен қозғаласың. Осылайша дүние дөңгелене береді, дөңгелене береді.


Әуел баста Абыз Данышпанұлы дәп сол көп тегіршіктің көк тегіршігі болудан, бастықтың аузына қараудан, ләббай тақсыр мінезден ада-күде болатын. Бетті, мінезді еді. Елдің маңдайына ұстаған экономика университетінің қаржы және несие мамандығын үздік бітіріп, ақылына ақыл қосып шықты. Еліміздегі қаржылық жүйенің кері сальдосы, яғни құнсызданудың теріс әсері туралы толымды зерттеу жазып, әне-міне ғылыми атақ қорғаймын деп жүргенде Үкіметтегі бос орынға конкрусқа түсті, экономика бөлімінің бастығы қызметін иеленді. Астанаға көшіп келіп, жылы кеңсе... ат шаптырым бөлме... көшелі қызмет... қомақты жалақы... мәртебелі лауазым билігі тиіп алшаң басып жүріп берді. Әуелгіде қызметтің буы, жеңіл мәшине жүрісі басын айналдырды.


Үстел жиегіндегі үлкен телефон қондырғысының бір түймесін басса — бүлдіршіндей хатшы қыз көзін тұнжыратып, аузынан шыққан сөзді қағазға түртіп ап бұратылып тұрады.


— Абыз Данышпанұлы, тыңдап тұрмын!— дейді.


— Бөлім қызметкерлерін жина!.. мына пәпкіні жоғарыға жібер!.. мына пәпкіні тіркеуден өткіз!.. лимон салған шай жаса!..


— Құп болады, Абыз Данышпанұлы!


Қондырғының сары түймесін басса — телефон құлағын басқарма бастығы көтереді. Бастықтың көңілі жай секілді.


— Көкешім, селектрді сіз өткізесіз, өзім Үкімет мәжілісіне қатысамын... сосын парламент... сосын Ақ Орда... түстен кейін министрлік мәжілісі... байқаңыз, кезекті қаулының тас-түйін хатқа түсіп тасқа басылуын қадағалаңыз. Әр сөзіне мән беріңіз. Әр цифрдың астында бір-бір бомба жатқанын ұмытпаңыз!.. Байқаңыз!


Об-бо-о-оу деген! Қаулы жазу қиын болып па бұл көкеңе. Әрбір санның астарында бұғынып бара жатқан, жарылғалы тұрған бір-бір бомбаны қалай ұстауды... абайсызда жарып алмауды бұл көкең бала жастан, сонау студент орындығынан бес саусағындай тоқып алған. Үкіметтік қаулыда тірі сан, өлі сан деген болады: өлі сан — үстінен піл өтсе де жарылмайтын бомба саналады, оның кілті, пілтесі — жоғары жақта отырған қаржы көздерінің қолында: ол қаржы көздері қашан ағыл-тегіл ақша босатқанша — құбыжықтай көз арбаған өңкей нөл өлсе жарылмайды, қағаз жолбарыс күйінде қатталып, тапталып жата береді. Керісінше, қаулының бәзбір саны — иновациялық демеу сатысы — тиегін ағытсаң-ақ бұрқ ете қалатын қол граната секілді, қатты қысып ұстағаны ләзім. Бұл ақша кез-келген өндіріс ошағының өзінде, резервке ұстаған қаржыны түгендеп, көз жазбай қадағалап тұрмаса — я басшының қалтасында кетеді, я болмаса теріс сальдо есебінде Қаржы министрлігінің қоржын басына қайта түсіп өлі капиталға айналады. Ой-хо-о-о-й, дәурен! Өндіргіш капитал неғұрлым өскен сайын, еңбек бөлінісі мен құрал-жабдықты қолдану соғұрлым ұлғая түседі. Еңбек бөлінісі мен құрал-жабдықты қолдану неғұрлым ұлғайған сайын, қызметшілер арасындағы бәсеке соғұрлым күшейіп, жалақы соғұрлым азая түседі. Ал керісінше, құнсыздануға қарсы күрес әрекеті деген себеппен жалақыны тұрақты ұстап қалсақ, немесе жылына әлденеше пайызға ұлғайтсақ — өндіргіш капитал, немесе қызметшінің еңбек өнімділігі күрт төмендеп; өндіріс ошағының қажеттін түгел өтеуден қалады. Көлеңкеде жай жан бағып жүрушілер саны ұлғаяды. Еңбек бөлінісінде қайшылық ұлғаяды. Осы қайшылық күндердің-күні ұлы жарылыс туғызады. Екінші сөзбен айтсақ: әлгі министрлікті, немесе басы артық құрылымды мүлде жойып тынады. Осы тұжырымды кейіпкеріміз түкпірлей шаңын қағып — мемлекеттік қызметтің еңбек бөлінісі, еңбек бөлінісінің көлеңкелі сальдосы деген тақырыпта зерттеу беделді журналға жазып бастырған еді. Сау басына сақина жамады.


Ертесіне, таң алакеуімнен басқарма бастығы шақырып алды.


— Тасқа басып әкелген қаулының нобайы дұрыс, әйтсе-дағы өлі сан жағын ұлғайтып, тірі сан тұсын шамалы кемітсең деймін. Миллиардтың аулындағы өңкей нөлдің астарына кім үңіледі, шырағым. Сосын кеше «Хабаршыда» шыққан мемлекеттік қызмет туралы мақалаңды Премьердің орынбасары оқып, ойбайын салып, шашын жұлып жатыр. Жазба түрде жауап беруіңе тура келеді, айтпады деме — осы жолым я басың кетеді, я бәсің төмендейді.


Жауырынының ортасына суық тер құйылып кетті. Тықыр таянғанын іштей сезді. Көзіне үңірейген апан аузы елестеді.


Басқарма бастығы сұп-суық сөзбен шығарып салды. Ауыртпалық арқасына зіл боп батып, басына бұлт үйірілергенде араша түсер жан қалмапты. Кеше ғана текке қағаз кемірген мемлекеттік қызметкер көбейіп кетті, қаулы-қарарды тігіп қойып отыра береді... шөп басын сындырмайды... Астанада, министрлікте, облыста, ауданда бірін-бірі қайталайтын... бірінің аузына бірі қараған... дубляж мекемелер жауыннан кейінгі саңырауқұлақша қаптады... белін бүгіп, терін сыпырып шаруа істейтін тындырымды көзімізден бұлбұл ұшты деп зар илеп отырған көкең бұл жолы — 180 градусқа өзгеріп, бетін теріске бұрып отыр. Ой, пәлі-ай! Жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақпен тасты ұрсаң да жапалақ өледі. Іші өткеннің арты біледі деп, жан әлемін азынаған күзгі жел аралап, түсі бозарып Премьер орынбасарының қабылдауына келген. Көңілі қобалжулы.


Сымға тартқандай сыптығыр сұлу бикеш көмекші: «Жиналыс өтіп жатыр, босай қалса хабар беремін»,— деп қайтарып жіберді. Үш қабат төменге түсіп, бөлмесіне еніп, үстелге еңсесін салып сұлқ ошарылды. Жұмысқа қолы жүрмеді. «Шай ішесіз бе?»— деп бас сұққан бөденедей бәденді хатшы қызға басын шайқап, қолын сілкіді. Әуелі қоңырау шалып, артынша сызылып хаттама бөлімінің бастығы — майлы бояуға малып алғандай төсі мен бөксесі қайқайған бойжеткен енді. «Облыстық басқармадан ұсыныс хат келіп түсті, неғыламын»,— деді. Бұл көкең көз жүгіртіп қарап шықты-дағы:


— Тігіп қоя сал,— деді.


— Мына бір папкі еліміздегі жер асты су көздерінің кадастрлық картасы, Экология және табиғи ортаны қорғау министрлігінің пәрменімен жасалыпты, неғыламыз,— деді күлімкөз бойжеткен шарап шүпілдеген шыны ыдыстай мөлдіреп. Сәл шайқалса төгіліп кетердей.


— Тігіп қоя сал!


Шарап шүпілдеген шыны ыдыстай шайқатылып шығып кеткен шығар деп ойлаған. Әлгі бойжеткен иегінің астында мөлдіреп әлі тұр-ай.


— Өзімді де тігіп қоюға жібересіз бе?— дейді мүләйімсіп.


Абыз Данышпанұлы еңсесін тіктеді.


— Түсінбедім... неғылдейсіз?


— Бүгін туған күнім, Данышпанұлы!.. оңаша дастарқан жайып отырмын, Данышпанұлы!.. Бес-он минөтке бас сұғып шықсаңыз, Данышпанұлы!.. Жан баласы білмейді, төменгі қабатта, қалтарыста, оңаша мұрағат бөлмесінде...


— Мені шырын көрсе қона қалатын ара деп тұрмысыз. Шаруам шаш етек. Жасыңызға жас, басыңызға бас қосылсын. Құттықтаймын!


Осы мезет Премьердің орынбасары шақырып жатыр деген хабар жетті. Әуелгіде буынын басып тұра алмай қалды.


Ұзына бойғы билік дәлізінде келе жатып Абыз Данышпанұлының ілгері басқан аяғы кері кете берді. Кілемге сүрінді, жаманшылыққа жорыды.


«Неге бұлай? Мына Үкімет үйінде қаулы-қарардың жіп-шырғасын шығармай тігіп қоюшылар... шөп басын сындырмайтын... кісінің бетіне жел боп тимейтін... парақ қатынасты желпілдетіп бір бастықтың алдынан келесі бастыққа жеткізушілер... желімдеушілер... компьютерге түсірушілер... компьютерден көшірушілер қиқымдай. Көбі күні бойы сөзжұмбақ шешеді. Көзтаныс бастық бөлім ішінен біреуін жансыз ғып әуре. Кім — не деді?.. басы қайда қисаяды!.. не деп өсек айтады?.. түгел сымсыз телефон арқылы жеткізіп тұрасың дейді. Бөлімдегі кісілер бір-бірімен ит пен мысықтай басараз болса — басекеңе жақсы; бөлімдегілер шілдің қиындай пышырап бірікпей жүрсе — басекеңе қолайлы; іш қылып басын қоспаған ләзім дейді. Қай бастық — қай жерден... руы кім... крышасы кім... сүйеніші, құдайы бар ма... алақанға салғандай зерттеп алған ләзім. Премьердің басының сақинасы қашан ұстайды?.. кіммен әмпай!.. кімге сөзі өтеді... ойнасы бар ма... оқып, тоқып алу жағынан әлгінің қасында жекеменшік тыңшы жіп есе алмас еді. Ой, пәлі-ай! Тәуелсіз мемлекеттің тегіршегі саналатын мемлекеттік қызметкердің әлгі айтылған дертін түзіп, ғылым тіліне түсіріп зерттеу жазғаны — басына пәле боп жабыспасын деңіз! Бәле қайда — бассаң аяқ астында.


Абыз осы жүрісінде баяғыда бақи жалғанға озған, сүйегі қурап қалған, әділет, жақсылық үшін ат үстінен түспей дүниелік күлкіге, мазаққа ұшыраған испан идалгосы Дон Кихотқа ұқсады. Дон Кихот болмағанда несі қалды. Классикалық экономиканың негізі — тауар, ақша, қосымша құн. Ал еңбектің құнын белгілейтін не? Соған сіңірілген қажетті еңбек. Еңбектің өзін өндіру шығындары, уақыт пен жағдайға қарай өзгеріп отыратын жұмысшы күшін өндіру шағындары «Капиталда» түбегейлі зерттелген. Мемлекетті басқару жүйесіндегі кеңсе жұмысын — ақпаратты жинау... түзу... бағыттау... нұсқаулықтағы көлеңкелі тұсты... көзге шұқып көрсеткені үшін жазған басы жазықты ма! Көлеңке азайса — күншуақ көбейгені. Күншуақ көбейсе — қоғам тегіршегінің шырайлы қызметі ұлғаяды. Мүлтіксіз қызмет үшін жығылып-сүрынып жүргені — шынымен-ақ өзін Дон Кихотқа ұқсатып жібергені ме! Осы жұрт неге күледі десе — бір пәлені сезгені ме!


Үлкен биліктің емен есігі ашылған мезет. Инеліктей қатқан қара орынбасар орнынан ұша түрегеліп, үстелінен шығып, құшағын жая қарсы алды. Бұл көкең Гумилев атындағы университетті үздік бітірген, билік пен білімнің үстінен су төгілмес жорғасы деп еститін. Алғаш дидарласып отырғаны осы. Ақсия күліп, ұзын қолын сермеп, орындық нұсқады, қарсыласып келіп тізе бүкті. Саусақтарын тарақтап тымпи ойнап сұлқ түсіп отырып қалды. Әңірейген ат шаптырым бөлмені бірауқым тыныштық меңдеді.


— Сізді өсіреміз,— деді біраздасын.


Орынбасардың мына сөзі кейіпкеріміздің құлағына сізді өшіреміз болып естілді.


— Мынадай біліммен, зерттеу жазғыш дарынмен үкіметке сыймайсыз. Әттең, әттең, білімділер бізге де керек. Әйтсе-дағы ұшып кеткелі тұрсыз. Келер жылы «Экономика» атты журнал ашамыз. Соның Бас редакторлығына ұсынамыз. Жалақысы мол, жеке офис, жеке жүйрік, жеке билік...— деп Премьердің орынбасары осы отырған жерінен әлдекім көзге көрінбей қолтығына еніп қытықтағандай хахахалап кеп күлгені. Аспалы шамы шайқалып, бірер парақ қағаз ұшты. Еденге түскен қағазды жинап жүріп танауының астынан көлеңкелі еңбек бөлінісі... көлеңкелі еңбек бөлінісі... деп ыңылдап саз созғаны. Бұл көкең «аяқ астынан не деген батпан құйрық, бастықтың шыны ма, әлде мазағы ма» деп, ішкі жан жүйесіне толқын еніп түрегеліп кеткені. Неғылдесін, жазған құлға дауа жоқ.


Абыз іштей сезеді: әлгісі әншейін шығарыпсалманың сөзі. Айтып отырған журналы қашан құрылтайшы тауып, тіркеуден өтіп, куәлік алады, қанша қаржы босатылады. Әзірге сүт көп, көмір аздың әңгімесі, сахараның сары сағымы секілді бұлдыраған бірдеме. Абыздан құтылудың жолын шындап ойланыпты. Сылап-сипап шығарып салайын десе — айыбы жоқ; қалдыра берейін десе — білімі мен білігі төбесін тесіп, айбыны асқақтап барады. Сауатты кісінің бетін бұрып әкетпекші.


— Абыз Данышпанұлы, еш саспаңыз! Әлі-ақ риза боласыз. Бүлк етпеңіз. Тырс етпеңіз. Саспаңыз.


Жылы-жылы сөзбен арқасынан қағып, қолын қысып түрегелді. Үкімет орынбасары ыза жерді баспайтын, жыланның жүрісін сезетін жырынды еді. Шынына үңілсе: тап кеше, кеше емес-ау, бірер күн бұрын Абыздың төгілдіріп жазған зерттеуін қадалып отырып оқып шыққан. «Сұмдық-ай» деп, қуыстанып қанын ішіне тартқан. «Бөлім бастығының көтеріп отырған мәселесі — бармақ басты, көз қысты... жеңілдің үсті, ауырдың асты... жауырды жаба тоқу... қылмыстық істі көрсе де көрмеген болып үстінен өтек жүргізіп жіберу... арыз-шағымды пәпкіге тігіп қою... ең пәлесі — шөп басын сындырмай жылы кеңседе сөзжұмбақ шешіп отырғанға ай сайын сыйақы қою... ай сайын шетелге іссапарға жіберу — айналып келіп Басқарма, Агенттік, Комитет қызметкерін көлеңкелі табыссорғыш сүлікке теңеп төндіріп төгілдіріпті-ай, мысалмен сойыпты. Бюджеттің кері сальдосының ішек-қарнын, қан-жынын ақтарып шығыпты.


Зерттеуді оқып іштей түршігіп қалған. «Мына қызыл көз пәледен тезірек құтылған жөн» деп ойлаған. Кінәсіз кісіні қысқартып жіберу қиын. Дау шығады. Өсіреміз, жаңа қызмет береміз деп алдаусыратқан ләзім... Осы ойының оңынан, аяқ астынан іске асқанына іштей қуанып алақанын ысқылап жіберді. «Билік дәлізінде біз білмейтін құпия көп әрине. Қалтарысы, қаға берісі, қақпа тасы, ішкі ағысы сырт дүниеден жүз есе мол. Зерттелмеген заңы қаншама. Кешегі күні, студент кезінде — перғауын пирамидасының ұзын дәлізі, шешілмес жұмбағы, қалтарысы, қума залы туралы ғылыми кітапты оқыған еді. Перғауынның түкпір бөлмеге тыққан асыл қазынасына жетемін деп нешеме Птоломей данышпаны адасыпты... орта жолда ас-судан қалып ажал құшыпты... саудыраған сүйегі шашылыпты. Қазынаға аяғы жеткен кісі жалғыз-жарым. Сол секілді мына билік дәлізінде біліп істеген де — омақасады, білмей істеген де — омақасады, сау шықпайды» деп ойлаған Премьердің орынбасары. Орынбасарды тыңдаса — билік дәлізі мен перғауын пирамидасының қума қалтарысы егіз тамшыдай.


«Орнымнан қозғайтындай сіздерге не жазып қалдым?.. Кінәм не?.. Ұсынған жаңа қызметтің міндеті не?.. құрылтайшысы кім болмақ?..» деп бірер ауыз сауал қойып, түсінік аламын дегенше болған жоқ — әлгі Премьердің орынбасары арқасынан қағып, мақтамен бауыздағандай ғып... жылы... жұмсақ... көтеріңкі... көпсіңкі сөзбен «жарайды, жарайды» деп, жылжытпалап шығарып салды. Костюмінің етегі емен есікке қысылды. Қайыра ашып, шалғайын босатып, ауызғы бөлмеге шыққанда есін бір-ақ жиды. Маңдайының терін сүртіп, хатшы қыздан су сұрап ішті. Іргедегі орындыққа тізе бүгіп, аз-аздап жүрегінің лүпілін басып, маңайына қарады. Өзін-өзі айдан түскен адамдай сезінді.


Емен есіктің екі жағына дарынды суретшінің майлы бояумен салған көркем келісті полотносы ілініпті. Көз тояды. Батуға бет алған күн алауы жүрек көтерердей қан жоса. Осыншалық даңғыл дарынды суретшінің қолтаңбасы мына қуықтай ауыз үйде... келесі біреуі дәлізде... есік қалтарысына... қаракөлеңкеде небір ғажайып шедеврдің ескерусіз... елеусіз... құр әншейін баланың ойыншығы секілденіп келіп-кетушінің көзтүрткісіне айналып қала берерін ойлағанда — жүрегі сыздады. Көрмеге арналған туа қалды шедевр — билік дәлізінде... қалтарыста... қуыста... басқыш жиегінде ескерусіз сарғайып тұрғанын көрген Абыз-екең іштей жабықты. Көші кеткен жұртта қалғандай сезінді. Түсіне білгенге шедеврдің бірі — өзі емес пе еді!


Апырмау деді! «Осынау дәлізге ілінген шын шедеврлердің қасында, солармен салыстырғанда — өзім кіммін?! Бұлар да ілінген-ілінген жерінде қалып жатыр... біреу біліп, біреу білмейді. Біреу көріп, біреу көрмейді. Қағаберіс қалтарыста өзім-дағы қалармын, соншама кімнен, неден артықпын!»


Дәлізге шығып бірер аттағаны сол, қарсы бетінен күн шуағы көз қарыды. Көктем шығып қалғаны ма деп ойлады. Күн шуағы дегені — хаттама бөлімінің бастығы — шарап толы шиша ыдыс секілді бойжеткеннің бет-ажары болып шықты. Жолын аңдып тұрғаны ма сонда.


Күлімдеген көзін қойшы, көңілінде кірбің жоқ, жуылған шүберектей желп-желп етеді.


— Төменге түсесіз бе, Абыз Данышпанұлы!


— Түсемін.


— Ендеше лифтіге еніңіз. Басқышпен жетіп болмайсыз.


Лифт есігі дыбыссыз жабылып, лық етіп төменге лықсыды. «Шыны ыдыстағы шүпілдеген шарап бикешті жоғарлы-төмен сенделтпей, құр бекерге есек дәме етпей, басыма төңкеріп іше салсам ба екен» деп оқталды. «Онсыз да жетісіп тұрған тіршілік шамалы. Иновацияның бүге-шүгесін бір кісідей түсінсе — сол түсінетін шығар деген орынбасардың алақұйын мінезі әлгі, асатпай жатып құлдық деген кісіше — ауыз аштырмай... тәуір жалақы... жүйрік мәшине... жеке офис... деп бос ертегіні бастырмалатып, аузын қу шөппен сүртіп шығарып салды. Түкке түсінбеді. Теріс сальдоны зерттегіш зерек экономистен жылдам құтылайық, пәледен машайық қаштының кебі осы. Әйтпесе дегбірін басып, мәселенің астарын ашып,


жемқорлық апанына қашанғы қаржы құямыз,


аждаһадай семірген теріс сальдоны қалай жоямыз,


жаһандану көшіне қай тұстан ілігеміз — деп тізелесіп отырып ақылдасудың орнына — ұргөппе сөзбен желпінтіп, майшелпекті үйіп-төгіп, түк түсінсе бұйырмасын, бөлмесінен қуғандай ғып шығарып салды. Жөн сөзін айтып үлгермеді. Мемлекеттің атқарушы тегіршегіне май құйып, эрозиясын кетіретін жалғыз мен бе екем. Қағаз жолбарысқа айналып қампиып жүре берсем жау алар ма еді. Несіне былық-шылықтың ішегін ақтарып, іріңін шығарып шаршадым!»


Шыны ыдысқа құйылған шарап бойжеткенге жүзін тақап сыбыр етті.


— Туған күніңмен құттықтаймын!


— Жүре қалыңыз!— деген бойжеткеннің от жалын лебізін естігені есінде. Өңгесі көрген түстей... аптап шөл далада ыстық құйынның шалығы тигендей... алапат нәрсе.


Шөл далада, шілдеде ыстық құйынға кезіккен жан шыркөбелек алапат түнектің ішіне жұтылады. Біразға сырт дүниені сезінуден қалады. Жанарына шаң құйылады, тынысы тарылады.


Төменгі қабатта, төменгі қабатты қойшы, күн сәулесі жетіп болмайтын подвал ма, жеті қат жер асты ма, әйтеуір есік-терезесі темір, төбеден жасыл сәуле құйылған, асхананың арғы жағында... кітапхананың бергі жағында үңірейген... үкінің ұясындай... жып-жылы... тып-тыныш аядай оңаша бөлмеге бас сұғып бойжеткеннің құшағына жұтылыпты. Жұпар иісіне елтіп есінен таныпты. Жүйке жеген сырт дүниені бір пәске есінен шығарыпты.


Әлгіде осында келе сала — жал-жаясы түрілген ағаш табақтағы етке мелдектеп тойып, құрт езген қою сорпаның қос шарасын ішкен секілді еді... біраздасын... көп уақыт өтпей-ақ... бәденді бойжеткеннің құшағына жұтылып, барып-келіп, белін басып, басын көтергенде бар ғой... сізге өтірік, бұған шын — баяғы тоя жеген тамақ, жұғымды сорпаны солайымен сығып алғандай сылынып, ұзына диваннан сықырлаған құр қаңқа түрегелді. Боп-боз әруақ секілденді.


Бәденді неме иі қанған елтірідей былбырайды.


— Ғылым қорғаймын деп кітапханадан шықпай шұқына бергенше байталдың жұмсағына мелдектеп, сорпасын сімірген мың есе жұғымды,— дейді-ай. — Мемлекеттік қызметке жүз мәрте қысқарту келсе-дағы өзімді жұмыстан қуа алмайды. «Мать одиночка — жалғызілікті ана» деген заң күші қорғайды. Осында келгелі үш бөлім бастығы, төрт басқарма бастығы ауысып үлгерді. Шетінен жандырамыз, жөндейміз, бағыттаймыз деп келген еді шіркіндер. Қазір шаммен іздеп таппайсыз.


— Құшағың оттан ыстық, сірә, өртеніп өлермін,— дейді Абыз диванның шетіне ығыса түсіп, ентігін басып.


— Неге олай дейсіз!


— Бір қатерге ұшырайтын шығармын.


— Неге олай дейсіз!


— Түбіме қанағатсыздық жетіп болды. Бәлкім тойымсыздық, өзімшілдік пе! Бір кісідей оқыдым, тоқыдым, зерттедім, жоқ — әлі де білімнің соңына шырақ алып түсе бергім келеді. Білгенімнен білмегенім ұшан-теңіз секілді. Тәп-тәуір қызметім бар, жоқ — сол қызметтің ұңғыл-шұңғылына көкірек көзімен үңіліп, әдібін сөгіп, астарын ашып кемшілігін түзесем деймін. Өзгелер кеткен бағытпен салпақтап, жұрт істеген шаруаға мойынсұнып, бастығыма жағына білмеймін, жоқ — тегіс жерден теперіш іздеп өңештеп шыға келем; жүріп жатқан реформаның бір-бір тегіршегіміз деп құрбы-құрдастарым ертеден қара кешке қаулы жазады, қарар шығарады, есеп түзеді, есеп сұрайды, жоқ — қағазды тау ғып үйгеннен реформа жүріп болмайды, қаулының іске асар айласын табалық деп күнара қақсаймын. Қаулыдан жүрекке жетер тірі сөз іздеймін. Қаржыгер төбемді көргеннен сырт айналып қашады, кемшілігін айтсаң — жау көреді, таппасаң — топас деп мәзденеді. Бұған да күн көру керек. Айдың жаңасында тәрбиелі, көркем қызбен танысып, күзге салым бас құрап отау тігелік деп икемге алғаным — алған, жоқ — әзәзілдің көлеңкесіне ұқсап ұшыраса кеткен шыны ыдыстай сыңғыраған бойжеткен — сенің от құшағыңа көміліп жатысым мынау! Осы жүрісіммен бір қатерге ұшырайтын шығармын».


Құшағына оратылып жатқан шарап толы шыны ыдыс — бойжеткен жай әзәзіл емес, есі бар әзәзіл екен. Абыздың кеуде жара күрсініп айтқан жан сыры жүрегіне жетіп ойланып қалды. Кім көрінген жел жағынан жүре алмайтын қарқарадай бастық жігітке жаны ашыды. Танауы қусырылып пыс-пыс етеді. Көз жасын көрсетпей сыққан кезде мүлде сүйкімді сезілді. Үріп ауызға салғандай көпсіңкі ернінен шұғыл еңкейіп сүйіп алған еді, қызуы көтерілді. Шешініп, жар жағалауға табан тіреп, жанарын жұмып, қос қолын алдына сілке сермеп тереңге сүңгігелі тұрған кісіге ұқсады. Демін ішіне тартты. Сақаға құятын, шоққа қойып балқытқан қорғасынға келеді. Ішінен күбір етіп: «Тәуекел! — деді. «Сүңгісем — сүңгіп көрейін!».


Мөлдіреген мүләйім бойжеткеннің түпсіз тереңіне өзін-өзі тастап кеп жіберді.


Бір шамада есін жиып, ойын жиған Абыз сағатына қарады. Кешкі жиырманы көрсетіпті.


«Апырмай»,— деп, іштей таңғалады ғой, таңқалмай қайтсін. «Мана орынбасардан шығып билік дәлізінде хаттама бөлімінің бастығы, шарап толы шыны ыдыс — бикешпен бесін уағында... түс ауған мезгілде... бетпе-бет ұшырасқан секілді еді. Өзінің кеңсесіне, өзге салалас бөлімге соға шығуға мұршасы жетпей, жетекке түскен бұзаудай мөнтең қағып, ұшқасып, сұлу бойжеткеннің ізін басып жөнеле беріпті. Ілескеннен мол ілесіп, я мұрағат, я жер асты қойма екені белгісіз — үкінің ұясындай жиһазды бөлмеге еніпті. Алты күн аштықтан шыққандай, әуелі алдына әкеліп қойған үйеме табаққа, сосын өмірінде ұрғашы көрмегендей бәденді бикештің алтын табағына аш шыбынша шүйлігіпті... дүниені ұмытып үңіліпті... іш түйнек дертіне шалдыққан кісіше жан терге түсіпті. Кісіні жолдан тайғызар тайғанаққа тайып жығылыпты.


— Есім барда үйіме жетіп алайын. Түнімен отырып кітап ақтарайын, күнделік толтырайын,— деп, Абыз жедел киініп, бәтеңкесінің бауын байлаймын деп теріс шиелеп, сырт үзіп... «ә» деп қолын бір сермеп сыртқа сытылды. Лифт есігі дегені дәретхана болып шықты. Басы айналып адасып қалды. Ең төменгі қабаттағы бүйрек бөлмеге адасып екі мәрте қайыра еніп, сылқ-сылқ күлген бойжеткеннің сүйемелдеп... сүйрелеп... «былай... олай жүріңіз» деп, сілтеген жолымен әупірімдеп зәулім үйден әзер шықты.


Үйіне жетіп, есігін ашты. Сырт киімін шешпеген күйі жұмыс үстеліне шөмиді. Еңсесін салып жіберіп компьютерге үңілді, файлды ашты.


Маңдай терін сұқ саусағымен сыпырды. «Кең дүниені тарылтатын өзіміз, тар дүниені кең қылатын өзіміз» деп қамықты.


«Көлеңкелі еңбек бөлінісін қымыздан қыл ажыратқандай: Астана түбіндегі өндірістік-инновациялық жобадағы биозауыттың компьютерлік график-түзілімін қадалып отырып түзіп шыққаны шын ерлік емес пе еді. Аспаннан теория ойлап таппады. Әуелі классикалық экономиканың іргетасын құйған Карл Маркстің «Капитал» кітабының 1 том, IV тарау, 3-бөліміндегі жұмыс күшін сатып алу мен сатудың ішек-қарнын ақтарған. Жұмыс күші — тауар. Жұмыс күшінің орнына миды, мидың ойлау қабілетін енгізді. Мидың телекинездік қабілетін құн жасаушы күш деп нүктесін қойды. Мемлекетті — алып мәшине — дейтін болсақ, әлгі құн жасаушы күш әрқилы шаруа орайына тиімді, табыс көзінің түзілім — графигін жасайды. Түзілім — графиктің мүлтіксіз іске асқаны ләзім. Қараңыз: Астананың іргесінде өндірістік-инновациялық жобамен биозауыт дүниеге келді дейік. Ірі құрылымның қабырғасын құрып, түнікесін жаппай жатып лаборатория жабдығын шетелден үйіп-төгіп сатып ала бастадық; зауыттың іске қосылуына әлі екі жыл бар. Әрі үйіп-төгіп алынған жабдық моралдік жағынан тоза бастайды, әрі хан баласындай ғып күтіп алған — жабдыққа жан беретін инженер екі қолын алдына салып отыра алмайды. Биозауытты жүргізіп жіберіп еліне тезірек оралуды ойлады. Зауыт прорабы құрылыстың шатыр-түнікесін жабамын деп шаршаулы. Ұрымтал тұста жұмыстың түзілім-графигі үзіледі, әрі тарт та, бері тарт іркіс-тіркіс конвейерді істен шығарады. Баяғы құн жасаушы күш зиянға дөңгелейді. Алыптың іркіс-тіркіс істен шығуын болдырмау түзілімін алақанға салғандай, пияз аршығандай етіп Басқарма бастығына ұсынған. Бір данасын Үкіметке жіберген. Алып биозауыттың айналымын елестеткен график-түзілім дүниеге келді деп іштей лүпілдеп, алып-ұшып қуанып жүрген. Қуанышы көпке созылмады.


Жел сөз гу ете түсті. Естіген құлақта жазық жоқ. Апта өтті ме, өтпеді ме, бес түрлі бояумен мөлдіретіп құрып келтірген «Инновациялық биозауыттың үдемелі тірілу» график-түзілімін Премьердің орынбасары -көрген кісі айтады — жарты күндей үңіліп отырып танысып шыққан дейді... Әуелі әлсін-әлсін лимон салған шай алғызып ішіпті... Сосын қалың қолжазбаны аударып-төңкеріп ұзақ мөлиіпті... Бөлме төбесіне ілінген аспалы шамға алақ-жұлақ қарапты... Көзі бозарып, аңқасы кеуіп шөлден шыққан жолаушы секілденіпті. Кенет жүрек жарған оқыс үн шығарыпты.


— О-о-о-о-о!


«Ұзақ уақыт салынатын құрылыс сәуле дертіне ұшыраған кісі секілді, өзін де жейді, өзгені де жейді, бюджетті аждаһаша қылғытып жұта беретін — көлеңкелі капитал сальдосы — көлеңкелі еңбек бөлінісін ұлғайта түседі»,— депті. «Уһ, жан-ай!» «Көлеңкелі еңбек бөлінісі адам ағзасындағы арам қан секілді»,— депті. «Әлгі арам қанды сығып ағызып жіберудің амалы осы» деп Абыз жазған салақұлаш график-түзілімді сүзіп шыққан Премьердің орынбасары аяқ астынан парт болып қызарыпты. Мойнын ішіне алып асауша мөңкіп, мінез шығарыпты. Неге бұлай қарадай бүлінгенін қасындағы көмекшісі еш түсіне алмапты... Орынбасар қос қолымен басын қармай ұстап су толы құмыраша шайқапты. Күңіренген үн қаңсыған керней шалғандай бөлмені жаңғыртыпты.


Оһо-о-о-о-о!


Оқыс үннің астарында не жатқанын жанындағы кеңесші, көмекші, хатшы-екең еш болжай алмапты. Айпара кең бөлмеде көкірек жарған әлгі күрсініс біразға дейін құлақта жаңғырып тұрып алыпты.


О-о-о-о-о!


Сол күрсіністен кейін-ақ Абыздың есімін естісе — әлгі орынбасар су тиген қарақұртша бүріседі.


Көп ұзамай Үкімет үйіндегі ауа райы күрт өзгерді. Салқын қабақ, көлденең көлеңке жүргізбеуге айналды. Абыз-екеңнің ілгері басқан аяғы кері кетті. Итырғылжың етектен тартты. Күні кеше бұрылып жылыұшырап сәлем беретін кісілер төбесін көргеннен сырт айналып зытып жоғалатын әдет тапты. Күні кеше... мәртебелі лауазым иесі шақырып алып, сайда саны, құмда ізі жоқ... сахара төріндегі бұлдыр сағымдай әлі ашылмаған... құрылтайшысы жоқ... әлқисса қызметке барасың деп беталысын терістік полюске бұрып жіберді. Шығарыпсалма құтылудың жолы еді ол.


Билік дәлізі ақпанның боранды күніне ұқсап, аяғы ақ түтек қарға айналып, ызғары бүрістіре түсті. «Селт етпеңіз... бүлк етпеңіз... сыр бермеңіз... қам жемеңіз...», — деп қолын сермелеп шығарып салғаны кеудесіне мылтық көздегендей әсер етті.


Дөңгелек дүние допша домалап аяғына жұқпай, түлкі бұлаңға салып тұтымына түспей-ақ қойғаны. Көлеңкелі еңбек бөлінісін түкпірлеймін... мемлекеттік мәшинені мүлтіксіз етемін... жемқорлық дертін іңкәр жүректің тәубесіне, шүкіршілігіне иіп келтіремін деп, батыс пен шығыс өркениетінен өнеге іздеп, маңдай терін сұқ саусағымен сыпырып... өліп-өшкенде... басшының алғысын аламын дегенде... Баяғы халық әніндегідей: «хош бол сәулем, көргенше!» де-е-е-п май құйрықтан бір-ақ теуіп жылы орнынан қумақшы. Тезірек құтылмақшы, қарасын батырмақшы.


Осы мезет абыздың есіне тақауда оқыған Гетенің «Фауст» трагедиясы оралды. Әңгіме шайтанға жанын сатып жасарған, жарылқана қалам деген Фауст туралы еді. Несі бар! Фауст қарақан басының қамы үшін, өз мүддесі мен мұраты үшін шайтанға жанын сатып, осынау тезек дүниенің тезегін армансыз терген пенде әншейін. Бұл өзі сол Фаустан артық дейсің бе? Бұрын жұрт: жаным арымның садағасы десе; бұл көкең арым... барым... білгенім, түйгенім... түп-түгел жанымның садағасы дейді. Ниетін, ұстанымын 180 градусқа өзгертеді. Мемлекеттік қызметтің жылы орындығы үшін арын да, жанын да сатады. Баяғы жанын шайтанға сатқан Фаустқа ұқсайды. Басбілгі түйедей бәріне көнеді. Бастығы төніп, басына әңгір-таяқ орнатса-дағы асын ішіп, аяғын теуіп кетсе-дағы шамырқанбайды, шыдайды, беттен алып, арпылдасып шатақ шығармайды... Кетісетін тұста кермалдасудан арыға бармайды... О, Құданың құдіреті, өзгердім... бұрылдым... заманына сай адамы демекші, 180 градусқа құбылдым!..


Осыны айтып Абыз түрегеліп айна алдына барған. Бетпе-бет тақап келіп қараған кезде жаны түршікті. Қарсы алдында жүзінің нұры тайған, сұрланған, сұғанақ көзі ойнақшыған кісі қадала қарап тұрды.


Шыдай алмай шегініп кетті. Компьютерді сырт қосты. Ойланып-ойланып маналы бері санасында сүзіліп, тілінің ұшына тіреліп кеп қалған лебізінің тобықтай түйінін әппақ қағазға төге салды.


«Мәртебелі орынбасар мырза, қателесіппін, жаңалық дегенім — опасыз жалғанның жер түбіндегі сағымы екен!.. Жемқорлық дертінен арылтам дегенім — қиял ғажайып ертегісі көрінді. Жорналы да, жоралғысы да бар болсын! Сіз сөйлеген сөзбен сөйлейтін, сіз салған сүрлеуден шықпайтын, сыр бермейтін, үндемейтін... аузында құлпы бар... жүрегінде тәубасы толық... момыныңыз — түгенше боламын! Реформаға жығылып-сүрініп қызмет етуге пұрсат беріңіз, қол астыңызда құл болып өтуге бармын. Жаным садаға!»


Лездің арасында жеті бет жан айқайын басып тастағанына өзі де қайран!





Пікір жазу